Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлбек Ергөбек: Қазақ поэзиясының сəулеткері

26.12.2016 996

Құлбек Ергөбек: Қазақ поэзиясының сəулеткері


Ақын Қуандық Шаңғытбаев туралы толғаныс


Пролог


куандык.jpg

Алматыға арман жетелеп келген көп көгенкөздің бірімін. Өзге қазақ баласы секілді қаланың бір мүйісінде, орыс кемпірдің үйін (үйшік десе де болады) жалдап тұрамыз. Мекен-жайын нақтылау керек болса «Ақтөбе көшесі 51-нші үй». Есік алдында шағын бақшалық. Көзге ыстық тартып, көңілге тыныс берерлік бір ғана көрініс сол. Əйтпесе, кəдімгі жатаған үй. Тіпті үйдің төрттен бірі. Замана жүрісіне жаңа ілесе бастаған қаламдас қанаттастар секілді «Орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы, қазақтың астанасы...» – деп ыңылдап əн айтып қойып жүре береміз. Жастар басылымы – «Лениншіл жаспен» хош айтысып, «Сəбит Мұқановтың мемориальдық музей-үйіне» қайта оралған шағым. Жанымда жарым, бауырымда ұлым. Қолымда қарт анам!


«Алты ай бұрын қырғыз достар келіп осы жатаған жаппада қона жатып еді-ау» – деп ойлап қоямын. «Лениншіл жас» газетінде екі номерге жалғаса жарияланған «Алыс көкжиектерді аңсаймын...» аталатын Шыңғыс Айтматов балалық шағы туралы жазылған эссемді қырғыз тіліне «қотарған». Қазақ басылымын үзбей оқитын Қушубек Омуралиевтің əрекеті. «Кыргызстан маданияты» газетінің журналисі. Шыңғыс Айтматов десе ішкен асын жерге қояды. Эссені көрген де Алматыға қарай тұра шапқан...


1932-33 жылғы ашаршылық жылдарында қырғыз ауып аман қалған анам Бибі-Ғайша шат-шадыман. Үлкен басымен қырғыз журналисін «төркін» танып, қиын-қыстау жылдары зарығып та тарығып жер ауа жеткенде қырғыз ағайындардан көрген қамқорлығын əңгімелеп мəре-сəре. «Аштықта жеген құйқаның дəмі ауыздан кетпес». Тіпті «Сендер білмейсіңдер ме?» – деп отызыншы жылдары қазақтарға құшағын айқара ашқан бауырмал жандардың атын атап сұрау салатынын қайтерсің?!


Аяқ астынан толғақ қысқан жарым Баянды «жедел жəрдем» перзентханаға ала жөнелді. Ұлды болдық. Сəбиге ат қою рəсімін аяулы анам Қушыбек «төркініне» бұрды. Қушыбек болса, ойланбастан «Құлбек бəйке, Сіздің Шыңғыс Айтматов жайындағы эссеңізді қотарып жатқанда өмірге келген сəбиге Чікемнің есімін ырым етелік. Чікем секілді қазақ-қырғызға бірдей даңқты перзент болсын!»– деп философия соғып кетті. «Чікемі» – Шыңғыс Айтматов! Оған кім қарсы? Шілдехана! Ол бесікте.


Ойланып отырған оңаша сəтте үйге «қырылдақ» сыншы Төлеген Тоқбергенов кіріп келеді. «Ұрының үйі» сияқты.- Зорға жеттік...» – деп қояды өзімсініп. Төкеңнің ту сыртынан қияқ мұртты сұңғақ кісі еңкейіп ене берді.Ол сөйлей келді «Əкем-ау (Қуан ағаның əкесінің есімі Төлеген. Сол себепті Тоқбергеновті «əке» деп еркелей атайтын. Қ.Е.) олай демегін. Көшесінің аты қандай жақсы. «Ақтөбе көшесі». Мен ауылыма келгендей болып тұрмын». Таныс дауыс. Мəйін жұмсақ үн. Қуан аға! Ақын Қуандық Шаңғытбаев! Орыстанып бара жатқан салтымызға қарамай құшақтасып амандастық. Қонақ келді. Бəйекпіз.


Амандық-саулықтан соң Қуан аға «айналайын ақ бесік» – деді. «Бізді тербеткен, біздің аталарымызды, бабаларымызды тербеткен...» Ақын бесікте былдырлап жатқан алты айлық сəбиге таяп барды. Шақалақ шықылық атады. Қуан аға баламен балаға айналып мұртын жыбырлатып күлдіреді. «Мына Тахауй бір көңілді бала болғалы тұр. Ғұмырлы бол, айналайын! Қытық-қытық...»


– Аты кім балақанның?

– Шыңғыс, Қуан аға?

– Шыңғыс?

– Иə.

– Сен Шыңғыс туралы мақалаңды өзіне жібердің бе?

– Қайтемін?! Ұятты.


– Жібер. Ұялмайсың. Тамаша жазылған. Құттықтадым ғой өткенде. Пікірім сол күйі. Жібер өзіне. Ə, кстати мен саған Шыңғыс туралы əңгіме айтып беремін.


Бір əудемде аулаға жүзімдіктің көлеңкесіне шықтық. «Əй, Тахауй қалам, қағазың бар ма?» Мен дереу Қуан ағаға блокнот пен шарикті қаламсап ұсындым. Үйге жайылған дастарханды тысқа шығаруға тура келді. Қолқабыс жасай бастадым. Анам немересін шешіп алып үлгеріпті. «Түкіртіп алайық. Бұл немеге ит тигіш қой...» – деп қояды. Ұлымды анамның қолынан алып Қуан аға отырған орындыққа бір аунатып алдым. «Енді түкіртпесеңіз де болады...» Анам «бісімілда» – деді діндарлығына салып кішкентай Шыңғысты бауырына басып жатып.


Жүзімдіктің астында əңгімелесіп отырмыз. Қазан көтеріліп жатыр. Төкең Қуан аға алдындағы блокнотты алып маған ұзатып салды. Мен көз қиығымды қыдырттым. Қыдырттым да ақынның маржандай жазу мəнерімен мөрленгендей өлең жолдарын оқи бастадым.


«ШЫҢҒЫСҚА: 1981 ж. 31 августа Төлеген екеуіміз талтүсте Құлбектің бағында отырып жазылды.

Баян мен Құлбек! Күн қысқа. Асығу керек тұрмыста. Төлен мен Қуан аттансын:

– Баянды бол, – деп, - Шыңғысқа. Шыңғыстың атасы – Қуанд. Шаңғытбаев.»


деп өлең жазыпты Қуан аға. Қуана қолыма алып тағы бір қайтара оқып шықтым да блокнотты қойныма тықтым...


Қуан аға əңгіме сабақтады.


– Мұқаң ауруханада жатыр. Жақында ғана «Литературная газетада» «Қазіргі заман жəне оның геройы» аталатын мақаласы жарық көрген. Ол өзі əдебиетте түбəлай бетбұрыс жасаған мақала еді ғой. Қуанып оқыдық. Сүйіп оқыдық Мұқаң мақаласын. Содан кейінгі кездесіп отырғанымыз.


Көңілін сұрап бардым. Мұқаң менің «Ар» аталатын ең алғашқы өлең жинағыма алғысөз жазған кісі. Құдайдай сыйлап өтіп келемін. Ауырған адам көңілшек болатын əдеті. Мұқаң баладай қуанып қалды. Менің есімімді аялап айтып, ұлы Абай ауылының ру атына апарып сабақтастырып. «Саған Қуандық деп ат қойған аталарың мықты болуы керек. Асылында сəбиге жақсы ат беру керек. Атына қарай өседі көкше құрақ...» – деп төгіле сөйлеп жатты, əруағыңнан айналайын дана адам. «Əй, Тахауй, сен өлген кісінің өзінен емес, əруағынан айналатынын білесің ғой...». Қуан аға сөзін мақұлдатып алды. – Сонда Мұқаң көп əңгіме айтты. Шыңғысты сондай жақсы көреді екен. «Сен қолың тиіп жатса Шыңғысқа арнайы барып менің сəлемімді жеткіз. Ағасынан сақ болсын!» – деді. Алықұл Османов туралы, Бөлебасов туралы қызық əңгімелер айтты. Сөйтсек, Шыңғыстың даңқы шыға бастағаннан көре алмаушылық бірге шыққан екен ғой. Соны біліп қалған Мұқаң Шыңғысты сақтандырған екен-ау деп ойлаймын осы күні. Сол жылы Мұқаңнан айырылып аһ ұрдық. Көп ұзамай, мойныма қарыз болмасын деп, 1961 жылы Мұқаңның аманатын арқалап Бішкекке арнайы бардым. Барсам Шыңғыс Финляндияға кетіп қалыпты. Ұстай алмадым. Мұқаң Шыңғысты үш нəрседен сақтандырып еді...» Қуан аға бипаздап əңгіме айтып отыр.


Дəм келді. Орыстың үй-кепесіне сыймай жүзімдіктің астында отырмыз. Əрі қысыламын. Əрі Қуандықтай өлеңді өмірден сүзіп-сүзіп алатын, алатын да сұлулыққа жүздіріп жасайтын, өлеңді сұлулық деп білген сырбаз ақын мен Төлегендей кең құлашты сыншы үшін табиғат аясында осылай отырудың өзі дұрыс та шығар деп ойлап қоям.Қуан аға қасындағы Төкеңді «əке» деп те, «Төке» – деп те көкке көтеріп отыр. Бір рет те атын атамады-ау, сабазың!. Төкең де өзімсініп «Əй, бала!» – деп қатқыл сөйлеген болып отырып-ақ бауырына тарта түседі. Бала боп бірі еркелейді. Бала деп бірі еркелетеді. 1937 жылдың зұлматында ұсталып атылып кеткен əкеге деген сағынышын ақын жүрек сөйтіп басады-ау шамасы! Айтылған əңгіме көп еді. Көбі соның ақ еден сыр дерлік шын еді. Бір əттеңі-ай, айызды қандырғанымен ауызды қаритын кермек еді...


Ақын ағаның «Дала» деп бастап бала болып еміренетін өлеңін өзіне жатқа оқый жөнелдім.


Дала, дала, ұшан дала, 

Мен далада келемін. 

Алсам, əттең, құшағыма 

Қысып байтақ көлемін!


Бұлты көшіп, самалы есіп, 

Тұр ғой толқып тамаша,

Боз көдесін келем кешіп, 

Гүлін терем балаша.


Дала менің есі-дертім, 

Көрсем көңіл жадырар, 

Сүйем оның азат көркін, 

Менде дала жаны бар.


Сол даланың сызы еді ғой 

Арқам алғаш тигені, 

Сол даланың қызы еді ғой 

Жүрек алғаш сүйгені.


Дала, дала, ұшан дала, 

Мен далада келемін. Алсам, 

əттең, құшағыма 

Қысып байтақ көлемін! –


деп, обалы не, сазға бөлей оқыдым. Əсіресе, «Сол даланың сызы еді ғой Арқам алғаш тигені, Сол даланың қызы еді ғой Жүрек алғаш сүйгені», – деген сазды жолдарды өз жүрегімді жарып шыққан өз жырым, өз сырымдай сағынышқа бөлеп, аса бір бөлек мəнермен айырықшалай оқысам керек. Өлеңді қаусырмалап дөңгелентіп өзара қауыштырып (қаусырып) тұрған басқы шумағын – бір, түйін райында қайталанар шумағын екінші бір дауыс ырғағымен орындадым. Қуан аға, əм қуанды, əм жабықты. Қуанатыны – өзек жарды перзенті – өлеңі оқырманын тапқаны, жабыққаны – жастай қасіретке ұшыраған əкеге деген сағыныш балалық, жастық шағы өткен далаға алып қашып тіпті мұңайтып жіберді-ау, шамасы. Үнсіз отырып қалды. Сыншы Төлеген де тым-тырыс. Мақтау дəметіп мен отырмын. Шіркін, балалық! Əнтек басын көтеріп алып, үнсіздікті сырбаз ақынның өзі бұзды: «Дала менің есіл-дертім емес», «есі-дертім».... Ішкі ағынмен құйылып келетін тұтас музыка дерлік өлеңнің ырғағы əрбір əріпке сүйеніп тұрарын, ақынның өлеңді солай сылдыраған ішкі үйлесім, өзгеше бір құйылысқа құрарын аңғарып, жанымнан бір əріпті қалай ғана қосып едім деп жабырқадым. «... бəрі-бір, айналайын, сені тапқан анаңнан!» – деді ақын аға. Деді де рюмкені қолға алды. Одан кейін...


Одан кейін Қуан ағаның «Қыз қуу» секілді төгіліп бір деммен туған, өн бойын мөймілдеген мөп-мөлдір сезім буған, ойнақы ырғақты тұтастай көз тұнар суретті құя салған өлеңін жатқа айттым. «Айттым» деген де қатқылдау сөз. «Қуан аға, өзі қалай оқыр еді?» – деген сұрауды іштей жұптап алып, ақынның баяу үнінен сəл жоғары алып, бірақ-бірақ жұмсақ дауыспен орындап шықтым.


Төрт өрме қамшы сарт етті, 

Арғымақ атқып жұлқынды. 

Жанары қыздың жалт етті.

Жарысып желмен ұмтылды.


Жігіт те шықты сыдырып, 

Орамал таңып басына. 

Жұмылған бейне жұдырық 

Жабысып ердің қасына.


Топылдап тиген тұяқтан 

Тозаңы жердің өрілді. 

Дүйім ел тұрып бұл жақтан 

Күледі гулеп көңілді.


Сырбай-ау, əне қарап бақ, 

Қуалай өрлеп даланы: 

Айтылмай жүрген махаббат 

Құйын боп ағып барады.

Бозбала сезімі болып төгілген, шынайы сезіммен егізқатар өрілген өлеңді біріміз оқып екіміз еліге тыңдап, сезімге шым бойлап, шын тереңдеп тебіреніп отырдық-ау сол бір сəттерде! Өзі де өлең-ақ қой, шіркін! Өлеңмен бірге сен де қыз қуған жігітке ілесіп жүйрік мініп шаба жөнелердей денең қызына ысынып, қимыл-қозғалысқа түсіп, ақырында əлгі көз алды толы сурет, көз алды толы желмен жарысқан сұлулықты, Марина Цветаева айтқандай, махаббатты сырт қызықтаушыға айналып, Сырбай ақынмен сыр бөлісіп аяқтайсың-ау, шіркін! Шіркін, өлеңбісің өлең ғой! Өлеңнің төресі ғой «Қыз қуу».


Жасырып қайтейін, ақын мен үшін бірнеше рет бокал көтерді. Төкең қырылдап ұстахана қасындағы көріктей ақынға жел береді, сөйтеді де дем береді. «Аққу əні» аталатын бірөңкей маржаннан түзілген моншақ сынды сылдыраған сазды жырлардан тұратын жыр жинағы болатын менде. Тіпті сызғыланған жинақтан да ақын өлеңдерін жарылай жатқа айтып, жарылай көз қиығын қыдырта отырып та оқып бердім өзіне.


Иінағашын асынып барады қыз, 

Арай шоғы ұялап анарына. 

Қарады дүз оянып, қарады құз 

Қос арудың тоғысқан ажарына –


секілді небір ғажап шумақтар ақтарылды.


Ақырында «Аққу əнін» қолына алып, бір парақтап өтіп, қолтаңба жазып қайырды өзіме! (Əттең ол кітап сақталмады.)


Ақшамды жамыратып екі сыйлас аға орнынан тұрды. Қуан ағаның қолы астында қағаз «майлыққа» жазылған бір жазба ағараңдап жатты үстел үстінде. Үлбіреген ақ қағазға (қағаз сүлгі) жазылған ол – ұлы Гетенің «Хафизге» аталатын өлеңінің тəржімасы екен. Тəржіме төгіліп түскен үлбірек қағазды ақырын көтеріп, аялап қарап, сыбырлап ақырын оқыдым.


Гетенің «Хафизге» аталатын өлеңін аударып, үстел үстіне тастап кетіпті.


«Əлі біткен жоқ» –деген сөз қиғаштала тартылған. ГЕТЕ (ұлы ақын есімінің асты екі рет сызылған.)

«Ой, жырдың жүрсің көгінде 

Ас пен той сенсіз тола ма! 

Кермек те тəтті өмірде, 

Бастай бер бізді молаңа. 

Құлбек!

Гетенің «Хафизу» деген өлеңінің соңғы шумағын таба алмай жүрген кезде осы шумақ Сіздің үйде келді.

Гонорар с меня!»

Тəржіма өлеңді блокноттың арасына салдым. Шарап буы мен мен өлең нуына бөккен күйімде дертіп отырмын. Беу-дүние!..

Қуан аға қолтума өлеңге ғана емес, телтума өлеңге де ақ еді, адал еді. Поэзия піріне қол тапсырған бекзат ақын төлтуманы да, телтуманы да өнер деп қарайтын еді, сабаз.

Күнделік-толғаныс 29 маусым.1984 ж.


Алматы!


Абай көшесінен түсіп Төлебаев бойымен төмен құлдилап келемін. Қойнымда кітап. Кітап от болып жандырады, шоқ болып қариды. Қуанышым қойныма сыймай асып-тасып келемін. Қуаныштың себебі де бар, əкедей əзіз Бейсекеңнің «Жылдар жемісі» (Жазушы 1984) кітабының авторлық данасын əкеле жатырмын. Асып-тасып, алшаңдай басып келемін. Кенет алдымнан Қуан ағаның шыға келгені. Қуандық Шаңғытбаев! Шамасы, бала кезден бірге өскен бақилық досы Тақаң – Тахауй Ақтановтың үйінен, Гүлшара жеңгейдің шəйін ішіп шығып келе жатқан беті болар.


– Ассалау, Қуан аға?

– Молда бол, Құлбек! Қайдан келесің жортып?

– «Жазушы» баспасынан келемін. Үйге!

– Е, айналайын, сен Бейсақаң үйінде тұрасың ғой.

– Иə.

– Ой, Бейсақаң əулие ғой, əулие!

– Əулие шалдың 80 жылдығына кітабы шығып, қуандырғалы келемін шалды.

– Өй, айналайын, əрекетіңнен. Əрекетіңнен берекет шыққан екен ғой.

Қоңырқай мата тысты кітапты мақтанышпен Қуан ағаның қолына ұстата салдым. Бейсекең кітабын көріп Қуан аға өз кітабы шыққаннан бетер қуанды. Қолына ұстап тұрып, əңгіме сабақтады:

– Бейсақаң əулие ғой. Қартайып қалды-ау.

– Қартайғаны өз алдына, бірнеше рет «өліп-тірілді».

– Басқасын білмеймін. Бір ерлігіне таң қаламын.

– Қай ерлігі? Ол кісіде ерлік көп.


– 1942 жылы. Мен 17 жастамын. Əбу Сəрсенбаев Бейсақаңа мені ертіп əкеліп таныстырды. Ол кісі мені жоқ жерден баспаға қызметке қабылдады. «Жоқ жерден» дейтін себебім, соғыс жүріп жатыр. Баспа қызметкерлері қысқара-қысқара ықшамдалып болған. Соған қарамай мені қызметке қабылдады ғой, Бейсақаң. Жағдай жасады.


Директорымыз Ахмет Өтеев деген ақымақ кісі. Бейсақаң арқасында «Біріккен баспа» қызмет істеп, өмір сүріп тұрды. Жабылып қалуы да мүмкін еді. Бейсақаң тістелесіп отырып алды. Баспада Мұхтар Əуезовтің «Абай» романынынң қолжазбасы бұрыннан жатады екен. Бейсақаң келгенше ол қолжазбаны қозғайтын кісі болмаған ғой, шамасы.


Бейсақаң келді де қолжазбаны алдырды. Латын əліп-биімен терілген екен. Мұқаңмен əңгімелесті.Орталық Комитеттің «Абай» романын шығармаңдар деген тапсырмасын жұқалап жеткізді. Бірақ, шығарамыз дегенді де аңғартты. Қатар-құрбы адамдарша еркін сөйлесті. Мұқаң келіп қолжазбасын алып кетті. Қолжазбасын қайта бір қарап берді. Бас редактор (Бейсақаң) қолжазбаға редактор етіп мені бекітті. Он жеті жасар бала ұлы шығармаға сөйтіп редактор болды. Бақылаушы – Бейсақаң. Бейсақаң қолжазбаның басылуын асықтырды, терілуін асықтырды. Енді ойласам, бір кедергіге кездесеміз бе деп қауіп қылады екен ғой.


Мені бір терімші əйелге тіркеп қойды. Келісім бойынша мен жұмыс уақыты біткен соң қолжазбаны əлгі терімші əйелге апарамын. Ол ешкімге көрсетпей «Абайды» тереді. Екі кісі біліп қалмасын деп тапсырған Бейсақаң. Бірі Орталық партия комитетінің секретары Мұхамеджан Əбдіхалықов та, екіншісі баспаның директоры Ахмет Өтеев. Кадр тапшылығына қарамастан қолжазба терімі тез болды. Күніге кешкілік күпəйкемнің ішіне қолжазбаны тығып алып барамын да əлгі əйелге беремін. Өзім басында қылқиып отырамын. Терілгенінше қолжазбаны да, терімді де алып түн жарымында күпəйкемнің ішіне тығып Бейсақаңның үйіне тартамын. Тіпті түн жарымы болса да. Бейсақаң əлгі терімді оқуға отырады, мен Меңжамал жеңгемнің сорпа-суанына отырамын. Жеңгей ұйықтап қалса маған тамақты Шолпан ысытып бере қояды. Шолпан ол кезде тұлымшағы желбіреген оқушы қыз. Кітаптың терілімін асықтырған Бейсақаң алабұртып оның кітап болып басылуын да барынша тездетті. Кітап басушыларға жалынған күндері де болды. «Абай» кітап болып басылып жатқанда Бейсақаң екеуміз кітап жайлы рецензия жазып даярлай бастадық...


Ол кезде мен Бейсақаңның неге жанұшырып жүргенін жете түсінбеген сияқтымын. Баламын ғой енді. Осы күні Бейсақаңның сол «Абай» романы үшін басын бəйгеге тігіп жанұшырып жүргенін көз алдыма елестетсем зəрем зəр түбіне кете жаздайды. Өзің ойлашы, Құлбекжан, «Абай» романын шығармаңдар деп тапсырма берген кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Скворцовтың өзі екен ғой. Мас-қа-ра!


Кітап шықты. Өте тез басылып шықты. Бейсақаң мені ертіп алды. Кітап қолымызда. Сов. миннің ауруханасына келдік. Есіктен кіргізбеді. «Карантин» екен. «Мұхтар Əуезов балконға шықсын» 


– деп хабар жіберді Бейсақаң. Палатасының тұсына келдік. Іштен Мұқаң шықты. Үстінде аурухана халаты. Біз кітапты көрсеттік.


– Мұха «Абай» жарыққа шықты... Бейсақаң дауысы біртүрлі дірілдеп хабарлады.

Мұқаң қуанғаннан балконнан жерге домалап түсе жаздады. Жарықтық.

Қайта-қайта:

– Екеуіңнен де айналайын-дей береді. Өмірі күлмейтін кісі, жадырай өте қызық күледі. Əрі-беріден кейін көзіне жас алды. Кемсеңдеп кетті. Ұлы адам сол жолы керемет қуанған еді.

«Абайды» көркемдеген Урманче. Мəскеуден эвакуациямен ығысып келген жас жігіт еді. Тамаша суретші болатын.

«Сүйінші данасы» келмей тұрып, «Қазақ өмірінің энциклопедия-сы» атап жазған мақаламыз «Социалистік Қазақстанда» «Абай» деген атпен жарқ ете қалды.Мақала жарық көргенге дейін «Абай» романының жарыққа шыққанын пенде баласы білген жоқ. Содан кейін не болды дейсің ғой?


Бейсақаңды əкімдер жүндей түтті. Көріп жүрдік, жоғары жақтан жылағандай болып, оралатын. Бірақ, іште қуаныш бар.


Бейсақаң ұзамай арыз жазып апарды. «Босатпапты.» Өздері күн бермейді. Арыз жазуға мəжбүрлейді. Арыз жазып апарса «босатпайды». Бейсақаңның Москвадан келгенінен сақтанады. Тағы арыз жазды. Ақыры қызметтен босады. Сөйтіп Бейсақаң «Абай» романы үшін қызметтен босаған. Оған Мұқаңнан өзге өкінген кісі болған жоқ. Қайта көп қазақ «Кенжебаевты сүріндірдік» деп қуанысты. Кітаптың шығуына тікелей «кінəлі» Кенжебаевты былай қойып, біздің мақаламызды басқан тілекші Бəйдібек Əлимановты «Социалистік Қазақстаннан» қызметтен шығарып жіберген ғой...


Мен баспада істеген кезде Бейсақаңның бір баласы болып кеттім. Бейсақаңның үйінде жүремін. Шыңғыс пен Шолпан туған інім мен қарындасымдай.


– Шолпанға жазып сыйлаған мөлдіреген бозбала шағыңыздың фото сүгіреті бар бізде.

– Ой, Тахауй! Сен архивсің ғой өзің. Осы, көптен көрмедім, Шыңғыс пен Шолпан бар ма?

– Бар болғанда қандай?!


– Бар болсын, айналайындар! Бейсақаң кеткен соң баспада сəн қалмады. Ақын мұңайды. – Мен Ақтөбеге жол тарттым Нұрпейіс Байғанинге секретарь болып.

– Ақтөбеден атаңызды жамандап Сəбит Мұқановқа талай хат жаздыңыз?

– Əй, қой Тахауй. Сен оны қайдан білесің? Хат жазғаным рас-ты. Жамандап қойыппын ба, жарықтықты?

– Аздап... Есесіне «Нарғыз» аталатын жыр жинағына қатырып тұрып алғысөз жаздыңыз ғой кейін. «Қайдан білесің?» – дейсіз, алдыңызда «Сəбит Мұқановтың мемориальдық музей-үйінің» қызметкері тұрған жоқ па?

– Ə, ə.

Əңгіме қызық. Əрі недəуір ұзағалы тұр. Менің Бейсекеңнен жаным тынбай барады. Ұсыныс жасадым.

– Қуан аға – дедім, – Онда Сіз Ақтөбеге кетіп қалмай тұрғанда (Қуан ағаның ұзамай Ақтөбеге қуылғанын Бейсекеңнен естіген-мін. Соны меңзеймін). Бейсекеңнің үйіне барайық. Бірге отырып əңгімелесейік. Ол кісі қуанып қалады.

– Үлкен кісіні əурелеп қайтеміз.

– Əуре болмайды. Сізді көріп бір жасап қалары сөзсіз.

– Сəлем бермегелі де біраз болып еді. Жарайды онда.

Екеуміз үйге келдік.


Бейсекеңді құшағына қысып амандасты Қуан аға. Құшақтап біраз тұрды. (екеуі де көзіне жас алды.) Дастархан басына үйірілдік. Хал-ахуал сұрасып жатыр екі қария. Шəй келді. Пəйімен келді. Бейсекең алдында қарағай иісі тарамаған «Жылдар жемісі». Сүйінші данасы. Бейсекең балаша қуанды. Көзіне жас алды. Тіпті кемсеңдеп кетті.


Шəй ішіп отырып:

– Қуан аға, Гетенің «Хафизге» – аталатын өлеңінің қаламақысын маған уəде етіп, бірақ бермей кеттіңіз ғой – дедім қалжыңдап, əңгіме арнасын басқа жаққа қарай бұрайын деп.

– Əй, Тахауй мен кісіге қарыз болғанды жаратпаймын. Ол не қарыз, құлдығым?

Ақынның 1981 жылы 31 тамызда Ақтөбе көшесі 51-нші үйдің бақшасында отырып сулыққа жазған жазбасын оқыдым.

– Ойбай-ау, мен оны ұмытып кетіппін ғой. Кербез ақын қалтасына қол салып қызыл құлақтардан бірнешеуін алып ұсынды. Мен бас тарттым, əрине.

– Ей, Тахауй сен оның бəрін қалай жаттап жүрсің?

– Жаттап жүргем жоқ, сақтап жүрмін, Қуан аға!


Лып етіп орнымнан көтеріліп барып «Қуандық Шаңғытбаев» деген жуан буманы алып келдім. Өлең жазылған блокнот пен үлбірек қағазды алып ақынның алдына тастадым.Ақын аң-таң. Өз өлеңін, тəржімасын, Ақтөбеден жазған хаттарын өзі көріп таңырқап отыр. «Мынауың сұмдық екен!» – деп қояды.

– Бізде «Ар» аталатын жинағыңыздың екі түрлі басылымы да сақтаулы. Бірі – М.Əуезовтің алғысөзімен, келесісі алғысөзсіз...

– А?..Қойшы-ей Тахауй?

– Рас.

Кабинеттен «Ар» кітабының 1943 жəне 1945 жылғы екі басылымын алып келдім.

...Ақын таңырқап отыр. Ойланып отыр, ақын!

– Бұл кітап Бейсақаңдікі! Шығарған да, Əуезовке алғысөз жаздырған да Бейсақаң.

– Қалайша?

– Егер, Бейсақаң сақтаған «Ардың» Əуезовтің алғысөзі бар нұсқасын маған қисаң, айтайын.

– Алдымен сыр-сандықты ақи-тақи ашыңыз.

Сырға қансам кітапты беруге уəде етейін. Айтарымды айтып қалып Бейсекеңе қарадым. Кітап сол кісінің кітабы. Сарымайдай сақтап келеді.

– Бер кітапты, айналайын, бер! Бейсекең риза!

– Онда былай, Тахауй. Каз ОГИЗ-дің бас редакторы. (Бейсекең. Қ.Е.) Маған «Кітабыңды шығарып берейін. Қолжазбаңды дайында!»

– деді. Мен жылдам дайындадым. Оқып шыққан Бейсақаң телефон тере бастады. «Мұқа, Қуандықтың өлең кітабы шықпақ еді. Соған алғысөз жазып берсеңіз!» Əрі қарай мені мақтап ала жөнелді. Қысылып мен тұрмын. «Екі көзім атыздай...»

Мұқаң қолжазбаны бір түнде оқып «Алғысөз» жазып əкелді. Сол «Алғысөз» қолжазбаны үш жыл ұстады. ЛКСМ Орталық Комитетінің сол кезгі секретары соңыма түсті. Кейін мəшиненің ішіне ит байлап жүретін болған. Сəкеннен жауап алған ит еді ғой ол.

– Сізге бір хат оқып берейін. Сонан соң бір сұрау қоямын.

– Оқи ғой.

« 20/х-43.г.


Бисақа!


Саламат келіп түстім. Ел де аман.

Əзір ешнəрсеге кірісе қойғаным жоқ. Бірақ, «Менің достарым» деген роман бастаймын ғой деймін. «Махаббаттың» көп оқиғасын «Достарға» қарызға əперем бе деймін. Ал, Бисақа, менің «Жүрегім» жатыр ма? Қашан шықпақ? Под. листісі келді ме?

Хабарын жаздырғайсыз. Сəлеммен – Сіздің Қуандығыңыз.

Г.Актюбинск, Карла Либкнехта, 146»


Осындағы «Жүрегім» дегеніңіз не? «Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» (Қ.Мырзəлиев) дегендей, жырларыңызды айтып отырсыз ба?

– Е, бала, бала, ол менің өлген кітабымның аты.

– Қалайша?

– Сабыр, сабыр. Əлгі менің «Ар» жинағым бар емес пе? Міне, сол кітаптың алғашқы атауы – «Менің жүрегім» болатын.

– Ə, өзгерткен екенсіз ғой.

– Мен өзгертпедім. Романтикаға толы жастық шақ қой. «Менің жүрегім», «Менің махаббатым», «Менің достарым» аталатын дүниелер жазбақ болғам.

– Енді?

– Енді? Бейсақаң алды да «Ар» деп өзгертті де салды. Əйтпесе, əуел баста Мұқаңа алғысөзге берілген кезінде қолжазбада санаулы ғана өлең бар. Жинақтың аты да жоқ болатын қолжазбада.

– Е, е, солай деңіз, Қуан аға?!

– Жұқа жинағымды алдымен алып оқып жүрген де, Мұқаңа алғысөзге берген де, кейін қайта жазғандай өңдеткен де Бейсақаң. Міне, өзі отыр ғой. Е, онда «Едіге» туралы да өлең болатын.

– Өңдету үшін жинағыңызды Бейсекең ұстап отырды ма шығармай?

– Жо-жоқ, тіпті де олай емес. «Абай» романына редактор болғаным бар, «ұлтшыл Бейсембай Кенжебаевтың құйыршығы» деген қаңқуды қос оған. Енді келіп, бас ұлтшыл жас ұлтшылдың өлең жинағына алғысөз жазады. Рас, Мұқаң «Едігенің» монологын айналып өтіпті алғысөзінде. Соған қарамай жұрт мені бас салды түтіп жіберердей. Солай балақай, Мұқаңның менің жинағыма алғысөз жазуы – Бейсақаңның арқасы. Кітабымның жарыққа шықпай қалуы

– Мұқаңның алғысөзінің «арқасы.»

– Онда Сіздің Ақтөбеден жазған екінші хатыңызды оқиын.

– Ондайың да бар ма?

«Бисеке!

Сау-саламат барсыз ба? Апайдың, балалардың дені сау ма?

Мен де есен-сау жүріп жатырмын. Халым жаман емес. Жазамын. Оқыймын.

Бірақ, Сіздің əулиелігіңіз мені таң қалдырады. Сіздің айтқаныңыз дұрыс болып шықты.

Ал, Бисеке, менің кітабым не болды? А. жоқта жіберіп қойсаң-ызшы, аға жан-ау. Алаң болып жүрмін-ау, алаң болып жүрмін.

Неге хат жазбайсыз? Менің кітабым туралы қазір ана қаламды алып телеграмма беріңізші маған. Жалынам, өтінем, болмаса, өкпелеймін.

Кеше Сіздің Ахметтің кітабы туралы жазғаныңызды оқып, қуанып қалдым. Тамаша жазылған, пікір айтыпсыз. Ырзамын. Кітап бірақ əлі келген жоқ. Жаңа кітаптарыңыздан жіберіңізші.

Телеграмманы ұмытпаңыз.

Əлі көп етіп, ойдағыны айтып, хат жазамын. Сағынышты сəлеммен – Сіздің Қуандығыңыз.

30/VІ-43.

Адресім. Актюбинск, Карла Либкнехта, 146».

– Осындағы Бейсекеңнің Сіз табынып отырған «əулиелігінің» мəнісі не? «А. жоқта жіберіп қойсаңызшы, аға жан-ау»-ды қалай түсінеміз?


– Əй, сен Тахауй мені тергеуге кіріскеннің қай жағындасың? Ана «А...» Ахмет Өтеев. Баспаның директоры. Оңбаған кісі еді. Бейсақа солай ма? Ол біздің жасырып «Абай» романын шығарғанымызды кешпеді. Романның жарыққа шыққанын білмей қапы қалған ол менің соңыма шам алып түсті. Ахмет Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцовқа «М.Əуезовтің «Абай» романы шықпайтын болды. Құрттық!» – деп рапорт берген директор ғой. Бейшара еді.


Бейсақаң «əулиелігі» мынадай: менің Ақтөбеге кетуіме Бейсақаң қарсы болды. Алматыдан ешқайда кетпе – деді. Бір күн өтер. Соғыс та тоқтар. Тіпті мені Ленинградтан эвакуациямен ығысып келіп, Қадыр Хасановтың үйінде бір бөлмесін алып тұрып жатқан С.Е.Маловқа алып барып таныстырды. Малов арқылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына да түстім ғой мен. Ақтөбеге барма-дейді Бейсақаң.Барған соң əкеңді білетіндер, өз ағайындарың сені көзтүрткі етеді, тіпті ГПУ-ға көрсетеді. Өлең адыра қалып, басыңмен қайғы болып кетесің – деген. Ең басты бір мəселе бар. (Ақын жан-жағына қарап алаңдап қойды.) Бернияз туралы тапсырма берген ғой, Бейсақаң! Екеуіміз бірлесіп Бернияз Көлеевтің шайырлық өнерін зерттемекші едік... О, көп қой, мəселе. Мен Бейсақаңды тыңдамай Ақтөбеге кетіп қалдым. Бейсақаңның айтқаны келді. Шайырлық қалды. Сенімсіздік деген пəлеге ұшырадым. Қайғы-мұң басты мені...


– Е,е сені мен Мағжан болады деп күтіп едім... Бейсекең кемсеңдеп кетті. Қуан аға əбіржіді.


...«Айтсам ба, айтпасам ба?» – деген оймен аз-кем тоқталып барып «Маған Бейсекең Мағжанның жалғасы болуға тиіссің» – деген қадап. Мені Зылиха шешейге жолықтырған. Сол сенімнің бірін де орындай алмадым ғой мен. (Зылиха шешемізді бұдан сəл бұрын үйге келген бейшара татар кемпір кейпінде көзге елестетіп мен отырмын.)


Қуан аға отырып қалды. Бейсекең үнсіз. «Дəрімді əкелші» – деді Бейсекең. «Клофелин» дəрісін əкеліп бердім. Бір таблеткасын жұтты.


– Сіздің жасыңызда, біздің жасымызда «таблеткасыз» да болмас.

– Е, қойшы, сен баласың ғой, Қуандық.

– Балалықтан Алла-тағалам айырмасын. Сіз аман тұрғанда баламын. Ақын биязы жымиды. Сөйтті де бокал толы шарабын жоғары көтерді. Мен ілестім...

Мен сөз арасында «арақ» деп қалдым. «Шараф» деп түзеді ақын. «Шараф»! «Ф» қарпіне салмақ сала сөйледі.

Қуан аға əңгімесін жалғады.

– Ей, Тахауй, сен менің Омар Һəйəм аудармашысы екенімді білесің

бе?

– Білгенде қандай? «Бəһра үлгі» (М.Əлімбаев бағасы) емес пе?!

– деп қалдым.

– Білсең, мені Омар Һəйəммен таныстырған да, табыстырған да Бейсақаң. Оны білесің бе сен?

– Оллаһи білмедім, оллаһи!

Сұлуды қанша сүйсем, көпсінбеймін,

Өмірім шарап ішіп өтсін, деймін.

Күнаңды құдай кешер! – дейді маған, – Кешпесін, керегі жоқ, кештірмеймін! Мен өлеңдеттім.


Ақын саусағын жоғары көтерді. «Сен рубайдың бұрынғы вариантын оқыдың. «Өмірім шарап ішіп өтсін, – деймін» деген жолды мен кейін қайта сөйлеткем. Өмірді шарапқа арнап жібергендей етпейін деп... Қазіргі нұсқа «Шараппен өмір шалқып өтсін, деймін.» Ақын «білдің бе?» дегендей сұқ саусағын əуеге қайта бір іліп, ақырын түсірді.Сабасына түсіп əңгімесін жалғады.


– «Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасында» істеп жүргенде үйіне келіп жатамын. Бейсақаң əңгіме арасында «Қуандық мына кітапты қарашы. Шығыста Омар Һəйəмнан (Ақын саусағын көкке қарап шошайтты. «Біреулер Омар Хайям» – дейді. Онысы дұрыс емес. Дұрысы «Һəйəм» – деді де əңгімесін əрі жалғады.) асқан лирик жоқ. Осыны аударсаң қайтеді? Оқып көрші– деп маған шағын кітап берді. Ол иран тілінен орыс тіліне Румер тəржімалаған өлең кітабы екен.Бəрі де содан басталды.Бəріне «кінəлі» Бейсақаң.


– Осындағы шарапты ана жылы Брагинский «поэтикалық код» деген. Бейсекең бір ауыз сөз қосты.


– О, мен əкемнен көрмеген жақсылықты көрдім ғой Бейсақаңнан. Қуан ағаның кəдімгідей көңілі босап қоя берді. Мен сасқалақтадым. Шарапқа жүгіндім. «Ұлы ақын Қуандық Шаңғытбаевтың денсаулығы үшін!».Ұстазым Зейнолла Қабдоловтың мəнеріне салғаным...


Алып кеп жібердім. Тіпті орнымнан тұрып алдым рюмкедегі арағы құрғырды. Байқамаппын. Ақын «алмай» қойды.


– Əдепсіздік жасадың, Құлбекжан!

– О, неге, Қуан аға? О, неге? Мен сасқалақтадым.

– Бейсақаңдай ағам отырған жерде мен жайында тост көтеріп...


Жо, жоқ. Ол əдепсіздік болады. Одан да Бейсақаңды баладай бəйек болып күтіп жүрген Сен жəне Баян келін үшін, то-есть келін мен сен үшін көтеремін! Мен жесір шалмын. Жесір шал күтудің оңай емесін мен өзімнен білемін.


– Қуандық, маған да құйшы. Сөзің ақылды шықты. Балам мен келінім үшін мен де аздап қана... Бейсекең қосылды қатарға. Шамасы кезінде өзі сейіс болып тəрбиелеген тайы тұлпарға айналып айналасынан шауып өтіп бара жатқан сəтте дүбірге шыдамады білем. Һəм бізге ризалығы шығар, жарықтықтың!


Қуандық Шаңғытбаев Алексей Толстоймен үш кездесуін əңгіме-леді. Ақтөбе обкомының үшінші хатшысы Куприянов т.б. кісілер жайында əңгіме өрбіді. (Мен бұл жазбаларды есіме еміс-еміс қана түсіремін. Ақтөбеде 101 ұлттық бригаданың жасақталуы. Оған Қуандық ағаның Нұрпейіс Байғанинді алып баруы. Нұрпейіс Байғаниннің командирге қамшы беруі. «Осымен жауды қойдай қу» – деп тапсыруы. т.б. Бірақ сол кезде күнделік дəптерге толық түспегендіктен долбарға барғым келмей отыр. Обалсынамын.)


Неге екені есімде жоқ, əдеби сында əңгіме бола бермейтін «Мен – қазақ» аталатын өлеңін оқыдым.


Мен – қазақ!

 Тал бойымда – қазақ қаны, 

Кеудемде – мейірбанды қазақ жаны; 

Салдыратып сар белінде Сарыарқаның 

Жаңғыртып салған əнім – қазақ əні.


Мен – қазақ! 

Жалқы емеспін, сүйеуім бар, 

Ағайын, нағашым бар, жиенім бар, 

Қандасым, жандасым көп жүз халықта, 

Бəрінен келінім бар, күйеуім бар.


Мен – қазақ! 

Қымбат маған бабам жері, 

Тырналар қиқу салған самал көгі, 

Бедер жоқ айдынында айнадайын 

Ақ алқа айналайын шаған көлі,

Алатау, Ақ Жайықтың қалың нуы, 

Қария Қара Ертістің ағын суы. 

Ыстық қой қона кетер көкейіме 

Ордалы ормандардың сарын-шуы.

Жұтқанда жанға дауа желім ыстық, 

Қиырсыз Бетпақдала шөлім ыстық, 

Шаңғытып шаңдағында шапқан талай 

Боз дария бетегелі белім ыстық.

Сен десем, туған елім, бар ма тағат! 

Өзің деп өтіп жатыр барша сағат. 

Білемін сынамал дос бауырыңды, 

Жауыңды кеткен талай аңша талап.

Ойқастап құба жонда салған сүрен, 

Азнатып толқын жалды мінген күрең 

Білемін ел қорғаған ерлеріңді, 

Мақтан ғып есімдерін елеп жүрем.

Арқада аққан сел боп жасты білем, 

Шұбырған ақ табан боп ашты білем, 

Қан иісі қолқаны атып, Аңрақайда 

Жер қапқан атанəкес қасты білем.

...Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ 

Сүйемін жерімді абат, елімді азат. 

Жолыңа жаным пида, тума мекен, 

Бір саған бағышталған пейіл таза-ақ.

Орыстың орманында, қан майданда 

Қаһарман кəрі дəстүр қалған жайда 

Мен сені жүрмін қорғап аждаһадан...

Перзентің сəл қартайып қалғандай да.

Ел даңқы, 

Көсем-Отан – жаныма пір. 

Сене бер түспек емес арыма кір. 

Біздерге кездесу жоқ дұшпан барда, 

Байтағым, барғанымша сағына тұр.

Мен – солдат, тағдыр тартқан сыбағам сол, 

Түн қатып жүрмін, намыс сынаған соң. 

Аяма ақ батаңды, асыл елім, 

Арманым – бақыт қана, сұраман сор.

Бұл кездің дəстүр-даңқын ғасыр жаттар, 

Жə, хайыр, жазық жайлау, жасыл бақтар. 

От барда өзегімде өтем сен деп, 

Туған ел, мен қазақпын атыңды ақтар.


Қуан ағаның осы өлеңін кітаптан оқып алдымен сонау қырқыншы жылдары қорықпай, бұқпай осындай өлең жазғанына сүйсінетінімді, өлеңнен романтик ақын Абдолла Жұмағалиев əсерін, əмсе Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасының ықпалы бар-ау дегендей ой айтып, Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасына тіреліп тоқтадым. Жұбан аға поэмасынан бір-ер шумақты жатқа оқығынымды қайтерсің. Білгішсіндім. Ақын өлеңі қырқыншы жылдары жазылған. Қалғаны кейін туған туындылар. Білмегім осының сыры... Кім-кімнен?... «Абад», «атанəкес» секілді тілдік қолданыстардың жайы?...


Ақын анадан туғандай балбырап жайылып отыр. Кенет Бейсекең өлең оқысын:

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын, 

Ұранға Алаш деген атты аламын. 

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, 

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?


Ерікті ен даланың құсынша ұшып, 

Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп. 

Сен құсап сармасадай ілбиткен жоқ, 

Қаланың көшесінде жоқтық қысып.


Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық, 

Арасын қоныс қылдым ірге жайып. 

Елім, жерім, қорғайтын ерім болып, 

Ер жеттім ен далада лықа байып.


Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен, 

Бір кезде Европаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып, 

Күнбатыс, Күншығысқа əмірі жеткен.


Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына, 

Талай царь, талай князь тəжім еткен. 

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын, 

Ұранға Алаш деген атты аламын,


Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, 

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!


Екіленіп өлең оқыған Бейсекең көзі шапыраштанып барып, айбарланып барып тоқтады. Біле бермейтін өлеңнен. Аңырып екі шалдың аузына қарадым. Қуан аға көзі шырадай жанып арқаланып отыр. Кенет рюмкесін жоғары көтерді. – Сұлтанмахмудтың əруағынан айналайын. Оны жауға бермей даудан басы екі елі ажырамай келе жатқан Бейсақаң үшін. Міне, саған жауап, Тахауй!


Қуан аға рюмке көтерді. Мен ілестім. Бейсекең қалыс. Сырқат. Бейсекең жыламсырады. Сырқаттың əсері.


Қуан аға əңгімесін сабақтады.


– Соғыс жылдарында Бейсақаң үйінде жаттым дедім ғой. Сонда маған Сұлтанмахмудтың (Ол осылай атады ақынды.) 1933 жылғы латынша басылған бір кітабын берді. Ой, от қой ол, от қой! Онда ақынның «Айтыс» аталатын поэмасы бар екен. Сұмдық сүйіп оқыдым. Менің де, Жұбанның да, бəлкім Қаскеңнің де трамплині осы – «Айтыс». Өкінем. «Айтыс» қайтып басылмай кетті.


– Қайдан басылсын Сəбит, Қажым, Ысқақ бəрі қарсы? Шал шашалды. Ыза буды шамасы. Əдебиетте көп-көп еңбегі бар аты аталған үш кісіні біраз жерге апарып тастады екі шал... Сəбитке келгенде ішімді жиып мен отырмын. Үлкенді тыңдамақ парыздың құлына айналып...


– Сен мен көздеген межеге жете алмадың, Қуандық – деді Бейсекең басын əнтек көтеріп. – Мен көздеген меже қайда биік еді, басқа еді. Рас сен саясатты тым жалаң жырламадың. Жырладың бірақ. Рас сен əдебиеттен оңай олжа табуға қызықпадың. Бірақ, уақыттың алдында отырмын деп өзіңді-өзің алдарқаттың. Шынында кей мəселеде сен уақыттан қалып қойдың. Сен Мағжан мен Сұлтанмахмұттың жазылмаған жыры емес пе едің? Сен Бернияздың, Ғұбайдолла жырының жалғасы емес пе едің? Қайда, солар, қайда солар?! Мен сенің алғашқы адымыңдағы өлеңдеріңнен соларды көрген жоқ па едім? Соларды жалғадым деп ойлайсың ба?!


Сенің өлеңдеріңді мына Құлбек жақсы көреді. Несіне жақсы көретінін білмеймін. Өлеңдеріңнің əлеуметтік жүгі жеңіл. Мағжан сазын ұстадың, бірақ тереңіне тереңдей алған жоқсың.


...Бейсекең қазымырланып барады. Қуандық шəкірт баладай бұға түскен. Ақынды тығырықтан шығару қажет болды.

– Ойнаған жоқпын мен бірақ 

Өлеңмен оңай сайқалдай, 

Сондықтан кейде солбырап,

Тасада қалдым байқалмай – деп ақын өлеңін орта жолдан қосылып соғып кеп жібердім.

– Пəлі, сен немене атаққа бола ақын болып жүрмісің? Рас кейде өз мүмкіндігінен жоғары танылып, туған елдің, шет елдің зияфатын көріп жататын ақын-жазушылар болады. Атағы жоқ деп Абайды мойындамай қоямыз ба, қайтеміз?!

Өзің өлеңдерін тəржімалап жүрген Омар һəйəмда да жоқ атақ. Мадияр Шандор Петефи, Сұлтанмахмұт сияқты жақсы ақын. Бірақ, елінде Шандор Петефиден де жоғары тұрған ақын болған. (Оның кім екенін күні бүгінге дейін білмей келемін.Қ.Е.)

Бірсыпыра жай – қазақ оқырманына да байланысты. Күрделі əдебиетті қабылдай бермейді бүгінгі оқырман. Ал, даңғыраған түбі түскен шелек секілді өлеңдерді тəуір көреді. Өзің білесің, кезінде Тайырдай дабыра ақын болған жоқ қой қазақта. Қазір қайда, сол Тайыр? Дабыра мақтауды малданбай, есін жисын, ойлансын деген оймен кезінде мен Тайырды қаттырақ сынағанмын. Кең отырып кеңесудің орнына Мұқаңа барып шағымданып, Сəбитке барып, шағыстырып, екеуміздің арамызға от жақты. Қанша даңқты дегенімізбен көп ақын тарихта қалмайды. Тарих ешкімге ойыншық емес қой. Ал, сен қаласың Қуандық. Сенің өлеңдерің – сұлу, сенің тілің мəйекті. Шығыс əдебиетінің тіл өрнегін табиғиландырып тəуір қолданасың. Сен өз өлеңдерің арқылы қазақ тілін байытып жүрген ақынсың. Өзіңді күт! Халқыңа керексің Қуандық!

Қанабек қандай дарынды еді. Арақ қой оны құртқан. Бірге пьса жаздыңдар. Дұрыс-ау. Уақытыңның біразы екеуіңнің бірге пьеса

жазғаныңнан гөрі бірге ішуге кеткен жоқ па? Оны түсінемін, Күлəштай ұлы жарын жоғалту оңай емес еді. Сенде де бар ондай жағдай...

...Ол екіленіп барып басылды...

Мен сейілту үшін Қуан ағаның өлеңдерін оқып кеп жіберемін. Нұр қағып күннің көзінен, Жұлдызды жұлқып үздім мен.

Қазақтың гауһар сөзінен Өлеңнің зерін ыздым мен!

Қуан аға қалыпты. Бейсекең көңілі сейдін. Алайда, сəл жадырап қайта түнереді. Шамасы, сырқаттың мінезі...Əйтпесе, Қуандық баласына дəн риза. Жайшылықта мақтап отырар шал бүгін қыңырайып отыр. Өзімсінгені. Мен де қарап отырмай ақынның өзін-өзі бағалауы формасында туған өлеңдерін оқып, ақынды ұстап бергендеймін бе, қалай? Тағы бір өлеңін оқыдым.

Екеуі бірдей жымиды. Қарт жібіді, ақын насаттанды.

– Бисақа əке десем де жарасар, аға десем аузым толар жүдə. Өз басым Сізге дəн риза. Үйіңізде жүрдім соғыс жылдарында. Тұла бойы тұңғыш кітабыма Мұхтар Əуезовтей ұлы адамның ақ батасын алып бердіңіз. Əрине, Сəкем алғысөзді қырықтырып тастады. Ахмет Өтеев «боғын пышақтады» жарыққа шығып кеткен кітапты көріп. Омар һəямның кітабын сыйладыңыз. Менің қойған атым «Менің жүрегім» болатын. «Ар» атадыңыз да бүкіл ақындық бағытымды арналандырып жібердіңіз. Одан кейін нашар өлең жазуға Сізден қорықтым Бисақа. Омар һаямды тəржімалауды сол кезде бастап едім, əлі аяғына жете алмай келемін. Сонда Сізге мен бүкіл тағдырыммен қарыздар болмағанда қайтемін?! Ей, құй Тақауй!


Мен рюмкені толтыра құйдым.


– Толтырмай құй, Тақауй! Бұл Омар һəям жырлаған шараф. Оны маскүнемдерше ернеулетіп ішпей, сəнге айналдырып əдемі ішуіміз керек. Тем более, Бисақаң денсаулығы үшін. Мен де шыңжаулаумын аға, мен де жетіммін аға! Бірақ, Сіз алдымда аман жүрсеңіз жетімдігім білінбес аға! Тартып жіберейік, Тақауй!


– Алматы маған ұнамайды. Аралға кетемін – деді Қуан аға ендігі бір кезекте.

– Арал тұрғындары Алматыға көшіп келіп жатыр Қуан аға – дедім мен.

Ағай екеуі əйел мəселесін еркін əңгімелесті. «Келіншек əперейік, аға», «Менің жасым асты. Өзің ал келіншекті. Бұлай жүрме» секілді болып келіп жатыр екеуара əңгіме. Тыңдап қана отырмын.

– Қуандық, менің жататын уақытым болды. Бейсекең қолсағатына қарады.

Əлсіз жанарымен үңіліп қарады. Сөйтті де орнынан тұрып таяғына сүйеніп, бір аяғын сүйрете басып үйдің ішінде əрлі-берлі жүре бастады.

Қуан аға да орнынан тұрып, ағасын қолтығынан алды.

– Жоқ, өзім...өзім жүремін. Сен Құлбек екеуің əңгімелесе беріңдер – деді.

Бейсекең. (Жатар алдында кең залда жарты сағаттай жүретіні бар. Оны еш уақытта бұзған емес).

Шəй ішілді. Пəйі жəне бар. Мені əңгіме əуезі əлдиледі. Байқамай да қалыппын. Ақын орнынан көтерілді. Қайтуға ыңғайланғаны. Ыңғайланған Қуандық бір тізерлей отырып Бейсекеңнің түйежүн жадағайының етегінен алып маңдайына тигізді.«Тəбəрік қой!» – деді сосын орнынан тұрып жатып. Бейсекең ыңғайсызданып қалды. Таяғымен жасқаған болды. «Қой, əй Қуандық, қой əрі...» «Бейсақа аман тұрыңыз!» «Аман бол, Қуандық!» Құшақ ажырады.


«Бейсақаңның да сəби болған кезі» – деді сосын Қуандық аға маған қарап.


Такси шақыртып Қуан ағаны үйіне шығарып салдым. Үйіне жеткізіп салғым келген, ақын қарсы болды. «Бейсақаң іздеп қалады» Таксиге отырған ақын жүріп кетті.


Ағайды сүйемелдеп кереуетіне жатқыздым.

– Қуандық балаңыз қандай ақын, аға?

– Е, ол кербез ақын. Аз жазады. Көркем жазады.

– Сынап жіберген жоқсыз ба?

– Сынасам, өз балам. «Анасы тепкен құлынның еті ауырмайды...» Ақынның төресі еді ғой. Өлеңдерін оқығанда Мағжанның өлеңдерін оқығандай болғанмын. Əттең...

– Не, əттең?

– Қуандық ана бір жылдары Қанабекпен бірігіп пьса жазды. Сол жылдары көп ішті. Ол Қанабектің Күлəштан қапияда айырылып араққа салынған қапалы кезі болатын. Қуандықты да ішкілік құртты...

Əйтпесе, қандай дарынды бала.

– Қайырлы түн, аға!

– Қайырлы түн, қайырлы түн, айналайын!


ЭПИЛОГ 

Бейсекең бақилық. Оған да бірсыпыра уақыт. Қуан ағаға бір жолыққанда «Ағаңыз жайында естелік жазып беріңіз»– деп қиылдым. Жо-жоқ... Қиылған жоқпын. Міндеттей сөйледім. Еркелегенім болар, шамасы. Бейсекеңе деген сағыныш та бар. Əрі асығулымын. Бейсекең көп жасаған кісі. Үлгеріп естелік жаздырып алмасам, замандастары кəрі ағаштай морт-морт сынып өмірден өтіп жатыр. Қуан аға да жас емес. Жасамыс. «Жазамын. Бейсақаң жайында естелік жазбағанда ше?!» Ұзатпай естелік мақала жазып берді. Естелігіне «Ағаның жақсылығы (Бейсембай Кенжебаев жəне «Абай» романы, есте қалғандар)» деген есім беріпті.( Қолжазбасы менде сақтаулы). Ақын естелігін əрі оқып-бері оқып, сүйсініп оқып атын «Абай» романы қалай жарық көрген еді?» атап өзгерттім. Қуан аға естелік мақала-сын «Егемен Қазақстанға» апарып бердім. Естелік газеттің 1992 жылғы 21 тамыздағы номерінде жарық көрді. Оған дейін дəл осындай атаумен жазған мақаламның атын «Абай» романы былай жарық көрген...» деген атпен «Қазақстан – Заман» газетіне ұсындым.

Ақынмен жиі хабарласып жүрдім. Күнделіктер сөйлейді.


25.ХІ.1993.


Қуан ағаға (Шаңғытбаев) «Бəйгөбектің насыбайын» əкеліп беріп бір қуанттым. Бəйгөбек «Түрікстан уалаятына» даңқы кеткен насыбайшы. Қуан аға осы насыбайшыны «МАЭСТРО» атайды. (Солай деп маған хат та жазғаны бар.Қ.Е.) «Насыбайды жақсы үгеді. Кəсібіне адал» – деп жақсы көреді.


Көше бойлап əңгімелесіп келеміз.

– Қалам қарекеті қалай? – деймін əңгімеге тартып.

– Құлбек-ау, бұл өзі қызық – дейді Қуан аға біртүрлі қуана сөйлеп.

– Өлең маған күнде келе бермейді. Келген кезінде ұстап қалуға тырысамын. Мен саған шынымды айтайын, соңғы үш күнде екі өлең жаздым. Хрестоматиный!

Байзақов/Бөгенбай көшелерінің қиылысына келіп жеттік. Ақын үйіне шақырғыштайды. Насыбай əкеліп бердім деп қайдан кіре қояйын? Бала көңіл ақынды қуанттым да қайттым.

27 қараша 1994 жыл. Қуан ағаға телефондадым.

«Бəйгөбектің насыбайын» ала келгенмін Түркістаннан. Қуанағаң Түркістан насыбайын өте жақсы көреді. Амандық-саулықтан соң:

– Он бес минөттен кейін шық. Мен сейілге шықпаймын. Үйге келесің. Ерте шықпа. Он бес минөттен кейін.

– Жарайды, Қуан аға!

Зейнол (Бисенғали) досқа телефондап, Байзақов/Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында кездесуге уағда қылдық. Əлгі «15 минөттен кейін шық» – деген сөзде гəп бар... Əрі əңгімелесейік деген оймен телефондадым Зинолға!Қуан ағаның əңгімесін тыңдасын.

Қуан аға қуанып қарсы алды. Жеңгейге(Ханшайым) дастархан жайғызған. «Бəйгөбектің насыбайын» иіскеп, рахаттанып жатыр. Мұздатқышқа салып қоюға алып кетті.

Шəй іштік. Əңгіме соқтық. Қуан ағаң сөйлейді. Біз тыңдаймыз. Сорайып орыс арағы да келіп қалды. Құюшы – мен. Ішпейтін кісі

– арақ құюшы. Ара-тұра қалжыңдаймын. Қуанағаң мəз болады.

– Əй, Тахауй, «Егемен Қазақстан» Бейсақаң жайлы өлеңімді бермеді ғой.

– Береді. Сəл-пəл кешіктіріп жатыр.

– Ей, Тахауй...(Тахауй деп сөйлеу ол кісінің қашанғы дағдысы). Ол орнынан тұрып барып, бір парақ қағаз əкелді.

– Оқы! – деді маған.

– «Бейсенбай Кенжебаев еске түскенде» – аталатын өлең. Жүрегім ысып жүре берді. Өткенде ақын өтінішімен «Егемен Қазақстандағы» жігіттерге апарып бергенмін.

Барымды салып, мəнерлеп оқыдым. Шап-шала шаға шағымда, аға, Басып ең мені бауырға, аға. Сондағы сенің жұп-жұмсақ кеудең, Биязы бейнең жадымда, аға.

Жадымда жомарт пейілің, аға, Мөп-мөлдір тұнық мейірің, аға, Ботасын қарпып сүйетін нардай Жадымда кейде кеюің, аға.

Мен сенен алғаш бата алдым, аға, Оңаза жанға от алдым, аға, Ақынсып кердең жүргенмен қазір, Мен сенің əлі ботаңмын, аға.

Сен жоқсың бүгін, мен шалмын, аға, Көңілде – кірбің, кем-шəумін, аға, Ағалар сиреп кетті ғой, кетті, Мен сені жиі аңсаймын аға.

Дауысым дірілдеп мұңға беріле оқыдым. Қуан аға басын төмен сала мұқият тыңдап отыр. Əуеден əуен, ырғақ аулайтындай... Ақырын басын көтерді ақын.

– Қалай?

– Жақсы, жақсы – дедік Зейнол дос екеуміз жарысып.

– Бір сөз орнында тұрған жоқ. То-есть ырғақтың бір жері келмей

тұр.

Əрі іздеп, бері іздеп, құйылысы келмей тұрған ырғақты таба алмадық. Бəрі орын-орнында тұрған сияқты. Ал Қуан аға болса сəл ғана саңлаудың өзі өлеңнің ішкі ағзасына суық тигізеді деп ойласа керек...

– Енді жүз грам ішсек, оны өзім табамын-дейді Қуан аға. Лекілдетіп құямын арақты лүпілдетіп ішпекке!

«Халық кеңесі» газетіне бір топтамасы шығыпты. Екі-үш өлеңін оқытты.

– Өзіме-өзім келе алмай жүрмін – деді Қуан аға сосын. – Хизмет өлімі бір ойсыратып кетіп еді. Онымен отыз жыл есікпе-есік көрші отырдық қой. Ғажап адам еді. Сосын Сағи қазасы отырғызып кетті. Енді-енді өзіме келе бастағанда Тахауй құлады. Бала кезден бірге өсіп едік. Оның өлімі тұралатып кетті. О, əруағыңнан айналайын, Тахауй! (Өлген кісінің өзінен айналмайды – деді.)

Бір қызық бар. Үйге бірде Тахауй келді. Отырдық. Кетерінде жүрек тұсы томпаяды. Қоштасып тұрып, қолымды қойнына сұғып кеп жіберіп едім, кітап. Кітабымды «ұрлап» барады. «О, сволоч»– деп суырып алдым. «Сұрағанмен бермейсің ғой!» – деп күледі, Тахауй. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен осындай достан айырылдым ғой. Сəл үнсіз қалды ақын. Біз де мұңға батып мүдірген жерінен қозғап жіберуге қорқып іштен тынып отырмыз.

– Жақында бір кісі үйіне қонаққа шақырып, бəріміз бардық. Төртінші қабатта еді. Көтеріле алмады Тахауй. Содан менің Жəнібегім төртінші қабатқа көтеріп шығарды. Арқалап шықты.

Көп əңгіме айтылды. Сөз арсында Қуан ағаның келер жылы жетпіс жасқа толатынын айттым. Қандай ойы барын сұрадым.

– Тойламай-ақ қойсам – деймін.

– Неге?

– Мынадай жағдайда той тойлаудың өзі біртүрлі ғой.

– Жоқ. Дұрыс емес, Қуан аға! Біз комиссия құрамыз. Жетпіс жастық мерейтойыңызды тойлаймыз. Хамаң қалай болады төрағалыққа?

– Атама! Алпыс жылдыққа комиссияға төраға болған. Тойдың жақсы өтпеуіне қызмет етті.

– Онда Зекеңді сайлаймыз.

– Зейнолла ма? Өздерің біліңдер!

Көп əңгіменің аяғын Қуандық ағамыздың 70 жылдық тойына тіреп қайттық.

Р.С. Бұл дастархан басындағы дуылдақ əңгіме емес. Біздің шын ойымыз. Қуандық Шаңғытбаев – қазақ поэзиясының маңғаз тұлғасы! Сұлу поэзия жасаған адам. (Сөз арасында «мəйін» деп қалып едім, ерінбей орнынан көтеріліп барып, ақ қағазға түсіріп қойды. Соңғы кезде көп өлең жаздым деп отырды Қуан аға.) «ағасының» кім екенін ажыратып айта алмай отырмын.

28 қараша 1993 ж.

«ХХғасырбасындағықазақəдебиеті»хрестоматиясынқұрастыру үстінде Бернияз туған «Бөрте» елді мекені қазір қай аймақтағы жер екенін білу үшін Қуан ағаға (Шаңғытбаев) телефондадым.

– Берниязды білесіз ғой?

– Білгенде қандай!? Білмесем ол жөнінде өлең жазбаймын ғой.

– Көп білесіз бе?

– Көп деген сөзге атымен қарсымын. Көп білетін кісі Бейсақаң (Б.Кенжебаев) еді ғой. Менің Бернияз жайында өлең жазуыма себепкер болған адам Бейсақаң. Əйтпесе Қарабұтақта жүріп Берниязды қайдан білейін? Одан кейін Ғалым Ахмедов көп біледі Берниязды. Білесің ғой шалды?

– Білгенде қандай?! Бейсекеңнің досы. Келіп тұрады.

– Əне соған жолық. Шет тілдер институтында бір немере қарындасы істер еді? Бары-жоғын Ғалекең біледі.

– Бернияз туған «Бөрте» ауданы Ақтөбеге қарай ма, Қуан аға, əлде?

– Жоқ. Орынбор облысына қарайды. «Бөрте» өзен ғой.

– Тəмам.

– Тəмам, айналайын!

...Қуан ағаңның сұлу поэзиясының астарын ашып, ажарын айқын-дап айтпақ – міндет. Қазақ поэзиясында Қуандық Шаңғытбаевтай ақын аз. Ол зерек зергердің бірі, бірі емес бірегейі! Орыс əдебиетінің білгірі В.Брюсов: «Өлең – адам сырын айту əдістерінің ең жетілген түрі. Оны ұсақ-түйекке жұмсап құнын түсіру, кəкір-шүкірге пайдалану

– һəм ұят, һəм күнə!» –деген еді. Осы пікір біздің Қуан ағаға арнап айтылғандай болады да тұрады. Өлеңді ерекше қастерлей білген ол ақындық кербездіктің əдемі үлгісі. «Қуандықтың санаулы ғана жинақтарының өзінен татаусыз төгілген тілдің, дəл табылған теңеу-дің, айшықты дыбыс үндестігінің, сөзбен салынған суреттің, музы-каға айналып кеткен сөздің небір ғажап» (С.Абдрахманов) үлгілерін оп-оңай тауып алуға болады. Ол – қазақ поэзиясының сəулеткері!


1981-2012 ж. Алматы – Түрікстан

"Өлеңсөз" кітабынан алынды




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар