Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұлдыз Мұқағалиұлы: “Әкемді Алматыға өлең алып келді...”

23.08.2016 865

Жұлдыз Мұқағалиұлы: “Әкемді Алматыға өлең алып келді...”


Мұқағали Мақатаев. Жұмбақ та қарапайым, қарапайым да жұмбақ тағдыр иесі. Уақыт өткен сайын биіктеп бара жатқан заңғар. Қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып қайтарған абыз. Өмірдің базарынан жылап қайтқан ақын, біреуді жұбата алмағаны үшін. Ол дауа-пенде еді, ол өзінің өлеңдерімен қазақтың барлық сыздаған дертіне дауа тапқан ұл еді. Ол жұбаныш еді. Оны біз жақсы білеміз, білеміз дейміз, бірақ білмейміз. Ол жайлы бізге «Дариға-жүрек» айтады, «Шолпан» айтады, «Қарлығашым келдің бе?» айтады... Ол жайлы бізге әрбір парақ сыбырлайды, өлеңінің әрбір жолы айтады...


Жұлдыз Мұқағалиұлы.jpg

Мұқаңның үлкен ұлы Жұлдыз ағамен әңгімеміз ә дегеннен-ақ жарасып жүре берді. Әкенің жасына жеткен ұл әлі де әкелік алақанды, әкелік мейірімді, әкелік махаббатты сағынады екен. Мен соны аңғардым.

...Олар менің жанымды қайдан білсін,

Жасын жырдың жолына құрбан болған...

...Барлығы да,

Поэзия, сен үшін!

– Ол Алматыға өлең үшін келді. Шындығында, әкемді өлең шақырды. Тәнінен тараған бізді жан перзенті үшін шаһарға алып келді.

Өзінің жеке бөлмесіне отырып жазатын. Аузына насыбай салып алатын, көк шапаны болды, соны желбегей жамылып отыратын. Үстелді кеудесіне тіреп отырып алатын еді. Сосын жазып біткесін жайраңдап келіп, анамызға оқып беретін. Оқитын да, «Лашын, қалай болыпты?» деп күлетін. Ең алғашқы төреші – анамыз-тұғын. Әжеміз Нағиман әкем өлең жазып отырғанда бізді жолатпайтын.

Кейде бізге де ақтарыла сыр айтатын еді. «Өлең құраудың өзі – тұнып тұрған математика. Математика 4 амалға қалай бағынса, өлеңнің де бағынатын өз заңдылықтары бар» дейтін.

Ол күз мезгілін айрықша ұнатты. Жапырақ түсіп, жауын құйып тұрған күз түндерінде қолынан қаламын тастамайтын. «Көктемде сайрандадық, жасардық, жаңғырдық, күз – енді тек жазатын мезгіл» деп әзілдеп қоятын.


– Бір жазған өлеңдеріне қайта айналып соғып, түзеткен кездері де болады деседі...

– Өлеңдерін әкем сәбиден ары өбектейтін. Кейде кей өлеңдерін қайта қарап, қайта жазып шығатын. Ондайда «бүйтіп /TT2жазыппын, былай өзгерттім» деп айтып отыратын. Әр сөзге кірпияздықпен қарады. Шамасы, бұл әдет бала жасынан қалыптасса керек. Құрдастары айтады, бала күнінде, ол кез соғыс уақыты, көрші қырғыздарға өлең сатады екен. Қырғыздар да сөз парқын білетін халық, ерекше от-жалын байқаған-ау. Бір жолы бір өлеңін 25 сомға сатыпты. 25 сом ол кезде едәуір ақша. Сонда шешесіне кеп: «Әй, Нағиман, мен енді өлең жазғанның қандай екенін көрсетем!» – депті.


– Бақтырам! – деді бастығым,

– Бағасың, – деді, – жетпегір!

Сонымен біраз жас күнім,

Қысырақ қуып өткен бір.


– Бала күнін есіне түсіру әкеме өте ауыр еді. Кәдімгідей мұңайып қалатын. «Бізде балалық болған жоқ. Соғыс жалмап кетті» дейтін.

Содан да шығар, балаларына ерекше мейірімді болды. Ең үлкеніміз Майгүлді көшеде мотоцикл қағып кеткенде, қатты қайғырды. Арнаған екі-үш өлеңі бар екенін білесіздер.Үйде дастарқан басында отырғанда, анда-санда бізге де өлең шығаратын. Бірде інім Айбарға «жаман қазақ жалпақбас, тамақ десе жан таппас» деп әзілдеді. Біз содан кейін Айбарды «жалпақбас» деп атап жүр едік, өзі қойдыртты. Мені көбінесе Панфилов-Шевченко көшелерінің қиылысындағы моншаға ертіп апаратын. Үйден шықпас бұрын қолыма пышақ беріп, терекке шығарып жіберетін. Мен балауса бұтақтар қиып түсемін, оны ыстық суға салып біраз жібітіп қоямыз. Соны алып, моншаға кететінбіз.

Сабағымызды қатты қадағалайтын. Мені жетелеп апарып, №12 мектепке оқытты. Тамырынан ажырамасын деді-ау, сірә. №12 мектеп ол кезде бірден-бір қазақ мектебі еді.

Мен әжеме тән едім. Қазір ойлаймын, үйдің үлкені мен болғасын да шығар, менің болашағыма қатты алаңдады. Бір күні мені Шевченко-Аманкелді көшелерінің қиылысындағы ескі ғимаратқа ертіп барды. Сол жерде ҚазМУ-дің заң факультеті болыпты, өзі сонда жарты жылдай оқыпты, сосын біреумен келіспей қалып, шығып кеткен көрінеді. Маған «сен көп сөзді қой, заңға бар» деді. Мен оқуға түскенде қалай қуанғанын көрсеңіз. Студент кезімде де ақылын айтып жүрді. «Сен кейін кеңседе отырасың, ұқыпты бол. Қағаз-қаламың орнында тұрса, миыңда да тәртіп болады» дейтін. Мектеп бітірген жылы отырыста мен сәл ұрттап қойдым. Қатты ашуланды, тіпті қолы да тиіп кетті. «Сақтық керек, Жұлдыз. Өмір сенің босбелбеу екеніңді сезсе, екі сөзге келтірмей алып ұрады. Сені жылату оған түк емес» деді сосын. Кейінірек ұғындым, ол біздің, яғни, балаларының өзгеше, өзінікінен мүлде бөлек жолмен жүргенін қалапты ғой. Өзі жасаған қателіктерін біздің қайталамауымызды қалапты.


... Тағы да сен бе, тентек, тілін алмай,

Анамды өкпелетіп тастаған кім?..

...Байқа, тентек!

Сен емес, Ана алдында,

Мына тұрған «құдайың» қымсынады.

– Әкем Тиын деген әжесінің тәрбиесінде өскен. Көз көрген қарттардың айтуынша, әжеміз аса қайратты, рухы мықты кісі болыпты. Әкем ол кісіні аузынан тастамайтын. Сірә, қандай қиындықты да қара нардай қайыспай көтеру әкеме әжесінен жұқса керек. Бала күнінде асық ойнап жүріп, ұтылып қалса, әжесіне айтады екен. Әжесі бар асығын қайта әпереді екен.

Мен ойлаймын, әкемнің ақындығы ең бірінші – табиғи дарын, сол дарынның дамуына, өсуіне бірінші – туған жері, екінші – осы Тиын әжеміз қатты әсер еткен. Кейін өз шешесі Нағиманды да қатты сыйлап өтті.

«Көп нәрсені әжемнен үйрендім» дейтін. Аңғарғыш еді. Ол әр адамнан тереңдік іздейтін. Жан-дүниесі түгел ақтарылып әңгімелескенді ұнататын. Әңгімелескен адамы көңілінен шықпай қалса, кәдімгідей мұңаятын, «таяз екен» дейтін.

«Мен адамға бір рет қарағанда, оның ішінде не жатқанын сезе қоямын» дейтін кейде. Сыртынан қарап тұрған адамға оның қалай сөйлесіп тұрғаны бірден аңғарылатын. Жаратпай қалса, «иә-иә» дей беретін, тамағын кеней беретін. Сосын әңгімесі жараспайтыны белгілі болып қалатын.

Жанары отты еді. Кеудесін тік ұстап жүретін. Ол қанша ішті десе де, Алматы түгелге жуық танитын. Көшеде келе жатқанда, адамдар сыйлы көзбен қарайтын.


...Көп қателік жіберіппін, амал не,

Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!


– Менімен тең құрбысындай әңгімелескен сәттері де болды. Анда-санда қателіктерін де мойындайтын. Маған сабақ болсын деген шығар. «Бұл қателіктер маған сыяды, маған жарасады, Жұлдыз. Бірақ сен қайталама, оны көтере алмайсың» деп қоятын.

Иә, ол көп жағдайда қолдау таппай қалатын. Ондай сәттерде анамыз Лашын басу айтатын. «Бәрі дұрыс болады» дейтін. Сәл мұңайып отырып, әкем еңсесін қайта көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап: «Әй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін», – дейтін. Әбдімүтәліп дейтін нағашымыз болды. Сол кісіні көбірек тыңдайтын. Ақылын басшылыққа алатын. Басқалар айтып жатса, қол сілтей салатын.

Менің көзім жеткен бір жағдай, әкем өзінің ұлы адам екенін сол кезде-ақ сезді. Тіпті айтып та жүрді. «Мыналарың бір төбе, мен бір төбе» деп күлетін.

Кезінде Димаш Ахметұлына хат жазғанын білесіздер. Сол кісіден жауапты көп күтті. Әттең, жауап келмеді. Әйтпесе, әкемнің өмірі сәл басқа арнамен ағатын ба еді...

Дантені аударған кезде тіпті демалған жоқ. Содан да шығар, өмірлік арманы Рим қаласын бір көру еді.

Әбділдә Тәжібаев ақсақалды қатты сыйлады. Өзінің Алматыға келуіне бірден-бір себепкер сол кісі болған соң да шығар...


...Бауырластықтың жалауын біз де көтеріп,

Жарқын өмірден

Жауласпай жүріп өтелік!


– Жақсылық жасағанды жаны сүйетін. Бірде екеуміз көшеде келе жатып, келіншегіне дөңайбат көрсетіп, кіжініп тұрған жігітке кезіктік. Әкем шыдап тұра алмады. Жігітті көкірегіне қысып, көтерген күйі терекке тақап алды да, «неге ренжітесің? Ескертіп айтсаң болмайтын ба еді?» деп қатты жекіді. Жігіт мойындап қалды.

Тағы бірде үйге бейтаныс екі жігіт іздеп келді. Түрмеден шыққан беттері екен. Әкеме алғыс айтып, ризашылық білдірді. Сөйтсе, олар түрмеде жатып, әкемнің өлеңдерін оқыпты. Сосын хат жазыпты. Әкем оларға жауап жазса керек. Олардың іздеп келгеніне әкем кәдімгідей риза болып қалды.

Жастармен көп жүретін. Үйге де ертіп келетін. Олармен поэзия жайлы сөйлескенді ұнататын.


...Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде.


– Әкем өзінің өлетінін сезді. Ауруханадан дәрігерлер «мүлдем үміт жоқ» деп шығарып жібергенде, Комсомол-Космонавт көшелерінің қиылысындағы аялдамада ұзақ отырды. Көзін бір нүктеге қадап, үнсіз отырды. Сосын үйде бір күн ғана болды. Ертесі қайта әкетті.

Қайтқан күні жаңбыр құйып тұрды. Табиғаттың өзі жылап тұрған сияқты. Кеңшілік ағамен қатты араласатын. Сол бізге басу айтты. «Мына шуылдақтардың бәрі кетеді. Сенің әкең мәңгілік. Босама» деді.


...Әке, сенің жасыңнан асып барам...


– Жұлдыз аға, сіз дәл қазір әкеңіздің жасындасыз. Қалай ойлайсыз, қазіргі сіздің өмірге қөзқарасыңыз бен әкеңіздің көзқарасы арасында ұқсастық, болмаса өзгешелік бар ма?

– Әр адам өзінше қорытынды жасайды ғой. Әйтсе де, әкемдікі әлдеқайда терең. Ол біз көре алмайтын, сезе алмайтын, біле алмайтын әлдебір тылсым күштен өзіне демеу алып тұрған тәрізді. Ол қазіргі менің жасыма дейін бала болып былдырлады, ақсақал болып ақыл айтты, жігіт болып жалындады. Оның өмірі – өлеңдері. Әкем жайлы бізге тек өлеңдері ғана айта алады.

Жұлдыз ағамен әңгімеміз аса жылы райда өтті. Араға жылдардың із салғаны емес пе, тұлпардың тұяғы көп естеліктерді есіне қиналып түсірді. «Дегенмен ойланып жүру керек екен. Енді әкемнің басынан өткен, мен көрген сәттер еске түсетін болса, қағазға түсіре беремін» деді ол. Біз осыған келістік.


Есей Жеңісұлының “Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!..”кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар