Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Есбол Нұрахметтің жаңа өлеңдері

22.07.2016 453

Есбол Нұрахметтің жаңа өлеңдері

 

     Соңғы көш

 

есбол нурахмет.jpg

Жаңаның жолымен,

Көненің ізімен,

Үйленіп ертегі қызымен,

Өлі тарихтың ақсөңке сүйегін,

Артып ап атанға,

Сықырлап үстінде уықтар түйенің,

Сықырлап астында жер бесік,

Барады ел көшіп.


 

Меңіреу болса да мезгілі,

Өлсе де өткенгі,

Төл тағы төлдеді көктемгі.

Сай-сала жаңғырып көшпенді үнімен,

Артынып-тартынып түнімен,

Жанарын тырмалап тау өлі,

Түн көшпей, ел көшті әуелі.


 

Мың жылғы болмыстың иісі бұрқырап,

Боздады боталар,

Жылқылар шұрқырап.

Кешегі бөрілер тіріліп,

Бүгінгі төбеттер қыңсылап,

Домбыра тілімен өткенін ойнатқан,

Көш өтіп барады сай жақтан.


 

Орнығып алғандай ай әбден,

Күн әзер жылжытты сабалап таяқпен.

Топырақ астынан толқындап төркіні,

Бұрқылдақ жолдардың буыны тершіді.

Тарихын түйенің табаны кестелеп,

Мезгілді мең-зең қып,

Көш келед...


 

Бесікте тербетіп тегінің тамтығын,

Жас ана

жетелеп салтының сарқынын.

Ең соңғы азамат

ең соңғы тұлпарын тебініп,

Төгілтіп барады,

Бүгіннің шаңына көміліп.

Арғымақ жылқылар соңғы рет арқырап,

Көкжиек жүзінде

Болмыстың бояуы қалтырап...

Соңғы көш өтті...


  

 

Шағылған терезе

 

Тұрағыма тығып алып тұмсығын,

Тағы міне жылтылдатты түн шылым.

Жалаңдаған найза кірпіктерімен,

Тереземді шағып кетті бір сұлу.


 

Алан-ашық қосыма кеп ел түнер,

Жайымда жоқ терезе іздеп тентірер.

Бірақ қалқа таппай болмас, әлгі қыз

Бұрымымен буындырып өлтірер.


 

Сора-сора қалмайтұғын тепектеп,

Күйкі тірлік тартпай қайтсын етектен.

Мынау тартып, ал әлгі қыз көзінің

Қиығымен әкетеді-ау жетектеп.


 

Өлік көзін бажырайтып қараңғы,

Айдың ұзын тырнағына таланды.

Тереземнің алдына кеп әлгі қыз,

Менің мылқау көздеріммен таранды.


 

Тереземді өз ойымша бекемдеп,

Жұлдыздарды жинап қойдым лекерлеп.

Бекерлік-ай үміттеніп қоямын,

Өзі келіп жамап берер ме екен деп.


 

Шоқпар тұмсық қара түнді сүргілеп,

Ақ тамақ күн шашын жайып күлді кеп.

Жұлдыз жамау терезем де күл-парша,

Енді немен қалқалаймын кім білед?!..


 

 

           ***



                      Базарға мал айдадым пұл ма екен деп,

                      Қойыпты қыздың атын Ұлмекен деп.

                      Бойыма ішкен асым бір батпайды,

                      Көңілі сол бір қыздың кімде екен деп.

                            _ Халық әнінен

 


Қоңыр кеш, күз кеші, сида теректер,

Қыздардың күлкісі құлақта гүлдеген.

Көшені кезіп майда жел өпкен,

Көзімде – күлкі, жүректе – дүрбелең...


 

Маңдайын Ай сүйген қазақы қыздар-ай,

Еріні үлбіреп, қуанып күледі.

Махаббат әуенін шертеді Күз қалай?

Шашылған жапырақ ілесіп жүр әні...


 

Есімде, сол түні Ай қадап иыққа,

Самарқау жымиып тұр Аспан.

Мендегі ғашықтық өзіңді ұйытқан,

Сондағы бір шумақ өлеңнен гүл ашқан.


 

Сондағы дүрбелең – кеудемде сең ізі,

Ұнатқандығымды тағады айып қып.

Арамыз көз жетпес ұяңдық теңізі,

Ал мені алып кет «сырғаңды қайық қып».



 

***


 

Сен кеткелі, Шырақ-ай, сен кеткелі,

Сары уайым санамды шеңбектеді.

Сірә сендей болмайды дүниеде,

Барша қызды жисам да жер-көктегі.


 

Төрт қабырға – төл түрмем санамды үгіп,

Көп мұңайып отырам, сараң күліп.

Өз-өзімнен абайсыз жымиямын,

Бал мінезің елестеп, балаң қылық.


 

Ойға оранып, көзімді мұңға малам,

Сенсіз дауа жоқ мүлде мұнда маған.

Көше жаққа қараймын көрінер деп

Қос жанарың есімді шырғалаған.


 

Амал қанша, бұл үміт – сөнген, өлген,

Сені көрмей бұлайша сенделер ме ем?!

Сені ойлаймын себепсіз,

Мынау ойсыз

Безіп кеткім келеді пенделерден.


 

Сол жалғыздық саясыз басымдағы,

Күзде түскен тұмандай ашылмады.

Сені ойлаудан бір сәт те босатпайды,

Ақ сағыныш – мендегі асыл қамыт.


 

Ай да қалқып барады төбемдегі,

Сол жақындау секілді сенен гөрі.

Есіл бойлап еліктей арулар жур,

Өзіңді ойлап мен жүрмін (көрем бе оны).


 

Түн де жетті түндігін жаба құлай,

Сен жайында сағыныш санада ұдай.

Жалғыздықтан қажыды жаным мына,

Қай жақта жүр екенсің, қарағым-ай?!



 

***


 

Кеш болса, біздің тауда,

Бір ұдай күйге енетін.

Адамдардың көздерін көлегейлеп,

Кәрі тау Іңір – қызға үйленетін.

Сайқал Іңір бір мезгіл аймалайтын,

Құпиясын олардың елемей кеп,

Ай қарайтын.

Қашып жоғалады Іңір,

Жұлдыздар арасы күбір-сыбыр...


 

Сол сәтте мал қоралап қайтар әкем,

Даланың иісі аңқып байтақ, әсем.

Одан әрі Қыстаудың атырабын,

Тыныштық кесесіне матырады.

Бір кезде дөң басында ұзақ үріп,

Бөрібасар жұлдыз санап отырады...


 

...Аяз түйреген терезелер ішінде,

Сол сәтте сары бел Ай түсірген

Сағымға

Санамды байлап,

Түннің көкірегіне кірпігімді қадап,

Ақ сәулелі аппағымды ойлап,

Отырам үнсіз ертеңіме қарап.

Кіл нәзік бір әуен жетеді,

Қияли жолдармен қалықтап

Біреу әндетеді,

Сағым билеген санамда шарықтап.


 

Айығып бір сәтке ойымның тұманы,

Сол әуен қалықтап тұрады.

Бұл – сенің әуенің!

Жетелеп әкетті, соңынан ердім.

Кетем қалғып,кетеміз – ғұмыр анық,

Қиял – төсек астында ыңыранып.

Көшеді әуен, кеудемде шұбырады,

Кетеміз біз, мысық түн қалар солай 

екі қолын қолын мұрнына тығып алып.


 

***


 

Лайсаң, жаңбырлы сол бір күн,

Гүлдер қалтырап,

Мен сені өкпелетіп ап,

Үнсіз қалдым.

Арбиған ағаштар сарғылтым,

Қуаң тартады жапырақ.

Кім білген күздің де келерін,

Көңілсіз жанарлар көшеде шашырап.


 

Біз білген уақыттың елесі,

Қол бұлғап қарамас.

Ондағы күндер де бәрі мұң,

Үміті, кейісі аралас.

Маңдайы жол бастар Жарығым.


 

Қыс қылаң береді қыр жақтан,

Күрік-күрік жөтеліп.

Жалғанның бақ пен сорына ет өліп,

Арзан тірлікті жүрміз-ау аспанға көтеріп.


 

Жаздың соңғы жапырақ жамалы,

Күйзелтіп мендік сананы,

Сарғайған ағаштан үнсіз төгіліп,

Көшені бойлап желге ұшып барады.


 

Мағынасыз күңгірттік төгіліп ауаға,

Дел-сал сезімі тараған.

Реніш, үнсіздік...

Көңілсіз уақыт –

Ол да өтіп барады шықылын санаған...

 

Бәлкім бұл күздің соңғы жауыны...

 

 

 

***


 

Үрімжі көшесі.

Қарсы алып күңгірттеу күзді.

Самала – шашылған шамдар.

Сыналап өтеді бізді,

Бейтаныс жандар.


 

Сені де, мені де шаршатты,

Көп жылдан кейінгі жолығу.

Әлде бір ұқсастық, әлде бір алшақтық,

Үнсіздік, күрсіну, торығу.


 

Өзгерген уақыт па, өмір ме,

Есейген біз бе едік?

Көзіңде құр үміт,

көңілде –

Жоғалған өзімізді іздедік.


 

Іздедік

Естелік ішінен ақтарып,

Сонау бір шақтардың қиялын, долбарын.

Іздедік, іздедік – таппадық,

Таптадық қаланың ескірген жолдарын.


 

Сыналап өтеді тағы,

Бұл мәңгүрт қаланың елі.

Көркемдеу кеші, көңілсіз таңы,

Ары өлген қалаға тонаттым сені!


 

Несіне іздейміз аңсап,

Осы сәт бақытты бәлкім.

Түсінік іздеуден шаршап,

Сен дағы жымидың салқын.


 

Құшақтап сүйістік сосын,

Аймалап өліп тынардай...

Сенің де шыққан жоқ есің,

Менің де құмарым қанбай.


 

Ар жағы белгілі бәрі,

Түн өтті, таң атты қайта.

Ештеңе болған жоқ әрі,

Ештеңе қалған жоқ айтар.


 

Байланған балалық арман,

Қос жүрек іздеді, күтті.

Мен емес жоғалтып алған,

Үрімжі тұманы жұтты...

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар