Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Мәңгілік сәуле» жылуы немесе Мұқағали бүлікші ме, әлде күйзелген бейбақ па?

13.09.2016 349

«Мәңгілік сәуле» жылуы немесе Мұқағали бүлікші ме, әлде күйзелген бейбақ па?


Мұқағали Мақатаев.jpg

Оқып шықтым да, қойын кітапшасы секілді қол басындай ғана жұқалтаң кітапты жеңіл мұң шарпыған жұмбақтау сезіммен сыртын бір сипап қойып жаптым. Бұл – белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Мәңгілік сәулесі» деп аталатын Мұқағалимен сырласу кітабы. Кеше ғана Аспантаудың аясында дүрілдеп өткен Мұқағали мерейтойында кілең дүр-ақындар мүшәйра жасады, ақынға арнап бір ғана өлең жазып, онысын жарыстырып оқыды, машина мініп жеңімпаз болды, уысы тола ақша алып, ақын тойынан тояттаған көңілмен олжалы қайтты. Бірақ, шынтуайтына келгенде, мерейтойға ең мәртебелі сыйлықты тарту еткен осы Амангелді еді. Кітаптың соңғы беттерін оқып отырып-ақ қазақ өлеңінің Хантәңірі туралы талайдан бері жазылған тұщымды дүниенің бірі осы екенін аңғардық. Амангелді Мұқағалимен қапелімде «ауыра» қалған жоқ, әкесі ақын болғандықтан, өз қатарынан әлдеқайда ерте таныды, ол туралы көбірек білді, талай жылдан бері қазақ өлеңіндегі Мұқағали туралы ерекше мейіріммен, шабытпен әңгімелеп, жүрген жерінде айтып жүретін. Айтып қана қоймайды, қағаз бетіне түсірген ойлары эссе болып іргелі басылымдарда жарық көріп жататын. Кітап атауы айтып тұрғандай «Мәңгілік сәулесі» – Мұқағали жүрегінен балқып шығып, Амангелдінің кеудесінде қорытылған шынайы өлең сәулесі.


Бес тараудан тұратын кітабында автор бастан-аяқ Мұқағалимен тікелей жүздесіп, асықпай, аптықпай сырласқандай күй кешеді. Өлеңі биік болғанмен, өзгеден өзін төмен ұстап тіршілік кешкен ақынның рухымен тілдесу үшін «Көкірек көзі ояу әрбір адам мен жазған өлеңді жүрек қуаты жеткен жерге дейін түсініп, қабылдап алар» дегендей қаланың қақ ортасындағы саябақтағы аласалау ескерткішінде ойланып отырған Мұқағалиға өз мұңын шағуды талайдан бері ол әлде әдетке, әлде дәстүрге айналдырған. Жүрегі лүп-лүп етіп, ғашығына асыққан жігіттей ақынға келіп өз көңілінің сүйіспеншілігі мен өлеңдеріне деген сезімін, ең бастысы, ақынның сол сезімімен үндескен өзінің қазаққа қатысты ашуын, ызасын, арыз-арманын айтады. «Қияли» дерсіз. Бірақ бұл – форма. «Мәңгілік сәулесі» – Амангелдінің сыншы болып танылып, өзгеше дүниетанымдағы қалам иесі екенін аңғартқан «Қазақты сүю», «Кафканың үйі», «Гогольдің өлімі» секілді жазбаларын тереңдетіп, толықтыра түскен топтама. Өйткені А. Кеңшілікұлының әлдебір тақырыпты қозғап, қалам тербегенде сипай қамшылап, сыбай-сылтаң сөз ойнатпасын жасамай, шындығы шоқтай қарып түсетін сынды биік қоятынын бүгінгі қоғам ендігі біліп қалды. Қоғамдағы әділетсіздіктерге наразы бүлікші-бунтарь Мұқағали мен ақын өмір сүрген кезеңнен бері қарай сол әділетсіздіктің одан әрі өрістемесе, бір мысқал да басылмағанына күйінетін сыншы ойы қатар өріліп, үйлесім табады. Негізінен, кітап авторы «Мұқағали ноқтаға басын салдырмай сүйрете қашқан тарпаң талант па, әлде адамдардың мейіріміне зәру болып өткен байғұс ақын ба?»


деген бәріміздің көкейімізде жүретін сауалдың басын ашып, талдауға ден қояды. Себебі қоғамда Мұқағали туралы әртүрлі аңыз бен екіұдай пікірдің өмір сүріп келе жатқаны қашан. Бірі – анау Кавказ халқы жыр алыбы Расул Ғамзатовты алақанына салып аялап, төбелеріне көтеріп жатқан тұста, одан таланты бір мысқал да кем емес, өлеңдерінің рухы Шекспир, Байрон, Лермонтовтардың жұлдыздарының қатарында жарқырауға лайық қазақтың ұлы ақыны партия қатарынан да, Жазушылар одағы қатарынан да шығарылып, жұмыссыздықтан күйзеліп, бала-шағасын асыра алмай жүрді деген жалпы ел ішіне кең тараған әңгіме, екіншісі – «Жоқ, Мұқағали адам аяйтындай ешкімнен кем, ештеңеден кенде болған жоқ, баспаналы болды, өлең кітаптары бұрқырап шығып жатты, әдеби басылымдарда қызмет етті» деген өз қаламдас-қатарластарының айтатын сөзі.


Міне, А. Кеңшілікұлы ақын рухымен сырласа отырып, тарыдай жарылған қос пікірдің арасынан Мұқағалидың шын тағдырын іздейді. «Тағдырыңды жасайтын да адамдар, тағдырыңды бұзатын да адамдар» деп налыған Мұқағалидың тағдыры оның жеке басы үшін трагедия болғанымен, ал қарапайым халық, яғни біздер үшін – игілік екеніне иландырады. Миллиондаған қазақтың жүрегінде мейірім сөнбей, ізгілік шырағы мәңгілік жанып тұруы үшін қасіретпен келген игілік бұл. Саябақ ішінде тіршіліктен қажығандай дамылдап отырған ақын асыға басып, ерсілі-қарсылы жүрген тірілерге «Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой» деп тұнжырай қарағанымен, түсініп, екпінін бәсеңдетер бірі жоқ, тек өлең талдаудың таланты болып бұйырылған сыншы өзі ғана емес, оқырманды да сырластырған «Мәңгілік сәулесі» жылытып жүрсін бізді...



Айгүл Аханбайқызының "Оқырман күткен - әңгіме" атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар