Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әзілхан Нұршайықов: Жаны жайсаң ғалым

06.09.2016 673

Әзілхан Нұршайықов: Жаны жайсаң ғалым


турс.png

Мен шинелімді сүйретіп, соғыстан келіп, университетке түскенде ол сонда оқып жүрген еді. Қалың қара шашты, айтқанынан қайтпайтын, қайсар студент болатын. Енді, қасқа бас профессор. Атақты академик. Халықтың марқасқа азаматтарының бірі.

Кеше бала ең келдің ғой талай жасқа, 

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа, –

деген Абай сөзі қандай рас десеңші, шіркін! Қарайлас оқыдық. Қатар қызмет еттік. Алматының ауасын бөлісе жұттық.


Аяқ-табақ араласқалы әлдеқашан. Енді, міне, мүшел тойға лебіз арнау керек! «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» деген сөз рас екен. Тұрсынбек туралы айтарым көп сияқты. Бірақ не айтарымды білмей сасқалақтадым. Жөпелдемеде аузыма сөз түспеді.


Басыма бар келгені мына бір-ақ шумақ ой ғана болды: Тұрсынбек кім? Жазушы ма, ғалым ба? Екеуі де – жазушы-ғалым! Отызға жақын көркем шығарма мен ғылыми кітап- тардың авторы. Москваның «Молодая гвардия» баспасынан ЖЗЛ сериясымен орыс тілінде шыққан «Сакен Сейфуллин» кітабы қазақ оқырмандарының қолынан түспейтін сүйікті кітаптарының бірі болды. Романша оқылды. Артынан ол қа- зақ тілінде жарияланды. Туған әдебиет тарихындағы ЖЗЛ сериясын бастаған бұл кітаптың авторы қазақ ғұмырнамасы- ның атасына айналды.


Ал «Ұштасқан үш өзенмен», «Жол үстіндегі 80 күн», «Садақ», «Жасампаз өлке» кітаптар арқылы сапарнама әдебиеті деген жаңа жанрды қазақ әдебиеті тарихы мен теориясына кіргізді. «Сахалин аралы» деген әйгілі кітабы арқылы бұл жанрды ұлы орыс әдебиетіне атақты классик жазушы А.П. Чеховтың енгізгені аян. Сол сияқты «Санадағы жаралар», «Ескірмейді естелік», «Сәкеннің соты», «Кер заманның кереғар ойлары» кітаптары арқылы автор 1932 жылы Голощекин геноцидіне ұшырағандармен 1937 жыл репрессиясында құрбан болғандарға әдеби ескерткіш орнатты. Бұлардан басқа әдебиет сынының тарихына арналған монографиялық этюд «Дәуір суреттері», «От истоков к вершине», «Оңаша отау», «Дәуір дидары» ғылыми кітаптары өз алдына бір төбе.


Міне, осы ойды қағазға түсірсем бе деп оқталдым. Бірақ бұл қарапайым деректер Тұрсынбек сияқты асыл азаматтың барлық бағасын толық жеткізе алмайтын сияқты болып көрінді. Содан соң жазып жүрген күнделіктеріме көз жүгірттім. Ең бірінші қолыма ілінген дәптерден Тұрсынбек туралы түскен сөздерді іздестірдім. Содан «бір тиянақ табар ма екенмін» деп ойладым.


Бұдан бес жыл бұрын, 1992 жылы 15 қаңтар күні, дәптерім- нің 25-бетіне былай деп жазыппын: ...Бүгін теледидардан «Мы эхо друг-друга» деген хабарды көрдім. Онда әл-Фараби атындағы ұлттық университет жанындағы «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері сөз сөйледі. Қоғамды біздің Тұрсынбек досымыз басқарады екен.


Тұрсынбектің тіл тағдыры туралы сөзі жан тебірентерлік болды. Менің көңілім босап, көзімнен жас шығып кетті. Хабар қатты ұнады. Өзгелер де өжет, өтімді сөйледі. Тұрсынбек бас- таған соң, Тұрсынбекше тәмамдауға тырыстым.


Осы хабардың әсерімен тіліме Тұрсынбек туралы ұйқастар үйіріле бастады. Қағазға түсірдім. Былай боп шықты:


Тұрсынбекке


(Теледидардан «Мы эхо друг-друга» хабарын көргеннен кейін) 


Жайылған дабысың, Тұлпардай шабысың.


Қорғайсың тайсалмай Ұлтыңның намысын. Сөзіңнің бәрі рас, Келтірер көзге жас. Қазақтың тіліне Қамқорсың қажымас. Еліңнің мүддесін, Бұзылмас іргесін Сақтауды тілейсің, Бұл – нағыз ерге сын! Бауырым, батылсың, Әрқашан ойың тың. Риза ғой жарандар Тыңдаған сансыз мың. Халқыңның арысың, Қайыспас нарысың. Өсиет, өнегең Ұрпаққа дарысын!


Ұйқастарым өзіме ұнағандай болды. Қайта оқып шықтым. Әрине, ағып тұрған өлең емес. Бірақ шын жүректен шыққан сөз. Ақын емес адамға жарайтын шығар деп ойладым. Мерейтой иесіне жолдауды жөн көрдім.


Ауырып жатып Саған арнаған, Сенің халықтық тойыңа шашқан шашуым осы екі ауыз сөз болды, қымбатты Тұрсынбек бауырым. Азырқанбай қабыл ал, қалқам!...


* * *


Т. Кәкішұлының туғанына 80 жыл толуына байланысты


Көкшетауда өткен жиналыста сөйлеген сөз


Қымбатты достар, бауырлар! Әрқайсыңызға бір сәлем жол- даймын, жеке-жеке! Ел бағы үшін туатын азаматтар болады. Олар: көсемдер, хандар, батырлар, әншілер. Сол сияқты ер бағы үшін туатын азаматтар және болады. Олар: жазушылар, ақындар және журналистер.


Алғашқылар елдің атағын шығарады. Мәселен, қазақ халқының басын біріктірген – Абылай, қазақ халқын бүкіл дүние жүзіне танытқан – Нұрсұлтан. Ал туған елдің ерен ерлері болады. Олар: көсемдер, шешендер, батырлар, өнер адамдары. Осы ерен ерлердің атын өмірден өшіртпейтін, атағын жойдырмайтын жоғарыда аталған қаламгерлер.


ХХ ғасырда ел бағы үшін туған азаматтардың бірі де, бірегейі де – Көкшетау төрінде отырған Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішев. «Қазақтан шыққан ердің ері әрі кемеңгері» деп, алдымен Абайды атаймыз. Сол Абайдың атын әлемге жайған кім? Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов. Қазақ халқының кезінде «қызыл сұңқар» аталған ері – С. Сейфуллин. Сәкен туралы талай жазылды. Бірнеше адам кандидаттық қорғап, ғалым атанды. Тіпті таудай кітап жазып, доктор атағын алған, ака- демик болған ағайындар да бар. Бірақ солардың бірде-бірі Сәкенді дүние жүзіне таныта алған жоқ. Танытқан тек Тұрсынбек Кәкішев ғана. Ол Сәкен туралы жазған тамаша кіта- бын алдымен «ЖЗЛ»-ға («Ғажап адамдар өмірі» сериясы) шығарды. «ЖЗЛ»-дан әлем тілдеріне аударылды.


Ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі – Сәбит Мұқанов. Сәбең тірі кезінде оның алдында құрдай жорғалап жүрген кейбіреулер ол кісі қайтыс болғаннан кейін артынан топырақ шашуға тырысты. Ондай екіжүзділермен Тұрсекең аюдай алысып, ақыры жеңіп шықты. Былтыр Күләш екеуі бірлесіп,


«Сәбит Мұқанов» деген романнан қызық, бас алмай оқылатын тағылымды тамаша кітап жазып жариялады. Ол кітап енді орыс тіліне аударылып «ЖЗЛ»-дан шыққалы жатыр. Демек, ол да әлем тілдеріне аударылып, әр тілде сайрап шыға келеді деген сөз.


Тұрсынбек бұлардан басқа аттары өшіп бара жатқан қаншама әдебиет қайраткерлерінің есімдерін тірілтіп, еңбектерін ел игілігіне тарту етті! Менің Тұрсекеңді ел бағы үшін туған азамат дейтін себебім сол. Мына Көкшетау, Ақмола облыстары- ның (бұрынғыша) төбесіне Тәңір талантты адамдарды жаңбырша төге салған ғой. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Үмбетей жырау, Шал ақын Құлекеұлы, Саққұлақ би, Науан қазірет, Шахмардан Қосшығұлов, Ершік Тоқбаев, Ғазиз ақын Файзоллаұлы, Балуан Шолақ-Нұрмағанбет, Қажымұқан балуан Мұңайтпасұлы, Иманжүсіп, Елжас Бекенов, Жақан Сыздықов, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Ілияс Есенберлин, Сейітжан Омаров, Абдолла Асылбеков, Бәйкен Әшімов, Шолпан Иманбаева, Рабиға Есімжанова, Мәлік Ғабдуллин, Сәкен сері Жүнісов, Нығмет Ғабдуллин, Айқын Нұрқатов, Кәкімбек Салықов, Жанайдар Мусин, Шота Уәли- ханов, Ғалым Мұқаметжанов, Нұрғожа Ораз, Еркеш Ебекенов, Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбаев, Жабал Ерғалиев, тағы басқалар. Санап тауыса алмайсың, атап бітіре алмайсың!


Мінеки, сол көктен түскен талантты тамшының бірі – Кәкішев Тұрсынбек туыстарыңыз. Сыртынан қарағанда, бұл бауырларыңыз жалпақ жауырынды жалғыз кісі сияқты болып көрінеді. Шын мәнінде бұл кісі біреу ғана емес, бірнешеу. Атап айтқанда: азамат Тұрсынбек, сыншы Тұрсынбек, әдебиет зерттеуші Тұрсынбек, жазушы Тұрсынбек, журналист Тұрсынбек, публицист Тұрсынбек, ұстаз Тұрсынбек, жиһангер Тұрсынбек және де Тұрсынбек доктор, Тұрсынбек профессор, аттестатсыз академик Тұрсынбек, аттестатты бес академиктен білімді Тұрсынбек, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек, қайратсыз қайраткерлердің бірнешеуінен артық Тұрсынбек. Тағы басқа Тұрсынбектер. Бірінің ішінен бірі шыға беретін «матрешка» дейтін орыс ойыншығы бар емес пе? Дәл сол сияқты. Одан да көп. Бұл кісінің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Баяғыда Чехов қана барған Сахалинге дейін барлап қайтты.


Моңғолия мен Қытайды өз үйіндей аралады. Қырымның қиясын кезіп, Кавказдың да төбесіне шықты. Еуропаның бір- неше сұлу қалаларын қазақы жалпақ табанымен таптап өтті. Ол жерлерге қызыққұмар турист болып барған жоқ. Көрген-білгенінің бәрін жүріп келе жатып тоқтай қалып, оңаша жерге отыра қалып немесе самолет салонына кіре бере, түнде жатқан жерінде түн ұйқысын төрт бөліп, төсектен тұра салып, дәптеріне түртумен, қолы талғанша қағазға жазумен болды. Алматыға келгеннен кейін тағы да бас көтерместен, үстел басында отырып, сол көрген жерлерінен танымдық тамаша кітаптар жазып және жариялап жатады. «Ұштасқан үш өзенмен», «Жол үстінде 80 күн», «Садақ», «Жасампаз өлке», «Сандалтқан «Садақ» кітаптары – осындай азапты сапарлардың, тынымсыз еңбектің жемісі.


Енді сіздер менен Тұрсынбек ағаның бойында қандай қасиеттер бар деп сұрасаңыздар, айтайын. Ағаларыңның бойында ұлы қасиет мекендеген. Санап тауысу қиын. Атап айтқанда, ағаларың – ұлтжанды, ұлт мүддесі үшін өлуге бар, қазақ десе, ішкен асын жерге қоятын өте бауырмал адам. Ағаларың өте жолдасжанды кісі. Жұғысып кеткен жақсы азаматпен жолдас болып шыға келеді. Тұрсекең өте досжанды адам. Бір ДОС болған адамымен ешқашан ажырамайды. Мәселен, екеуміздің достасқанымызға биыл 62 жыл толды. Бұл уақыт ішінде мен бірнеше рет жоғарыладым да, төмендедім де. Сан рет ауруханаға түсіп, әл үстінде жаттым. Соның бәрінде де жалғыз Тұрсынбек қана қасымнан табылды. Тұп-тура 62 жыл жұп жазбастан ДОС болып келе жатқан кімді білесіздер. Біліңкіремейсіздер. Тұрсекеңнің мен сияқты, тіпті менен де жақын достары көп. Олар: Мырзабек Дүйсенов, Кәкен Аханов, Зейнолла Қабдолов, Саттар Имашев, Аманжол Шамкенов, Хамит Хасенов және басқалар сияқты қазақтың біртуар ұлдары болатын. Олардың көбі өмірден өтіп кетті. Қазіргі қалғандары Рахманқұл Бердібаев, Оразай Батырбеков, Әлия Бейсенова, Серік Қирабаев және мен болармын деп ойлаймын. Өзгелердің достарын адам аздырады, ал Тұрсекеңнің достарын ажал айырады. Бұл кісі жүрегіндегі достық қуаты осындай, бауырларым!


Мұның үстіне Тұрсынбек шәкіртжанды ұстаз. Сан рет университет бітірген ауыл бала-шәкірттерін жетелеп жүріп, Ғылым академиясы институттарына қызметке кіргізгендерін көзіммен көрдім, куәмін. Солардың бәрі доктор, профессор болып шықты. Тұрсынбекпен бірге қай облыс, қай ауданға барсам, жамырап шәкірттері алдынан шығып, құшақ жайып, қарсы алады. Төбелеріне көтеріп сыйлайды. Ат мінгізеді. Шапан жабады. Біз – басқа жазушылар да өзімізді ұстазбыз деп ойлаймыз. Өйткені, біз де кітап жазамыз ғой. Оны жұрт оқиды. Оқырмандарды өз шәкірттеріміз деп есептейміз. Елге осындай оймен күмпиіп барамыз. Қанша күмписек те бізді ешкім танымайды. Танымаған соң сыйламайды. Тұрсынбектің «қаласына» қарлығаштай қалықтап келіп шәкірттер кіріп жатқанын көргенде қызығасың да, қызғанасың. Сол сәтте атақты ақын Ғафу Қайырбеков марқұмның Иван Шуховқа арнаған бір шумақ өлеңі еске түседі. Сенбілік сайын Иван Петрович беліне фляга байлап келетін болса керек. Шаршаған кезде флягасын ағытып, оның ішіндегі арақтан жұтып-жұтып жібереді екен. Соны көрген ақын қолма-қол былай деп өлең шығарған ғой:


Иван Шухов дейтұғын мына кісі. 

Белінде бұлтыңдайды флягісі. 

Иван ішіп тұрғанда өзің ішпей, 

Кісінің келеді екен жылағысы, – деп.


Сол айтқандай, Тұрсынбекті шәкірттері құрметтеп жатқан- да жылағың келмегенімен, өзіңнің ондай ұстаз бола алмағаныңа өкінесің. Өкінесің де, Тұрсынбектей ғұлама ұстаздың қасында жүргеніңді қуаныш етесің. Ағаларыңның біраз қасиеттерін айттым ғой деп ойлаймын. Енді не қалды?


Айтпақшы, ағаларыңның ең басты қасиеті – әйелжандылығы. Шығармаларында әйел қызықтарын суреттегенде оқушысын қайта-қайта тамсандырып, сілекей шұбыртады. Оған мысалға «Сәкен сүйген сұлулар» деген кітабын оқып көріңіз. Бойыңды балқытып, сүйегіңді шымырлатады. Олай етіп жазу сол қызықтарды басынан кешкен кісінің ғана қолынан келетін шығар. Әрине, солай! Өйткені ол ел-елді көп аралады ғой. Жол-жөнекей неше алуан сұлуларды кездестірді. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген сөз бар емес пе? Сол «жөргемдер» қағаз- ға сезім болып құйылмай ма? Содан кейін оқушының қалай сілекейі шұбырмасын. Ағаларыңның тағы бір мінезі «ішмерез, өзімшіл, өзімнен өзгеге ешқандай жақсылық болмасын» дейтін мысық тілеулі адамдарды иттің етінен жек көреді. Ондай адамға кездескен жерде жасына, атағына, қызметіне қарамай, «бетің бар, жүзің бар» демей, сойып салады. Сондай бір атақты ағасымен әлі күнге дейін айқасып келеді. Оның кім екенін жұрттың бәрі біледі.


Ал енді ағамызда «кемшілік бар ма?» дейсіңдер ғой. Бар: ақырып сөйлейді, айғайлап айтады, тілі қылыштай, сөзі құрыштай – жаралайды, жабырқатады. Сонысымен жікшілдерге жақпайды, атақты ағайындарға ұнамайды. Үлкен кемшілігі осы. Ал ұсақ-түйек кемшіліктер кімде болмайды дейсіңдер.


Мінеки, Сіздердің Тұрсынбек ағаларыңыз осындай кісі. Қазір Қазақстанда ең атақты екі адам бар. Біріншісі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол – халықтың саяси көсемі. Екіншісі – Әбсаттар қажы Дербісәлиев. Бұл кісі – дін көсемі.


Осы екеуінен кейінгі үшінші атақты адам – сіздердің бүгін сексенге толып, семсердей жарқылдап отырған ағаларыңыз – Тұрсынбек Кәкішев. Осы тойды көркейтуге екінші көсемнің өзі Әбсаттар қажының келіп отырғаны қандай ғанибет десеңші! Көкшетау-Ақмоланың елін ардақтап, ерін құрметтеп арнайы келген Әбекеңе – Әбсаттар қажыға алғыс айтайық.


Ал Тұрсынбектің елдегі ең атақты үшінші адам болатын себебі неден? Себебі, Тұрсекең тынбастан теледидарға шығады, дүркін-дүркін радиодан сөйлейді, газет-журналдарға бұрқыра- тып мақалалар жазады. Жазғандары Алматы-Астанада ғана емес, барлық облыстық, кейбір аудандық газеттерде басылып жатады. Соның бәрінде де ол ел қамын, бірлік, ынтымақ, рушылдық емес, ұйымшылдық керек екенін айтады. Ұлттық өнеріміз өлмесе екен дейді. Қысқартып айтқанда, халықтың сөзін сөйлейді. Ол сондықтан атақты. Халық оны сол үшін жақсы көреді, сыйлайды, атын аузынан тастамайды.


Ал 80-ге келген адамға осынша күш, қайрат, жігер қайдан келеді? Соны білесіздер ме? Білмесеңіздер, мен айтайын. Оның үйінде бүкіл пәтерге, тіпті жақын көшелерге де жарқыратып сәуле шашып тұратын бір керемет мотор бар. Ол мотордың аты – Күләш. Күләш Тұрсекеңнің әрі жан серігі, әрі қалам серігі! Ол да – ғалым. Екеуі бірлесіп, қазақ халқының ұрпағынан- ұрпағына үзілмес мұра болып қалатын «Сәбит Мұқанов» кітабын жазды. Күләш – тағы басқа әдеби, ғылыми еңбектердің авторы.


Осылардың үстіне Күләштің ас пісіру шеберлігі қандай ғажап десеңші! Күләш пісірген бесбармақты асағанда бес саусағыңды қоса жұтып қоя жаздайсың. Күләш қайнатқан балдай тәтті шайды ішкенде жаның жадырап, шарап ішкендей сайрай жөнелесің. Өйткені, Күләш әр тағамда болатын A, B, C, D дейтін витаминдердің үстіне «М» деген ерекше витамин қосып береді.


«М» витаминінің толық аты – «махаббат». Күләш күйеуіне, оның достары мен жолдастарына, үйіне келген барлық қонаққа осы өзгеше витаминді қосып береді. Тұрсынбектің қажырлы, қайратты болатын бір себебі – осы!


Халима барда менің де атағым аспанға шыққан болатын. 


«Махаббат, қызық мол жылдар» романыма 10 мың хат алсам, соның көбі қыздар мен келіншектерден келген хаттар еді. Енді менің ол атағым өшіп барады... Өйткені, қасымда Халима жоқ. Мінеки, менің Күләш келінім осындай кісі. Күләштің күтімі, қамқорлығы арқасында талантты Тұрсынбек інім бүкіл қазақ халқына, бүкіл ТМД елдеріне, бүкіл дүние жүзіне мәшһүр, мәлім болып отыр. Жақсы әйел – жаның ғой. Жан жолдасың – жақсы әйел болғанға не жетсін, шіркін! Әйелі жақсының арманы жоқ! Осындай жақсы жеңгелеріне жастар жағы орнынан тік көтеріліп, ду қол шапалақтап қойса, артық болмас еді.


Ұлтымызға осындай еңбекқор, қажымас қайраткер, қайтпас қайсар, тура сөзді, тік мінезді, елге қадірлі ерін берген Көкшетау – Ақмола еліне, осы елдің адамы тұрмақ, әр бұтасы да ән шырқайтын қасиетті жеріне мың рақмет!


Той құтты болсын, ардақты ағайын!


Әр түйір топырағынан таланттар жаралатын ЕЛ – Ақмола облысының атағы Оқжетпес шыңындай асқақтап, Бурабай көліндей шалқып, азаматтарының абыройы арта берсін! Арта берсін!


Ең соңында айтарым: той болған жерде шашу шашылады, үлкендер тәбәрік үлестіреді. Қасиетті Көкше елінің бұл үлкен тойына менің алыс Алатаудан арқалап әкелген шашу – тәбәрігім мынау: «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітабым.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар