Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әлемге танылу үшін құр дарын аздық етеді...

17.05.2017 7302

Әлемге танылу үшін құр дарын аздық етеді

Әлемге танылу үшін құр дарын аздық етеді - adebiportal.kz

Сауалнама

1.Еуропада, Америкада, Ресейде жазушылар әдеби агенттіктермен жұмыс істейді. Онда халық саны көп, демек, оқырман көп. Сол себепті, әдебиеттен пайда табуға болады. Бізде халық саны аз. Десек те, қазақ жазушылары әлемге танылуы үшін, олар да әдебиеттен пайда табуы үшін не істеуі керек?

2. Флобердің айтқаны бар: «Сюжеттен характер емес, характерден сюжет шығу керек» деген. Характерден сюжет шығаратын қазақ жазушыларынан кімдерді атай аласыз?

3. Әл-Фараби өнер адамдарын үш топқа бөледі: біріншісі – тума, хас талант, екіншісі – ерінбейтін, еңбекшіл дарын иесі, үшіншісі – өлермен дәлдүріш. Бізде қайсысы көп?

Думан РАМАЗАН, жазушы:

Бізде өлермен дәлдүріштер көп…

1. Дұрыс айтып отырсыз. Дамыған өркениетті елдерде қаламгерлер әдеби агенттіктермен жұмыс істейді. Қаламгерлер алаңсыз жазу-сызумен шұғылданады. Ал көркем шығарманы жарнамалау, басып шығару және саудалау ісімен әдеби агенттер айналысады. Қолы жүріп кетсе, қыруар пайда табады. Тіпті жазушы бір ғана шығармасымен миллионер немесе миллиардер болып шыға келуі әбден мүмкін. Ағылшын тілінде жазсаңыз, жазғаныңыз дүние жүзіне таралады. Яғни, мүмкіндік шашетектен. Орыс тілді оқырмандар да аз емес. Ал қазақ тілінде жазсаңыз, қазақтан басқа ешкім оқымайды. Оның үстіне бұрынғыдай емес, кітап оқымайтын ұрпақ өсіп-жетілді. Мүлде оқымайды демеймін, десе де, қазақ тілді оқырмандардың азайғаны анық.

Бұған кім кінәлі? Оқырман ба, жоқ әлде қаламгердің өзі ме? Бұл, әрине, басқа әңгіменің тақырыбы.

Қазақ жазушылары әлемге танылуы үшін шығармаларын ең алдымен ағылшын тіліне аудартып, бастырып шығарту керек. Бастырып шығарту аздық етеді, жарнама мен насихат керек. Ал бұл қазір мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Өйткені, бұл қомақты қаржыны талап етеді. Қазақ қаламгерлерінің жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер. Шетел тұрмақ, қазақ тіліндегі шығармасын әрең шығарады. Сондықтан бұл жұмысты әзірше мемлекет немесе жалдары күжірейген ұлттық компаниялар қолға алуы керек. Меніңше, онсыз бәрі бекер.

Мен бірде Еуразия жазушылар одағының төрағасы Жақып бей Өміроғылымен әдебиет туралы ұзақ сырласқаным бар. Сонда Орхан Памуктың әлемдік деңгейге қалай көтеріліп, Нобель сыйлығын қалай алғанын сұрадым. Сонда ол кісі Орхан мырзаға бір қаржылық топтардың қатты қолдау көрсеткенін, алаңсыз жазумен айналысуға жағдай жасағанын және сол жазғандарын сиясы кеппей жатып, шетел тілдеріне аудартып, кең көлемде насихат жұмыстарын жүргізгенін айтты. «Орхан Памук – әлемдегі өте бір ықпалды топтың әдеби жобасы» деді. Мен оған имандай сендім. Әрине, Орхан Памуктың өзі де дарынды жазушы. Бірақ әлемге танылу үшін қазақ түгіл, түрікке де құр дарын аздық етеді. Орхан Памукты әлемдік сахнаға алып шыққандай қазақтың дарынды ақын-жазушыларына ірі қаржылық топтардың қолдауы ауадай қажет. Сонда ғана әлемге кең танылып, Нобель сыйлығын алатын қазақ қаламгерлері шығуы мүмкін. Ал Жапонияда бұл жұмыспен көбіне-көп мемлекет айналысады. Жапон жазушыларының әлемге тез танылатыны содан. Жапониядан үйренеріміз көп-ақ. Бұл ұлттық саясаттың үлкен бір тармағы. Бізде де осындай саясат орнықтыру керек. Мәселен, қазір Қазақстан спортқа керемет ақша құяды. Еліміздегі кейбір спорт клубтары шетелдік футболшыларға ай сайын жүз мыңдап доллар төлейді. Сөйтіп, Қазақстанның әлемдік аренадағы абырой-беделін көтереміз дейді. Бұнымен ешқандай абырой-бедел көтерілмейді. Қайта шетелдіктер біздің ақымақтығымызға күліп қарайды. Қазақстан азаматтарының айлық жалақысы көбіне көп жүз мың теңгеге де жетпейді. Ал біз шетелдік аяқдопшыларға ай сайын жүз мың долларлап ақша төлейміз. Бұл кімнің ақшасы? Әрине, Қазақстанның ақшасы. Мен мұны түк түсіне алмаймын. Айналайындар-ау, бір шетелдік футболшыны жарылқағанша, сол ақшаны бір талантты қазақ қаламгеріне берсе ғой, қазаққа әлдеқайда пайдалы болар еді! Әй, бірақ біздің айтқанымыздан ештеңе өзгермейтін сияқты ғой... Айтты не, айтпады не, бәрібір.

2. Әдебиетте менің өзіндік ұстанатын ұстанымдарым бар. Ешуақытта біреудің айтқанымен жүрмеймін. Әрине, білген дұрыс. Бірақ қаламгер ешкімді пір тұтпауы керек. Гюстав Флобердің айтқаны заң емес. Оның сөзін есте тұта ма, жоқ, мән бермей ме, оны жазушының өзі ғана шешеді. Бір қалыппен кірпіш құюға болар, ешуақытта схемамен көркем шығарма жазуға болмайды. Онда оның несі шығармашылық?! Шығармашылық иесі шығармасын қалай жазуды өзі ғана шешуі тиіс. Яғни, сюжеттен характер шыға ма, характерден сюжет шыға ма, меніңше, ол басты нәрсе емес. Бастысы, шығарма төрт аяғын тең басып, шын шебердің қолынан шыққаны білініп тұрса болғаны. Керек десеңіз, сюжет болмайтын шығармалар болады. Сонда қалай?.. Яғни, әр қаламгердің айтқанын шартты түрде ғана қабылдауға болар. Бірақ міндетті емес. Шығармашылықтың мән-маңызы да сонда. Мәселен, Флобер – натуралист. Сонда ол натуралист болды екен деп қаламгерлердің бәрі натуралист болуы керек пе?! Тіпті әдебиетте анау ана ағымның, мынау мына ағымның өкілі дегенге де қарсымын. Қаламгер әр тарапта өз күшін сынап көруі керек қой деп ойлаймын. Шығармашылық иесі ештеңеге де байланып қалмауы керек. Және елдің сөзін көп тыңдай берудің де қажеті шамалы. Өзінің ой-қиялы қалай шарықтайды, жан-жүрегі нені қалайды. Солай жазу керек. Яғни, қаламгер ең алдымен өзін тыңдауы керек. Десе де, мен Флобердің «тілдің дәлдігі» теориясына ұйыған адаммын. Ол айтулы стилист жазушы, әр сөзді өз орнымен қолдануға мейлінше күш салған. Көркем шығармада әр сөзді орнымен қолдана білудің өзі де үлкен өнер. Шынтуайтына келгенде, біз сөзді суша сапырып, орынды-орынсыз, келсін-келмесін қолдана береміз ғой. Менің ойымша да, әр қаламгер стилист болуы керек. Бұл жағынан Гюставтан үлгі алуға әбден болады ғой деп ойлаймын.

3.Әрине, өмірде туа біткен тума таланттар болады. Оған дау жоқ. Бірақ, көкірегіңде көз, санаңда саңылау, кеудеңде зерде болмаса, құр талантпен ештеңеге жете алмайсың! Тума таланттың өзі үнемі оқып-ізденіп, шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырып, ерінбей еңбектенсе ғана, діттеген мақсатына жете алады. Олай болмаған жағдайда бәрі бос сөз болып қала береді. Петр Чайковскийден бір шәкірті: «Ұлы деген кім?» деп сұраған екен. Сонда ұлы сазгер оған «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деп жауап беріпті. Мен де осы сөзге толық қосыламын.

Ал бізде, өкінішке орай, өлермен дәлдүріштер көп. Әл-Фараби бабамыз үш топқа бөлген өнер адамдарының алдыңғы екеуінен еш зиян жоқ. Ал дәлдүріштер өте қауіпті. Ең бастысы, олар ұлы өнерге деген көзқарасты жеңілдетіп, таным мен талғамды төменге түсіріп жібереді.

Дәурен ҚУАТ, жазушы:

Әдебиетті әдеби билік арқылы билеп-төстегісі келетін дәлдүріштерден қорқамын

1. Аягүл, осы жылдың аяғына дейін Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетеді деген болжам бар. 18 миллион аз халық емес. Жә, осының бір, екі миллионы қазақша кітап оқи алмайды, қара танымайды дегеннің өзінде 16 миллион жан саны – үлкен орта. Тіл жанашырлары кейде статистиканы тым сүмірейтіп жіберетіні бар: «Қазақтың 70 пайызы қазақша білмейді» деп. Меніңше, бұл тым ұшқары пікір әрі жаңсақ есеп. Қараңыз: Алматы облысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау – тұтасымен қазақтілді. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар – тұрғындарының басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтін орталықтарға айналып келеді. Бұған мен Қарағанды облысын да қосар едім. Сонда қайсысы қалды? СҚО мен Қостанай... Қаланың тілі, түптеп келгенде, даланың тілі емес. Қалаға қарап, қазақ тілінің жай-жапсары осылай екен деп шамалауға болмайды. Оның үстіне, бейнелеп айтсақ, даламыз қалаға кіріп, жайлап жатыр. Енді біраз уақыттан соң, облыс орталықтары атанып отырған барлық ірі қалалардың қазақша сөйлеп кетеріне күмәнің болмасын. Бұдан нені аңғаруға болады? Бұдан қазақ әдебиетінің оқырманы қалалық оқырманға айналуы әбден мүмкін дейтін үдерісті аңғаруға болады. Демек, қалаларда кітап сататын дүкендерді көбейту керек. Алматыдағы кітап дүкендеріне барып тұрамын, іссапарламен жүргенде әуежайлардағы кітап сататын жаймаларға көз саламын – соның бәрінде орыс тілінде жарық көрген шығармалар самсап тұрады. Біз бәріміз: кітап дүкендерінің иелері бар, жайма орындардың қожайындары бар, дүңгіршектер бар – тегіс жабылып, оқырманы былай да жетіп-артылатын орыс ақын-жазушылары мен көсемсөзшілерінің шығармаларын таратуға белсене кірісіп кеткен сияқтымыз. Сөйтіп, «осынымыз қалай өзі?» деп ойлануды, қазақ тілінде жазылып, кітап болып шығып жатқан шығармалардың алдында қымсынуды ұмыттық, оқырманды естен шығардық. Елімізде екі мыңдай мемлекеттік кітапхана бар екен. Бірақ әлгі кітапханаларға топырлап барып жататын адам аяғы басылған қазір. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптар екі мың кітапханадан артылмайды. Сол кітапханалардың сөресінде тұр. Оның өзінде кітапхана қызметкерлері ыждахаттап: «Бізде мынадай жаңа кітаптар бар, жаңа авторлардың туындылары бар» деп оқырманға ескертпесе, кітаптардың елеусіз тұрғаны тұрған.

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша, Нобель сыйлығын иеленген авторлардың шығармалары аударылды. Қайда солар? Мемлекет сол кітаптардың аудармасы мен жарық көруіне қыруар қаржы бөлген жоқ па еді? Құдайшылығын айтайын, мен аталған бағдарлама жөнімен тәржімаланған бірер кітапты ғана көрдім, олардың өзі сапасыз, өте нашар аудармалар. Испанның Камило Хосе Села деген жазушысы бар, мысалы. Нобельді алған. Соның «Араның ұясы» деген романын бір ағамыз қазақшаға қотарыпты. Анау – аударма емес, қотарма. Өзі нашар шығарманы сақа жазушының сонша езіп, малталап аударғанына таңым бар. Әлде баспаның, әлде комиссияның ұсынысы солай болды ма екен, білмедім... Комиссия мүшелері мен баспа әкімшілігі аталған шығарманың орнына Хосе Селаның «Паскуаль Дуареттің отбасы» романын аударуды біздің жазушымыздан талап еткенде, сөз басқаша болар еді, бірақ «Араның ұясы» қазақ тіліндегі олпы-солпы сөйлемдерімен қазақ тілінде әлем әдебиетін оқуға талпынған оқырманның кеудесінен кері итеріп, көңілін қалдырғаны сөзсіз.

Сұраққа оралайық. Сұраққа оралғанда мен әңгімені баспалар төңірегінде өрбіте түссем бе деймін. Неге? Өйткені, біздің әңгімеміздің бір ұшы баспалардың қызметімен байланысты болып тұр. Ілгеріде де осы жайттың басын бір шолғанбыз, қайталауға тура келеді: негізі жазушының туындысын жария етуге, оқырман қауыммен қауыштыруға алдымен баспалар мүдделілік танытуы керек. Бізде өкінішке қарай, мүлде олай емес. Себебі, баспа иесі мемлекеттік тапсырысқа байқау арқылы қол жеткізген соң, өзі ұсынған шығармалардың тізімін көрсетеді де, кітаптарды баспаханалардан «айдап отырып» шығарып береді. Есеп түгел. Мемлекет қаржы берді, баспахана шығарып берді, автор баспа иесіне батасын берді. Үшеуінің де миссиясы осымен тәмам. Үкімет ойлайды: халықтың рухани сұранысын өтейтін кітаптардың жарық көруіне қазынадан қаражат бөліп, қарық қылдық деп. Баспагер ол да мәз: жалаңаяқ жазушыны жарылқадым, жазған-сызғанын жарыққа шығарып бердім деп. Жазушы да жалбаңдап, өзінше жасап қалады. Бірақ бұл үштіктің (Үкімет-Баспагер-Жазушы) әлгіндей әрекеті рухани серпіліс те, сілкініс те туғыза алмайды. Тіпті қарабақырлық табыс әкелмейтін тірлік. Жазушы-ақын о бастан пайдаға жоқ қауым. Міне, сондықтан негізгі шешуші істі баспагерлер қолға алуы керек. Олар мемлекеттің көмегін пайдалана отырып, оқырман сұранысына ие болған шығармаларды мол тиражбен қайта шығарып, өз клиенттерін көпшілікпен жүздестіріп, тіпті, киноөндіріс өкілдерімен жұмыс жасап, театр режиссерлерімен шығармашылық үндестік тауып, қайткенде өзінің баспасынан жарық көрген шығарманың танылуына үлес қосса, бұл баспагерге де, оның клиентіне де белгілі бір деңгейде абырой, бедел, бәлкім табыс та әкелер ме еді. Мен баспагерлердің бәрі әдеби-агенттердің қызметін атқаруға тиіс деген талап қоя алмаймын. Себебі, шығармалардың табиғатын мүлде танымайтын да баспагерлер бар. Бірақ Құдай бойына шығармашылық дарын мен іскерлік қабілетті қабат дарытқан баспа иелері де бізде аз емес. Баспагерлердің сыртында жекелеген азаматтар шығып, әдеби-агент ісін қолға алып жатса, қане... Бізде қазір әдеби-агенттер бар. Олар – бұ дүниеден озып кеткен қаламгерлердің жарлары. Мысалы, Асқар Сүлейменовтың әдеби-агенті –Әлия Бөпежанова, Дүкенбай Досжановтың әдеби-агенті – Сәуле апай, Таласбек марқұмның әдеби-агенті – Зира жеңгем. Зира Наурызбаева. Әмірхан Балқыбектің әдеби-агенті – Мархаббат. Ал енді біздің жарымыз әдеби-агентке айналу үшін қалам ұстап жүргеннің бәрі ана дүниеге аттанып кете беруі керек пе? Бұл сұрақтың жауабын ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі, көркем әдебиет насихатталмаса, рухани өмірімізде әдебиеттің құны қалмаса, онда оның орнын ұлтты аздырып-тоздыратын басқа құбылыс келіп басады. Басып та жатыр.

Әйтсе де, шүкір, әлемге материалдық байлықпен ғана емес, рухани құндылықтармен де танылу керек екендігіне билік қазір көңіл бөле бастады. Бұрын мықты спортшыларымызды мақтан тұтсақ, енді, ғажап дауысты әншілерімізді, қас қаламгерлерімізді көрсетуге бет қойдық. Әлемге танылудың бір жолы – осы. Осыдан кейін еліміздегі шығармашылық ұйымдар қарап отырмай халықаралық әдеби-шығармашылық ұйымдармен, әдеби-агенттіктермен жұмыс істеуі қажет.

2. Бұл сұрақ біз дүниеге келмей тұрғанда болған «Шығарма үшін қайсысы бірінші орында: характер ме, әлде сюжет пе?» деген тақырыпқа қайтадан әкелетін сияқты. Алайда, сюжет пен характер шығармада қатар тұрып жарысқа түссе де, бірін-бірі тек толықтыра түскеннен басқа зияны болмайды. Бірақ осы екеуінің біріне көбірек көңіл бөліп жазатын жазушылар бар. Қазір, тіпті, сюжетсіз роман жазуға кірісіп кеткен жазушылар да табылады. Ал сауалға ат басын бұрсақ, характерден сюжет тудырып әкететін жазушы деп өз басым Тәкен Әлімқұловты айтар едім. Мысалы, «Қара ой». «Қара ойдағы» Махамбет мінезі. Өзі де мінезді шығармалар жазған Әбіш Кекілбаев кезінде Тәкеңнің туындыларындағы Сейтек сияқты күйшілерді «автор кейіпкерлерін тым кінәмшіл, тәкаппар етіп көрсетеді» деген еді. Характер арқылы сала-құлаш оқиғалардың орамын жазып жіберетін жазушының бірі – Асқар Сүлейменов. «Бесатарды» білесің ғой, Крейгельге «Батыреке, саптамамды суырып жіберші» дейді Асекеңнің кейіпкері. Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Сарқындының түр-түсі (жазушының бейнелеуі бойынша) қайда барсам да, түксиіп алдымнан шығады да отырады. Менің «Мүйіз тарағымды» оқыған жігіттер мінез-болмысын, түр-сипатын суреттемей-ақ, кейіпкердің әрекетінен үлкен драма тудыруға болады екен десіп жүр.

3. Алдыңғысы мен соңғысының қайсысы көп, қайсысы аз екендігін білмеймін, бізде ортаңғысы – ерінбейтін, еңбекшіл дарын иесінің қатары сиреп бара жатқан сияқты. Жоғарыдағы екі сауал мен соңғы сауалға молынан жауап бере алатын тұлға қазақ әдебиетінде – Мұхтар Мағауин ақсақал. Мұхаң қазақ әдебиетін әлемге таныту жұмысын осыдан он шақты жыл бұрын бастап кетті. Меніңше, Мұхаңның әдеби-агенті Едіге болса керек. Характерден сюжет тудыру Мағауиндей кемел дарынға сөз емес. Мен «ерінбейтін, еңбекшіл дарын иесіне» де Мағауинді үлгі етер едім. Өкініштісі, сол ерінбеу, еңбек ету, күндіз-түні жоспармен жазу деген менің өзімде, менің замандастарымда да атымен жоқ. Шіркін-ай, десеңші... Батыста сағат таңғы жетіден түнгі он-он бірге дейін үзбей жазуды машық еткен жазушылар болыпты. Он жарымда бір романды аяқтаса, қолын қағаз бетінен көтермеген күйі келесі романды бастап кететін болған. Күніне пәленбай жүз жол жазып отыруға дағдыланған, өзін жазу үстеліне таңып қойған, оны айтасыз, жұрттың көзіне түспеу үшін сақал-мұртын жартылай сары, жартылай қызылға бояп, сол бояулары оңып, сақал-шашы табиғи түсін қайта тапқанша табжылмай отырып, шығарма жазғандар да бар. Солардың бәрі өлермен дәлдүріштер емес, тума таланттар, бойларындағы Құдай берген талантын еңбекпен тәрбиелегендер екен. Өзімізден Би-ағаң, Бейімбет Майлин сондай еңбекторы талант болыпты деседі бейімбеттанушылар. Ол кісі пойызда, дастархан басында, әйтеуір жазуға сәл мүмкіндік бар жерде отырып алып, жаза берген екен. Соңына қандай жауһарларды қалдырды!.. Бұндай еңбекқорлық, ағыл-тегіл жазу Беймбеттің замандастарына тән қасиет пе дерсің, қайсысын алсаңыз да, ақтарылып-төңкеріліп тұр. Бұл, шамасы, қазақтың бойындағы пассионарлық рухтың буырқанып оянған сәті болса керек...

Қадыр Мырзалиевтің бір өлеңі бар, қара сөздің қайырымына салсақ, «шабыт та күлік сияқты, тұсаулап үй маңында ұстай алмайсың, бірақ босатып қоя берсең, кісінеп келіп тұрады, иесіне үйренген жүйрік секілді». Жобамен айтқанда – осылай. Иә, өне-бойы шабыт шақырып, шабыттанып қана жүре алмайсың. Шабытты еңбекпен шақырып отырудың жайын жазу барысында көріп те, сезініп те қалдық.

Мен прозада еңбекшіл дарын иесі деп Думан Рамазанды айтамын. Думанның, енді айтып жатсам ренжімейді деп ойлаймын, бастапқыдағы шығармалары елеусіздеу еді. Бірақ Думан сол кездің өзінде өзін жазушымын дейтін, жазуға деген құлшынысы да ерекше болды. Ал қазір қандай? Дукең майталман жазушы болып шыға келді. Драмаға да қалам сілтеді. Дидар Амантай да – еңбекшіл ерен дарын. Мәдинаның да қаламының бағы жанған кезде жазып-жазып тастағаны ұнады. Қарағандыда Серік Сағынтай да жоспармен жұмыс жасап жатыр деп естимін. Жазушылық дарынын енді ғана өзі мойындап, прозаға бет бұрған Сәкен Сыбанбайдың арыны да қуантады. Қанат Әбілқайыр бір жылдың ауанында екі-үш әңгіме, екі хикаяттың басын қайырып тастады. Дархан Бейсенбек заман мінезінен туған георухани кеңістігі үлкен роман жазып қойды. Әйтсе де, қайсыбір замандастарымның қаламы қазір суыңқырап жүр. Бұл ретте Нұржан Қуантайды, Серік Нұғыманды, Қанағат Әбілқайырды айтар едім.

Өз басым әдебиеттегі өлермендерден емес, өлермендіктен, әдебиетті әдеби билік арқылы билеп-төстегісі келетін дәлдүріштерден қорқамын. «Біржан сал» филімінде Біражанның аузымен айтылғандай, «өнердің бағылан басын босағада қалдыратындар» – солар.

Сауалнаманы жүргізген

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар