Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жабал Ерғалиев: «Көзімнен бір ұшқын ұшты ма, білмедім!...»

02.05.2017 3008

Жабал Ерғалиев: «Көзімнен бір ұшқын ұшты ма, білмедім!...»

Алатау биігінде бұлт аунайды,

Баяғы бақыт әні шырқалмайды!..

Тұманбай Молдағалиев.

Жаз жамалындай жан жалынымен жазылған жыр жалғасы жиі-жиі жүзін жуа, жұлдыз жанарға жылай-жылай жабысқан жастың жат-жақын жырағында жүріп, жұмақты және жұмбақ жалғанның жүзі жарқын жапанының жібектей жұмсақ жылы желімен жалғыз жүзген жаратқан жасағанның жаралы жанының жапырақ жүрегін жұбаныш жайлады. Біраздан бері шертілмеген жүрек шіркіннің нәзік бір қылының діріл қаққаны да осы болды. Ғажайып жыр ғасырдың ақыны, жыр Тұманбайының ғайыптан естілген мына бір үні не дейді апыр-ай!

Алатау биігінде бұлт аунайды,

Баяғы бақыт әні шырқалмайды!..

Сағыныштан сарғайып жүдеп жүрген жүрек түпкіріндегі сол бір жыр сол бір ән болып төгіле жөнелді. «Баяғы бақыт әні» неге шырқалмасын, Тұмаға! Ол әнді осы күнгінің адамы шырқамаса да, жүректің өзі шырқайды. Өйткені, ол жыр жүректің өлмейтін өз әні болатын!

Көзімнен бір ұшқын ұшты ма, білмедім,

Әйтеуір нұр құштым, әйтеуір гүлдедім!-деп басталар сол бір әнмен бүкіл Алматы тербеліп, асқақ Алатау аяулы күй кешіп, көрікті Көкшетау кербездене керіліп, ақ шағалалы Ақжайық арайланып, сұлу Сыр сыланып, сырбаз да сал Сарыарқа кештен таңға талмай «Бақыт құшағында» талықсып тұрып салған-ды бұл әнді! Бұл ән Шәмші еді, бұл ән ақын Тұманбай еді!

Сол ән мен сол жырдың жалғасы мен қайырмасын айта келген ақын Тұманбай Молдағалиевтің алаштың ардақты азаматтары Серік Үмбетовтің жанашырлығымен және Серікбай Нұрғисаевтың редакциясын басқаруымен жуырда жарық көрген «Жүрегімнің сөзі» атты жаңа өлеңдерінің жыр жинағы біздің де көзімізден ұшқын болып ұшты да, нұр құшқанымыз соншалықты, тебіреніп те, толғанып та жүре бердік. Өйткені ақын аға біз үшін ән мен жыр болып төгілген жанымен әлі де сол Алматысының құшағында жүргендей болып көрінері бар.

Жыр Алматы мен гүл-гүл Алматының өзі еді ақын Тұманбай!

Жалынды жастықтың жыры мен сезімді махабаттың сыры еді ақын Тұманбай!

Сонан да болар Алматының ауасы мен алмасының, күні мен гүлінің де, бақтары мен әр талының жапырақтарының да, залдары мен вокзалдарының да жыр Тұманбайдың нәзік жүрегінің лүпілімен мәңгілік үлпілдеп соғып тұрары бар.Алматының желі неге жібек, суы неге жұмсақ, ауасы жанға неге жайлы, өйткені бұларда ақын Тұманбайдың нәзік жыр жүрегі қалған! Көңіліммен осыны сезінген сайын мына жұмыр жер бетінде аялы Алматы мен ақ басты Алатау тұрғанша менің ақын ағам Тұманбай да сол Алматының көшесін жыр болып мәңгі кезеді де, кейде тұманды, кейде тұмансыз сол Алатаудың ақ қар басқан ұшар шыңында мәңгілік ақ қанатты киелі ән болып қалықтап тұрары да бар!

Кеңдігін де өмірдің, тарлығын да,

Қолпашын да көп көрдім, қорлығын да.

Мен достарды қасыма көп жинадым,

Алыс кетсем, сағындым барлығын да.

Шақырады жасымнан қашық небір,

Мен келер деп құшағын ашыпты өмір.

Жүрегі бар Тұмаштың әр досында,

Көңілі бар гүлдерге ғашық көңіл.

Ақын ағаның осы бір жыр жолдарын жүрек сыры мен бар ғұмырының өзі жазып кеткен шынайы ақиқаты деп қабылдарымыз анық. Естеріңізде ме, ақын өзінің «Етік» атты жырында «Аш жүрдім, суық үйде ұйықтадым мен,білмеймін қалай тірі қалғанымды»,- деген, болмаса «Етігін әкем келсе кием деумен»-, өткен соғыстың өртіне қанаты күйген арманды балалық шағының мұнарлы мұңы да, азаматтық ұстанымы мен кредосы да, былайша айтқанда бар жаны осы бір қос шумаққа сыйып тұрғандай. Тек қана бұған қосарымыз, ақын Тұманбай Молдағалиевтің жүрегі әр досында ғана емес, әр қазақтың жанында жыр болып қалғаны бар!

«Өмір бізді жалын етті, от етті»,-деп жан сырын жайып салып отырған ақын ағаны кейінде сол өмір бірде кейіп, бірде кеміп сөйлеткені де болды.

Мақтауды естімей-ақ қояйын деп,

Асығыс Алматыдан кеттің бе, аға!- деп жыр жүрек бірде ақын Мұқағалиды жоқтаса,

Шынымен Қадыр келмей ме елге қайтып,

Көңілім менің көңілсіз бүгін айтады ән,-деп мәңгіліктің жамылғысымен бетін жауып кете барған Қадыр ақындай құрдасын іздейді де,

Жеңгем аз Төрежан деп еркелетер,

Аға,-деп сыйлайтұғын келіндер көп,- деп жабығар да жұбанар,немесе:

Аға,- деп ардақтайтын ағалар аз,

Іні,-деп еркелетер ергендер көп,-деп қамығар да қанығар ақынның жыр жүрегі көз алдында жоғалып жатқан жалған дүнияның жалғыздығын сезінгені де бар еді.

Е,шіркін, бұл жалған дүниенің арманды жағалауына өмірдің желқайығына мінгендердің кімі жетіп, кімі шыға алды дейсіз?! Жеткізген бе дария дүние, жалынан кімге ұстатты дейсіз?! Алайда, сол жеткізбей кеткен сол кең дүнияның өзімен мәңгі бірге жасар, жасағанда да, кезінде өзіңе жалынан ұстатпай кеткен сол асау дүниенің әні болып төгіліп, жыры болып егілгенге де не жетсін! Өзің жетпеген өмірдегі бар арлы арманың мен маақсатты мұраттарыңа әнің мен жырың жетіп жатса, солар тірі жүрген жүректерді әлдилей тербеп те тебірентіп те тұрар болса, міне, сенің мәңгілік ғұмырың! Сондай мәңгілік ғұмыр бұйырды ақын Тұманбай ағама!

Жарқыраймын біресе түнеремін,

Бір тіріліп, жырыммен бір өлемін,-деген ақынның өз жыры оның өз ғұмыры демей көріңіз кәне! Сол жыр ғұмырдың барлық әуені мен әуезінде, музасы мен барлық пафосында тұнып тұрған Тұманбай ақынның жайдары жаз жаны мен мөп-мөлдір көл көңілін де танырсыз, лираға толы саз жүрегінің соғысын да сезіне аларсыз.Алайда, ол үшін өзіңнің де жаның жырлап, жүрегің ән салып тұрса етті!

Қуанамын жаңа атқан таңға мына,

Сүйінемін далама, тауларыма,-деген ақын Тұманбай Молдағалиевтің өлмес үнін естіп тұрар еді жырлы жан жүрегі әркімнің.

Өйткені бұл қос шумақта өз даласы мен тауларына деген, жалпы сәулелі жарық дүниеге деген ақынның іңкәр жүрегінің бар сүйіспеншілігі мен махаббатына малынған сөнбес сезімі жатыр.Бәлкім мына дүние де, мына тіршілік те Тұманбай Молдағалиев сынды ақыннның нәзік лиризмді сырлы сезімінің шуағына малынып тұрғандықтан да сұлу да сылқым, ажарлы да арайлы,көрікті де көркем болып мәңгі... иә...иә, мәңгі жасап тұратын да шығар?!..

Таң атады, асықпай күн батады,

Ғашық әнін нұрлы бақ тыңдатады.

Көңіліме бұлт шөкті достарымның,

Келмес жаққа кетті де бір қатары.

Қымбат іні, қимас дос бәрі-бәрі,

Көңілімнің жұлдызы, сағынары.

Соларды ойлап безеді ұйқы менен,

Соларды ойлап жүрегім ауырады,- дей отырып, ақын жүрегі мына нәзік те тылсым дүниенің пәктігі мен ақтығын да, тіпті ақыры да туарын сезіне білген жанымен:

Өлеңге де түсірем жан достарды,

Біреуі де көңілімде өлмесін көп,-дейді.

Және сол жыр сырымен-ақ өмірдің өлең, ал өлеңнің өмір екендігін де айта білді.Бұл ақын ағаның өмірді тереңінен таныған жүрек көзінің көре білгендігі мен жан дүниесімен сезіне алған сезімінің қуаты еді. Сол жүрек көзінің сұлулықты талмай танып көре білуге де, сол сұлулыққа ғашық болған әдемі әлемін сырлы сезімді жан дүниесімен жырлай да беруге әрдайым ынтықтырып та, құштарлы құмарлылықпен асық та қылып және де әрдайым жан дүниесін жалындатып та тұрған бір сезім күші бар еді ақын Тұманбайдың тұла бойында. Ол-Махаббат еді!

Құдіреті күшті сол махаббаттың ғадауаты мен баяндылығының жалыны шау тартқан шағыңда да жан дүниең мен жүрегіңді жылытып тұрса жарады! Бұл өткелді де өтпелі өміріңнің қуанышы да, жұбанышы да болар. «Махаббатсыз дүние бос»,-дегенді хакім Абай тегіннен айтпаған да шығар. Ал енді ақын Тұманбайдың:

Махаббатқа сезім құл, сезім бейбақ,

Отырамын оңашада өзіңді ойлап,- дегенін Махаббат атты ұлы күштің өзімен бірге жасап, бірге тыныстаған жүрегінің үні мен лүпілі деп қабылдаймыз.

Ақын жүрегі тоқтады. Өкінішті-ақ! Алайда ақын Тұманбайдың жыр сезімді махаббатының сырлары әсерлі ән болып мәңгі шырқала берері бар. Ол жыр- ән «Көзімнен бір ұшқын ұшты ма, білмедім» болып басталар да, қайырмасы қайырылған сайын жүректер де тербеле берер.

Тербел, тербел дүние жүрек!

Жабал Ерғалиев,

жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар