Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ермек Төлепбаев: "Кино менің балалығымды ұрлады"

31.08.2016 845

Ермек Төлепбаев: "Кино менің балалығымды ұрлады"


Күз – кішкентай адамдардың жаңа оқу жылына деген үлкен қадамдарымен басталады. Бұл күн бәрімізді бей-жай қалдырған емес. Білім мерекесі қарсаңында балалардың назарына ұсынылатын «Алты жасар Алпамыс» киносының танымы тереңде жатыр. Қарапайым ғана түсіріліп, қиынды ұқтыратын бұл туынды балаларға арналған шығармашылықтың көшін бастап тұр. Есесіне Алпамыстың рөлін сомдаған Ермек ағамыздың киноға түсу барысындағы шығармашылық жетілу және жегілу жолдары балалық шағын ұрлаған көрінеді. Дегенмен жалпыға ортақ үлкен өнерді тудыру барысында жалқының тағдыры құрбан болатыны заңдылық қой. Бүгінгі таңда балаларға арналған ұлттық туындылар легі осы киноның шеберлігінен әріге аса алмай тұр. Ұлттық өнімде кәсіби өрлеу жоқ.   


Жыл сайын 1 қыркүйек – Білім күні жақындағанда, республикамыздағы телеарналардың біразы осы бір сүйкімді фильмді кезек-кезек көрсете бастайды. Бір қызығы, қанша қайталап көрсең де, «Алты жасар Алпамыс» ешқашан жалықтырмайды. Қайта әрбір көрген сайын бұрын аңғармаған жақсы эпизодтар, сәтті сюжеттер ашыла береді, ашыла береді. Жарық көргеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Алпамыс образы әлі күнге білім аңсаған бүлдіршіндерге қанат бітіретін, балалық тазалық пен шынайылықты жайып салатын бірегей дүние болып келеді.

Алты жасар Алпамыс.jpg


Фильм ә дегеннен-ақ тартымды басталады. Су алуға келген Қалихан, оның жайын сұраушы Алпамыс. Қалихан мектеп табалдырығын аттамақ, ал Алпамыстың жасы жетпеген. «Мені де оқуға ала ма?» деген сұрақ та жып-жылы. Сөйтіп, алғашқы эпизодтан-ақ фильм көрерменін ерте жөнеледі. Күз, мектеп, мұғалім, оқушылар, солардың фонындағы Алпамыстың білімге құштарлығы – шынында да, нанымды. Әрбір көрерменнің көкейінде жүрген сүйініштің орны бөлек, дегенмен «осы фильм қалай түсірілді, актерлер қалай таңдалды?» дейтін сұрақтардың бәрімізді де қызықтыратыны рас. Осы орайда біз белгілі режиссер, «Алты жасар Алпамыс» фильмінде режиссердің ассистенті қызметін атқарған Серік Жармұхамедовтен фильмге қатысты біраз мәселелерді сұрап білдік.


1. Сценарий. Мәскеулік кинодраматург Роза Хұснұтдинованың сценарийін режиссер Абдолла Қарсақбаев оқығаннан-ақ ұнатты. Бала тәрбиелеудегі шығыстық үрдіс, баланың періште пәктігі, Алпамыс арқылы оның айналасындағы бірнеше күрделі образдарды ашу – осының бәрі Әбекеңді қатты қызықтырған болу керек, фильм түсіруге бірден ниет етті. Талдап-таразылау барысында сценарий бірқатар өзгерістерге ұшырады. Өйткені, оқиғаны өмірге мейлінше өмірге жақындата түсу қажет-ті. Мынадай бір эпизод бар еді, ол түсірілді де, кейін алынып тасталды. Ауылдың бір адамы Алпамыстан «Қалиханмен туыссың ба?» деп сұрайды. «Туыспын, оның мамасы да, менің мамам да бір колонкадан су алады» дейді Алпамыс. Фильмді түсіру барысында Алпамыстың мінез-құлқын ашатын сәтті эпизодтар дүниеге келгесін, бұл эпизод қысқартылды.


2. Режиссер. «Менің атым – Қожа», «Қилы кезең», «Беу, балалар-ай!» фильмдері арқылы есімі елге таныс Абдолла Қарсақбаев «Алты жасар Алпамысқа» кіріскенде, жағдайы аса мәз емес еді. 

Алты жасар Алпамыс.jpg  

Шаруасы шатқаяқтап, айналасының түсінбестігіне де душар болып жүрген кезі болатын. Содан да шығар, Әбекең «Алпамысты» түсіруге қатты құлшынды. Кейіпкерлер таңдауда да, сюжеттер композициясын үйлестіруде де белсенді болды. Фильм Әбекеңнің осы еңбегін ақтады. Кейінірек Ригада өткен балалар мен жасөспірімдердің Бүкілодақтық Х кинофестивалінде «Алты жасар Алпамыс» фильмі бас жүлде жеңіп алды.


3. Кейіпкерлер.

а) Алпамыс. Алпамыстың ролін ойнаған Ермек Төлепбаевты Абдолла аға режиссер Тұраш Ыбыраевтің «Ақ автомобиль» деп аталатын қысқа метражды фильмінен көріп қалыпты. Ірі пландағы Ермектің бейнесі Әбекеңнің есінде қалған болуы керек. Әбекең Ермектің көзін қатты ұнатты. «Көзі таза екен. Таңертеңгі шық тәрізді. Ермектің бойында балалық нәзіктік бар, ашылып келе жатқан гүл сияқты» дейтін. Сөйтіп, бас кейіпкердің роліне Ермек Төлепбаев бекітілді.


ә) Қалихан. Қалихан роліндегі Ұланды да Әбекең өзі тапты. 

Қалихан.jpg

Бұрын бір көріп қалған екен. Мені «Сары» дейтін еді. Бір күні: «Әй, Сары, жүр кеттік», – деді. «Қайда?» «Жүр, барғасын көресің». Екеуміз студияның машинасына мініп алып, Алматы-2 вокзалының батыс жағындағы жер үйлерге келдік. Балалар ойнап жүр. Солардың ортасындағы Ұланды қырық минуттай бақылап тұрдық. Ұлан ерегісе білетін, ерегісті өнер деп білетін, өзгенің емес, өзінің дегенін істейтін қайсар бала екен. Бір кезде Ұлан шамасы 10 жасар баламен ойыншық мылтыққа таласты. Бермей қойды. «Қалиханға осы мінез керек. Байқап тұрсың ба?» деді маған Әбекең. Іштей қатты риза болдым. Егер біз Ұланның қасына барып, «отыршы, әңгіме айтшы» десек, бала ештеңе де айтпас еді. Әбекең сырттай бақылап-ақ, өзінің болашақ кейіпкерін дәл және тез таңдады.


Бір өкініштісі, сол Ұланның өмірі кейін дұрыс қалыптасқан жоқ. 10-сыныпты бітіргенде «топ болып адам өлтіруге қатысты» деген айып тағылып, сотталып кетті. Қасындағылар бәленің бәрін Ұланға жапқан сияқты. Қолтырауынның аузына кір десең де тайсалмайтын бала еді ғой, тіпті ерегісе келіп, «мен жасадым» деуі де мүмкін ғой оның. Түрмеден келгесін, Ұлан асылып өліпті... Мүмкін, оның мұндай әрекетке баруына біз де кінәлі шығармыз. Образ үшін жасаған әрекетіміз өміріне зиян болды ма, кім білсін?..


б) Басқалар. Басқа үлкен кейіпкерлерді таңдауда да Әбекеңнің интуициясына сендік. Алпамыстың әкесі роліндегі Мәкіл Құланбаев, Мұнар ата роліндегі Қанабек Байсейітов, 

Мұнар ата.jpg


Қалиханның анасын ойнайтын Дариға Тілендиеваның мүмкіндігін Әбекең жақсы білетін. 

Дариға Тілендиева.jpg

Мұғалім роліндегі Жексен Қайырлиев былай қарағанда өз орнындағы кейіпкер болғанмен, режиссердің көңілінен көп шыға қойған жоқ. Оның мұғалімі фильмнің өн бойындағы бір линия болып тартылуы қажет еді, олай бола алмаған сияқты. Ал бір ғана эпизодта көрініп, балалардан МГУ-дың не екенін сұрап жүретін клуб бастығы – Айтжан Айдарбековтің өмірі қайғылы аяқталды. Ол өмір бойы эпизодтарға ғана түсіп жүрді.


4. Оператор. Фильмнің бас операторы тәжірибелі Әбілтай Әбілханұлы Қастеев болды. Ол кісінің шеберлігі жайлы сөз басқа. 

Әбілхан Қастеев.jpg

Менің ойымша, фильмде көрермен есінде қалған бір бейне Мұнар ата болса, оның жарқырай көрінуіне себепкер болған – осы Әбілтай Қастеев. Мұнар атаның кеңдігін, аңғарғыштығын, батырлығын сөзбен байқататын тұстар көп. Дегенмен көрермен оның бейнесіне, келбетіне қарап отырып та, сенімін бекіте түсуі керек қой. Ол үшін Әбілтай қулыққа барды. Әбілтай Қанабек Байсейітовты көбінесе төменгі жақтан түсірді. Өзі тау үстінде шынтақтап жатқан адам камераның мүмкіндігімен одан ары зорайды. Мұнар атаның көзімен айналаға қарайтын кадрларда да Әбілтайдың тәжірибесі жемісін берді, ол Қанабек ағаның бұжыр мойны мен бір құлағын ғана кадрға сыйдырды.


5. Түсіру алаңы. Фильм Талғар ауданының Рысқұлов колхозында түсірілді. Қысқа қарай бітті. Бірақ әкесі мен Алпамыстың таудан жылқы алып келетін эпизодын түсірерде қар жауып кетті де, Душанбенің маңында түсіруге тура келді.




ЖАҚСЫ БІР ҰСЫНЫС ТҮССЕ, ЕРМЕК БАС ТАРТПАС ДЕП ОЙЛАЙМЫН


Ал осы фильмде Алпамыс ролін ойнап, мың-миллион көрерменнің жүрегінде қалған Ермек Төлепбаев қазір қайда? Не істейді? Неге фильмдерге түспейді?


Ермектің ата-анасы Бегім және Жанна Төлепбаевтармен әңгімеміз перзенттерінің «Алты жасар Алпамыс» фильміне қалай таңдалғанынан басталды.


Жанна Төлепбаева (Ермектің анасы):

– Ермектің кино әлеміне келуі өте қызық. Бір жолы Ермек екеуміз көшеден такси тоқтатып, үйге жеткізіп салуын өтіндік. Жүргізуші орыс жігіті екен, жол бойы айнасына қайта-қайта қарағыштай берді. Мен қысылып отырмын. Сөйтсем, ол Виктор Безелюк деген «Қазақфильмнің» суретшісі екен. Түсерде Ермектің ұнағанын айтып, «Қазақфильмге» кинопробаға түсуге шақырды. Біз оны өтірік деп ұқтық та... Талдықорғанға қонаққа кетіп қалдық. Онда 12 күн жүрдік. Үйге келсек, есіктің беті толған «записка». «11 июля. Пожалуйста, позвоните по телефону...» «12.07. Позвоните...» Осындай 12 қағаз. Маңызданғандай болмайық дедік те, хабарластық. Үйге 4 адам келіп, проба түсірді. Ермекке ары-бері самокат айдатты. Ертеңіне-ақ олар Ермекті рольге бекіткенін айтып, телефон шалды. Сөйтіп, ең алғаш Ермек 4,5 жасында «Ақ автомобиль» фильміне түсті.

Ал «Алты жасар Алпамыс» фильміне Абдолла аға өзі шақырды. Барсақ, киноға түсуге үміткерлер көп екен, түске дейін кезек күттік. Ермек ол кезде 5,5 жаста еді. Бір кезде кезек жетті, Ермек кіріп кетті. Сәлден кейін шықты. Содан кейін-ақ киноны түсіру жұмыстары басталып кетті.


Бегім Төлепбаев (Ермектің әкесі):

– 1976 жылдың желтоқсанына қарай «Целинный» кинотеатрында «Алты жасар Алпамыс» фильмінің премьерасы болды. Мың баланың ортасынан Ермегімді шақырып, гүл берді. Жүрегің аузыңа тығылады екен. Кейін «Искрада» да премьера өтті. 1983 жылы Мәскеуде оқып жүргенімде, «Кировск» метросының тұсына, 4х5 метрлік тақтаға Ермектің суреті ілініп, «Алты жасар Алпамыс» фильмінің жарнамасы қойылды. Бірге оқитын досым: «Әй, Бегім-ай, баламды ел көрсін дедің бе?» – деп қалжыңдайды. Фильм оншақты жыл бойы Одақтың кинотеатрларынан түскен жоқ.


Жанна Төлепбаева:

– «Алты жасар Алпамысты» түсіру жұмыстары аяқталған соң, біз курортқа кетіп қалдық. Келсек, Ермекті тағы іздеп жатыр. Режиссер Виктор Пұсырманов «Алатаудың күміс мүйізі» атты фильм түсірмек екен. Ермек ол фильмге Наталья Арынбасаровамен бірге түсті. Бұл туынды ХШЖК-ның күміс медалін иеленді. Сосын Ермек «Әнші аралдың құпиясы» деген Серік Райбаевтің фильміне түсті. Арал проблемасына балалардың көзімен қарау мақсатындағы оқиғалы фильм еді бұл. 12 жасында «Өтелмеген парыз» фильмінде эпизодтық рольде ойнады. 10 сыныпта оқып жүргенде Түрксіб құрылысы жайлы «Время жить» деген фильмге шақырылды. Григорьев деген маманның дипломдық жұмысы еді, Ермек осы фильмге түсу барысында қатты қиналды. Жағдай өте нашар болды.

Қазір Ермек кинодан сырттап кетті. Отбасы бар. Бірақ, менің ойымша, оған жақсы бір ұсыныс түссе, әлі де бас тартпас деп ойлаймын. Өйткені, кино дегеннің өзі актер үшін есірткі сияқты нәрсе ғой, бір бас сұқтың ба, ары қарай өзің-ақ арбалып қаласың...



«КИНО МЕНІҢ БАЛАЛЫҒЫМДЫ ҰРЛАДЫ»


«Мен үлкен боламын. Менің 10 балам болады» дейтін бал тілді Алпамыс – Ермек бұл күнде жігіт ағасы. Компьютер маманы. Бір қызы бар.


– Қазір өзіңіз түскен фильмдерді көріп тұрасыз ба?

– Жоқ. Көптен бері қараған емеспін. Бір түрлі... ауыр.


– Сіз А.Мягков, Н.Арынбасарова, Н.Варлей, А.Миронов, т.б. КСРО кино өнерінің жұлдыздарымен бірге жүрдіңіз.

– Ол кезде мен кішкентай едім ғой. Оларға жұлдыз деп қарамаппын. Мен үшін олар да кәдімгі адамдар болатын.


– «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі әріптесіңіз Ұлан Сарбасов та көрермен жүрегінде қалды. «Ол фильмде Қалиханды емес, өзін ойнады» деген пікір де бар. Сіздің ойыңызша...

– ... ол ойнаған жоқ, өзін көрсетті. Өйткені, басқаша болуы мүмкін де емес еді.


– Қызыңызды киноға түсуге шақырса, жіберер ме едіңіз?

– Жоқ, ешқашан. Ол шыдай алмайды.


– Киноға түсе жүріп, бірте-бірте одан жерінгендей сыңай байқатасыз. Неліктен?

– Өйткені, кино менің балалығымды ұрлады. Киноға түсу салдарынан менде балалық болған жоқ. Менің құрдастарым ойнады, жүгірді, демалды. Мен ол кезде жұмыс істеп жүрдім. Қазір ойлап отырсам, балалық шақта менің өз өмірім болмапты. Мен кейіпкерлерімнің өмірін кештім. Киноға түсудің екі түрлі зардабын тарттым. Біріншіден, дұрыстап оқи алған да жоқпын. Әрқашан түсіру алаңында жүретінмін. Екіншіден, өсе келе, адамдардың бәрі тани беретіні жалықтырды. Бірінің алдында сол Алпамыс, сол Нұраш болып жүру бірте-бірте мені қатты шаршатты. Қызымның балалығы бақытты болуын қалайтыным содан.


– Сыныптастарыңыз сізді әлі күнге Алпамыс деп атайтын болар...

– Мектепте олармен Алпамыс дегендері үшін төбелескен кездерім де болды. Олар атаған сайын, өзімнің Алпамыс емес екенімді дәлелдемек болып, шу шығаратынмын.


– Сонда кино өнері сіздің өміріңіздегі бір кезең ғана болып қалды ғой?

– Солай шығар. Киноға түсудің маған берген «сыйының» бірі – біраз аурулар жабысты. Қақаған суықта жалаңаштанып, қатты ыстықта жалаңбас жүріп, суық тигізіп, күн өткізіп дегендей, біраз аурулармен «дос» болып алыппын. Егер Абдолла аға болмаса, киноға түспес те едім...


– Кішкентай кезіңізде кім болуды армандап едіңіз?

– Үлкен машиналардың жүргізушісі болғым келетін. Көріп тұрсыз, ол арманым орындалмады, қазір компьютер маманымын. Күні бойы компьютерге тесіліп отырып, кешкісін үйге шаршап жетемін де... кино көруге еш уақытым болмай қалады.



Есей Жеңісұлының “Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!..” атты кітабынан


Әзірлеген: Руслан Беген


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар