Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тамаша өлең табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді

17.12.2016 1406

Тамаша өлең табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді


(Арайлым Мұратәлиеваның бір өлеңі жайлы)


Снимок.JPG
Біз - таза табиғаттың құшағында өскен ұрпақпыз. Біз табиғатқа, табиғат бізге сіңіп кеткен. Мен құдайдың ұлы туындысы - табиғатты сүйем. Өлең жазған кезімде табиғат барлық бояуларымен көмекке келеді. Мен табиғаттан өзіме қажетті бояуларды алып, сезімдерім мен көңіл-күйімді, ой-пікірлерімді қосамын. Табиғат көмекке келмеген кездерде өлең жазбаймын. Сол секілді оқыған өлеңімнен табиғаттың иісі мұрныма келмесе, табиғилық байқалмаса басқы шумақтан кейін өз шаруаларыммен айналысам. Қазіргі қалаласқан ғасырда қаланың иір-қиыр ысқа толы көшелері секілді күңгірт дүниелер жазатындар пайда болды. Ол мен күресетін нәрсе емес. Біраз жылдардан кейін күңгірт көшелердегі күңгірт құрлыстар сүріліп тасталады. Сол секілді күңгірт жырлар да сүріліп кетеді... Бірақ біздің ортамызда қалада жүрсе де табиғаттан алыстай қоймаған, тамырын табиғатқа байлаған жас ақындар жоқ емес. Солардың бірі - Арайлым Мұратәлиева. 


Жаңбыр жауып, салғанда шатыр әнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.



Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.



Аспан, маған төге ғой болса сырың,
Қалып қойды үйімде қол шатырым.



Сол бір тұнық тамшыңа жуынайын,
Өлең болып қайтадан туылайын.


...................................................


– Өлең аяқталған жоқ. Оқысаң жалғасты оқи бересің. Бұл өлеңде табиғат бар. Ақынның табиғатқа деген шексіз махаббаты, аялау сезімі бар. Ақын жауған жаңбырға табиғатпен бірге қуанады. Қайыңдардың сырғасына тиіспей, аймен билеп, аспанның сырына ортақтасқысы келеді. Қол шатырсыз мөлдір тамшыға жуынғанды қалайды.Тазарып табиғатпен табиғат болып мөлдір өлеңге айналып кеткісі келеді.



Біз жоғарыда күңгірт көшелер секілді, күңігірт өлеңдердің ғұмырсыздығы жайлы айттық. Ал кейбір ақындардың өлеңінде табиғат тұнып тұрғанымен өзіне тартпайды... Мұны қалай түсінуге болады? Өйткені олар өлеңнің техникасын игеріп алып пендешілікпен табиғатқа билік жүргізгісі келеді. Содан жасанды картиналар дүниеге келеді. Өлең емес! Жасандылықты жүрек қабылдамайды.

Жоғарыда біз мысал келтірген өлеңінде Арайлым табиғатқа билік жүргізбеген, керісінше табиғат Арайлымға билік жүргізген. Нағыз өлең ақын табиғатқа емес, табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді.


Ақын пенделікке жақындаса, құдайдан алыстайды, пенделіктен алыстаса, құдайға жақындайды. Сөз Арайлымның поэзиясы жайлы болғандықтан Арайлымға ағалық тілегімді айта кетейін. Құдайға жақын болуға құлшынып ғұмыр сүр! Поэзияңда әрдайым ұлы жаратылыстың жүрегі соғып тұрсын! Өлеңіңнің бір тармағында:


Айтарым да көп еді түнге менің,
Тыныштықты сүйемін – үндемедім,– дейсің. Бұл жолдарыңды құптаймын. Кейде үнсіз қалудың бағасы миллион әдемі сөзден құнды. Кейде үнсіз қалу керек. Өзіңді, табиғатты, ғаламды, құдайды үнсіз қалып тыңдай білген жөн... 



Өлеңің табиғаттай ғұмырлы болсын! Өлеңді табиғат саған билік жүргізгенде ғана жаз!



Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,
«Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан ШОҚАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар