Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақсұңқар АҚЫНБАБАНЫҢ Марина ЦВЕТАЕВАДАН аудармалары

14.06.2016 274

Ақсұңқар АҚЫНБАБАНЫҢ Марина ЦВЕТАЕВАДАН аудармалары

 

 

   «ҚОРШАҒАН ЖАЛҒЫЗДЫҚ АЙНАЛАМ»

 

Цветаева фото.jpg

Менің даусым бәріңде ересіңдер,

Түкке тұрмас бәрібір сөз атаулы,

Ешқайсыңның алдыңда көресіңдер,

Құпталмаймын ешқашан ел қатарлы.


 

Қанға бөгіп, құм қауып бұл майданда,

Жер құшатын шаң қауып мен емеспін.

Түспейтінім ол да анық бұ қоғамда,

Күресіне билік пен ерегестің.


 

Таласпайды сендермен Текті өлең,

Төңкерістер Мен жақтан басталады.

Көрмеуіңе болады Отты  менен,

Қалмау үшін тасамда басқалары.


 

Сот болады, алайда түбінде бір,

Найзағайдай жойқын оқ жаудыратын,

От қанаттар төбеден түйілген күн,

Қалтыратып әлемді дал қылатын.


11  шілде.1913



***


Тартып алам мен сені көк пен жерден,себебі:

Қара орман-бесігім,көрдегі өмір қара орман.

Жырлай алам өзіңді өзгелерден өрелі-

Сыңар аяқ арманмен қара жерге қадалған.

 

Тартып алам мен сені күллі түннен, оттардан,

Әрбір сәттің бәрінен, қылыштардан, оқтардан,

Ит-құстарды маңыңнан зәредей ғып қуам да,

Түндеріңнің бір өзім күзетшісі боп қалам.

 

Тартып алам мен сені-күллі әйелден бір демде,

Сен де, мен де ешкімнің сүйген жары болмаймыз.

Көз жаздырып досыңнан көз ілмейтін түнде де,

Ең ақырғы шайқаста жеңіп шығам үндеме.

 

Ал, әзірге шыдаймын, жалбарынбан, алқынбан,

Сен өзіңде қаласың,қос қанатың қалқып ал,

Әлем сенің бесігің әуенімен бөлеулі,

Көрдегі өмір сен үшін мәңгі әлем себебі!


***

 

Жапырақ басқан мүлгиді  тілсіз қабір мың,

Шығады және қыс иісі.

Тыңдашы  аруақ, тыңдашы мені жаны бір,

Сен менікісің бәрібір!

Күліңдер,мейлі!

Масайған жолдар  қанатты,

Ай болса биік бұл рас,

Менікісіңдер,

Дәл мына қолым секілді,

Күмәнсіз және бұлжымас.

Таңменен бірге тайғақ жолдармен айнала,

Барамын  тағы сырқаттар жатқан есікке,

Алыс бір жаққа кетіп қалғансыңдар жай ғана,

Ұлы теңіздерге кешіп көл.

Сендерді сүйгем,

Сыйқырлап алғам сендерді,

Күлемін қабір түнекке,

Өлімге сенбен,

Вокзалда күтем сендерді,

Қайтамыз үйге,

Жүректі қосып жүрекке.

Жапырақтармен орансын мейлі  бауларға, 

Қаралы  сөздер  жазылған,

Күллі әлем үшін өлген болсаңдар жалғанда,

Ендеше, мен де өлгенмін.

Мен көріп тұрмын,

Мен сезіп тұрмын бәріңді,

Ұмытқан жоқпын Сендерді,

Ұмыта да алман ешқашан,

Білемін бекер өлмеуді,

Кеңістіктерге шексіздіктерге бөлеулі,

Хат  жолдап тұрғым келеді.


 8 желтоқсан 1913


***



      ЧЕХИЯ ЖЫРЛАРЫ

 

Қыркүйек


          I


Төңірек түгел, кең мекен,

Жанымды жеген жарам сол,

Чехтарда теңіз жоқ екен,

Теңіз боп кеттім содан соң.

 

Керек жоқ жасқа қыш тұзың,

Өзіне қалсын жылдардың,

Құлдықпен өткен үш жүз жыл,

Азаттығына жиырма жыл.

 

Құдайың да бар,  Адамың,

Құрқылтайың да, жырауың,

Даңққа толы жиырма жыл,

Жиырма жылым жыр әнім.

 

Бейбіт елмін мен, күштімін,

Бір халық болып құралдым,

Құлдықта өткен үш жүз жыл,

Азаттығына жиырма жыл-

 

Бәріне.От және жай,

Бәріне. Ойын тойса егер,

Бәріне. Жұмыс және ой,

Қимылдар қолдар болса егер.

 

Көкпекте де, мектепте,

Жетістік қанша көгерген!

Үш жүз жыл өткен өкпекте,

Жиырма жыл еркін егемен.

 

Беу, қонақтар, күштірек,

Растаңдаршы шеп түзеп:

«Бәрі көктен түсті!» -деп,

«Ішпей-жемей өттік!»- деп.

 

Қос онжылдық арқалап,

(Толық емес сонда да!),

Мұндай ән-күй, салтанат,

Болмағандай жалғанда.

 

Қырандардың шыңында,

Қырансынып тұрады,

Нең қалды екен, шынында,

Қайран Чехия жұмағы?

 

Орманың бар бұталған,

Суларың бар тартылған,

...Үш жүз жылдан құтқарған,

Жиырма жылым жарқын ән.

 

Қызыл, сары, бояуы,

Көк пен жасыл жарысы,

Күдірейген жондары,

Қайда Чехия барысы?

     

Тыңда, орман,қамыстар,  

Сен де тыңда,Влтава,

Кек құрсанған арыстан,

Даңқың қайда Влтава?

 

Күллі  қайғың бір сәттік,

Көрген түстей батады,

Зорлықтарды  өткел ғып,

Атты азаттық ақ таңы!


12.11.1938


***


Наурыз


       VIII


Құйыл жасым, кел жыла,

Махаббат пен кек кешкен,

Жасқа оранған Чехия,

Испания қан кешкен.

 

О,Қаратау, Қаратау,

Күллі нұрды бүркеген,

Сөнген сынды жанартау,

Келген сынды бітер жер...

 

Бедламада адасып,

Жүруімнен бас тартам,

Қасқырлармен арбасып,

Сүруімнен бас тартам.

 

Акулалар табысып,

Қабысудан  бас тартам,

Тұңғиықпен қағысып,

Жарысудан бас тартам.

 

Ойың, жыраң,  терең де,

Керегі жоқ.Білмеймін,

Ессіз мынау әлемге,

Жауабым сол:Сүрмеймін!


15.03-11.05 1939


***


Отанды аңсау...мехнатын шерлене,

Зарығумен бір жыл өтті тағы бір,

Жалғыздықпен өтсе өмірің егерде,

Қайда өткені өміріңнің бәрібір.

 

Қай соқпақпен оралсаң да, қай көше,

Базар жақтан үйге қарай көңілсіз,

Менің үйім екендігі немесе,

Госпитал ма, казарма ма, белгісіз.

 

Жолбарыстай шатынсаң тордағы,

Қай ортада жүргенің де бәрібір,

Маңызды емес, кімнің неге қорлауы,

Қудалауға түссе егер тағдырың.

 

Себебі онан сезетінің бір сезім:

Мұзсыз қалған аю сынды Камчатта,

Сіңе алмасаң, шегетінің сол төзім,

Сол бір қорлық, қорлық  қайдан тапса да.

 

Қызық емес сөздерге еру, туысқан,

Тамашалау ұсақ айтыс, керісін.

Қарсы алдымнан кездескенмен ұғыспай,

Тұрғанымда айырма жоқ мен үшін!

 

(Оқырман мен тонналаған газеттер,

Жұтқышы мен сауғыштары өсектің...)

Жиырмасыншы жүзжылдыққа қажет ол,

Ал, мен күллі жүзжылдыққа қажетпін.

 

Гүлзарлардан алыс қалған дауылда,

Қатып қалсам бөренедей көздерде,

Маған тіпті бәрі бірдей, бәрі бір,

Бәрібір боп қалар бәлкім, безерде!

 

Мезгілдердің, төзімдердің, күнәмнің,

Түк қалдырмай сылып алды барлығын,

Ұмыт болып қалған қай бір жерлерде,

Сезімдердің қалдығын.

 

Мені сақтап қала алмады ел, далам,

Кірпік ілмей жансыздары күні-түн,

Сезімімнің жағалауын жайлаған!

Өзін-өзі аңдулардан танбаған.

 

Күллі мешіт, күллі үйлер, бос!Бөтен!

Һәм күллісі-бірдей, бәрі-бір Олар!

Бірақ, жолдан тұра келсе сүйектер,

Әсіресе, шетен гүлі қураған.


***


   ҰЙҚЫСЫЗДЫҚ


           I


Айқастырмай кірпікті,

Шығыршық  керіп  көзімді,

Ай жарық түні мұң күпті,

Түн ұйқы түлен безінді.

 

Түн бойы осы!Түн ұлы,

Сыйынба жалған құдайға,

Жасырған күллі сырыңды,

Беріп жібергенмін ұмайға.

 

Бұл да аз саған –күндізгі,

Алаулы жалын күн нұры.

 

Қос шығырды берейін,

Киіп көр сұрғылт шаттанып,

Ай жарық  түні көмейің,

Айғайға басты жақ талып.

 

Шақырғаның аз ба еді?

Жатқаным аз ба ед тапталып?

 

Тәтті түс көріп  жатырсың,

Бас ұрады әлі енді олар,

Тағдырдың мұнша соты үшін,

Ұйқысыз бикеш мен болам:

 

-Ұйықта,тынып,

Ұйықта мүлгіп,

Ұйықта күліп,

Бақты  әйел!

 

Ұйықтауың үшін жап-жайлы,

Әншің де болам мақтаулы:

 

-Ұйықта, жан құрбым,

Тыныш күлкісіз,

Ұйықта, сән күнім,

Ұйықта ұйқысыз.

 

Кімдерге хаттар жазбадық,

Кімдерге қанша боздадық,

Ұйықта  бүліксіз.

 

Бөліндік ақыры,

Бөлінбес жолдардан,

Босатты қолыңды,

Қара тас қолдардан,

Сен де енді, құтылдың,

Құрбандық тозақтан,

Тәтті түс тұтқында,

Босатты азап таң,

Барлығы ұйқыда!


8  сәуір  1916



***


Жатырмын сұлқ,

Мекендеп көрпе-моланы,

Шәкіртім менің болғанды,

Қаласаң ғана болғаны.

Атып тұрар ем сол сәтте,

-Естимісіңдер, адамдар?

 

Уиндин мен Саламандраның,

Оранып алтын, күмісін,

Кілемге мініп киелі,

Аралар ма едік күн ішін.

Түн.От және Айлы шат,

-Естимісіңдер, адамдар?

 

Асау тұлпармен көк тербеп,

Ұшуды құйғып сүйемін!

Лақтырар едім отқа өртеп,

Өткен өмірімді күйелі,

Ескі атаулының түгелін:

Кітаптарын да, гүлдерін.

-Естимісіңдер , адамдар?

 

Күлсандық кеудем зар қатқан,

Тыным тапқанда шер менен,

Шығар ем, ғажап Жаратқан,

Жасыңнан да, кәріңнен,

Ғаламат жасап бәріңнен,

-Естимісіңдер, адамдар?


1 маусым 1913


***


    ҮЙ

Көрер көзге бір түрлі,

Үйім осы күлкілі.

Ерек сезім арқалап,

Тұрады ол күн-түні.

 

Жонын  беріп қалаға,

Қолын беріп далаға,

Мәз болғаны қонжықтай,

Сүзенгені  қодықтай.

 

Анталаған шартарап,

Ортасында жаутаңдап,

Қарайды ол күллі есік,

Терезенің бәріне.

 

Қарайды ол тылдардан,

Құла түзге, құмдарға.

Терезе осы-жылаған,

Түрім осы суалған.

 

Қою күрең, өлі әнім,

Терезе бар, мен бармын.

Күндізде де, түнде де,

Жүру үшін қалқайып,

Өлім иіске бірге ере,

Кезем үйді үдере.

 

Ұйықтаса да, түнімен,

Ұяттанбас құзарлар,

Ұйқысыз түн –үйімнен,

Шығып барам шыдағам.


***


Арлы-берлі өтіп жатқан жанымнан,

Ей, адамдар білсеңдер ғой мендегі,

Жанбай өшкен қаншама от пен сабылған,

Еңбегім еш, тұзым батпан күндерді.

 

Қайдағы бір көлеңке мен сыбдырға,

Қаншама күш жұмсап, терім төккенім,

Ақырында соның бәрі қуғында,

Жүрегімде күл боп жанып кеткенін.

 

Вокзалдардың түн ұйқысын ұрлап ап,

Жол қататын ей, пойыздар, егерде,

Білгеніңде, білмес еңдер, мұң борап,

Жаным неге ышқынғанын және де:

 

Жан айқайым неге ащы шыққанын,

Будақтаған шылымымның ішінен,

Қанша алапат сағыныштар жатқанын,

Шаштарымның сап-сарала түсінде.


1913 ж, 17 мамыр


***


Биігімен қиындық пен уақыттың,

Жүріп өту із қалдырмай жарық күн,

Жүріп өту көлеңкесіз жолдардан,

Бәлкім нағыз жеңіс деген сол болар.

 

Ұсынса да, оны алудан бас тарту,

Айналардан сүртіп алу тасталу,

Тыныш қана Лермонтовпен Кавказға,

Шусыз кіру, соқтықпай шың, асқарға.

 

Ғаламаттың ғаламаты сол болар,

Себастянның саусағында оянған,

Таяқшамаен сазға тиіспей, басылып,

Шұңқырларда қалсаң күлсіз шашылып.

 

Алдап алу жеңіс шығар сол мүмкін,

Шығарылу есебінен кеңдіктің.

Мазаламай толқын суды жүгірген,

Мұхиттарды басып кіру білдірмей.


***


Айланып, толғанып аймалап,

Құшқандай тәжтөбе,тауды орай,

Әлдилеп жатқызам,жайлы орап,

Тәтті ұйықтап жатсын деп балбырай.

 

Сыртымен шонжарлар сарайы,

Былғары қолдармен кезерген,

Көнтасты құшқаны анайы,

Таралып кетерін  сезер ме ең?

 

Бірақ мен пұл да емен, құл да емен,

Қолдағым ол-дағы  қаптаулы,

Азаттық алып тұл түрмеден,

Санама бытырай аттанды.

 

Көретін тас ату құрметін,

Кіл ор мен кіл жыра айналам,

Дөңгелей қолдасқан кіл жетім,

Қоршаған жалғыздық айналам!


***

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар