Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алдан Мұсабекова: Ана аңсауы

10.10.2016 281

Алдан Мұсабекова: Ана аңсауы

                            

(әңгіме)

attach-635642091857645723.jpg

Жұмаш бүгін өзін бұрынғыдан сергек сезінді. Таң қылаң бере намазын оқып алды да, есік алдына шықты. “Бүгін күн тағы да ысиын деп тұр-ау” деп, бозамықтана бастаған аспанға қарды. Расында, бір шөкім бұлты жоқ зеңгір көк тағы да тамыздың бет қаратпас аптабын жіберер кейіпте екен. “Қой, күн ысымай, тірлігімді бітіріп алайын, ыстықта іс өне ме?” деген ойда Жұмаш әуелі ескі сарайға беттеді. Боғатқа тығып қойған кілтін алып, екі бұрап қара құлыпты ашты. Ішке кіріп, бақандағы еттерін жинады. “Осы байғұсты асудың да сәті келмеді!” Жеңіл күрсініп қойды.


Шалы марқұм оюлап, өз қолымен жасаған ескі шкафтың суырмасынан ұқыптап жиналған кендір жіпті алып, көне шүберекке оралған, сүрге айналған семіз етті белінен шандып буып қойды. “Шыбын-шіркей кірмесін.” Астыңғы есігін ашып еді, көне сөмке көзіне түсті. Жайлап шығарып, тағы бір қарап шықпақшы болды. Шалының көзі ғой, құрал-саймандары. Әркім жалынып сұрағыштап, таусылатын да болды бұл шіркіндер де. Жоқ, әзірше біраз дүниесі бар екен. Қалыптары, қасықтай балғалары, шымшуыр-тістеуіктері… Байғұс-ай, “Жалғыз ұл болса, жас, осыларға ие болар ма еді, сен мен өлген күні елге таратып бересің ғой” деп күйзелуші еді. Қайтем енді, бәріне зәру. Қайта солардың керегіне жарап жатса, сауап болмай ма? Жұмаш дәл қазір Алланың алғысы тиетіндей, жеңілденіп қалды. Қалтаға салған құртын, шелекке тоңдырған, қарынға салған майын, жентін бір-бір сипап түгендегендей болды. Көңілі орнына түсіп, күйбеңдеп біраз жүрді де, сыртқа шықты.


Мөлдір ауада сілкіне түсіп, кішкене шелегімен қой қораға беттеді. Қора есігінің босаға ағашы босаңқырап, қисайыңқырап қалыпты. “Әлгі балаға айтпасам”-деді де, қораға кірді.


Сопақша-сопақша жондары тасқын өпкен тау тасындай боп дөңкиіп, мамырлап жатқан қойларды ақырын ғана түртіп-түртіп оята бастағаны сол еді, біреуі күрт-күрт күйсеуін қоя қойып, бұған бажбаң етіп қарады. Ә дегенде шошып кеткен Жұмаш: “Өй, көбейгір шіркін, не болды сонша шақырайып?” деп, кішкене жұдырығымен түйіп жібергенде, қартаң білегіндегі күміс білезіктер сыңғырр ете қалды.


Жұмаш сілкініп орнынан тұрған ақ саулықтың бауырына отыра берді. Әп-сәтте күмпілдей бастаған шелектен көз алмастан, “күн көргішім-ау сол” деп, күбірлеп қойды. Өңінде әлдекімді аймалағандай емеурін бар, кимешек астынан күнге тие қоймай, әрдайым ағарып тұратын маңдайы жайдарылана, бір көсіліп қалды. Кәрілік жеңіп, жанары солғын тартқан үлкен қоңыр көздерінен сағыныш ұшқыны жылт ете қалғандай. Қойларын сауып болған соң, қозыларын жіберіп, аналы-балалы жануарлардың мейірім-қуанышына рахаттанып, біраз тұрды.


Осыдан тура бір ай бұрын Жұмаштың басына түскен күннің ауырлығын қоя қойыңыз. Әй, көтерген тоғыз құрсағының жетеуін жер қойнына бергендегі күйзелістен артық болмаса, кем болмаған шығар-ау. Неше жыл жесірліктің азабын тартқанда, көзінен бір елі таса болмай, желкілдеп жанында жүретін Жауқазыны “Осылай болды, апатайым ренжімесін!” деп, әлдекімнен сәлем айтып, сонау Алматысынан ары қарай кете бармады ма? Сонда осы адуын дене, тіп-тік бой бір-ақ күнде күйреп сала берген.


“Шіркін-ай, - деген сонда ішінен Жұмаш жаутаңдап,- шіркін-ай, досыма күлкі, дұшпаныма таба қылатындай не жаздым? Менің қасірет сүтім сіңгендей-ақ еді ғой қарағыма!”


Мұнысымен қоймай, “келініміздің төркіні бар-ау, алдынан өтейік” деген де ел болмады ғой. “Құдағи, сүйек жекжат болдық, кешіріммен келдік” дегеннен де айналасың-ау. Қаншама үйдің осындай қуанышына ортақтасып, төрінде отыратын Жұмаштың елге қарымы да қайтпады ғой. Бейне бір бала өсірмегендей.


Таңның атысы, күннің батысы осы ой мазалап, арқасына аяздай батып жүргенде, “Несін айтасың, Жауқаздың барғаны бір жердің түбі екен, оқымаған қалқозшыға шығыпты” деген сөз де дүңк ете қалды. “Апа, мен Алматыда қалам, сіздерді қолыма көшіріп алам” деуші еді Жауқазтайы. Жұмаш та еліріп қалатын. “Несі бар, құдай оңлап, өзіне лайықты біреу кездесіп, Алматысында қалатын болса, өздері жөн көрсе, көшіп-ақ барам. Тырнақтай бала екеуміздің не зиянымыз бар?” дейтін ішінен. Тек шалы айта беретін “қара шаңырақ” деген киелі сөз ғана тоқтам салатындай еді.


Жұмаш әлгі сұмдық хабарды естіп, денесі түршіксе де, сыр алдырмай, әліптің артын бағатын қалпымен “мейлі де” дей беріп еді, Нұрбала абысыны ернін сылп еткізіп:


- Құдай-ау, оқыған мен оқымаған қай жөнді тұрады дейсің? Біздің еркемнің мінезі тік еді ғой, бірде болмаса, бірде күйеуінің олқылығын байқап қалса, шарт сынса, құрыды дей бер бәрі де! - деп қалды.


“О, сорлы құдай, бәсе, бәсе…” деді ішінен жүрегі суылдап Жұмаш. Көз алдына қызының ерке қимылы, тіктеп қадалғанда, еріксіз кірпік қақтыратын өткір қара көздері, жаңа ғана толыса бастаған балғын денесі елестеп, “қара қалқозшыға” деген қимастық сезімі де бұрқ ете қалғандай болған. Он алты жасында кимешек киіп, өмір бақи күйбіңдеп өткен өз өмірі есіне түсіп кетті. Осы Жауқазынын ерке өмірден, еркін өмірден алыстатпауын жатса-тұрса тілеп еді құдайдан. “Сол қарашығым жат жерде жүрсе де, өз ұясындағыдай еркін бе екен?” деген сұрақ Жұмаштың ажырамас серігіне айналған-ды.


Бірте-бірте бұл күдік те ескіріп, оның орнын баяғы қу сағыныш басты. ”Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді” демеуші ме еді, жат жұрттық қыз бала, шарттары келмей жатқан шығар,” – деп, өзін-өзі жұбатады. Жалғыз қара баланың тілеуін тілеп, бұл күніне де шүкіршілік етеді. Дегенмен, қызы ұстаған тірлік кейде көзіне оттай басылып, қанша мықты болам десе де, кәрі иегі кемсеңдеп-ақ қалатын.


Соңғы екі күннен бері өзінен дегбір кете бастады. Жүрегі шанши ма, басы айнала ма, әйтеуір дені тетік емес. “Апыр-ай, әлдеқандай заман болар екен?” деп, сандығын ашып, киімдерін реттеді. Жағалысын бір бөлек, жеңілдерін бір бөлек, орамал, кимешектерін бір бөлек қойды. Көзіне Жауқазын әкеп берген қырық шаршы ақ полатнай көріне қалды. “Апа, ақиреттік киімді қыз бала әпергені сауап деген соң, алдым. Бірақ оны ертерек алса, мата екеш мата да иесінің өлмеуін, өзінің жер қойнына түспеуін тілеп тұрады дейді ғой, қорықпа, сен өлмейсің!” – деген еді-ау сонда қарашығы мойнынан құшақтап. “О, сорлы бала, осы матаңнан басқа ештеңең бұйырмай қалар ма екен?!” Жұмаш етегімен көзін сүртті. Білезіктері сыңғырлады.


- Апа, бір жаққа барасың ба? – деді есіктен тапырақтай кірген жалғыз ұл.

- Е, жоға, қайда барушы ем? Әншейін қағып-сілкіп қояйын дегенім де…

- Апа, мен түсімде Жауқазды көрдім, үйде тамақ істеп жатыр екен,- деді бала сөмкесіне кітаптарын салып жатып. – Апа, мүмкін келе жатқан шығар, а?!

Жұмаштың буыны босап кеткендей болды.

- Аузыңа май! А, құдай, а құдай! – деп, еңбектей жөрмелеп барып, ұлының бетін өзіне қаратты да, аузынан екі-үш мәрте тәу етті.

- Өй, апа, не болды? Келеді деп айттым ғой саған, уайымдай бересің!

Жұмаш тізесін құшақтаған қалпында біраз үндемей, тосылып отырды. Есіктен кішкене сары қызын арқалап, Нұрбала кірді.

- Ойбай, мына кемпір өлуге дайындалып жатыр ма, немене, сандығыңды шашып тастағансың? - деді ол немересін жерге түсіріп, отыра бере.

- Өлсе, несі бар, құдай осы балалардың алдында алсын!

- Е, қызыңды күтпейсің бе?!- Нұрбала сылқылдай күлді.

- Қыз аман болсын. Қосағымен қоса ағарсын. Бағы жансын. Қайтейін, шалдың “қара шаңырағына” мына жаман бала от түтетіп отырса, болғаны да…

Жұмаш көңілсіз үн қатты. Осы кезде ұлының:

- Апа, мынаны қара, жол ашты, жол ашты!- деген даусы шықты. Екі әйел жалт қараса, кішкентай сәби дәл соның жанына барып, тоңқайып тұр екен.

- Ойбай, құдай, сүйінші, сүйінші, кемпір! Мынау періште ғой, жол ашып жатыр! Жауқазың келеді енді, келеді!

Осы кезде даладан сүріне-қабына Нұрбаланың келіні жүгіріп кірді.

- Апа, апа, кісілер келе жатыр! Қызыңыз келе жатыр!

Жұмашты ай-шайға қаратпай, екеуі екі қолтығынан сүйрей көтеріп, бәрі жапырылып далаға атып шықты. Ескі қораның алдына жарқыраған үш машина тоқтап, ішінен қараң-құраң адамдар түсіп жатыр екен.

- Апа!!! – деген Жауқазынның жан даусы шықты да, іле-шала өзі де көрінді. Құстай ұшып, апасының қойнына еніп, жоқ болды.

Талықсыған Жұмашты Нұрбала арт жағынан сүйемелдей берді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар