Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл...

26.05.2017 8842

Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл

Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл - adebiportal.kz

(Ақын Жанат Әскербекқызының «Ай-тамғы» таңдамалы жыр жинағын оқығаннан кейінгі туған ой)

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде алғашқы еңбек тәжірибемді мемлекеттік «Санат» баспасында өткізген күндерім есіме түсіп отыр. Әлеуметтік желі түгіл, тұрмыс-тіршілігімізге компьютер де енбеген ол жылдары баспа редакторлары қолымызға сеніп тапсырылған кетпектей қолжазбаларды, қате кетіп қалмауы үшін сан мәрте қайталап оқып, көз майымызды тауысушы едік. Советтік заманның дәурені аяқталғанымен, қатал тәртібінің елесі санадан өше қоймаған заманда кітаптағы әр әріп қатесіне де жоғары жақтан зор мән берілетін. Құрқылтайдың ұясындай шағын бөлмеде мойын бұруға да шамамыз келмей, қағаздың шаңына тұншығып, мұрнымыздан шаншылып мен, ақын Мырзан Кенжебей және сатирик Нұртай Төлепберген үшеуміз өндіріске жөнелтілетін кітаптардың қателерін қарындашпен түзеп, түске дейін әбігерге түсетінбіз.

Еңбегі еселене бағаланып, қомақты қаламақы алатын мамыражай уақыт келмеске кетіп, тұрмыс-тіршіліктері шатқаяқтай бастаған қаламгерлерде бұрынғыдай әдемі көңіл-күй жоқ. Отырған бөлмемізге бас сұғып, сәлем беру үшін ілеуде біреуі кіріп-шығатын ақын-жазушылармен сөйлесе қалсаңыз, көңілсіз әңгімелерімен жаныңды жүдетіп тастайды. Жұмыссыз қалып, қиналып, мына біз сияқты асығы алшысынан түсіп, жолы болып нәпәқасын тауып жүрген пақырларды жағалап, атағы дардай таныстарымыз кейде қайыр сұрағандай болып мұңын шағып келгенде, оларға қалай көмектесерімізді білмей жанымыз ауыратын. Тіпті, тұрмысың жақсы болған күннің өзінде жұрттың басындағы ауыр ахуал сенің де жүрегіңді жабырқатып, жағымсыз әсерін тигізбей қоймайды екен.

Соған қарамастан, тіршіліктің тартқызған тауқыметіне сағы сынбаған, ел іздеп жүріп оқитын «Қазақ әдебиеті» газетінің мәртебесі бәрібір биік еді. Есімдері қалың қазаққа тәуелсіздіктен кейін кеңінен танылған талантты ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы мен Аманхан Әлімнің бүгінгі күннің өзекті проблемасын өткір жазған публицистикасы, білікті сыншы Тұрсынжан Шапайдың көркем шығармаға бергісіз эсселері, өрнегі өзгеше тоқылған өлеңдерімен елең еткізген Гүлнәр Салықбайдың лирикалық жырлары, көркем прозаны әлеуметтік өмірдің проблемасымен әдемі шендестірген жазушылар Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Нұрғали Ораздардың жаңалыққа толы прозалық туындылары газетте жарық көргенде ол сол күні елдің рухани өміріндегі ең елеулі оқиғаға айналатын. Ал, талантты әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекенің басылым бетінде ұйымдастырған пікірталасы үнемі дау-дамай туғызып, ақын-жазушылар бір-бірімен қызыл кеңірдек болып айтысып жататын. Материалдық қиындықты белшемізден кешіп жүрсек те, әдебиеттің бағасын арзандатпаған ардақты ағаларымыздың арқасында, біз рухани ашаршылықты аса сезіне қоймадық. Әлдеқандай себептермен газеттің бір санын оқи алмай қалсақ, бір үлкен дүниеден құр қалғандай күйге ұшырайтынбыз. Сөз өнеріне қызығушылықпен қарап, бұғанасы бекіп, қабырғасы әлі қатып үлгермеген жастар да көбелек көңіліміз алып-ұшып «Қазақ әдебиетінің» әр санын асыға күтіп, одан жаңалық іздейтінбіз.

Қарлығаш дәурендей көзімізден бұлбұл ұшқан қайран уақыт-ай! Сезімдері суалмаған, жүректері кірленбеген адамдардың әдебиетке деген ықыластары қандай ыстық, пейілдері қандай таза еді. Ел-жұрттан ұялып, ешкім де бүгінгі күннің пенделігі басым ақын-жазушыларындай бірін-бірі мақтаудың бәсекесіне түспейтін. Ондайға бару ұятты іс болып саналатын. Әдеби ортаға танылу үшін беделі зор басылымда өлеңіңнің, әңгімеңнің немесе көлемді мақалаңның жарық көруі жетіп жататын. «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия мен прозада бағын сынап жүрген жаңа есімдерді ашып, олардың тұсауын кескендей ілтифат танытып жататын жақсы үрдісі болғаны әлі күнге есімнен кетпейді..

Түстен кейін күннің қайта бастаған ыстығымен бірге қауырт жұмыстың қарқыны да сәл саябырсыған мезгілде уақыт тауып «Парасат» журналының сұрауымен бастаған әкем туралы естелігімді жазуға кірісіп кеткенмін. Үш қызметкер жайғасқан бөлмеде екі адам қалғанбыз, сатирик Нұртай Төлепберген бастықтан сұранып үйіне кеткен, ақын Мырзан Кенжебай мерзімді басылымдарды оқып ойға шомып отыр. Жұмыс күнінің аяқталуына әлі екі сағат бар.

Мырзекеңнің оқыған дүниелеріне байланысты пікірін білдіріп, әңгіменің көрігін қыздырып қоятын үйреншікті әдеті болушы еді. Кейде жұмыстан қолы босағанда қуаныштан гөрі мұңға толы, ұлттық бояуы құлпырған лирикалық жырларын оқып беретін. Бір қызығы осындай тамаша өлеңдерін ол газетке ұсынып, жазғандарын жариялатуға аса ынтыға да қоймайды. Жұрттың айтқанына ұқсамайтын өз пікірі мен ойы бар оның көп нәрсеге көңілі тола бермейтін.

Ішіміз пысып, зеріккенде күлдіргі әңгімелер айтып, шек-сілемді қатыратын әзілқой ағам енді міне дүниенің бәрін ұмытып, газетте жарияланған әлдекімнің өлеңдерін қадала оқи қалыпты. Әдеби басылымға аш кенеше жабысып алған мына түріне қарағанда шамасы онда сөз саптауының өрнегі бөлек, нәші айқын, ойы терең, тілінің бояуы қырғауылдың қанатындай құлпырған талантты ақынның жауқазын жырлары жарық көрген болуы керек. Анау-мынау ақындарды аса менсінбейтін Мырзан ағам сүт пісірім уақыт өткеннен кейін ғана газеттен басын әрең көтеріп, үнсіздіктің жібін үзіп мына жалғанға көңілі толған риза сезіммен әңгімесін бастады.

- Мен бүгін Жанат Әскербекқызы деген бір ғажап ақынды аштым. Жасанды мұң мен жалған қайғыны жамылып, бірінің жазғаны екіншісінің көшірмесіндей, тілді де дұрыстап қолдана алмайтын жастардың шимай-шаптақтарына қарным ашып жүретін. Мына ақын қыздың төгіліп түскен ғазалдарын оқып шығып, поэзия айдынының сарқыла қоймағанына шын қуандым. Амангелді, тыңдап көрші. Жүректен табиғи қалпында құйылып түскен мына бір өлең қалай тамаша жазылған, - деген ол аядай бөлменің ішін жаңғыртып, өлеңді дауыстап оқи жөнелді:

Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді,

Кісінеуі кімді еске түсіреді?

Иесінің жоқтығы – өңім еді.

Ер-тоқымсыз келгені түсім еді.

..Ту сыртымнан Көкжорға кісінеді.

Сор тіледі, қайсысы бақ тіледі,

Өзегімді ащы өксік қақ тіледі.

Еңіреген Ертісті артқа тастап,

Жағасынан Есілдің тапты мені.

Түнеремін, жүзімді желге беріп,

Жел табылар, жанымды шерге көміп.

Толқып жатқан Есілді ес тұтқандай.

Келді жорға... мұң шаққан мен де келіп.

Қарашықта қалқытып нала-мұңды,

Шомылдырдым кірбіңге қабағымды.

Шылбырына жорғаның оралып-ем,

Аңдып жүрген дұшпан-жел таба қылды.

Көкірегімде бір үміт көзін ілді,

Жұлқылады озбыр жел төзімімді.

...Көкшіл сағым ішіне жұтылайын,

Жетекке алып Көк жорға-сезімімді.

Жүрегімнің нәзік пернелерін дәл басып, сезім толқындарын дірілдетіп жіберген жауһар жырдың қатты әсер еткені соншалық, өлеңнің әр жолын ынтыға тыңдап, ұйып қалыппын. Расында да әдеби басылымда жарық көрген салған өрнегі бірінен бірі асып түсетін бес-алты өлең-ақ қазақ поэзиясына ұлттық тамырынан ажырамаған, табиғаттың егізіндей жаратылған шын таланттың, ауыздығымен алысқан арғымақ ақынның келгенін айдай әлемге аңғартқандай болған. Халық ауыз әдебиетінің қайнарынан қанып ішкен жас ақынның «тілге жеңіл» болғанымен терең ойдың тұңғиығына батыратын ғажайып ғазалдары бір оқығаннан-ақ көңілімде қатталып, жүрегімде жатталып қалды.

Пендеге айтпа өкпені,

Перінің қызы Бекторы.

Қайтесің мыстан-пиғылды

Тәңіріңе сиын көктегі.

Сынықси күлмей сыр бүгіп,

Көрсеттің несін сұм қылық.

Шаңына көміп кетті ме,

Шалқұйрық мінген бір жігіт.

Сорқұдық кімге сор мекен,

Сорлы жер, сірә, шерге тең.

Төстіктей ерді қай күні

Шыққыр да көзің көрді екен?!

Пешенеңнің де соры бар,

Кездеспек пенде оны ұғар.

Кенжекейдейін арудың

Кердеңдейтұғын жөні бар.

Қайрылмас ару құшқан ер,

Демемес тағы дұшпан ел.

Бошалап кеткен құба інген

Боталап қалған тұсқа кел.

Көңіліңді сөйтіп жұбат бір,

Ақылды кекке шырақ қыл.

...Жарты лашыққа аялдап,

Жолаушы сусын сұрап тұр.

Толықсып шықшы алдынан,

Төгілтіп тұрып сал бір ән.

...Тағдырын шеш деп өзіңнің

Төрелігіне қалдырам.

Ақын Жанат Әскербекқызының творчествосымен менің алғашқы таныстығым осылай басталған. Содан бері оның шығармашылығына ықыласым ауып, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген дүниелерін жібермей оқу үйреншікті әдетіме айналды. Дегенмен, бойындағы талантын оңды-солды шаша бермейтін, оның үстіне жұрттың көзіне түсуге де аса құмартпайтын Жанаттың айтар ойы анық, бұлақтың суындай тұнық жырлары мерзімді басылым беттерінде жиі жарық көрмейтін. Жыр сүйер қауымды әбден сағындырып барып қана қолына қалам алатын оның өлеңдерін оқи отырып біздің бәріміз де қазақ поэзиясына суреткер ақынның келгенін жазбай танып, талантын мойындадық. Ақынның жауқазын жырлары суық тіршіліктің қаңтарына тап болған біздің тағдырымызға жылуы мол шуағын түсіргендей әсер етті. Гүлдей нәзік ақындық сезімдердің жаймашуақ жазда ғана емес, жүректі тоңдыратын қатал қыста да табиғатпен сырласа алатын өміршеңдігіне қайран қалдық.

Тәкаппарсың,

Сұп-суықсың.

Аппақсың...

Аппақ болып аяқ асты жатпақсың.

Жерде жатып,

Көктен түскен қалпыңмен

Асқақ, аппақ болмысыңды сақтапсың.

Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, аппағым...

Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!

Күміс күйме сыңғырына елітіп,

Мен де іздегем әлдекімді... таппадым.

Ақ бораны сенделеді Арқаның

Өзіңе де, өзіме де бар таңым.

Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,

Сонда оны сүйемісің,

Қар-Ханым?!

Міне осы тамаша ақын Жанат Әскербекқызымен алты жылдан кейін ғана, 2001 жылдың жазында әдебиеттегі құрдастарыммен бірге Президент стипендиясын алу құрметіне ие болған кезімде таныстым. Кітабым шыға қоймаса да, менің де газет-журналдарда әдеби сын-мақалаларым жарық көріп, оқырманға танылып қалған жағдайым бар-тын. Жазған өлеңдеріне қарап және әдеби ортаға ерте танылғандықтан мен Жанатты жас жағынан өзімнен әлдеқайда ересек шығар деп шамалайтынмын. Замандасым болып шыққанда қатты қуандым. Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүрген әдебиетіміздің классигі Әбіш Кекілбайұлының қолынан сый-сияпатымызды алып, іс-шараның ресми бөлімі аяқтала салысымен бір-бірімізді сыртымыздан ғана танитын жас қаламгерлер бас қосып қауқылдасып, мәз-мәйрам болып қалдық. Мен Жанаттың өлеңдерін қалай сүйсініп оқып жүрсем, ол да менің әдеби сындарымды қалт жібермейді екен. Сол жолы ол маған баспахананың иісі әлі кете қоймаған, бір апта бұрын ғана жарық көрген «Қаңтардағы қызыл гүл» атты жыр жинағын сыйлады. Содан бері табаны күректей он алты жыл заулап өте шығыпты-ау!

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар