Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс...

03.05.2017 8987

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс - adebiportal.kz

(Соғыс балладасы)

Қатынасушылар:

«Қарттар үйінің» тұрғындары:

Ағаш аяқ (Адамбек) − Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айырылып оралған мүгедек қарт;

Тымырсық (Сәрсен) − Ұлы Отан соғысында жазатайым тұтқынға түсіп қалып, фашистер лагерінде болған, кейін қашып шығып, елге аман-есен оралған қарт;

Түгелбек − Соғыс кезінде елде, тау арасында қашып-тығылып күн өткізген, сөйтіп майданға бармаған қарт;

Ұрқия − қарттар үйіндегі адуын, бірбет кемпір;

Қара киімді Адам.

Жекелеген көріністерде: 1-жігіт, 2-жігіт, дауыстар, неміс офицерінің даусы, жас бала, т.б.

Оқиға ХХІ ғасырдың бас кезінде қаладағы қарттар үйінде өтеді.

Режиссерге кеңес: 1) Ағаш аяқ пен Тымырсықтың соғыс кезіндегі бастан кешкен оқиғаларын қоюлатып, елес түрінде көрсетуге де болады;

2) Түгелбектің соғыс кезінде тау арасында тығылып, қашып-пысып жүрген тұстарын да әртүрлі күлкілі әдіспен беруге болады.

Бірінші перде

Бірінші көрініс

Үлкен аула. Маңдайында «Қарттар үйі» деген үлкен жазу бар. Оның екі жағына кішілеу әріптермен «Қарттар − қазынамыз», «Ардагерлер – асыл жандар», т.б. жазулар ілінген. Сахнаның оң жақ шетінде бір топ адам. Сахнада − абыр-сабыр болып жүгіріскен кісілер. «Болыңдар, тездетіңдер, енді бес минуттан соң бастаймыз» деген дауыстар. Сахнаға үш ер кісі бір-бірін сүйемелдеп шығып, алдыңғы қатардағы скамейкаға келіп жайғасады, біреуінің бір аяғы − ағаш аяқ.

Ағаш аяқ: Ау, бүгін өзі... біздің жұпыны сахна барынша құлпырып жайнап кеткенін қарашы! Күнде жүдеу тартып, жыламсырап тұрушы еді.

Сөзді екінші қарт іліп әкетеді. Ол қу тілді.

Түгелбек: Әй, бірақ, бұл да көз алдау дүние. Жеңіс мерекесі деп біз секілді шал-шауқанның көңілін алдарқатып қояйық дегендері шығар-ақ!

Енді үшінші шал сөйлейді.

Тымырсық: Ой, не болды сендерге! Өнерлі жастар жеңіс күніне арнап концерт ұйымдастырып жатса да жақпайды өздеріңе! Сендерге не ұнайды, түге!

Түгелбек: Не емес, кім ұнайды деңіз!

Ағаш аяқ: (күліп) Ойпырмай, сөз аңдып қалған заман. Бір-біріңді тап бастырмайсыңдар-ау тіпті. Жеңіс мейрамы күнінде қисық мінез көрсетпей-ақ қойсаңдар қайтеді...

Тымырсық: (қисая сөйлеп) Осы күнді мейрам деп жүрген кім? Бұл күн әрбірден соң мереке емес, опат болған боздақтарды еске түсіретін қаралы күн...

Осы кезде үш шалды адуын кемпір − Ұрқия тоқтата сөйлейді.

Ұрқия: Әй, қақпастар! Қойыңдар енді... Сендердің маңызсыз күбірлеріңді тыңдаймыз ба, жоқ концерт көреміз бе!

Үш шал жарыса «ойбай, қойдық» деседі. Осы кезде сахна сәл қараңғыланады да, соғыс туралы бір ән шырқалады. Ән аяқтала бергенде сахнаға бір жас жігіт шығады.

Жас Жігіт: (мақаммен, асықпай) Құрметті аталар мен әжелер! Біздің қазына-қарттарымыз! Сіздерді айбынды жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеуге рұқсат етіңіздер! (кішкене үзіліс жасап) Ал, енді сіздерге қала өнерпаздарының күшімен әзірлеген шағын концерт-қойылымды ұсынамыз. Ең алдымен соғыс тақырыбына арналған шағын скетч...

Сахна кішкене қараңғыланады да, жарық қайта жанғанда, екі жігіт бір-біріне қарама-қарсы тұрып алып, кезек сөйлеп жатады.

1-Жігіт: Кешегі қанқұйлы соғыс азаматтарды ғана емес, бүкіл елді де сынға салды. Ұлы Отан соғысына қазақтар молынан қатысып, көптеген ата-әжелеріміз Совет Одағының батыры болды, омырауына орден-медальдар тақты. Осының өзі-ақ біздің ұлттың нағыз интернационалист, бауырмал ел екенін көрсете алады.

2-Жігіт: О-о, айтады екенсің сен де... Интернационалист, бауырмал... Сол соғыстан не пайда таптық! Біз үшін керек пе еді сол соғыс?..

1-Жігіт: Сен өзің не деп тұрсың! Ұлы Отанға қатерлі қауіп төнген кезде қазақ қайтіп қарап отыра алады?

2-Жігіт: Біздің Ұлы Отан қай Отан? Ең алдымен соның басын ашып алуымыз керек...

1-Жігіт: Сен... сен жынданайын депсің! Ұлы Отан ол кезде біреу-ақ! Ол − СССР...

2-Жігіт: Сол СССР қазаққа не берді? Соны айтшы сен әуелі?

1-Жігіт: СССР ме! (даусын көтере) СССР − ортақ Отан еді. Барлық ұлттар достығының куәсі. Ортақ үй... Ортақ шаңырақ... (тұтығып қалады)

2-Жігіт: Ортақ! Ортақ!.. Бәрін де ортаға салып, ақыр соңында саусағымызды сорып қалмадық па! Сол өтірік пе!..

2-жігіт қарқылдап күліп жібереді. Осы кезде залда, алдыңғы қатарда отырған Адамбек-Ағаш аяқ шыдай алмай орнынан ұшып түрегеледі.

Ағаш аяқ: Мынау не? Бұл қандай скетч, ағайын-ау! Бұл не көрініс-с... (айқайлап жібереді) Мұндай қисық сөз сахнадан айтылмауы тиіс. Мен дереу тоқтатылуын талап етемін-н...

Түгелбек: (ол да орнынан ұшып түрегеліп) Адамбек, қазір демократия-я... Жариялылық заманы! Неден үріктің сен? Айтсын! Айта берсін! Жалғастыра беріңдер-р...

Ағаш аяқ: Жоқ! Тоқтатылсын! Мен қарсымын.

Түгелбек: Мен жалғастырсын деп талап етемін.

Ағаш аяқ: Тоқтат! Тоқтатыңдар-р...

Сахнада айқай-шу. Ерсілі-қарсылы жүгіріскен кісілер.

Сахнаның бір шетінен қара киімді Адам көрінеді.

Қара киімді адам: Соғыстың аты − соғыс. Мына үш шалды шала бүліндіріп, дау-шарғыға салып отырған да сол баяғы соғыс. Олардың тәні ғана емес, жаны да жаралы. Жан жарасы ұзақ емделеді, жазыла ма, жазылмай ма – ол жағы жұмбақ. Ал, соғыс... «Война без жертв не бывает!» Солай-й...

(Сахна қараңғыланады)

Екінші көрініс

Қарттар үйінің кең ауласы. Сахнаның арғы түкпірінде көп қабатты үйдің − Қарттар үйінің сұлбасы көрінеді. Сахнада екеу: оның бірі − Ұрқия әжей де, екіншісі – сексеннен асқан Адамбек қарт − Ағаш аяқ. Екеуінің де қолында күрек, жерді шұқылап, бірнеңе істеп жүр. Аула іші көкпеңбек. Дәл ортасында екі жас шыбық қылтиып көрінеді. Ағаш аяқ теңселіп, шоқаңдай басып, әзер қозғалады. Ал, Ұрқия ширақ. Жылдам-жылдам қозғалып, тез-тез сөйлейді.

Ұрқия: (күле сөйлеп) Әй, қақпас-ау, кеше ана Түгелбек екеуің жап-жақсы концертті у-шуға айналдырдыңдар. Өтер соғыс өтті, сендердікі не? СССР-ің де баяғыда құрдымға кетті. Ойбай-ау, өздерің әлдеріңе қарамай, ірі-ірі сөйлейсіңдер ғой тіпті...

Ағаш аяқ: Ол ірі сөз емес, Ұрқия! Анығы сол. Өткен соғысты бүгін мазақ етуге болмайды. Қаншама боздақтардың қаны сол соғыс даласында төгілгенін ешқашан ұмытпауымыз керек.

Ұрқия: Жоқ, мен соғысты айтпаймын. Әлгі СССР-ге соншалық жандарың аши қалғанын айтам да.

Ағаш аяқ: СССР деген ұғым, меніңше, о баста жап-жақсы-ақ басталған. Оны да жеңілдетіп, қақпақылға салып жіберген бергідегі саясаткерлер...

Ұрқия: (күліп) Бүгін тағы да сол әңгімені бастап кеттік-ау! Қойшы соны. Мына заманды, бүгінгі күнімізді айтып-ақ тауысып алайық. Осы бар ғой, Ағаш аяқ... тоис Адамбек, мен ойлаймын. Кәрілік деген жәй абстрактылы түсінік. Кісінің сырт бейнесі ғана қартаяды, ал ішкі дүниесі мәңгі жап-жас! Әсіресе, жан дүниесі... Жүрегі қартайып барып, дүние салды дегенді естідің бе әуелі... Жоқ! Жүрек жалғандыққа, өтірікке, өсекке шыдай алмай, бірден жарылып кетуі мүмкін. Жарықтық жүрек ешқашан қартаймайды-ау. (жүрек тұсын сипалайды)

Ағаш аяқ: (күліп) О-о , сен өзі сөйлемпаз, бейпіл ауыз кемпір ме десем, тұла бойың тұнып тұрған философсың ғой, ә! Қарашы, жүрек-жүрек деп тақылдап... Жарықтық жүрек қартаймайды деп...

Ұрқия: Менің күнде не ойлап, не жайымен бас қатырып жүргенімді ашып айтсам, мына сенің шақша басың бар ғой, шыр көбелек айналып кетеді, білдің бе!.. Менде қатпар-қалтарысы мол ой деген жетеді-і...

Ағаш аяқ: Нені ойлайсың?.. Бастадың ғой, аяғын да жасырма. Ми айналып, атала боп кетсе де, айт енді...

Ұрқия: Айталық, адам өзін-өзі күте білсе, жүз жасқа келуі оп-оңай. Тіпті бар ғой, жүзден де асады. Мұны осы салаға бар ғұмырын арнап, миы қурай бастаған ақбас ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген.

Ағаш аяқ: Кісі жүзден асып, екі жүзге қадам басса, онда шайтан боп кетпей ме?

Ұрқия: Қайдағы шайтан! Кісі табиғаты жүз жасауға бұрыннан әзір. Жаратылысымыз солай. Оған дауласудың да қажеті жоқ.

Ағаш аяқ: (кекесінді үнмен) Сенің күн сайын ойлай беретінің осы ма? Жаңағы миды айналдырып жіберетін әңгімең осы ма?

Ұрқия: Бұдан да басқа ойлар жетеді. Алайда оны ешкімге айтпаймын. Ол енді... ішкі құпиям. Көрінген алжыған шалға айтыла беретін әңгіме емес.

Ағаш аяқ: (ренжіген үнмен) Сонда, мен сен үшін көрінген біреу болдым ғой! Осы қарттар үйінде пенде боп бірге тұрып жатқанымызға енді аз күнде екі жыл толады. Ол аз ба! Аз ба екі жыл деген... (екі қолын аспанға көтереді)

Ұрқия: Аз! Аз әрине. Адам бірін-бірі жақсы танып-білу үшін ең кемі он жыл қоян-қолтық араласуы керек. Сонда ғана оған ішкі сырыңды жасырмай айтуға болады.

Ағаш аяқ: (ойлана) Он жыл! Не деген көп уақыт? Оған дейін кім бар, кім жоқ. (сосын жымиып) Әй, осы әйел жыныстылардың жан дүниесін түсінбей-ақ қойдым. Не айтсаң да ойланайық, ертең де күн бар, асықпау керек дейді. Сөйтіп, сілікпеңді шығарады. Шыдамыңды тауысады. Ал, еркектер... рахат қой, бір сағаттан соң-ақ бөтелкелес досың боп шыға келеді.

Ұрқия: Бөтелкелес дос басқа, шын дос басқа. Сен бұл екеуінің ара-жігін қалай ажырата алмайсың. (сосын ойлана) Әрине, он жыл аз уақыт емес. Бірақ тағдыр заңы, өмір заңы солай. Кісі он жылда өзінің кім екенін, қандай адам екенін толық айтып болады. (енді күрегін көтере беріп) Өй, Адамбек сен не... Түбін дұрыстап көму керек. Әйтпесе бұл өсімдік көгермей, көктей солады. (енді еңкейіп, жас шыбықтың бірін алақанымен аялай түседі)

Ағаш аяқ: (мұңлылау үнмен) Осы кішкене шыбық Астанамен бірге өсіп, бәйтерек болып, мәуелеп өскенше біз бармыз ба, жоқпыз ба?

Ұрқия: Үмітсіз тек шайтан. Жақсы сөз − жарым ырыс. Неге тірі болмайық. Сені қайдам, өзім осы жас шыбықтың алып бәйтерек болғанын көрем әлі. Жасым жетпісте. Әлі алда сексен бар, тоқсан бар...

Ағаш аяқ: (күліп) Сол тоқсан – жүз жас біздің қолымызда ма екен. Бір алланың құзырында емес пе! Ана дүниеге керек болсақ, бір-ақ күнде... алады да кетеді.

Ұрқия: Алла өзі сүйетін пендесіне шын пейілімен сұраса, жеткілікті өмір де сыйлай біледі. Жаратушы біле-білсең, еңбекті сүйетін, еңбекқор жанды жақтайды. Мен сендер сияқты жатып ішер жалқау емеспін.

Ағаш аяқ: Сендерің кім? Кімді айтып тұрсың?

Ұрқия: Е, бар ғой ана... кім еді? Әлгі Тымырсығың бар, Түгелбегің бар...

Ағаш аяқ: Мен олар үшін жауап бермеймін. Олар − осында тапқан таныстарым.

Ұрқия: Таныстарым дейді. Жан қиыспас достарым десеңші онан да. Күнде көрем ғой, жұптарың жазылмайды.

Ағаш аяқ: Е, енді... жасымыз қатар болған соң, әңгімеміз жарасады. Оны-мұныны айтамыз. Тымырайып жүргенде не табамыз, сосын сөйлесеміз-дағы... Кейде шарт-пұрт ұрысып та қалатынымыз бар. Кешегідей. (күледі)

Ұрқия: Әй, дәу де болса өсек айтасыңдар... Осы күні қатындар емес, еркектер өсекші.

Ағаш аяқ: Қойшы! Бұл не сөз? Еркек басымызбен не көрініпті. Біз өсекші емеспіз! Салмақты, салиқалы қариялармыз.

Ұрқия: Ал, өсек емес делік. Сонда не?..

Ағаш аяқ: Өткен-кеткенді. Арғы-бергіні. Кешегі кездегі көз көргендерді. Сол көп таныстармен болған қызық жәйттер... Арадағы қуды-қашты әңгімелер...

Ұрқия: Міне, бұл да өсек.

Ағаш аяқ: (қабағын шытып) Көңілмен айтылған барша әңгімені өсек деу − қиянат, Ұрқия! Кісі бір-бірімен сөйлесу үшін, әңгіме-дүкен құруы үшін Жаратқан ие тіл берген. Тіл тек өсек-аяңды айтады десең, ол жөн емес. Біздің тіліміз өсекке бейімделмеген, шындыққа, адалдыққа бейімделген тіл. Біз бұлтаққа көнбейтін, өтірікке бас имейтін қатал заманның, Сталин заманының ұрпағымыз. (қақиып тұрып қалады)

Осы кезде сахна қараңғыланады да, ауыр, азалы музыка ойналады. Сахнаға қайта жарық түскенде − ортада Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы – Сұлтанбек Қожанов, ал жоғарыда − Сталин.

Сталин: Ал, сөйле Ходжанов!

Қожанов: Менің бір ғана өтінішім бар, жолдас Сталин!

Сталин: Айт.

Қожанов: Менің халқым өте көнбіс ел. Алайда оның намысына тие беруге болмайды. Егер қазақ ашуға мінсе...

Сталин: (сөзді бөліп) Ашуға мінсе не істейді?

Қожанов: Ашуға мінсе, жолдас Сталин, жойқын күшке айналады. Ата-тегіміз жауынгер халық. Онда тоқтату өте қиын.

Сталин: Жә, сонда не демексің?

Қожанов: Менің халқыма көп қысым жасалып жатыр. Малын тартып алды. Жерін тағы да... Соны тоқтатыңыз.

Сталин: (айқайлап) Жоқ! Тәртіп барлық ұлтқа бірдей. Мен ешқайсысын бір-бірінен бөліп қарамаймын. Біз біртұтас Совет халқын құру жолындамыз. Осыны есте ұстаңыз, жолдас Ходжанов!

Қожанов: Мен біртұтас Совет халқы болғанына қарсы емеспін. Тек, әр ұлттың өз ерекшелігі сақталса деймін. Қазақ деген ел...

Сталин: (мұртынан күліп) Осы сені... неге Шыңғысхан дейтінін енді байқағандаймын. Тым ұлтшыл бола бермеңіз, жолдас Ходжанов!

Қожанов: Шыңғысханға теңеп жүрген сіз ғой.

Сталин: Орта Азияның Шыңғысханы деп айтқан өз қандастарың, мен тек соны қайталадым, Ходжанов жолдас-с...

Қожанов: Сізден өтінерім: халқымның басындағы қиын жағдайдан құтқарыңыз. Ұлттың алғысын аласыз.

Сталин: Тек Қазақстан емес, бүкіл Совет еліндегі жағдай өте күрделі. Мен бәріне де бірдей қарауға тиіспін. Олай болса, енді менің алдымда «ұлт» деген бос сөзді айтушы болма! Әңгіме-тәмәм!..

Сахна қайта қарағыланып, жарық жанғанда Ұрқия сөйлейді.

Ұрқия: Зобалаң заман, кесел заман − сол Сталин заманы емес пе! Несіне «біз Сталин заманының адамдарымыз» деп мақтана кеуде қағасың...

Ағаш аяқ: (толғана, тебірене) Әр заманның өз сұрқылтайы болады. Әр уақыттың өз кеселі тағы бар. Кешегі Ленин... жер бетіндегі адам баласына тек жақсылық тіледі. Адамдар жоқшылық пен тапшылықтан құтылса екен, біріне-бірі күш көрсетпесе екен, тең болып өмір сүрсе екен деп армандаған жоқ па. Әу бастағы қиялында керемет, әсем, жақсы қоғам құру арманы болғанына мен іштей сенем. Бірақ амал нешік, өмірі қысқа болды. Ал, енді сол жолды жалғаған Сталин болса... әрине, ол да елді қан қақсатсам, қырып-жойсам, ақырзаман орнатсам деп армандамағаны белгілі. Алайда...

Ұрқия: (сөзін бөле) Міне, міне, сол жерін айтшы.

Ағаш аяқ: Алайда... саясат өз дегеніне бұрып әкетті. Бәріне кінәлі сол заман, сол саясат...

Ұрқия: Ленин сүттен ақ, судан таза екен. Сталин тіпті ақадал, жаны пәк жан екен. Бәріне де кінәлі олар емес, әлгі-і... саясат, заман... Ау, бұл не сөз? Бұл енді әшейін көңіл жұбату ғой...

Ағаш аяқ: (дауыс көтере) Жоқ! Көңіл жұбату емес, ащы шындық. Өмірдің ащы шындығы. Қай заманда да халықты қан қақсатқан − сол саясат. Саясаттың бұралаң бағыты. Кім-кімде болмасын, әу баста қаныпезер болып тумайды. Оны қаныпезер ететін − сайқал саясат. Айналасындағылардың айласы, әрекеті, астыртын ісі. Аяқтан шалуы. Міне, Сталинді де ашындырған осындай істер.

Ұрқия: Сонда... айналасындағы ат төбеліндей қияңқы саясаткерлерге ашуланып, бар ел жақсыларын, игі жақсыларды қырып тастауға бола ма? Бұл деген нағыз қаныпезерлік емес пе, а?

Ағаш аяқ: Сталин, менің ойымша, бәрін қырып салыңдар деп ешкімге де, ешқандай да бұйрық берген жоқ. Рас, жолында кесе-көлденең тұрғандармен күрескен де шығар... Ол басқа әңгіме. Ал, мына біздің арыстарымызды алсақ, оны құртқан өзіміз. Өз ішіміздегі алауыздық...

Ұрқия: Ұлттың үлкен өкілін, белгілі-белгілі қайраткерін құрту үшін Орталық нұсқау бермесе, кім белсеніп шыға алады? Кімнің батылы барады?..

Осы кезде сахна қараңғыланады. Қайта жарық түскенде сахнада қара киімді Адам тұрады. Ол әлдекімге нұсқау беріп тұр.

Қара киімді Адам: Кез-келген халықты уысыңда ұстағың келсе, ең алдымен олардың бас көтерер көсемдерін көгенде. Солардың аузына құм құй. Көзін құрт. Көз көрмеске жөнелт. Сонда ғана өз дегенің болады. Ойлағаның іске асады. Әйтпесе... Әр қадам сайын кедергіге тап бола бересің. Өмір пәлсапасы осы. Осыны есіңде ұста-а...

Сахна қараңғыланып, қайта жарық түскенде Ұрқия сөйлейді.

Ұрқия: (ойлана түсіп) Ой, сорлаған сорлы халқым-ай! Көрмеген қорлығың, ішпеген уың бар ма сенің!.. Ал, енді... кешегі Ұлы Отан соғысы ше? Ол кімнің кінәсі?

Ағаш аяқ: (қабағын түйіп) Ол... ол біздің кінәміз емес. Оны бастаған неміс фашистері. Гитлердің қанқұйлылығы.

Ұрқия: Сенің ойыңша, Гитлер кім? Ол қандай адам? Түкке тұрмайтын кеще ме?

Ағаш аяқ: Гитлер ойсыз, ақылсыз, парасатсыз пенде болса, соншама армияны жасақтай алмас еді. Демек, оның бойында ерекше, өзгеше қасиеті бар. Тек кемшілігі... ойы дұрыс емес. Ниеті − қара... Сол үшін де тарихта қарабет болды. Сталин басқа! Сталин өз уақытында ел ықыласына бөленген адам. Сосын да біз жеңдік.

Ұрқия: Жеңіс жалғыз Сталиннің еңбегі ме! Егер Сталиннің орнында басқа біреу болғанда, соғыста жеңіліп қалар едік деп ойлайсың ба?

Ағаш аяқ: Басқа біреу болса, аяғы не боларын білмеймін. Өйткені басқа біреудің кім екенін білмеймін. Ал, Ұлы Отан соғысының жеңісіне тікелей ықпал еткен − Сталин. Оны жоққа шығара алмайсың! Әрине, Сталиннің жанында өте даңқты қолбасшылар, әскери адамдар болды. Ақылды армия генералдары жүрді. Ең бастысы − Сталин соларды тыңдап, әрі қарай дамыта білді. Қателескен де шығар. Жаңылыс басқан тұстары да аз болмаған болар. Бірақ ең соңында сара жолды тапты. Кеңес армиясын... дұрыс бағыттай алды.

Ұрқия: Менің бұл турасында өз ойым бар. Жеңіс − сол кездегі барша Совет халқының қанымен келді. Ұлы Отан соғысында 26 миллионнан астам кісі жер жастаныпты. Осы аз ба? Солар жан қиыспағанда, жеңіс болар ма еді?

Ағаш аяқ: Рас, соғыс шығынсыз болмайды. Сталиннің өзі де оны мойындаған. Ал, енді өлгендерге келсек...

Ұрқия: (сөзін бөле) Тіпті етің өліп кеткен адамдай, салқын сөйлейсің ғой өзің. Соғыс даласында денесі көмусіз қалған талай қазақ боздағының әруағы ше! Олар қалай ұмытылар! Осы күнге дейін жылаулы отбасылар бар. Соғыс жарасы, есіңде болсын, ешқашан жазылмайтын жара.

Ағаш аяқ: Сөзіңе қосылам. Соғыс жарасы − ол жан жарасы. Жан жарасы оңайлықпен жазылар ма! Бірақ, өмірдің аты − өмір. Соғыс жылы жетім қалғандар жылап-сықтап жүріп жетілгенін де білем...

Ұрқия: Жесір қалғандар ше! Жап-жас жесірлер... Бар өмірі ойран-топан болған арулар ше...

Ағаш аяқ: Рас, қаншама арулар күйеусіз, жарсыз қалды. Жас өмірі өксуге ұласты.

Ұрқия: Міне, сосын да ақындар сол кезді жырмен кестелегенде, ең сұмдық трагедия деп сол жас аналардың тағдырын жазады.

Автомат, пулеметпен қырқып атып,

Кетті-ау соғыс талайды шырқыратып!

Күйеуі өлген соғыста көрші әйел,

Темекіні шегетін бұрқыратып! – деп, Қадыр ақынның өлең кестелеуі тектен-тек пе! Қарашы, неткен ауыр...

Ағаш аяқ: Әрине, оған сөз бар ма! Трагедияның биік шыңы – сол! Соғыс трагедиясы...

Ұрқия: Жас жесірлер трагедиясын сөзбен жеткізу қиын. Сол Қадыр ақынның тұстасы Тұманбай ақын:

Жеңеше, шылым шекпе деп,

Айтуға саған хақым жоқ.

Тағдырмен шықтың жекпе-жек,

Жиырмаңда жесір қатын боп! – деп күңірене жазды! Ауыр ғой, ауыр...

Ағаш аяқ: Ақындар да айтқан-ақ екен...

Ұрқия: Әні, трагедия қайда жатыр. Жесір қалған жас әйелдің күйін біз түсіне алармыз ба?

Ағаш аяқ: Ол ол ма, сол жас жесірмен бірге әкесіз қалған сәбилер ше! Олардың жас жүрегіндегі аласапыранды кім ұғар... (Ойланып қалады. Сосын қайта серпілгендей боп) Сен ғой, жесір қалған жас аналарды айттың. Ал, сәбилер... Сәбилердің жан қайғысы қандай қиын, қандай ауыр!

Ұрқия: Соның бірі − менмін. Әкем де, екі бірдей бауырым да сол соғыс даласында қалды. Осы күні сүйегіне де зар болып жүрміз. Зар бола жүріп, өмірден де өтіп барамыз...

Осы кезде сахна қараңғыланады да, қайта жарық түскенде жас бала шығады. Ол жан-жағына қарап, алақ-жұлақ етеді. Арт жағынан ақырын басып, солдаттар өтіп бара жатады.

Жас бала: Ағалар! Ағатайлар! Менің әкемді... әкемді көрдіңдер ме! Неге үндемейсіңдер? Әкем қайда? Әкемді тауып беріңдерші менің... (айқайлайды)

Осы кезде әлдеқайдан, зор дауыспен Сырбай ақынның өлеңі оқылады.

Кетерде солдат жарының,

Ішінде қалған ана жыл,

Көкемді айтпай танырмын,

Деп күтіп жас сәби жүр.

Қайрылмай қалай кетерсің?

Хабарсыз қалай ол тоқтар!

Көрдің бе, оның көкесін,

Соғыстан қайтқан солдаттар?..

Ағаш аяқ: (толқи сөйлеп) Жас жесірлердің де, әкесіз қалған сәбилердің де ішкі жан жарасын түсінемін. Ал, бірақ... ең ауыр жара − сол соғыста ұлдарын мәңгіге жоғалтып, қан жұта күн кешкен әкелер мен аталардың жан дүниесіндегі, жүрегіндегі жара! Балаңды жоғалту қандай қиын-н!..

Ұрқия: Бала − бауыр ет. Ол... жазылмас жара ғана емес, көрге бірге кететін қаралы қайғы... (сосын Ағаш аяққа бұрылып) Соғыс туралы сөз қылу қандай ауыр. Сен жаңа... сол соғыс туралы оп-оңай, жеп-жеңіл сөз айтпақ болдың-ау...

Ағаш аяқ: (ашулана) Мен бе жайбарақат сөйлеп отырған! Менің ішімдегі алапат сезімді сен білемісің! Сол буырқанған сезімді сезіне алсаң, менен шошыр едің. Мен... жиырмаға жетпей аяғынан айрылған, сөйтіп өз қанын өзі жалап жазған жас жолбарыспын. Менің жастығым сол соғыс даласында қалды. Мәңгі қалды. Мәңгіге жоғалттым оны. Содан кейінгі өмір... аты ғана. Мен баяғыда өлген адаммын. Жұрт Ағаш аяқ дейді, ең дұрысы − Ағаш адаммын...

Ұрқия: (күмілжіп) Кешір, кешір мені... Мен байқамай... Көңіліңе алмашы. Сен де, мен де жарым-көңіл мұңлықпыз. Бір-біріміздің жүрегімізді жаралап қайтеміз. Кешір мені-і... (Ұрқия Ағаш аяқты құшақтайды, екеуі де үнсіз отырып қалады.)

Үшінші көрініс

Тағы да «Қарттар үйіндегі» аула іші. Аулада жас шыбықтарды баптап, екі кісі жүреді. Олар – Адамбек пен Ұрқия. Адамбек Ұрқияға жақындап келіп, оны құшақтаған болады. Осы кезде олардың жанына Түгелбек шал келеді.

Түгелбек: О-о, екеуің әп-әдемі жұптаса қалыпсыңдар ғой. Еңлік пен Кебек сынды ғашық сезіммен...

Ұрқия: (дереу денесін жинап) Күл, күле бер бізге. Таздан тарақ қалғаны қаш-шан...

Ағаш аяқ: Кәрі көңілдің бір пәс босаңсығаны да. Әйтпесе, Еңлік пен Кебек болу қайда. Олар аңыз-махаббат. Ал, біз деген... Тағдыры тұйыққа тірелген бейбақтармыз. Қарттар үйінде қайбір жетіскеннен пенде болып отырмыз. Атамызда жоқ дәстүр...

Түгелбек: (күліп) Е, сендерге не болған! Мен жәй әзілдей салып ем. Бір-біріңе көңіл ынтығып тұрса, Еңлік пен Кебектен қай жерлерің кем? Олар да адам. Олар да пенде болған...

Ағаш аяқ: Жоқ, Түгелбек, сен олай деме, олар періште! Пенделіктен биік тұрған қос ғашық. Әйтпесе екінің бірінің махаббаты неге аңыз болып қалмайды.

Түгелбек: (олардың жанына жайғасып, отырады) Өзіңді (Ағаш аяққа қарап) бағанадан іздеп жүрмін. Өстіп үндемей шығып кететінің бар. Бұның қалай?

Ағаш аяқ: Сен талықсып, ұйықтап жатқансың. Оятқым келмеді.

Түгелбек: Әлде-е... жеке кездеспек боп... (Ұрқияға қарап жымияды)

Ұрқия: Әй, замандас, сен енді қалжыңды қой. Біздің бағаналы бері не істегенімізді сұрамайсың ба онан да. Міне, екі түп шыбық ектік. Бұл − ақ қайың. Ертең-ақ әуелеп өседі. Мына жас қаладай жайнап өседі.

Түгелбек: (жерге үңіле қараған болып) Мынау ма! Әй қайдам-м... Өсе қойса...

Ұрқия: (жұлып алғандай екпіндеп) Өседі! Өскенде қандай! Көресің әлі. Осы екеуінің бәйтерек болғанын да көрерміз тірі болсақ.

Түгелбек: (жымысқылана) Сонда... мынаның бірі − сен де, ал анаусы...

Ағаш аяқ: Әзілді қой. Көңілің кетсе, сен де ек. Сен де отырғыз.

Түгелбек: Қолымнан келмейді.

Ұрқия: Қолыңнан не келеді сонда? Сен өзі қандай еркексің? Шаруаға икемің жоқ. Қайтіп күнелткенсің, жарқыным-ау?

Түгелбек: Мен... кішігірім бастық болған адаммын. Яғни қағазбен жұмыс істеп, қағазбен күнелттім.

Ұрқия: (оны басынан нұқып, әзілге шаптыра) Арамтамақ! Нағыз арамтамақ сен екенсің. Ел үстінен күнелткен қу болдың ғой...

Түгелбек: Әй-әй, сен өйтіп менің жыныма тиме. Немене, папкі ұстаған бар қазақ арамтамақ па сонда! Оны да ақылы жеткен ұстайды. Кісі болу үшін бас керек, ақыл керек, парасат керек.

Ұрқия: Шын парасат иесі − папкі ұстап, галстук тағып, шірене түкірген еркек емес. Нағыз адам − ол ең алдымен Жер-Анаға бас иген адам. Жер-Ананы сүйе алмағандар Адам деген атқа ие бола алмайды.

Түгелбек: Мен Жер-Ананы сүймейді деп кім айтты? Жерді мен де қадірлеймін.

Ұрқия: Соны көре алмай тұрмын-ау!..

Ағаш аяқ: Жә, сендерге не болды? Қойыңдар енді. Басқа біреу естісе күлер. Бастары піспейді екен деп. Осындай қисық-қырыс мінездері үшін бұл шал-шауқанды қарттар үйіне тығып тастаған деп...

Түгелбек: Рас-ау. Сөйтіп ойлайтындар да табылады.

Ұрқия: Олай ойлайтындар − ақымақтар.

Түгелбек: Ақымақ ешқашан өзін ақымақпын демейді. Ең қиыны сол − ол өз кемшілігін өзі білмейді. Білдірмек болсаң − сені жау көреді.

Ағаш аяқ: Мына сөзің әдемі шықты, замандас. Фәниде тап солай. Көрдік қой ондай адамдарды...

Түгелбек: Мен де аз көргем жоқ.

Ұрқия: Осы сен... (Түгелбекке қарап) Қол-аяғын бүтін, сап-сау шалсың. Соғыстан қалай аман-есен келдің, а! Соны айтшы... Әлде оған да ақыл, парасат керек пе?..

Түгелбек: (қипақтап) Енді... соғыс туралы айтылатын жер ме бұл.

Ұрқия: Мына замандасым (Аяғаш аяқты нұсқап) соғыс даласында аяғын берді. Бүкіл жастығын сонда жерледі. Сөйте тұра бар жеңістің иесі − Сталин-н деп оның атына ерекше мадақ айтқысы келеді. Ол күндер әдіра қалсын десем, маған ренжиді.

Түгелбек: Рас, рас! Ол күндерден беті аулақ. Оны еске алып не керек? Құдай енді сұм соғысын көрсетпесін.

Ұрқия: Мен әнеукүні қатындар арасынан бір өсек естідім. Ана Тымырсық деген достарың бар емес пе! Сол неге үндемейді, неге көп сөйлемейді, неге елден бөлек жүріп, аулақ қаша береді десем... оның сыры бар екен. Тымырсық − соғыс кезінде тұтқынға түсіпті. Фашистердің қолында болыпты. Әйтеуір амалдап құтылып шығыпты... Соны намыс көреді дейді. Ешкімге, еш жерде соғысқа қатыстым деп айтпайтыны да сонан екен.

Ағаш аяқ: Соғыс кезінде фашистердің қолына түсіп қалса, оған кінәлі ме! Соғыстың аты − соғыс. Ондайлар аз болды ма? Ол − намыстанатын жағдай емес.

Ұрқия: Бәсе десе! Мен де солай ойлаймын. Соған бола қайғыланып, өмір бойы үндемес атанып...

Ағаш аяқ: Біз оны ортаға алып, әңгімеге тартуымыз керек. Соғыс біткелі қанша жыл. Енді жасыратын, үрейленетін, қорқатын не бар! Қайта көрген-білгенін бүгінгі ұрпаққа айтып кеткені мақұл.

Ұрқия: Өте дұрыс айттың. Тымырсықты жабылып сөйлетейік.

Ағаш аяқ: Сөйтейік. Оны тыңдауымыз қажет.

Түгелбек: (осы кезде Тымырсық туралы сөзді бөле) Осы сен... аяғыңнан қалай айрылып жүрсің? Соны айтшы бізге! Соны ылғи да сұраймын деп оқталам да, үнемі ұмытып кетем. (Ағаш аяққа бұрыла қарайды).

Ұрқия: Иә, айтшы. Біле жүрейік біз де.

Ағаш аяқ: (қинала, ойлана) Ойпырмай, ол өзі... ауыр әңгіме. Еске алудың өзі қиын-н... Жанымды сыздатады. (сәл тоқтап барып) Соғысқа алғаш кірген кезіміз. Фашистердің беті қатты. Біз жеңбей тынбауға бел буғанбыз. Сондай бір кескілескен ұрыс кезінде... аяқ астынан жараланып қалғаным. Әлде оқ тиді, әлде мина жарықшағы... (кішкене пауза жасап) Аһ, дүние-ай, сол кезді ойласам жаным сыздайды-ы... Көкірегім шым-шымдап ауырып ала жөнеледі.

(Осы сәтте сахна қараңғылана береді. Жарық Адамбекке түседі)

Ағаш аяқ: (өз-өзіне күбірлеп) Уа, бұл не күй? Денем неге ысып барады? Маған не болды?

Дауыс: Сен оққа ұштың! Жаралы жауынгерсің!..

Ағаш аяқ: Не дейді? Сонда... мен ауыр жаралымын ба?

Дауыс: Ауыр жаралысың. Снаряд ұшқыны сенің бір аяғыңды жұлып әкетті. Енді − мүгедексің.

Ағаш аяқ: Неге мүгедекпін? Аяғым қайда? Дәрігерлер неге жоқ?

Дауыс: Енді олар түк істей алмайды. Сенің бір аяғың өзіңнен бөлініп қалған. Қазір қансырап жатырсың. Әні, есіңнен танып бара жатырсың.

Ағаш аяқ: Мен соғысқа жарақат алу үшін келгем жоқ. Мен елімді қорғау үшін келгем. Аяқ! Аяғым қайда? Аяғым-м... (ол жыламсырап, ауыр күрсінеді) Енді соғыса алмаймын ба? Онда... не өмір болмас! Бұдан да өлгенім артық-қ... (қолына автоматын алады. Өзін-өзі атпақ болады. Қолы дірілдейді.) Өзімді-өзім атам. Өлемін.

Дауыс: Ал, ат! Өле бер! Сонда кім ұтады? Сені ертеңгі жас ұрпақ қорқақ, қоянжүрек солдат дейді де қояды. Нағыз мықты жауынгер соңына дейін күреседі. Қасық қаны қалғанша...

Ағаш аяқ: Жалғыз аяқпен... қалай күресем? Кімге керекпін?

Дауыс: Ойлан! Тағы да ойлан! Кісі ойлай алмай қалғанша... өмір сүреді. Адамның құдіреттілігі де сонда-а...

Ағаш аяқ: А-а, не дейсің! Адам ойлай алмай қалғанша өмір сүруі керек дедің бе? Онда мен... әлі де керекпін ғой, сонда! Демек-к...

Дауыс: Әрине, керексің. Жауға қарсы соғысу тек автомат алып ұмтылу деп ойласаң − қателескенің.

Ағаш аяқ: Сонда... не істеймін?..

Дауыс: Өзіңді-өзің атып тастау оңай. Бір ғана оқтың жұмысы. Ал, рухы мықты жігіт өйтпейді. Ол тағы да алға ұмтылады. Өмірмен бетпе-бет келеді. Қандай қиын, тастақты жол болса да жеңуге тырысады. Міне, нағыз ердің ісі – сол...

Дауыс жоғала береді. Сахна жарықтанады.

Ағаш аяқ: (ауыр дем ала) Солай-й...Сөйтіп ұрыс даласында бір аяғымды бердім. Сосын... кімге керекпін. Мені елге қайтарды. Елге келіп, бір аяғыма мына (аяғын ұстап) ағаш аяқты кигізіп, күн өткіздік қой әйтеуір-р... Өз шамама қарап, еңбек етуге тырыстым. Арамтамақ болмайыншы дедім-м... Ерді намыс өлтірер деген...

Түгелбек: Кешір, шал! Жүрегіңді ауыртып жібердім бе! Мен жәй... өткен өміріңді біле жүрейік деп сұрап ем... Бірге тұрып жатқан соң... (осы кезде биік үй жақтан дәрігер дауыстайды)

Дәрігер: Түгелбек ата! Сіз тез 3-кабинетке келіңіз. Кезекті система қабылдауыңыз керек. Тездетіңіз-з...

Түгелбек: Ойбай-ай, осыдан-ақ безер болдым. Өзі удай ащы. Бір сағат жатасың көзің бозарып. Енді амал жоқ, дәрігерді де тыңдау керек. Мен барып келе қояйын.

Ол кетеді. Сахна қараңғыланады.

Төртінші көрініс

Аулада Адамбек бой жазып жүреді. Осы кезде шұғыл қимылдап, тез-тез басып, бір шеттен Ұрқия да бой көрсетеді.

Ұрқия: Сен шал... ұйқыны қойғанбысың?

Адамбек: Бізден ұйқы қашқалы қаш-шан...

Ұрқия: Соңғы кездері мен де ұйқыны жоғалта бастадым. Ой-қиял мазалай береді.

Адамбек: Қиялдың керектісі бар, керексізі тағы бар. Соны екшей білу керек, замандас-с...

Бұлардың жанына Тымырсық шал келіп қосылады.

Ағаш аяқ: (оны көре-сала) Ойпырмай, кеше ғана өзіңді сөз етіп едік.

Тымырсық: (қос шыбықты көріп) Ой, мынау... бұрын жоқ еді...

Ұрқия: (сөзді бөле) Бұны біз мына Адамбек екеуміз (Ағаш аяқты көрсете) отырғыздық. Қарашы, өздері бүр жара бастапты.

Тымырсық: Осы қос шыбық алып бәйтерек болып өссе, қандай ғанибет.

Ұрқия: Өседі. Әуелейді әлі. (сосын Тымырсыққа бұрылып) Сен де, замандас, бір жас шыбық отырғызбайсың ба?

Ол екеуі әңгімелесе бастағанда Ағаш аяқ сылти басып жандарынан ұзап кетеді.

Тымырсық: Мен... мен күрек жұмысына икемсізбін. Қолым қалтырайды. Сексен жас аз жас емес.

Ұрқия: (күліп) Сексен − жастың жалғасы тоқсан бар, арғы жағында жүз...

Тымырсық: (күлген болып) Тоқсан, жүз... Әй, енді ұзамаспыз-ау! Тықыр таянған сияқты.

Ұрқия: Тықыр қанша таянса да, бәрі Алланың қолында. Пенде бұ дүние есігін ашқан күні-ақ ажал тықыры жанына тақау тұрады. Оның ерте не кеш жетуі − Алла әмірінен. Сондықтан да, замандас, қайғыны ұмыт. Одан да серпіл. Ашыл.

Тымырсық: Серпіле сөйлейтіндей не қауқар бар! Бәрі өтті, бәрі артта қалды. Бір өмір өте шықты...

Ұрқия: Өмір өте шыққан жоқ, ол әлі жалғасып жатыр. Әлі де... жалғаса береді.

Тымырсық: Осы да өмір ме?

Ұрқия: Неге өмір емес. Біз әлі ойлай аламыз, жас ұрпаққа ақыл-кеңес бере аламыз. Әрине, тыңдайтын құлақ болса...

Тымырсық: Міне, мәселе сонда. Бізді тыңдайтын ұрпақ қалмай барады. Жастар бізден әлдеқайда ақылды.

Ұрқия: Ой, әдірем қалғыр... Қандай ақыл оларда. Білеміз ғой...

Тымырсық: Заман жаңа, уақыт жаңа. Бәрі де өзгерген. Біз ескінің көзіміз...

Ұрқия: Айтпақшы... сен осы өткен өміріңді неге айтпайсың? Сол күндерді неге еске алмайсың? Әлде... себебі бар ма?

Тымырсық: Себеп жоқ! Тек... Нені айтам? Нені еске алуым керек?..

Ұрқия: Мәселен, өткен күндер... Кешегі балалық шақ. Жастық дәурен... Бастан кешкендер...

Тымырсық: (ойлана, қамыға) Менің өмірім... өзгелерге ұқсамайтын өзгешелеу өмір. Оны айтқым да, еске түсіргім де келмейді.

Ұрқия: Неге еске түсіргің келмейді! Өткен өмірге еш өкінуге болмайды. Қалай дегенде де ол сенің тағдырың...

Тымырсық: Мәселе − сол тағдырдың тайғанақты болғандығында. Сосын сөз етіп неге керек.

Ұрқия: Кісі өз тағдырын өз қолымен сызып тастай алмайды. Қазақ «маңдайға жазылғаны сол» деп жатады. Ендеше әр өмір − өзінше тарих. Жақсысын кейінгілер үлгі алу үшін айтамыз, жайсызын − ондайды қайталамау үшін айтуға тиіс емеспіз бе...

Тымырсық: Мен біреудің өміріне барынша ынтыға бергендерді ұнатпаймын. Ол − әркімнің өз жеке құпиясы...

Осы кезде тағы да сахнада Қара киімді Адам көрінеді.

Қара киімді Адам: Жер бетінде мың-миллион адам болса, соның бәрінің де ішкі бір құпиясы бар. Оны ешқашан, ешкімге айтпайды. Айтуға да болмайды. Өйткені, адамның жаратылысы солай. Айтуға болмайтынды айтса, бұл қоғам шайқалып кетуі де ықтимал. Қане, осы сөзім өтірік пе! Айтыңдаршы бірің-ң...

Ол жоғала береді.

Осы кезде бұлардың жанына сылти басып Ағаш аяқ қайта оралады.

Ұрқия: (Ағаш аяқты нұсқап) Мына замандасымыз да рахат өмір кешпепті. Жасы он сегіз-он тоғызға жете бере соғысқа аттанған. Майдан даласында бір аяғын берген. Енді, міне, мүгедек... Ағаш аяқ... Жас өмірін соғыс жалмаған. Өзі сүйген қызына қолы жетпеген. Итшілеп жүріп, бас қосқан қосағы ақыр аяғында бұны тастап, басқа біреуге тайып тұрған. Ешкімі жоқ. Сосын да амалсыз осында келген. Осыны жасырмай-ақ айта алады. Ал, сен болсаң...

Тымырсық: (төмен қарап) Менің өмірім одан да шытырманды. Әйтеуір дене мүшелерім сау демесем, жүрегім қырық құрау. Жанымда жара көп. Оның қайсыбірін айтайын. Аяғым бүтін болғанмен, жүрегім-ағаш...

Ұрқия: Айт! Айтып бер. Ең болмаса жүрегіңді жеңілдетесің. Іште булыққан ой жаман. Ол кісіні бір күні алып ұрады.

Ағаш аяқ: (Ұрқияны қостап) Жеңілдеу үшін де айтқан жөн. Енді сексеннен асып тұрып, нені жасырамыз! Онсыз да кәрі қойдың жасындай өмір қалды.

Тымырсық: Ойпырмай! Не десем екен! Бәрі де ішімде кетер, өзіммен бірге өлер деп ем. Сол құрғырды ешкім естімей-ақ қойса деп ем.

Ағаш аяқ: Әдейі істесең − сөз басқа. Ал, жағдай солай болса, оған бола жан қинап не керек.

Ұрқия: Ситуация деген болады. Ол кісі еркінен тыс нәрсе...

Тымырсық: Тап солай. Бұл ситуация. Менің еркімнен тыс...

Ұрқия: Сонымен...

Ағаш аяқ: Ал, содан...

Тымырсық: (қинала сөйлеген) Мен... мен соғысқа қатысты деген атым болмаса, өзімді соғыс ардагері деуге ұялам...

Ағаш аяқ: Е, неге?

Ұрқия: Неге ұяласың?

Тымырсық: Ол өзі... ұзақ хикая. Есіме алсам, аяқ-қолым қалтырап-дірілдеп қоя береді. Мен соғысып жарытпаған қазақпын.

Ұрқия: Айтсаңшы енді кібіртіктей бермей...

Сахна сәл қараңғылана береді де, сахнаға Бауыржан Момышұлы шығады.

Бауыржан: Мен қазақ деген ғажайып ұлттың ұлымын! Менің халқым о бастан-ақ жауынгер ел. Олар жаудан тайсалмайды да қорықпайды. Егер қазақ арасынан қашқын, қорқақ, сужүрек біреу шықты десе, басымды да тігуге әзірмін. Батыр халықтың ұрпағы да батыр болып туады.

Ол сахнадан ақырын шығып кетеді. Сөзді қайтадан Тымырсық жалғайды.

Тымырсық: Мен... сужүрекпін. Қорқақпын. Езбін... (қамыға күрсінеді). Сол соғыс даласында қалуым керек еді. Несіне тірі жүрмін мен...

Ағаш аяқ: Сабыр ет, бауырым! Сен − пендесің. Пенденің бәрі де өмір сүруге хақылы.

Тымырсық: Соғыс даласында... жалғыз қалғанда әртүрлі ойға берілдім. Қолымда винтовка бар еді. Қасымдағылардың бәрі тұтқындалып жатты. Ал, мен... өзімді-өзім атып тастауым керек еді. Соған... жүрегім дауаламады. Қорқақпын. Сужүрекпін. Енді мынау. Өмір бойы арымның алдында азапқа түсіп...

Ағаш аяқ: Сен сонда тұтқында болдың ба?

Тымырсық: Неміс фашистерінің тұтқыны болып бейшаралық күйін кештім. Олар тепкіледі, ұрды. Аузына келген сөздерін айтты. Ит деді, доңыз деді. Соның бәрін де естіп тұрып, өмір сүрмек болдым... Аһ, дүние-е...

Ағаш аяқ: Бұл ситуация. Тұтқынға түскен қазақ жалғыз сен емес. Сол үшін азап шегуің жөн емес, бауырым. Еңсеңді көтер. Бойыңды тікте. Сен кешегі жауынгерсің.

Тымырсық: (басын көтеріп) Ең жаман, оңбаған жауынгермін. Жасық солдатпын. Тұтқыннан басқа түк көрмеген ынжықпын.

Ұрқия: Тұтқында көп болдың ба?

Тымырсық: Екі жыл, әлде онан да көп... Бізді оқытып, өз елімізге қарсы пайдаланбақ болды-ау деймін. Солардың дегеніне көнбеске амалым қалмады. Тек бір күні... Мұстафа Шоқай деген қазақ келіп, араша түсті. Соның арқасында... кішкене еркіндік алып, одан соң елге қашуға мүмкіндік туды.

Ұрқия: Мұстафаны көрдің бе?

Тымырсық: Көрдім.

Ұрқия: Ол өзі... қандай кісі еді?

Тымырсық: Менің білуімдеМұстафа тек қазақ қана емес, бүкіл түркі жұрты үшін де мақтаныш. Оның ойлағаны да сол түркі жұртының басын біріктірмек болған секілді. Сол үшін таяқ жеді. Соның жолында жанын пида етті.

Ағаш аяқ: Содан? Аяғы не болды?

Тымырсық: Мен ретін тауып елге қаштым. Бірақ, елім... мені Отанын сатқан солдат деп қарсы алды. Сосын түрме... Әй, қойшы. Мен не көрмедім. Ең дұрысы − сол соғыс даласында өзіме-өзім оқ жұмсап, өліп-ақ кетуім керек еді. Сонда бүгінгі ұрпақ мені батырымыз деп айтып жүрер ме еді. Енді мынау... Су түбі − құрдым...

Сахна қараңғылана береді. Әлдеқайдан жарқ-жұрқ еткен жарық, снаряд даусы. Ыңыраған солдаттар үні. Жарық Тымырсыққа түседі.

Тымырсық: (қинала) О, құдай-й... Мынау не? Мен қандай күйдемін? Қарулас достарым қайда? Қайда жатырмын мен...

Дауыс: Тұр, оңбаған! Сені... тап қазір-ақ бір оқпен о дүниеге аттандырып жіберер едім. Амалым жоқ. Нұсқау бар. Сен енді тұтқынсың. Тұр! Түс алдыма.

Тымырсық: Ойбай-ай, бұл не? Өңім бе, әлде түсім бе? Сен кімсің?

Дауыс: Менің кім екенімді қайтесің! Тұр дедім ғой. Әйтпесе мына автомат дүмімен аямай соғамын өзіңді.

Тымырсық: Ұра көрме! Мен қазір-р...

Дауыс: Бол! Тез! Уақыт тығыз-з...

Сахна қайта жарықтанады.

Тымырсық: Мен... мен қарабетпін. Сужүрекпін...

Ағаш аяқ: Олай деме, замандас. Сен енді сол күндердің тірі куәсісің. Біз бұ дүниеден өтсек, ол кез шындығын айтатын да ешкім қалмайды. Сондықтан да ашылуың керек. Сенің сөзің енді саған емес, болашақ ұрпаққа керек. Ең болмағанда ана Мұстафа Шоқай құрмақшы болған Түркістан легионы туралы өз аузыңмен баяндап бер. Басы қалай басталғанын айт.

Ұрқия: Сөйтуің керек. Ол кез шындығы айтылғаны дұрыс.

Тымырсық: Жоқ, енді қинамаңдар мені. Осымен болдым. Әрі қарай айта алмаймын, онсыз да денем қалшылдап барады. Мен... жансыз ағаштай тірі өлікпін.

Ағаш аяқ: Сен тірі өлік емессің. Сен − кешегі күннің тірі куәсі боласың. Тірі куә ретінде де қадірлі қарт болуға толық хақың бар.

Тымырсық: Қинама мені, замандас! Осы да жетер. Неміс фашистерінің итаршысы бола жаздаған адамды бүгінгі ұрпақ кешіре ме! Осы үндемеген қалпымда бұ дүниеден өтейін. Қинай көрмеңдер енді...

Ұрқия: Түк айтпай өтіп кетсең, оның күнәсі екі есе ауыр болады. Ұрпағың оны кешпейді. Осыны да ойла.

Тымырсық: Өтінем сендерден. Соғыс туралы сөйлеу − маған өте ауыр. Мен қарабет адаммын. Соғыс туралы қасқайып қарап сөйлеу бақытына ие болғандар аз ба! Аз ба ондай қазақтар... Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин... Көп қой. Көп. Солардың сөзі, солардың жазғаны ендігі ұрпағыма үлгі-өнеге болсын. Мен − қарабет ұрпақпын. Мен − сужүрек, қорқақ, ез солдатпын. Бүгінгі балаларым мендей атасы болғанын білмей-ақ қойғаны дұрыс... Қандай үлгі бар менің өмірімде... (қамыға, күрсіне отырып қалады)

Ағаш аяқ: Сенің ерлігің − еліңді сүйе білгенің. Тұтқынға түсіп, өз еліне қарсы астыртын жұмыс істегендер де баршылық. Сен өйте алмадың. Өйткені, жүрегің таза. Еліңді, жеріңді сүйетін таза жүрегің бар. Сен сол жүрек сөзіне құлақ астың. Мақтанарың да сол, замандас...

Ұрқия: (сөзді бөле) Аяғын тыңдайық та. Фашистер тұтқынына түстің. Ал, сосын... Содан кейін...

Тымырсық: Аяғы не болсын. Тұтқынның жағдайы қалай болушы еді. Түні бойы ой мазалайды. «Мен сатқынмын ба!» деп азаптанасың... (сахна қараңғыланады, жарық Тымырсыққа түседі)

Тымырсық: (қинала) Мен... тұтқынмын. Фашистер тұтқынымын. Масқара-ай! Бұдан да өлгенім артық еді...

Дауыс: Жоқ! Өлуге әлі ерте. Тұтқын болу – бәрінің де біткені емес.

Тымырсық: Енді ше! Бас бостандығым жоқ. Ана фашистер не айтса, соны орындауым керек.

Дауыс: Ойланып көр. Ақылы бар кісіге, кез-келген жағдайдан шығар жол бар. Тек соны таба білу ләзім.

Тымырсық: Қандай жол? Қай жол...

Дауыс: Өзің ойлан.

Тымырсық: Қашу ма? Сол ма?

Дауыс: Мүмкін, ол да дұрыс шығар. Ойлан-н... (дауыс жоғала береді)

Тымырсық: (өзіне-өзі) Қашу!.. Қашу керек... Тұтқын боп мың күн өмір сүргенше, бір күн болса да бостандық қымбат. Өз бостандығым-м... Не де болса, туған жеріме, еліме жетіп өлейін. Ең болмағанда... сол туған жерге бет алып бара жатып үзіліп кетсем де арман жоқ...

Сахна қайта жарықтанады. Тымырсық абыржулы.

Тымырсық: Содан... айласын тауып қашып шықтым. Елге де жеттім. Әй, бірақ... (қинала күмілжиді)

Ұрқия: Қиналма, замандас! Бұл − тағдыр. Тағдырдың маңдайға жазғаны сол.

Осы кезде биік үй жақтан дәрігердің даусы естіледі.

Дәрігер: Ұрқия әже! Уколға келіңіз.

Ұрқия: Ойбай, мені шақырып жатыр. Мен барып келе қояйын.

Сахна қараңғыланады.

Екінші перде

Бесінші көрініс

Ауладағы скамейкада Адамбек жалғыз өзі ауыр ойға түсіп, қиялға беріліп отырады.

Оның қасына Түгелбек шал сылти басып, келіп жайғасады.

Түгелбек: Оу, замандас, бүгін неге жалғызсың? Әлгі... сұлуың қайда?

Адамбек: Ол қай сұлу? (сәл тоқтап) Ә-ә, Ұрқия ма? Жүрген болар...

Түгелбек: Көңіл-күйің жоқ қой?

Адамбек: Сәрсеннің өткен өмірін естимін деп, көңілім астаң-кестең болғаны.

Түгелбек: Ол не айтты?

Адамбек: Ештеңені жасырмады. Түгел айтты.

Түгелбек: Ашылып сөйлемеуші еді өзі! Қалайша әңгіме тиегін ағытты екен, а?

Ағаш аяқ: Осы Тымырсық замандастың ішінде бір айтылмай жүрген әңгіме бар сияқты, соны сыртқа шығарайық деген Ұрқия болатын...

Түгелбек: Есімде. Сонда... Тымырсық...

Ағаш аяқ: Рас екен. Фашистер тұтқынында болыпты.

Түгелбек: Содан... сосын қашып шыққан ба?

Ағаш аяқ: Кәдімгідей. Туған жер қайдасың деп тартып отырған.

Түгелбек: Ал, туған жері... сатқын деп көрмегенін көрсеткен-ақ болар. Содан үркіп қалған жүрек әлі де жүрексініп, қорқа беретін шығар.

Ағаш аяқ: Е, оның несіне қорқады енді. Бүгін заман басқа. Өтер күн өтті. Енді онда кімнің шаруасы бар. Сексендегі шал кімге керек.

Түгелбек: Сонда да... Кім біледі, жаңа өкімет тағы бірнеңені шығарып жүрсе...

Ағаш аяқ: Тұтқынға түсу − қылмыс емес. Бірақ, сол үшін жазалы болу, жазаға тартылу − жауынгер үшін екі есе салмақ. Соғыс даласында бәрі де болады. Біреулер оп-оңай көзге түсіп, батыр да атанды. Ал, шын батырлар елеусіз қалып қойғаны да аз емес. Соғыстың өз тәртібі бар. Өз психологиясы бар...

Түгелбек: Соны мен де ойлаймын. Аяқ-қолы бүтін Совет Одағының батырларын көрсем, солардың батыр екеніне сене алмаймын. Ал, енді жүруге шамасы жоқ мүгедек, жарымжан адамға тіпті медаль да бұйырмапты. Бұл не? Бұл қандай әділдік...

Ағаш аяқ: Менің көңілімді аулағаның ғой, замандас. Рахмет! Мен майдан даласына орден-медаль алу үшін барғам жоқ. Тіпті батыр болуды да армандаған емеспін. Мен Отанды қорғау керек деген асыл сезімді жаныма серік еттім. Әттең... ерте оққа ұштым. «Ерте солған гүлдей енді ешкімге керексіз болып қалам ба!» Жанымды сыздатып, жан азабына салған осы ой болды. Өмір бойы жанымды шырқыратып келе жатқан − тағы да осы кермек ой... Осы кермек ой бүкіл өмірімді өксітті...

Осы кезде сахнаға тағы да қара киімді Адам шығады.

Қара киімді Адам: Кісі неден азады? Ойдан азады. Кісі неден қартаяды? Ойдан қартаяды. Кісі неден ауырады? Ойдан ауырады. Бірақ кісіні қайтадан жазып алатын да − сол ой. Кәдімгі ой. Иә, иә, сіз бен біздің ішіміздегі кәдімгі ой... Ізгі ойлар-р...

Ол шығып бара жатады.

Осы кезде бұлардың жанына Тымырсық келеді.

Тымырсық: Оу, екеуің неменеге қамығып отырсыңдар?

Ағаш аяқ: Е, кәрі кеуде қалай қамықса да жарасады.

Тымырсық: Жоқ, біз енді қамықпауымыз керек.

Ағаш аяқ: Қалай?

Тымырсық: Ұрқиядан үлгі алайық. Сол кемпір мықты. Шынымен-ақ жігерлі.

Ағаш аяқ: Иә-ә... қанша көңілденем десек те, өмір тұйықталуға жақындады. Енді таяқ тастам жер...

Тымырсық: (Ағаш аяққа бұрылып) Мен өткендегі әңгімеден соң қатты ойландым. Расында да немене қорланамын. Әдейі қолға түскем жоқ қой. Ол − ситуация...

Ағаш аяқ: Әрине, ситуация. Сен оған бола қапаланба. Енді елге шыныңды айт. Осылай болған де. Сонда жаның тазарады.

Түгелбек: (сөзге түсіне алмай) Сендер не жөнінде айтып тұрсыңдар? Түсінбедім.

Тымырсық: Жәй, әшейін...

Ағаш аяқ: Жасыратын түк те жоқ. Мына Тымырсық замандасымыз соғыс кезінде неміс фашистерінің қолына түскені... Сосын тұтқын болғаны...

Тымырсық: Арғы жағының қажеті жоқ.

Ағаш аяқ: Неге қажет емес. Білсін. Шындықты естісін. Соғыс кезінде бәрі де бола береді.

Тымырсық: Ол енді рас. Соғыстың аты – соғыс. Бірақ... тұтқынға оп-оңай түсіп қалғаныма намыстанам. Ол – менің әлсіздігім. Сол ой арымды мазалай береді...

Түгелбек: (күліп) Арым мазалайды дейсің, ә! Сол ар, намыс деген не нәрсе! Ол да бір қиялидың ойлап тапқаны. Болды ма − болды, өтті ме − өтті. Қайта-қайта еселеп еске алып не керек соны...

Тымырсық: Жоқ, олай емес. Ар – кісі айнасы. Арынан жұрдай болған адам жер бетінде емін-еркін өмір сүре ала ма?

Түгелбек: Неге өмір сүрмесін! Кімнің маңдайына жазылып қойған нәрсе ол. Қай кісінің ары биік екенін кім біле алады. Айтшы, кім?

Тымырсық: Ары биік кісінің сөзі де таза, өзі де таза...

Түгелбек: Бұл жәй сөз...

Ағаш аяқ: (ашулана) Сен, Түгелбек, қалай-қалай қиялайсың? Ары таза адам мен арсыз адамды ажырата алмай не көрініпті.

Түгелбек: Қалай? Қайтіп?

Ағаш аяқ: Ол көзге бірден ұрып тұрады. Арсыз адамның ісі де, тірлігі де майда... Сөзі де тайғанақ...

Түгелбек: Тірлігі ірі, сөзі кесек адамды осы күні көрсетші маған! Бәрі де майда. Бәрі де құлқынның құлы...

Ағаш аяқ: Олай емес. Жақсылар бар. Олар көп.

Түгелбек: Ал, мен жоқ деймін.

Тымырсық: (ашуға булыға) Сен... сен, Түгелбек, өйтіп кісіні ашуландыра берме. Арлы адам, азаматтығы биік адам жәй өмірде көзге түсе бермеуі де мүмкін. Бірақ олар қиын-қыстау кезде алға шығады. Мысалы, соғыс кезінде... баяғы Ұлы Отан соғысы кезінде талай-талай екіжүзділерді көрдік қой. Сол соғыста...

Түгелбек: (өз-өзінен ашуланып) Түкке түсінбеймін! Соғыс, соғыс деп... Бірің − аяқтан айрылдың, ал бірің тұтқында болып, осы күнге дейін ар азабына түсіп жүрсің. Сол соғыс сендерге не берді? Айтыңдаршы, не берді?

Ағаш аяқ: Соғыс не беруі керек еді? Соғыстан кім пайда көреміз деп барған екен, а? Сенің ойың мүлде қызық...

Түгелбек: (саспастан, салмақты сөйлеп) 26 миллион адамның көзін құртты. Талай отбасы аңырап қалды. Қайсыбір әулеттің отбасында жарық біржола өшті. Ұрпақсыз қалды. Қара жамылды. Соның бәрі кімге керек еді. Айтыңдаршы, кімге?..

Тымырсық: Оның жөн. Соғыс ешкімге де опа берген емес.

Түгелбек: Мен де соны айтам. Соғыс деген адамзатқа келген нәубет. Оны сөз қылу тұрмақ, атын да атағым келмейді.

Тымырсық: Кімнің соғысқа барғысы келді дейсің! Отан-Ана шақырған соң...

Түгелбек: Қай Отан-Ана! Біз қайда, олар қайда?

Тымырсық: Соғыс Совет Одағына кенеттен шабуыл жасаумен басталған жоқ па!

Түгелбек: Совет Одағына емес, Ресейге... Әй, қойшы осыны. Осы соғыс деген пәлекет кімге керек еді!

Ағаш аяқ: Соғысты біз емес алдымен бастаған. Бастаған − неміс фашистері!..

Түгелбек: Неміс фашистері Ресейге соғыс ашты. Қазаққа емес...

Ағаш аяқ: (кіжіне) Ал, Отан... Отан ше! Ол кезде біз қазақ, орыс, украин, әзірбайжан, белорус, өзбек... деп бөлінгеміз жоқ. Біз ортақ Отанды қорғамақ болдық.

Осы кезде сахна кішкене қараңғыланады да, сахнада Рақымжан Қошқарбаев бейнесі көрінеді.

Рақымжан: Мен, қазақтың қарапайым қара баласы, бүкіл Совет әскерімен бірге неміс фашистеріне қарсы шайқаста жан аямадым. Фашистерді тықсыра қуып, ақыры Берлинге әкеп тіредік. Рейхстаг төбесіне ту тігу сәтінде алғашқылардың бірі болып мен де көтерілдім. Сол Рейхсатгқа ту тігіп тұрып, алыстағы еліме сағына көз салдым. Көзіме көрінбеді. Көз алдымды тек сағым ғана көлбеді. Бірақ, менің жүрегім сезді. Менің ерлігіме бар қазақ бірге қуанып жатыр еді. Халқыңды көкке көтеріп, оны қуантқаннан артық қандай бақыт бар, ағайын!..

Сахна қараңғыланады.

Алтыншы көрініс

Сахнада – Тымырсық пен Түгелбек айтысып жатады. Адамбек – тыңдаушы ғана.

Түгелбек: Түсінбеймін. Тағы да айтам. Сол соғыс қазаққа керек пе еді?.. Босқа талай боздақтан айрылдық.

Тымырсық: Сен... бүгін солай ойлайсың. Сол кезде неге осыны айтпадың. Неге «бұл соғыс қазаққа керек емес» деп жар салмадың?

Түгелбек: Мен... сол кезде де осылай ойлағам. Тек... дауыстап айта алмадым.

Тымырсық: Өзің... соғысқа бардың ба? Қай майданда болдың?..

Түгелбек: (кібіртіктеп) Енді оның қажеті қанша! Өтер заман өтті. Соғыс біткелі қанша жыл-л...

Тымырсық: Сонда да... ең болмаса біле жүрелік. Мен де айттым ғой бар шынымды...

Түгелбек: Жоқ! Мен айта алмаймын.

Тымырсық: Әлде-е... Сен де тұтқында болдың ба? Мүмкін, фашистерге жасырын қызмет етіп...

Түгелбек: (кекесінді күлкімен) Тұтқын! Ондай ақымақ мен емеспін! Өз тағдырыма өзім қожа болғам. Қазір де солаймын.

Тымырсық: Ал, соғыс кезінде...

Ағаш аяқ: (сөзді бөле) Ол соғысқа бармаған адам. Оны айтпай-ақ түсінуге болады емес пе. Сөзінен-ақ байқамайсың ба!..

Тымырсық: Сонда-а...

Түгелбек: (ашуға булыға) Ал, барғам жоқ. Бармадым. Ал, не істейсіңдер-р... Мен кейбіреулер секілді ақымақ емеспін. Өз жолымды білем.

Тымырсық: (таңдана) Демек... біз соғыс даласында өмір мен өлім арасында жүргенде, сен елде тәтті тамақ ішіп... О, тоба!

Түгелбек: Оған да ақыл керек. Парасат керек. Ең алдымен − жан тәтті...

Ағаш аяқ: (ашулана) Сен... сен нағыз жүрегі жоқ адам екенсің. Әйтпесе осылай етермісің, а?

Түгелбек: Менде жүрек жоқ деп кім айтты? Соғысқа қатынаспасам да, еліме, жеріме көп қызмет еткен адаммын. Қой өсірдім, егін ектім. Орден алдым.

Ағаш аяқ: Ал, соғыс... Соғыс ше! Соғыста жауынгер жетпей жатқанда сенің елде жүруің қалай? Жап-жас жігіт қалай ұялмай ауылда жүрді?

Түгелбек: Онда жас болдық. Үлкендердің сөзіне құлақ асатын кезіміз. Әкемнің ақылын тыңдадым. Айтқанын екі еткем жоқ...

Ағаш аяқ: Әкең қандай ақыл берді? Не деді?

Түгелбек: Не десін. «Балам, соғыс деген зұлмат, одан аман қайтуың екіталай, одан да елде бол» деді. Мен айттым: «Қалай елде болам, қатарларымнан ұят қой». Әкем айтты: «Сен ұятты қой, жалғыз ұлымсың, соғыста опат болсаң, менің де ошағымның оты сөнеді». Сосын ойланып қалдым. Не істеу керек? Әкені тыңдау керек пе, жоқ тыңдамай майданға аттанғаным жөн бе? Күн-түн ойланып барып, ақыры әкенің дегеніне ыңғайландым.

Тымырсық: (сөзді бөле) Сонда... ауылда емін-еркін, жайбарақат жүре бердің бе? Сені соғысқа алмады ма? Военкомат қайда қараған!.. Олар неге сені шақырмаған-н...

Ағаш аяқ: Бәсе десейші. Сен ерекше адам болдың ғой, сірә!

Түгелбек: Ерекше дейтін түк те жоқ. Әкем барлығын да өзі ойластырып қойыпты. Мен тау арасындағы жықпылға тығылдым. Сонда 3-4 жыл бой тасаладым. Тамақты өздері тасып беріп тұрды.

Тымырсық: Ой, подлец! Міне, зымияндық-қ...

Ағаш аяқ: (оны тоқтатып) Сабыр, сабыр... Бұл да енді тағдыр...

Тымырсық: (ашулана) Қандай тағдыр! Өз еркімен соғыстан қашу да тағдыр болғаны ма?

Түгелбек: Әй, сен өйтіп әкіреңдеме! Біз де білеміз, сен өлімнен қорқып, өтірік тұтқынға түсе салғансың... Енді сәндеп, бипаздап, ертегі айтқандай боласың... Оныңа кім сенеді!..

Тымырсық: Не-е! Не дейсің-ң... (ол Түгелбекке жұдырық ала жүгіреді)

Ағаш аяқ: (оларды тоқтатып) Ту-у, екеуің де көкезу қызба екенсің. Өтер уақыт өтті. Енді ашуланып не керек... Одан да ақылға келсеңдерші.

Тымырсық: Жоқ-ау, мен болсам тұтқында... көрмегенді көріп, азап шегіп елге оралам. Сосын тағы да абақты... Ал, бұл болса, бой тасалап, жан бағып... Ақылдымын, парасаттымын деп... Өй, өйткен парасатыңа... (жұдырығын түйеді)

Түгелбек: Сен де соғысып жарытпапсың. Ең болмаса бір фашисті өлтірмеген соң... Тұтқынға түсіп қалдым деп ақталасың-ау тағы да... Өйтіп соғысқа барғанша...

Тымырсық: Әй, сен... Байқап сөйле! (тағы да ұмтылады)

Ағаш аяқ: Мені тыңдайсыңдар ма, жоқ па! Сәрсен, сен сабырға келші. Әңгімесін аяғына дейін тыңдайық та. Бала болып кеттіңдер ме?.. (ашуланады, ана екеуі сабырға келеді)

Түгелбек: Сосын... соғыс та бітті. Мен еңбек майданының жауынгері болып шыға келдім.

Тымырсық: Ал, мен... Отан үшін отқа түсем деп ұмтылып, көзсіз көбелектей қалбаңдап барып, тұтқын болып, көрмегенді көріп, жат елде азап шегіп жүрдім-ау... (өкінеді).

Түгелбек: (сөзін әрі жалғап) Ең бастысы − әулеттің отын өшірмедім. Ұрпақ өсірдім. Ал, еліме соғыссыз-ақ көп еңбек сіңірдім ғой деп ойлаймын.

Ағаш аяқ: Сол... сол отбасың қане? Олар қайда? Сонша сыйлы болсаң, мына қарттар үйінде нең бар? Қорғап қалған балаларың қайда?

Түгелбек: Бала мен келін шетелде. Бизнеспен айналысады. Ал, мен... оларға несіне масыл болам. Өз қаражатымды өзім табайын дедім. Қала орталығындағы үйді пәтер жалдаушыларға бердім. Өзім қарттар үйіне уақытша келіп паналадым. Бұл − өз қалауым.

Ағаш аяқ: (күйіне) Жетіскен екенсің! Нағыз зымиян кісі жанымызда екен ғой...

Түгелбек: Әй-әй, сен шал... маған көзіңді ақитпа. Әркімнің өз ойлағаны бар. Өз жолы бар. Мен саған Ағаш аяқ бола тұрып, неге еліңе керек болмай қалдың дегем жоқ қой. Құрметтесе, сені құрметтеуі керек еді... Қалай еді, әлгі Әбу ақынның:

Сен құрметте оны,

Түсіндің бе, қарағым!

Ол тектен-текке берген жоқ,

Майданда бір аяғын!.. − деп жырлағандай, саған жасалатын құрмет қайда?.. Қайда халық құрметі-і... (айқайлап сөйлейді)

Ағаш аяқ: (мұңайған үнмен) Кешеге дейін құрметсіз болғам жоқ. Еліме, халқыма рахмет. Соғыс мүгедегі деп бар жағдайымды жасап-ақ бақты. Бірақ...

Түгелбек: Ал, неге бірақ!.. Неге соңғы жағында қадірің кетіп қалды?

Ағаш аяқ: Қадірім еліме, халқыма кеткен жоқ. Ол енді... отбасылық мәселе. Өз еркіммен келдім мұнда.

Түгелбек: (шиқылдай күліп) Әні, өз еркімен келіпті. Жайлы үй, жаюлы төсек болса, адам мұнда келе ме? Қазақ қай кезде әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп еді. Бұл − құрдымдағы ұя. Неше жерден соғыс мүгедегімін, міндетім бар десең де тіршілік аяғы осылай аяқталып келеді десеңші. Қадірім кетті, сөзімді тыңдайтын кісі қалмады десеңші онан да. Ал-л... не болды енді? Соғысқа барған сен де, бармаған мен де теңбіз. Артық жерің қайсы? Айтшы кәні! Қай жерің артық-қ...

Ағаш аяқ: (кіжіне) Сенен артық жерім − соғысқа барғандығым емес біле-білсең! Сенен артық болатыным − мен арымның алдында адалмын. Ұрпағымның алдында қарабет емеспін.

Түгелбек: Ойдөйт десе! Сонда қарабет менмін бе? Жоқ! Мен өз дәуірімді жақсы сүрдім. Мен саясатқа емес, саясат маған қызмет қылды. Ал, сен болсаң... саясатқа құл болдың.

Ағаш аяқ: Мені сүріндірген саясат емес, басқа нәрсе.

Түгелбек: Енді не! Айтшы онда, неге осы күні қадірің жоқ?

Ағаш аяқ: Жаңа айттым ғой, ол отбасылық мәселе деп. Өзім мүгедекпін. Өзіме-өзім жағдай жасай алмаймын. Кір жуу, тамақ істеу... қолымнан келмейді. Сосын амал жоқ...

Түгелбек: (кекесінмен) Осының бәріне кім кінәлі? Әрине, соғыс. Сені көк өгіз секілді соғысқа жеккен − сол кездегі саясат. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп ұрандадық. Ал, арты не болды? Міне, бүгін өзіңе-өзің жағдай жасай алмайтын ғаріп жан болдың. Отан қайда? Ол сені неге қолтығыңнан демеп, аспанға көтере дәріптемейді? Неге қолпаш көрсетпейді?..

Ағаш аяқ: Отан қайда болсын. Ол − міне! Мына біз тұрып жатқан үй. Қарттар үйі... Дайын төсек, әзір тамақ... Осыған мың тәубе-е...

Түгелбек: Ха-ха-ха! Қарттар үйі... Ау, бұл жер құрдым демедім бе! Болашағы бұлыңғыр құрдымдағы ұя. Бұны не деп мақтаймыз? Әйтеуір өлмеген жанға өлмес пана-а... Осыны да жылы ұя деп, ауыз кере мақтанып не керек!..

Тымырсық: (сөзін бөле) Саған ұнамаса, жөніңмен кете бер. Өзімізге ұнайды.

Түгелбек: Әй, екеуің де кешегі қисық саясатқа алданған ұрпақсың ғой. Мен енді шын түсіне бастадым. Әкемнің ақылы ақыл-ақ. Расымен, сол соғыс бізге неменеге керек? Неге мен өз тағдырымды өзім отқа салуға тиіспін. Өйткені ол менің тағдырым... Менің өмірім... Өз өміріме өзім би болуға хақым бар шығар... Жоқ, мен соғыстан қашқам жоқ, мен өз көңілімнің қалауын істедім. Бұдан былай осылай деп айтатын болам. Осылай деп бар даусыммен жар салам... Сендер... Сендер соқыр саясатқа құл болған адамсыңдар. Ха-ха-ха!.. (қарқылдап тұрып күледі)

Ағаш аяқ: (орнынан тұра бере, анаған таяғын сілтеп) Сен... сендейлер бар кезде біз кәйтіп оңған ел боламыз. Бізді сорлатып жүрген де − сен секілділер. Айлакер, зымиян, қу түлкі... (Ағаш аяқ таяғын сілтей бере, құлап түседі).

Тымырсық: (жан даусы шыға) Ойбай-ау, өледі-ау енді! Келсеңші, көмектессеңші. Тұрғызайық та орнынан... Түгелбек, ау Түгелбек... Көмектессеңші...

Түгелбек: (бір шетке ығысып барып, өзіне-өзі) Әркімнің өз жолы бар. Адалдық жолы дейміз-ау, соның өзі де сан тарау. Мәселе − ең оңдысын, ең дұрысын, ең қолайлысын таңдай білу. Ақымақ − өмірін отқа салады. Ақылды − оқ пен от ортасынан да аман өтіп кетеді. Солай-й… Әй, бірақ оны түсіне алатындар аз-ау бұ дүниеде. Аз. Өте аз-з… Оны түсіну үшін анадан өте зерек болып туу керек-к...

(Түгелбек артына қарамай, жәй адымдап кетіп бара жатады. Тымырсықтың даусы шыңғыра шығады.)

Осы кезде тағы да қара киімді Адам шығады.

Қара киімді Адам: (Түгелбекті нұсқап) Әне, ана кісі басқаларға күліп бара жатыр. Өз әрекетіне өзі-риза. Ал, біз ше! Біз кімге күлеміз? Кімді мазақ етеміз? Уа, айтсаңдаршы! Біз кімге күлуіміз керек-к?..

Сосын жоғала береді.

Тымырсық: Ойбай-й… өліп барады. Үзіліп барады-ы!… Көмек-к…

Осы кезде көп қабатты үй жағынан Ұрқия көрінеді. Ол асыға жүгіріп жетеді.

Ұрқия: (алқына сөйлеп) Не болды! Не боп қалды? Ойбай-ау, демі жоқ қой. Жүрегі тоқтап қалмады ма. Кім? Кім бұны…

Тымырсық: Әлгі Түгелбек… Ауыр сөз айтып!… Соғыс бізге не пайда берді деп!..

Ұрқия: Әй, сол да!… Соғыстан қашқан сорлы!… Өз жайын күйттеген сүмелек-к... Еркек емес, ез... Қорқақ! Сужүрек!.. Ау, дәрігер-р…

Ақ халатты дәрігер қыз жүгіріп жетеді. Бәрі жабылып, Адамбекті –Ағаш аяқты көтеріп әкетеді.

Жетінші көрініс

(эпилог)

Тағы да аула іші. Арғы жағынан көп қабатты биік үй көрінеді. Екі жас шыбықтың жанында Ұрқия отыр. Өзі көңілсіз. Күрсініп қояды.

Ұрқия: О, тоба! Ниеті харам адам өмір бойы солай болып қала береді екен-ау. Әйтпесе, осындағы шалдардың бәрі де бірдей. Бәрі де тәуба ойлаған пенделер. Ал, бірақ... кешегі Адамбек таза жүректі, ары биік азамат екен. Оны Ағаш аяқ деп әзілдеп қоюшы ек. Аяқтың ағаш болғаны түк емес, жүрегі ағаш адамдар ше...

Осы кезде оның жанына Тымырсық келеді. Ол да көңілсіз.

Тымырсық: (көңілсіз дауыспен) Адамбектен айрылып қалғалы бері көңілім қан жылағандай. Елсізде жападан-жалғыз қалғандаймын.

Ұрқия: Мен де жетісіп отырғам жоқ. Сен оны айтасың, мен туған бауырымнан көз жазғандаймын. Қан майданнан, от ортасынан аман-есен оралып, бейбіт өмір майданында мерт болғанын көрмеймісің! Тұп-тура жеңіс мерекесі қарсаңында...

Тымырсық: Өзінің артында ұрпағы да жоқ екен-ау! Он бес жыл отасқан қатыны бала көтермеген дей ме...

Ұрқия: Ол ол ма, сол ұятсыз қатыны бұны тастап, бір-ақ күнде бір жас жігітпен қол ұстасып, кетіп қалыпты дейді.

Тымырсық: О, оңбаған! Неткен қара жүрек қатын...

Ұрқия: Қара жүрек қана емес, тас жүрек десейші.

Тымырсық: Әй, Адамбек-ай! Не деген шыдамды жан өзі... Жанына батқаны – ана тас жүрек қатынның жерге қаратып кеткені ме, әлде артында ұрпақ қалмайтыны болды ма?..

Ұрқия: Ең үлкен трагедия − соғыс кезінде аяғынан айрылу емес, сол ұрпақсыз өтетіні болған шығар... Соны ішінде ұстап жүріпті-ау! (сосын дереу серпіліп) Әй, бірақ... ол ұрпақсыз емес, ізсіз емес. Мына жас шыбықты сол шал өз қолымен отырғызды. (жас шыбықты аялайды). Осы жас шыбық енді алып бәйтерек болып мәуелесе, онда біздің Адамбек те өлмейді.

Тымырсық: (ойлана) Мен білсем, оның жүрегіне ауыр салмақ болып жабысқан кесел − бүгінгі ұрпақтың кешегі сұрапыл соғыс туралы жеңіл-желпі айтатыны. «Әй, бізге сол соғыс неменеге керек еді» дегені-ау деймін...

Ұрқия: Бәлкім, ол да рас болар...

Тымырсық: Осы... Түгелбек қайда? Көрінбейді-і...

Ұрқия: Ойбай-ау, естімеп пе ең? Ол сол күні-ақ қарттар үйінен кетіп қалды ғой. Ол да бір еріккен шал екен. Тағы да тектен-тек кеткен жоқ. «Қарттар үйі деген ұйығына тартатын құрдым екен» деп бүкіл ел алдында мұқата сөйлеген дей ме! Ұятсызға дауа бар ма?

Тымырсық: (ойлана тіл қатып) Ағаш аяқ!.. Шіркін, мына өмірде Ағаш-жүрек болғаннан сұмдық қасірет бар ма екен! Е, алла сондай Ағаш-жүректерден сақтай гөр-р...

Ұрқия: (қамыға) Сол... Адамбекпен соңғы рет ұзақ-қ сырласып ем. Сонда маған көп-п әңгіме айтты. Дұрыстап, мән беріп тыңдамаппын-ау! Оңды саясат деген тек мемлекет үшін емес, ол жеке бас мүддеміз үшін де қызмет ете алады деді. Өмірдегі бар дүрбелең, қиянат, зорлық, астамшылық – бәрі де солақай саясаттың салдары деді. Сосын... ол маған мына өмірдегі екіжүзділік, хамелеондық туралы да түсіндірмек болды. Жер бетіндегі бар қасіретті, қайғыны тудырушы да солар деген. Дөп айтыпты-ау Адамбек...

Тымырсық: (күрсіне) Хамелеон адамдар-р... Олар аз ба? Ондайлар кеше де болған, бүгін де бар. Ертең де арамызда жүре береді. Менің ойымша... ондайлар жер бетінен жойылып бітпейінше адалдық та, тыныштық та мәңгі өз орнын таба алмайтын шығар. Еһ, дүние-е... (маңдайын ұстайды)

Ұрқия: Тағы бір жолы Адамбек маған мынадай әңгіме айтты. «Мен осы ұлтымның болашағына алаңдаймын» деді. «Е, неге?» дедім мен. «Өйткені, біз бірігіп, бір жұдырық бола алмаймыз ба деп қорқам. Қарашы, еліміз егемен болғалы бері жұмылып жұдырық болу орнына, ырду-дырду көбейді. Ұлттың емес, жүздің жампозы, рудың ірісі пайда болды. Отанның емес, Қотанның қайраткерінен аяқ алып жүре алмайсың. Екі қазақтың басы қосылса, үшінші қазақты жамандайды. «Е, ол пәлен жүздің саясаткері» дейді. «Анау пәлен рудың туұстары» дейді. Бұл не? Сұмдық қой... «Мен оған айттым: «Қой, Адамбек, ұлтымыз егемен ел болып, аяғынан тік тұрып келеді, сен жарқын жағын емес, тек қараңғы жағын айтады екенсің». Адамбек айтты: «Ұлт іргелі ұлт болып қалыптасуы үшін, оған бүкіл халықтың аялы алақаны керек. Біздің егемендігіміз әлгі өзіміз еккен жас шыбық сияқты. Оны аяласаң өседі, әйтпесе қурап қалады. Осы сөзім ақиқат емес пе?» Мен оны тыңдап отырып, ойланып қалдым...

Тымырсық: Ойпырмай, ә! Бар сыры ішінде жатыр екен-ау! Осындай ойларын бізге айтқан емес. Ашылған емес...

Ұрқия: (кенет шаттана сөйлеп) Сен қарашы! Қарашы мынаған! (жас шыбықтың бірін аялап тұр) Мына шыбық ана шыбықтан едәуір ұзын да биік. Бұны кім отырғызды дейсің. Білесің бе! Ол − Адамбек қой. Адамбек еккен жас шыбық... Әні, Адамбек секілді адал жанның шыбығына дейін тез өседі, тез өркендейді, тез өркен жаяды. Бұл деген жақсылық белгісі емес пе!

Тымырсық: (көңілсіз күйде) Еркіндік тисе, неге өспесін! Неге әуелемесін! Ағаш та өседі, қала да көркейеді. Ел де еңсе тіктейді. Егемендік те өз тұғырын нығайтады. Ал, бірақ... Бірақ Адалдықтың алдын орай беретін азғындар неге көп? Адамбектерді аяқ асты еткісі келетін азулы Наданбектер неге өріп жүр! Мына өмірде әсіресе, солар қорқынышты... Солардан сақтай гөр, жаратқан ие... Адалдықтың Адамбегін сақта-а!..

(Шымылдық)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар