Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұялы телефонмен жазылған екінші кітап...

14.04.2014 5290

Ұялы телефонмен жазылған екінші кітап

Ұялы телефонмен жазылған екінші кітап - adebiportal.kz

Нурмухамед-фото.jpg «…Мұңайсам Мұқағали мұңын шалдым,

Өмірде Зейнолланың зілін алдым.

Алланың бұйыртқаны осы шығар,

Алмас қылыш өтпейтін тілін алдым…» деп жырлаған ақын бүгінде Сыр топырағында тұрады. Ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымов. Жастайынан сал ауруына шалдыққан бала қатарынан кем болмауды ойлады. Жата-жастанып кітап кемірді. Білім жиды. Ол ел қатарлы сөмке асынып сабаққа барған жоқ. Ол ақ параққа өз ойларын қолдарының көмегімен көсіліп еркін жаза да алған жоқ. Жұрт қатарлы жүріп-тұра алмаса да, бала болып жарытып ойнамаса да, Алла Нұрмұхаммедке ерекше дарын беріпті. Жаратушы Құдай бір жағын кем берсе, бір жағын артығымен береді. Нұрмұхаммед те зеректігімен ерте көзге ілінеді. Оның өзгелерден ерекшелігі – ол өлеңдерін аузына таяқша тістеп ұялы телефонға ғана хабарлама түрінде жазады. Телефонмен, таяқ көмегімен көкірегін жарған алғашқы туындылар туа бастайды. Ол бірнеше жыр мүшәйраларының да жеңімпазы.  Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілген поэзия номинациясы бойынша республикалық «Самғау» сыйлығының иегері. «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты республикалық байқаудың «Алтын қауырсын» номинациясының жеңімпазы. XV Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша дипломанты. Сол фестивалде Фариза апамыз ақынға ақ батасын беріп, ақжарма тілектерін айтқан еді. Нұрмұхаммедтің қайсарлығына, ақындығына тәнті болған Маралтай ақын барша көрермен алдында ақынның жыр жинағын шығарып беруге уәде берген болатын. Міне, бүгін сол уәде орындалған күн! 

«Әдебиет порталы» бүгін баршаңыздан сүйінші сұрайды! Ақын Нұрмұхаммедтің «Қазығұрт» баспасынан 500 дана, «Алматыкітап» баспасының тапсырысымен Түркия Республикасынан 2000 дана таралыммен «Тасжарған» атты екінші жыр жинағы жарық көрді. Жағымды жаңалыққа алып-ұшқан ақын жүрегі қуанышымен бөлісті.


 Обложка Тас   (2).jpgҚуанышыңыз құтты болсын! Бұл сіздің екінші жыр жинағыңыз. Жинаққа қандай өлеңдеріңіз енгізілді?

– Армысыздар, Алаш жұрты! Бүгінгі жаңалығымды баршаңызға жеткізіп, қуанышымды бөліскенім жөн болар. Тағдырдың тәртібіне бағынбаған, талабы таудай ұлдарыңыздың «Тасжарған» атты жыр жинағы жарыққа шықты. Осы жинағымның шығуына тікелей атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз. Атап айтатын болсам: Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мырзаға, ақын Маралтай Райымбекұлы ағама және де «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев мырзаға, «Алматыкітап» баспасының президенті Элеонора Баталова ханымға, , кітаптың шығуына барша тілектес  болған жандарға ризашылығымды білдіремін. Осындай игі істі елге танытқан «ер» кісілердің есімдерін атамай кету, атыма, затыма лайық болмас. Тұлпарын тағалайтын, дарынын бағалайтын көреген аға апаларымыз көп болса ғой шіркін. Жүрегімнен жанұяларына бақыт, жүздеріне шаттық тілеймін. 

Тасжарған 1 (1).jpgӨлеңдерімді ұялы телефонға хабарлама арқылы жазған соң, осыған дейін шығарған соңғы жырларымды ұсындым. «Әулие болсаң, бірінші өзіңді жарылқа» деген екен бір данышпан. Өлеңімнің көбі өз тағдырымның суреттері. Себебі өмірдің қызығынан гөрі шыжығын көп татып келемін. Мүмкін бақыттың бесігі жанымды тербетіп, бауырына басса, бұлқынған жүрегім басқаша жырлар ма еді... Екіншіден, арба үстінде теңселіп отырып еңселі жыр жазу – көпшіліктің шамасына көнбейтін іс. Бірақ бойымда бір алып қуаттың бары анық. Аллама ғана сенемін. Шыдамсыздарға сабақ болсын деп, Аллам мені бәлкім әдейі осылай жаратқан шығар...


P1020627.JPG26 сәуір күні шығармашылық кешіңіз өтеді екен. Сол жөнінде айтып өтсеңіз...

– Алла қаласа, 26 сәуір күні Қызылорда қаласында «Өмірден алып кетем үлесімді» атты шығармашылық кешімді өткізуді жоспарлап отырмыз. Халқымның алдына шықпағалы 3 жыл уақыт өтіпті. Мені көбісі арбаға танылған ақын ретінде таниды. Менің де халқымның алдына шығып жыр оқығым келеді. Жүректен шыққан жырларымды аяқтан тік тұра алмасам да, қолымды сермеп жыр оқымасам да өз мүмкіндігімше көрінгім келеді. Ақындық – Алладан берілген қасиет. Ал, менің осылай танылып, титтей де болса мейірімге бөленуім, өзімнің мына өмірде орным бар екенін сезінуім халқымның арқасында. Сол үшін алғысымды білдіргім келеді. Кеш барысында «Тасжарған» жинағының тұсауы кесіледі. Кешті ақын Маралтай Райымбекұлы жүргізеді Кеш қонақтары – Бақытбек Смағұл, Қалқаман Сарин сынды ақын ағаларым. Барша өлең сүйер оқырманды шақырамын. Осы кезге дейін менің қаншалықты деңгейімнің өскендігіне сол кеште халқым бағасын береді деп ойлаймын.


IMG_1366.JPG«...Жалғастыр тағдыр шалмақ күресіңді,

Бойыма сансыз соққан дүрең сіңді.

Өлгенше жалғастырам тіресімді,

Өмірден алып кетем үлесімді...» деп жырлайсыз. Өмірдің сізге берген үлесі қандай? 

– Өмірге деген менің көзқарасым жұрттыкінен гөрі басқаша. Өйткені жүргенім жоқ, қара жерді табаныммен кезгенім жоқ. Рухпен кездім, қиялмен сездім, шыдаммен төздім, азаптан оздым десем, артық болмас. Мен кейде өз-өзіммен іштей сырласамын. Менің ішімде мыңдаған Нұрмұхаммедтер бар. Бірі – жасқаншақ, бірі – әлсіз, бірі - төзімді... Енді бірі – батыл Нұрмұхаммед. Алла маған аққағаз бен қауырсын ұсынды. Бәлкім, тордағы тоты құстың күйін кешкен ғұмырымды қайраттана жырласын дегені шығар... Мен мүгедек емеспін. Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын мені жаратқаны үшін! Мені адам қатарына қосқаны үшін. Қазіргі таңда шын мүгедектер өз күнәларының жазасын өтеп түрмеде, темір құрсаудың әр жағында отырғандар. Шын мүгедектер ана тілін ардақтамай өзге тілде шүлдірлеп жүргендер. Өмірдің маған берген ең үлкен сыйы – ақындық өнер... Мен күрсінген күндерімді тек жырларыммен ғана жұбатамын... Адам әдейі ақын не жазушы болмайтыны анық. Мен жазушы да, ақын да емеспін. Қазақтың қарадомалақ, бір қағары бар қайсар ұлымын. Бірақ адам өз ойын түбегейлі жеткізгісі келсе, өзінен өзі-ақ қаламға жүгініп, ақ парақты өрнектетіп, өмірді өз өлшемінше пішеді екен. Өлеңдерім қиыннан қиыспай, түйіннен түйіспей жатса, «смс» арқылы жазылған кітап екенін ескерерсіздер. «Өнердің шығу тегі – трагедия. Трагедия бар жерде өнер де, өлең де өлмейді» дейді ғой. Аллам маған қалам ұстауды да жазбапты. Жырларымды аузыма жыңғыл таяқша тістеп, ұялы телефонның тоғыз санды пернесінен теріп жазамын. Алланың күшімен жұқпайтын жыңғылды да жаздырдым. Маған күш-қуат беріп, төрт жылдың ішінде ақын атандырған – осы Алланың берген трагедиялы тағдыры шығар.

 

P/S: Кеңес дәуіріндегі ха­лыққа мәшһүр алғашқы құрыш адам – екі көзі су қараңғы болып қалып, қол-аяғынан жан кетсе де, қамықпай, қай­мықпай күре­сіп, «Құрыш қалай шы­нықты» романын дүниеге кел­тірген Николай Остров­ский болса, екіншісі – құрыш қазақ Зейнолла Шүкіров еді. Ал, бүгінгінің құрыш қазағы – Нұрмұхаммед ақын... Тағдырымен тайталасып келе жатқан ақынның алар асулары әлі де алда екеніне сенімдіміз.

«Жығылсам жастық болатын,

Жыр менің мәңгі жолдасым.

Тоқтаусыз жүрек толғасын,

Өзімді Алла, қолда шын», - деп жырлаған ақын жүрегіне Алладан амандық тілейміз.


Ақынның «Тасжарған» атты жыр жинағын «Әдебиет порталынан» оқи аласыздар.

 

       Дайындаған: Салтанат Жүсіп


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар