Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қадырдың қадірін білдік пе екен?

04.08.2016 487

Қадырдың қадірін білдік пе екен?




Қадырдың бақилық болғанына, күндер­дің тізбесі таусылып, айлардың есебі ашылғанына да біраз уақыт өтті.

Оны өлдіге қимаған асау көңіліміз жуасып, «әділетсіз», «сұм» ажалға да көн­діккендейміз. Оның қарасында төбе көрсет­пеген үкімет адамдарын да кешіріп, «әй, қойшы соларды!» дей бастадық. Өмір өзінің қалпында: жылағанды жұбатып, жұбан­ғанды жылатып, ескіні өшіріп, жаңаны жұ­қартып өтіп жатыр.

Қадағаңның томдарын қайта ақтара­мын. Өмірден озарынан дәл жүз күн бұрын өзін құндағына салып әлдилеген Ақ Жайы­ғына келіп кеткен сапарындағыдай жымиып, қарсы кездескен қай танысының да қол­тығынан алып, ауру аяғын сылти басып, ал­дымнан Қадағаң шығады. Кезінде көңіл аудармадық па, әлде тірі Қадағаңның бей­не­сі өзінің өлеңдерінің парқына жетуге жолымды кес-кестеді ме, әйтеуір енді оның әрбір сөзі басқаша оқылады. Бізге айтып кеткен өсиеті, аманаты сияқты.

Саулық берсін жасыңа,
Кәріңе де.
Жазылмайтын дертім бар дәріңе де.
Сыртым бүтін болғанмен,
Ішім түтін,
Төзіп келем әйтеуір бәріне де.


...Өнегем сол айтыстардан азатпын
Өзі рахат
Өлең деген азаптың!
Мисыздарды жеңу маған сөз емес,
Мен өзімді өзім жеңген қазақпын!

Біздің білгеніміз қандай Қадыр еді? Енді біздің жүрегіміз бен жадымызда қандай Қадыр қалмақ?

Қайсыбір адамды ақшасы, енді бір кі­сіні саясат, ал кейбір азаматты... өлімі тұлға жасайды. Осылардың ішіндегі өмірлісі де, тұрақтысы да соңғы тұлғалар болмақ. Қадағаң көзінің тірісінде-ақ өзінің тұрар тұғырын, халық жадындағы тұрақты тұрағын белгілеп кетті. Ақынның өлімі саналарға бір жаңа саңылау ашып, енді ту сыртымыздан ақынның қал­ғы­май­тын аруағы жымиып қарап тұрғандай секемді сезім тастап кетті.

Қадыр көзі тірісінде көсіліп жазған болар, бірақ көсілтіп өмір сүрді деп айта алмаймын. Мен оның жұрт сараңдығына саятын аса ұқыптылығы мен үнемшілдігін айтып отырғаным жоқ. Ол қасиеті Қадағаңа кедергі болды деуге болмас, керісінше, ақынды елден ерекшелеп көрсететін мінезі өзіне жарасып та тұрушы еді.

Адамды қайран қалдыратын қасиеті – оның мына жалғанда жағым­паз­­дық пен жарамсақтықтың ауылына ат шалдырмай, мына тұтам өмірді тура жүріп өткен­дігі.

Жағымпаздық пен жарамсақты менің де ішім жаратпайды-ақ! Бірақ қайтейін, қажетті жерінде көпшік тастамасаң, күл-паршаң шығады! Қайығың кейін жүзеді! Тасына өзің сүрінесің, шаңын ұрпағың жұтады. Шенді мен қоңдының алдында құрақ ұшып тұру «көргенділік» деп танылып, ұлттық қасиетімізге айналып келеді.

Бірақ осы бір шынашақтай шал шуда шашын шұбатып, бура басын ие алмады. «Маған мадақ жаз» деушілер бар, кейде тіпті жанашырларым айтады» деуші еді өзі. Әрине, олар мадаққа кенде емес еді. Тіпті сол Қадағаңның да оларға мадақ сөзі емес, астаудай мақаланың астында тұратын Қадағаңның аты керек еді ғой. Бір-екі оданы жазып тастағанда Қадағаңның да бір-екі атағы артықтау болар еді, жаназасында да жағалы киімділер көбірек келер еді. Қадыр оны білмеді емес, білді. Бірақ осы «жанрға» әйтеуір қолы жүрмей қойды. Қадыр деген атына кіреуке түсіргісі кел­меді. Солай өтті, жарықтық.

Несін айтасыз, тірісінде Қадырды қола­пай­сыз қолпаштаған кезіміз де, жағасына жармасып, жазықсыз жазғырған күніміз де болды. Әйтеуір шамамыз жеткенше өзіміз­дің қатарымызға, пенделік сапқа сүйредік. Біз өзі сондай халықпыз. Кеңестің кезінен солаймыз. Өзімізден жоғары тұрғанды жаратпаймыз. Қатарымызға қойғымыз келеді. Егер шамамыз жетпей жатса, биіктегіге басқа бір биіктегіні айдап саламыз. Қадыр­дың да жамбасы жерге тигенше өшпенділік пен пенделіктің отына өртенбеген өңірі, жұлынбаған жағасы қалған жоқ. Ақынды­ғына айтар уәжіміз болмаса да, оның эссе­лері мен естеліктеріне «елгезектік» танытқан тұстарымыз аз болған жоқ.

Жалпы, Қадағаңды қазақ әдебиетіндегі эссе және афоризм жанрына сауатты қалам тартқан алғашқы адам деу орынды болар еді. Қадағаңның тағы бір ерекшелігі, есте­лік жазған кейіпкерін аруақ ретінде емес, адам ретінде еске алуы еді. Сондықтан да болар, қиялымызда жүрген кейбір пірлері­міздің бір-екі қылығынан олардың да өзіміздей адам екенін біліп қалдық. Қада­ғаң кезінде көзі көріп, қатар жүрсе да Мұхтар, Сәбит, Әбділда сияқты талай естелік айтылып, образы қалыптасып үлгерген ұлылар туралы айтып, қосарланып шаппады. Есесіне Қадағаңның арқасында осы уақытқа дейін көп жазылмаған, жазылмауы да мүмкін тұлғалар: Жұмекен, Мұқағали, Бердібек, Жұбан, Хамиттер туралы шынайы естеліктер оқыдық. Қадырдың өңіріне жармасу да осы тұста басталды. Ел еркеле­рінің бір-жар пенделік істерін көрсету – көргенсіздік деуге дейін бардық. Кейбі­реуіне Қадағаң баспасөз бетінде жауап беру­ге мәжбүр болды. Одан бері де жиырма жылдың жүзі болды. Қадағаңның замандас­тарының бір-жар қылығын білгеннен олардың халық жадындағы орны төмендеп, кейін бұрылып кеткен қазақ көргенім жоқ. Ал Қадағаң біздің санамызды құрсап жа­тыр­ған мыңжылдық стереотипті бір кіш­кене кітабымен бұзды десем, қателес­пес­пін. Ал біздің санамызды жаңалау үшін қанша жылғы өмірін қыс­қарт­қанын ақынның өзі ғана біледі.

Қадағаңның афоризмдері өмірдің ас талғамайтын өндіршегінен аман өтіп, ақынның қашауы мен қайшысынан қағылып, қиылып, қылдырықтай болып бізге жеткен жетім ойлары десек те болады.

«Ақшада ағайын болмайды».
«Жақсы бала жаялығынан».
«Тойдың соры дәукес».
«У ішкен адам ернін жаламайды».

Жалпы, Қадыр творчествосында ақезу-көкезу сөз ұйқас үшін үптей салған үйлесім, басы артық үтірді де кездестірмейсіз ғой. Тура Қадағаңның өз бітімі сияқты. «Құдай- тағала менің мұрнымнан басқа жеріме мыр­за­лық жасамаған» деп әзілдеп отырушы еді, жарықтық!

Қадағаңның өлеңін оқымаған қазақ кездесіп қалуы мүмкін. Бірақ Қадағаңның әзіл-қалжыңын естімеген жан болмас. Бұл кісінің аузын ашып, көмейінен шыққан сөзі, әдетте, әзіл болып шығатын. Қуанышын да, кейісін де қалжыңмен жеткізетін еді. Қанша жерде, қаншама құлақта Қадағаңның қанша мың қалжыңы жүр екен? Соларды жинар ма еді, шіркін!

Сонау тоқсаныншы жылдары Жоғарғы Кеңестің мәдениет комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев 40-50-дей қазақ зиялысын қасиетті Маңғыстау жеріне бастап келді. Ш.Мұртаза, Ә.Нұрпейісов, З.Қабдолов, Қ.Мыр­­за-Әлі, т.б. жазушылар, Е.Рахмадиев бастаған 3-4 министр, 5-6 депутат. Осы топ­ты 2-3 күн бойы Маңғыстаудың айтулы-айту­лы деген жерлеріне апарып, армансыз аралаттық. Қонақтардың қонар, түстенеріне таза жер таңдалып, киіз үйлер тігілді, қа­зан-ошақ құрылып, желіге әбзелденген ат-түйе байланды, ас баптаушы қыз-келін­шек­­тер ұлттық киім киіп, шолпы-шекелік тағып, айналаны күмістің күмбіріне бөледі. Киіз үйлерден төгілетін ән-жыр өз алдына.

Осындай бір отырыста сөз алған адамдар Әбіш Кекілбаевты мақтай-мақтай келе: «...Сіз қазақ әдебиетінің тұтас бір кезеңі­сіз», «Қазақ әдебиетінің жарты жүгін сіз көтеріп келесіз...» деген сөздер айтылды. Сонда әр сөйлеушіге бір реплика беріп, күлкіден езу жидырмай отырған Қадағаң былай деді: «Бізден бұрынғы ағалар қазақ әдебиетін қақ бөліп, жартысын Мұхтарға беріп еді. Қалған жартысынан үлесімізді алып қалайық деп бірдеңе түртпектейтін едік. Оны да Әбіш алып кетсе, бізге қой бағудан басқа не қалды сонда?!». Дастар­ханның соңына таман сөз тиген бір жас министрдің: «Қадаға, кітабыңызды шыға­рып берейін, маған тиіспей-ақ қойыңызшы», – деп жалынғаны есімде қалыпты.

Қадырдай белін жазбастан еңбек еткен қаламгер кемде-кем. Бірақ ақын-жазу­шы­лар­дың көбі өзінің көзі тайған күні кітап­тарының тағдыры не боларын білмей кетеді. Кітаптары өзімен бірге өлетін ақын да, жазу­шы да жеткілікті. Бұл – қолына қалам ұстаған қай жазушының да басты қорқы­нышы. «Өлеңін өрт-жалындай» етіп жазған Қасымның өзі: «Өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп, «Күніне жүз ойланып, мың толғанып» өтті емес пе?!

Көңілі алаң болмаған бір ақын болса, ол Қадыр болар деп ойлаймын. Себебі, Қа­дыр­дың сөзі заман талғамайтын, басшы талғамайтын, адам болмысын басты нысана еткен, тозбайтын сөздер. Жер бетінде қазақша сөйлейтін екі адам қалса, соның біреуі әйтеуір Қадырды оқитынына күмәнім жоқ. Осы уақытқа дейін Қадырдың сөзіне Қадырдың өзі кезек бермей келді, қажет десеңіз кедергі болды. Енді көңілімізге сағыныш болып қалатын оның тұлғасын да, келбетін де, келелі ойы мен кесімді сөзін де оның өлеңдерінен, естеліктері мен афоризмдерінен іздейтін болдық. Сөйтіп, ақынның сөзінің кезегі енді келді. Нағыз Қадырдың қадірін тану енді басталмақ.

Шуда шашын шұбатып өткен осы кісінің жүзінен үнемі жеңіл ғана мысқыл кетпеуші еді. Маған, тіпті кейде осы бір кішкене адам өмірге мына жалғанды жазғыру, мысқылдау үшін келгендей болып көрінетін. Сондықтан болар, оның өлеңдері ащы, жан айқайына, қатаң шындыққа құрылады. 

Айуан емес,
Артыңнан адам түссе,
Айуанның өзіне зар боларсың...

Осы бір адамның артында соншалықты алып дүние қалдырғанын қазір өлшеу мү­м­кін емес. Оны қазір безбендеудің қажеті де болмас. Уақыт өтер. Қадырдың көзі тірі­сін­дегі онымен әрлім-берлім арақатынаста бол­ған көзқарастар, үстірт пікірлер басыл­ған кезде ғана Қадырдың ақ-адал еңбегі әділ бағаланады деп ойлаймын.

Кезінде ұлы Абайдың да көзі тірісінде ши жүгіртіп, түртпектеген қазақ жүз жыл өткен соң ғана оның кемеңгерлігін мойындаған. Қазақ үшін қан түкіріп, қайғы жұтып кеткен Қадырдың да қадірін қашан білер екенбіз?! Ал ол «қазақты шетелдік қонақтарға таныстырған» Қадыр еді-ау! Қанша қақсаса да, қанша том өлең жазса да қазақты өзіне таныстыра алмай кетті.
Жалғыз баланың анасының басына қойған құлпытасындағы:

Қайыр көрмей байдан да,
Қайыр көрмей қайдан да.
Қайыр көрмей баладан,
Дүниеден өтті бір Адам, – 
деген жазу, жаны тыныш, уайымы жоқ адамның сөзі ме? Өмірдің солақай қолымен берген сыйынан сыздауықтай сарнаған санаң мен зәрезап болған миыңа қанша арба қорлық пен қиындық арқалап кеттің екен?! Сүйтіп жүріп артыңда қалған біздің қиындығымызды азайтпақ болдың-ау?!

Жаратқан Ием алдыңнан жарылқасын!


Құжырғали ТӨЛЕУІШЕВ,
Батыс Қазақстан облыстық 
қазақ драма театрының директоры.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар