Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы: Майдангер хаттарындағы ұлттық н...

04.05.2017 6242

Асылбек Байтанұлы: Майдангер хаттарындағы ұлттық намыс

Асылбек Байтанұлы: Майдангер хаттарындағы ұлттық намыс - adebiportal.kz

Адамзаттың есте бар тарихындағы ең алапат шығынымен, аса зор қасіретімен ерекшеленген зұлмат – Екінші дүниежүзілік соғыс. Осы алапат адамзат трагедиясының негізгі бөлігі – Ұлы Отан соғысына 30 миллионға жуық совет адамының өмірімен нүкте қойылғалы да 72 жыл толуға жақын. Қан майданға аттанған 1,2 миллион қазақстандық жауынгердің 601 мыңына, оның ішінде 350 мың қазаққа бейбіт өмірге жетуді тағдыр жазбаған екен. Осы бір жойдақсыз қандықасап жайлы бүгіндері алуан түрлі пікірлер, айғақтар мен дәлелдер айтылып та жүр. Ертеңгі буын ұрпақ қалай қабылдайды – ол уақыт, дәуірдің еншісінде.

Аждаһа фашизмнің тұмсығын тасқа тигізіп, ордасын күйретудегі миллиондаған қарапайым кеңес жауынгерлерінің жанқияр ерлігі қай заманда да ұмытылмауы тиіс қой. Дегенмен де, осы бір атаулы күн – алау-жалаулы мерекеден гөрі, қапия дәуірдің шаһид боздақтарын еске алып, тәуба айтып, дұға бағыштауға лайықты болып тұратындығын айтып өткен жөн. Лайым, болашақта солай боларына да күмән жоқ. Ертеңгі ұрпақтың өз таңдау, талғамы бар.

ҚАРУЫ МЕН ҚАЛАМЫН ҚАТАР ҰСТАП

Етігімен су кешіп, толарсақтан қан кешкен майдангерлер қатарында ондаған қазақ ақын-жазушылары мен журналистері де болды. Олар қаруы мен қаламын қатар ұстап, әр кез өліммен бетпе-бет жүріп өмірге деген құштарлық жырын жырлады. Татар дәм тұзы таусылған ондаған майдангер қаламгерлер Еділ мен Эльбаның арасындағы жат топырақты жазатайым мәңгілікке жамылды. Туған жердің дәмі тартқандар елге аман оралып, бар саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының өркендеуіне арнады. Қоғамда өз орнын тауып, есімдері елге танымал шығармашыл тұлғаларға айналды. Бүгіндері көбі ортамызда жоқ. «Көзден кетсе, көңілден кетеді», - демекші, бүгінгі буын үшін олардың көбінің есімі көмескі тартқаны да өмір шындығы. Буын алмасады, дәуірлер, көзқарастар өзгереді. Табиғи сұрыпталу заңдылығы деген осы.

Дегенмен, дәуір жүгін қатепті қара нардай қайыспай арқалаған майдангер жауынгерлердің есімдерін, ерлік жолдарын, елеулі шығармаларын ретіне орай жиі еске алып, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу – парызымыз. Олар кімдер еді? Кейінгі толқынның санасына сіңіру, алдыңғы буынның жадында жаңғырту үшін есімдерін атауды жөн көрдік:

Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Хамза Абдуллин, Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлин, Хамит Ерғалиев, Қалмахан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Әскен Нәбиев, Бүркіт Ысқақов, Әди Шәріпов, Кәмен Оразалин, Қалмұхан Исабаев, Есет Әукебаев, Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Жұмағали Саин, Абдолла Жұмағалиев; Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сапабек Әсіпұлы...

Есімдері ойымызға оралмағаны қаншама. Аты-жөні соңында жазылған үш қаламгер жауынгердің бүгіндері абызға айналып бейбіт күннің, азаттықтың шуағына бөленіп ортамызда жүргені де бір нығмет қой!

Кім қалай десе, олай десін. Сан жүздеген ұлттың арасында өздерінің биік рухымен, көзсіз ерлігімен, асқан төзімділігімен, уәдеге беріктігімен дараланып, қазақ деген ұлттың қандай екенін досқа да, дұшпанға да таныта алғаны – ақиқат шындық. Оған мысалды барша жауынгерден емес, жоғары да аты жазылған қаламгерлер арасынан-ақ ойып тұрып алуға болады. Осындай ерек тұлғалардың бірі – Кеңес Одағының батыры, жазушы, академик ғалым, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин. Біз мақаламызды Мәлік Ғабдоллаұлының майдан даласында жүріп жазған хаттары мен қойын дәптеріндегі ойлар арқылы өрбітпекпіз.

ҰСТАЗ. ҒАЛЫМ. БАТЫР МӘЛІК

Көкшедегі Желтаудың баурынан түлеп ұшқан жас ғалым Мәлік Ғабдуллин соғыс басталар алдында «Қобыланды батыр» жыры туралы зерттеу еңбегін аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғауға тас-түйін дайындалып жүрген еді. Диссертациялық жұмысын өзі жақсы сыйласқан ағасы Сәбит Мұқановқа аманаттап қалдырып, генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен Жетісуда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Мәскеу қаласын қорғауда табандылық танытып, ерлік көрсеткен құрама 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы аталғаны белгілі. Осы дивизиядағы 23-атқыштар полкі құрамындағы автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллинге 1942 жылы Новгород облысы, Холм қаласы маңындағы кескілескен шайқастағы асқан ерлігі үшін Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылы 30 қаңтарда Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.

Майдан шебіндегі сан ұлт жауынгерлері арасында саяси үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде ерекше ілкімділік танытуына Мәлік Ғабдуллиннің фольклортанушылығы, тәжірибелі ұстаздық қызметі игі әсер еткен болуы керек. Ауыр шайқастардан сәл тыныстаған уақытта саяси жетекші құрамадағы қазақ, өзбек, қырғыз, түркмен, башқұрт т.б. түркі тілдес ұлт өкілдеріне өз-өздерінің эпостық жырларынан жатқа үзінді оқып беріп, көңілдерін сергітіп, рухтандыратын болған. Мәлік Ғабдуллиннің түрлі ұлт өкілдері арасында саяси жұмыстар жүргізудегі тәжірибесі мен әлеуетін, үлкен танымалдығын ескере отырып, Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасы Мәскеуге қызметке шақырады. Мұнда ол орыс емес ұлттар жауынгерлерге үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру бойынша қызмет жасайды. Мәлік Ғабдуллин құжаттық, саяси т.б. қиыншылықтарға тап болған жауынгерлер мәселесінің оңтайлы шешілуіне, ерліктері лайықты бағалануына қал-қадерінше көмек жасағанына сол істерге қатысты жазып қалдырған естеліктері куә.

Соғыс аяқталған тұста Мәлік Ғабдуллиннің алдында екі түрлі таңдау тұрды. Біріншісі –әскери академияға түсіп, Мәскеуде қалу. Бұл кезде көп адамның қолы жетпейтін пәтер, оқу мәселесі шешіліп те қойған еді.

Екіншісі – Алматыға оралып ұстаздық қызметті жалғастыру, ғылыми еңбегін қорғау. Мәлік Ғабдуллин екінші жолды таңдайды. Елге оралып, ҚазПИ-де оқытушы болып қызмет істей жүріп кандидаттық, кейіннен докторлық диссертациясын қорғайды, аталған оқу ордасын 12 жыл бойы басқарады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклортану бөлімін басқарады. КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Мәлік Ғабдуллиннің кейінгі ұрпақ үшін қалдырған рухани мол мұрасы қазіргі күні жинақталу үстінде.

БАТЫРДЫҢ МАЙДАН ДӘПТЕРІНЕН

Мәлік батыр жасынан күнделік жазуды дағдыға айналдырған екен. Соғыс жылдарында да мүмкіндік туа қалған сәтте қолына қарындашын алып, сол күні болған шайқастың барысы, қаруластардың көрсеткен ерлігі, өзге де жағдайларды мұқияттап жазып отырған. Майдан мен тылдағы көп адамдармен хат алмасу барысында, олардың маңызды дегендерінің көшірмесін өзінде қалдырып отырғандығы туралы өзі былай деп жазады: «Мен майданда жүріп елдегі және майдандағы таныс жолдастар мен достарыма хат жазып, хат алып тұрдым. Бірсыпыра хаттарымда, өзімше, мәнді-маңызды пікірлер де бар еді. Бірақ, олардың көпшілігінің көшірмесін өзіме сақтай алмадым. Ал, сақтаған хаттарымның көбі жойылып, жоғалып кетті. Сол секілді жолдастардың маған жазған тамаша-тамаша хаттары, алтыннан қымбат пікірлері болатын. Оларды да, майдан жайына байланысты, құнттап сақтай алмай, көпшілігінен айырылып қалдым. Дегенмен, олардың біразы өзімде жүр.

Жолдастардың хатына жазған кейбір жауаптарымның көшірмесі өзімде болатын. Соларды төменде келтіріп отырмын. Бұл хаттар қан майданда, бір қолында қаруыңды ала отырып жазылған еді».

Мәлік Ғабдуллин бұл хаттар мен жазбалардың майдан өмірінен шығарма жазамын деген қаламгерлер үшін дайын материал екенін Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановқа жазған хаттарында айтып өтумен қатар, қажетіне жаратам деген адам болса, қол тартпайтынын да айтады. Бұл жазбалар әр жылдары «Менің майдандас достарым», «Сұрапыл жылдар», «Алтын жұлдыз», Майдан очерктері», т.б. кітаптарына енгізілді. Оқырманның игілігіне айналды.

Жазған хаттарының мазмұнына қарап, мұны әне-міне от пен оқтың астына кіретін жауынгер емес, мамыражай тірлік кешкен шығармашылық адамы жазғандай әсер аларыңыз анық. Мысалы, 1941 жылдың 9 қыркүйегіндегі хатында былай деп жазады: « ...Осы күнде, майдандағы жігіттермен сөйлескенде, мынадай бір кемшілігіміз көрініп жүр. Мәселен, жігіттердің көбі Абай, Махамбет, Шоқан және солар секілді халық сүйген кісілердің атын біледі. Бірақ, олардың кім болғанын, өскен, туған жерлерін айта алмайды. Тегінде «Қазақ халқының сүйікті адамдары» деген жалпы атпен сериялы бірнеше кітапшалар шығару керек секілді. Онда халыққа қызмет еткен, басқаға үлгі болған адамдардың ісі, өмірі айтылсын. Бұл кітапшаларды біз үгіт жұмысына толық пайдаланып, майданға енгелі тұрған жігіттерге: «осылардай іс істеңдер, халқыңа қызмет етуді өткендегі бабаларыңнан үйреніңдер, халқыңды солардай сүй, сонда сенің де атың мәңгі болады, ұмытылмайды» дер едік».

Соғыс жылдарында тылдағы қаламгерлер де идеологиялық майдан көрігін қыздырып, майдан мен тылдағы қалың оқырманға сүбелі туындылар ұсыну үшін тынымсыз еңбек етті. Шығармалары нанымды болуы үшін майдан шебіне арнайы сапарлап барып, жауынгерлермен жүздесті. Мұндай кездесулер туралы Мәлік Ғабдуллин хаттары мен жазбаларында жиі ұшырасады. Майдандағы жауынгерлер үшін әр тілде газеттер шығарылып, жаңадан жарық көрген кітаптар жеткізіліп тұрған. Мәлік Ғабдуллин былай деп жазады: «Кешеден бері Бахтияр Меңдіғазин екеуміздің бас алмастан отырып оқып шыққанымыз «Абай» романы болды. Тамаша шығарма жазып берген Мұхтарға көп рахмет.

Романда өте бір күшті көрсетілген нәрсе Ана мен баланың махаббаты екен. Бұл арасы өте жақсы жазылған. Жалпы «Абай» романы туралы пікірімізді тірі болсақ кейінде бір жазармыз. Әзір олай етуге жағдай көнбей отыр.

4.11.1942 ж. Майдан».

1940 жылға дейін қазақтар жаппай армияға шақырылған емес еді. Бәлкім, алдыңғы ғасырлардан қалған, «бұратаналарға қару ұстатып, әскери өнерге баулымау» деген сенімсіздік болса керек. Неміс фашистеріне қарсы соғыста адам ресурсы керек болды да, кеңес билігі қазақ тағы басқа «бұратана» ұлттарды отан қорғау ісіне тартты. Соғыстың алғашқы айларында қазақ жауынгерлеріне де кеңес генералдары мен, кіші командирлері күдікпен қараса керек. Сондықтан да осы күдікті сейілту қажет болды: «Мен – қазақпын. Солай бола тұрып, кімде-кім соғыстың (немесе жұмыстың) қиыншылықтарына шыдай алмай байбаламға салынса, қорқақтық қылса, үрейленуге түссе, сөйтіп ол, осындай жаман мінезімен ұлтына, халық намысына, өзінің ар-ұятына, қоғамда алатын орнына, ата-бабасының аруағына тіл тигізсе, - ондай адамға рақымшылық жасамаған болар едім. Етке біткен арам мерез деп кесіп тастар едім. (14.11.1941 жыл. Майдан)», - деп жазған Мәлік Ғабдуллиннің хатынан осы бір кезеңнен сыр аулағандаймыз.

Ұлы Отан соғысы барысында «қазақ – батыр халық» деген түсінікті қалыптастыру – алаш ұл-қыздарының қолынан келді. Бірақ, мұның құны қаншалықты қымбатқа түскеніне де кәрі тарих куә. Мәлік Ғабдуллиннің қарулас-қаламдасына жазған келесі бір хатында да қазақ жауынгерлерінің ерлігі тілге тиек болған:

«Қадірлі И.

Хатыңды алдым. Майдандық газетке редактор болғанына құтты болсын айтып, абыройлы қызмет істеуіңе тілектес екендігімді білдіремін.

Сен хатыңда: «Газетке қандай мәселелер туралы жазсақ екен? Нендей әңгімелерді көтеруіміз керек?» деп ақыл сұрапсың. Мұның бәрі дұрыс қой. Сенің менен ақыл сұрап, мені елеп көңіл бөлгеніңе көп рахмет....

...Майдандағы қазақ жігіттерінің көпшілігі-ақ халық үмітін адал ақтап жүр. Бізде бұрын өз алдымызға соғыс өнері, офицер кадрларымыз жоқтығына қарамастан, жігіттер жақсы соғысып келеді. Олар ата-бабаның, халқымыздың намысын жоғары ұстап, «қазақ деген батыр ел болады екен», - дегізіп жүр. Мен талай-талай генералдарды, үлкен командирлерді көрдім, сөйлестім. Олардың бәрі дерлік қазақ жігіттеріне разы, мақтасып отырады. «Қазақстаннан келген пополнениені менің дивизияма бер», - деп жоғарғы орынның алдына өтініш жасаған командирлерді де көрдім.

Мұның бәрі мақтанарлық, қуанарлық нәрсе. Сондықтан газет бетінде: жақсы-жақсы ерлік жасаған қазақ жігіттері туралы көп жазып, оларды қалың көпшілікке таныстыру, көрсету керек.

...Қазақтың батырлық-ерлік салттары жөнінде де жазып отырыңдар. Өткендегі Қобыланды, Тарғын, Исатай, Амангелділер не үшін ардақты, олар халқы үшін не істеді? Бұл жөнінде де жазу керек... 5.11.1942 ж. Майдан».

Империялық үстемдіктің буына семірген тирандардың әлегінен туындаған қанды қасапқа «көппен көрген ұлы тойдың» кебімен «уралап» енген қазақ жауынгерлерінің рухын құлатпау – соғыстың алғашқы кезеңінде маңызды да еді. Қаншама ұлттар саяси сенімсіз ретінде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан кезде бәрі де мүмкін еді ғой. Мәлік Ғабдуллиннің де майдан уақытындағы анық үлкен мақсаты туған халқының жақсы атағын аспандату болғанын мына хаттан көреміз:

«...Әңгіме «қазақпын» дегеннен басталды ғой. Соған оралайын. Басында миы, ақылы бар, өмір мен дүниенің, халық пен тарихтың не екеніне түсіне білетін адам, қоғамда алатын орны қандай екеніне көз салатын өзінің ұлтын мақтаныш, намыс етуге, белгілі бір ұлттың, ұлы атанғанына қуануы керек. (Ұлтын жасыратын, басқа бір ұлттың адамы болып көрінгісі келетін кейбір қулар бар. Бұл нағыз антұрғандық. Ұлтын жасырушылық, өз ұлтын, халқын сүймеушілік дүниеде ең барып тұрған тексіздік).

«Қазақпын» деген сөзді мен: ұлтын сүю; халқын, елін, туып-өскен жерін сүю; халқының батырлық ерлік салтын, дәстүрін сүю; ғасырлар бойына жасалған ұлттық әдебиет пен мәдениетін сүю; өз ұлтына адал қызмет ету; өз ұлтының басқалардан артта қалмай солармен қатарлас (кейде олардан асып түсуін) болуын көксеушілік; соған ұмтылушылық; халықтар достығын қадірлеп, қорғап отырушылық; досқа досша көмектесіп, достың жауымен өз жауыңша күресушілік деп түсінемін.

Мен «қазақпын» десем, оным қазақты асыра мақтап «басқалардан ерекше артық жаратылған ұлт» дегендік емес. Менің «қазақпын» дейтінім – менің сол ұлттың ұлы екендігіме дәлел; өз ұлтымның, оның намысын аса қадірлеп бағалайтындығыма және оған жан-тәніммен қызмет істеуге тырысатындығыма, ұлтымды (демек халқымды) шын сүйетіндігіме, ұлтымның ілгері өніп-өсіп, өрлеуіне жаным ашитындығына – куә.

Сөздің шыны мынау ғой. Егер, мен ұлтымды сүймесем, онда мен сол ұлтыма, демек халқыма қызмет ете алмас едім. Мен майданға келдім, онда ерлік жасаған қазақ жігіттерін көрдім. Олар ерліктерімен қазақ халқының абырой-атағын көтерді. Егер, олар жаумен соғысса, онда қазақ халқының, демек қазақ ұлттың, абыройын түсірген, намысына жаман сөз келтірген болар еді.

Мен мақтануды жек көретін, жақтырмайтын адаммын. Бірақ, мына бір жайды мен саған сыр етіп айтайын. Мен майданда, немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Жаудың он шақты танкісін гранаталармен қираттым. Бұл айтқандар мақтануым емес, шындығым. Ал енді, «осыларды істеген кім?», - деп сұралық. «Оны істеген – Ғабдуллин деген қазақ баласы, қазақ деген ұлттың ұлы», - дейді жұрт. Демек, мұны қазақ баласы, қазақ деген ұлттан туған ұл жасапты. Олай болса, ондай ұл өзінің ұлтын мақтан етіп «қазақпын» деп айтуға правосы бар ма? Әрине, бар!..

Майданға әр халық өзінің ұландарын жаумен соғысуға аттандырды. «Майданға кеткен ерлерім не істеп жүр екен», - дейді. Оған әр халық құлақ салады. Олар жақсы ерлік жасаған ұлдарын мақтаныш етеді. Бұл өте заңды нәрсе.

Осы жайды кейбіреулер теріс түсінеді, бұрмалайды. Халық мақтанышы, ұлт мақтанышы деген мәселелерді дұрыс түсінбестен күдіктене беретіндер болады. Ондайларға қарсы шындықты айтуымыз керек. 12.09.1944 жыл. Майдан».

Мәлік Ғабдуллиннің бойындағы ерекше қасиеттің бірі – асқан қарапайымдылық болғанын ол жөнінде еске алушылар бірауыздан айтады. Кеңес Одағының батыры, институ ректоры басымен вокзалға барып студенттерге билет алып беру – кісіліктің белгісі емес пе? Қызы Майдан апайдың аузынан естіген сөзіміз, ол кісі 9 мамыр мерекесіне батырдың «Алтын жұлдызын» тағып баруды жөн санамаған. Осындай кішілікті ойлағанда, Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан» хикаятындағы Құмырай атты кейіпкер еріксіз еске оралады екен. Иә, Мәлік Ғабдуллиндей арлы азаматтар «құмырайшылдықтан» ада, аулақ болған екен. Майдандағы ерлігі Бауыржан Момышұлының үлкен ықпал етуімен лайықты бағаланып Кеңес Одағының батыры атағына ие болғанда Ер Мәлік былай деп ағынан жарылған екен: «...Батыр атағына ие болған мен емеспін. Ол – қазақ халқына берілген атақ. Неге десең, менің аты-жөнімді біліп жатқан адам аз, қазақ деген халық барлығын білетіндер көп. Майданда бір жауынгер ерлік жасай қалса, онысы көпке тарай бастаса, жұрттың ең алдымен сұрап білгісі келетіні: «сол адамның ұлты кім екен?», - деген болады. Сондай-ақ, майданда жүрген қазақ жігіттері жаумен жақсылап соғысса, ол өз қара басының ғана емес, халқының атағын шығарады ғой.

Мен де Батыр атағын аламын, ордендер алайын деген ой болған емес. Бар ойлағаным: мені еркек кіндік азамат деп халқым қолыма қару беріп майданға аттандырды, жақсылап соғыс, қорықпа, ата-бабаның аруағына жаман сөз келтірмей соғыс, мұны сенің ар-намысыңа тапсырамыз деген еді. Мен сол міндетті орындауға күш салдым. Бұл міндеттерді толық орындадым деп айтуға болмайды. Әлі де істелетін істер көп. Қасықтай қаның қалғанша халқың үшін қызмет етуден артық нәрсе дүниеде жоқ деп білемін. 7.03.1943 ж. Майдан». Нағыз елін сүйген, жерін сүйген үлкен жүректі, кішік мінезді азаматтың ғана аузынан шығатын сөз ғой, бұл!

Өмір мен өлім арпалысында жүріп, туған еліндегі әдеби, мәдени өмірге шын жанашырлықпен атсалысып, жақсысына қуанып, көңілге кірбің салар жайларға ағалық ақылын, інілік базынасын білдіріп, бірлікті бекемдеген хаттарын оқығанда, «бұл не деген өмірге құштарлық, өлшеусіз адамгершілік пен қамқорлық?», - деп еріксіз бас шайқарыңыз анық. Мәлік Ғабдуллиннің әдебиеттің үш алыбы – Ғабит, Сәбит, Мұхтар ағаларын жазған хаттары – сөзіміздің дәлелі және оны бұл арада келтіріп жатпадық. Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы қатарлы майдангерлердің елдегі әдеби үдеріске үн қатуын кейбіреулерге ұнамағанын да батырдың мына бір хатынан көреміз: «Сен соңғы бір хатыңда «елдегі әңгіме несіне араласасың», - депсің. Алда бауырым-ай, өзің қызық екенсің ғой.

Сөз саптауына қарағанда «сен соғыста жүрген әскерсің. Сол ісіңді білсейші, басқа мәселеге араласпа...», - дегің келеді білем. Қой, бауырым, олай етуге болмайды. Менің әскер адамы екенім рас. Ал, әскер адамы әдебиет, мәдениет мәселесіне араласпасын, өз ісімен болсын деген жаман пікірді есі дұрыс адам баласы айта қоймас... 20.02.1943 ж. Майдан».

Міне, Алаш ардақтыларының көзін көрген, сарқытын ішкен қазақтың кешегі зиялылары осындай болған! Мұндай елшілдік қасиетті біз тек Мәлік Ғабдуллиннің ғана емес, Бауыржан Момышұлының, Баубек Бұлқышевтің, Абдолла Жұмағалиевтің де өнегелі ғұмырынан, кесек іс-әрекетінен көреміз. Туған елін, ұлтын сүйетін кесек сойлы азамат ердің баласы қай дәуірде де, қандай алмағайып кезең болмасын, кейінгіге үлгі боларлық ерлік жасап, ерек іс тындырып, тарихта қалмақ, халқының жүрегі төрінен мәңгілік орын алмақ. Мәлік Ғабдуллиннің майданнан жолдаған хаттарындағы елшілдік сарын кезең-кезең ұрпақтың бойынан табылай бергей дейміз.

PS: Мақаланы жазуда Мәлік Ғабдуллиннің әр жылдары жарық көрген әдеби-публицистикалық еңбектері пайдаланылды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар