Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«ЖУСАН ИІСІ» – ЖЫЛ КІТАБЫ...

11.03.2014 8968

«ЖУСАН ИІСІ» – ЖЫЛ КІТАБЫ

 «ЖУСАН ИІСІ» – ЖЫЛ КІТАБЫ - adebiportal.kz

Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс. «Бір кітап, бір Чикаго» бағдарламасы Чикаго жұртшылығына белсенді ықпал ету арқылы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып – отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады. Бұл – қаланың кенеттен кітапсүйерлер клубына тән өзгерістермен құбылатын күні. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған. Бұл жоба біздің елге де келді.

130551_1392901462________________________________.jpg 

ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылған  республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы бүгінде ел арасында аса танымал жобалардың біріне айналды. Оқырман қауым жалпыға бірдей оқуға ұсынылған туындыларды бір жыл бойы оқып, автордың өмірбаянымен және шығармашылық жолымен танысады. Бұған дейін акция барысында Абайдың «Қара сөздері», М.Әуезовтың «Қилы заман», Мағжан  Жұмабевтың «Жан сөзі», Жүсіпбек  Аймауытовтың  «Ақбілек», Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным», Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр кітабы насихатталған болатын. Биыл акцияның ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша жалпыхалықтық оқуға белгілі қазақ жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбеков «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты повестері таңдалып алынды.    

IMG_1733.JPG

Осыған орай бүгін, яғни 11 наурыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық жылдың үздік кітабын жариялау акциясына арналған баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Әлібек Асқар, акцияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, академик Ғарифолла Есім, акцияның ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, жазушы  Әкім Тарази  және  жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Адам Мекебаев сынды әдебиет майталмандары қатысты. 

   IMG_1837.JPG 

Акция барысында Сайын Мұратбековтің өмірі, шығармашылығы жөнінде түрлі естеліктер айтылды. Сондай-ақ, Астана қаласының кітапханашылары, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің, Өнер академиясының  студенттері қойған түрлі сауалдарға  қонақтар тарапынан тұщымды жауаптар болды. Акция барысында «Сайын даланың сұңғыла суреткері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Конференция қорытындысында алдағы уақытта бір жыл бойы еліміздің барлық аймақтарында жазушы шығармашылығын насихаттау жұмыстары айтылды.  Жыл бойына Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында, Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында, облыстық, аудандық және ауылдық кітапханаларда, әртүрлі мекемелердің кітапханаларында Сайын Мұратбековтың шығармашылығына арналған іс-шаралар өтетін болады.                               


   Салтанат Жүсіп


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар