Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әлия Бөпежанова: «Адасқақ» - еркіндіктің энергияс...

15.05.2017 9687

Әлия Бөпежанова: «Адасқақ» - еркіндіктің энергиясы

Әлия Бөпежанова: «Адасқақ» - еркіндіктің  энергиясы - adebiportal.kz

Бүгін, 15 мамыр күні көрнекті суреткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің дүние салғанына 25 жыл. Осыған орай жазушының артында қалған ұрпақтары кеше Алматыда арнайы Ас берді. Оқырмандарымыздың назарына сыншы А.Кеңшілікұлының жазушының жары, сыншы Ә.Бөпежановмен сұхбатын ұсынамыз.

- Әлия Қаһарманқызы, қазақ оқырманы сізді белгілі сыншы ретінде ғана емес, ойы мен сөзі де өткір, білімі де терең жазушы Асқар Сүлейменовтің артында қалған шырақшысы ретінде де жақсы біледі. Атына заты сай Асқардың қандай жазушы болғанын оқырманға тәпіштеп түсіндірудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Асекеңнің шығармашылығын жақсы білетін мына біздерді оның өмірде қандай адам болғаны көбірек қызықтырады. Жазушымен танысқан кезіңіздегі алған алғашқы әсеріңіз есіңізде ме?

- Асқар Сүлейменовтің және оның буынының дүрілдеп алғаш шыққан кезеңінен мен бейхабарлаумын. Асекеңмен танысқаным,.. танысқаным дегеннен гөрі алғаш рет көргенім дегенім дұрыс шығар, күні кешегідей көз алдымда. Ұмытпасам 80-жылдардың басы, «Жалын» баспасында сын және жастармен жұмыс редакциясында қызмет ететінмін. Ол кезде жас сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты алғашқы сын жинағы Қазақстан Жазушылар одағында талқыланатын болып, Бақыт әріптес әрі кітап редакторы ретінде келіп қатысуымды өтінген. Одақтың екінші қабатында, «Қаламгерге» өтетін холдың оң жақ қапталындағы үлкен кабинетке жұрт жиналып-ақ қалыпты. Мен кіргенде төрде бір кресло, және есік жақта қатар тұрған екі орындық қана бос екен. Сол екі орындықтың біріне келіп отырдым. Сәлден соң ғалым-сыншы Серік Қирабаев келіп, екінші орындыққа отырды. Жиын бастала бере бидай өңді, тұйғындай бір кісі кіріп келді де, «Секе, сіздің орныңыз төр ғой!» деп, Серік ағайға төрде тұрған креслоны нұсқады. Ал, өзі әлгі орындыққа отырар-отырмастан, қолын көтеріп (әдеттегінше емес, өзінше бір ерекше қол көтеру) төрге шықты да, Бақыттың шығармашылығына байланысты қысқа ғана, бірақ нәрлі сөз айтты. Сөзінің аяғында көпшілікке қарата айтқаны: «Хоп, барда жолығайық!» Сонсоң есікке бет алып, менің тұсыма сәл аялдап, «Бала, сіз мені тауып алыңыз!» деді де, шығып жүре берді. Қызық кісі екен деп ойладым. Жұрттың сөзінен аңдағаным – ол «қызық кісі» Асқар Сүлейменов екен...

Сол жиыннан бір айдан соң мені Сайын Мұратбеков ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне жұмысқа шақырды. Сол күзде ме әлде келесі жылы ма екен, Асекең Жазушылар одағына қызметке келді. Алғашқыда кабинеті бірінші қабатта болды. Жұмысқа сағат ондарда не одан аса келеміз. Бір жолы Одаққа енді кіріп едім, Асекең кабинетінен шығып келеді екен, бас изеп амандастым. «Бала, сіз маған келіп кетіңіз!» деді. «Жақсы». Редакцияның сол күнгі жұмыстарын реттестірген соң, түстен кейін Асекеңнің кабинетіне бардым. Сыр бермегендей болсам да, таң қалдым – Асекең менің рецензия, мақалаларыммен таныс екен. Біраз әңгімелескеннен кейін, «сіз екеуміз СС болып шықтық қой» деді. «Сарысу-Созақ» болдық қой дегені. Ең алдымен, жасы бірталай кіші маған «Сіз» деп сөйлегеніне ептеп таң қалдым, ал, әңгімелері нәрлі, әңгімелесу формасы қызық екен. Сол жолы маған Поль Валеридің «Об искусстве» деген кітабын берді. 1934 жылы жарық көрген ол жинақ Ғабең, Ғабит Мүсіреповтікі екен. Ал, менің Асекеңе берген алғашқы кітабым Монтеньнің Мәскеудегі «Литературные памятники» сериясының үлкен форматымен шыққан «Опыты» еңбегінің екі кітабы (1-2 бір кітап, 3 томы бір кітап) болды. Одан кейін жақсы кітап алмасу дағдылы әдетке айналды. Асекең кітапты тез оқитын. Өзінің назарын аудартқан тұстарға міндетті түрде атақты иероглифтерімен белгі қоятын.

- Асекең әдебиетке алғаш қадам басқанда жазушы Ғабит Мүсірепов «жаңаша жазушы, жазуға жаңалық кіргізер жазушы келе жатыр. Тек Асқарды сыдыртып оқымай, түйе оқу керек» деп ағынан ақтарылған-тын. Расында да өз замандастарының ешқайсысына да ұқсамайтын болмысы бөлек жаратылған жазушының шығармаларын оқығанда қамау терімізді алғандай қиналатынымыз бар. Әсіресе жазушының өмірінің соңында жазған «Адасқақ» романын түсіну үшін үлкен дайындық керек. Жазушы прозадағы мұндай күрделі жолды неге таңдады?

- Асекең жалпы қай жанрда жазсын, нендей ой айтсын, оқырманынан тең серіктестікті қажет етеді. Оның қолтаңбасы бар жердің бәрі нұрланып, түрленіп шыға келетін. Ауа қандай табиғи да тұнық болса, оның шығармашылығы да, өзі де сондай тұлға болды. Ол жанрдан жанрға ауысқанда, өзінің ой-мақсатына, айтпағына қолайлы әдіс іздеген. «Адасқақты» Жазушылар одағында жүргенде жаза бастады. Диалог принципімен жазылған, яғни картина-картина оқырманның көз алдында жайылып сала береді. Жалпы Асекең әу баста Біржан сал туралы киносценарий жазуды ойлаған екен. Кейін прозаны қолай көрді.

«Адасқақтың», өзге де шығармаларының қат-қабат астарларында өзінің өмірлік ғана емес, өнерлік тәжірибесі жатады. Суреткерді интеллектуалды-лингвистикалық прозаның қазақ әдебиетіндегі бірден-бір өкілі деуге болады. Мысалы, Ғабит Мүсірепов пікір білдірген алғашқы «Бесін» кітабындағы, оның ұлттық идеяға мейлінше терең де ауқымды жауап беретін «Бесатар» повесінде өмірді көркем бейнелермен баяндаудан, оқиға қуалаудан бас тартып, ХХ ғасыр модернизмінің басты сипаттарының бірі - зерделеуге, яғни пәлсапалауға бой ұрады. «Түркістанның босағасын келін болмай, кесір боп аттаған 16-жылдың шілдесі аттады» деп бастауымен-ақ негізгі айтпағынан, сол кезеңнің ұлт тағдырының шешуші кезеңі болғанынан сыр аңғартып алып, тарихи уақыт және ұлт, оның өміркешуі туралы үлкен ойларға шығады. Ал, «Адасқақ» жазылу формасы, ой құрылымы жағынан алғанда, «Бесатардан» да күрделене түседі. Өйткені - Асқар Сүлейменов жазуды - өнер деңгейіне, үлкен идея деңгейіне көтерген, бұл ретте философиялық іргетасы мықты болған суреткер.

- Жазушы Асқар Сүлейменов әдебиетке сыншы болып келді. Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» туралы жазған алғашқы мақаласы, сол жылдардағы қоғамдық –рухани ахуалдың қиындығына орай жарық көре алмады. Ал «Түр туралы бірер сөз» атты мақаласы қоғамда үлкен дүрлігіс туғызған болатын. Мақаланы оқыған адамның уыздай ғана жас жігіттің ойының тереңдігі мен білімінің шексіздігіне таң қалмасқа амалы кем. Кейде маған қазақтың әдеби сыны, ондағы пікірталас формасының қандай болуы керектігі Асекеңнің өнерді зерделеген интеллектуалдық мақалаларынан бастау алуы қажет секілді болып көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

- Асекең өзінің өнердегі мақсатын шығармашылығының алғашқы кезеңі, сыншылық кезеңінде анықтап алған. Және өз өмірінде осыны жүзеге асырған. Оның сын мақалалары, әсіресе, кезінде көп талас тудырған «Түр туралы бірер сөз» қазақ көркем сынындағы танымның жаңғыруына бастама болған аз дүниелердің бірі. Өзі Олжас Сүлейменов туралы сонау 1962 жылы орыс тілінде жазған мақаласында «Он определенно ввел в казахскую поэзию обязательство интеллектуального усилия» дейтіні бар. Ал, өзінің шығармашылығы осы интеллектуалды жігерге тұнып тұр. Мұны сыни шығармашылығына қатысты да айтуға болады. «Түр туралы бірер сөзбен» басталған дискуссия лайықты жалғасын тапқанда, бәлкім, қазақ сыны едәуір ілгері жылжыр ма еді деген ой келеді.

Жалпы пікірталас мәдениеті – мәдениеттің биігі. Ол үшін тең серіктестік керек. Тең серіктестіктің жоқтығынан, сол кездегі сыни ортаның өз таным-түсінігін партиялық, халықтық ұғымдарымен бүркемелей отырып Орталық партия комитетіне жазған арыз-шағымдардан кейін, жастар жағы түсінік хат жазуға мәжбүр болған. Пікірталас сонымен тоқтап, сыни ойдағы ізденістер бәсеңдеген. Меніңше, бұл кезең әдебиеттануда терең зерттелуі қажет-ақ.

Асекең қай жанрда қалам тербесін мейлі, тіпті аудармаларының өзі де интеллектуалдық парасатымен, терең табиғи талантымен нұрланады. Мысалы, «Вначале было Слово и это Слово было Бог» Библияның беташары. Осы сөйлемнің қазақ тіліндегі аудармасының бірнеше нұсқасын (арасында небір талантты деген ақындардыкі де бар) оқыдым. Бірінікінің ұйқасы келмейді, енді бірі – ішкі әуез, контексті жоғалтып алады, тағы бірі шұбалтып сөз тіркестерін ғана береді. Ал, Асекеңнің аудармасын оқып көріңіз:

«Библияның күй басы: Алдымен туған Сөз еді, сол Сөз Құдай болатын». Тұнып тұрған поэзия. Мән-мағына терең. Әрі қазақы. Немесе тағы да оқыңыз – «Айша бибінің сағанасындағы жазуды аударса: «Сүмбіле. Су суыды. Өмір сұмдық.»

- Ақыл-ойы ерте толысқан, кемеңгерліктің шыңына көтерілген жазушының, өмірінің соңында табатын мекені – жалғыздық. Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түскен тіркестерін» оқып шыққанымда қоғамның теперішін көп көріп, ұяттың сөзін ғана сөйлегендіктен жалғыздық дертіне шалдыққан жазушының жан әлемін түсінгендей көзіме жас іркілді. Жазушы өмірінің соңында қандай күй кешті? Қиналған, жабырқаған, өмірден түңілген кездері болды ма?

- Асекеңнің «Шашылып түскен тіркестердің» орыс тіліндегі нұсқасы «Мысли вразброс» толғамдарында «... время – вечно, а человек мгновенен... Это сердцевина любого творчества, любого неприкладного, неконъюктурного конфликта...» дейтіні бар. Өзің айтпақшы, «кемеңгерліктің шыңына көтерілген суреткердің» өз ортасында ақ қарғадай болуы, әрине, өзіне оңайға түспеген болуы керек. Оның кей шығармаларын талантты деген қаламдастары да тереңінен түсіне қоймаған. Мысалы, Асекеңнің «Жетінші палата» драма-диалогын (пьесасын) кезінде Орекең, Оралхан Бөкей қатты сынаған. Ал, ол пьесада қазақтың қандай трагедиясы жатыр!..

Мен Асекеңнің жарқылдаған жасын кезін көрген жоқпын, «көңілім қалды достан да, дұшпаннан да...» дегенге келіңкірейтін кезінде жолығыппын. Өмірінің соңғы кезеңінде жабырқаған да, қиналған да күндері болды, бірақ, өмірден түңілген кезі болды дей алмаймын, өйткені Асекең – ондай күпірлікке баратын деңгейдегі адам емес. Өмірінің соңғы кезеңінде қуаныштары да аз болған жоқ. Жанында Асекеңді өмір бойы аялаған, ол жолда өзін аямаған Айтотысы (анасы) болды. Анасын Асекең де әлпештеп өтті. Мұхтар Әуезов туралы «Болмыспен бетпе-бет» атты эссесінде мынадай бір толғаныс бар: «...Шын суреткер, бiр сыңайда, қапыда кетiп, қиын бiр қапыда кетiп қалғанның шаңырақ табалдырығын бағып қалған ана сияқты. Жазмышқа дауа жүрген бе? Бекiнедi ол. Ең қиынға көнедi. Түтiндi шалқайтпасқа, әулет-дәулеттiң барлығының белгiсiндей көкке сiңер түтiндi шаншылтып шығарарына көнедi. Жат көздiң сұғанақтығын, жат қолдың жымысқылығын жер ғып отыруға көнедi. Қанша барлыққанда танаурамасқа көнедi...» Бұл тұста жазушы анасының тағдырын параллель ретінде алып отыр демеске әддіңіз жоқ... Қуаныштары дегенге келсек, қызы Қарагөз Досхандай азаматпен бас қосты. Ұлы Әлішер де үйленді, Мәскеуден Кино институтын бітіріп келіп, алғашқы фильмін түсірді. «Мен Сізді аялап ұзақ күтіп едім...» дейтін кенжесі Әсмә-Миледи дүниеге келді.

Асекең 1989 жылы ақпанда М.Әуезов театрынан жұмыстан кеткен соң 1991 жылдың күзіне дейін шығармашылық демалыста болды. Бір жолы сол кезде Одақта екінші хатшы Төлен Әбдіковпен әңгімелескен екен. Төлен ағаны, шығармашылығын қатты сыйлайтын. «Парасат» журналына жұмысқа барсаңыз» деп ұсыныс айтыпты. Ол кезде журнал редакторы Бексұлтан Нұржекеев еді. Жалпы Асекең идеяның кені болатын, жұмысқа құлшына кірісті. Кейін журналға Смағұл Елубаев редактор болып келді, Смағұл да, ұжым да Асекеңді қатты сыйлады. Жалпы сол кездегі Көк базардың жанындағы тоғыз қабат көк үй - Редакциялар үйіне Асекең жаңа бір леп, аура, атмосфера берген сияқты. Сол журналдағы және басқа да редакциялардағы көптеген жастар Асекеңнің айналасынан табылды. Ол кезде жасаған жұмысы, қарап-жөндеп берген мақалалары, қорытындылары, өзінше айтқанда, шекелемелері, авторларға жазған жауап-хаттары, тіпті кейбір бір сәттік көңіл-күй запискаларына дейін архивінде тұр. (Уақыты келгенде олармен де жұмыс жасалады.) Ара-арасында ауруханаға жатып шығып жүрді.

Өмірінің соңғы кезеңінде көп зерттеген, ден қойған тақырыбы – Мұхамед, Асекеңше жазғанда, Муһаммед пайғамбардың өмірі мен мұраты. Бұл тақырыпта 80-жылдардың екінші жартысынан бастап көп әңгіме айтатын, көп зерттеп, материал жинақтады. Бұл тақырыпқа байланысты кітаптардың барлығын дерлік оқып шықты десем, артық емес, өзі Томас Карлейльдің «Муһаммедін» аударып, «Парасат» журналына шығарды. Құранның Саблуков пен Крачковскийлер жасаған орыс тіліндегі аудармаларын өте жақсы білді. Крачковскийдің аудармасын жоғары бағалайтын. Түрік тіліндегі Құранды оқитын. 90-жылдардың басында Құран бүгінде белгілі ғалым, имам Валерия Порохованың жаңа аудармасында «Наука и жизнь» журналында жариялана бастаған еді. Ол аударма Асекең қатты ұнаған-ды.

«Мінәжат» («Муһаммед») драма-диалогын жазуды 1991 жылдың күзінен бастаған. «Муһаммед: «Мен әйелді, мінәжатты, жұпар иісті, жылқыны құлап сүйдім. Бірақ, жанның шөлін мінәжаттай қандырған ешбірі жоқ» деген деп жиі айтатын. Драма-диалогтағы негізгі кейіпкерлердің бірі - Әсмә. «Бұл менің соңғы шығармам болады» деп отыратын. «Асеке, олай деп айтпасаңызшы» дейтінмін мен. «Шашылып түскен тіркестерде» жазатыны бар ғой: «Адамның рухани ізденіс-сілкіністері үш-ақ сауалдың аясына сыяды: а) не біле аламын? б) не істеуім керек? в) үміт артарым не? «А» – метафизика, «б» - мораль, «в» - дін.» Мүмкін, соңғы кезеңінде осы «в» пунктіне келді... Құраннан сүрелер аудара бастаған.

«Құран. Сура №112., Әль-Ихлас. Меккеде аян болған төрт аят.

1.Алла жалғыз. 2. Ол - өлмес-дүр. 3. Тумаған да, тудырмаған ешкімді. 4. Ешкім оған тең келмес-дүр.

«Құраннан. Сура №12, 19 аят: «Қай жақ бетке қарама – Алланың жүзі сол жақта.»

Өмірі үзілмегенде, мүмкін, Құранды аударар ма еді деп ойлаймын. (Орайы келгенде айта өтейін, 80-жылдардың басында көрнекті сыншы Төлеген Тоқбергеновтің Құранды аудара бастаған-ды. Бір жолы үйіне барғанымда мектеп журналындай үлкен дәптердегі аудармаларынан поэтикасы көркем үзінді оқыған болатын). Ал, «Мінәжат» («Муһаммед») драма-диалогының композициясы, жалпы сұлбасы айқын, бірнеше эпизоды жазылған, материалдары мол, бірақ, аяқталмаған.

- Жазушының бұдан өзге жарық көрмеген шығармалары бар ма?

Жалпы Асекеңнің артында қалған мол мұрасының жай-күйі, зерттелуі қалай? Мұны айтып отырған себебім - қазақ руханиятында дүниеден өткен ақын-жазушыларды насихаттау, өзге де шаралар олардың отбасы немесе туған-туысқандарына ғана қажеттей жағдайлар кездесіп жатады.

- Асекеңнің жарық көрмеген өзге де көркем туындылары бар. Бұл орайда шығармашылығының алғашқы кезеңіне жататын «Пәтер іздеп жүрмін» атты романын, содан кейін бірер шағын әңгімесін айтуға болады. 2001 жылы сыни-эстетикалық шығармашылығынан «Болмыспен бетпе-бет» атты жинағы жарық көрген. Бірақ, ыждағатты түрде жұмыс жасауды, жүйеге келтіруді қажет ететін мақалалары, баяндамалары, жазбалары, ойтүйіндері әлі де баршылық. Шығармашылығының жауһар бір қыры деуге болатын хаттарының орны бір бөлек. Мұның бәрімен әлі жұмыс жасалады деген ойдамын.

15 мамырда Асекеңнің дүние салғанына жиырма бес жыл болады. Осы уақыт ішінде «Бесатар» («Жазушы, 1996), «Парасат падишасы» естеліктер кітабы («Атамұра», 1999), «Кек» («Өнер», 2001), «Болмыспен бетпе-бет» («Жас қазақ», 2001), «Бесатар» («Атамұра», 2010) кітаптары баспа бетін көрді. 2007-2009 жылдары мемлекеттік бағдарламамен «Қазығұрт» баспасынан 4 томдық шығармалар жинағы шықты. Бірақ, қалың көпшілікке жеткен жоқ. Өйткені, бәріміз білетіндей, кітаптар 1000-2000 ғана тиражбен шығады. Мысалы шығармаларын былай қойғанда, А.Сүлейменов туралы естеліктер кітабы «Парасат падишасын» менен әлі күнге дейін сұрайтындар аз емес. Жуырда ғана Ғайникен апай (Бибатырова) да «Парасат падишасын» бір азаматтар сұрады дегенді айтты. Осы жинақты толықтырып, қайта шығару туралы «Атамұра» басшыларымен пікірлессек, сондай-ақ 80 жылдығы қарсаңында бес томдығы жібі түзу тиражбен жарық көрсе дейміз.

Екінші үлкен мәселе –дүниеден өткен көрнекті ақын-жазушы, актер, режиссер, тағы да басқа өнер адамдарының кітаптарын шығару, есімін есте қалдыру шараларына байланысты, өзің айтпақшы, негізінен отбасы немесе туыстары жүгіріп жүретіні рас. Заңды да шығар, дей тұрғанда бұл мәселеде қоғамдық институттар белсенді жұмыс жасайтындай жағдайға жетсек, әрине, жақсы болар еді.

А.Сүлейменов шығармашылығының зерттелуі туралы айтар болсақ, біраз еңбектер бар. 60-жылғылар әдебиеті сөз болғанда Асқар Сүлейменов есімі алғашқылардың бірі болып аталады. М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет» атты көптомдық монографиясында А.Сүлейменовтің прозасы мен сыни шығармашылығы қарастырылған, ал, драматургиясы кеңінен сөз болады. Жалпы шығармашылығы өзі дүние кешкен ширек ғасырда докторлық, кандидаттық, магистрлік бірталай жұмыстарға арқау болды. Б.Құндақбаев, З.Серікқалиұлы, В.Бадиков, Т.Әсемқұлов, Ә.Қодар; сондай-ақ Р.Сыздықова, С.Оразбаев, Д.Тұрантегі, Д.Исабеков, М.Қойгелдиев, С.Нарымбетов, А.Нысаналин, Ә.Рахимов, Г.Пірәлиева, Ж.Жарылғапов, Ө.Қырғызбаев, А.Қалшабек, М.Әзімхан, А.Рахманұлы, тағы да басқа көптеген азаматтардың зерттеулері, мақалалары жарық көрді. Асекеңнің көптеген афоризмдері бүгінде халықтың аузында, өйткені қанатты сөзге айналып кеткен.

А.Сүлейменовтің «Кек» драма-диалогын ОҚО облыстық драма театрында режиссер Қ.Жетпісбаев, ал, «Штат қысқартуын» Талдықорған облыстық театрында режиссер О.Ақжарқын, ал, ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілген «Ситуациялар» триптихі мен «Кек» драма-диалогын М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда режиссер Ә.Рахимов сахналаған. Дегенмен де жиырма жылдай болып қалды, бұл үрдіс жалғасын таппай тұр. Мен деген небір мықты режиссерлер «драматург Сүлейменовтің кілтін таба алмаймыз» дейді. Көрнекті режиссер, жуырда дүние кешкен Жанат Хаджиев «Кекті» қоямын, тек формасын табуым керек» дейтін еді... Ендігі үміт жас буын режиссерлерде, олар рухани толыса келе Сүлейменов драматургиясына көңіл қоятын шығар.

- Нағыз жазушы қай кез-кезеңде де қасаң идеология шырмауында қалмайды. Асекең коммунистік партия дәурені жүріп тұрған уақытта өмір сүрсе де азат ойдың жаршысы, еркін болмысты суреткер болды. Ал бүгінгі таңда ақын-жазушылардың көбісінің билікке бас ұрып, әкімдерге жағынып, құлдыққа құлшынып тұратынының себебі неліктен?

- Мен білетін Асекең адамның миы жетпестей азат, еркін. Ойшыл. Оның шығармалары да осы биікте. «Тағы да стиль туралы. Мемлекетке тақырыппен, концепциямен қарсы шығар мүмкіндік қалмағанда көмекке стиль келеді. Мемлекет оны білмей қоймайды. Түрмеде ол сені тәндей езсе, стильді, стильді қару қылғандарды қуғындау арқылы ол қоғамды рухани езеді. Жаңа форма, жаңа стилистика іздеу, таза эстетиканың иіріміне сүңгу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзі бағынбаудың энергиясы» дейді өзі «Шашылып түскен тіркестерінде».

Сен айтып отырған мәселе қай кезде де өзекті болған. Меніңше, бола да береді. Ондай жандар өнерін осыған жұмсайды. Олардың жиынтық бейнесі «Адасқақта». Туындыны оқыдың ғой. Онда қат-қабат пласттар бар, Өнер мен билік. Қоғам мен адам. Уақыт пен адам. Тарих және адам. Басты кейіпкері Біржан. Есіңде ме, Ақанның Біржанға айтатыны: «Сен жұмсалдың. Сені ж ұ м с а д ы» дейді.

Жалпы бізде, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде тарихты, тарихи тұлғалар туралы тым әсірелеп, боямалап жазатын әдет бар. Бұл халықтың өзін өзіне сәйкестендіру, тарихи санасын теңестіру, тарихқа деген шөлін басу үшін қажет шығар. Бірақ, уақыт өте келе тарихи кейіпкерлерді тым-тым идеализациялаудан арылатын шығармыз деп ойлаймын.

Біржан биік өнер иесі, бірақ, кез келген үлкен тарихи тұлға сияқты бір басында қайшылықтары да жетерлік. Шығармасында Асекең мұны Біржанның әндері арқылы да зерделетеді.

Жоғарыда айтып өттім ғой, Асекең «Адасқақты» басында киносценарий етіп жазбақшы болған. Киностудия синопсисін қабылдамаған. Өйткені, онда өнер адамына, Біржанға мүлдем басқа қырынан, өзгеше көзқараспен келген. Біржан арқылы Өнер адамының трагедиясын ашқан. Асекеңнің идеясындағы киноны түсіру үшін қоғам әлі өсуі керек.

«Адасқақ» - тұнып тұрған еркіндіктің энергиясы, яғни өнердің хас мұраты туралы шығарма. «Теміртастай» реквиемнің туу тарихы. «Адасқақтың» күні, меніңше, алда. Идеясы, көркемдігі, эстетикасы, тіл шеберлігі, құрылысы, құрылымы, сөйлем, сөз түзу ерекшеліктері, т.б. – бәр-бәрі жеке-жеке де, тұтастай да талданатын күн туады.

сұхбаттасқан

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар