Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Берік Жүсіпов: БАЙТАҚҚА БАСШЫ БОЛҒАН ҚОСАҒАЛЫ

14.06.2016 1154

Берік Жүсіпов: БАЙТАҚҚА БАСШЫ БОЛҒАН ҚОСАҒАЛЫ


13428553_1695439400707626_2807828374839378351_n.jpg



· Сарысу сапары

Ирелеңдеген ұзақ жол...


Бұл өзі бір күннің ғана әңгімесі емес, бірнеше жылдан бері барып-келіп жүріп, айтарымның түйісер тұсын тапсам да, қиысар нүктесі таптырмай келе жатқан тұтас бір әулетке – Тама көші тарихының бір тармағына қатысты әпсана еді.


Маралтайдың тақымында Ақаман досы сыйға тартқан сүліктей қара темір тұлпар. Жарықтық, екпінімен күре жолдың апшысын қуырып, бұрынғының бір күншілік жолын бір сағатқа сыйдырып, аңыздағы күлте жалды күліктерше құйындатып-ақ келе жатыр. Адамдары сеңдей соғылысқан алып шаһардан таң алагеуімде шыққан екеуміздің бағытымыз оңтүстік-шығыс, сәтін салса, Сарысу жеріне жетіп жығылсақ дейміз.


берик жусупов.jpg


Бұл жолы да көне Тараз шаһарының шетіне маңдай тіреген бойда әдетімізден айнымай, Асау ағаға – Асаубай Майлыбаевқа сәлем беруге бұрылдық. Жағалбайлы Тоғжанның «Гөй-гөй» деген ғажап бір әуені бар. Маралтайдың «ақ көкесі» сол Тоғжан ақынның жақын жұрағаттары. Бұл кісі туралы тамаша ғазалдар жазған ақынымның алдымен өлеңін оқып, содан соң ғана «ақ көкесін» көрген адам еріксіз езу тартар еді.


Сіз де аға, Қаратаудай қарасыз,

Жоқ-жітікке қолын созған шарасыз.

Түсіңіздің қаралығы ұмыт боп,

Бірте-бірте аппақ болып барасыз...


деп, «Ақ көке-ау!» деген арсалаң күлкі, ақтарылған болмысымен көкесіне риясыз еркелегенде мына жарық жалғанның жүзінде «көкеге» жарымай жүрген бейбақтардың кәдімгідей жүрегі сыздайды.


Жамбыл облысының орталығыннан «Қыз Жібек» лиро-эпосының кейіпкерлеріне арнап, сом тұлғасын тастан қашатып, еңсесі биік ескерткіш қойдырған Асау ағамен алдағы межелі міндетіміздің аужайын ойластық. Махаббатқа қойылған сол монумент қазір отау көтеруге ниет еткен Тараз жастарының тәу ететін қасиетті орнына айналыпты.


Асекең бірден Бергентай Омарбеков бауырының шаңырағына бастады. Бекең аға күту мен іні сыйлаудан алдына жан салмайтын қазақ қой. Қапелімде атшаптырым етіп дастархан жайдыртып тастапты. Әттең, уақыт-шіркіннің тапшылығы демесеңіз, Ершат ініміздің гитарасынан төгілген сырлы әндер мен тәтті күйлердің, Асау аға сыр ғып шерткен әсерлі әңгімелердің арқауын қанша қимасақ та, Сарысуға қарай бет түзедік.


Міне, көзді ашып-жұмғанша Тараздан да асып, Қаратау сілемдерін жағалап кетіп барамыз. Мынау қалып бара жатқан – өкпек желді «Берікқара». Алдымызда аңызға толы абыз дала – Майтөбе, Билікөл, Көктал, Ақтоғай. Сол қапталымызда «Көсегенің көк жоны», «Аю соққан» мен «Батыр баланың іздері», Жаңарық, Жаңатас, Бүркітті, Итауыз, Шабақты. Айдар тағуға келгенде алдарына қара салмайтын қайран қара шалдарым-ай. Өздерің белгісін бекітіп, еншілеп кеткен жер-су аттарының өзі құлақтың жарғағына жағымды, сондай бір әуезді естіледі.


Саудакент пен Жаңатастың ортасындағы биік төбенің басына Ысты жұртының Тілік бабаға қойған пантеон-белгісі мен Шоқай датқаның кесенесіне аялдап, құран оқыдық. Шабақты өзенінен кесіп өткен бойда сол беткейде жатқан қиранды төбеге көзім түсті. Бақсақ, кешегі Ортағасырларда ескі Саудакент шаһарының орталығы болған әйгілі «Күлтөбе» осы екен. Бір замандағы күнқорғандарды жермен жексен етіп, күлқорғанға айналдырған қатыгез тарихқа не айтарың бар.


Айтпақшы, бұл жолғы келу сапарымыздың мән-жайын түсіндірмеппін ғой. Сарысу ауданының орталығында Райымбек Ыбырайұлының рухына Құран бағышталып, халыққа Ас берілмекші. Қазаққа Маралтайдай дүлейді тарту еткен қара шал көзі тірі болса, 100-ге толар еді. Сол жиынның тізгінін менің қолыма ұстатпақ ниеттегі досымның жол бойы айтқан әңгімесінің ауаны бабаларының жүріп өткен бейнетті жолынан өрбіп келе жатты. Алшын-Тамаға қатысты арғы тарихты өзім де бір кісідей шамалап, көз алдынан көктей өткізіп келе жатқан едім. Ал мына Маралтай әулетінің басынан өткен зобалаң күндер тіпті қиын екен.


2014 жылдың мамыражай маусым айы.


Біз келген мезгіл Сарысу топырағының масаты мен мәулімнің түгіндей құлпырып, тұмса табиғаттың ойнақшып тұрған шағы еді. Сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Мәдібек өзінің өнегелі азамат екенін көрсетті. «Жайылма» ауылының кіреберісіндегі Тәкі талындағы айрыққа 24 қанат ақбоз үй тігіп, Райымбек ақсақалға арналған асқа жиналған дүйім жұртқа қонағасы берді.


Ас иесі – Маралтай. Ортамызда қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов отыр. Тараздан Асаубай Майлыбаев бастап, жазушы Несіпбек Дәуітай, облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков секілді бір топ ел ағалары келген. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, журналист Нұртілеу Иманғали, Дәурен Қуат, Әділ Несіпбай, әнші Марат Имашев, Сәуле Жанпейісова, Сәкен Қалымов, Жұбаныш Жексен, Сүлеймен Ибрагим, ақын Ғалым Қалибек, Әлібек Шегебай бар. «Жайылмада» өткен сол бір кештегі ас та төк көңіл, риясыз айтылған ән, оқылған жыр мен осы өлкеге қатысты тарих баянында қисап жоқ еді.


Ертеңіне Саудакенттегі орталық мәдениет үйінде салтанатты жиынымыз басталды. Халықтың көп жиналғандығы соншама, ортада ине шанышатын орын болған жоқ. Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстық әкімшіліктерінен келген құттықтаулар мен жеделхаттар оқылды. Содан соң асқа жиналған халық облыс ақындары арасында ұйымдастырылған сөз сайысын тамашалады. Айтысқа қатысқан сегіз ақын да мереке соңында бір-бір тай мінді. Маралтайдың мұнысы жыққан палуанға да, жығылғанға да жүлде беретін қазағымның байырғы салтанатты шағын еске түсірді.


Түс ауа Ас тарқады. Кешкі салқынмен Қазақстанның әр қиырынан жиналған өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен Гала-концерт өтті. Мереке-жиын күрмелер тұста Алатау мен Атыраудың арасынан қол қусырып келген ағайын, туыс, бауырлар, Маралтайдың достары қайтуға рұқсат алды.


Келесі күні сәскеде Тәжібай шалдың бауырынан тараған ұрпақ Маралтай «Қызыл өлең» деген қасіретті жырын арнаған Ұлташ жеңгесінің отының басында Оңтүстік өңірі қазақтарының үрдісімен «Құдайға шүкір!» рәсімін жасады. Сосын «Игілік» ауылының іргесіндегі зиратта жатқан атасы Ыбырайдың, әкесі Райымбек пен анасы Дариғаның, бауырлары – Біртай, Ілтай, Ізтай, Бергентай, Аралтай, Асқартайлардың басына барып, құран оқыдық.


Сөйтіп, Маралтай мен Жаңатайдың иықтарынан бір жүк түскендей болып еді. Бұл кезде Раушан, Майгүл, Айгүлдер де кезегімен жолға қамданып жатты. Менің ойыма «Шыққан қыз шиден тысқары» деген қазағымның қастерлі сөзі оралды. Бірге туғандардың Ас таратып, өздері де арқа-жарқа болып тарқасқанын көріп, біздің де көңіліміз толып тұрды. Түбі туыс адамға мына азғантай тіршілікте осыдан артық қандай ғанибет болуы мүмкін. Ұлташ жеңгеміздің буырқанған бозасының тіл үйірген дәмін қимасақ та, біз де сапарымызды жалғап, ат-көлігімізді қамдап Алатауға қарай бет түзедік...


Өткен сапарымыздың бірінде Ыбырай шалмен бірге туған Нұрманның Кентай деген баласының отының басына түскен едік. Бұл кісінің жұбайы Қаражан – Маралтайдың «ақ көкесі» Асаубай ағаның апасы екен. Кенекеңнің өзі өмір бойы жылқы бағып, табиғаттың тәлімін түйген, шама-шарқына қарай ескі сөзге ден қойған қазақ. Әкесі Нұрман жігіт шағында палуанға тұрыпты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Кенекеңнің екі иығына екі адам мінгендей қазіргі пошымын ажарлап тұрған күректей қолдары көз қарықтырады.


Сірә біз борышты болсақ, елдің өткен тарихын білетін осындай кісілердің алдында ғана борышты шығармыз. Әйтпесе аттың белі, атанның қомында жүріп, қазақ қайда бармаған, ғазиз бабаларымыздың асыл сүйегі қайда қалмаған? Өкініштісі сол, соның бірінің тарихын шала білсек, екіншісінен мүлдем бейхабармыз. Ал алдамшы уақыт талай уақиғаның бетін осылармен бірге бүркеумен келе жатыр. Арамызда тірі жүргенде үлкендеріміздің қадіріне жеткенге не жетсін!


Әлгі нар қазақ осы сапарымызда тағы бір сауапты іске мұрындық болып еді. Менің досым қазақ поэзиясының көсегесін көгертемін деп елден ерте кетіп, өзін-өзі азаптың сан түріне салып жүріңкіреп қалған ғой. Маралтайды сөз тізгінін ұстап, Жөгі шежіресін шақалап отырған Кентай көкесінің тағы бір сөзі елең еткізді.


Жарықтықтардың қасіретке суарылған жырының қай қайырмасын айтып тауысарсың. Шөл Арқадан Бетпақ даласы арқылы шығып, шұбалаң жолға түсіп, Шу бойын жағалай отырып, қазіргі Сарысу топырағына маңдай тіреген қалың Тамаға қатысты Ықылас пен Сүгірдің тоғыз тарау толғауы сияқты шер-күйік әңгіменің нобайын Кенекем тым алыстан қайырды. Сонау қасіретті тарихқа – ашаршылық жылдары Арқадан ауған ақ киіктей Таманың қасіретті көшіне ілескен Жөгі әулетінің талайсыз тағдырына әкеліп тіреді.


Қосағалы баласы Сасықбайдан туған Тәжібай, Әжібай, Қойлыбай, Жақсыбай деген ағайынды жігіттердің сүйегі кешегі аштықтан бұратылған зұлмат заманда Бетпақтың шөлінде қалған екен. Бір жылы Тәжібайұлы Нұрман Бетпақта – «Жыңғылды ой» деген жерде жатқан әкесінің қорымына алып барып, 10 жасар Кентайға:


– Мына жерді есіңде сақта, балам. Тірі жүрсең сен де кейінгі ұрпағыңа көрсетерсің – деген әке өсиетін Кентай ақсақал арада 70 жыл өткенде барып орындады. Тағы да сол Маралтайды ертіп алып, Тәжібай бабасының басына белгітас қою үшін «Жайлаукөл» арқылы жолға шыққан. Сол жерден «Жыңғылды ойды» тауып беретін жолбасшы алып, баяғы бала күнінде көрген, аталары отырған сары белге жетті.


– «Жыңғылды ойды» тауып берсеңдер болды, қалғанын өзім көрсетемін деген сөзінен сонда қатты қиналды. Көліктен түскеннен кейін жер шұқылып біраз отырып қалыпты. Қанша айтқанмен, 70 жыл уақыт адамның жадын көнертеді екен ғой. Бірге еріп барған бауырлары дегбірсіздене бастағанда ғана:


– Жаңылмасам, жақын шамада тұзды құдық болушы еді – деді. Содан жабылып іздеп жүріп, әлгі құдықты тауыпты. Осы кезде Кенекемнің ескі жады жаңарып, төмпешік болып үйіліп жатқан мазарлардың ізін қолымен сипалап жүріп ажыратып, зор денесімен еңкілдей босап, көңілдің кілті мен көзінің жасына ерік беріпті. Сол жерде аруақтарға арнап Құран оқып, алып барған жандықтарын құрбан етіп шалып, бабаларының бастарына белгі орнатып қайтыпты.


Ол әңгімесін сабақтай түсті.


Баяғы арып-ашып, өлдім-талдым дегенде барып, «Көкжондыға» маңдай тіреген Тәжібай баласы Ыбырай шалдың өзіне қарасты туыстарының жағдаятын айтты. Е, айтарыңыз бар ма, текті ұрпақтың кесек қимылдары көзімізге еріксіз жас үйірді. Міне, күні кеше ғана, бізден бір-екі буын ілгері өмір сүрген қазақ қандай болған!


Осы уақиғаның бәрін ертерек сұрап алуға менің досымның туған топырақтан тым ерте қол үзіп кеткендігі себепші болған сияқты. Қалай болғанда да ет пен сүйектен жаралған пендесіне құдіреті күшті Құдайдың сәтін салатын күні болушы еді ғой. Маралтайдың Қыбыр әжесінің де жерленген жерін білетін тағы жалғыз куәгер Кентай көкесі болып шықты. Онсыз да сығыр көздері одан әрі жұмылып, ақыным әңгіменің ішіне еніп кеткен екен. Сол сәтте оның өзін таптырған қара шалдың абзал анасының басына барып, рухына тәу етіп, жатқан жерінің топырағын сүюді ғана ойлап отырғанын мен де іштей ұғып отырдым.


Содан «Көкжондының» белінде төбешік болып жатқан жарықтықтардың мәңгілік мекендеріне ат басын бұрдық. Айнала тұнған меңіреу тыныштық. Мәңгілік сапарға көшкен асылдардың көне жұртының орны ғана жатыр. 1950 жылы дүние салған Тәжібайұлы Нұрманға қойылған белгіні көрдік. Қыбыр әженің қабірі содан таяқ тастамдай жерде ғана жатыр екен. Әбден ойылып кетіпті. Маралтай қабір басындағы дөңес топыраққа шыққан көкмайсаны аялай сипап, әжесі жерленген жерге жүресінен отыра кетті. Сәлден соң орнынан қайта тұрып, қырмызы қызыл гүлге оранған қыр бөктеріне қарай беттеді. Біршама уақыт өткен соң қайта келіп, «Басына белгі қоюым керек!» деді.


Ақыным уәдесінде тұрып, келесі жылы Қыбыр әжесінің рухына Құран бағыштатып, басына белгі тас қойды.


Уа, кейуана!


Бағынан бұрын сорының салмағы басымдау болып келе жатқан мына ат төбеліндей қазақтан жұлдызы жарқырап, таңдайына ерекше бояу дарытып туған Маралтайдай маңдайы кере қарыс перзентіңді қолдап-қорғап, желеп-жебеп жүргейсің!


· Таманың тәуекелі


Телефоным қоңыраулатып жатыр екен.


Тұтқаны алып, құлағыма тосайын дегенше, Маралтай қордаланып қалған жаңалықтарын жайып салып үлгерді. Бұл жолғы «олжасы» тіпті ғажап, Жаңарқа ауданы аймағындағы «Ақтау» елді мекенінде сүйегі жерленген түп бабасы Қосағалының бейітін тауып, жанына жақын-жуықтарын ертіп, сол жарықтықтың басына барып, тәу етіп келіпті. Арқадағы ағайынмен қауыштырып, жолбасшылық жасап қайтқан ақын Ғалым Жайлыбай, ал оған телефон арқылы хабар салып, батырдың бейітін көрсетіп жүрген Жақсыбай Сүлейменұлы деген осы өңірдің байырғы тұрғыны екен.


Мәселенің мән-жайы енді түсінікті бола бастады. Бұл баяғы қазақтың бір сүйем жерін орыстың орамына бермеу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп өткен Сырым батырдың қосынында болғандықтан, ақырында империядан қысым көріп, Батыстан үдере көшетін Алшын Тама мен Жағалбайлының Арқада отырған аз ағайынды сағалап, ақсирақта ауа көшіп Шуға құлаған қасіретті тарихының ізі ғой. Әлі күнге дейін бас-аяғы жүйеленбей келе жатқаны мынау.


Тарихтың киіз кітабын парақтап отырсаң, мына ер халықтың өткеніне қатыстының бәрі «тәуекелден» тұратын сияқты. Тіпті қазақтың «Ер серігі – тәуекел!» дегені тура осы әулетке арнап айтылғандай. 1932 жылдың қанды қараша айында Арқадан босқан Тама көшіне ілесіп, көретін жарығы барлары Шабақтыға жетіп жығылып, пешенесіне ондай бақ пен несібе бұйырмағандарының сүйегі жапан түзде қалған қайран ел. Сөйтіп, әке баладан, қыз анадан айрылып, аталас ағайын бір-бірінен көз жазып, «байтал түгіл бас қайғы» болып кеткен зар заманның зардабы ғой.


– Сол ғазиз бабамның басына белгі қойдым, енді аруағына Құран бағыштап қайту үшін жолға қамданып жатырмын. Осы сапарға сенің де бірге жүргеніңді қалаймын, досым – деп қиылған сөзін жерге тастай алмай келіп, Саудакентте – Кентай ағасының ауласында Басие, Мираш, Дәріпбай, Үмташ, Мұраш, Әбітай, Алпысбай, Мұраттардың қатысуымен өтіп жатқан келелі кеңесте отырмыз. Кенекеңнің шаңырағы Тәжібай әулетінің жиналып, мәселе шешетін штаб-үйі сияқты. Түйткілді нәрсенің бәрі осы жерден түйінін тарқатып алып кетіп жатады.


Осының алдында ғана Қарағанды арқылы, күнделікті көлік ағылып жатқан күре жолмен жүретін болған. Бұл жолы Бетпақтың шөлін қиып өтуге ымыраласып, тамаларым тас түйін жиналып отыр екен. Неге екенін қайдам, менің ойыма бірден «Таманың тәуекелінен сақтан!» деген бұрынғының сөзі сап ете түсті. Бірақ енді сақтан не, сақтанба не, шешім қабылданып қойған. Таңмен таласып, жолға шығуымыз керек.


Мені жолбасшының жайы алаңдата бастады. Арамызда жол білетін Витя деген жалғыз орыс бар. Ол да бір «білмеймін» деген сөзді айтпайтын қалбалақтап қалған неме екен. Айтуларына қарағанда, тағы бірнеше адам – Жетпісбай мен Алтай да жол танитын тәрізді. Бірақ ол жұбатуларына иланып тұрғаным шамалы. Алдымызда бұрынғыдай ел жоқ, Тамаға дейін де, Тамадан кейін де қазақтың Бетпақтың беліне шығып, мал бағып, тіршілік жасаудан қалғаны қашан. Сапарға шыққан Жексен, Жаңатай, Ғалымдардың қай-қайсының да жер бедерін тек аздап шырамытқандары ғана болмаса, Сарысу мен Арқаның арасындағы ескі сүрлеуді түстеп танитын бір адам көріп тұрғаным жоқ. Шөл дала туралы кітаптан оқыған Маралтайдың Жұматайы мен Сырда өскен маған енді тек Құдайдың өзі жар болсын деңіз.


Міне, Саудакенттен де шыққанымызға толық 16 сағат болған екен. Тоқтамастан өндіріп жүріп келе жатырмыз. Сарысу өзенінің төменгі сағасы мен Балқаш көлінің аралығындағы байтақ алқап, үстіртті шөл, батысы мен шығысының, солтүстігі мен оңтүстігінің арасы бірнеше жүз шақырымды алып жатқан шалқыған дала жеткізіп болар емес. Әбден сілелеп келеміз.


Тек «Желтау» жотасына жетіп, қыратты белдерге көтерілгендегі көкірек керген ауаның нәрі бөлек еді. Соған қарағанда жер бедерінің ең биік тұсы осы-ау шамасы. Жыралы сай болып тілімденген жазық дала Сарыарқа шоқыларына жанасқанда табиғат та өзгеріп сала берді. Бетпақтың шөлі дейміз-ау, жол бойы жердің жарығынан шығып жатқан көзді бұлақтарға көзім түсіп келеді. Сортаң мен тақыры көп, ал күрең топырақты жерлерде жусан, баялыш, ояңда – бұйырғын, қараған, теріскен өседі екен.


Әне, бір қапталдан киік қашты. Жарықтық, танауы делиіп, адамнан онша қорқар емес. Топтан бөлініп шығып, оқ жетер жерде жалғыз буаз ешкі жайылып тұр. Мына шіркінің керілген кер даланың көркі екен ғой. Көлігімізді қаңтарып қойып, шұбырған бөкеннің шаңын қызықтап ұзақ тұрдық.


Жазы аптап әрі қуаң, қыс айларының қытымырлығына қоса қар да жұқа түсетін бұл даланың тілін тапқан тек Маралтайдың арғы бабалары – тәуекелшіл Тамалар ғана! Әйтпесе, бұл жерді түбегейлі қоныс етпек түгілі, әуелі бір күн жан сақтаудың өзіне алдымен үлкен жүрек керек. Жолға шығар алдында ойыма оралған «Таманың тәуекелі» деген сөздің түп төркінін мен енді ғана түстеп түсіне бастағандаймын. Ирелеңдеген түз жолы ақыры бізді адастырып тынды. Ел сағынған ағайынға «Айшырақтың» қарасы қас қарайған тұста әрең көрінді.


– Сіздер іздеп келе жатқан «Ақтау» ауылы осы арадан алыс емес, – деді, бізге жол сілтеген жігіт ағасы.


Біздің алдымыздан шығып, күтіп алған екі кісінің бірі – үй иесі Ұзақбай да, екіншісі Жақаң – Жақсыбай ақсақал. Қосағалының басына белгі орнатқан Халық Смақовпен де осы жерде таныстық.


Күн ұясына батуға тұсау бойындай қалғанда Қосағалы кесенесіне жетіп, Құран оқып, бабаларының асыл рухымен қауышқан ұрпақтары өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмей отырды. Батырдың басына қойылған белгітас та ерекше еңселі екен. Өзінің әуелгі қалпын 1950 жылдарға дейін сақтап келген кесене жауын-шашын мен жел-құздың әсерінен кейінгі жылдары ғана кетіле бастапты.


Көптен күткен қуаныш сезімінен болар, мына жөгі ағайынның жүрегі кеуделеріне сияр емес. Өйтпегенде ше, ашаршылықта Арқадан ауған Алшын-Таманың бір аталығына қарасты әулет араға жылдар салып, баяғы ер бабасы мен асыл аналарының табаны тиген топыраққа тәу етулерінің өзі бір Алланың қалауымен болған жұмыс. Мына қас қағым мезет тарих үшін дым да емес болуы мүмкін, әрине. Алайда, ет пен сүйектен жаралған пендеге арғы бабасының сүйегі сарғайып жатқан жердің орны ерекше. Оны біздің қазақтың қай баласы да жақсы түсінеді. Бүгін Сарысудан таң сарғая шыққан бір қауым ел Арқаның құба белінде батқан күннің қызыл арай шапағымен Қосағалы бейітінің басында қауышамыз деп ойлады ма екен? Ниет еткен мақсатты жеріне жетіп жығылу дегеннің өзі бір бақыт екен ғой.


Көңілдері орныққан Жөгі жұрағатының алды тәтті ұйқыға кірісті. Мына мүлгіген тыныштың құшағындағы таза ауада бұларға қалып тұрған одан басқа шаруа да жоқ. Біз Халық бауырымыз екеуміз Жақаңның әңгімесін тыңдауға пейіл білдірген едік. Түн ортасы ауып кеткеніне қарамастан, «Бір кәделеріңе жараса болар» – деп, ол да білгенін базарлай бастады.


«Ақтаудың» түні тұп-тұнық. Далада шегірткенің шырылы мен анда-санда бір «әуп» еткен маң төбеттің құмығыңқы дауысы, үй ішінде шежіре шертіп отырған үшеудің баяу үнмен, бабымен айтылған көне кептің кербез жаяу әуені ғана естіледі.


– Қарағым, Берік! Мен жасымнан жақсы әңгімеге құмар болдым, сөйтіп жүріп мына ел табанының тарихын білетін кісілердің көзін көріп, тәлімін түйдім. Менің нағашым Таманың ішінде Жөгі әулетінен шыққан айтулы қобызшы Ықылас Дүкенұлымен бірге туған Жанас деген кісі, хабарың да бар шығар. Мен соның Жұмакүл деген қызынан туған жиенмін.


Жарықтық Ықаңның Шәкі деген тарақтының қызынан туған тұңғышы Түсіпбек ауқатты адам болыпты. 1928 жылы Арқадағы алшын, тама, жағалбайлы руларының шақа Түсіпбек, айдарбалта Әуесбек пен Иманбек, жабал Төленбек, алакөз Өксікбай мен Қақу, шажа Ақберген, ноғайлы Түсіп секілді ірі байларының мал-мүліктері жаппай тәркілеуге ұшырапты. Сол кезде Мәскеуде К. А. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясында оқып жүрген Жәмбілбек әкесіне келіп «Төрт түлігіңді халыққа таратып бер, түбінде осы өзіңді шаян болып шағып жүрмесін» десе, Түсекең: «Құдайдың өзі берген мал, ешкімнен зорлық қылып тартып алғаным жоқ, таратпаймын» деп көнбепті. Ақыры әлгі бай-болыстардың барлығы Оралға жер аударылыпты.


Ықылас әулетінің басына қара бұлт үйрілген шақта немересі Жәмбілбек елінен қашып шығу үшін ағайын арасынан мінуге ат сұрап ала алмапты. Сонда қасірет қамытын толық кигенін біліп, жамағайыны шақа Шағырбайдың Жәнібегіне шарасыздықтан күні қараған себепті Түсіпбек бай айтыпты дейтін:


Қайран жер, қайран халқым, елді айтайын,

Елді айтпай көп қайғыда немді айтайын?

Бұл дағы әңгіме болып өтіп кетсін,

Жәнібектен ат сұраған жерді айтайын.


деген өлеңнің бір-екі шумағын қайырған тұста Жақаң кәдімгідей арқаланып, жонданып кетті. Халық мұрасын хаттаған асыл жады мөп-мөлдір күйінде тұр екен.


Ақыры екі жылға жете оқыған Академияны тастауға мәжбүр болған Жәмбілбек әуелі Өзбекстанға, одан Тәжікстанға өтіп, Қарсы, Қузар деген өлкеде «Қаншайым» аралында тұрған жылдарында бау-бақша егіп, одан Ауғанстанға асып, 1943 жылдары «Шыршық» арқылы Талас ауданына келіп, «Ақкөл» деген совхозда жұмыс жасапты. Кеңес өкіметі социалистік ірі ауыл шаруашылығы өндірісін қолға алу туралы ұран тастап жатқан тұста осы саланың маманы ретінде атамекенінде совхоз басқарып, Шу өңірінің маса-сонасынан қашырып, мал жайылымын Бетпақтың шөлі арқылы Арқа бетке шығара бастағанда, Жәмбілбектің аман-есен елге оралғанын естіп, 1947 жылы, жаз жайлауда Бүгіл өзенінің жағасындағы «Тасты» совхозында отырған жеріне академик Әлкей Марғұлан іздеп келіп сөйлесіпті.


– Сіздер ғой мына сары даланы Арқа дейсіздер. Бұрынғы қазақтың мұны қалай атағанын білесіздер ме? Қара топырақты Торғай, Қостанай, Көкшетаудың барқытты жерлерін «Қарарқа»; Ақмола, Кереку, Өскемен, Семей жақты «Жонарқа»; Балқаштың Бектау Ата, Жарық, Ұлытау, Ақжар, Сарысудың оңтүстігі, Сыр алқабын «Сарыарқа»; Қызылтау, Ақтау, Қу мен Мұңлының қойнауы толған бұлақты алқаптың Бетпақ бетін «Шөларқа» деген. Ал енді Тайатқан, Шұнақ, Арқарлы, Ірге тау, Тама тауы мен Көктас өзенінің оңтүстік сыртын – «көкпектен басқа шөбі жоқ, көкектен басқа құсы жоқ» жерді «Дуана» дейтін. Сіз ғалым адамсыз ғой, менің осы айтқан сөзімді келешекте бір ескеріңізші – депті.


Жақсыбайдың Қосағалы батыр туралы дерек алып, көп тыңдаған кісілері осы Жәмбілбек Түсіпбеков, Тәжи Жанасұлы, Көпжан Мұратұлы, Дихан Әбілев, Жарылғап Шаймерденов, Көпжан Мұратов, Амалбек Сейдімбеков, Жәркен Қалқаманов, Рахмет Әбдікенов, Бұралқы Құдайбергенов, Құлбек Айдарбеков секілді ескінің сөзін келістіріп айтатын білгірлер екен.


Арқаға келген ағайын қалың мал беріп қыз алып, өздері де қыз беріп жегжаттасу арқылы Арғын арасында жеті Момын мен бес Мейрамның балаларымен жақындасып, бірте-бірте сіңісе беріпті. Соның ішінде әсіресе Қуандық пен Сүйіндік ұрқымен етене болған сияқты.


– Мен өзім 10 жасымда Шу бойындағы қыстауға түйемен барған ұрпақтың ақырымын. Әкем қой бақты, сол жақта нағашыларым тұрды. Тіпті бір жылдары Байқадамдағы Сталин атындағы орта мектепте оқыдым. Түйе мінген қазақ көрген жолын ұмытпайды ғой. Көптеген жер аттарының жадымда жатталып қалуы содан болар – деген Жақаң, Маралтаймен алғаш қалай танысқандығын есіне алды.


– Бұл 2014 жылдың, қазан айы еді. Бетпақтың даласы арқылы тама Шәукембай, Алашбай, Уыт деген кісілердің басына зиярат етуге бардық. Жас кезімде мен бұл маңайда Рахпанұлы Қосағалының тұқым-жұрағатына қойылған белгіні көрген жоқ едім. Сарысудан Арқаға қайтар сапарда шай қайнатып ішу үшін тоқтаған «Жыңғылды ой» деген жерде, сексеуілдің арасында белгітас тұр екен. Содан мән беріп барып қарасам, есентай Тәжібай, Әжібай, Жақсыбай ұрпақтарынан қойылыпты.


– Мынау жатқан Тәжібайың таманың Есентайы, менің нағашы жұртым. Бұдан ұрпақ бар екен ғой – дедім, іштей күбірлеп. Біздің елде есентай Тілеуліқызы Әшіркүл деген болды. Өзі менің шешемді сіңлім деп араласатындықтан, маған нағашы апаңмын деуші еді. Ойыма бірден сол түсті. Әшіркүл апай бабалары туралы жылап отырып әңгіме айтқанда, «Бұл маңда өзі Есентайдан басқа ел болмады ма екен?» дейтінбіз. Бақсақ, қыздың сағынышы мен құрметі басқадан бөлек болады екен ғой.


Арқада қырықбойдақ Сапалай Исатайұлы деген Маралтайдың әнші аталары өткен. «Екі айна», «Сәулем-ай», «Мұхида-Шайбан» деген халық арасына көп тараған әндерін Тұрғанбайдың Қасымбегі деген ағамыз татардың он екі тілді гармошкасымен айтатын. Сол Мұхида-Шайбан әліп Ерубай бидің Бекұлы деген болыс баласының Мағрипа, Шәрипа атты қос қызы екен. Әуелде нағашы жұртым – Есентай әулетіне менің көңілімді аударып, ықыласымды түсірген осы ән болатын. Сөйтіп, іздей келе, аталарының шежіресін тармақтай тартып, Маралтайыңды да таптым-ау...


Содан Қосағалының жайын естіген бойда тік көтерілген Маралтай мен бауыры Жаңатай «Ақтаудан» бір-ақ шығады. Жаз мезгілі, ораза айының тұсы екен. Әуелгі сапарда да бұлар Ұзақбайдың үйіне түсіп, «Ақтау» ауылының әкімі Ахат Отарбаевты ертіп алып, Қосағалы бабасына тәу етіпті. Содан соң Халық замандасына батыр бабасының басына белгі орнату туралы қолқа салады.


Куәсіз сөздің көбі өтірік. Кешегі дүрбелең тарихты көзімен көрген куәгерлердің сөзін жеткізіп отырған мына Жақсыбай қарт айтқан әңгіменің ауаны бөлек еді. Бірін екіншісіне соқтырмай, көненің көмбе болған деректерін шетінен аршып беріп отыр.


Тоқа Телқозының Зейнет деген баласынан туған Шоң бабасы беделді кісі болыпты. Бір жылы Қаржастың биі Шоң дүние салып, бауыры Шорман ат арбамен Түркістанға алып бара жатқан жолда Телқозы Шоң бидің мәйітін келіншегі перзентті бола алмай жүрген баласы Зейнетке бір түн күзеттіріпті. Таң алдында жолға шығып кеткен Шорман кері қайтып келіп, Зейнеттің келіншегіне қаратып, «Келін шырағым, батамды берейін деп қайта айналып келдім, етегіңнен жан. Ұл тусаң Шоңдай-ақ болсын, перзентіңнің атын Шоң деп қой» деп батасын беріпті. Міне, Жақаңның арғы аталарының сойы.


Жақаң ел арасындағы есті сөздің желісін жалғай келе Арап батыр, жағалбайлы Қондыбай, Мама, Бұлди; жөгі Қылыш болыстың әкесі Сеңгірбекұлы Итемген, көзей Бердіқожа болыс, Тәненұлы Бейсен би, Жұма батыр туралы тамаша әпсаналарға да кезек берді. Төлеген Жұма батырдың обасы Қу тауының арасынан өтетін «Аршалы сайдың» басында жатқанын айтып, оған да бір сілтеме жасап қойды. Міне, осы айтылып отырған адамдардың бәрі күні кеше ғана өмірден өткен жақсы мен жайсаңдар еді дегенге бүгінгінің баласын сендіре аларсың ба?!


Маралтайдың туыстарын төріне түсірген Ұзақбай Оспанов өзі бір қарапайым, мал-жаны тел өскен кісі екен. Ұзекеңнің үйіндегі қонағасы үстінде кешегі заманда Арғын мен Тама қатар отырған кездегі сән-салтанатты сағынышпен еске алған сайын ағайынның жады жаңғыра түсті. Бабаларының ескі қонысын іздеп келген Маралтайдың туыстарының Арғын ағайынға қатысы жоғы да аз екен. Бірі жиен, бірі нағашы, екеуара алақалжың әңгіме. «Елге келіп, ел қосылды» деп шұрқырасқан жайсаңдар қимай қоштасты. Қосағалы рухына кіші хатым сағыр жасалып, Құран шығару үшін Сарысудағы елдің аманаты тапсырылды. Байқадамнан келген бауырларына ағалық ізет көрсеткен Жақсыбай мен Ұзақбай ақсақалдарға тиісінше құрмет көрсетілді, Халыққа ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Содан соң баталасып, Қосағалы мен Тойғұлы тұқымы жолға шықты.


Біз де көлігімізді Бетпақтың шөліне қарай бұрдық. Соңымызда сағымданып Арқаның құба белдері қалып бара жатты. Тәуекел, не де болса нар тәуекел! Ата-баба рухын құрметтеген жанның ескерусіз қалғанын естіген әзірге ешкім жоқ. Осы төрт түліктің төресі атанған түйені «таманың транспорты» деп әзілдеседі екен ғой. Сол сөздің жаны бар шығар деп қалдым. Орыстың отарбасы әлгі өзіміздің дәудің қасында мүлік емес екен. Сарысуға жеткен бойда Маралтай екеуміз мініп келген су жаңа УАЗ-дың күлі де қалмай өртеніп кетті.


Құдай сақтады, бас садақасы, жануардың жеріне жетіп жығылуын қарасаңшы...



· Қосағалы қорымы


Біздің қазақ жер дауы мен төрт түлігінің өрісіне қатысты шиеленісті мәселе туған кезде байырғы ата-бабаларының сүйегі жатқан ескі қорымдарды табан тірейтін тиянақ еткен. Қазіргі Қарағанды облысындағы Жаңарқа ауданына қарасты «Ақтау» елді мекенінің аумағында «Қосағалы қорымы» деп аталатын тарихи жердің бар екенін жергілікті халық бұрыннан жақсы біледі.


Жалпы «Қосағалы қорымы» аймақтағы жергілікті маңызы бар археологиялық ескерткіштер қатарында «ерте темір дәуіріне» жатқызылып, Мемлекеттік тізімге енгізілген. Бұл кезінде Қазақстан Республикасының мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммедтің келісімімен Қарағанды облысы әкімдігінің 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 11/03 қаулысымен бекітілген. Ескерткішке қатысты құжаттарды сол жылы, маусымда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңына сәйкес аймақтық Әділет департаменті тіркеген. Сол тізімнің № 386–387-ші қатары біз сөз етіп отырған «Қосағалы қорымына» қатысты екен.


Бір айта кетерлігі, күні бүгінге дейін тарихи орынның арнайы «қорғау аймағы» анықталып, жергілікті құзырлы мекемелер тарапынан «қорғау тақтасы» орнатылмаған. «Атасу» өзенінің Батыс беткейіндегі «Қосағалы қыстағынан» оңтүстік-батыс бағытқа екі, «Ақтау» ауылынан солтүстік батысқа қарай сегіз шақырымдай жердегі Қосағалы батыр Рақпанұлы кесенесінің сипаттамасымен біз де танысып шықтық. Онда былай делінген:


«Могильник Косагалы – 1. Эпоха РЖВ (ранний железный век – Б. Ж.). Состояние: удовлетворительное. Место нахождение: в 1,7 км к западу от зимовки Косагалы, в 8 км северо-западу от села Актау. Описание: Могильник состоит из 3-х курганов с каменной насыпью. Курган 1 – диаметр 11 м, высота 0,3 м; Курган 2 – диаметр 6 м, высота 0,2 м; Курган 3 – диаметр 4 м, высота 0,1 м. Могильник Косагалы – 2. Эпоха РЖВ. Состояние: удовлетворительное. Место нахождение: в 0,8 км к западу от реки Атасу, в 2,1 км к юго-западу от зимовки Косагалы, в 8,3 км от села Актау. Описание: Могильник состоит из кургана с каменной насыпью и ограды. В нескольких метрах от могильника находится казахское кладбище, насчитывающее 17 могил овальной в плане формы с каменными насыпями. Ограда выложена из камня, из плашмя положенных друг на друга каменных плит (7 слоев) раскопана. Прямоугольной в плане формы. Длина 10 м, ширина 8 м, высота 1 м. Курган – диаметр 11 м, высота 0,3 м».


Орталық Қазақстан аймағындағы «Қосағалы қорымы» деп аталатын мәдени нысанды алғаш рет құжаттап, сипаттама берушілер тарапынан хатқа түсірілген мәліметтер әзірге – осы.


Архелогия ғылымы баламалы әдіс бойынша, көне Сақ дәуіріне тән ескерткіштерді сыртқы қалпына қарай жүйеге келтіру кезінде міндетті түрде белгілі бір дәуірлерге телитіні жасырын емес. Алайда ол кейін қайта айналып келіп, алғашқы деректерді негіздей түсу талап етіледі дегенді ишаралайды. Өйткені ғылымның қай түріне болса да «айттым – бітті» деген қасаң қағида жүрмейді. Бұл қай ғылым саласы үшін де жазылмаған заңдылық болып есептеледі. Сондықтан да қазіргі таңда ғылыми айналымға «Қосағалы қорымы» деген атпен еніп тұрған мына тарихи жер атауына қатысты да басын ашып алатын мәселелер баршылық. Біз соның кейбіріне ғана тоқталып өтпекпіз.


Біріншіден, нысанды алғаш құжаттаушылар Қосағалы Рақпанұлының ХVIII–ХIХ ғасырларда, Абылай ханның тұсында өмір сүрген тарихи тұлға екенін ескермегендіктен, ол туралы ешқандай мәлімет көрсетпеген. Олай болса, аталмыш нысанның сипаттамасы мен құжаттары қайта жасалып, міндетті түрде кейінгі деректермен толықтырылуы керек.


Екіншіден, «археологиялық ескерткіш» деген ұғым көбіне-көп әбден шөгінді болып кеткен нысанға қатысты қолданылады. Ендеше, мына нысанға тарихи-сәулеттік деген мәртебе беріліп, әуелгі қалпының 50–60 пайызын сақтаған Қосағалы кесенесі ұлттық-мәдени мұраға жатқызылуы тиіс.


«Қосағалы қорымы» деген ортақ атауда «археологиялық ескерткіш» сөзін археологиялық әдіспен жергілікті топонимикаға әлсіз таңу жайттары көрінеді. Мұның бәрі археолог-мамандар мен сәулетші-реставраторлардың және нысанды пайдаланушылардың арасындағы ведомстволық алағайлықтың салдары болса керек.


Үшіншіден, белгілі бір тұлғаға тұрғызылатын кесене мен қорым атаулыны бұрынғы тарихи қорғандардың жанынан салу үрдісі көшпелі жұртта ежелден бар дәстүр. Қазақта бақсының моласынан басқа о дүниелік нысан оқшауланбаған және қорым атаулы көрінген жерге салынбаған. Сондықтан, «Қосағалы қорымынан» есте жоқ ескі замандарға тән түрлі айғақтар белгісі табылып жатса, оған да таңырқай қарауға болмайды. Бұл да жазылмаған заңдылықтардың бірі.


Төртіншіден, «Қосағалы қорымының» 1-ші, 2-ші болып реттік санға бөлінуінің өзі көкейге сәл қонымсыздау. Бірден басын ашып алуды талап ететін жайт: бұл екеуі бір адамға салынған бейіт емес, қатар тұрған ұқсас кесенелер ғана. Ал ұқсас қалпы мен сырт пішіміне қарап, қос кесенеге бір адамның атын тели салу – екінші кесенені анықтау мүмкіндігі болмаған шарасыз жағдайларда ғана қолданылатын археологиядағы әлсіздеу тәсілдердің бірі.


Бесіншіден, жерді соңғы пайдаланушы жер иесінің есімімен атау, тарихи тұлғаға белгілі бір жер атын телу – архелогия ғылымында бұрыннан бар дәстүр, көшпелі тұрмыстың кейбір жекелеген элементтерін ХХ ғасырға дейін тұтынған қазаққа да жат үрдіс емес. Ендеше, «Қосағалы қорымы» тарихи-мәдени нысанының алдымен «археологиялық ескерткішке» қаншалықты қатысы барын анықтап алудың маңызы зор. Өйткені, Ақтау өңірі бұрыннан да ескі қалалар мен қорғандарға кенде жер емес еді ғой.


Қай жағынан келіп, қалай өлшеп, қайтып қорыту мәселесі, ол енді мүлдем басқа әңгіме.


Жөгі тайпасынан шыққан белгілі адамдар мен Рақпанұлы Қосағалы жерленген себепті «Қосағалы қорымы» атанған жер, біз білетін тарихи Қосағалы батырдың кесенесі – осы! Жергілікті халық та бұл қорымды күні бүгінге дейін тап осылай атайды. Десе де, мұнда Қосағалыдан бақа кімдердің жатқанын, мәдениет мекемелеріне «Қосағалы-2» деген шартты атаумен белгілі екінші кесене кімнің атына еншілі болуы мүмкін екеніне басын қатырып жүргендер де аз емес.


Бұл жерді Тама Шора батырдың Әліп, Жөгі, Әзберген деген үш баласының ізі – Әліптен шыққан әулие Әли бабаның жатқан жері деп тәу ететіндер де, Қосағалының жамағайыны, Есентай руының Кешту тармағынан тарайтын Қараспан баласы Тойғұлы батырдың кесенесі деп шамалайтындар да бар. Бұған байланысты халықтың сөзінде де белгілі бір толық тоқтам жоқ. Бір анығы: Әліп ұрпағының ата қонысы бұрынғы «Қарақыз болысы» – Жиделі, Тобылғылы, Түйемойнақ, Қызылжыңғыл, Қотыршеңгел, Атансор, Телікөл секілді «Жетіқоңыр» құмдары. Ал «Ақтау» алқабынан Бетпаққа дейінгі аймақты ежелден Жөгі жұрты ен жайлап, еркін көшіп жүргенін бұл өңірдің халқы кәсіби тарихшылардан кем білмейді.


Орта Азиядағы кесене-там тұрғызу мәдениетіне қатысты белгілі бір жәдігерлер туралы сөз болғанда оның дәуірі мен жасын бір кезеңмен шектей салуға болмайды. Өйткені ескі мәдени жосынға жататын пантеондардың кейінгі, ХVI–ХХ ғасырларда тұрғызылған үлгілерін де қазақ топырағынан көп кезіктіруге болады. Мұндай кесенелер дінбасыларынан бастап, ғұлама ғалымдарға, батырларға, би-шешендер мен саяси тұлғаларға да тұрғызылатын болған.


Қазақ даласында сақталған көбіне қам кесектен, шамасы келгендер биенің сүтін қосып, иін қандыра қалайтын әр түрлі формадағы қазақы кесенелерді әлем жауһарларының «кіші түрлеріне» жатқызуға болады. Әрине, табиғаттың райына байланысты бұлардың арасында да 3 мың жыл бойы сақталғандары мен 300 жылға жетпей-ақ тегістеліп кеткендері көп. Алайда қорым-кесене атаулыны адамзат тарихында қола дәуірін алмастыру арқылы заманауи технологиялық өзгерістерді әкелген, біздің жыл санауымыздан бұрынғы 8–7-ғасырлардан бастап, ерте ортағасырларға дейінгі кезеңді қамтитын «ерте темір дәуірімен» байланыстыра беруге болмайды.


Біз білетін «Ақтау» жеріндегі «Қосағалы кесенесі» тұрғызылған ХVIII–ХIХ ғасырларда ғылымда әлгі дәуірге қатысты тұрақты атаудың өзі енді ғана орныға бастаған. Демек, «ерте темір дәуірі» археологиялық ескерткішіне жатқызылып жүрген «Қосағалы қорымы» мен сол қорымдағы 1950 жылдарға дейін әуелгі қалпын сақтап келген Қосағалы батыр кесенесінің аңызы мен ақиқатын түрлі саланың ғалымдары бірігіп арши түспейінше, «көп айтса көндінің» шырмауынан шыға алмай қалуымыз бек мүмкін. Олай дейтініміз, «Ақтау» өңіріндегі Қосағалы кесенесі әрі кеткенде ХVIII ғасырдың аяғында тұрғызылған. Өйткені, бүгінгі ұрпағы Маралтай Райымбекұлы мен Рақпанұлы Қосағалының арасы 6 ата жер (Қараңыз: Қосағалы, Сасықбай, Тәжібай, Ыбырай, Райымбек, Маралтай).


Бір ден қоярлығы, «Қосағалы қорымы» алқабынан ескі суармалы атыздардың орнын көруге болады. Сол атыз-жаптарды жергілікті халық қазір де «Қосағалы қаздырған», «Қосағалы арығы» деп атайды. Жалпы, бұл өңірде Қосағалы есіміне орай, «Қосағалы биігі», «Қосағалы жазығы», «Қосағалы жайлауы», «Қосағалы қыраты», «Қосағалы қорғаны», «Қосағалы қыстауы», «Қосағалы жайлауы», «Қосағалы өткелі», «Қосағалы көпірі» болып шұбыра беретін жер атаулары көп кездеседі. Мұның қайсысы бұрын, керісінше, кейін пайда болған атауы қайсы екенін ажырату да оңайға соқпайтын шаруа. Міне, елі үшін еңбек етіп, маңдай терін төккен еренге деген халықтың шын махаббаты осындай болған.


Алайда анықтап қараған адам бұл арықтың табиғи арналы жыралы сай емес екенін бірден байқаған болар еді. «Ерте темір дәуірімен» айналысатын ғалымдардың қасаң теориясына салып, бұл атыз-жаптардың орнын да сол дәуірдегі суармалы егіншілікке негізделген көнешығыстық өркениет көшін жүргізген Месопатамия, Алдыңғы Азия, Кіші Азия, Үндіқытай, Солтүстік Африка елдерінің мәдениетімен байланыстыра салу үшін онша үлкен ақылдың керегі жоқ. Әрине, белгілі бір дәрежеде ұқсастықтардың болуы мүмкін екендігін терістеуге болмайды. Қалыптасқан қасаң теория ізімен жүріп отырсақ, өзі-ақ солай дәлелденіп шыға келеді. Сонда мына қасиетті Жаңарқа өңіріндегі «Ақтау» атырабын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан жергілікті халық – Арғын мен Таманың көзбен көріп, құлағымен естіген қасиетті ауызша тарих желісін қай күресінге жыға салмақпыз? Олай болса, көзге көрініп тұрған анықтың өзін бұлт асырып, көз алдында буалдыр сағымға орап жіберуге әуес қасаң ғылыми қағидалар кімге және не үшін керек? Меніңше, қай ғылым түрі мен саласының да әуелі халықтың игіліне қызмет еткені абзал.


Аттың белі, атанның қомында өскендіктен, көзін көшпелі өмір салтқа негізделген атакәсібіне сүйеніп тырнап ашқан халыққа «Атасу» өзенінен жырып, қолдан арық қаздыру, сөйтіп өзіне қарасты жұртты жер сүмесін емген егіншілікке баулып, етене болған байырғы кәсібіне қоса толайым өмір салтын да өзгертуге үндеу заманында Қосағалы ерге де оңай шаруа болмағаны белгілі. Бірақ оның өзіне қарасты Жөгіден тараған жамағайынға осы бағытты ұстануға келелі кеңес бергені ақиқат. Егіншілік мәдениетіне орай «Қосағалы қаздырған» арық-жаптарды ғылымилық рәсім үшін тіпті қалай қиыстырсаңыз да осыдан артық қабысатын жолы жоқ. Месопотамия мәдениеті қайда, біздің Тамалар қайда?!


Қосағалы батыр өзіне қарасты қауымға егіншілікпен айналу жөнінде жаппай үгіт жүргізіп жатқан тұста ғасырлар бойы «аттың белі, атанның қомында» жүріп, өзгеше өмір салт қалыптастырған жұрт арасында жер сүмесін емген отырықшыға айналып, егін салып, несібесін қара жерден сұрайтын диқаншы жұрт бола салуға ешкім де дайын емес еді. Қосағалы сияқты көреген ердің айтқанына құлақ аспай, ендікті бойлай қылқұйрықтың соңына ілесіп көшіп жүре берудегі бейқамдықтың қасіретті салдарын олар 1932 жылғы қарашада басталған ақсирақ ашаршылықта бір халықтай-ақ тартты. Кім білген, қасиетті жер-анаға тер төккен халық соншама қисапсыз шығынға ұшырамаған да болар ма еді.


«Қосағалы қыстауы» деп аталатын қонысқа жақын «Тойғұлы жұрты» деген жер бар. Жергілікті халық тағы да сол үнемі жаңашыл бастамалардың ұйытқысы болып жүретін Қосағалы Рақпанұлының жолбасшы туысы Тойғұлының өңшең батыр ұлдарына «Ақтаудың» ішіндегі терек пен қайыңнан кестіріп әкеліп, салдырып берген жаңа үлгідегі қора-жайларының іздері еді» – деп аңыз етеді. Кім білген, ол да мүмкін, ел қорғайтын жел жағының панасына қанша қызмет көрсетіп, қандай қора-жайлы етсе де ойға сыйымды емес пе?! Өйткені, Тойғұлының әкесі Қараспан да, Тойғұлының бауырынан өрген Райымбек, Ашық, Мұңдықай, Мұса, Қарауыл, Бектұрған, Байбатыр, Есбатыр, Бәйбек атты тоғыз ұл да тегін сойдан болмаған. «Қараспаныңды төндірмей отыршы» деген халықтың үстеме сөзі мен жалпақ Жөгі баласының «Тойғұлының тоғыз ұлы барда, іргемізді жау алмайды» деп арқа сүйеуі содан қалса керек. Олай болса, «Қосағалы қорымы» сипаттамасында айтылатын 17 бейіттің қатарында Қосағалының ұлан белін жайлаған қай боздақ ұлдың жатқанын біз енді еш уақытта да анықтай алмаймыз. Өйткені, ол күндердің ақиқаты көне тарихпен қоса, ел шежіресін білетін көнекөз қариялармен бірге келмеске кеткенін ендігі жерде үнсіз мойындамасқа болмайды.


«Қосағалы қорымы» бізді осындай ойға иілдірді.


Ел арасында Қосағалының әуелдегі азан айтып қойған атына байланысты да екі түрлі пікір бар екені анықталды. Соның бірінде «В середине ХХ века два брата коренной национальности поселились в прекрасном урочище недалеко от реки Ишим, где ныне располежено село Лозовое. Стали называть это поселение «Қос ағалы» в переводе с казахского языка означает селение двух братьев. Ауыл рос, приезжали переселенцы с Украины, Белоруссии. Они стали называть ауыл на свой лад – Косагал» – дейді.


Мұндағы жер аттарының «Есіл» өзені мен Ақмола облысының «Жақсы» ауданындағы «Лозовое» елді мекендерінің бұрынғы атауы екенінде сөз жоқ. Жуналист Бақберген Амалбек «Қосағалы» деген мақаласында (Егемен Қазақстан. 3.07.2012) 1910 жылы Санкт-Петербургтегі Э. Х. Брандтың картографиялық зауытында дайындалған жер пайдалану картасында «урочище Косагалы» деген жер атауы көрсетілгенін және Түмен, Челябі облыстарында «Үлкен Қоса­ғалы», «Кіші Қосағалы» деген көлде­р, Киштема маңында осы аттас емдік су қайнары барын айтады.


Қосағалы есіміне қатысты тағы бір деректі Батыс Қазақстан өңіріне тән руханият үлгілерінен кезіктіреміз. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген, домбырашылық үрдісте төре тартыстың негізін қалаған дәулескер композитор Дәулеткерей Шығайұлының «Қосағалы» деп аталатын күйі бар. Кіші жүз Қаршынбай ақынның «Абылай-Кенесары» дастанында да Қосағалы деген батырдың ерлігі айтылады. Алайда бұл мәліметтер біз сөз етіп отырған Рақпанұлы Қосағалыға қатысты ма, әлде Көкшетау іргесіндегі «Азат» тауында жатқан, шамамен 1755–1820 жылдары өмір сүрген Арғын Байтөлекұлы Қосағалы батырдың есімімен байланысты ма? Солтүстік Қазақстан облысының Рузаев ауданындағы «Қосағалы» өзенін орыстар «Косогряд» дейді. Міне, тарихи тұлғаларға орай, жер-су аттарының өзі қалай-қалай құбылады.


Кейде мені Рақпанұлы Құсағалы батырдың ерен есімі Ресей қара шекпенділеріне қарсы соғысқан осы Арғынның әйгілі баһадүрінің есіміне байланысты қойылмады ма екен деген ой жетегіне ала береді. Әлде керісінше болды ма екен? Кім білген, «бақ ауыс, ырыс жұғыс» деп ырым ететін көшпенді қазақтың жағдайында олай да болуы әбден мүмкін ғой.


Тарихи дерек көздерінде ХVIII ғасырдың аяғынан бастап Батыстан көшті деп топшыланатын Алшын бірлестіне қарасты Тама, Жағалбайлы жұртының жылнамасын жинақтаушы Пернебай Дүйсенбин өзінің «Үркердей болып көшкен жұрт» деген жинағына халық арасынан Жақсылық Бозжігітов жазып алған «Қосағал батырды құтқару» деген шағын тарихи аңызды ұсыныпты. Мұнда Кенесары ханның тубегі батыры ретінде көрінетін Тойғұлы Қараспанұлының қырғыз халқымен арада болған бір соғыста аты мертігіп қалғанын көріп Қосағал батырға «Қос-аға, атқа мініңіз» – деп, ақтангерін көлденең тосып, ағасын жау ортасынан алып шыққандығы туралы қисындалады (П. Дүйсенбин. «Үркердей болып көшкен жұрт», А., Литера-М, 2007, 81-б). Аңыздың желісі бойынша, мұнда Қосағалы батыр Тойғұлыдан үлкен, оған ол інілік жолмен құрмет көрсетеді. Ел арасындағы тағы бір әңгіме желісінде, керісінше, Тойғұлының жасы үлкен. Бұл аңыз желісінде айтылатын соғысқа, яғни Кенесары Қасымовтың 1846 жылы патша әскерінің қысымымен Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болып, Солтүстік Қырғызстанды жаулап алып, ақыры ата мекенін қорғаған қырғыздардың қолынан мерт болу уақиғасы туралы әлгі соғысқа әуелі Тойғұлы мен Қосағалы батырлардың қаншалықты қатысы барын анықтап алу қажет.


Халық арасында айтылатын тағы бір әпсанада Қосағалының азан айтып қойған аты «Қилыбай екен» деген мүлдем басқа бір қисынсыздау дерек ұшырасады. Сол «Қосағалы-Қилыбай» өзімен бірге туған қос ағасы – Рақпанұлы Қайып пен Рақпанұлы Қосмұраттың ортасында арда өскендігіне байланысты «Қос ағалы» атаныпты-мыс. Бұл желі Көкшетау, Атбасар, Ақмола өңірінде, «Есіл» өзенін өрлей қонған жұрттың арасында ХIХ–ХХ ғасырларда өмір сүрді делінетін ағайынды екі жігітке қатысты аңызбен дәлме-дәл бір ізді басады.


Аңыз желілеріндегі «Сарысу нұсқасының» айырмасы: Қосағалы батырдың есімі «Қосағал» болып өзгертіліп, оны құтқарушы Тойғұлы деп көрсетілгендігі. Ал «Қосағалы батырдың аты Қилыбай екен» деген деректі алға тартушы профессор Қойлыбай Асанұлы (Айқын-Ақпарат. «Сауран айналған» сергелдеңі». 02.03.2016) мен өлкетанушы Жақсыбай Сүлейменұлы да (Қазақ әдебиеті. «Қосағалы – ердің аты, жердің аты». 31.07.2015) осындай мәліметті өз мақалаларында пайдаланғанымен, деректің тегі күлбілтеленіп кеткен. Ал журналист Қалкен Смайыл (Орталық Қазақстан. «Қосағалы батыр». 12.05.2016) Қосағалы батырға қатысты әңгімелердің нобайын 94 жастағы атасы Смайыл Жұмағұлұлынан естігенін көрсеткен.


Керісінше, халық батырының Тама шежіресіндегі халықтың жады арқылы барша өңірлерден жинақтала келе жүйеленіп, қалыпқа келтірілген мәліметтердегі азан айтып қойылған аты – Қосағалы. Соған қарағанда, «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөзде мән бар. Қалай болғанда да бұл тарихи негізді аңыздар нобайында типологиялық сипат бары анық. Барлық кінәрат «Қос аға» (екі аға мағынасында), «Қос-аға» (атына жасалған құрмет есебінде) және «Қосағал» мен «Қосағалы» сөздерінің өзара құбылуында болса керек. Ел есінде қалған ер есіміне қатысты қандай екіұшты деректер айтылғанымен, байтағы аға тұтынған халық батырының ерлікті істері ұмытылмаған.


Тарихи аңыз әңгімелердің өзегі болады. Әрине, олар белгілі бір тарихи тұлғалардың есіміне, іс-әрекетіне байланысты туады. Уақыт өте келе, әлгі халық қаһармандарының ерлік істерімен типтендіріліп, көркемдік сипат алып кетуі мүмкін бұл аңыздардың астарында сөзсіз ақиқат жатады. Тарих көші тым әріге жылжыған сайын ақиқат атаулының өзі қайта құбылып, аңызға айнала бастайды.


Аңыздан ақиқатты аршып алу оңай шаруа емес.



· Жөгінің жұрағаты


Әуелгі сөз Тама батыр туралы.


Қазақ Совет Энциклопедиясында ол жайында «Рашид ад-Дин жылнамасында Монғолдың Енисей қырғыздары ішіндегі Барғу-Бурут тайпасының тармағы тума (туматә) аталған. Сол тумалардың Тама болуы ықтимал» (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 10-т., 536-б) деген ғылыми тұжырым бар екен.


Олай болуы да әбден мүмкін. Тама деген рудың аты қазіргі көрші қырғыз халқында да, сосын қазақ ішіндегі Ұлы жүз албанның Қызылбөрік аталығы мен Орта жүздегі наймандардың арасында да кездеседі. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Тамалар хақында» деген мақаласында Кіші жүз Жетіру бірлестігінің ХVIII ғасырға дейін Орта жүздің құрамында болғандығын, Найман тайпасынан өрбіген Бағаналы руының да бір атасы Тама деп аталатынын алға тарта келе, «Ал енді Арқа Тамаларына келетін болсақ, Тәуке хан Орта жүздің жеті руын Кіші жүз құрамына қосқанымен, олардың бәрі бірдей ата қонысын тастап, батысқа қарай қотарыла көшіп кетпеген» деп, ғалымдық зердесімен өлшеген келелі пікірін білдірген еді (Қарабура: жинақ. А., «Өлке», 1997, 532-б.). Байырғы Тамалар Оңтүстік Орал мен Тобыл өзендерінің сағасында көшіп-қонып жүрген дәуірлерде ежелгі Қыпшақ жерлерін мекендегендіктен болар, олардың таңбасы да бүгінгі Орта жүз бірлестігіндегі қыпшақ руының таңбасымен бір ізді басады.


Міне, осыдан кейін қазақ руларының бәрін бір атаның ізінен шұбырта жөнелетін далалық ауызша деректердің мәліметтеріне иек артып, ғылымилық мәселесі үшін малданып көріңізші. Мұндай жағдайдан кейін ел арасындағы шежіре сөз иелерінің осы ыңғайда сөз өрбіткен ғалымдар қауымына деген қара қазандай болып жүретін «өкпесін» түсінуге болады. Бірақ ақиқат шешімнің қай-қайсысы да белгілі бір адамдардың назына байланып қалуына болмайды ғой.


Белгілі қаламгер Ілия Жақанов Тама тарихын талдаған «Қарабура» деген мақаласында (Қарабура: жинақ. 60–78-б.) әйгілі Мұрын жыраудың жеткізуінде Ұлы Отан соғысы жылдарында хатқа түскен Ноғайлы дәуірінің қымбат қазынасы, «Қырымның қырық батыры» қаһармандық эпосындағы жыр деректеріне сілтеме жасай келіп, «Ноғайлы елінің болат қорғаны болған ер Көгіс, ер Көгістің батыл ұлы Тама да Қырымның қырық батырларының бірі. Ол да өзінше жойқын жыр» дейді. Осы мақалада автор Тама батырдың тылсым жағдайда Жамал деген мылқау қызға (кейбір аңыз деректерінде су перісінің қызы – Б. Ж.) үйленуі, одан туған алып ұлға Бура (Бурахан, Қарабура) деп ат қойғанда анасының ғайыптан сөйлеп кетуі туралы бір кездері Сейдін, Тәжікей секілді Жаңарқа өңірінің шежірешілерінен өзі жазып алған аңыз желісін баяндайды.


Тағы да сол аталмыш энциклопедияда «ХIV–ХVI ғасырларда Шора батыр бастаған Тамалар Дешті Қыпшақтағы, Қазақ хандығындағы, Ноғай ордасындағы іргелі елдердің бірі болды. Октябрь революциясына дейін бұлардың көпшілігі Орынбор, Ақтөбе, Троицк маңында, аз ғана тобы Орталық Қазақстанды, Сарысу өзені бойын мекендеді» – деп, тайға таңба басқандай көрсетіледі. Олай болса, осы кейінгі тарихшылар мен тарихқа таласы барлар түгел Таманы үдере көшіріп, Батыстан – сонау Жайықтың бойынан Арқаға құлатуға неге әуес? Одан да кезінде мұның сәл ұшқарылау айтылған пікір екенін мойындай салу әлдеқайда жеңіл, әрі тарих үшін де әділетті шешімнің бірі болмай ма?!


Кешегі азуын Айға білеген Кеңес Одағы тұсында жасалған көпірме сөзі мен жалған дерегі аздау ғылымның тиянақты дәлелдеуінен көріп, тұшынып отырғанымыздай, Таманың аз ғана тобы Орталық Қазақстан мен Сарысу өзенінің бойын ежелден жайлап келе жатқан ел екен. Алайда, Батыстан үдере көшкен Алшын бірлестігіндегі Тама мен Жағалбайлылардың әуелде қай жерге табан тіреп, кімдерден пана іздеп келіп еді деген жел сөздің айналасында күні бүгінге дейін ақиқаты толық аршылып, тоқтам жасалмай келе жатқан мәселелер баршылық. Сөз жоқ, жоғарыда айтылған мәліметтердің аужайынан анық аңғаратынымыз, әуелде олар өздеріне қарасты Арқадағы аз ғана ауыл – Тамалардың қатарына келіп қосылып, солардың қанатының саясын паналаған. Ендеше, бұған дейін де шет-шепірі айтылып жүрген бұл деректердің нобайы болашақта да осы басы ашық ыңғайда зерделене беруі керек.


Ал Тама шежіресін бір адамдай саралаған Ілия Жақановтың «Кейбір облыстарда үркердей боп шашырап жүрген Тамалардың қолда бар шежіресі бір-бірінен алшақ, бір-біріне ұқсамайтын, былыққан, бүлінген дүние» деген пікіріне де мән берілу керек. Өйткені көненің жады арқылы жеткен ауызша тарих деректері «айттым – бітті, кестім – болды» деген өзімшілдеу ноқтаға басы сыймайтын нәзік тін.


Қазақстанның Батысын мекендеген Кіші жүз руларының 1731–1934 жылдар аралығында басынан өткен зобалаңды «жеті көшке» бөліп, соның тарихы мен себеп-салдарына тоқталып, өзіндік көзқарастарын білдірген журналист Момбек Амангелдиев Елек бойынан Ұлытаудың шығыс жағына қарай жылжыған шеркештердің; дәл осы жылы Бұхарадан бір-ақ шыққан тама Жемей би бастаған Жөгі руының; Көтібар көтерілісі басылған соң Сарысу бойында отырған ағайындарына қосылған Тама мен Жағалбайлының; Исатай-Махамбет көтерілісі сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Қостанай, Жезқазған облыстарының бос жатқан жерлеріне қарай шұбырған Бекей мен Қондық бастаған Жағалбайлылардың көші-қон жолдарын негізінен дұрыс көрсеткен (М. Амангелдиев. Кіші жүз қалай ауды? «Уақыт», шілде, 1992.).


Бұл жерде бір ескеретін мәселе: мұны қазақтың басына күн туғанда аяқ астынан тік көтеріліп, беті ауған жағына қарай боса жөнелген бағытсыз көш деуге әсте болмайды. Ежелгі көш жолдарының ізін жалғап, ендікті бойлай көшіп, даланы кең жайлаған Кіші жүз руларының ілкіден келе жатқан ескі сүрлеу жолдары көне тарих жазбаларында жақсы бедерленген. Патша заманында жасалған ескі сызба-қарталарда да Жайық пен Сыр, Қостанай мен Жезқазған өңірін көктей өтетін Кіші жүз қазақтарының байырғы көш жолдары анық көрінеді.


Алайда Батыстан тік көтерілген бұл жолғы көші-қонның себебі мүлдем басқа еді. Теңдікке көнсе де, кемдікке көнуді білмейтін тең атаның баласы 1731 жылдан басталып, ақыры бүкіл қазақтың мойнына бодандықтың қамытын кигізіп тынған орысқа қосылу, жерді бөліске түсіру, Жайықтың екі бетін тел жайлау құқығынан айыру, Еділ мен Жайық арасындағы кең даланы жыл сайын өртеп, мал жайлымын тарылту, қамал-бекіністер мен қала салу сияқты қитұрқы саясаттың астарындағы жымысқылықты білгендіктен, азуын Айға білеген империялық пиғылға қарсы пәрменді күрестің жолына түсті. Мұның ақыры патша өкіметі мен қазақ сұлтандарының әділетсіздіктеріне наразы топтың 1772 жылы белгілі би, батыр Сырым Датұлының маңайына біріккен үлкен көтеріліске, оның ақыры Е. М. Пугачев бастаған шаруалар соғысына ұласты. Нұралы баласы Есім ханды өлтірген көтерілісшілер 1797 жылы жеңіліске ұшырап, екі жылдай Арал теңізінің Батысын мекендеп, кейін Хорезмге өтіп кеткен Сырым батыр орыспен ымыралас Хиуа ханының айласымен өлтірілгеннен кейін, кейбір Кіші жүз рулары Жайықтағы жайлы мекенінен ауа көше бастады. Сөйтіп, біздің Маралтай достың арғы аталары – Тама жұртының да Арқадағы байырғы ата қонысына қайта келуі осы оқиғаларға тұс келеді.


Өлкетанушы Пернебай Дүйсенбиннің жазушы Дулат Шалқарбаев шығармаларының дерегіне сүйеніп жазуы бойынша, «1726 жылы жоңғарға қарсы қырғын соғыстан жеңіспен қайтқан Әбілхайырдан бөлініп, бірге жүрген қанды көйлек, жан қияр жолдастары Өтебай, Өтеген, Ремет, Жұма, Қозыбақ, Тойғұлы, Қосағалы, Түктіқұрт, Қарамерген, Бекберлі, Бурна, Ақша сияқты Кіші жүздің 17 батыры Абылай сұлтанның қол астында қалып кетеді. Бірінен бірі ажырағысы келмеген әлгі батырлар Сарысу бойындағы Қоңырөлең, Толағай, Жарық, Бестау, Түгіскен деген жерлерді қоныстанып, кейін Батыста – Жайықтың бойындағы жұрттың біраз бөлігін көшіріп әкеліпті» (Үркердей болып көшкен жұрт. 14-бет).


Мына мақаланың бір дерегіне сәл-пәл түзету енгізе кетудің артықтығы жоқ сияқты. Автор ХVIII ғасырда қазақ жерін жаулап алуды көздеген Жоңғар хандығы мен Маньчжур-Қытай империясына қарсы күресте үш жүздің басын қоса отырып, күш біріктірген, 15 жасында қазақтың жоңғарға қарсы соғысына қатысып, ерлік көрсеткен, 1771 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет өлгеннен кейін орнына хан сайланған Абылай хан (Абылай сұлтан емес) Уәлиұлы хақында айтып отырса керек. Өйткені ХVII ғасырдың басында Сауран мен Түркістанды билеген Абылай сұлтан – Абылай-Әбілмансұрдың арғы атасы, Уәлидің әкесі емес пе? Кіші жүз жасағының құрамында болған әлгі 17 батырды 15 жастағы ақжелең Абылайдың қасында қалып еді дейтін болсақ, бұл әлгі батырлардың өмір сүрген дәуірлері мен жас өлшемі жағынан келгенде де ақиқат ауылынан онша алшақ кете қоймас еді.


Журналист М. Амангелдиевтің аталған мақаласындағы «Таманың Жемей би бастаған Жөгі руы Ырғыз бойынан Арқадағы Сарысу өзенінің жағасына келіп қоныс тепті. 1821 жылы Арынғазы, 1825 жылы Көтібар көтерілістері басылғаннан кейін Тама мен Жағалбайлының біраз бөлігі Сарысу бойында отырған ағайындарына келіп қосылса, енді біраз бөлігі Ұлы жүзге қарасты Шымкент жеріне келді» деген дәйектемелерде біраз шындықтың ізі жатыр. Жалпы бұл жұрттың Ырғыз бойынан көтеріліп келгендігіне негіз баршылық. Өйткені, қазіргі Ақтөбе облысына қарасты Қобда, Ойыл, Сағыз деп аталатын жерлер ежелде қалың Таманың жаз жайлауы болғаны бұрыннан бері жазылып келе жатқан белгілі жайттар (М. П. Вяткин. Сырым батыр. А., 1951, 108-б.).


Біздің бабаларымыз төрт түлік малының аужайымен Арқа мен Жайықтың қиырын жайлап, Сыр мен Қаратауды қыстап, көші-қон жағдайымен жүріп, байтақ дала төсіне талай соқпақ салған. Бастарына әлдеқандай күн туа қалған жағдайда кейінгі ұрпақтары бабаларынан қалған әлгі сүрлеулерге қайта түсіп, ес жиып, тарихтың есесінде кеткен кемтіктерін жамағанша әлгі көш жолдарынан жаңылмайтын болған. Қалың Таманың Арқаның сары белдеріне қайта келуі тарихтың есебі бойынша, нешінші рет екенін тап басып айту қиын, әрине. Бірақ алғашқы және соңғысы емес екені анық.


Уәли сұлтанның баласы Абылай ханның (1711–1781) қанды көйлек достарының бірі ретінде аталатын Рақпанұлы Қосағалы батыр халық арасына ауызша тараған кей мәліметтерде патша өкіметі зорлықпен кесіп алған жерлерді заңды иесіне – халыққа қайтарып беру мен тәуелсіз қазақ хандығын құруды мақсат еткен көтерілістің көсемі Кенесары Қасымовтың (1802–1847) жорықтас серігі ретінде де көрінеді. Осылай деп ой қозғаған профессор Қ. Асанұлы журналист Қалкен Смайылға сілтеме жасапты. Ал Калекең болса, Қосағалы батырға қатысты бұл әңгімелердің нобайын 94 жастағы атасы Смайыл Жұмағұлұлынан естігенін айтады. Көріп отырғанымыздай, жазба дерек болмаған жерде әңгіменің ауаны да желдің ығындағы үкілі қамыстың басындай болып, бұлғақтай бермек. Алайда сол әпсаналардағы негізгі баян, айтылмыш ойдың өзегі ортақ. Байтаққа басшы болған халықшыл ерді жалпақ жұрт өзінің қалаған дәуіріне лайық сипаттап, ол жасаған игілікті әркім өз заманының жетістігі ретінде көрсетуге тырысу тарихта бұрыннан бар, қалыпты болмаса да кездесіп отыратын жағдай.


Мақаланың авторлары 1839–1847 жылдары Кенесары көтерілісінен қорғану үшін патша өкіметі арнайы тұрғызған «Ақтау қорғаны» деп аталатын қамалдың бұзылу тарихы туралы айтады. Рас, мұндай қамал Ақтау адырының шығыс етегіндегі Манақа өзенінің сол жақ жағасында болған. Оның бұзылған орнының іздері де қазіргі Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының орталығынан оңтүстікке қарай 80 шақырымдай жерде әлі күнге дейін үйінді болып жатыр. Әуелде Ақмола сияқты үлкен бекініс қала ретінде басталған қамал не бары 10 жылдай ғана өмір сүріп, Кенесары дүние салғаннан кейін әскери маңызы болмай қалған. Ал енді осы бекіністі талқандауға Қосағалы Рақпанұлы қатысқан ба?


Сөзіміздің барысында Қосағалы батырдың есімі Абылай ханның сенімді серігі ретінде аталатынын айттық. Әйгілі «Ақтау» қамалының талқандалу уақиғасы Абылай хан дүние салғаннан кейін аттай 60 жылдан соң, яғни 1839–1847 жылдары Кенесарының тұсында болғанын ескерудің маңызы ерекше. Олай болса, алдымен Қосағалы батырдың аталған екі тұлғаның қайсысымен дәуірлес болғанын әлде де нақтылай түсу қажет. Алайда әйгілі «Ақтау» қамалын талқандауға Қосағалы батыр егде тартып, үлкейген шағында қатысуы мүмкін екенін де теріске шығара алмаймыз. Тарихтың бірден тап басып тануға келмейтін осындай тұстарына келгенде таным таразысына салып, деректерді салмақтай түскеніміз абзал.


Менің көңілімді ерекше аударған тағы бір мәселе Мақсат Тәж-Мұраттың «Түркістаннан табылған тора» (яһудилер және «яһудилік сана») атты зерттеу мақаласындағы мына мәліметтер (М. Тәж-Мұрат. Кәбиса жыл. Астана: Хұснихат, 2009, 103–126-б.). Көптің айтқан көбік сөзі мен таптаурын деректерден қашып, тыңға түрен салып жүретін эссешіл ғалым әлгі мақаласының кіріспесінде 1976 жылы тамыз айында сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының Орталық Советіне Түркістан қаласынан пергаментке беймәлім әріптермен жазылған көне қолжазба табылғаны жайында хабар түскенін айта келіп, оны зерттеген комиссия мүшелерінің мұны ескі еврей алфавитімен жазылған болуы мүмкін деген топшылауларына жан-жақты тоқталады.


Содан соң мына қолжазба еврейлердің қасиетті кітабы «Сефера Тораның» Түркістан жерінде «есте жоқ ескі заманнан» бері сақтаулы келе жатқан өте көне нұсқасы деп кепілдеме берген Илья Шимоновтың сөзін таразылай келіп, қолжазбаны зерттеген «Қос комиссияның есебінде қолжазбаның мұсылман зираты аумағынан табылғаны айтылмауы қалай?» деген күдікшіл көңілмен қария тарихқа көз жүгіртіп, қияларға бастайды. Леонид Васильевтің бұхарлық еврейлерді екі түрге бөліп, оның бірі – таулық еврей (джуга) деген пікірін қолдай келіп, «Әрі-берден соң қазақ шежіресінде джуганың табиғатына келіңкірейтін ру аты да сақталған ғой» деген пайымын «Көкек айы» деген шығармасында жазушы Тәке Әлімқұлов әдеби кейіпкердің аузымен айтатын: «Аузы шайпау жұрт, бәлкім ішінен көре алмайтындар «Жөгінің түбі – жөйт!» – деп қиыспайтын нәрсеге телиді. Сондағы тілге тиек ететіні – бұл тайпаның ораза тұтып, намаз оқымайтыны» – деген сөзінің қазақ шежіресінің құпия көмбесіне жетелегендей болатыны туралы өзіндік ғылыми қисын жасапты. Мақаланың дәл осы тұсын оқып отырып, менің санамның түкпірінен «Осы біздің Маралтай шынымен де әлгі айта беретін Джугашвили тәрізді құрыш сойдан болып жүрмесін» деген жымысқы ой жылт ете қалды.


Түркістаннан табылған бір ширатпа қолжазбаның жайын зерделей келе, Жөгі руына қатысты жол-жөнекей келтірген ғылыми пайым соңын «Таманың екі үлкен бөлімінің бірі жөгілер шежіре бойынша, ертеректе Сыр бойындағы Жосалыдан ірге көтеріп, Шу арқылы Арқаға, кейін Сарысу өңіріне кеп орнығады. Сыр бойына қайдан келгені мәлімсіз. Шежірелік мәліметтерге бақсақ, Орал-Жайық бойынан ауған. Алайда, бұдан бұрын келтіргеніміздей, Тама ерте ортағасырларда арғын, қыпшақ, қоңыратпен бірге «тобыр» («көп») тайпалық одағының құрамында Түркістан мен Хорезм арасын кіре қыстап, шыға жайлап жүреді. Жөгілер осындағы джабрлардың ықпалына түссе де, бәлки Еділ бойында баяғы хазар иудейлерінен қалған жұқана болса да, ру атауына негіз болып қаланған жөгі сөзі бір кездегі прозелиттік яһуди тобының жүре-бара жаңа діннен қол үзуін білдіре ме дейміз. Тіліміздегі жөгі, жөгі нар – түйенің жақын туыстарының шөжіген ұрпағының бір атауы» деп, мың сан күрмеусіз сауалдарды сонау алыс дәуірдің қойнауына апарып, ойын оңай күрмейді. Берідегі болмаса да мүмкін әрідегі протожөгілерге қатысы болуы мүмкін бұл ойдың тінін өрбіте зерттеп, келешек ақиқатын анықтай түсер. Шытырман тарихтың өзегіндегі мұндай тылсым жайттардың анығы Аллаға ғана аян ғой! Ал сіз бенен біздің білуімізге жазылған нәрсенің тым шектеулі екені өкінішті, әрине.


Қалай болғанда да, түп-тұқиянда мүлдем басқаша көрініп тұрғандықтан, бүгінгі ұрпақтары тіксініп қалуы мүмкін Жөгі жұрағатына қатысты мына деректе әжептәуір таласты пікірлердің бары жасырын емес. Мәселе қазіргі сіз бенен біздің байырғы ата-бабамыз туралы нені естіп, олардың тарихи тегінен кімді және қандай тұлғаны көргіміз келетіндігінде емес. Шын мәнінде, бұл халықтың қайдан шығып, кімдермен араласқан ескі сүрлеуін ажыратып алу бәрінен де маңыздырақ. Олай болса, ет пен сүйектен жаралған адам-пенденің білдірген пікірлері мен жасаған ғылыми жорамалдары бір өңкей ақиқаттардан тұрады деп ешкімнің де кесіп айта алмасы анық. Тап осы тұсқа келгенде біз де тізгін тарта тұруды мақұл көрдік.


Жаратушы Иенің шарапатымен бүгінде ақар-шақар ел болып, өсіп-өніп отырған Таманың Жөгі әулеті 1928 жылы Арқада құрылған Сарысу ауданының негізін құраған 7 болыс елдің Үшабыз (Жөгінің Сүттіабыз, Құттыабыз, Есенабыз), Шонай (Кедей, Төлеген), Сарыкөл (Байеділ, Берді, Шажа, Ботқашы, Жарқын, Жарас), Мұңлы (Төлеп, Құлмырза, Шақа, Қырықбойдақ), Қосағалы (Шағырдан шыққан Молдас, Көзей, Айдар әулеттері) тәрізді бес болысының құрамында болған екен.


Тағдырдың тәлкегін көп көрсе де, тамалар Сарысу атауында бақ-береке мен құт-несібе барын білсе керек. Әуелде патша өкіметінің «Ережесіне» сәйкес құрылған Ақмола облысының құрамындағы Сарысу уезін, кейін Жамбыл облысының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан осы аттас ауданның жерін ұрпағына жайлы қоныс еткенше бұлар байырғы бабалары еншілеген «таманың тәуекелінен» бір танған жоқ, әлі де сол сүрлеудің ізінде келе жатыр.


Арқадағы Керегетас, Қызыларай тауларынан басталып, Ұлытау баурайынан ағып өтіп, Жезқазған арқылы оңтүстікке қарай беттейтін Сарысу өзені Тама жұртының жүрегінде. Өйткені бұл аймақтың қызыл-қоңыр топырағы да, боз жусаны мен баялышы да, күйреуік пен көде шығатын сары белдері де сол баяғы асыл бабалары көшкен абыз дала – Сарыарқаны үнемі еске салып тұратындай.


Маралтай ақын сол жайсаңдардың бір жұрағаты!


жайылма.jpg


13413019_1695137447404488_1952458999698261543_n.jpg


13406979_1695137424071157_7711850251658117558_n.jpg


13418876_1695137450737821_3303088639927075464_n.jpg


13417519_1695137567404476_3999594963622971959_n.jpg


13432233_1695438647374368_6239799653997644386_n.jpg


13432345_1695438644041035_3944449961741254071_n.jpg


13434877_1695439087374324_7843438110059504243_n.jpg


13417495_1695438640707702_3990475963055882936_n.jpg


13442193_1695438794041020_4846528752679783726_n.jpg


13432170_1695439214040978_7212776458138974097_n.jpg


13428387_1695439254040974_1990421142341571632_n.jpg


13442272_1695439350707631_8090071734819789476_n.jpg


13450265_1695438787374354_3575248500445778832_n.jpg


Тәуекелшіл Тамалардың Бетпақтың шөлін кесіп өткен сапарынан түсірілген суреттер Берік Жүсіповтың жеке мұрағатынан.





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар