Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Светқали Нұржан: Хан да, қара да, дал да, дана да «бозда ойнап жүр»

24.11.2016 534

Светқали Нұржан: Хан да, қара да, дал да, дана да «бозда ойнап жүр»


Свет.jpg


Кеше осы сұрақтар бойынша Мейірхан Ақдәулет жауап берген болатын...


– Тәуелсіздік жылдарындағы ширек ғасырда Жазушылар одағы қазақ әдебиеті үшін не істеді?

Мен орталықтан жырақ, елде жатқан адаммын. Ортасында қайнап-пісіп жүрмегесін кесіп әңгіме айту оңай емес. Сырттан тон пішуге, әділеттен аттауға, қиянат сөз айтуға хұқым жоқ. Алайда ақпарат құралдары арқылы білгеніңнің өзі белгілі бір пікір түюге мүмкіндік береді.


Әр жыл сайын өтіп жататын ағымдағы өлі жиындар әдебиетке бірдеңе береді деп ойламаймын. 2008-жылғы даулы XIII-ші сияздан кейін, қандай «жазығым» барын жобалаймын, мені Жазушылар одағы еш шараға шақырған емес. Ол үшін, әрине, өкінген де, ешкімге өкпелеген де емен. Кімге, не деп өкпелейсің?! «Базына» атты өлеңімдегі мына шумақ сол кездегі көңілөкүйімді білдірсе керек:


Енген емен еш тізімге мен әлі,

Кім қайтарар кеткен есе-хақыңды:

Жаза алғандар – жазармандар одағы

Сыза салса сүйкімсіздеу атыңды?!


Тағы бір «сьезд» өтіпті деп көлденеңнен естідім. Ал оған қатыспағаннан шығармашылық қуатым құлдырап кеткен ештеңесі жоқ. Яки менің шығармашылық немесе жеке өміріме Одақтың еш қатысы да, ықпалы да болған емес. Бәлкім, әлгі «пенсияға шығып писательденгендерге», қаптап кеткен «мүшелер» мен «лауреаттарға» қатысы һәм ықпалы бар болар. Бірақ олардың бары-жоғынан кімге не қайыр?! Тілің мен Дінің тәнтанай күй кешіп сансырап тұрғанда; ертеңгі бар екеніміздің кепілі – бүгінгі ұрпақтың санасы көзапара деформацияланып, құбыжық эксперименттердің құрбанына айналып бара жатқанда; тіріде – төрің, өліде – көрің, қасиетті топырақ қарақшылардың көкпар-саудасына түскен кесірлі шақта ту түбінен табылмаған, Арға шаппаған қаламгер кімге тұлға болып жарытпақ?! Ұлтының «бір күніне керек» болмаған жанды «азамат», яки «ақын», «жазушы» атаудың өзі қылмыс шығар?! Уақыттың, тарихтың дәл бүгін артып отырған жауапкершілік салмағын сезіне алмай тұрып, қаламға – қасиет, кәламға өсиет біте ме?!


Айтпақшы, Жазушылар одағы бақилық болған қаламгерлерді ақтық сапарға аттандырып салу қызыметін біржола жақсы атқарады деп естимін. Елде тұратын болғандықтан, менің өз басыма ол «қызмет» те бұйыра қоймас. Әрине, алдағы күнді Құдай біледі ғой, дегенмен… Ел-жер орнында болса, өлген көмілмей қалмас.

Бұрын Алматыға жолым түссе, міндетті түрде, жастығымның ізі қалған «КазГУ-қалашық» пен ұлылардың иісі қалған Абылай хан даңғылындағы 105-үйге барушы ем, соңғы кезде соңғысына соғудан тыйылдым. Себебі ол жерде әлгі қастерлі Иістің ізі де қалмаған!.. Басқа бір жағымсыз «иістер» мүңкиді…


Әңгіменің ашығына көшейік, Тәуелсіз Елдің Жазушылар одағы осы талайлы ширек ғасырда ұлттың ғасырлап тоналған есесін түгендеумен ғана айналысуы керек-тін, бірақ Одақ өйтпеді. Егер ол осы миссияны абыроймен толық атқарып шыға алғанда, әдебиетімізде сөзсіз өрлеу басталар еді. Одақ – ұлт емес, топтық-тайпалық мүдденің айналасында саптасып, жеке адамның сұранысын ғана қамтамасыз етіп отырған күйкі құрылымға айналғанын талай қаламгер ашынып жазды, мен оны қайталап жатпаймын.


Жалпы, Бір Қазақты үшке бөлу саясаты, бұрын-соңды, осы «егемен» атанған ширек ғасырдағыдай екпінмен жүргізіліп көрмеген шығар?! Ана бір «сайлау» аталатын бейталант – бейталан «қойылымдар» бар ғой, әсіресе, бұл жылым саясат сондай кезде құтырып кетеді! Кім сайланатыны алдын-ала белгілі «президент сайлауы» сынды саяси науқандар тұсында талай мәрте «жеті насырымыз жерге төгіліп», еңсемізбен жер шұқығанбыз. Шұқымай қайтесің, «сайлауға» ылғи да – бір Тұлға, үш сұлба қатысады. Үш сұлба, әлбетте «үш жүзден» болады! Мұндай масқараны тез арада тоқтатып, ұлтты ұйыстырудың Рухани механизмін тауып, іске кіріспесек, айтқан жерден аулақ, өзімізді өзіміз кім көрінген көлденең көк аттыға күлкі, кез келген бұралқы итке жем қылып тынамыз! Міне, бұл жұлымыр індет аталмыш Одақтың құрылымынан да айқын көрінеді. Бірінші хатшы – Ұлы жүзден, екіншісі – Орта жүзден, соңғысы Кіші жүзден деген сияқты «баланың ойыны, бақсының жынын» көріп отырып, ол жерден салуалы пікір, сарабдал іс шығады деп өз басым айта алмаймын! Ащы деп айыпқа бұйырма, кімнің өті қайтіп жарылып кетсе де, мен таныған бүгінгі шындық – осы! Ал бұл істердің астарында менің сығыр көзімнің шеңберіне ілінбеген ұлт қамы үшін жасалып жатқан ұлы ақиқат – игі істер мен ізгі шаралар болса, онда түсіндіріп берер. Ақыры пікірімді сұрап отырсыңдар ғой, менің барлық сүйексіңді шыным сол: тұтас ұлт үшін жасалмаған шаруаның бәрін арам шаруа деп есептеймін!


Сонымен бірге, Одаққа қатысты атаулы мейрамдарда Фетхуллаһ Гулен шығармаларының тұсаукесерлерін жасап, оларды насихаттаумен айналысқанын айта кетуге тиіспін…


Осы жерде менің де көкейімді бір сауал теседі. Биылғы 2016 жылды ЮНЕСКО «Қожа Ахмет Яссауи жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Президент Н.Назарбаев талай рет: «Біздің рухани тірегіміз – Қ.А.Яссауи жолы» деп қадап айтқан! Ал ендеше, әшейінде, Елбасы «ләм» десе «жәрәкімалдалап», «мим» десе, «бәрекелділеп» тұратын көп жәреуке неге осы – ең шетін де, ең басты мәселеге келгенде ауыздарына су толтырып алады? Демек, бұл жерде бір кәкір бар… Жәреукелер соңынан сұранысы болатын «ләм» мен сұранысы болмайтын «мимнің» ара-жігін жақсы-ақ айырған! Міне, Хақ Пайғамбардың ақ жолын тұтқандар тірі бейіттеніп, ібіліси уахаббиттер ірі кейіптеніп бара жатқаны сондықтан! Әлемдегі ең беделді ұйымның өзі осындай мүмкіндік беріп тұрған кезеңді сәтте Әзірет сұлтанның тікелей мұрагері болып табылатын Қазақ Елі «Құтуб-ул Әктабтың» құрметіне бір ғылыми конференция өткізе алмауы – Арға таңба, қанға қорлық, сүйекке сына, елдікке сын емес пе?! Кешегі қанды «Түркия төңкерісі» «қойылымының» «Бас режиссеріне» сонша қызмет көрсеткен Одақ өзін мәңгі желеп-жебеп жатқан әулие бабасына осындайда бір құрмет қылса, тағынан тайып қала ма?! Қайта талай кем-кетіктің орыны осымен толып кетпес пе еді?!



– Жазушылар одағының келесі төрағалығына кім лайықты?



Білмеймін. Әйтеуір мен емес…



– Жиырма бес жылдықта қазақ әдебиетінің қай жанры кенжелеп, қандай жанры алға шықты?



Назым жанры қашанғыдай аршынды. Қазір «көлемді шығарма оқылмайды» деген пікір белең алған. Кім білсін, жаны бар шығар, дегенмен насыр, оның көлемді түрлері де дүниеге тоқтаусыз келіп жатыр. Жас драматургтердің көрінбей жатқаны рас, десе де драматургия жанры да өле кетер хәлде емес. «Балалар әдебиеті кенжелеп қалды», «сатира ақсап жатыр», «сын жоқ» десем, тағы да бәз баяғы байбалам болып шығар…


Асылы, көркем әдебиет – ұлттық рухтың сұранысының болмыс айнасында шағылысуы болса керек. Бірақ бір-біріне тәуелді. Егер әдебиет дер кезінде рух сұранысын қамтамасыз етіп отыра алса, рух сұранысы да сафтана, шынылана түспек. Сұраныс сафтанған сайын, әдебиет те кемелдене бермек. Сөйтіп бір-бірін жетектеп отырып, ертеңге қызымет етпек. Алайда біздің өзіміз бір жақта, сөзіміз бір жақта қалды. Хан да, қара да, дал да, дана да «бозда ойнап жүр»! Сондықтан көбіне ілгері жылжуымыз мардымсыз.



– Осы уақыт арасында әдебиетімізге тың өзгеріс алып келген қаламгерлерді атай аламыз ба?



М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ», «Кесікбас – тірі тұлып», «Құмырсқа қырғын»; Т.Әбдіктің «Парасат майданы», «Тұғыр мен ғұмыр»; Ө.Нұрғалиевтің жарияланбаған жан-азалары; Темірханның «Көк түріктер сарыны»; Иран-Ғайыптың драмалары; Исрайылдың мәйін, Ақсұңқарұлының адуын өлеңдері; Есенғалидың «Нұрдан жаралған» романы, «Нұқ пайғамбардың кемесі» драмасы һәм сыр-сиқырлы лирикасы; Тыныштықбектің бағзылық пен бақсылықтың арасында аласұрған озалдары; Ертайдың «Қобыландының қонысы» поэмасы; Сұрағанның сүмбіл бүрлері; Гүлнәр мен Жанаттың шымораулы шидің өрнегіндей назымы; Несіпбек пен Мархабаттың, Дидахмет пен Таласбектің, Нұрғали мен Жүсіпбектің, Нұрлан Қами мен Асқар Алтайдың, Роза мен Айгүлдің, Жәди мен Дидардың әңгіме, хикаят, романдары; Тұрсын мен Тұрсынжанның зерттеу, эсселері; Серікболдың мифология туралы толғаулары; кейінгі толқын Әнуарбек пен Ақбереннің, Ерлан Жүніс пен Бауыржандардың серігі – күрсін, өрімі тылсым жырлары, тағы да басқа, қапелімде тіліме оралмаған сүбелі дүниелер осы ширек ғасырда өмірге келді. Бұлар әдебиетке, рухани әлемімізге түбегейлі өзгерістер әкеле қоймаған күнде де, ізгі ізін қалдырды деп ойлаймын. Ал олардың қоғам өмірі мен адам тағдырына етер ықпал-әсерлері басқа әңгіменің арқауы… Әттең, төл руханиятқа бұрын – орыс-бұрышталған ебірейдің дүрбісімен, бүгін – ағылшын-аққылшықтанған дөйттің көзәйнегімен, енді сауд-салафиттің ұңғы-көзімен қарай бастаған, өздерін «үкілі нышан – төбел топқа» балап жүрген ұры-қарлардың соқыр да содыр саясаты адымымызды ашқызар емес. Әйтпесе, ауызды қу шөппен сүртер жағыдай жоқ! Бірақ, күндердің күні болғанда, тамыры – терең, діңі – кенен, бұтағы берен Қазақы Руханият Дарағы ӨЗ ЖЕМІСІН БЕРЕРІНЕ сенем! Қолыма қалам алсам-ақ, жүрегімнің тереңінде сол Сенім оянады. Сол кезде маған қандай да бір кедергі қорқыныш туғызудан қалады!..



– Біздің бүгінгі әдебиетке не жетіспейді?



Рухтың хас қорегін беру жетіспейді. Бірақ ол биікке көтеріліп, ол тылсымға бойлау үшін бізге келіп жатырған Батыстың да, Шығыстың да бүгінгі білімі мен ғылымы аздық етеді… Ал ең керек Ілім өз топырағымызда – тоңның астында жатыр!..





Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар