Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жанболат Башар: Аңшының ажалы (Әңгіме)

10.10.2016 503

Жанболат Башар: Аңшының ажалы (Әңгіме)


сурет Ж.Башар.JPG

Күн бесінге құлағанда мылтық асынған аттылы адам Бектауата тауының теріскей шатқалдарын сүзіп келе жатты.Күннің ыстығы қайтып, тау аңғары қоңыр-салқын тартқан. «Жүргенге жөргем ілігеді» демекші «жүгірген аң көзге шалынар ма?» деген желқом үмітті серік етіп, төңірегіне еміне көз тіккен Сіләмбек аңшы, тау етегін балақтай жүрді. Содан әрі сай табанынына ұйыса біткен қалың шалғынды жалдап өтіп, қарсы алдындағы биік белеске көтеріле бергенде — шатқалдың өрінде қаздиып тұрған арқардың құлжасын көріп қалт тұра қалған.


Шаңырақтай мүйізі арбиған құлжа қаннен-қаперсіз маңқиып, жусап тұрған секілді. «Иә, сәт!» деді аңшы. Сонсоң аттан сырғып түсіп, еңкеңдей басып биікке тырмыса ұмтылды.


-Е, бұл әлгідегі ай мүйіз арқар ғой, көптен қолға түспей жүр едің, бәлем іліккен жерің осы шығар!-деп өзіне сәл қырын тұрған құлжаны ауыз омыртқаның тұсынан көлбей нысанаға алған Сіләмбек, шүріппені басып қалды. Жалпақ жақпардың құлама шетінде оқшырайып, маңғаз тұрған тау тағысы, оршып кетіп, ылдиға омақаса ұшты. Сол-ақ екен, қозықаларын ерткен ұрғашы арқар үркіп, үдіре қашып, бел асып, жөңкіп жөнелгені. Сіләмбек оларға асықбады. Қайта бой тасалап қозғалмай тұрып қалған. Мылтығын оқтап қозықаларын ерткен ұрғашы арқар жотадан ары асқанда таудың төменгі балағымен оның алдын орамақ болды.Содан аңшы кісі бүкшеңдеп, арқарлар асып кеткен белдің төменгі етегінен өрлеп, маңайды тінте шолды. Тау тағысы шошынып кетті ме, жақын жуықтан көзге ілікпеді. Сіләмбек бұдан әрі олардың ізіне түспей, кері шегініп, әлгі құлжаны сойып алғалы соған бұрылған. Жануар оқ тиген жерде теңкиіп жатыр. Өзі де бір жасамалы арқардың тайыншадай сарықұлжасы екен; аңшы кісі сырт киімдерін шешіп тастап құлжаны союға кірісті. Бұл өлкеде мұндай тау тағысы кездескен емес, мыналардың қайдан ауып келгенін кім білсін?! Бұларды Сіләмбек өткен жылдың күзінде көрді, онда үшеу еді. Соңдарында ерген үлкен марқасы бар-тын. Оны қайда дерің бар ма, не ит-құс жеді, болмаса біреулер атып алған болар. Биылғы қозықалары тым жас екен, соған қарағанды арқарлар өткен жылы осы маңда мекендеп қалған-ау? Қалай десек те бұл—маған бұйырған олжа, —деді ол іштей қанжыға майлағанына масаттанып. Қозыларын ерткен арқардың ұрғашысы бүгін-ертең ешқайда ұзай қоймас,— деп құлжаның шек-қарынын аударып тастасымен етін екі бөліп қоржынға салған ол ауылға бет түзеген.




Арада екі-үш күн өткенде Сіләмбек аңшы тағы да атқа қонды. Бұл үйден шыққанда аспанның жүзі бұлттанып келе жатты. Өмір бойы аңшылықты машық еткен Сіләмбек үшін күн райы бөгет болған емес.Содан да болар, жауын шақырғандай тұнжыраған аспан аясын елең қылмастан ақтабан аттың көшелі аяңына салып жүріп кетті.


Бұл атырапта Сіләмбек аңшының табаны тимеген жер, сірә жоқ шығар. Құралайды көзге атқан аңшы, ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқарған емес. Қылт еткенді қиядан қағып түсіретін мергендігі сұрапыл. Бектауата тауының ұсақ адырларын бетке алып, төңіректі тінте сүзіп келеді. Есі-дерті әнеукүнгі арқар, «суатқа құлар» деген оймен Андызды бұлағының басына бөгеліп, із кесіп, ілгері жүрді. Сөйтсе жаңылмаған екен, тауды балақтап келе жатқан аңшы биіктен сылдырлап құлаған тастың дыбысын тосыннан құлағы шалып қалғаны. Мылтығын көлденең ұстаған ол ат үстінде тұрып, биік таудың өріне көз жүгіртті.Сөйтсе тау төскейінде әнеугүнгі арқар жалғыз тұр. Сіләмбек жылдам қарауылға алды.Бірақ арақашық алыстау болған соң еріксіз, аттан түсті. Бұғынған қалпы, мысықша баспалап,жоғары өрледі; «оқ жетер жерге іліксем» деп тырмыса-тырмыса межелі жерге жетіп демін басты. «Таудың бұдырсыз жалаңаш беткейінен бұ шіркіндер, не жеп жүр екен?!» деп жалпақ тасқа екпеттей жатып түз тағысын нысанаға алған бетте шүріппені басып қалды. Жарықтық, бұның «мелкашка» деген мылтығының даусы «тырс» ете қалды. Оқ тиген жануар ыршып кетіп, төмен құлап түсті. Соңынан жүгіре шыққан егіз қозықа құлап бара жатқан енесіне қарай тұтып барып, қалт тоқтады. Мүйзі қайқиған арқар жерге шаншыла құлаған. Соңғы рет денесі дірілдеп тұяқ серіппіді. Енесіне не болғанын түсінбеген екі қозықа құлап түскен, арқардан алыстай алмай, өлі денені айналшықтап, түртінектеп тұр. Сол мезет қозықалар маңырағандай болды ма, бір түрлі дыбыс шықты.Аңшы кісі оны елей қойған жоқ, аңтарылып тұрған қозықаның бірін тағы да жалп еткізді. Шошынып кеткен екіншісі, жалт бұрылғаны болмаса енесінің баурынан ажырап үйренбегендіктен болар ол да аулақтап кете алмай, үркектеп өліп қалған енесінің жанына қайта оралды. Сіләмбек болса соны тосып, құды жау жатағынан қас дұшпанын аңдығандай; көз жазбай жетім қалған қозықаны қарауылға алды. Артынша безерген таудың жалтыр беті тағы да мылтық даусымен селк ете қалып, қайда барарын білмей қалған қозықа енесінің кеудесіне қарай ұмтылған қалпы, жас сәбидей тізесі дірілдеп мұрттай ұшты. Қарт Бектауата тауының көкке шапшыған құз биігі қатыгез күнге қарғыс айтқандай түнере түксиіп тұр.Әріде Қасқа бие, мына тұсында Қоңырқұлжаның азудай ырсиған жақпар тасы қарауытады.Даланың құты мен киесі, осы тауды өткен жылдан бері мекендеп жүрген ай мүйіз арқардың үйірі қас-қағым сәтте үптеліп қалды. Аңшы олжасын тез-тез бүктеп, қанжығасына байлап жатқанда жаңбыр сіркіреді.Марғау дала, мүлгіген тыныштық, сіркіреген жаңбардың толассыз үнімен астасып күңіреніп тұрғандай.


-Мынау бір олжалы күн болды-ау, өзі!- деді Сіләмбек аңшы өз ісіне ерекше масаттанып: ыңылдар өлең айтып, тауды етектеп аулына қайтты.Толассыз жауған жаңбырды елеген жоқ.Үйіне көңілді жетті. Есік алдына келіп, дамбырлай сөлеп аттан түсті. Олжалы келгендегі әдетімен аттың қос бүйірін жапқан березент қоржында шешіп, әйелін шақырды. Есіктен көрінген қызылшырайлы әйел үстіне сулық жамылып:


-Иә, қанжығаң майланды ма, бұйыртып жегізсін?! Үстің су болған шығар, сулық та алмай кетіпсің,-деп көңілдене сөйлеп, аттың белін басып тұрған арқардың етін көтерісіп, үйге тасысты. Әйелі арқардың етін шұңғыл зеренге салып жаттып, кішкентай-кішкентай қозықалардың басын көргенде:


-Ұйбай-ай, обала-ай! Мыналары тіпті құртақандай қозы ғой?!-деді.

Атын қораға кіргізіп қайта оралған Сіләмбек оған елең еткен жоқ. Керісінше:

-Құдай тағала жан-жануарды адам үшін, адамға азық болсын, деп жаратқан емес пе?! Адам, адамды жарылқаса да жарар, таудың тағысын қорғамай-ақ!- деді.

- Ұйбай-ай, қайтейін! Сіләмбек-ай! Осы зәредей қозыға қарап отырған жоқ едің ғой. Әнеукүнгі арқардың еті де тұр емес пе? Осыны атпасаң бірдеңе болатын ба еді?! Енесімен үшеуін бірдей қырып тастағаның қалай?! Обал, дегенді сен білесің бе осы?- деп әйелі әжептеуір кейіді.

-Әй, Жанаркүл, сен маған ақыл айтқанды доғарғын. «Обал» дейді ғой,..Ақылгөйін. Обалды қарның ашқанда неге ойламайсың! Сөзді қой, шаруаңа кіріс!-деп манағыдай емес күйеуі ашу шақыра сөйледі.

Байының жағдайына сырмінез әйел бұдан өзге ештеңе дей алмады, ішінен құрмыштай қозықаларды аяп «Обал-ай! Обалай!»- дей берді.

Үстіндегі су киімдерін шешіп, киім ауыстырып алған Сіләмбек:

-Қазір аң да азайып кетті ғой, баяғыда қоян қалың болушы еді.Осы күні қоян деген көзге іліге бермейді. Сен оны айтасың, бұл тауда арқар деген жоғалғалы қашан? Мыналар бір жақтан ауып келген, шамасы. «Бұйрықты алады» деген. Бізге бұйырып тұр.Бұларды мен алмасам, басқа біреу атып алар еді. Бұл жер саған Ақсу-Жабағылының қорығы емес. «Атпаңдар» деп аңдып, адыраңдап отырған ешкім жоқ. Ертеде өзің білесің, Басдересіннен қоян аулаушы едік. Сол кезде біз күніге жиырмашақты қоян атып алып, соған мәз болатынбыз. Балқаштан машинамен келіп, қоян аулайтындар бір келгенде жүзін қырып әкететін.Сол бықып жүрген қояннан қазір не қалды?! Жоқ қой! Жоқ! Әрине, бірлі-жарым бар шығар. Дегенмен баяғыдай жосып жүрген қоян құрыған. Сен «обал» дейсің, сол бықыған қоянның обалы қайда?! Сөз емес сөзді айтасың.

-Бұл өмірде менің көзім бір нәрсеге жетті. Табиғатта таусылмайтын нәрсе жоқ екен. Адам деген шегіртке секілді. Ынсапсыз. Қолына іліккенің бәрін жей береді, кеміре береді. Көмір ме, темір ме, өмір ме бәрі бір,..

-Соны сен айтып отырсың ба?-деді әйелі күйеуіне бадырая қарап, сөйтті де, ағаш самарға жіліктелген етті салып, тұз сеуіп жатты.

Сіләмбек мырыс етіп күлді. «Иттің қатыны» деді ішінен. «Аш болсаң көререм, обал –сауапты. «Қозы» дейді ғой.»

Далада сіркіреген жаңбыр жауып тұрды.


***


Арқар атып алған күннің ертесіне Сіләмбектікіне ұста кісі келді. Бұл өңірдегі ел Мұқан ақсақалды солай—ұста кісі атап кеткен. Есік алдындағы ағаш сәкіге тізе бүккен қария басындағы күн қағарын алып, тақиясын киді. Ұртындағы насыбайын төгіп, қақырынып-түкіріп біраз отырған соң:

-Сіләмек, қарағым, отбасың аман ба, жан-жақтағыларың есен-сау ма?- деп аңшыға көз тоқтата қараған. Осы кезде үйден шыққан аңшының әйелі Жанаргүл ақсақалмен амандасып.

-Ата, үйге кіріңіз, шай ішіңіз, тамақ сап қояйын, - деп қарияға бәйек боп, ықылас білдірген. Ұста кісі оған рахмет айтып, «нан ауыз тиейін, қарағым» деді.

-Неге асықтыңыз, Мұқа, тым болмаса қуырдақ жеп кетіңіз,- деп ерлі-зайыптылар жігі-жаппар болуда.

-Қуырдақ дегенің жақсы екен, арқар соғып алдың ба?-деді ұста кісі кәрі жанарын Сіләмбекке тіктеп.

—Иә.

—Соңында екі қозықасы болды ма?

—Ата, оны қайдан біліп қойдыңыз?- деді күйеуі жауап бергенше Жанаргүл шыдай алмай іліп әкетіп. Оның сұрағын жауапсыз қалдырған қария біраз үнсіз отырып:

—Бұл аң деген қызық қой. Ертеде біздің әкей аңды қақпанмен аулайтын еді, - деді ақсақал басқа бір әңгіменің тігісін сөгіп: —Бір қызығы, о кісі қақпанға түскен аңды түгел соғып ала бермеген. Жарықтық көбінесе босатып жібереді екен. Кейбіреулер күледі екен: «Босатып жіберетіні бар неменеге қақпан құрады» деп. Бірақ әкеміз со дағдысынан жазбаған. Менің жасырақ кезімде, біздің үйде құйрық-жалы жер сызған, үйдей қара айғыры болған екен. «Қысы жазы үйірінен ит-құсқа мал алдырмайтын азулы жануар» десетін. Есті жылқы екен. Бір күні жылқыны сыртынан қарап келуге кеткен ағамыз кеш бата үйге жыларман болып жеткен ғой. «Не болды?» десе «ойбай құрыдық, қара айғырды қасқыр жеп кетті. Бір ғаламат дәу қасқыр» дейді.


Сода әкеміз басын ұстап, апыр-ай, ә?! Ол не деген қасқыр! - деп ойға қамалып ұзақ отырыпты. Қара айғыр біздің үйдегі малдың басы екен. Малын уайым қылған әкеміз: «Қара айғырды жеп жүрген бұл қандай қасқыр, сірә ол тегін болмағаны, мен оған барайын» деп қақпанын арқалап, сойылын сүйреп, жаяу жолға шығады. Қасқырға кеткен әкеміз он-он бес күн мұғдарында үйге оралады.Үйдің іші де «не болды екен» деп мазасыздана тосып отырса керек. Сонда әкеміз айтыпты: «енді ол қасқыр біздің жылқыға тимейтін болды» деп. Құдды қасекеңмен шартқа отырып келген секілді. Үйдегілер күлейін десе күле алмайды. Әкейден жасқанады. Мазақтағандай боламыз деп.


Сонда шешеміз отырып-отырып: «Отағасы не істедіңіз, айғырды жеген қасқырды соғып алдыңыз ба?» деп сұрайды.

—Жоқ бәйбіше, оны жақсылап сойдым,- депті. Мына сөзді естіген үйдің ішіндегілер күліп жібере жаздап, еріндерін қыршып әзер шыдайды.Сөйтсе оқиға былай болған екен:

Әкеміз қара айғырды жеген қасқырдың тұрпатын көрейін деп, айғырдың жемтігіне жасырып қақпан құрады. Соны аңдиды. Қаңтардың іші. Күннің аязы ақырып тұрған кез. Қасқырда оңай алдыратын жау емес. Оның үстіне «біздің үйдің қара айғырын қасқыр жепті» деген әңгімені естіген ел, малын мұқият күзетіп, күндіз-түні көзден таса қылмаса керек. Ақыры аптадан асқанда ашыққан қасқыр қара айғырдың жемтігіне оралып, қанды ауызға арандайды. Ертесіне қақпанға түскен тайыншадай көк арлан екі көзі шоқтай жанып, ызадан жарылардай болып жатқанда әкей үстінен түседі. Содан не керек, қасқырды сойылдың астына алып, әбден сабайды. Сонсоң «менің жылқыма енді қайтып тиісуші болма» деп қақпаннан қасқырды босатып қоябереді. Айтса күлесіңдер. Әпенденің ісі секілді.




Алланың әмірі, көзің жамандық көрмесін, содан кейін біздің жылқыға қасқыр шапқан емес.Көрші ауылдың жылқысына ит-құс тиіп, «бірінің биесін тартыпты, енді бірінің құлынын жепті, тағы бірінің жабағысын жығыпты» деген әңгімені жиі естійтінбіз, бірақ біздің жылқымыз қасқырдан аман болды.Адам сенбейтін, таң қалатын жағдай! Соған қарағанда қасқыр ақылды хайуан.


Түнеу күні біздің ауылға бір жігіттер келді, олар да аң десе ішкен асын жерге қоятын «бүгінгі күннің кереметтері» екен. Солар айтады: үш машинамен бір көкжалды жанын қоймай үш жақтап қуып, жан-жағынан қоршап алдық,сонда бізден құтылмасын білген әлгі хайуан шоқиып отырып алып, тұмсығын көке тіреп ұлыды дейді.Құды қасқыр бабасына сиынып жатқандай, үздік-создық ұлыпты. Жігіттердің біреуі «өй, басыңа көрінгір» деп,шыдамай атып салған екен. Осы тегін көрніс бе?! Жоқ, әрине! «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген осы, деп қария әңгімесін қайырды.


***


Аңшы сол күні әдеттегідей аңға ерте шықты.Астындағы ақ табан атты сипай қамшылап, Бектауата тауының теріскейін бетке алған. «Бұл атырапта мен кезбеген, менің табаным тимеген жер, әй жоқ шығар!»-дейді ол осы өлкенің жалғыз қожасы өзі секілді насаттанып. Сол күні таудың күн батысындағы Сарықұлжаны маңдайға алып, ақ табан аттың бұлаң құйрық аяңымен тауды етектей жүрді. Әдетте ол аң аулағаннан көрі табиғаттың ұңғыл-шұңғылына көз жүгіртіп, соны тамашалағандай кейіпте болатын. Бүгін де солай, көкке шаншылған Бектауата тауының теріскейіндегі тау қыраттарын сүзіп көп жүрді.Күн сәскеге тырмысқан кез. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Сіләмбек межелі жерге жеткен соң, ақ табан атты балаққа қалдырып, өзі шатқалды өрлеп жоғары кетті. Ерте заманда бұл өлке не түрлі аң мен құсқа бай еді, соңғы жылдары ғой, киелі өңірдің құты қашып, аң мен құстың үдіре ауып кеткені.


Аңның қалың кезінде Сіләмбектің қанжығасы құр қайтпайтын.Түлкі, қоян дейсің бе, киіктің де текесін таңдап жүріп ататқан күндері болды ғой, не керек соның көбі қазір көзден ғайып болған.


Сөйтіп жалтыр тастарды басып өтіп, Сарықұлжаға тақағаны сол еді жалпақ жақпардың дәл қасында тұрған құлан тәріздес жануарды көрді.Көрді де мелшиіп, тұрған жерінде қатып қалды. Көріп тұрғаны құлан. Апырмай, бұл өлкеде құлан деген атымен жоқ еді ғой?! Бұл қайдан келуге тиіс?! Мұндайды аңыз-әпсанадан кездестірмесең: «бұл атыраптан құлан көрдім дегенді мен ес білгелі естімепін?!» деп өз көзіне өзі сене алмай, жұмбақ жануарға аш бүркіттей тесіле қадалды.


-Не болса да атып көрейін. Жылқы емесі, жылқы емес.Анадағы арқар сықылды бұны да бір жақтан құдай айдап әкелген болар,-деп мылтықтың оқпанына жылдамдата оқ салып, құланды қарауылға алды. Құлан болса қаннен-қаперсіз, әнтек шыбындағаны болмаса жайымен тұр. Сіләмбек әуелі құланды бастан атпақ болды, сонсоң онысынан тез тайқап, тақыр қолтықтан сәл жоғары жүректің тұсын межеге алды. Мылтықтың даусы тұншығып тырс ете қалды.Әдетте оқ тиген жануар оқыстан үркіп кетіп, сүріне құлаушы еді.Әрі кетсе екі аттар, үш аттар. Әйтеуір опырылып түсері қақ. Бұл жолы да солай болар деп тосқан аңшының үміті ақталмады. Оқ атылғанмен құлан құламай да, үрікпей де сол орнында тұр.Тіпті, орнынан қозғалмағаны қалай?! Аңшы: «мылтық атылмай қалған болар» деп қаруын тексерді. Жоқ оқ атылған. Сонда оқ тимегені ме?! Көзі бұлдырады ма, қолы қалтырады ма, қалайша оқ тимеді?!


-Мүмкін емес! Бұ қалай?!.. Сіләмбек мылтықтың ұңғысына келесі оқты сүңгітіп, қарауылға қайта алды. Апырмай, ә!-деп таңырқап қояды. Шынында да, ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқармайтын құралайды көзге ататын сұр мергеннің қалт кетер жайы жоқ-ты. Келесі оқты құланның изеңдеп тұрған басының тынши қалған кезін тосып, айнадай көздің құйрығын ала басып қалды. Ендігі ұшып түссе керек еді. Жоқ, олай емес! Құлан со қалпы, шыбындаған басы изеңдеп қаперсіз тұр.


Мына жағдай аңшының қытығына тиген секілді; жыны қозып, сол қабағы дамылсыз тартып, өзін қолайсыз сезіне бастаған Сіләмбек енді байқады—жануардың арқасында ердің дабы тұр.Манадан бері мұны қалай аңғармаған?! Оны айтасың, құйысқандығы мен төс айылдың орны, басына кигізген жүгеннің табы, мөрдей боп көзге ұрады; құды біреулер сөткелеп мініп,суыт жүріп келіп, таң асырып қойған секілді.


- Оқ дарымайтын, бұл не керемет?!-деді Сіләмбек ыза қысып.Сонсоң мылтыққа асығыс оқ салды, жалғыз оқпен жануардың желкесін кеспек; кенет жақпар тастың күншуағында қаперсіз тұрған құлан тасты әрі айналып, көзден ғайып болғаны. «Қап!» деді Сіләмбек, өкіне аһ ұрып. Дегенмен, сан соғып тұратын уақыт емес, жолым үйдің үлкендігіндей жақпар тастың қарсы жағына шығып, құланның маңдай тұсынан келмекке бекінді. Мысықша басып, бүкшеңдеп Сарықұлжаның келесі қабағына шықты. Бірақ құлан жоқ! Бұ қайда кетті?! Сарықұлжа тасы оқшау өңкиіп тұрған үлкен жақпар тас. Жан-жағы мал жасырынытындай қалтарыс-бұлтарыстан ада. Жер жұтқандай болған әлгі құланды Сіләмбек шарлап іздеп таппады.Ізі де, тастаған құмалағына дейін сайрап жатыр. Бірақ құлан ұшты –күйлі жоқ! Сіләмбек сол маңайды ұзақ сүзді, өзі келіп тұрған олжадан құр қалғанына қатты опынды.


Сол күні қанжығасы құр қайтты. Неге екені белгісіз, еңсесі түсіп, жан дүниесі тақа құлазып келді. Бұл қалай?-деп әлгі жағдайды мүлде түсіне алар емес. Үйіне құс қона жеткен аңшы кешкі тамағын ішкеннен кейін жатып қалды. Бірақ көпке дейін кірпігі ілінбеді. Қайта-қайта күндізгі оқиға есіне түсіп: «Бекер аттым-ау! Әттеген-ай!» деп өз –өзіне кейіп, өкінгендей болды.


Әлгі бір аңызда Атабек әулиенің Сарықұлжа, Қоңырқұлжа деген екі ұлы болушы еді ғой,.. Үлкендерден жүре естігені бар: Басқыншылық заманда атақонысын жауға бермей арпалысқан Атабек әулиенің екі ұлы қарасы қалың жаудың қоршауында қалады, ақыры қолға түсетін болған соң әулие Атабек екі ұлын жақпар тасқа айналдырып жіберіпті-мыс.Содан бастап бұл тауда Сарықұлжа мен Қоңырқұлжаның рухы мекен етеді екен. Кей жылдары олар тау беткейлерінде қозықаларын ертіп келіп жүреді, дейтін бағзыдан қалған әпсана бар. Ал Сарықұлжа мен Қоңырқұлжа деген екеуі де жолым үйдің үлкендігіндей оқшау тұрған жақпар тас. Сол әулиенің балалары ма?..


«Түу! Ол әншейін аңыз ғой, соған сенуге болма!? Адам қалай тасқа айналмақ?» деп Сіләмбектің оған иланғысы жоқ. Бірақ неге екенін қайдам, біресе құлан, біресе Сарықұлжа көз алдынан көлбеңдеп, мазасын алды. Оған әнеукүнгі ұста кісі айтқан ұлыған қасқыр қосылып жүйкесін шабақтап, тыным бермей дөңбекшітті. Екі бүйіріне кезек аунап ырсылдаған Сіләмбек басына келген үркінді ойды қанша қусада құтылар емес. Көпке дейін кірпігі айқаспады. Ауық-ауық жалы күлтеленген құлан, көз алдына тұрып алады,.. «Бекер аттым, одан да ұстап алғанда,..Әттеген-ай!» деп қинала дөңбекшіп жатып, талықсып ұйықтап кетті.


Тастай қараңғы түн. Шырт ұйқыда жатқан Сіләмбек арқырап кісінеген жылқының дауысынан шошып оянып, жастыққа жапырылған қазандай басын қақшаң еткізіп көтеріп алды.Бөлмеде шам жанып тұр, әйелі үрпиіп қасында отыр екен.


-Не болды, ей? Біреу келді ме, жылқы кісінеді ғой?- деді Сіләмбек қатты ұйқыдан қанталаған көзін әйеліне қадап.

-Ешкім келген жоқ, жылқы да кісінемеді,-деді әйелі бұған шошына қарап.

-Онда не болды? Сен неге отырсың?

-Жайсыз жаттың ба? Бір жерің ауырғаннан сау ма, айғайлап бізді шошыттың ғой?!

-Ой, ант атқыр! Қайдағының қайдан түске кіргенін қарашы?! –деп басын жастыққа қойғаны сол еді:

-Немене түсіңе жылқы кірді ме, жылқы боп кісінедің ғой?-деді әйелі.

-Қой! Жылқысы не, кісінегені қалай?! Осыны айтқан Сіләмбектің өңі қашып, тұла бойы мұздап кеткендей болды.Сөйтсе кісінеген жылқы емес өзі екен.

Содан бастап, ол әлде бір түсініксіз дертке ұрынды. Ұйықтап жатып өзінен-өзі елеріп, жылқы боп кісінеп, қасқыр боп ұлитында шығарды.Енді бірде, қыңсылап, біресе маңырап, шыңғырып, тіпті неше түрлі мақұлықтардың дыбыстар салып, бала-шағасының зәре-құтын алатын болған. Осылайша дерті меңдеп, жаны күйзелген аңшы апталап үйден шықпай жатып қалды. Күндіз де солай, ақылы ауып кеткен адам сықылды, жаралы аңдай ыңыранып тым қорқынышты үрей туғыза бастаған соң, әйелі жақын жерде тұратын тәуіпті шақыртып, дұға оқытып, ұшықтатқан болды. Дұға әсер етті ме, кім білсін, сол күні тыныш ұйықтады. Келесі күні науқастың жағдайы бір шама байырқаланып, түске дейін құлан таза айығып кеткендей үйге кіріп–шығып, сап–сау жүрді. Қатын-баласының да күдігі сейіліп, «оңалып қалды» дескен.


Түс ауа Сіләмбек аңшы ауыл іргесіндегі қалың шилеуітті жағалап, бел асып бара жатты. Қатын-баласы да қапелімде науқастан көз жазып қалғаны. Сіләмбектің қайда кетіп бара жатқаны белгісіз еді, ауылдан ұзасымен алды-артына қарамастан, ызғыды дерсің. Тұтып келеді. Ара-тұра ыңыранған секілді түсініксіз дыбыс шығарып, тоқтамай жүрген Сіләмбек әлгіде өзі құлан атқан Сарықұлжаның іргесіне күн кешкіре жетті. Содан байыз таппай талайға дейін тасты айналып, баз-базда азбандай арқырап, үздік-создық кісінеп, ширығып жүріп алды.Төңіректегі тау жоталыры мұның кісінеген даусын іліп әкетіп, жаңғыра жауап қатуда. Аңға айналған адамның арқыраған даусы аулаққа кетіп, тылсым табиғатты түршіктіріп тұрғандай.


Бұл уақытта Сіләмбектен көз жазып қалған ауылдастары, аяқ жетер жерді шарлап; Бектауатаның қойын-қолатын сүзіп, аңшыны іздеп әбігерге түскен.Туысқандары «тым болмаса азаматтың сүйегін аман тапсақ» деп уайым шекті. Ақыры іздеушілер сөткеге жақындағанда Сарықұлжаның іргесінде ес-түсіз жатқан Сіләмбекті тауып әкелді. Тірі. Бірақ бұ дүниенің адамы емес секілді. Үлкендер солай деді. Шынында да жарықтық содан оңалмады. Обалы қане, өзі де бір қашқан аңды, ұшқан құсты құтқармаған өлермен аңсақ адам еді-ау! Аң шіркіннің киесі кешпеді ме, жаралы аңдай біресе ыңырсып, енді бірде ұлып, жарық жалғаннан қиналып жатып озды.


Содан бері көп жылдар өтті. Сіләмбек аңшының да есімі ұмыт болған. Есесіне бұл аймақта аңға айналып кеткен аңшы туралы аянышты аңыз қалған.


2016 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар