Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ...

18.10.2016 997

Бақыт Беделханұлы: ҰЛЫМ, САҒАН АЙТАМ...



(Шымылдықсыз шындық)

Интелектуалды драма


Шымылдықсыз сахна қараңғы. Көрермен залын аралап қолына шам ұстаған Бекжан шығып келеді. Фонда қобыз үні.


Бекжан :


Бұл тірліктің тартып ауыр азабын,

Көрген талай қорлығы мен мазағын.

Бас орнына күн көтерген бір адам

Өз жерінен таба алмай жүр қазағын.

Сен, қазақпысың?...

Бас орнына күн көтерген бір адам

Өз елінен таба алмай жүр қазағын...

Сен, қазақпысың?...


Сахнада жаңа заманның жастары. Арасында Мағжан да бар. Мағынасыз даңғаза музыка - би....


Мағжан, ей, Мағжан..... (Мағжанды аласұра іздейді..)

Мағжан, ау, Мағжан, қайдасың?....


Мағжан: Ау, әке....


Бекжан:


Әй, Мағжан? Ай, айналайын-ау, ... не жүріс мынау,не селтең мынау, а? Жасың болса, жиырмаға келді. ...Қазіргі жастарды түсінбеймін. Біз түсінбейміз бе, жоқ сендер сондайсыңдар ма? «Құдықтағы құрбақаға аспан теңгедей-ақ боп көрінеді» - деген. Билегені - балықтай тулап, ән айтқаны - бақадай шулап қағылып-соғылып жүрген біреулер, әйтеуір... Сендей кезінде Мағжан «Мен жастарға сенемін» – деп жазса, Махамбет «Еділді келіп алғаны - етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны ... деп кек қайтарған болатын.


Мағжан: Кім ол әке, Махамбет деген?


Бекжан: Кім ол - Махамбет?... Кім ол - Махамбет? (көкбөрі ұлиды. жастар көкбөрінің ұлыған дауысынан үрейленіп, үркіп қашып кетеді) Көк бөрінің ұрпағы!... кім ол?... Тарихын, тегін білмейтін ұрпағың келе жатыр! Әй, қазақ, тарихын тегін білмейтін....


«Ереуіл атқа ер салмай,

Егелі найза қолға алмай.

Еңку-еңку жер шалмай.

Қоңыр салқын төске аламай.

Тебінді теріге шірімей,

Терлігі майдай ерімей.

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала.

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей.

Ашаршылық шөл көрмей,

Ер төсектен безінбей.

Ұлы түске ұрынбай,

Тұнғатып жүріп шыңға ұшпай.

Тебінгі тегіс тағынбай,

Темірқазық жастанбай.

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі біте ме?

Ереуіл атқа ер салмай?!

Ереуіл атқа ер салмай...

Һаһаһаулап шақырмай,

Қанды көбік түкірмей.

Беркініп садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай.

Қорамсаққа қол салмай,

Қол салған соң мол салмай.

Атқан оғың жоғалмай

Үйде тұрған жігітке

Төбеден тегін атақ келер ме?..»


(Бабалардан қалған жәдігерлерді аралап жүреді...бес қару... ұлттық аспаптар... бесік....)


Махамбет, Махамбет ол – Махамбет......

Тоқта, мүмкін емес, мүмкін емес .....


(арасында атадан қалған жәдігер -ертұрман жоқ)


Жоңғарлармен шайқасып,

Ақ патшамен айқасып,... аман жеткен Ер-тұрманым, ер-тұрманым қайда?

Мағжан, Мағжан, Мағжан, Мағжан?


Мағжан: Не болды әке?

Бекжан: Мағжан, менің ер-тұрманым қайда?

Мағжан: Қандай ер-тұрман?

Бекжан: Ертоқымды айтамын!

Мағжан: Мен оны айырбастап жібергем әке, айфонға....

Бекжан: Кімге?

Мағжан: Кімге емес, неге? Әке...Қараңызшы соңғы шыққан...

Бекжан: Тоқта!

Мағжан: Әке, мынау соңғы шыққан версиясы деймін А6S

Бекжан: Сен не айтып, сандырақтап тұрсың? Мен сенен сұрап тұрмын! Кімге, неге?

Мағжан:Әке, ашуланбаңыз!

Бекжан: Қалай ашуланбаймын? Қалай?

Не айтып тұрсың сен?

Мағжан: Не болды сонша әке, жалғыз ұлыңнан артық көрген дүние болса... тауып берем сондай ер-тұрман.

Бекжан: Тауып берем? Тапшы онда, тап, менің жоғалғанымды... Салт-санамды тап! Қадір-қасиетімді тап! Таба аласың ба?

Мағжан: Ә-ке! Әке, қазір заман басқа, заң басқа әке, ескі-құсқы бірдеңелерді жиып алып, соны әулие санап, сол арқылы ақыл айтқаннан адам боп кеткен ешкімді көрген жоқпын! Сонша жүйкеңді жұқартқан ер-тұрманыңыз мына балаң - менен қымбат па?

Бекжан: Мағжан, осыны айтып тұрған сенбісің? Сен... Өзіңнің қымбат екеніңді білесің. Ақылды екеніңді білесің.

Мағжан: Әке тыңдаңызшы...

Бекжан: Сөйте тұра, мына өсиет пен өнегені, бабаңның көзіндей болған көнені, ескі-құсқы деп, ...сен айтып тұрсың ба?

Мағжан: Әке, тыңдаңызшы...

Бекжан: Біз қазақ, азаматын ат үстінде таныған елміз. Алты жасында ашамайға отырғызып, ...алпысында азаматын аттан түсірмеген аталарым-ай!

Ердің құнын ер-тұрманның құнымен өлшеген болатын. Кеше, елбасына күн туғанда елдің рухы болған, сол – ер-тұрманым. Егемендігімізді алғанда елдің құты да, болған ер-тұрманым...

Мағжан: Ер-тұрман, ер-тұрман...не болды сонша әке. Тауып берем сондай ер-тұрман.

Ер-тұрман, ер-тұрман...

Бекжан: Мағжан, сен мені түсінбедің.

Мағжан: Қойшы, әке! Қойшы...Түсінгім де кеп тұрған жоқ.

Қойшы, әке!

Бекжан: Мағжан, Мағжан...

Е-е-ей!

«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар, сенде менің...!

...Әй, балам-ай, шамалау түсінігің,

Қандай болар білмеймін кісілігің,

Жаңа ғана қайтқандай жерлеп мені

Жауар күндей қабағын түсіруін...

Жоқ, балақай мен сендей боп өспедім.

Мына мінез, мінезім емес менің.

Адамдардан рахым жинау үшін.

Не көрмедім өмірде, не кешпедім...

Бағамын деп әркімнің қас қабағын,

Балам қабақ шытса да жасқанамын.

Сәлемімді біреулер алмай кетсе,

Екі иығым салбырап, пәс қаламын.

...Жазылар естеліктер мен тұралы,

Біреулер жан еді дер, өр тұлғалы.

Біреулер жан еді ғой, дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы...»

Мұқағалидан әулие емес шығарсыңдар?!

«Жақсы еркектің ішінде – ер-тоқымымен ат жатады.

Жақсы әйелдің ішінде - бесігі мен бала жатады» - деген даналықты айтамын! Ал, қазіргілердің ішінде не жататынын бір құдайдың өзі білсін?! Қалтай ағамның тілімен айтсам, «Арыстан арам өліп, түлкі тұншығып жата беретін заман болған».

Әй, шіркін-ай! Шіркін-ай! Азаматын ат үстінде таныған қайран ата-бабам-ай! Ер-тоқым қирап ер құлап, елінде сауға сұратып запыран күскен заман-ай! Қорқақтың бәрі инабатты, ынжықтың бәрі мәдениетті, қудың бәрі ақылды боп бара ма, қалай?!


Мағжан: Әке, баяғыда біреу, тура сіз сияқты...Мен ақылдымын, мен данышпанмын - деп қоймай қойыпты. Сонда біреу, сен ақылды, данышпан болсаң, неге соншама, тақыр кедейсің - деген екен да... Мына заманда әке, жан-жақты болу керек...


Бекжан: Оны кім айтты саған?

Мағжан: Мына телефонда солай жазылыпты.

Бекжан: Өсек-аяң әңгімеден аса алмайтын бәлдір-батпағың ба?

Мағжан: Біздің қазақ қана емес әке, бүкіл әлем осы желіде отырады, қазір.

Бекжан: Желіңмен бірге неге желге ұшып кетпейсің, ей, осы сен?

Мағжан: Бұл желге ұшырмайды, әке. Ана-а-у, айға ұшырады. Әлем алақаныңда тұрады. Бүкіл жаңалық осында. Қараңызшы әке!

Бекжан: Санаңды сайтанға билетіп, не болса соны санаңа санғытып отыратын, жарнаманың бәрін, жаңалық деп отырсың ә?! Жылқы да суын сүзіп ішеді, мал да тамағын талғап жейді. Оның жанында айналайын, адамсың ғой! Кітап оқысаңшы...

Мағжан: Әке, қазір кітаптың орнын компьютер алмастырған заман. Осы кітап оқымай-ақ жүр ғой, қазір, шенеунік боп. Тек олардың халыққа қызмет етуден қолы тимейді. Кітап оқуға. Келіңізші бір селфилетіп жіберейік...

Бекжан: Кітап оқымай ел басқарғандар елге сүйкімді, жұртқа жұғымды деп,-кім айтты ей саған, а?

Мағжан: Алло, кешке барам...

Бекжан: Жоқ айтшы!

Мағжан: Алло, ия, ия

(Масса, телефонмен сөйлесіп жүрген тобырмен диалог)

Бекжан: Иә,

Білімді адам елді ақылымен басқарады.

Білімсіз надан елді тақымымен басқарады,-деген.Таққа отырғаны елді көрмей, атқа отырғаны жерді көрмей, таққа отырса тақымдап, тақтан түссе жалпылдап жүрген талайды көріп жүрміз.

Тобыр: ...Ия, дұрыс айтасың!

Бекжан: Ия, ия дұрыс айтам.

Заманын ойлап бәйек болатын, айтса сөзі пәлек болатын бір ауылды уыздай уйытып, жұртының жүрегін сүйген ақсақалдардың орнында, бүгінде биліктің білегін сүйген, оқымай ел басқарғысы келетін шенеуніктер қалған.

Тобыр:

А?

Бекжан: А? Солай ма? Ә?

Тобыр :

Ау қайталап айтшы? Ааа ия, ия ия

Бекжан: Тыңдаңызшы, міне жарлысы мен байы, жабысы мен тайы тең өскен халық едік. Жарлы жақыбайын жолға тастамай, жесірін әменгер, жетімін кемеңгер еткен жаны-жомарт сөзі-мәрт, бағлан байлардың орнында бүгінде байлығы өз басынан аспайтын өңкей аспан-көзденген, ақша құмарлар қалды. Өңшең білімсіз надандар қалды.Надандар!

Тобыр : Бекжан, Бекжан!

Бекжан: Ау, ия, ия мен...

Тобыр : Ужас...

Бекжан: Айтпа, ужас ужас...

Атқа отырған қазақ атасын танымайды. Бір күн бура болған ботасын танымайды - деушеді. Атқа отырғаны анасын, нанға тойғаны намысын сатып, жүре беретін құл-мінез, қу аяқтар көбейді.

Тобыр : Жынды ма мыналар?

Бекжан: Ия, жынды болды. Жаукершілік заманда азаматтың айбатын асырып тұратын сөзі еді. Бүгінде айбаты асып, қайраты тасып тұрған қазақты көру қайранға айналып барады.

Тобыр : Масқара...

Бекжан: Ия, масқара. Неге мен өзіме өзім ұқсмамай барамын?! Неге күннен күнге өзіме-өзім жат боп барам?

Тобыр : Алло,

Бекжан: А?

Тобыр : Ей не деп жазып жергенсің?

Бекжан: Айтам, айтам, айтайын, міне..

Әке мен баланың арасы ащы көл мен тұшы көлдің арасындай бір бірімен қиыспай қойды. Ата, бала, немере - бұл үшеуі ошақтың үш бұтындай ұғым еді. Біреуі құласа, қазан төңкеріледі. Қазір үшеуі үш кезеңнің өкілдері. Баяғыда ыммен түсінісетін ұрпақ сабақтастығы, бүгін тілмен түсінісуден қалдық. Бір бірінің жан дүниесімен емес, мал дүнесімен бөлісуде.

Неге, а? Айтыңызшы неге, әй, неге?

Іші - жалған,

Сырты - сұмпайы, маңайы толған мүттәйім....

Солар менің ойыма, үрей болып оралады да тұрады. Ия, үрей болып оралады да тұрады. Ошақтың бұты үшеу болғанмен, Қазаным біреу еді. Үш жүзге бұра тартқанмен, қазағым біреу еді ғой!


(Бекжанның шапанын дала-дала ғып жұлмалай бастайды)


Қойыңдар,

Әй, қойыңдар,

Қой, Қойыңдар,....

Сендерге не болды?

Қойыңдар, қойыңдар, қойыңдар,

Қой, қайтаршы, болды... қайтар!

Сендерге, не болды?

Тоқта,

Не болған сендерге?

А? Не болған?


(жалғыз қалған , жаны тоңған адам кейпінде)


...Кім боп,.. Кім боп барам?

Неге мен құбыжыққа айналып барам?

Неге, мен өз - өзіме ұқсамай барам?

Неге,..? Баяғыда кім едім?

А, кім едім?

Қазақ едім,

Ғажап едім!

Ал бүгін –

бос шелектей даңғырлап,

Жұртта қалды зар-мұңым.

Міне,

Қанталапай тағдырам.

Тоналғанда сандығым,

Ауып түсіп әнекей ,

Артта қалды бар жүгім.

Тұлдыр-тұлып секілді,

Сыртым бүтін көрініп.

Ішім,.. ішім іріп кеткендей,

Ет жүрегім езіліп.

Қарай берем айнаға,

Келбетімді көре алмай.

Мынау - қазақ! - дегенге,

Секем алып, сене алмай.

Ия, сен, қазақпысың?

Сен қазақпысың?

Сен ше, қазақпысың?

Жоқ,

Түрің - қазақ.

Дінің - дүмбілез,

Һәм дүбәрә...

Батып жатқан күн ара,

Батпан-батпан күнәға.

Таң ағарып атқанмен,

Күн қызарып батпайды.

Ай-маңдайым жарқырап,

Қарсы алатын бақ қайда?

Алтын қазық болмаса,

Асау арман тоқтай ма?

Біреу келіп қазақтың,

Жұқанасын жоқтай ма?

Жоқтамайды.

Аманатта обал жоқ,

Салауатта сауап жоқ.

Күнім, күнім өтіп барады

Ия, әй күнің...

Әй, күнің өтіп барады.

Сауалым көп...

Жауап жоқ!

Жауабың бар ма?

Міне,..

Пенделіктен діңкілеп,

Диаген шал дым көрмей,

Адамдардың ішінен

адам іздеп жүргендей.

Ал мен,..

Мың қазақтың ішінен

қазақ іздеп жүремін.

Мұңлы азаптың ішінен

азап іздеп жүремін.

Өз жерімде неліктен,

Өзімді іздеп жүремін?!

Қорынғанда... қор болған

сөзімді іздеп жүремін.

Саңылауында санамның,

сұрақ қалды... Кім едім?!

Кім?

Зау көгінде даламның,

пырақ бар-ды - түлегім!

Көкке ұлыған бөріні

жылатқан кім? Білемін...

Қай жерінде даламның,

жылап қалдың, жүрегім...

Е-е-е!

Қазағымның жүрегін жылатпашы, Құдайым,

Жылатсаң да құдайым, жұбатпашы, бұлайын.

Жылатпашы, бұлайын?!


Мағжан: (шахматтың тақтасы қойылған столды алып келеді)


Әке, мен осы заманнан сіз жылайтындай ешнәрсе көріп тұрғамын жоқ. Отырыңыз,.. отырыңызшы әке. Ерте замандағы Сократ та, кешегі Абай да, заманға көңілі толмай жастардан қорқып өтті. Бірақ, әке ақыл да, сана да жастар да сол қалпында.Оданда Мағжанға ұқсап «Мен жастарға сенемін!» - дей салмай ма?!

Бекжан: Пах, шіркін!

Мағжанның бәрі мықты боп тұр ғой, қазір!

Мағжан:

Әке, биыл Қазақ хандығының 550жылдығын тойладық па?

Бекжан: ия

Мағжан: Абылай бабамыз үш жүздің басын қосып ел қылды, иә?

Бекжан: ия..

Мағжан: Ал біздің президенттіміз үш жүз түгілі, жүз отыз ұлттың басын қосып, бейбітшілік заман орнатты емес пе?

Бекжан: Енді, солай делік...

Мағжан: Солай делік... (Шахмат ойнай бастайды)

Әке, сан ғасырдан бері ата-бабамыз армандаған азаттыққа жеттік пе?

Жеттік.

Қиын кезеңнен аман-есен өттік пе?

Өттік.


БҰҰ-ымы , Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, міне, мына жағың Қытай, арғы жағың Америка... бүкіл Еуразия, тіпті, жер жүзі танып жатыр, әке, ...қазақты. Жоқ, 2030 – ды еңсеріп, енді озық деген отыз елдің ортасына бұзып жарып кірейін деп отырмыз. Дүние жүзілік сауда ұйымына кірдік.


Қарашы әке, Астанамыз күннен күнге ажарланып, айбаттанып келеді. Жастардың болашаққа жолы ашық. Шетелдің қай оқуын оқимын десе де. Қазақстанға қазір, әлем қызығып қарап отыр. Күн сайын дамып, сағат сайын өсіп келеміз. Қазір жаһандану заманы ...ояншы әке, ояншы, әкетай-ау! Осындай жақсы жетістіктерімізді,... неге айтпайсыз, а? Кешке дейін жылай бергенше, жылай бергенше! Міне, әке, осының бәрі елбасымыздың арқасы! Еліміз тура жолға түскен осы бір заманда бізге ынтымақ керек. Алты Алашты араздастыратын әңгімеден гөрі, төрт көзімізді түгендейтін, бауырласты біріктіретін, мына біз сияқты...ия, әке біз сияқты, бөрікті мен көріктіні еліктіретін, ағайынды кіріктіретін әңгіме қажет. Сондықтан қазақ қазақ дей бермей. Өзгелердің де көңіліне қараңызшы а?


«Казахстанец» бола салайық.....


Бекжан: Тақ әкеңнің аузы!... Казакстанец...


Қазақстандағы бүкіл ұлтпен ұлыс, бір ананың баласындай доспыз, туыспыз, бауырмыз - деп бәрін жақын тұтамыз ия? Бірақ, олар неге мені жақын көрмейді а? Неге, солардың арасында менің елім өгейсіп бөтенсіп тұрады? Неге, өзгеге жұмсақ жүрегіміз, өзімізге келгенде беріштей қатады?


Мағжан: Ол өздеріңізден де бар әке.


Бекжан: Ия, дұрыс айтасың өзімізден де бар. Барымызды баламыздың аузынан жырып, қонағымыздың алдына тосып үйренгенбіз. Ия, ойбай, қонақ жесін, қонақ сөйлесін, қонаққа қатты айтуға болмайды. Маңдайың тасқа тигенде ғана барып, жаман үйді қонағы билейді - деген. Оны несі ей! - деп осқырынып шыға келесің. Біреудің елі-жері түгілі, мына жалған дүниенің өзіне бес күндік қонақ екенімізді соларға айтқым келеді. Ия, балам айтқым келеді. Айтқым келеді, айғайлағым келеді.

Еее ,! Бәріміз де қонақпыз!


Мағжан : Әке


Бекжан: Қонақпыз, Шаңыраққа қараңдар! Шаңыраққа!

Мағжан: Әкеу, тыныш, әке түсші.Шаңыраққа қарайтындай емес, әркім өз үйінде тұрып жатқан жоқ па!

Бекжан: Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар - деген. Мына елдің де, жердің де, киесі мен иесі - Қазақ – деген ел, балам.

Иә, бұл қазақтың басынан не келіп не кетпеді, тіпті кешегі анау ашаршылық кезінде, аштықтан өзегі танып өлейін деп жатқан шал мен кемпірдің үйіне барса, керегенің артында, борсып кеткен бір жапырақ ет тұр дейді. Апыр- ау, ақсақал талқажау ететін дүниеңіз бар екен ғой! Мынаны неге жемедіңіз дегенде,

- Әй балам, біз қазақ деген елміз, аштан өлсем өлейін, ата-салттан аттамаймын. Бұл құдайы қонақтың сыбағасы деген екен. Міне, елдің иесі, жердің киесі деп осыны айтады. Жоқ, ауылда да сол. Барлық қонақ төрде, өзіміз аяқ жақта жататынбыз. Әкелеріміз тым қатал,... жоқ,қатал емес қазақы қатаң тәртіп. Біз сол тәртіпке бағынғанбыз. Үйге келген қонақтың баласы ең қымбат затыңды бүлдіріп, болмаса соны тартып алуға шамасы келмей жылап жіберсе,әкемізден өлгенше таяқ жейтінбіз.Қонағымыз қаттырақ ренжісе, тіпті үйден қуылатынбыз.Міне, ешбір елде, ешбір жерде жоқ қазақы қонақжайлылық!..

Сендер ондай тәрбиені көрген жоқсыңдар. Ия, ит иесіне тарттады - деген бар. Қазір біздің елдің иттері қонақ келе жатса үрмейтін болған.Өйткені, ол сенің анау, малыңды күзететін қораның иті емес. Қатты сөз айтуға болмайтын, жекуге болмайтын, зайырлы қоғамның иті!..

Шах... мат!

Мағжан: Ауыл итінің құйрығы қайқы - дегенді де қосып қойыңыз, әке.

Бекжан: Ия, қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят кетеді - дегенде бар.

Мағжан: Ит - тойған жеріне, ер - туған жеріне...

Бекжан: Ол баяғыда сондай болған, балам.Қазір екеуі де тойған жерінде жүре беретін болған.Ия, туған жер, туған елдің...


(Мағжан ашуланып шахмат-столын алып кеткенде ақ шүберекке оралған бір уыс топырақ түсіп қалады)


«Кіндігімнің жас қаны

Тамған жерім ауылым...»

Туған жер! Туған ана! Туған ел!

Осы қастерлі де, қасиетті үш ұғымның ұлылығын ұғынар ұл көп болса қанекей! Шерхан ағам айтпақшы,бабаларымның қанымен, сүйегімен құнарланған қасиетті топырағымыздың, сүйем жерін, сүйіп өсуге бәріміз міндеттіміз.

Кіндігіңді туған топырағыңа байлап,бақидың жолын бағыштаған бабалар ырымында, ұлт болып ұйысудың ұлы далалық бар пәлсапасы жатқандай.Елім деп еміреніп, жерім деп тебіреніп, тектілігін тегінен алған кешегі бабаларымыздың бәрінің кіндігі топыраққа байланған еді. Менің шешем, сенің әжең, немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алып,топыраққа көмдіртіп жататын. Көмдіріп жатып, адам туған жеріне - деп күрсініп қоятын.

Мағжан: Менің кіндігім ше, әке?

Бекжан: Сенікі де... міне балам. Міне, мына топыраққа байланған.Анау-у, асқар Алатаумен бірге.

Мағжан: ...Ал қазірше, топыраққа көмбей ме, әке!

Бекжан: Ия, қазір ше... Күніне дүние есігін ашып қаншама сәби перзентханада туылады. Сол бейкүнә сәбилердің кіндіктерін кімдер кесті?! Кім? Менің кіндігім қайда тасталып жатыр? (Неге үндемейсіздер, неге?,..)


Әрине,сұрауы жоқ, құны жоқ, қан-жынға араласып құрдымға кетіп жатыр.Қан-жынға араласып қасиеттен жұрдай болған сол бейкүнә сәбилердің ертеңі не болмақ? Қамшының сабымен ғана өлшенетін бес күндік ғұмырдың өзі кіндігіңмен бірге жазаға кесіледі. Ол жазаның үкімі - тас маңдайдағы тағдырыңның қолында. Ал, бағанағы балапан-сәбилердің тағдыры кімнің қолында? Кімнің? Тағы да болжаусыз болашақ па?! Осының бәрін ойланам,ойланам да, бесіктей жеңіл өмірді табыттай ауырлатып алмайықшы! - дегім келеді.Қасарысқан қатал тағдыр бәрі бір өз дегенін істемей қоймайды.Сонда да мен сағынам.


Ақпейілдің сағынамын саябағын,

Аналарым айтса екен - деп баяғы әнін.

Кей сәтте шаршап кетем, аңсап кетем,

Әлдилеп әлде кімнің аялауын.

әлди болғым келеді,сәби болғым...


Бесік жыры – хор........


Адамның туған жері – алтын бесік.

Кір жуып, кіндік кескен жері ыстық.

Күн күліп, ай аймалап, жұлдыз жанып

Алдынан кең дүние ашқан есік... ...әлди-ай.

Әлди-ай, бөпем, әлди-ай, ей, әлди-ай!

Бөбегім құлыншақтай қырда ойнасын

Өз жерің жисаң қазына, айдасаң мал.

Жеріне дұшпан кіріп аяқ басса

Толғанып Тұлпар мініп, қолға найза ал! ...әлди-ай.

Әлди-ай, бөпем, әлди-ай, ей, әлди-ай!

(Бесік жырын айтқан аналар Бекжанға домбырасын ұсынады)


Бекжан:


Шеше, сен жыламағын,

Бесігімде-ақ тербедің жұмақ-әнін.

Кей кезде қамыққанда, жабыққанда

Жұмақ-әнің естілгендей, жұбанамын...


Ән: Сәби болғым келеді


Бекжан: Жоқ, жоқ...елін, елін сатқан, арын сатқан,сәбиін сатқан,дін мен ділін дүбәралатқан, сайтанын семіртіп баққан, кіндіксіз туылып, жұмыртқадай шіріп жатқан, тағдырын табыттай ауырлатқан адамдарды көрсеңдер,

Қазақ, қазақ болыңдар! - деп айтыңдаршы!

Біз қазақ.., ұстыны бөлек, ешкімге ұқсамайтын ел едік, балам.

Мағжан: Қазақ болуын боламыз-ау!Сіз қазақ болудан бұрын, адам бол! - деуші едіңіз ғой!

Бекжан: Ия, дегем...

Мағжан: Адам болудың бірақ жолы бар, әке!

Бекжан: Ол қандай жол?

Мағжан: Ол – кредит!...

Бекжан: Қарыз де,

Мағжан: Қарыз емес әке, бизнестің басы!

Бекжан: Әкеңнің басы - деп неге айтпайсың осы а?

Мағжан: Жұрттың бәрі солай адам болған әке. Қазіргі байлардың бәрі сол.

Бекжан: Сен бай болғың келе ме, жоқ адам болғың келе ме?

Мағжан: Бай,

Бекжан: не?

Мағжан: адам... екеуі де әке...Қазір бай болмасаң, ешкім сені адам деп пысқырмайды да.

Бекжан: Дұрыс айтасың! Ақыл да қазір байлықтың алдында тізесін бүккен балам.

Мағжан: Ақшаның алдында ақыл баяғыда тізесін бүккен, әке...

Бекжан: Әй, айналайын сен өйтіп бизнесмен болмай-ақ қойшы, ей!

Мағжан: Онда жерді сатайықшы әке!

Бекжан: Қандай жер?

Мағжан: Ауылдағы жер, алабота басып ақыры бос тұр.

Бекжан: Сен маған туған жеріңді сат - деп тұрсың ба?

Мағжан: Туған жер болған да жай жерді айтам.

Бекжан: Жай жерді сатқанша, мені сат! Жерді сатып, сатып, топырақ жеп, батпақ тышқандардың санын көбейтейін деп жүрсің бе?

Мағжан: Әке, жер сатқандардың жерге қарап қалғандарын көрген жоқпын.Қашанғы әртістің баласы, жоқ қашанғы айтшы маған а? Әркімнің қолына қарап жәутеңдеп жүре берем. Сату керек, байлыққа бату керек. Сатам дедім бе сатам...

Бекжан: Әй, Мағжан?

Мағжан: Қойшы, әке ...

Бекжан: Мағжан, тоқта! Мағжан!

Мағжан: ...сатам!

Бекжан: Мағжан!...

Бекжан: Ау, а... сахнаға шығатын уақыт кеп қалды ма?


(Кастюмер келеді. Шапаны мен тақиясын киеді...)


Шайыңыз бар ма? ...

Жоқ сатқан, сатылған, сату - деген сөздердің саудагерлер үшін қандай екенін білмеймін, апай?!Бірақ, мен өз басым үрейленіп қараймын.Себебі мен осы сөздің мың рет құрбаны болып, мың рет жоғалып барып табылған қазақпын!

Ия, өзімді-өзім сатқанмын,

Өзімді-өзім атқанмын.

Өзімді-өзім жаралап,

өзегім талай өртеніп,

жарамды жалап жатқанмын.

Қызылдар мен ақтардың

Қылышын сүртпей қынға сап,

Қынынан қан боп аққанмын.

Топтарменен, таптардың,

табандарында тапталдым.

Өзімді-өзім сатсамда,

Өзімді-өзім атсамда...

Құдіреті күшті құдайым,

Өлтірмей тағы ап қалдың.

Енді Алла, қарызбен өлтірейін дедің бе?! Қарыздың жүгі қашанда ауыр.


Айтыңыздаршы! Айтыңыздаршы! Қазір өзі қарыз емес, қазақ бар ма? Бар ма? Ол түгіл, дүниеге жаңа келген нәрестелердің өзі, қарыз емеспіз бе? - деп жылап келетін болды. Жүздері жарық, сөздері анық кімге болсада қасқайып тұрып, сөйлеген қайран ата-бабам-ай! Біреуге қарыз болмақ түгілі, мына ұрпағым қарыз болмасын - деп, қиядан қыран ұшшса, қияғы талатын, құлан жортса тұяғы төзатын байтақ өлкеңді, байлығымен бірге мына ұрпағына аманат етіп қалдырған жоқ па? Жоқ, әлде қарызданып ғұмыр кешсін - деді ме? Неге үндемейсіздер? Қарыз, қарыз, қарыз...

Қарызы бар адам асқақ сөйлемек түгілі, астарлап жағдайын айту үшін де мұрнының астынан бірдеңені міңгірлейді.Орта ғасырлық Гректер атқа отырып қылыштаса алмайтын және қарызы бар ер адамның басын шабу керек - деп заң шығарған екен. Атқа отырып қылыштаса алмайтын белгілі.Ал қарызы бар ер адамның не кінәсі бар - деген кезде.Қарызы бар адам - бірінші жағдай айтады, екінші сылтау айтады, үшінші өтірік айтады - деген екен.Ал өтірік айтқан адам - Отанын сатады! - деген. Осыны естісем, жүрегім зу ете түседі. Құдайға шүкір, бізде ондай заң жоқ. Ендеше, мына залда отырар ма едіңіздер? Әй, бірақ бәрі бір...

«Қарызың барда - малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме» - деген біздің қазақ. Жоқ, қазақтан басқа кім айтсын мұндай сөзді? Жоқ анау, қарызданып қатын ал, қатының қалар қойныңда - деп қай қатын құмар айтты екен деймін?

Түрмесіз далада, қорасыз қой бағып, мылтықсыз аң аулаған қайран ата-бабам-ай! Есігіне ала жіп байлап, алты айшылық жолға алаңсыз шығып жүріп кете беретін адалдығын айтам! Ешкімге қарыз болмай-ақ! Ешкімнің ала жібін аттамай-ақ! Ел болудың ешкімге ұқсамайтын үлгісін көрсетті емес пе?!

Биді дауда, батырды жауда көрген....

Елдің жүгін ер менен нарға берген.

Мал мен жанды жолына құрбан қылып,

Ата-бабам аштан емес ардан өлген!....

(Экранда Алаш арыстарының сұлбалары көріне бастайды)

«... Жоқ, Мен қара жер емеспін, сатылып кететін

Мағжан да емеспін, атылып кететін.

Қара жер құнарлығы үшін сатылып кетті.

Ал, Мағжан, сатылмаған үшін атылып кетті....»

Мағжан: Ей, өшірші ей, өшір музыканы... өшірші...

Рөл ойнап жатсыз ба, әке?

Бекжан: Иә, ...рөл ойнап жатырмын...

Мағжан: Әртіс болу қиын шығар, ә... Кейде сізді ойлаймын...

Бекжан: иә...

Мағжан: Енді, мына заманға лайық бастық па,... немесе бір кәсіпкер ме... неге сондай жолды таңдамадыңыз деймін дә?...

Бекжан: Не, жаның қиналып жүр ме!

Мағжан: жоқ, а..

Бекжан: Әлде, біреу бірдеңе деді ме?

Мағжан: Жоқ,а... кейдеее... ойланам да әке...

Бекжан: Ойлан, ойланғаның дұрыс.

Мағжан: Ойланғанда, кейде сіз маған бүкіл қазақтың жағдайын жалғыз өзіңіз ойлап жүргендей көрінесіз...

Бекжан: Менікі жай балам, оны мына сендер ойлануларың керек.

Мағжан: Әке, уайымдамаңыз, бәрі,.. дұрыс болады.

Бекжан: Бәрі дұрыс болады?... Баяғыда да солай, бәрі дұрыс болады -дейтінбіз...

Бекжан:Баяғыда әкелеріміз адам бол! –деуші еді.... Ал, қазір, білімді бол, ақылды бол, қу бол – дегеннен басқа сөз айтылмайтын болды. Адам бол! -деген сөздің ішінде бір құдірет жататындай еді-ау...

«Асыққан-шайтанның ісі» - дейміз кейде, қарасаң жұрттың бәрі асығыс, асықпайтын адам жоқ. Бірдеңе десең, заман солай – деп, құтыламыз баяғы. Жанталас-өмір, тыраш-тірлік. Барына да жоғына да – бәсеке. Байы –менмен, кедейі-кердең,бірі - сырттан қағып, бірі - іштен шалып, бірі- өзектен теуіп, бірі – сыртыңнан көміп, қолынан келсе, көріңде өкірткісі келеді. Аттыға еріп жаяудың таңы айырылып, қаздың жүрісін саламын деп, қарғаның шаты айырылып жатқан заман, әйтеуір...

Баяғыда менің әкем, адам болу үшін көп нәрсенің керегі жоқ, тауықтың миындай миың болса, жетеді - деуші еді...

Мағжан: Тауықта ми болма не?..

Бекжан: Болғанда қандай! Сен қарашы, тауық су ішкен кезде аспанға қарайды.... Тұмсығын жоғары көтереді. Ол деген сөз – сол нәпәқасын жұтқызуға мүмкіндік берген құдайға шүкіршілігі еді...

Ал, біз ше? Қызметіміз жоғарылап, мәнсәпқа жетсек,.. қалтамызға ақша түсіп байи бастасақ.... жұртқа таныла бастасақ тұмсығымызды көтере алмай қаламыз... Тұмсығын көтере алмай қалатын бір-ақ хайуан бар балам. Ол- доңыз!

Мағжан: Маған ренжіп тұрған жоқсыз ба, әке?

Бекжан: Саған несіне ренжиін, балам.. Қатарыңнан қалмай азамат болсаң, одан артық маған не керек?.

«Қызымның бар баласы, балдан тәтті анасы, ұлымның бар баласы, сұр жыландай анасы» - дегізбей, өзіңе жақсы жар, маған иманды да ибалы келін тауып берсең , одан артық бақыт бар ма, балам?

Мағжан: Әке, мен де осыны көптен бері сұрайын деп жүр едім.....


Қазір, (Айфонын алып алдына қояды. Сұхбат)Сіз, ...мамам... мамандық пен жар таңдауда кетелескен жоқпын - деп ойлайсыз ба?


Бекжан:

Адаспадым демеймін, мен де адастым.

Періште емес, өйткені, пенде-баспын.

Жетім-өкпем желпілдеп жүргенімде

Тобырға еріп, топалаң селге қаштым.

Босқа өткізген сәттерім, өкінішім-әттеңім... болмады емес, болды.

Бірақ, оны қайталауға сенің қақың жоқ, балам!

Ал, енді анаң екеуіміз бір ауылдың түлегіміз. Көршінің қызы...

Анаңа келетін болсақ,... анаңның жөні бөлек, балам....

(Махаббат сахнасы – елес.би.)

Қайта айналып бір оралмас қайран жастығым-ай...

...Шешеңнің алдына барған кезде лүпілдеген жүрегіңді арпалыстырып, жанарыңды тіктей алмай....

- Сәлем....

- Сәлем...

Айтайын деген сөзіңді айта алмай, мылқаудың күйін кешіп, жасырынып қана жанасар үнсіз,тілсіз ғашықтықпен иығына иығыңды ғана түйістіріп сырласар қайран жастығым, қай қырдың астында қалдың екен....

Ең бастысы балам, анаң екеуміздің арамызда бауырмалдық болды. Мейірім болды. Махаббат болды.

Мағжан:Тағы бір сұрақ, әке! Айтыңызшы, махаббат деген не осы?

Бекжан: Махаббат деген, ол - үйлесім, ұлы күш, ұлылығың-дін мен ділің!

Мағжан: Жоқ, әке, қазіргі махаббат ол – зәулім үй, машина, ақша, сосын,.. тағы да ақша.... онсыз махаббат та, адамгершілік те, достық та жоқ...

Бекжан: Дұрыс айтасың. Мынау қатыгез қоғамда оған қоса, мейірім де жоқ. Мейірім болмаған жерде махббат қайдан болсын? Бүгінде махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, ақшаның қолын сүйгізіп, арсыз бен мұңсыздың алдында маңдайын жерге тигізіп қойдық. Есіңде болсын, махаббатты ұмытқан қоғамның ұрпағы – ұр да жық , ұрдым-бердім, берекесіз сосын, бақытсыз болады ... .

Мағжан: Сонда сіз, қазіргі ұрпақ түгел бақытсыз демекшісіз бе?

Бекжан: Жоқ, балам, ұяттарыңды ұрлатып алдыңдар!

Сенің, иә сенің замандастарыңның сұрқия тірлігін көргенде өзімді қоярға жер таппаймын. Тал бойында тарыдай ұят қалмаған қаракөз қыздарым көшенің тап ортасында талтайып тұрып, бал тамар тілден у сорғалатып қазақша-орысша маттары ақтарылып, қазақы ибалық пен адами иманшылықтары жалаңаштанып, өз қарындастарын өздері саудаға салып, қалталы да балталы келімсектердің қанжығасына өңгеріп беріп жатса, мына зымстан қоғамның бетіне де көтіне де түкірдім!

Мен саған балам, кешелі бері айтып келем, әлі де айтам. Біз қазақ деген елміз. Бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір ананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген ел емес пе едік. Ол кезде отауды бұзу – отыз рулы елдің шаңырағын ортасына түсіргенмен бірдей болатын. Ал, қазір ше? Бүлінбей бүтін тұрған әулет жоқ. Ұлда рух, қызда қылық жоқ. Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқандар қаншама?.. Махаббат пен мейірімі болмағандардың балалары пияншік, немерелері нервный.... Осының бәрі махаббаттың жоқтығынан. Сондықтан балам, сүрініп кетпе! Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар әне, солар....


(Ән – Сүрініп кетпе....М Мақатаев)


( Қолдарына шырақ ұстаған пенделер бірте-бірте сахнаға шыға бастайды.Жер сілкінісі...)


Бісімілдә!.. пісімілдә!..


Бекжан: Жер қозғалмаса, қозғалмайтын қазағым-ау, осындайда ғана ауызға пісімілдәсі түсетін елміз-ау... Сонда не, жер сілкініп тұру керек пе, бұ қазаққа?


Жұмыр жердің жүрегін ауыртпай

Ақ адал өмір сүретін,

Жерұйығын арқалап,

Аялап көшіп жүретін,

Алаш - деген ел ем ғой

Жалғанның қадірін білетін.

...О, жаратқан,

Адастырма, ақ жолдан

алжастырма, ақылдан

иманын күшейт, халқымның

сабырын сайтан сапырған...


Рух: ...һақтың жолы - тура жол . Ата-бабаларыңның жолы... Адами болмыстарыңа енді оралып келе жатқандарың болмаса,Олар қайда? Сендер қайда?!


Бекжан:

Бұл кім?

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен...»

Бірі ойындағысын істеп,

Бірі балағыңнан тістеп,

Балақтағың басыңа шығып,

Басыңдағың диірменнің тасына түскен заман-ай!

Сақтардан келе жатқан салтымды ,

Ғұндардан келе жатқан ғұрпымды,

Түркіден келе жатқан жұртымды

Қазақы қазыққа байлаған едім.

Қазақтың діні мен ділі – діңгек еді.

Ілімі ілкі жұрттан да ілгері еді.

Өйткені, бүгінгідей дәрежеге емес,

Даланың даналық заңыменен

Салт-дәстүрге ғана бағынып жүрген еді.

Ай көрсе, аман көрдім

Жылдың есендігін бер - деп,

Күн-айын тілегінде,

Құдайын жүрегінде құрметтеген ел едім.

Іштен шыққан жау жаман....

Мойыныма ажырғы-азап таққалы

Тағдырының тауқыметін тартқалы

Құдайын қыбыладан емес,

Құмырадан іздеп,

Қайғысы-азық, ермегі-шер болған қазақты

Шайтан мен жын қаққалы,

Кәпәрстан, зымстан

діннің жолын жапқалы,

жарты дүние жиылып

діннің ауызын баққалы

кім - кімді сатпады?

Кімді - кім атпады?

Рух:

Сатылмаған, сатылмайтын, сатпайтын.

Сол үшін де еш пендеге жақпайтын.

Адасса да айғай-аттан салмай-ақ,

Бір құдайдан басқа ешкімді қақпайтын

Сенің жалғыздығың-ай, менің жалғыздығымдай!!!

Бекжан:

Ай да жалғыз, күн де жалғыз жер жалғыз

Сен де жалғыз, ел ішінде мен жалғыз.

Жалғыздықтың жаутаңдатып жанарын

Екеу десек , біреуіне енжармыз.

Рух:

Күнде алдайды жылмыңдаған жарықтар,

Алданбауға жан-тәніңді салып қал.

Екі-екіден еркелеп қал, өмірге

Ешқашан да егіз болмас табыттар!!!

Бекжан:

Ешқашан да егіз болмас....? Бұл – кім?

Бұ дүниенің сахнасында,

Құдай қойған драмадай күрделі,

Тағдырым бар мүлде бөлек сүрлеуі.

Кісендеулі жүрегіме қарамай

Мен сүйемін, өмір дейтін түрмені!!!

Жоқ, әлде бұл – ордасы ма обалдың?

Сауға сұрар сауап болып тоналдым.

Қоңыр далам қолын маған созғанда

Қара аспанның қан-жұлдызы боп алдым.

Мен туған жер – екі ауылдың арасы.

Тіршілігім – бар мен жоқтың таласы.

Күрсінуім күрмелгенде ішімде,

Құлшылығым – жалғыздықтың бағасы.

О дүниенің сахнасының

Шымылдығы ашылғанда-ақ, ... Аллалап!

Төрден төмен бір бас түсті домалап.

Кеудесі жоқ бастың соры түк емес,

Ал, басы жоқ кеуделерге обал-ақ....

Жазған пенде жазмышынан озған ба?

Көр азабы көз аштырар көп жанға.

Ақиқатты айту қандай қиын еді

Көрермені, тыңдарманы жоқ залда!!!

Мағжан:

«Домалайды дүние доптай болып,

Түнгі даудан көрінген оттай болып...»

Бекжан:

(Алдай-ау...ән)

Мағжан:

Әке мен сізді түсінем. Бірақ, амал қанша? Мынандай қайғылы өлеңді тыңдай берсем, ерте қартайып кететін шығармын... Қазіргі жастардың әні басқа. Рұхсат етсеңіз, орындап берейін...

(Ән – Арман Дүйсеновтің әні)

Бекжан:

Бәрекелді, бәрекелді..... Қазіргі әндеріңнің түрі осы ма?

Тобыр: Иә .....

Бекжан:

Онда, жетіскен екенбіз. Қазақтың құндағында туып, тар бесігінде тербелген төл өнері бар. Қас өнерді менсінбей жат өнердің жылымына түсіп, жандарың жаттанып бара жатқанын білемісіңдер?!

Тобыр: .....

Бекжан:

Солай де... Мынау айғай-шудан құрылған жалған патриотизм - келешегіңе кемел, болашағыңа бедел бола алмайды. Жұрттан кейін қалмайын деп алға қарай ұмтыласыңдар, жұлқынасыңдар. Жақсы...Ұмтылу болса, жақсы ғой... ал, ұтылу болса, қайтесіңдер?

Тобыр: Айтшы өзің?

Бекжан:

Жоқ, сендер айтыңдар., қазір, телеарнадан жаның рахаттанып көретін, құлақ құрышың қанып еститін бірдеңе қалды ма өзі?

Тобыр:

Бекжан:

Көк жәшіктің ішінде өңшең көзбояушылықтан, сөзбояушылықтан аса алмайтын әлгі, тіл безегіш шоумендер көрерменнің көзіне көк шыбын үймелетіп жатыр.

Тобыр: Комедия клап...Наша казаша....

Сол, Наша казаша деп жүрген Тазша балдар тас қаптырып, қысыр сөзбен алдап, өзгенің қаңсығын жең ұшынан жалғап, санаңа сарып жатқан жоқ па? Ей,айдаладағы Боратқа өкпелеп жүргенде, айналаңдағы Бораттар не істеп жатыр? Ар-намысыңды алдар көсенің алба-жұлба тонына айырбастап, жатыр? Кезінде Гитлер айтқан екен «кез келген елдің санасын мағынасыз әндермен жаулауға болады». Ал, мағыналы өлең, мағыналы сөз, есті ән – ешқашан ұмытылмайды, ескірмейді. Өйткені, онда сенің ата-бабаңның өр рухы жатыр, қасиеті жатыр.

Тобыр: Дұрыс айтасыз. Тағы да айтыңызшы...

Бекжан:

Соның дәлелі ретінде Өмірзақтың мына бір өлеңін тыңдаңдаршы:

«Сен саудаңды мақтадың,

Біле білсең пайда –деп.

Ал, мен тауларды мақтадым

Таудай болу қайда?! – деп.

»

Тобыр:

Браво....О, бәрекелді....

Бекжан:

Алаңдаймын арт жағыма қарайлап,

Қырлар жатыр тіл аузы жоқ е амал бар?

Аспан жақтан қараңдаршы абайлап,

Өз орнында отыр ма екен адамдар?!

Тобыр: Қайда? Кім? Кімдер?...

Бекжан:

Әркім өз жұмысымен айналысып, әркім өз орнында отырса ғой, шіркін!

Әйтпесе,

Төбе би төрелік айтатын төбеден

Төбет ит үретін заман болды.

Ақ періште дегенің

аузы сасық һарам болды.

Аға деп алға ұстаған адамың

Қара ниетті надан болды.

Тау үгіліп, бор болды,

Нар жығылып, қор болды.

Зордың сөзі – сөз болды.

Көсеу ұстағанның бәрі - көсем,

Көсіле шапқанның бәрі - шешен,

Құлақтан мүйіз зор болды.

Әкімнің орнын қамшысы басты.

Ақынның орнын әншісі басты.

Өтірік-сұмдық өрекпіп сөйлеп,

Ақиқат-шындық ауызын басты.

Ұрыны-ұры - деп айта алмай,

Ұлыны-ұлы - деп айта алмай

Әділдік жолын албасты басты.

Туғанын ту-талақай қылып,

Тура бидің де қадірі қашты.

Ақиқатты айта алмай бұққан сайын.

Шындықты ащы шайнап,

Ішіме жұтқан сайын.

Жаһандануға жұтылған сайын,

Ар-намысыммен ұтылған сайын,

Менің де ділім-қатты, тілім-ащы!....

Жансақтау бөлімі....

Мағжан:

Не болған әке?

Бекжан:

...Жағын сындырып, Тілін кесіп, ауызын сым-темірмен байлап кетіпті.

Мағжан: Кімдер олар, әке?

Бекжан: Адамдар, айуанның қолынан бұндай нәрсе, келмейді, балам!

Мағжан: Бұл кім сонда, әке? Танысыңыз ба?

Бекжан: Жоқ...

Мағжан: Досыңыз ба?

Бекжан: жоқ...

Мағжан: мен білмейтін бұл - қандай туыс?

Бекжан: Жоқ, туыс та емес, туыстан да жақын бұл – ақиқат... балам!

...Иә, көп өтіріктің арасынан шындық шыңға біткен шынар сияқты көрініп тұрады. Ал, көп шындықтың арасынан ақиқатты табу - қиын!

Мағжан:

Неге олай әке? Ақиқат та шындық та бір емес пе?

Бекжан: Жоқ, жұрт солай ойлайды. Әйтпесе, екеуі екі бөлек ұғым... Ол туралы мынандай бір тәсіл бар.

...Адамдардың көзіне екі сұлба көрініпті... біреуінің беті - ашық. Ал, екіншісінің беті - жабық. Беті ашықтың келбеті өте ұсқынсыз екен.

- Сен кімсің? -депті.

- Мен –шындықпын - депті.

- Ал, сен кімсің? – депті, беті жабық сұлбадан.

- Мен – ақиқатпын - депті.

- Ақиқат болсаң жүзіңді неге бүркеп алғансың? Жұрт көрсін дегенде

- Мен бетімді ашатын болсам, адамдар торығыумен қорқудан азап шегіп, өліп кетеді - деген екен.

Міне балам, қандай жағдай болмасын өмір деген - өте қымбат. Иә, өлімге оңай айырбастай салуға болмайтындай - қадірлі. Ал, ақиқатты өлтіріп алуға әсте болмайды, балам!

Мен туғанда-ақ, өлім жазасына кесілгем.

Есейе келе шығып кетіпті есімнен.

Жаным шырылдап, тәнім тұншығып жатқанда

Есіме қайта сен салып едің, есіл дем!

Мен туғанда-ақ тарылып кеткен құт-іргем.

Жазмыш солай ғой, солай жазып бітірген.

Ең соңғы арман - тәтті - дейді амал не

Сәл ащылау, ең алғашқы үкімнен!.

Мен туғанда-ақ нұрлы ауаға ніл сіңіп,

Түннің бетін өткен екен мұң сызып.

Содан бәлкім, айға қарап кей сәтте

Ұлып-ұлып қоятыным күрсініп.

...Күрсінісім - тау тербеген шер еді.

Кісенделген жанымның кім, себебі?

Тарғылданға тас-жүректі жылатып,

Жарып шыққан жусан болғым келеді!!!

...Жоқты бар ғып келтірген - заманың болса,

Барды жоқ қып өлтірген - адамың болса,

Амалым қанша?!

«Амалым қанша?» - ән

Мағжан:

Әке, ...

Бекжан:

Ей, данышпан, ертұрман қайда?

Мағжан:

Ер-тұрман баяғысынан басқаша болып қайта келіп тұр

Сізге тосын сый!

Бекжан:

Әй, балам-ай.... сенің осыған ақылың жетенініне сенгем.

Мағжан:

Ертұрманың бар. Жеріңіз тұр, әке... ойсыз сөйлеп мұңсыз жүретін балаң мен емес! Ішіңе шер боп байланған бар қыжылыңызды шығару үшін осының бәрін әдейі істедім.

Құстың мойны бос, Жылқының белі бос, адамның көңілі бос деген атам қазақ. Құс қанша ұшса да қанаты емес мойыны талады, ат қанша шапса да аяғы емес, белі талады. Ал, адам қанша тас жүрек болса да көңілі босайды – деген.

Мен бүгін әкемнің көңілі үшін емес, қазақтай дархан халықтың өр рухы үшін осындай қадамға бардым. Мен - қазақтың болашағымын әке. Ал болашақтың тақымында тақтан да қымбат ер-тұрман тұруы керек!

Бекжан: Бәрекелді кел, балам. Мен бұл арада ер-тұрман емес, атұстар азаматымның барына қуанып тұрмын.

Ал, саған айтарым, балам. Сен - мық шеге бол! Шеге - тағаны ұстайды, таға -тұяқты ұстайды, тұяқ - аяқты ұстайды, аяқ - атты ұстайды, ат –ер-тұрманды ұстайды, ер-тұрман ерді ұстайды, ал, ер – елді ұстайды!

Өр рухың болмаса, ұлтың да жұртың да сау болмайды.

Сондықтан ұлым, саған айтам...

Сенен басқа кімге айтамын.

Көкейімде тұншыққан сырды айтамын.

Жұдырықтай жүректі жұлқып алып,

Алқымыма тығылған мұңды айтамын.

Жұрт болуды ұмытқан қызды айтамын.

Ұлт болуды ұмытқан ұлды айтамын.

Салт-санамның сары алтын сандығысың,

Саған айтпай ұлым-ау, кімге айтамын?!

...Тәуменді күнге – салауат.

Тәуелсіздігім- ата-бабадан аманат.

Азаттығымыз арымызға байланды.

Болашағымыз бағымызға байланды.

Аллаға шүкір, алты алашым -

Азияның алтын қазығына айналды!

(Мағжан әкесін атқа отырғызады)

...Замандардың керуен-керуен көшінде,

Көне сарын көңіліме көшуде.

Мұңлы күннің мұң мен зары естілген

Ескен желдей есіл заман есімде.

Бәрі есімде, бәрі, бәрі есімде

Енді менің арманымды жалғасын,

Мәңгілік ел ұлы дала төсінде!!!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар