Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақұштап Бақтыгереева атындағы республикалық жыр мү...

27.04.2014 4778

Ақұштап Бақтыгереева атындағы республикалық жыр мүшәйра

10276519_277698235741749_1648060731_n.jpg«Отанға, туған Далама, Жыр арнау – қарыз, борышым». Дәл осындай атауда сәуір айының 24-ші жұлдызында Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыздың 70 жас мерейтойына арналған республикалық студент ақындар арасында мүшәйра өтті. 

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің акт залында өткен мүшәйраға республикамыздың түкпір-түкпірінен жас ақындар қатысты. Көрермен қауымның көп болғаны соншалық залда ине шаншар орын табылмады. Жүргізушілер кеш шымылдығын түргеннен кейін, ақын апамыз ішке енді. Көрермен қауым орындарынан тұрып, ақынға деген құрметтерін үздіксіз қол шапалақтау арқылы танытты. Мүшәйра өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Екі кезеңнен тұратын жыр байқауында жас ақындардың жырларына сусындаған көрермендер оларға да қошеметтерін білдіріп отырды. Жас ақындар Ақұштап апамыздың сырын ақтарған, мұңын шаққан өр толқынды Ақ Жайығына келіп, ақын апаларының мерейтойына жырдан шашу шашты. Мүшәйраға Ақұштап апамыздың өзі, ақын Дариға Мұштанова, БҚМУ профессоры С.Ғ.Шарабасов, А.Бақтыгереева атындағы жүлденің иегері, айтыскер ақын Ж.Мусина, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, ақын Т.Мықи қазылық етті.

Мүшәйраның екі кезеңінің қортындысы бойынша бас жүлдені (80 000 теңге) Жадыра Ерманова – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің студенті иеленді. I орынды (50 000 теңге) Аян Мейраш – Қарағанды «Болашақ» университетінің студенті қанжығасына байлады. II орынға (40 000 теңге) Арман Шеризатов – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті табан тіреді. III орынды (20 000 теңге) Абай Ораз – Қарағанды «Болашақ» университетінің студенті. III орынды (20 000 теңге) болашағынан көп үміт күттіріп жүрген талантты ақын - Ләззат Мақаш, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті алды. 

Кеш соңында мүшәйра жеңімпазынан пікірін білген болатынбыз.

Жадыра Ерманова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің студенті, жас ақын:

Парызымыз қайтсек, апа, өтелмек?

Қанағатпен бар тапқаным жетер деп,

Сіз бенен мен туған шағын ауылда

Он бес үйдей әлі отырмыз мекендеп – деп ақын апамыздың кіндік қаны тамған жерінен менің де туғанымды жырыма арқау еттім.

Бас жүлдеге келетін болсақ, ол менің ғана жеңісім емес, университетімнің, ұстазым Жансая Ғалымжанқызының, ауылымның, мен бәйгеге түскенде тақымын қысып отырған достарымның барша қолдау білдірген жандардың жеңісі деп білемін. Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындатқан Ақ Ордамды жеңісімен құттықтай отырып, шыңға шығарар шәкірттері көп болсын дегім келеді.

 Мұнайдар Балмолда, ақын:

Жадыраның бас жүлдені алуына ең басты себеп, ол оның өлеңінің суретке, образға құрылуы, бояуы қаның болып, көңілдерге бірден, бірдей әсер етуі дер едім. Алған тақырыбы да салмақты. Тастанды сәбиді сөйлетеді. Қоқыс жәшігіндегі шарана тіл қатады. Ақұштап апасына арнаған өлеңінде ол ойды-қырды кезіп кетпей, өлеңінің ішіне өзін сыйғыза білген. Шын, қарапайым. Және сол өлеңді оқи білетін мәнері, мәдениеті басқа ақындардан озық болды. Биязы ғана күлімсіреп, айқайламай, құмырадан мөлдіретіп су құйғандай шебер оқи алды. Жас ақындар сахнаны басына көтеріп айқайлап жатқанда, Жадыра бұлақ сылдырындай, шолпы сыңғырындай үнімен жүректері баурап алды да өзінен босатпай қойды. Бас жүлде Жадыра қызымызға осылай бұйырды. Жастар жақсы жазғанмен өлеңдерін оқи алмайды.

P.S: Ақұштап апамыздың мерейтойына арналған кең көлемді шаралар жыл бойы өз жалғасын табады.

Жанайдар Болатбекұлы

1.jpg

2.jpg

3.jpg

4.jpg

5.jpg

6.jpg



10268391_277698239075082_1382383939_n.jpg

10261703_277698219075084_189483762_n.jpg


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар