Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шәмшия Жұбатова: Қаламыма сүйеніп ғұмыр кештім...

27.04.2017 2964

Шәмшия Жұбатова: Қаламыма сүйеніп ғұмыр кештім...

Әдебиет әлемге ортақ. Оны ұлтқа, жынысқа бөліп қарау дұрыс пайым емес сияқты. Дегенмен қат-қабат тірлігіне қарамастан өлеңге адалдығын – өмірге адалдық деп түсінген қаламгер қыздардың еңбегі айырықша айтылса артықтық етпейді-ау. Шәмшия апайымыз да қазақ поэзиясында өз аты, қолтаңбасы бар ақындардың бірі. Ақынның туған күніне орай әлеуметтік желіде аз-кем әңгімеге тартқан едік...


- Шәмшия апай, «Жырлары ұяң, әдепті, барынша мөлдір, өзі түйсінген, жанымен сезген жайларды ғана жазуға талпынады. Келешегінен үміт күтуге болатын жастардың бірі екен. Мен сенен үйреніп ем асқақтықты,Сен менен үйрен, бірақ, кішілікті,– деген жолдарының шын екеніне қалтқысыз иландырады. Өнердің күшінің өзі осы, сендіру ғой»... Сіздің шығармашылығыңыз туралы айтылған осы бір пікір есіңізде ме?

- Он үш жасымнан қолға қалам ұстадым. Балауса шақтан жырға құмартып өстім. Сол уақыттан бері жаманды-жақсылы пікірлер айтылып та, жазылып та келеді. Содан болар, айтылған сындар мен көп пікірлердің қайсыбірі есте қалсын? Оның үстіне, бұл менің мектеп қабырғасында жүріп жазған жыр жолдарым еді. Ұзақ ойлануға тура келді. Есімде қалмапты. «Ұяң да әдепті басталған жырдың» буырқанған теңіз толқынына айналмасына кім кепілдік берген? Өнердегі, өлеңдегі теңіз толқыны артыңа бұрылтып қаратпайды. Өндірдей күндердің өнегелі пікірлері есте қала бере ме?

- Жұмекен Нәжімеденов «Бастау» деген жас ақындардың өлеңдер топтамасында сіздің өлеңдеріңізге осылай пікір білдірген екен. Қазір сіздердің буындарыңыз ақырындап интернетке келе бастады. Бұл қазіргі әдеби үдеріске ілесудің қамы ма?

- Тек біздің буын ғана емес, бүкіл адамзат баласы сандық техникаға көшіп жатыр. Ал шығармашылық адамы өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен қоян қолтық араласу керек. Қазір тек шығармашылықпен ғана өмір сүруге болмайды. Біздің қазақы қоғамда өзінің бастау бұлағын, ежелгі дәстүрін іздеу бар. Әлеуметтік желілер осы жолда атқарушы рөлді қолына алып отыр.

- Сіздердің жастық шақтарыңызда аға буын осылай пікір білдірген екен. Ал қазір сіздер жастардың шығармашылығымен қаншалықты таныссыздар?

- Біздің жастық шағымыз шыңға ұмтылумен, армандаумен, өлең іздеумен өтті. Аға буынға аса құрметпен қарайтынбыз. Бала күннен өлең талшығын теріп өстік. Алдымыздағы апалар мен ағалардың жырларын іздеп жүріп оқитынбыз. Бәлкім, олар да бізден тазалықты, мөлдірлікті іздеген болар?.. Жастарды оқып тұрамын. Олардың қатарында Толқын Қабылша, Асантемір Қаршыға, Бақытгүл Бабаш. Гүл Зарқұмар, Мұқағали Кенжетайұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Батырхан Сәрсенхан мен Әлімжан Әлішерлер бар. Олар: Сен білмейсің, керемет күн келерін,

Күздің де гүлденерін.

Сен білмейсің, кешіккен үлгерерін,

Мендегі мұң көлемін,- деп жырлайды.

Немесе:

Хан тағыңнан нұр шықты қайран, ғажап,

Алқабыңнан ақыры айдалды азап.

Барыс ұлдың бағдарын биiктеткен,

Намысыңның ұртында шайнал Қазақ.

Тірі тарих төсінде толғатумен,

Еркіндікті тудырған Қайран Қазақ, - дей келе, ақтарыла сыр шертеді.

Бір жылғы түстердің оятып қалдығы,

Ішінде жүр екем.

Мұңайып қараған тікеннің барлығы,

Күлімдеп қарасам, гүл екен,- осылай деп өмір әуенін тілге тиек етіп жүрген де солар. Өлең жазатын жастар көп. Мысалға келтіріп отырғандарым өзімнің қызыға оқитын ақындарым ғана.

- Қазір не жазып жүрсіз?

- Қазір көбіне дастан жазамын. Дастанның маған ұнайтыны көсіле еркін шабасың, ойыңды ірікпейсің. Толғауда да толғақты ойларыңды тоқтамай жеткізе аласың. Жанат Әскербекқызының құрастырған «Жүз дастан» атты топтамасына «Ана жүрек» атты дастаным енді. Дәл қазір «Өң мен түс» атты жыр жинағын толықтыру үстіндемін.

- Осыған дейін Қанипа Бұғыбаеваның «Өң мен түсін», жастардан Бауыржан Қарағызұлының «ӨҢ.МЕН.ТҮС» деген кітабын оқығаным бар еді. Сіздің «Өң мен түсіңіздің» артықшылығы неде болмақ? Жалпы, кітапқа неге мұндай атау бергелі отырсыз?

- Ақын өң мен түстің арасында ғұмыр кешеді. Өмірдің өзі сол өң мен түстің арасындай ғана қас-қағым сәттен тұрады ғой. Қанипа апайымыз бен Бауыржан баламыздың да айтпақ болғаны осы шығар. Дегенмен әр қаламгердің машығы, сөз өрнегі, дүние танымы бір-біріне мүлдем ұқсамайды ғой. Сондықтан да кітаптардың атауының бірдей болуы – айтар ойлары да бірдей дегенді білдірмейді.

- Өзіңізді уақытында өз бағасын алған қаламгерлердің қатарына жатқыза аласыз ба?

- Иә, өз уақытында өз бағамды алған қаламгерлер қатарындамын. Тіпті, өз бағамды уақытынан да ертерек алғанмын десем дұрыс та болар. 13 жасымда алғашқы балаң өлеңім жарық көрді. Ауыл мектебінде бірге оқитын кішкентай достарым сабақтан соң жиналып келіп, үйдегі анама: «Сіздің қызыңыз болашақта үлкен ақын болады»,– деп айтқаны есімде. Анам сол жолы қатты толқыды. Өнер өлкесінде жүргесін сәт сапар тілейтін асыл жандар көп кездеседі. Бірақ менің алған бағаларымның ішіндегі ең қадірлісі балаң күнгі достарымнан алған алғашқы бағам болатын. Әлі күнге дейін солай. Олармен хабарласып тұрамын. Әр кезде бағаларын беріп, әр өлеңіме пікірлерін айтып отырады. Жалпы, оқырманнан артып ешкім баға бере алмайды. Мен өз оқырманымды о бастан өзіммен бірге ала келдім.

- Өлең сізге халықтың ықыласынан өзге не берді?

- Өлең маған өмір берді. Мен үшін, өмірдің өзі – өлең. Бір қаламгер ағамыздың «сенің бақытың – қолыңдағы қаламда» дегені есімде. Қолымдағы қауырсын қаламыма сүйеніп ғұмыр кешіп келемін. Адамзаттың бір бақыты –сөйлей алуында. Осы жағынан алғанымда, арманымды ақтарып күн кешіппін...

- Бұрынғы баспасөз беттеріндегі аға буынның «айтысы» енді әлеуметтік желілерге «көшкенін» көріп жүрміз. Бір-біріне ішкі қыжылдарын айтып отыру, өзінен кейінгі буынның алдындағы құрметін түсіріп жатқан сияқты?

- Бір-біріне ішкі қыжылын айту, өкпе-наз білдіру қаламгердің беделін арттыра қоймасы анық. Ол адам бойындағы шығармашылық қуаттың сарқыла бастағанының бірден-бір көрінісі. Бірақ етектен тарту, тұқыртуға ұмтылу – ол бізде бар нәрсе. Осындай көре тұрып көрмеу, ести тұрып естімеу секілді пасықтықты, кертартпалықты әлеуметтік желіде тілге тиек етіп отыру артық болмайды.

- «Шын сезім ешуақытта айтылмайды...» дейсіз. Қазір қыздарымыздың өлеңінде ұяңдықтан гөрі ашықтық басым сияқты?

- Ашықтықтың бәрі ғашықтыққа жата бермес. Дегенмен ұлы сезімді, терең сүйіспеншілікті жырлау үшін өзіндік жүрек болу керек. Ашықтық елдің бәріне бірдей жараса бермейді. Ал шынайылық сені өнер әлемінің шыңына шығарады. Ішкі сезіміңді сөзбен жеткізу – шебер суреткерліктің жеке өзіндік қағидасы.

- Қазіргі қазақ поэзиясына не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Қазіргі қазақ поэзиясына Бұқар жыраудың рухы, Жамбыл бабамыздың ас та төк шеберлігі жетпей жатқандай. Ақындық ол рухпен келетін дүние. Қасіреттен гөрі қазақтың қасиетін жырлайтын ақындар жеткіліксіз. Бауыржан Халиолла секілді ақынның тіліндегі сойыл сөздер қоғамға аса қажет.

- Жаратылдың еркек болып несiне,
Жөндемесең терiс кеткен iсiмдi?
Сенде қамшы, менде бұрым бар болса,
Елге күлкi болар ма едiк мұншама,
- депсіз бір өлеңіңізде. Бұл ер азаматтарға деген көңіл толмаушылықтан туған ба?

- Осы «Қамшы» атты өлеңім елге тез тарады. Онда мүлдем ер азаматтарға көңіл толмаушылық жоқ. Бұл жырда қазақы ділді жоқтау бар. Қыздың бұрымын, жігіттің қамшысын жоқтау бар. Намысты жоқтау, әдет-салтымызды, ежелгі дәстүрімізді, ата-баба жолын іздеу бар. Қазақтың қасиеті – қамшыда. Біздің ұлттық төрімізге қамшы әлі толықтай ілінген жоқ. Оны іздеумен келеміз.

- Қалай дегенмен, уақыт уысымызда тұрмасы анық. Өткен күндерді жиі сағынасыз ба?

- Өткен күндерді еске аламын. Сағынатыным тек бала күндерім ғана. Тек балалық кезеңде ғана шын бақытты боласың. Он шақты жыр жинағым жарық көрді. Өлеңдерімді ел таниды.

- Өлеңдегі, өмірдегі өкінішіңіз бар ма?

- Менің өмірім – ол менің өлеңдерім. Өлеңдерім – өзім. Барға қанағат. Өткеніме, өлеңіме өкінішім бар деп айта алмаймын. Тек іштей «Неге?» деген сауалым ғана тұрады. Ал егер өкінішім бола қалған жағдайда, оның есесін қайтаруға уақытым бар деп ойлаймын.

***

Таусылмайтын үлесім күрес менің,

Тоғыз жалды толқында тұр ескегім.

Мұхиттарда малтыдым мұңды құшып,

Жаһаннамнан қаладым жыр ескенін.

Ортақ болсын ауласы барлық үйдің,

Балалардың қалаймын бір өскенін.

Қайғы құшып жүрме, дос, қапаланба,

Жалғызсырап жүргенің жападан ба?

Сенен емес, бар кінә тіршіліктен,

Тіршілікте жүремін күрсініп мен,

Сандар озып жатқанда сападан да.

Отыз ауыз ойлы сөз естір ме едім,

Менен үлкен Ата мен Ападан да.

Ақ дауылдың айырып ақ түнегін,

Адамзатқа қиылып бақ тіледім.

Тырналардың шұбады қанаттары,

Алдан тосып жатқанда жәннаттары,

Қайырмасын қайырып ән аттары,

Аспанымда құс жолы ақты менің.

Жүрегімді аяйын жарық тескен,

Тізгінімді алайын барып көштен.

Ертегімді көрейін ертеңімнен,

Әңгімені тыңдайын әріптестен.

Солай, солай, осылай кетем енді,

Серік қылып жаныма от өлеңді

Жайбарақат жаһанда жүре алмаймын,

Құшағыма қаусырмай жеті әлемді.

Аунап - қунап алайын мауқым басып,

Биіктетші, туған жер, бетегеңді.

Ар алдында Ұяты қызармасын,

Өзенімнің бұрайын жүз арнасын.

Шаңқай түсім шалықтап тұрғанында,

Арқа желі аңқылдап ұрғанында,

Жез киіктер жосыса бір маңымда

Көлеңкелер қалайша ұзармасын?

Ән боп жатса құйылып аттағаным,

Күй боп жатса шертіліп баптағаным,

Сүйгенімді сағынып тосып алсам-

Сары майдан сыбаға сақтағаным.

Қалың ойдың от қойып орманына,

Қайда әкетіп барасың, қаптаған үн?!

Таулар, таулар, не деген еңселі еді,

Мұхиттарым мұң болып теңселеді.

Сәлем айтып басқадан жібергенше,

Әнім болып, аяулым, келсең еді.

Мың бір түнде сөйлеген Шахри қызбын,

Ертегіме, өйткені, ел сенеді.

Елжіретіп елімнің елші бағы,

Жауқазынды демімен жел шұбады.

Былай барсам алдымнан сел шығады,

Былай барсам алдымнан көл шығады,

Жадыратып жанымды келші, кәні!

Жүрегімнің көз жасы ыршығасын,

Жыр шұбасын жанымнан, сыр шұбасын.

Көк жүзінде мекенің болмағасын,

Бір түсесің аспаннан, бір шығасың.

Жол іздеген жолаушы мен боламын,

Жөн сұрайын, атыңның бұршы басын.

Жол іздеген жолшымын, жөн сұрайын,

Бағытынан аумасын жан шырайың.

Көктем күнін күлімдеп қарсылайын,

Қауызымнан түгелдей аршылайын,

Ай астында тербелсін жаршы қайың.

Қайдасыңдар, самырсын, шыршаларым,

Көңілімнің білумен жүрші алаңын.

Құстар келсе, құсни хат оқысын деп,

Гүл бағында өткіздім жыр сабағын.

Тағдырыма ризамын қауырсынды,

Жүрегіме ұйытқан нұр самалын.

***

Табылғанда көңілдің аңсағаны,
Үн қосқанда жанымның сан шанағы,
Жер бауырлап қара бұлт қалса - дағы,
Сәуірдегі соққанда таң самалы,
Мамыр келіп жеткенше қаншама әлі!

Мен күтемін, күтуден жалықпағам,
Шынайылық секілді анық маған.
Үйі, күйі алтынға малынса да
Көркеудені қайтемін ән ұқпаған?
Тылсым күштің жүргенде жетегінде
Қазақстан қарайды танып маған.



Жарық сәуле тұнғанда бір ғаламда,
Шырылдаумен жүрмеймін шырғалаңда.
Тілемейді деймісің тыныштықты
Беймаза түн ұйқымды ұрлағанда.
Парасат пен паң ойлы пайымдылық
Барлығы да бірігіп тұр бағамда.

Көз алдымда көлбеңдеп кәусар ғалам,
Қайран менің көңілім тау шарлаған.

Тіршіліктің мазмұнды келді мәні,
Құлағымда үздіккен желдің әні.

Аппақ сирень бұрқырап бау - бақтағы,
Тамылжыды дүние аулақтағы.

Тербетеді әуеннің ырғақтары,
Жүрегімде оқылды жыл хаттары.

Таусылмайтын парыздың өтемінде
Ғұмыр кештім сағыныш мекенінде.

Балаң күнім балағын түріп алып,
Ақ кемелер ұзады ыңыранып.

Не көрмедім, не ғажап естімедім,
Аспанымда ақша бұлт көшті менің.

Аппақ қайың желменен ырғаларда,
Қағаз қайық қалтылдар жылғаларда.

Қас қағымдай бал шағы дараланып,
Қайран мезгіл өзен боп барады ағып.

Сол өзенге ілескен жаңқамын мен,
Маржан тасын тізейін алқаның мен.

Құшағымда әз ғалам тербеледі,
Қондырмады қанатым жерге мені.

Мөлдір бұлақ, таңдайда кәусар дәмі,
Менің патша көңілім тау шарлады.

***

Көп ішінде жалғызбын, жасыра алман,
Мені күтті ұмсынып ғасыр алдан.
Тектіліктің тұлпарын ерттеп мініп,
Тұяқ сілтеп барады тасыр арман.



Тез өткені несі екен жыл көркемі,
Ауыстырып үйінен мың көрпені.
Сәуле біткен ұласты шаңқай түске,
Мың сан шырақ жағылып, мұңды өртеді.



Аңсаған тау, не деген биікте едің,
Биіктікті о бастан сүйіп пе едің?
Қалғыған түн кірпігі қарауытып,
Иығымда барады ұйып менің.


Шәмшия Жұбатова 1958 жылы 27 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы стансасында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқыған. Атырау облысы, Новобогат аудандық «Нарын таңы» газетінде, «Ана тілі» газетінде, «Жалын» альманахында қызмет еткен.Осыған дейін онға жуық кітабы жарық көрген.

Әзірлеген Айжан Тәбаракқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар