Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақыт Беделхан: Ақындар бай-қуатты болу үшін, ештеңе істемеу керек

16.11.2016 350

Бақыт Беделхан: Ақындар бай-қуатты болу үшін, ештеңе істемеу керек




Бақыт.jpg

-Жақында «Ұлым, саған айтам...» деген моноспектакіліңіз көпшіліктің көзайымына айналды. Осы бізде, әке мен ұл арасындағы махаббат көп айтыла бермейді. Бұл бүтін ұлттың проблемасына айналып кетуі мүмкін ғой?


«Ұлым, саған айтам...» - уақыт талабы. Әке мен бала арасындағы проблема баяғыда-ақ басталып кеткен. Кешегі Алаш азаматтарының алақұйын тағдырынан кейін, ұлт ішіндегі ынтымақтан ымыра кетіп, ағайын түгілі әке мен бала арасындағы махаббат - көн-тулаққа айналды. Өз әкесін «халық жауы» деп ұстап беруден басталған бассыздық - қатыгез де, қайырымсыз қоғамның құлақкесті құлы болуға дейін жеткізді. Құлдық сана, үрей мен қорқыныш, өз қара басын ғана күйттейтін мүттәйім-пиғыл, алапес аурудай тез тарап, бүкіл берекесіз ұрпақтың бет-жүзін жауып қалды. «Енді, айығамыз ба?» – дегенде, қызыл жалаулы қып-қызыл өтіріктің астында қалдық. Есті дүниенің бәрін – ескілік – деп, есімізден де, есігімізден де шығарып, көз көрмес, құлақ естімеске лақтырып тастадық. Тектінің бәріне тезек тергізіп, тексіздің бәріне кезек бергізіп, тізгін ұстаттық. Кешегі ұлттық ұстынымыздың бәрін жоғалтып, сүлдесін сүйреткен сүреңсіз ұсқынымызға мәз болатын һәлге түстік. Ата-бала-немере, бұлар бірін бірі ыммен түсінісуші еді. Қазір тілмен түсінісуден де қалып барады. Атасы – социализмнің сарсығы болып, баласы – капитализмнің балшығын кешіп, немересі – компьютердің шалшығымен ойнап отырса, қайтіп ел боламыз, айтшы?!


...Балабақшада - әйелдің тәрбиесі, мектепте - әйелдің дәрісі мен тәлімі, жоғарғы оқу орнында да көбінде осы жағдай. Кейін қызметке барады. Онда да гендерлік саясат... Ал, енді, осындай ұрпақтың арасынан «атасының баласын» тауып көр! «Ата көрген - оқ жонар» - дейміз, тағы да...


Қазір ата көрген балалар емес, жаһанданудан жапа көрген бәлдір-батпақтар көбейді. Соның кесірінен еркегің - қызтеке, қызың – соқыртекеге айналып барады.


Ұлт болу мәселесі – жалпақшешейлік пен көлгірсуді көтермейді. Әсіресе, қазіргі жаһандану заманында. Интеллектуалды дүниелер ұлт тұтастығы мен ұрпақ болашағына қызмет етуі қажет. Сондықтан, етек-жеңімізді жинататын, ойландыратын, толғандыратын шығармалар көптеп жазылса деймін.


- «Өлеңсіз өмір сүру мүмкін» емес деген пікірді әдеби ортадан көп естиміз. Бірақ, бұл белгілі топтың ғана көзқарасы. Айтайын дегенім, ақын деген ауылдың мемлекетке не керегі бар?


Біртүрлі сұрақ екен!..

Неге керек болмасын? Ақын деген ауылыңа бүкіл қаламгерлер кіреді емес пе? Қазақтың ұлт болып қалыптасып, ұйысып тұруына қашан да қаламгерлер мүдделі болған. Кешегі қызылдар менен ақтардың, таптар мен талай топтардың арасында жүріп ақырған аю мен аждаһаның аузынан ұлтын аман алып қалған қазақтың қаламгерлері еді ғой... Оны сен, менен жақсы білесің! Мемлекеттің макетін жасап, эканомикасын жақсартып, материалдық жағдайын ғана ойлау, ол - форма! Ал, мазмұнын кім жасайды, қаламгерлерден басқа?!


Қазақ деген халықтың құдіреті мен қасиеті – сөзінде жатыр. Ел тізгінін ұстаған ерінің екі сөйлегені – өлгені болатын... Қазір ше? Сөз қадірін білмейтін, сөз түгілі өз ана тілін сүймейтін, пәруәрдигерлер, сол, құрметті де құзырлы орындарды өтірік айта-айта өлік сасытып жіберді... Міне, ақынын қажет етпейтін қоғамның сиқы!




ТАЗА ҚАЗАҚ - АТТЫҢ ТЕЗЕГІН АЛТЫН КӨРІП, БІР ӨНЕРДІҢ АРТЫНАН САЛПАҚТАП ЖҮРЕ БЕРМЕЙДІ



- Орыстарда ақындар мектебі қарқынды түрде қалыптасқан. Осы орайда біздің мектептер туралы не айтасыз? Өзіңіз қай мектептің өкілісіз?


Жайдан жай мектеп қалыптаспайды ғой. Орыс әдебиеті мектептерінің бәрінің басында бір-бір тұлға тұр. Тұлға болмаған жерде мектеп те қалыптаспайды. Орыс әдебиетінің «алтын дәуірі» қалай жасалып еді? Бізде де құдайға шүкір, тұлғалар жетерлік. Яғни, мектеп те... Сол мектептердің бәрінен дәріс алуға тырысамын. Бірақ, өзім, мына мектептің пақырымын – деп нақты айта алмаймын. Оны Бақыт емес, уақыт айтар. Кім білсін?


- Бізде Қытайдан, Моңғолиядан келген ақын-жазушылар өте көп. Орыстың сойылы тиген өзімізді қосыңыз. Географиялық һәм идеологиялық араласудың ықпалы қоспасыз («самородок») әдебиет жасауымызға кедергі келтіріп жатқан жоқ па?


Қытайдан келгендер қытайша, Монғолиядан келгендер монғолша жазып кеткен жоқ шығар? Орыстың сойылы тиді екен деп, біз де орысша ойлап кеткен жоқпыз. Бәрінің ортақ мұрат-мүдделері бар ғой. Сондықтан, керісінше. Бұл жағдай - бірін-бірі толықтырып, кемелдендіре түспесе, кері кетіре қоймайды. Шеттегі қазақ қаламгерлер социалистік идеологияның кесірінен цензураға ұшырап, біз ұмыта бастаған тұнық-тұма тілді алып келді. Бұрмаланып, бұлыңғыр тартқан тарихымыздың тазаруына ықпал етіп жатыр. Дәстүр-салт, әдет-ғұрпымыздың қайта жаңғыруына ат салысуда. Әдебиетте де дәл осы толығу мен молығу. Географиялық һәм идеологиялық араласу деп отырғаның, қайта, қабырғамызды қатайтып, бұғанамызды бекіте түседі. Өйткені, қай топырақ қай қайраннан келсе де олардың ой-мұратында бір-ақ нәрсе бар. Ол – қазақ һәм қазақтың болашағы.


-Сіз бірнеше өнерді қатар алып жүрсіз. Бәрін білетін, бірақ, бәрін жартылай білетін адам болып қалудан қорықпайсыз ба?


Жоқ, қорықпаймын. Өйткені, мен басымнан бақайшығыма дейін, таза қазақпын. Ал, таза қазақ - аттың тезегін алтын көріп, бір өнердің артынан салпақтап жүре бермейді. Ұлтына қажет бүкіл руханиятын түгендеп, жоғы болса, тауып беріп отырады. Әрине, қабілет-қарымы мен дарын-дәргейіне қарай. Ақынның қолынан өлең жазудан басқа ештеңе келмейді – деп, кім айта алады? Кешегі Шоқан, Абай, Шәкәрімдерден бастап, бүгінгі әдебиеттегі тұлғаларды бәрін бір шолып шықшы. Өздері - ақын, жазушы, әнші-композитор, драматург... бәрін де қамтуға қабілетті. Қала берді қоғам қайраткері де. Осының бәрі ұлт болашағына қызмет етіп жатса, кімнің тақиясына тар келеді?! Сегіз қырлы, бір сырлылық пен жігітке жеті өнер де аз – дейтін жетелі сөз, бүгінде соқырдың таяғы ғұрлы болмай барады. Оның өзі - бас-көзі жоқ ұрыну емес, ұлтқа қайтсем қызмет етем – дегенді ұғыну болса екен деймін.




НЕГЕ ЖУАСЫП, НЕГЕ МОМАҚАН КҮЙГЕ ТҮСТІК?



-Сіздің «Түсімде» деген өлеңіңіз жұрт айтып жүргендей, көркемдігі тұрғысынан емес, қоғамдық шындықты жеткізу шеберлігімен құнды деп ойлаймын. Біздің ақындар өлең жазғанда, не себепті жердегіні көргісі келмейді?


Өлең жазу үстінде кім нені көреді, кім нені көргісі келмейді, ол – әркімнің өз шаруасы. Ең бастысы, ұлттық рух пен өзіне тән ерекше мінезі ұмыт қалмауы керек. Қазақтың ақыны екенін естен шығармағаны жөн шығар. Сосын, басыңнан өтпей, құдайдан жетпейді – деген бар. Жүрек сүзгісінен өткізіп, өзі сенбеген нәрсеге мен де сене бермеймін. Бұлттың арасынан жем іздеп жүрген құсты көрген ешкім жоқ шығар? Оған қарағанда ақын болсақ та адамбыз ғой, жерге түсер....


-Тәуелсіздік тұсындағы ақындар арасында мазмұны мен формасы жағынан егіз қозыдай өлеңдер легі қаулап кетті. Сіздің бір өлеңіңіздегі «Таласпаймын талпынып дара шыңға, Әркім қалсын өзінің бағасында. Заманалар дауылы соққан кезде, Тұрсам болды таулардың арасында...» деген жолдар көз алдымызға Төлеген Айбергеновты елестетеді. Осы синдромнан арылсақ қайтеді?


Елестеткенің жақсы екен... Иә, бұл – Мұқағалидың монологы ғой. Ал, монологтің формасы мен мазмұны, стильдік ерекшеліктері өзіңе кейде бағына бермейді. Оның өз заңдылықтары бар... Мұқағали мен Төлеген - жаны жақын дос бола білген ақындар екенін білесің. Сол жағы шығар, саған елестеген. Ал, жаңағы сен айтқан синдромнан айыға алмай жүргендер болса, мен де арылуға кеңес беремін. Бірақ, оны кім тыңдап жатыр дейсің?


- Сіздің сырт келбетіңізден бір асаулық қалып-күй көрінеді. Оның үстіне батыр Бауыржан Момышұлының рөлін сомдадыңыз. Мінезге салып, тізеге басып, құраумен, жамаумен күнелтіп жүрген әріптестеріңізге қандай кеңес бересіз?


Өзің айтқандай, мінезге салып, тізеге басып жүрген әріптестердің жайы анандай болса, олар менің кеңесімді не қылсын? Заманның ығына жығылып, өтірік мүләйім, мәдениетті мүттәйім, тәртіпті ынжық болғанша, ол да дұрыс шығар?..


Бауыржанды сомдасам, батырлығымнан емес, соған ұқсап тұрған түрім болуы керек. Мінезсіз адам болмайды ғой. Дегенмен, мен біреуге бағынышты болғанды, кіріптар боп күмілжігенді жақтыра бермеймін. Және қазіргі тілмен айтқанда, (сорым ба, бағым ба?) артқа кіру және оның жолдары – деген, пендешілік табиғатымда жоқ.


- Ақындықтан драматургияға бір жола ойыса бастадыңыз. Бұл сіздің кемелдену жолыңызды білдіре ме?


Қалихан ағам, кез келген шығарманы драматургияның заңдылығына салып жіберсең, арты ашылып қалады – деуші еді. Драматургияға кемелдену үшін келгем жоқ. Не жазсам да он екі мүшесі сау, есі дұрыс туынды жазу үшін, жанымды ауыртып келдім. Тәуелсіздік алғалы бері ауыз толтырып айтатын біздің қатарымызда драматургтер жоқтың қасы. Бар болғанымен, жоққа тән. Жаңа заманның өз үні, өз қолтаңбасы, көтеретін өзіндік жүгі болу керек қой. Оны әдебиетке тәуелсіздік жылдарымен бірге келген біз жасамағанда, кім жасайды? Менің айтып отырғаным, ұлттық идеологиямызға қызмет ететін тарихи тұлғаларымыз бен қатар жаңа заманның жаңа «геройлары» жаңаша көзқараста сахнада салтанат құруы керек. Оны жасау - біздің мойнымыздағы міндет. Ескі сарынды жандандырып, жаңа жолды жаңылмай жаңғыртатын кез келді.


-Рахымжан Отарбаевтың даулы сұхбатына қоғам қарсы шығып жатқанда, «әлеуметтік желіде» сіз неліктен белсенді түрде қолдау білдірдіңіз?


Рахымжан ағаны қолдағаным – әдебиет көсемдерін қорлағаным емес шығар? Ағаның айтып отырған тұлғалары ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып, ардың ісіне адал болған азаматтар. Ал, оны Рахымжан аға түсінбей отыр деп мүлде ойламаймын. Біздің әдебиет соңғы уақытта көлбақа көрпе салып, жамбастап жатып алған көлшікке айналып барады. Сыны жоқ, пікірі жоқ, талғам-таразысы жоқ әдебиет болушы ма еді? Көлбақа көрпе салмақ түгілі, көбелек қона алмайтындай буырқанып жататын бұл әдебиетке не болды? Әдебиеттің мінезі – ұлт мінезінің айнасы еді ғой. Неге жуасып, неге момақан күйге түстік? Рахаңның бұл мінезі – ағалары мен бауырларын күстаналау емес, ұйықтап бара жатқан қазақты оятудың бір жолы – деп түсіндім. Сол үшін қолдадым.


Бұрын біз «қараңғыда ұйықтасақ», қазір күн жарықта – тапайдың тал түсінде тісіміз-сарсық, көзіміз-былшық боп қалғи беретін болғанбыз.


- Айтыс өнері – қазақ ұлтын айқындаушы факторлардың бірі ғой. Тіпті, кемел деген елдердің кейбірі адамзат аренасына жалқы өнер ұсынған жоқ. Біздің бүгінгі айтыстың көркемдігі мен көрегендігі неліктен кемшін тартып қалды?


Мен де айтысқа қатысып, талай додаларды көрген қазақпын. Оразылы марқұмның қасында он үш-он төрт жасымнан бірге жүрдім. Соңғы сағаты соққанша...


Оразалының ұстазы – Хасен Саматыров: « Әкім-қара мен бай-байшыкешті мақтаған күні домбыраңды шағамын дейтін».


- Ал, олар халыққа жақын, ел-жұртқа қамқор болса, ше? Онда неге мақтамасқа?


- Енді ол – сенің шаруаң емес, жақсы болса, ел мақтасын – деп отырушы еді.


Оразалы ұстаздың сөзін сертіндей қылып ұстады.


Ауыз әдебиетінің 21 ғасырдағы жаңарып, жаңғырып келген соңғы тұяғы іспетті барын берді де кетті. Сол үлгі, сол құбылыс солғын тартып бара жатқандай көрінеді, маған.


Қазіргі айтыстың қадірі - барған сайын азайып, көрген сайын жоғалып барады. Қара өлеңнің жілік майынан жіп есетін жүйріктердің де қарасы көрінбей, көбең тартты. Ақындар жарау аттай болғанмен, жасандылық пен жағымпаздыққа ұрынған соң, олардан не үміт, не қайыр?


-Ақындар бай-қуатты болу үшін не істеу керек?


Ақындар бай-қуатты болу үшін, ештеңе істемеу керек. Ал, ұлтының бай-қуатты болуы үшін, ештеңеден аянбау керек!


Пікір білдіргеніңізге, көп рахмет!




Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар