Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бақытбек Смағұл: "Азат елдің Қазақ деген ұлымын"...

07.05.2014 8822

Бақытбек Смағұл: "Азат елдің Қазақ деген ұлымын"

Бақытбек Смағұл: "Азат елдің Қазақ деген ұлымын" - adebiportal.kz

Бақытбек Смағұл – ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Азат елдің Қазақ деген ұлымын

0a67139f28eae17319793ef777908b3b.jpgАрмасыз, құрметті Бақытбек аға! 7 мамыр Отан қорғаушылар күні деп мемлекет басшылығы арнайы мереке етіп белгілеген екен. Қазіргі заманда, бейбітшілік орнап тұрған берекелі шаңырағымыздың қорғаушылары қандай болуы керек?

- Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы қанын төкті, бірақ олар өзінің арын төккен жоқ. Ұлан-ғайыр далаға қалқан бола алған ата-бабаларымыз осыны ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, біздің уысымызға ұстатты.

Күн бейбіт. Соғыс жоқ. Алайда әрбір азаматтың, отан қорғаушылардың жауапкершілігін бұл жағдай жеңілдетуге тиісті емес. Керісінше, бүгінгі таңда сол жауапкершілікті көтере алатын, соны абыроймен ақтап шығатын азаматтар керек-ақ! Сондықтан да әрбір азамат, әскери салада болсын, басқа да салада жүрсе де, өз жігіттік мәрт мінезімен көріне білу керек. Дегенмен әскерде болмаған жігіт жігіттік сипатқа ие бола алмайды... Жігітке еркектік сипат беретін – отанды қорғау.

- Бейбітшілік заманда отанды қорғау үшін қандай міндеттерді атқаруымыз керек?

- Әрине отан қорғаудың сан түрлі жолдары бар. Бүгінгі таңда отанды қорғау - қолына қару алу емес. Ұлттық болмысымызды, рухымызды асқақтатып жүру керек! Біздің Бауыржандардай батыр бабаларымыздың рухын жанымызбен түйсініп, соны насихаттап, жалғастыра білуіміз керек. Тәуелсіз мемлекет атанып отырмыз деп қолды жайып қойып отыру деген – санасыздық. Біз сол тәуелсіздігімізді бағалай отыра, оның нұрлы болашағына, бабадан қалған аманат ретінде, аман-есен қалпында табыстауымыз керек. 

Мысалы, 2010 жылы Мәскеу қаласында «Қазақтың Бауыржаны» атты Бауыржан Момышұлының деректі фильмін Халел Омаровпен бірге түсіруге барғанда, Волоколамский кентінін әкімі Василий Шулипов (Александр Бергтің кітабын жатқа айтатын патриот адам),  миллиондаған адамдар соғысқа қатысты, бірақ қазақтың қайсар батыры Бауыржанның арқасында ғана фашистер Мәскеуді ала алмады деді. Міне, сол өзге ұлттар мойындаған Баукенның ерлігі, кешегі Талғат Бигельдиновтардың ерлігі, Қасым Қайсенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан Қошқарбаевтардың ерлігі біз үшін мәңгі үлгі болу керек. Сол батырлардың рухы біздің де жанымызда сайрап тұруы керек. Оларды біріктірген бір тағдыр, ортақ отан, құлдыққа басты имеу ұраны болған еді. Әр заманның өз батыры болуы тиіс!

Біз кезімізде жазушыларды пір тұтып, жалғыз кітапқа таласып, кітапханаларда кезекте тұратынбыз. Сол авторлардың өз жазғандарына сай азамат болуынан ба деп ойлаймын. Қазір мысалы, жазғаны бір бөлек, ал істеген ісі бір бөлек екенін көріп қаламыз. Бәрі де Сәбит, Ғабит болғысы келеді. Дегенмен соған лайықты дүние жазып жүр деп айта алмаймын.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қырағылық қашанда қажет. Біз бос сөзбен ғана айналыса бермей, жеме-жем келгенде, ел басына күн туғанда қаншалықты қауқарымыз бар екенін көрсете білуіміз қажет. Ол сол соғыс алдында ғана көрінетін қауқар емес, осы бейбіт күнінде де көрінуі тиіс ерлік. Ұлттық рухпен сусындаған, иманмен нұрланған, біліммен шындалса, ата-баба рухын сезінген, өзінің қазақ екенін таныған, жаны азат, қаны қазақ азамат қана болашақта өзінің елінің қожайынымын деп айта алады. Есіктен кірген адам төр менікі демес үшін, өз елінде өгейдің күнін кешпеу үшін, көкірегі ояу, байтақ даламызға қарай алатын, қорған болатын азаматтарымыз қажет. Бұл менің елім, менің мемлекетім, менің ұрпағыма қалдырар аманатым, менің тағдырым деп айтатын азаматтар болу керек. Қандай жұмыс жасаса да, ол біріншіден тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, соны жалғастыра білетін жігіт болуы керек. Онсыз барлық еңбегіміз де зая. Күнкөріс деген не? Барлық жерден күн көруге болады... Ал көк байрақтын алтын арай нұр шашқан, құс патшасы қыранмен қалықтатқан, әнұраның шарықтатқан мемлекетіміздің қожайыны болу, соның тұтқасы болу -  мен деген әрбір азаматтың жүрегінде болу керек, оның ішінде қазақтың көкейінде сайрап жату керек.

Президент айтқан екен: «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе шошып оянатындай, ауыр-ауыр тағдырды бастан кешірді, тіпті тұқымымен жоғалып кете жаздаған кездері де болды. Бірақ қазақтыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі таңға дейін жеткізді» дейді.  Міне, тәуелсіздік деп малақайымызды аспанға аттық, ал қауқарымыз қандай? Оның аманаты, жауапкершілігі  қандай? Соған біз дұрыс мән береміз бе? Бүгін отырып тарих беттерін ақтарсақ, сонау аштықтан да өткен, репрессияны да көрген, қанды соғыстарды кешкен қазақтың ауыр тағдыры бүгінгі күнге сабақ болуы тиіс. Оған бір кек сақтау үшін емес, оны қайталамау үшін! Бүгінгі бейбітшілігіміздің қадірін біліп, ұмытпау үшін! Біз тек сонымен қазақ болып қалармыз. Кешегі Алаш арыстарының арманы қандай еді?! Сол арманды біз бүгін аялап отырмыз ба? Аялағанда  ғана біз ертең сол бақты саялай аламыз. Жақсы болсын, жаман болсын тарихтың шындығын ұмытуға болмайды! Сол тарихты бабаларымыз басынан кешті. Жетімі мен жесірін жылатпай алға жетектеп осы күнге жеткізді. Ал соны біз ұмытып, азаттық аспаннан түскендей шалқайып отыруымызға хақымыз жоқ! Біз ұмытпаған жағдайда ғана тәуелсіздіктің қадірін білеміз. Біреулер айтады екен, қан төгілгенін көрмеген соң, қайдан білейік деп. Олай айтатындай қан аз төгілді ме? Сондықтан тарихты білу арқылы біз тәуелсіздігімізді халықтар достастығына, бейбітшілік заманға жалғай білуіміз керек.

 

Әр ұлтта өзіндік көзқарас, өзіндік идеал болады. Қазақ жігітін кеше және бүгін алып қарасақ, қандай сипат берер едіңіз? Жалпы қазақ деп ататындай жігіттің бейнесін қалай көресіз?

Бақытбек Смағұлов2.jpg- Біз әрқашан аға буынға еліктеп, солардан тәлім-тәрбие алдық. Солардың жүрген жүрісі, киім киісі, істеген ісі бізді баурай білетін. Әр ұлттың өзіндік құндылықтары бар. Біз батысқа бет бұрсақ, батыс бола алмасымыз анық, тек шатасарымыз хақ. Сол шатыстың бастамасы қазіргі күнде бар.

Біздің барлық ұлттық құндылығымыздың, діліміз бен дініміздің, мәдениетіміздің бастауы ана тіліміз. Сол құндылықтарды біз шала жеткізбей, сақтай білсек, өзге ұлттар да мойындайтыны сөзсіз. Ал өзімізбен мойындалмаған дүние ешкіммен де мойындалмайды.  Мұны мен неге айтып тұрмын – жаңағы қазақ азаматының бейнесі қандай? Бүгінгі жаһандану заманындағы, ақпаратпен уланып жатқан кезеңде, біздің бауырларымыз сол үлкен құндылықты бойына сіңіре білуі керек. Мысалы, маған кезінде мынадай сұрақ қойылып еді: Қасым Қайсенов, Әбділда Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықовтың балалары неге қазақша білмейді? Аталары қазақ батыры бола тұра, неге орысша сөйлейді? Йә... Ол сұрақ неге ол кезде туындамады – себебі ол сол қоғамның сұранысы, сол қоғамның талабы болатын... Ал енді, тәуелсіздігімізді алып, тәуелсіз сана қалыптастырған жастар осы сұрақты туындатып жатыр. Сондықтан да заманның талабына кей шақтарда түсіністікпен де қараған жөн.

«Заманына қарай адамы» деген сөз бар. Дегенмен, заманға ілесеміз деп, жастар еліктеудін шырмауынан шыға алмай жүрген жоқ па?

- Әрине, қаттырақ айқайласа ауруханаға түсіп қалатын жігіттер баршылық қазір. Өкінішке орай жылқы мінезді, қой көзді қазақ жігіттері азайып кетті. Ата-бабамыздан келе жатқан төрт түлік малға сәйкес теңеулер бар емес пе?! Оны біз жыр-дастандардан, аңыз-әңгіме, ертегілерден де білеміз. Мысалы, түйені байлыққа, қойды мырзалыққа балап, сиырдың сүтін киеге теңеген. Ал жылқы құлынын қорғау үшін бөріге шабатын қасиетімен белгілі. Міне сондай қасқайып қарсы тұра алатын мінез қазақта да болуы керек. Шошқа дегенін өз торайын жеп қоюшы еді ғой. Қазақ ондай емес! Қазақ – жылқы мінез халық деген содан қалған. Сондай жылқы мінезді азаматтар қатары сиреп бара жатқаны өкінішті... Ол тек малдың ғана ыңғайында болсын деген сөз емес. Бүгінгі заманның талабы бөлек. Сондықтан да бүкіл өткен ұлттық құндылықтарымыздың бәрін, салт-дәстүрлеріміздің бәрін бүгінгі заманға сай, лайықты етіп пайдалана, жаңғырта білуіміз қажет. Мүмкін мәселе жалбыраған шашта емес шығар, бұтқа қабыстырған шалбарда емес те шығар, азаматтың ең бастысы көкірегі ояу болу керек. Қазіргі таңда біліммен шындалып көр, басқа да өнерде бақ таластыр, бірақ нағыз ер-азаматтың бейнесі қайда?  Аяғын басып кетсе оған қарсы тұратын қауқарлы ұл қайда? Ал біздің қарындастарымыз неге көрінгеннің құшағында? Оған кім намыстануға тиіс? Ер азамат әрине! Еркек  ешқашан мен еркекпін деп кеудесін ұрмаған. Әйел еркектін еркектігін қойнында жатып-ақ мойындаған. Оның асыл қасиеттерін мойындаған. Оның нағыз отағасы, отанының қорғаны болар азамат екенін білген. Анау-мынау ауыртпашылықты ешқашан әйелінің мойынына салмаған! Ер-азамат ешқашан да тынбаған һәм сынбаған! Ал ондай азаматтың осы күні сиреп бара жатқанын көрсек – ол ұлттық құндылықтарымыздың жоғалып бара жатқанының айғағы.

- Атап отырған ұлттық құндылықтар деп қандай дүниелерді санайсыз?

- Мына ұлан-ғайыр даланы біз қалай сақтап келдік дейсіз ғой?! Қарапайым қазақи салтымызбен сақтадық: үлкеннің алдынан кесіп өтпеу, қызға қырық үйден тыю, қызға қолынды жұмсама, анаңды аяла – міне, дәл осы құндылықтарымыз біздің қазағымызды осы күнге дейін сақтап келеді. Қандай қиын заманнан өттік, бірақ қазақ басын иген күні - тізесін бүккен жоқ.  Ал бүгінгі таңда бәрін ашып жіберіп еуропа боламыз деу – дұрыс емес. Еуропа қай жақтан дамыды – еркектік қалпы кеткен, әйелмен әйел үйленіп, еркекпен еркек отасып, соны заңдастыру. Ал ол Аллаға қарсы жүру деген сөз. Қазақта ондай болмаған! Әрине 90-жылдарда, тоқырау заманында арбамен базарға шыққан әйелдерден қағілез бала туған шығар, бірақ адам өз-өзін тәрбиелей де білуі керек. Бойды ғана өсіре бермей ойды да өсіру керек. Біз дұрыс топ қалыптастыра білуіміз қажет. Әйтпесе мұрынын тесіп, бұрымын кесіп, рухы өшіп, ышқыры мықымынан төмен түсіп жүрсе -  ол қытайдың резеңкесінің әлсіздігінен емес, тәрбиеміздің нашарлығынан, иманымыздың жоқтығынан. Қазақ құдайсыз халық емес! Қазір, мысалы, «ассаулаймұғалейкүм» деп амандасатын еркек таппайсын – «сәлеметсіз бе» дейді бәрі. Сәлеметсіз бе деген солдат оңбайды! Еркек қашан бір-бірімен сәлеметсің бе деп амандасты?  Біз қазір амандасу рәсімін ұмытып барамыз. Еркекпен еркек сүйісіп амандасады – төс қағыстыру қайда? Бұл қазақ халқын жақсылыққа апармайды.  Йә, заманның талабы бар – тілдерді оқы, біліміңді шында – ол заманан ажырап қалмау үшін ғана қажет. Ал салт-дәстүрді ұмыту деген дұрыс емес. Ана тілін білмей адамның күйін кешпейсін қазақ жерінде. Ал қазақ қазақ болып өз жерінде өмір кеше алмаса, оның өмір сүріп керегі жоқ. Сол сияқты не тірінің не өлінің тізімінде жоқ азаматтарымыз бар. Намысты қойып, табысты ғана ойлау – ұлтымызды өшірері анық. Онда елімізге кім болса сол кіріп, қарындасымызды кім болса сол алып, халқымыз біржола жоққа айналады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жоғалтпау керек...

- Егеменді елдің жастары тәуелсіздіктің қадірін өз деңгейінде сезініп жүр ме? Қалай ойлайсыз? Халқымыздың тарихы қаншалықты насихатталып жатыр?

- Адам баласының басына қонған бақты сезіну қиын, бақ ұшқанда ғана сезіледі – деп айтқан Бауыржан Момышұлы. Біз сол бақтың қадірін білуіміз керек. Әйтпесе бақ қонам десе, боққа да қонады. Бірақ ол бақыт емес -  бір күндік дүние. Бақыт деген – тәуелсіз елдің  лайықты азаматы болу.

Ер-азаматтар жайлы сөз қозғап отырмыз ғой. Бірақ қыздарға да айтылатын дүниелер көп. Тарихымызды ақтаратын болсақ, қыздардың орны халқымыз үшін бөлек болған. Әйел адам ақ орамалын ортасына тастағанда соғысты да тоқтататын болған. Ол – ананың қадірі. Қазақ анасын қадірлей білген. Салиқалы анадан саналы азамат туған. Ер-азамат есерсоқ болған сәтте оның есін әйел ғана кіргізген. Инабатты да иманды әйел еркекті дұрыс жолға сала білген. Еркек адасса оны тура жолға қайтару оңай ғой, ал әйел адасса – түзелмесі анық. Сондықтан әйел адамзатының жауапкершілігі тіпті ауыр. Оның адалдығы, тазалығы, ар-иманы ғана ұлттың нұрлы болашағының кепілі бола алады.

Өзі қазақ халқынан ауыр тағдыр кешкен басқа ұлт бар ма?! Мына еврейлер қандай?! Олар «Пианист» деген кино шығарып, бар елді жылатып қоя берді. Ал біздің киномыз «Келін»...

Дегенмен кейінгі жылдары дүниеге Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов жайлы фильмдер мен «Жаужүрек мың бала» сынды туындыларды алып келе алдық. Десек те , кеңес одағында жүз батыр болса, жүз кино сұранып тұр деген сөз. Мәселен Жуков туралы қаншама кино түсірілді. Жуков бір неміс өлтірді деген сөз естідің ба? Есесіне 4 мәрте батыр атағын алды. Ал біздің Бауыржан ше? Неге мен оны жоғары қоямын, ол Жуковты төмендеткенім емес, ол қазақ батырына деген шексіз құрметім. Сондықтан әр бала алдынғы аға буынға қарап өсу керек.

Бірақ жақсы болсын жаман болсын, талғамай, жаппай бәрін дәл қазіргі сәттен тәрбиелеу керек. Егер елбасы 2020 жылы 95 пайыз халық қазақша сөйлейді деген болжам жасап отырса, ол Алланың аспаннан жетінші құрлық ашқандай парашютпен түсе салатын дүниесі емес. Ол бүгіннің нәтижесі болмақ. Сондықтан халық арасынан батыр іздемей, батырларды тәрбиелей білуіміз керек. Бүгінгі майдан ол кешегі майдандардан да ауыр болып тұр. Оның майталманы болу үшін ерік-жігер керек...

-Жігітке жеті өнер де аз дейді, жігіттің бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз һәм ер-азаматқа қандай өнер жарасады деп ойлайсыз:

Бақытбек Смағұлов3.jpg- Менің айтқаным бар еді - ойы мен бойы бірдей Сейфуллин Жолбарыс деген інімнің өзі әнші, өзі сазгер өзі ақын белгілі композитор болып, Бақытбек Смағұлдың белгілі қаламгер болуы қоғамымыздың аса жетістігі деп айта алмаймын. Ит жоқта шошқа үреді деп айтушы еді ғой. Біз кезінде әнші шыққанда теледидардан оның жүріс-тұрысына, киген киіміне, сахналық келбетіне, жалпы сахналық мәдениетіне сүйсініп қараушы едік. Кезінде Б. Тайлақбаевтарды менсіне бермейтінде қалыпта едік, өйткені ар жағындағы ағаларына қарап, сыни көзқараспен «мынау қалай ілігер» деген ой туындайтын. Әншілердің болғаны әрине абзал. Дегенмен олар ерлікті, отанға деген құрметті, анаға деген махаббатты жырлаған дұрыс па деп ойлаймын. Тек қана «жаным», «күнім» деп, арзан, ұғымы жоқ сөзге құмар қазіргі жастар. Жап-жас бола тұра өмірден түңілген әнші, ақындарды көріп жүрміз. Керісінше азаматтар осы кезде шындалса ма екен деймін. Кейде теледидарды қосып, бір демалып отырайын десең, әзілі әжуаға айналған, қазаққа жат сайқымазақ бағдарламаларды көрсетеді де жатады. Қазақта қойлық күлкісі, атандық әзілі бар дейді ғой. Шаршы топтың алдында айтылған сөздің әр жағында бір ойландыратындай астары болса қандай тамаша. Тіпті күлуге тұрмайтын, бос сөз, ұялдыратын дүниелер көбейіп кеткені рас.

Опера дейсіз бе, балет дейсіз бе, ғылым дейсіз бе – бар салада өзіңе лайық дәрежеде қазақ жастары қатысу керек. Дегенмен ұлттық құндылықтар әр азамат үшін бірінші орында тұруы қажет. Ал толығымен батысқа еліктеп, өз бетімен бөтен жолға түсіп, аузына келгенін құсатын адамдарға қазақ баласының қатысы болмау керек. Мен бірден бар жастарға қобыз тартып, қымыз ішсін деген әңгіме айтқым келмейді. Қазір заман басқа, оны түсінем. Дегенмен барлығынан да дұрыс жол тауып, тектілікті сақтап қалуға тырыссақ па деймін.

Бауыржандар соғыс заманына тап болған соң ерлік жолын таңдады, қолына қаруын алды. Ал осы бейбіт күннің аясында дүние есігін ашатын болса, Бауыржан басқа салада жүрер ма еді.

Сонда біз қандай болуымыз керек? Біріншіден саналы, білімді ұрпақ қажет. Одан кейін дініміздің тазалығы, иманымыздың беріктігі бізді сақтап қалады. Қазір өзі діни ағымдар да көбейіп кетті ғой. Шахид болдық деп жат жерге қазақтар балаларын апарып жатқандары бар. Қазақтың баласы қашан отанын тастап, опасыздар жолына түсті? Қазақ баласы қашан басқыншылықпен айналысты? Ондай ешқашан болмаған! Осы мәселелерді біле жүрген дұрыс!

- Төзімділік, сабырлық, қайсарлық нағыз жігіттің бойынан көрінетін қасиеттер болса, осы қасиеттерге тәрбиелей алатын қандай шығармаларды оқуға кеңес берер едіңіз? Жалпы кітап адам баласын тәрбиелей алады дегенге сенесіз бе ?

 

 

- Махаббат жайлы шығармалар өте көп. Және оны жақсы жазып жатыр. Дегенмен, менің ойымша, біз рухты шыңдайтын дүниелерді оқуымыз керек! Бізде қазір ол жағы ақсаңдап тұр... Мысалы мына шешен халқың алсақ, қызға арналған өлең жоқ екен. Бәрі де отан, табиғат, ата-ана қадірі туралы жазған. Ал біреуі екіншісіне телефон шалмады деп тоғызыншы қабаттан секіріп өлсе, соны қазір ерлік деп жүрген жастар бар бізде. Ол ерлік емес!

 

 

Бауыржан Момышұлының әр сөзінен үлкен ой түйуге болады. Сонау АбайМағжанМұқағали, одан кейінгі МаралтайҚалқамандарды өз басым жақсы оқимын. Сондай бір таза, әдемі дүниелерге көңіл бөлсе екен деймін жастар.

- Сұхбатымызды қорытындылай келе, жастарға айтар тілек-аманатыңызбен бөліссеңіз?

- Бар тілегімді өлеңмен жеткізейін, ендеше!

Азат елдің ұлымын

 

Бұл даланы жұмыр жердің бетінде,

Алла берген қазағымның ниетіне,

Ата жауым кеткен талай тентіреп,

Жете алмастан шегі менен шетіне.

 

Сол даланы ардақ тұту арманым,

Арманыма өмірімді арнадым,

Бабаларым ұрпағының бағы үшін,

Қанын төгіп сүтпен сызған аумағын.

 

Соны ойласам жүрегімді өрт алар,

Бұл далаға қай құдірет жете алар,

Отаныма көзі түскен жау болса,

Сүйегімді аттап қана өте алар.

 

Ту ғып өткен намыс атын, ар атын,

Ар мен намыс менің екі қанатым,

Мені саған жүрексіз деп, кім айтты,

Сүйегінен аттаттыра салатын.

 

Аттатпаған ақ білектің күшімен,

Тот баспаған ақ найзаның ұшымен,

Асқақтаған өр рухты мысымен,

Сақтап қалған қыран қабақ сұсымен.

 

Ұлы далам ұлы бабам ұлығым,

Ұрпағына дән ғып сепкен ұрығын,

Ту қып ұстар тәуелсіздік тұғырын,

Азат елдің Қазақ деген ұлымын!

 

Бөрідей көкке ұлыдым

Жүрегім неге шаншулы,

Жігерім неге жаншулы.

Ұрандап атқа қонатын,

Ұлдарым неге таусылды.

Айбынды рухты Алаштың,

Толағай тұрпат тау сынды,

Жүрегі түкті жігіттер,

Естимісің даусымды.  

 

Байлаған оққа ғұмырын,

Жандарын тербеп ұлы ұғым,

Міржақып, Нәзір, Халелдің,

Алтыннан соқса тұғырын.

 

Шәкәрімдердің мұңымын,

Жүсіпбектердің тұнығын,

Шамшырақ қылар күн туды,

Ахметтердің ғылымын.

Мағжанның асқақ жырымын,

Мағжан мен Қазақ бір ұғым,

Сыр сандығын Сәкеннің,

Сындырмай ашып құлыбын.

 

Әлсіздерге әл беріп,

Әлихандардың  жылуы,

Таныды әлем бүгінде,

Күннен бір туған Ғұн ұлын.

Темірбектердің туымы,

Мұхаметжанның ілімі.

Мәдениетімнің мәйегі,

Тамыры терең түбінің.

 

Тұрардың жүрек түгімін,

Бейімбет болса білімім.

Түркістан болып толғаған,

Мұстафалардың үнімін.

 

Қараңғы түнек түні бір,

Сұлтанбектердің мұңы бір.

Өрмелеп өрден төгілсе,

Сұлтанмахмұттың күні бұл.

 

Алтын сапты қылыштың,

Қан ұйыған қынымын.

Жонымнан таспа тілініп,

Жұлынса да жұлыным.

Махамбет менің мәрттігім,

Тастамас асыл сынығын.

Бәстессе басын тігетін,

Намыстың ғана құлымын.

 

Әлімсақтан сақталған,

Ғұннан әдет ғұрыбым.

Көк Түріктің көксеген,

Көктен түскен нұрымын.

Мен қазақпын, азатпын,

Құлдықтың кимес құрығын.

Туы астында Алаштың,

Хан көтерген ұлығын.

 

Алты құрылық ішінде,

Бірі емеспін, ірімін,

Мың өлсем де тірімін.

Тілегі мен түбі бір,

Көтеретін жүгі бір,

Мәңгілік Қазақ елінің,

Алтын арай нұр шашқан,

Көк байрақты туымын.

 

Бөрідей көкке ұлыдым,

Қиылып көктей шыбығым,

Алаш деп  өтер өмірден,

Алаштың мен де ұлымын!!!

 

Толғаныс

 

Бүгін бар ертең жоқ болар,

Дүние мүлкің боқ болар.

Батырлар өтер өмірден,

Сыймастан басы ноқтаға.

Тіріде сыйлай білмесең,

Өлген соң жылап жоқтама.

Жалғаншы мынау дүниеде,

Тал бесіктен тіршілік,

Табытқа барып тоқтаған.

Тіріде пенде не көрмес,

Еліне бәлкім еленбес.

Кеудесіне нан піссін,

Жақсыға жаман теңелмес.

Тар жол тайғақ болса да,

Тоқтамаған кемел көш.

Заманаменен жаңғырар,

Ел үшін туған, ер өлмес!

 

Дүние шіркін, бөкен-бүлкіл,

Бастан зулап өтер бір күн.

Неткен зіл күн, кеткен күлкің,

Соққан жүрек дүркін-дүркін!

 

 

Жақсыны жүрміз жат қылып,

Есекті мініп ат қылып.

Заманға енген қатқылдық,

Адамнан келген сатқындық.

Мырыңды жүрміз мәрт қылып,

Қыртты да жүрміз қарт қылып.

Ептінің бәрін текті етіп,

Арт бүлік, бірақ бет күліп.

Ар алдында ант еттім,

Ауғанда жүріп қан төктім.

Тағдырында тәлкектің,

Қаншама уақыт сарп еттім.

Мінезіменен еркектің,

Қаншама рет тер төктім.

Қаншама рет адастым,

Арасын білмей жер-көктің.

 

Дүние шіркін, бөкен-бүлкіл,

Бастан зулап өтер бір күн.

Неткен зіл күн, кеткен күлкің,

Соққан жүрек дүркін-дүркін!

 

Анамның әппақ төсінен,

Ақ уыз ішіп өсіп ем,

Ар азыған алғасын,

Санамнан қалай өшірем?

Ес кірер десе, есінер,

Айырылған ұлды есінен.

Ұлт тағдыры тұрғанда,

Ұрпағы қалай кешірер?

Қазақты қазақ сатпайық,

Қазақты қазақ атпайық!

Бит болып кіріп балақтан,

Ит болып үріп қаппайық.

Атаға тартып ар қуып,

Ананың сүтін ақтайық!

Мәңгілік Ел болуға,

Тәуелсіздікті сақтайық!

 

Дүние шіркін, бөкен-бүлкіл,

Бастан зулап өтер бір күн.

Неткен зіл күн, кеткен күлкің,

Соққан жүрек дүркін-дүркін!

Сұхбатты жүргізген Ақерке Асан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар