Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Тасжарғанның» тұсауы кесілді...

28.04.2014 4362

«Тасжарғанның» тұсауы кесілді

26 сәуір күні Қызылорда қаласында ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың «Өмірден алып кетем үлесімді» атты шығармашылық кеші өтті. «Әдебиет порталы» ақынның кешіне арнайы шақырумен барып қайтқан болатын. Бұған дейін сіздерге айтып өткеніміздей «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген ақынның «Тасжарған» атты жыр жинағының осы кеште тұсаукесер рәсімі болды. Кешке Маралтай Райымбекұлы, Бақытбек Смағұл, Қалқаман Сарин сынды ақындармен қатар «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Бүбіхан Баратқызы қатысты. 


IMG_1575.JPG


ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, ақын Бақытбек Смағұл ақынға қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның арнайы құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ, ақынды Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденімен марапаттады. 

IMG_1632.JPG


Бақытбек Смағұл: – Нұрмұхаммед – қазіргінің хас батыры. Ол өмірдегі барлық қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген ақын. Ол – Алланың тартуы. Қазір қоғамда ата-анасының мойнына мініп, масыл болып отырған азаматтар қаншама. Нұрмұхаммед мүгедек емес. Рухани мүгедек адамдардың қасында ол сол жандардың ұстазындай көрінеді маған. Міне, бүгін ақынның екінші жыр жинағының тұсаукесер рәсімі болып отыр. Не бары 4-5 жылдың ішінде ақындық әлемде төселіп, екі жыр жинақ шығару деген бұл – үлкен жетістік. Ол біз секілді мектеп партасында отырған жоқ, қолына қалам ұстаған жоқ. Сөйте тұра талай қиындықтарға мойымай бүгінгі қуаныштың кейіпкеріне айналып отыр. Алдағы уақытта, ақын ғұмырына темірдей мықты денсаулық тілеймін. 

IMG_7098.JPG


IMG_7286.JPGМаралтай Райымбекұлы: – Мен Нұрмұхаммедті осыдан екі жыл бұрын Халықаралық «Шабыт» фестивалінде көріп қайран қалған едім. Шын мәнінде Нұрмұхаммед төзімді азамат, рухты ақын. Сол фестивалде жүлде ала алмай жабырқаған ақын жүрегін көріп іштей ойға қалдым. Сол жерде көрермендердің алдында «мен сенің жыр жинағыңды шығарып беруге атсалысамын» деп уәде берген болатынмын. Міне, сәті түсіп сол жинақтың бүгін тұсауын кескелі отырмыз. Менің осы ойымды құптаған «Алматыкітап» баспасының президенті Элеонора Баталова мен вице президенті Бүбіхан Баратқызы болды. Сонымен қатар, «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев мырза да бұл ойымды құптап, жинақтың  баспадан 500 данасын шығарып берді. Жинақтың шығуына атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. 

Бұл жинақтың атауын қалай қоямыз деп ақылдастық. Ақынның тұңғыш жинағы «Тағдырымның жанары» деп аталған екен. Менің ойыма «тасжарған» атты гүлдің атауы орала кетті. Тасжарған – қара тасты қақ жарып шығатын өте нәзік гүл. Мен Нұрмұхаммедтің болмысын да, өлеңін де осы гүлге ұқсаттым. 
Алла Нұрмұхаммедке отбасы бақытын сыйласын. Ал, әзірге ақынның балалары – оның жырлары. Ақынға Алла қуат берсін!

IMG_7116.JPG


Қалқаман Сарин: – Нұрмұхаммед – менің досым, құрдасым, жақыным, үлгі тұтар азаматым. Оның өмірге құштарлығы мені қайран қалдырады. Ол қайсарлы, қайратты. Ол өжет ақын. Біз кейде ұзақ сырласамыз. Оның армандары көп. Сол асыл армандарының бірі – отбасын құрып, бала сүю. Менің де ендігі арманым ақынның сол арманы орындалса екен деп тілеймін. Алла оған азаппен қоса ақындық өнер берді. Аузына жыңғыл таяқшасын тістеп жазған жырлары әрбір оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бүгінгі ақын тойына өз жырымды әкелген едім...

IMG_7333.JPG


Нұрмұхаммедке!

Ей, бауырым, Нұрмұһаммед!
Сен ақынсың… 
Аңқытқан жыр-жұпар леп. 
Өкінбедің өмірім тым жұтаң деп,
Сөз қадірін сезініп білмек түгіл, 
Өз қадірін білмейтін құл-құтан көп. 

Иә, солай, сен солардан… 
Мың артықсың! 
Серігің – еңселі арман. 
Қыран құлап өледі өлсе жардан... 
Қайратыңа сүйсініп айбатыңа, 
Саған сенген секілді сенсе МАҒЖАН. 

Ойға батып құр тұңғиық, 
Жасымадың, жансың-ау РУХЫҢ БИІК! 
Бір күн шаттық өмір бұл, бір күн – күйік. 
Ғашық еттің ғаламды ғұмырыңа,
Қасіреттің көрмедің бұлтын жиып. 

Тілдемедің Хақ-Тағдырды, 
Басыңа әкеп берсе де, батпан мұңды. 
Біреу сенің жолыңа қақпан құрды, 
Біреу сені қуантты, шаттандырды. 
Біреу сенің көңіліңе дақ қалдырды. 
Атады деп алдымнан ақ таң нұрлы, 
Өміріңнің әр сәтін өлең қылып, 
Бақытыңа баладың батқан күнді. 

…Сендік тағдыр, 
Сені сұлу етеді ел-жұрттан бұл! 
Сенде өйткені сұрапыл өрлік бар бір! 
Жалғандығын жалғанның еншісіне, 
Шешілместей түйінін шер ғып қалдыр. 

Айналаңа дұшпандықпен... 
Қарамайсың! Ісің жоқ іштарлықпен, 
Бойыңа бір ерекше күш бар біткен. 
Адамзаттың сыймайтын ақылына, 
Өмір сүріп келесің құштарлықпен! 

…Қара жерге табаның тиді бүгін, 
Көк аспанды маңдайың сүйді бүгін. 
Жырмен жалғап 
Қорқыттың күй-ғұмырын, 
Алты алашқа атағың кетті тарап, 
Осы – БАҚЫТ, БАЙЛЫҒЫҢ, ИГІЛІГІҢ!


IMG_7104.JPG

Бүбіхан Баратқызы: – Мен Нұрмұхаммедті алғаш рет «Хабар» арнасындағы «Біз» бағдарламасынан көріп көзіме жас алған едім. Неткен қайсар азамат, неткен ғажап ақын деп таң қалғаным бар. Маралтай ақын бізге ақынның өлеңдерін жібергенде оқып іштей қуандым. Ақынның өмірге деген құштарлығына, өнеріне тәнті болдым. Оның жүрегін жарып шыққан жалынды, рухты жырларын қалың қазақ оқырманының жүрегіне жеткізу үшін осы бастаманы біз де қолдадық. Бүгін міне,сол бастамамыздың ортақ жемісі алдарыңызда тұсауын кескелі отырған «Тасжарған» жинағы. Осындай жігерлі, жүректі ақынды өмірге әкелген ақынның ата-анасының алдында басымды иемін. 

IMG_7160.JPG


P/S: «Жаратты Алла жаралап.
Өмірді келем саралап.
Жыр болып аққан бұлақпын,
Нәрім тез-ақ таралад.
Мықты болсаң өзіңді,
Өлмей тұрып бағалат.
Жырымды сүзіп, сараптау,
Өзіңе халқым, аманат...», - деп жырлаған ақын жүрегі өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Өмірді өзгеше сүйген ақынның бағындырар биігі мен алар асулары әлі алда. Біз де тұлпардай текті ақынның өмір додасында мәреге жетіп, ешқашан сүрінбеуін тіледік...


Дайындаған: Салтанат Жүсіп


                                                    Ақын кешінен арнайы фоторепортаж


IMG_7091.JPG

IMG_7094.JPG

IMG_7099.JPG

IMG_7095.JPG

IMG_7118.JPG

IMG_7135.JPG

IMG_7142.JPG

IMG_7173.JPG

IMG_7182.JPG

IMG_7283.JPG

IMG_7311.JPG

IMG_7310.JPG

IMG_7338.JPG


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар