Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұраған Рахметұлы: Шыңыраудың зәмзәм дәмі

19.08.2016 472

Сұраған Рахметұлы: Шыңыраудың зәмзәм дәмі

(Рақымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты хақында)

74_tn3.jpg

«...Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес...»
Расы, жылнама десек, 1162 жыл һәм жылқы жылының кісінегені естілердей. Ұлы қаһанның өмірге келген сәті. Ныспысы-Тэмужин.
Оның шежіресі де өте қызықты. Бабасы Дәу мерген, одан Бөденжар, одан Хабичи, одан Меден Төден, одан Хача Күлік, одан Хайду, одан Байсұңқар догшин, одан Төменай шешен, одан Қабылхан, одан Бартан батыр, одан Есүкей. Бұлар Бөріжігендер болса керек.

Мінеки, осыдан соңғы 1163 жыл, яғни Қара қой жылы іштегі жасын қосқанда Тэмужин екі жасқа толды. «Моңғолдың Құпия шежіресін» зерттеушілер қалайда осынау «Қара қой жылына» бір соқпай кеткені аз. Аңыздағы қара қойдың терісі, қара жабағы т.с.с. Сол қара жабағыға Көк мешін жылы (1164 ж) дүниеге келген көк бөрінің ұрқы көкалажон Хасардың да арқасының табы қалуы мүмкін. Қызыл ит жылы (1166 ж) Тэмужиннің інісі Хачигун, Сары тышқан жылы (1168 ж) Темуке Отшығұн, Сары сиыр жылы (1169 ж) Тэмулен Құба (қыз) өмірге келді. Ал Есугей баһадүр 1170 жылы татарлардың қолынан қаза болды». Рақымжан ағаның хикметті қиялы осы тосын тақсіретті меңзейтіндей.

«...Анасы ертемен үш ұлының ал­­дына күзем жүні қырқылмаған қойдың қара терісін жаятын. Сол терінің үстіне ылғи бір уыс тары себетін. Титтей тары шашырап, қалың жүннің арасына сіңіп жоғалатын. Екі інісі Хасар мен Хачи­гунды қасына ап, бұл сонда күн бат­қанға дейін сол тарыны жалғыз талдап теріп жейтін...»
Шыңғыс қаһан туралы көптеген де­ректі шығармаларға үңілген сәтте негізгі деректен тайқыған, дүдәмалға жол берілген тұстар көп кездесетін. Автор бұл ретте шығарма желісіндегі түрлі байламдардың нақтылығын жүйе­ле­мейді, демек, хаһилығын қадағалаумен ерекшеленеді. Мүмкін оның шеберлі­гіне сәйкес төгіп-төгіп ала алатын сил­логизмі осы тұстан көріне алады.
Айтматовтардың тәмсілді тәсіліне шапалақ соғып үйреніп қалған біздің миға Рақымжан ағаның «суперкол­лажы» енді. Енді тағы не енгізерін қайдам, не нәрсеге ұрындырарын бір Құдайдың өзі білер?! ХІХ ғасырдағы гиганттардың Сталиннің балтасына іліккен, шабылған «Бас»-тардың, рево­люция мүңкіген тәжірибе алаңдардағы өскен «бас»-тардың оны ұғуы, ұқпауы да екіталай даулы-дамайлы мәселе болуы ықтимал. Қалай дегенмен де, автор басы жоқ, сүлдері қалған ұлы қаһанды еңі­ретіп отыр. Таңғұт патшасының хас патшайымы мен ақ сары шашты орыс қызының кесінді сюжетін көркемөнер өмірінің катарсисі деп ұқтық. Солай. Аристотель тұра тұрсын... В.Бе­линскийге жәутеңдесек, ол бүгінгі уақыт­ты сұқ саусағымен нұсқайды!?
Туындыгердің туабітті өзгеше өңі мен бояуы, сомдауы, сөз саптауы, ең бергісі тәсілі мен шеберлігі мүлдем бөлекше. Шығыстық кеңістік, шығыс­тық пайым, шығыстық сарын және шуақты философиялық байламның бәрі-бәрінің тоғысатын өзегі – тарихи шығыстық дәстүрлі көшпелі тұрмыс­пен үндеседі. Шығыстағы қоңырқай көшпелілерде бар күмбірлі, сыңғырлы мұң батыста атымен болмайды. Ендеше, Рахаңның ағысы қай ағыс?! «Онон өзені толқын тулатып, жағаны қарс-қарс ке­міріп ағушы еді...» дейді. Жайықтың жағалауында жүріп өзінің бағасын көрген ағаға біз артықша не дей алар­мыз? Көшпелі өркениетке тән мөлдір құлықсаналық өлшем, өлшеусіз сүйіс­пеншілік пен махаббат, ең бастысы ұлы тылсымдықтың ішінде «өмір сүрдік», сәтке болса да.
Батыс пен Шығыс рухы – қатар ор­наласқан екі даңғыл секілді ешқа­шан қиыспайтын ұғым. Бірақ, бірінсіз бірі жоқ. Әдебиеттің бағасын қоярда оқыр­ман «жақсы» немесе «жаман» деген екі үшкіл ұстанымға жүгіне са­латын-ды. Ендігі кезекте мұндай баға­ны үшінші көзі ашылған текті оқыр­маннан алу қиын. Дүниенің төрт тара­бы мен сегіз бағытын бағындырған көшпелі мәде­ниеттің ыстық көз жасын ой мен сана­ға ұялатуға ұмтылған туын­дыға кейін үңіле қарайтындар саны қосыла түсері даусыз.
«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуан­та­ды екен?» Бұл сөз оқшау тұрды. «Шыңғыс ханның көз жасы» атты хикаяттағы құлпы сөз. Христиан жыл санауының алғы VІ ғасырда Афинаны алақанында ұстаған Писистраттың тағы бір жар­лығымен Гомердің көкірек бәдізі болып тұңғыш рет қайыңның қабығына мөр­ленген деседі. Гектордың алқымына шан­шылып тұрған Ахиллдің қанжа­рындай құдіретті анттың астында да осы сөз тұр?!
Хикаяттың бастапқы ілкі сүгірет­терін оқи бастаған тұста, кең жазира­дағы шалқар күннің балқып көтерілуі­-нің түбіндегі пейзаждық кескінді кө­ресің. Бауырынан қызыл жолақ қан жұқ­қан қазбауыр бұлттардың жөң­кі­луінен мүлдемге басқа бір сүлдер (totem) елес беретіндей. Алаң таң даланың хабаршысы – алыстан байғыз шақы­рады!?
«...Алшая қонған ақ орданың қау­сырма есігі екі жаққа кеңінен ашылып, ішінен ұлы қаһан шықты...». Бірінші жақта – ай кескін, екінші жақтағы сүл­дермен алмасады.
«...Жібек шапанын желбегей жа­мылыпты. Аққұба жүзіне, келісті маң­дайына күн сәулесі сырғанай түскен. Кіндік қаққан жез сақалын ойнама сал­қын самал сыпайы сауып тұр...».
Мінеки, айдаһар, қаһар емес ұлы қа­һанның сом тұлғасы солай керілген. Ке­зінде «Моңғолдың Құпия шежіресін» (Манггул-ун Нигуиа-Тобчийан) ада­лай шұқыған Антойнэ Мостаэрт те (1881-1971) азды-кемді пайымдар жасауға бе­кінген, ары аса алмаған. Расы да сол. Ра­қымжан Отарбаевтың шығарма­ла­рындағы метапәлсафалық тебіреністері өз­геше деп те қорытындылауға болатын секілді. Бұрхан-Халдун (Тәңір Қалды­­қынасы) маңындағы өрбіткен түрлі сүт елестерінен шырмауық оқиғалардың сұлбасын көреміз, дәмін сезгендей бо­ламыз. Алабұртып, буырқана бұлқын­ған аламан сезімдердің аясында (Фри­дрих Ницше) алақан табындай нәзік бәдіздер ойнап шыға келеді.
Бұрхан-Халдун тауындағы сонар аса хаһи қызықты өрілген. Мұндағы автор­ды ойландырған кең сахарадағы саят емес, ұлы қаһанның түпкі салтанатымен дала көрінісін, дала киесін, сол киеден там­ған таңғажайып бояуларды, бұл­қы­нып келіп бұлдырап қана өте беретін бұлаң тылсымды әрлейді. Ханның Тә­ңір тегіне (тэгүкэ) қарай ойысатын ойды ең кіді тәсілмен лақтырады. Зәу Тәңірден, асқақ ғарыштан аунап түс­кен бөрітекті баһадүрдің Бөрте Чино, Құба Марал, ежелгі Ергенекөң, сондағы жер иесі Батшаханның (Батачихан) сұлбасымен ой кестелеп ұлы Шың­ғыс­тың (huja ur) түгел түбіне қарай ойыса түседі. Бағзыдағы Ғұн нілінен жұққан Тәңірқұт, Шаңқан көк (Чэнли гуту Шань юй) сілемдерімен жорта түсесің?! Қарсы алдыңда аңыздар көшені жүзіп барады. Алайда анимизм жоқ. Тас тө­бедегі жел айдаған қара бұлт, қарашада күркіреген күн, ақ бұлт пен қара бұлт­тың айқасы... Біртүрлі үрейлі түс құбы­лыстардың шайқасы ма, кім білген?!
«...Қара бұлт өктемдік алыпты. Ақ бұлт есін жинай алмай шашырады. Төмендеп көшкен жолын кесті. Шырқау биікке ұмтылған, төбесінен төнді. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан жебеп, желеген Көк тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы қаһан анық сезді. Ала сап аспанға садағын кезеген. Қорамсақтағы жолбарыс жығар бір оқты таңдаған. Ауаны тіліп оқжыландай ысқырып ұшқан оқ қара бұлтқа қарай зымыраған.
Жетпей жығылды. Алау-далау болған ақша бұлт аударылып-төңкерілген. Бетінде жазу тұрды. «Әлем әміршісі Шыңғыс хан».
Сол-ақ екен құлақ кескен күркіл ес­тіліп, найзағай ойнады. Күміс бұтақтар шашырай сынды. Жазуды талқандап салды. Ақша бұлт түйдек-түйдек боп пышырай қашқан. Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп, иесін ала қашқан. Ұзатпады. Қай­та тірілген найзағайдың бір бұта­ғы ұлы қаһанды ту сырттан ұрған. ...Құлағына күмбірлеген Есүгей баһадүрдің дауысы келді. «...Ұлым, ат ерді, ер үстіндегі иесін ұстайды...».
Ергенекөңнің аңызына қатысты қаншама ұлағаттар қалғаны белгілі. Ежелгі моңғолдардың асыл таспен әр­леген әшекейлері туралы мөрленген салмақты пайымдар көп. Қытайшасы Мэн-юү. Әуелгі Үш өзеннің моңғол­да­рының дәстүрлі қолөнершілері мен ұсталары, зергерлерінің құрметіне «теміршілер» деп тергелетін есімдер берілген. Солай жойқын өркеннің өр­кеш тұсында Тэмужин өмірге келген. Ішкі Моңғолияның белгілі тарихшысы Б.Буянбат пен Сыртқы Моңғолияның жазушысы Г.Аюурзаналар Тэмужиннің есімін «Темірші» деп пайымдайтыны да осыдан болса керек.
Рақымжан ағаның тұспалы да қы­зықты. Ол, Шыңғыс ханның сөзімен:
«...Мен ағаш уықты, киіз туырлықты үйден шығып, күллі әлемге кеттім. Моңғолдың қисық бас қылышымен жер шарының келбетін өзімше сыздым. Тірі жан иесінің қожасы – мен. Баһи кеш­кені – Көк Тәңірінікі. Жоқты бар қыл­дым. Жанымдағы нөкердің бәрі ақ­-сүйек атанды. Есіктегі басы төрге жетті. Алтын тақтың төрт бұтының астында әманда аярлық пен іштарлық, жағым­паздық пен жәреукелік, қызғаныш пен қылмыс жатады. Сатқындықты көп көр­дім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит бол­ғаны жаман. Арыстан әлсіреген кезде айналасында қорқаулар қаптап кетеді. Қайратың тасып, айбатың асып тұрған­да тілін көрсетіп, тісін жасырғандар, әне солар. Қарқылдаған қырық қарғаға бір тас жарайды. Сол тасты уыстарыңнан тастамағайсыңдар. Ұрпағым, мен ке­дейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды саха еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ туабітті топас боп жаратылған адамға ақыл кіргізе ал­ма­дым. Топас жаннан сақтаныңдар!»
Моңғол даласын кезіп өткен ита­льян жиһанкезі Марко Полоның пайымы бойынша Шыңғыс ханның жандүниесі тек өлең секілді ғиб­рат­тар­мен жанып тұрса керек.
Хикаят желісіндегі арғымақ жүрі­-сіне келетін шабыт (image of a spirit), қанатты сезімталдық (artistic flair) және аяни құдіретті оралымдар өте көп кез­деседі.
Пішімдер мен кесімдер арасынан кенет атойлап шыға келетін кездейсоқ үндердің оң өңіне қарайық. Мұндай бір керемет түрен шығармада өріл­ген. Иә, ұлы қаһанның ұлы перзенті Жошының көрінісі! Егер қисыны ке­летін болса оқиғалардың түгел өңірінен белең беретін белгі (фабульный образ) осы кескін. Самал мен сағым кернеген ұлы даладағы көркем сүгірет секілді ке­лісімді сәттер – тіл мен сана арқылы шалқи береді. Құдды құба дала бетіндегі жөңкіген ақбөкендер мен құландардай тірі оттар! «Сол сағым қыдырған жалпақ жонның белін майыстырып шөге қалған Ұлытау...».


Туындыгердің туабітті өзгеше өңі мен бояуы, сомдауы, сөз саптауы, ең бергісі тәсілі мен шеберлігі мүлдем бөлекше. Шығыстық кеңістік, шығыстық пайым, шығыстық сарын және шуақты философиялық байламның бәр-бәрінің тоғысатын өзегі – тарихи шығыстық дәстүрлі көш­пелі тұрмыспен үндеседі. Шығыстағы қоңырқай көш­пе­лі­лерде бар күмбірлі, сыңғырлы мұң батыста атымен болмайды. Ендеше, Рахаңның ағысы қай ағыс?!


Тым кесек туындының аражігіндегі жанрлар тоғысы мұнда орасан көп. Құлан Қыпшақ Асқақ батыр... Қара­паттағы Көтен хан... Бэланың Хунгар ханы... бар-жоғы бір сөзбен берілген ғажайыптар. Тереңнен тартылған ойдың мөлдірше сораптары (to imagine) оқыр­манның ой өрісіне жайлы.

Уильям Шекспирдің (1564-1616) «Он екінші түн немесе не десең о де» атты қуатты шығармасы еске оралады. Жазу­шының әбден толысқан, құдіреттенген дер шағындағы жемісі. Шекспир бұдан кейін «Макбет» пен «Гамлеттерді» тір­кеген.
Қара үйдің шаңырағынан салбырап түсіп келе жатқан кере құлаш жыланға жымия қараған Есугей бейнесі жай ғана бекер берілім емес-ті. «Бесқасқа беріштің хикаясы», «Таң­да да жұбан» Рақымжан ағаның ой мәйегі десе де болатындай. Тіптен туын­дының жазылу тәсілі де өзгеше. «Шың­ғыс ханның көз жасында» ұлы қаһан­-ның образы бар секілді, жоқ секілді! Дәстүрлі үлгі де жоқ. Ең кереметі – Есугей, Шыңғыс (Темірші) арқылы екі типтік кейіпкерді өзара салғастыру тә­сілімен кесінді, кесінді оқиғаларды са­бақ­тау арқылы толық бір кіді кескін­де­мені сомдай салған. Кезінде Владимир Набоковтың (1899-1977) «Лолита» ро­манындағыдай Рақымжан Отарбаев­тың «Бас» романы да біршама даудың басын қайыратындай. «Бас» романы басқа әңгіменің өзегі. Қолжазба күйінде автордың қоржынында жатыр. Әйгілі М.Булгаков (1891-1940) «Қолжазбалар өртенбейді» деген. Қайта ораламыз оған да.
Шығарма өрісіндегі тұнған көр­кем­дік, сөз бен ойдың шырқауы өз алдына бір әңгіменің арқауы болатыны сөзсіз. Сәл ғана болмашы суреттерді зорайту арқылы әлемдік деңгейдегі оқиғаға дейін індете түсетін тұстар қызықты. Мұнда ұлы В.Моцарттың үні де бар...
Қарапайым, онша байқала бермей­-тін оқиға тетіктерінен өрбитін таң­ғажайып оқыс шешімдеріне де қызыға түсесің.
Бұрхан-Халдун тауындағы сіле­кейі­мен құрып жүрген өрмекшінің торы. Сол өрмекке ілінген қара шыбынның ызыңы, бұлқынысы. Ұлы қаһан бұл жерге өзінің көріпкелін шақырады. Өрмекшінің торына қарап тұрып сә­уегейдің айтқан кілтсөзі де бір өрім. Шың­ғыс ханның Таңғұтқа шабар сәтіндегі ішкі бұлқынысы, ежелгі ата жауына деген кегі көрінеді. Ұлы қаһан қандай да бір шешімдер жасар алдында Бұрхан-Халдунға келіп шығар күнге маңдайын төсеп, хан тымағын қайыра тартып, алтын белбеуін мойынына салып, тоғыз мәрте тізе бүгіп шыңның тылсым күшіне сиынатыны жайлы жазылады көп еңбектерде. Сонау Үш меркіттен қашып, жан сауғалаған тұ­сында да осы Бұрхан-Халдунға келіп тәу етіп жалбарынғаны туралы «Құпия шежіреде» анық деректер бар.
– Хуагчин (Құбаша) анамның ша­пағына елту үшін Мен,

Ақкісінің ініне ендік зәрлік күшіммен,
Алабұғының ізіне түстім,
Бұтаға ықтап бүктім мен,
Қылша жаныма зия тіледім,
Бұрхан-Халдунға шықтым мен.
Қара Қандығайдың кезіп сілемін,
Қабықпен жапқан жаппаға
жатып түнедім.
Бұрхан-Халдуныма,
Титтей жанымды тықтым мен,
Қалды шыңдарым сондағы,
Қарлығаш сынды жанымды қорғады.
Ұлы қаһан бұл жолы да екі түстікке бө­лінген ежелгі Жин-Чизнь мен ежелгі Сары дарияның теріскейіндегі Сүн-Шия-Зин мемлекетіне қарай азу тісін қайрап тұрды. Автор тарихи оқиға­лардың өң беті мен байырғы бояуын, ішкі сыр-сипатын хаһи леппен дүбірлете көрсетуді көздейді. Бірақ тарихи «ағза­ның» бірде-бір жеріне қиянат жаса­майды.
Шығарма жазылу қарсаңында (ба­рысында) аса нәзік байқампаздық, се­зімталдық, тіптен кейбір жағдаяттарды қайтадан еске салу қатарлы тәсілдер керек етіледі. Солардың бірсыпыра­сы Шыңғыс ханның түстіктегі Жин еліне деген өшпенділігі қайталанады. «Ертеде өткен моңғол хандары Хабул мен Хатылдың түбіне жеткен солар...» дейді «Моңғолдың Құпия шежіре­сін­-де». Хабул болса Бөденжардың (Бо­дончар) 8-ұрпағы. Кезінде Шүршіттер Қытайдың терістік бөлігіне иелік ет­кен­нен кейін оны «Алтын елі» (1135 ж.) деп атағаны бар. Аңызда белгіленген 1135-1147 жылдардағы Моңғол, Қытай аралық түрлі қайшылықтар қақында Ирандағы Ел хан Қазан (1271-1304) Өлзийттердің тұсында орда бітікшісі Рашид-ад-Дин­-нің жазбаларында Онон дариясының Қорқанақ Жыбыр деген жерінде Хабул ханның ұлы Хутлуг (Құтұлық) Моңғол­дың хан тағына отырды деген дерек­тері есте. Бұл жерде автор ұлы қаһан­-ның сәуесі арқылы торға жабысқан қара шыбынның ызыңын «сөйлетеді». Әуелгі сәуе мен қиял арасындағы күшті романтикалық қозғалыстар оқыр­ман­ның ойымен астаса түседі. Оны туынды­ның бағы дер едік.
«Мен – ұлы қаһан, жер бетінде тұ­-тас мемлекет құрсам дедім...». «Дүниені болашақта қара күш емес, асылы ақыл билер...». Рашид-ад-Дин 1168-1194 жыл­дары Шыңғыс ханның жағдайының күрт төмендеуінен хабар береді. Хатула ханның айбарлы тағына (1189) отырған­нан кейін оның аруағы арта түскендігі жөнінде автор көркем өңмен бедер­лейді. Мазмұнның түрмен астасқан сәт­теріндегі көркемдік зерделері ас­тында күллі Шыңғыстың күмбірлі ғұмыры тіл қатып жатады. Мұны түрге айналған, түрлене түскен мазмұн деуге бола­тын­дай.
Есугей баһадүрдің байламындағы «суға салып шыдамдылығын, отқа са­-лып беріктігін сынады. Майыстырды – сынбады, қайыстырды үзілмеді...». Иә, ұлы қаһанның жүрек тұсындағы анты – Есугейдің рухымен осылай тілдесе жүреді. Автордың ойы, Есугейдің сөзімен жанданады. Тарихи еңбектің ерекшелігі – оның көркемдігі мен хаһилігіне мән беру болса керек. Кейіп­кердің тарихи бейнесін, даналық жа­дысын айпарадай ашып көрсету үшін қаншама еңбек, көрегендік қажет де­ңіз?! «Шыңғыс ханның көз жасында» ұлы қаһанның бүкіл тұлғасын сөзбен кестелеу, бейнелеу, сомдау, парықтау жайында Рақымжан аға аса өжеттік та­нытқандығы байқалады. Әсіресе «Моң­ғолдың Құпия шежіресін» зерт­теу­шілердің ізіне көз салмайынша тарихи туындыға сыбанып кірісу мүмкін де емес-ті. ХІІІ ғасырдағы алмағайып оқи­ғаларды Пэн Дая Сюй Тин («Қара Татарлар шежіресі» /Хэйда Шлюз/, Ван Говэй (1877-1927), В.Барьтольд, Б.Вла­димирцов, С.Козин, Л.Гу­ми­льев, П.Рач­невский (Paul Ratchevsky), Сайшаал, Хэрээд Жамсрангийн Баясах («Іргелі Моңғол тарихына қатысты шежіре» УБ; 2006. 410 б.), К.Д’Оссон, А.Амар қатарлы тарихшылар әр қы­рынан көрсетті. Бұ­лардың барлығы нақты деректік нақ­тылық іздегендер.
Рақымжан Отарбаевта ондай ерек­шелік жоқ, болмас та еді. «Шыңғыс хан қай жылы жылады?» деп сауал қоюдың өзі мүмкін бе?! Таныммен өрілген түрлі кейіптердің тоғысы, кейіпкерлердің оқыс көріністері, мәтіндегі әлем һәм әлеми көзқарас, түйсік, мұң мен ілкінді қуанышты сәттер, ізденістер, әсіре ұқыптылық заңды түрендері көрінеді. Соңғы замандық әдебиетке кіріккен философиялық «шалықанализ» секілді ерікті ұстанымдар өз кезегімен кәде­ленген. Нақтылыққа икемдей алатын өнердегі нақты бейненің сәтті кейпі осы «Шыңғыс ханның көз жасында» өрім­делген.
«Асықпа, ұлым. Соңыңды сайлап кел» дейді ұлы қаһанның әкесі Есугей баһадүр. Уақыт, жоқ уақыттың ұраны сынды!? Ұлы қаһан оттай ыстық 18 жасында Сары доңызда (1179) туған Жошыға – Алтай, Сарыарқа, алқапты Қыпшақты (Кэ би Шао), князьды орыс­ты, қыңырдағы Еуропаға дейінгі жерді, Қара қоянда (1182) туған Шағатайға – таяу жанындағы Түркімен, алыстағы Ауған мен Үндістанды, Парсы, Қапқа­зы­мен қоса, Қызыл ит жылы (1186) туған, өзінің 25 шамасындағы шақалағы Өгө­дейге – Шығыс Түркістанды жоңғар­ларымен, Қаһанның қарақан басы шырмауыққа оралған Қара ала сиыр жылы (1193) туған Толыға – Таңғұт пен Найманды Жинь мемлекетін егелендірді. Жалайырдың Мұқылайы (1169-1223) Чинзунға қонжиды. Он сегіз бен отыз екі жас арасында туған төрт ұлы мен Жебе, Сүбедей секілді төрт ноқайының күшімен Қапқаз асып Түркі мен Ар­мянды түгел, Теректегі Гүржілерді, Алан­дар мен Шеркестерді алды. Соңы­нан Солтүстік мұзды мен Тынық мұ­хитты көздеді. «Мен – ұлы қаһан, жер бетіне тұтас мемлекет құрсам дедім...».
«Шыңғыс ханның көз жасын» оқып біршама сілейе ойлануға тура келді. Қошалақтан ескен қоңыр самалдан қо­быздың үні аңқиды. Автордың айт­қанындай, Онон өзені толқын тулатып, жағаны қарш-қарш кеміріп ағады. Бір замандар Жайықты жағалай қонған жалпақ жұрттың көлемінде көзі оттай жайнаған, көкірегі сөнуден ада ұлы қаһанның ұрқы, ұрпақтары өмір сүріп жатыр дейміз де! Уақыт сонысымен қызықты.
Мұндағы бізді қызықтырғаны Тұт ағашынан жібек өндірген Қытай тех­нологиясы емес еді. Әуелі Парсы мен Русьтардан, артынша Қырым мен Қап­қаздықтардан келген алтын саусақты темір илейтін зершілердің өзексіз сөз­ден бөз өрнектейтіндерін жинап, қи­малап жасатқан азат әмірінің табыты еді.
«...Бұрхан-Халдунның таңдап жүріп, тар қолтығын үңгіткен... Бір кісінің қырындап қана сиятын үңгір аузына күзет қойылған...». Ай кемеріне келген кезде үңгірдегілер үдеден шықты. Ойын­дағысын орындады. Ұзыны үш құлаш, ені қос құлаш алтын табыт алдында тұрды... Ішіне ұзақ үңілді.
«Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңай­тады екен?» Автордың соңғы ләмі де тым оқшау тұр. Адамзат үшін!
...Ат үстінде тақымын қыздырып, дүниенің төрт тарабын шолған ұлы қа­һанның соңғы сөзі: «Алтын табытым­ды қозғасаңдар ақырзаман орнайды.» Классик жазушы қазіргі төніп тұрған қауіп-қатерді Шыңғыс ханның бір ауыз лебізімен қорытады.
Анасы мейір төге қарап: «Көк Тә­ңі­рі­нен көз жазба, ұлым!» – дейді. Дэгэр-э Тэнгри-эчэ Жайгату! Біз, Моң­ғолияда тұратын зиялы жұрт Мемле­кеттік сый­лыққа әбден лайықты туынды осы деп білеміз.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын.
Моңғолия


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар