Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Заңғар Кәрімхан: Өзгенің қатынын өлеңге қоса беруге болады

09.11.2016 372

Заңғар Кәрімхан: Өзгенің қатынын өлеңге қоса беруге болады


Заке.jpg


Күнделікті әдеби жаңалықтарды қадағалап отыратын қарапайым оқырманның бірімін. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын бітірсем де, педагогикалық ғылымдар магистрі бола тұра өзімді солай есептеймін. 8-інші қараша күні «Әдебиет порталына» жас ақын Аманжол Жанайдың «Сәлем хат» атты атты өлеңі жарияланған болатын. Бұл өлеңді бұрындары да автордың өзінен, әлеуметтік желіден де талай оқыдым, куә болғанмын.


«Оу, өзгенің қатыны, халің қалай?» деп басталатын өлең өзінің шынайылығымен оқырман көпшілікке ұнағаны анық. Маған да ұнады. Себебі, жас кезінде бір-бірін жақсы көріп, уағда байласып жүріп, тағдырдың жазуымен жолдары екі айырылған адамдар аз ба мына өмірде. Ақын өлеңі солардың бірталайының көкірегінде мәңгілік қоламталанып жатқан ащы өкініштің қозасын үрлеп жібергендей емес пе? Ләйлісіне қосыла алмай өмірден баз кешіп зарлап өткен Мәжнүнді айтпағанда, өз жұрағатымыз – Арқаның ардагері Ақан серінің Ақтоқты туралы цикльдерінің өзі осы тақырыппен өзектес, тіпті Аманжол ақынмен мінездес жатқанын кім жоққа шығарсын. Бұл өмірде бәрі адам ойлағандай болса, оны неге «бес күндік жалған» деп жүрміз? Барлығы біз ойлағандай «идеальный» болса, өлең жазып не көрініпті?


Тарихтағы Жалмұқан мен Ақанның кейініректегі достығынан хабардармыз, бірақ та кезінде серінің аузымен айтылған мына сөздер күллі қазақ даласына тарағаны рас қой:


Бәрекелді Ақтоқты тапқаныңа,

Жібектен шоқ шекеңе таққаныңа.

Бұдан артық құдайдан не тілейсің,

Шолақ қасқыр түсіпті қақпаныңа.


Серінің бұл өлең жолдарымен салыстырып қарағанда Аманжол албырт, жас та болса, артық қадамға, билер тілімен айтқанда «бас мінеуге» бармаған. Өлеңде мұндай сипаттау жоқ.


Ақтоқты, кеткенің бе шыныменен,

Бал бердің талай жерде тіліңменен.

Басыңды Сары мида кесіп алып,

Өмірімше даулассамшы құныңмен.

Дарияның қайраңындай қалқа бала,

Зарланып ән шырқаймын үнімменен.


Біз осы өлең арқылы Ақан серінің аруағын тербетіп, мінін қазайық деп отырған жоқпыз, жай ғана салыстыру түрінде тілге тиек етіп отырмыз. Демек, «сүйген адамына қосыла алмау» тақырыбы әр заманда, әр кезеңде әр түрлі сипатта жырланып келген, жырлана да береді. Аманжолдың өлеңі де соның бірі көрінісі ғана.


Осы жерде Аманжол өлеңіне қатысты әуелгіде әлеуметтік желіде, іле-шала аталған порталда жарияланған, өзім көптен білетін Қуаныш Қожабайұлы досымның «Мінезі тасып бара жатса Несіпбекті сынасын» атты ойталқы мақаласына қатысты бірер пікір білдіруді жөн көрдім. Алдымен, автордың мақаласынан біршама көлемді үзінді берелік: «Аманжолдың өлеңі үшін мен ұялдым. Ақберен Елгезек «Өлеңдері жақсы екен. Мінезді екен» деген пікір қалдырыпты. Мен жақсы өлең оқи алмадым, мінез емес, тоғышарлық көрдім».


Әрине, ақын өлеңін оқыған оқырманның ұялу, шаттану, өкіну, т.б. сезімдерді бастан кешетіні рас. Өлеңге «жақсы» немесе «жаман» деп баға беру де әр оқырманның еркіндегі дүние. Осы тұрғыда Қуаныш аталған өлеңнің этикалық-эстетикалық тұрғыда талғамға сай емес деп баға беруіне де ешқандай сын айта алмаймын. Дұрыс, пікір, сын айтылсын. Мұнымен «Өз сөзім – өзімдікі» деген принципке салған дүние деп тоқтаймын.


Қуаныш пікірінде бірінші жолдағы «өзгенің қатыны» деген артықтау кетті дейді. Олай емес, меніңше. Өйткені Аманжол «біреудің қатыны» деп жазған жоқ, олай болса, «өз» деген сөзден шығарғаны сол адамның өзінің тағдырына да қатысы бар екенін білдіріп тұр ғой. «Сұлулықты бірінші байқайтын – ақындар. Қасіретке терең күңіренетіндер де ақындар. Жалпақ жұртқа ақынның сұлулықты көре білуі, сүюі, әдемі жеткізе білуі ұнайды. Сол сұлулықтың біреуі – әйел заты», – деп ойын ары қарай сабақтапты Қуаныш дос. Осы жерде Қуаш өзіне өзі қайшы келіп отырған жоқ па? Өмір әрдайым қуанышты сұлулықтан немесе сұрқай қасіреттен тұрмайтыны сияқты, ақынның өлеңі де әрқашан «жіптіктей» яғни «идеально-моральный» болмайды ғой. Өмірдің өзі солай. Оқыс ойлы, тосын оқиғалы, жақсы өлең тууы үшін ақынға мінез керектігі – әдебиеттегі аксиомалардың бірі. Аманжол өзі өміріндегі қасіретті демей-ақ қояйын, күйікті күйін жыр тілімен өрген екен. Яғни, Қуаныштың тілімен айтқанда «қасіретке терең күңіреніп» отыр.


Қуаныштың «Аманжолға тұрмысқа шықпаған қыздың мынау өлеңді оқыған соң өкінетініне күмәнім бар. Босқа кеткен уақытына өкінуі мүмкін. Тұрмысқа шықпағанына қуануы ғажап емес. Жалпы, этика, мораль деген дүниелер бар. Аманжол ақынның соны білгені жөн-ау» деп үстірт болжам жасап жариялауының өзі этикаға жата ма, моральдық құқығы бар ма деген ой туатыны анық. Сосын «отбасының шырқы бұзылады» деп құрғақ мораль оқудың қажеті жоқ. Бұл бұрынғы, көнерген тәсіл. Әдебиетке шынайылық жарасады.


Мақалада этика, мораль туралы үлкен акцент берілген екен, ендеше Қуаныш достың мақаласы арқылы осы мәселені ары қарай қаузайық. «Ал мінезі тасып бара жатса, тіліп түсетіндей өлең жазсын. Өзінің «поэт песенник» деген атағы аздай, артына бір топ сондай ақын қалдыруға талпынып жүрген Несіпбекті сынасын!» – дейді қызды-қыздымен автор.


Мен жас пері Аманжолдың да, Несіпбек Айтұлының да екі туып бір қалғаны емеспін. Тек жас ақынның да, аға ақынның да тіліп түсетіндей болмаса да, селт еткізетіндей өлеңдері барлығына куә, кітап парақтаған, ғаламтор ақтарған оқырманы ғанамын.


Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, тек тәуелсіздік жылдарынан бері қарай он алты бірдей кесек поэма жазған Несіпбек ақынды «поэт-песенник» деп төменге сырғытқан Қуаныш Қожабайұлының бұл қылығы өзі айтқан қандай этикаға жатады, бұдан қандай моральдық деңгейді көреміз? Әдебиетімізде салмақ дәрежесі деңгейлестердің, бокс тілімен орысша айтқанда «тяжеловестердің» арасында өтіп жататын полемикалардың бары рас. Бірақ, кез келген қазақ ауыз өзімдікі екен деп ел алдында жүрген азаматтарға осылай «ат қойып, айдар таға берсе» не қадір-қасиетіміз қалады?


Несіпбек әнге мәтін жазатын жеңіл авторлардың қатарында емес негізі, оның балалар ақыны ретінде көп еңбек еткені, тәуелсіздікті жырлаудағы эпикалық құлашы қазіргі кезде көп ақындарда жоқ. Кең тыныс, еркін көсілу, сюжеттердің жымдасуы, оқудағы жеңілдігі – Несіпбекті үлкен ақын екендігін, терең ақын екендігін, шын шебер екендігін менің сөзімсіз де танытады. Тіпті оны «сарай ақыны», «жағымпаз» деп жүргендер де оның «Бәйтерек» поэмасын дұрыс әрі толық оқымағандар. Оған талай көзім жеткен.


Ал енді Несіпбек ақын мен Қуаныш достың арасынан қандай қара мысық жүгіріп өткенін, нені бөлісе алмаған қыжылы барын мен білмеймін. «Өсетін елдің баласы бірін бірі батыр дер, өшетін елдің баласы бірін бірі қатын дер» деген біздің қазақ. «Мораль» демекші, егерде осы сөздері дәлелді болмаса, Қуаныш мырзаның өзі моральдық зиян жасап отырған жоқ па? «Эпиграмма жазсын, арнау жазсын, әйтеуір мінезін көрсетсін соған» деп жас баланы атасындай кісіге айдап салу – қай этикаға жатады, Қуаныш?


«Ал, әйелге мінез көрсету кімнің қолынан келмейді? «Қатын» деп кім ақыра алмайды? Мінезді әйелге емес, еркекке көрсету керек, жаулассаң жігітпен жаулас!» дейсің тағы. Бауырым-ай дейін, қазіргі күні әйеліне мінез көрсете алатын, «қатын» деп ақыратын еркек, шынын айтсам, аса көп емес-ау деп күдіктенемін...


«Қатын» деген сөздің қазақтан басқа түрік халықтарының бәрінде жағымды сипатта қолданылатыны өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жерде де Аманжол ақынның бұл сөзі қолданудағы поэтикалық реңкі, өлеңнің эмоциялық сипатын танытудағы байламы дұрыс қой.


Мұрынын да бет қылып кетер едім,

Бұл қаладан алыстау үйі неге?! –

дегеннен артық еркекке қандай мінез көрсетуі керек?

«Ешкім «ақын боламын» деп ақын болмайды. Көкірек көзі бірдеңені көрген соң, жүрегі сезген соң шығарады өлеңді» деген сөзің көңілге қонады. Көңілге қону аз, тіпті өте дұрыс айтылған сөз.


Қуаныш досты өз басым жоғары бағалаймын: алды-артын сараптайтын білімі бар, ақыл мен ашуына ие болатындай парасаты жетеді, қай іске салсаң да мұқалмас азаматтығы айқын. Бұрынырақта «Көкшетауда жүз жігіт бар, бірақ сол жүз жігітке татитын бір жігіт бар, ол – Қуаныш» деген сөзім – сөз, пікірім – пікір. Сөздің тоқетерін айтқанда, айтар сөзімізді, жазар пікірімізді эмоцияның жетегіне ермей, екшеп-жұптап барып жолдайық. Ащы сын болмасын демеймін, сын болуы керек. Онсыз шынайы шығарма да болмайды. 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар