Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Софы Сматаев. ӨКІНІШІ КӨП ДҮНИЕ-АЙ!..

08.06.2016 255

Софы Сматаев. ӨКІНІШІ КӨП ДҮНИЕ-АЙ!..



Iлияс ағаның ары мен жанының тазалығын әрiптестерiмнiң бiр де бiрiнен кездестiрмей келемiн…

(Өзімнің өзіммен сұхбатым)


софы.jpg


· Күлкің көп пе, күрсінуің көп пе?


· Күлкім көп десем – көлгірсігенім, күрсінісім мол-ау десем – күңіренгенім боларын сезем бе, екеуін де ешкімге көрсете беруге де, айта беруге де құлқым жоқ. Мынау өкініші көп дүниенің өңешінен төгілетін мол өксікті естіген сайын күлкінің ерні кезеретінін кім де болса ұқса керек. Содан соң-ақ күрсіністің қынжылтқан қақпасынан қалай еніп кеткеніңді байқамай қалуың түк емес. Қайғысы езген, қатыгездігі маңдайдан сүзген бүгінгі аласапыран тірліктің азасы мен қазасын молайтқан әділетсіздігі өршіген тұста күлкімен еріксіз қоштасуға мәжбүр болғандайсың.


Бірақ… Сұм күлкің сұмырай ойыныңның делдалы боларын әлдебір аяр ойдың берекесіз әрекетімен сезесің де, жымысқы жымиюды бет-жүзіңе жапсырып ала қоюдан да жалықпайсың. Сол арқылы төбеңнен төмпештеген тағдырыңның жуан жұдырығынан жұлының үзіліп кетпесе де, жамалыңды жуып ағатын запыран жасыңды елге көрсетпес үшін күлкіңмен кептіріп ала қоясың.


· Күле алмасаң, қайтесің?


· Онда ма… өзгенің өсегіне де, әндемдінің желкеден түйген кесегіне де кекесін танытып қана өзегіңді өртеп бара жатқан жалынды өшірмек болған далбасаңмен өзіңді өз өңешіңе жұмарлап тығындай сал. Өртіңді де, дертіңді де ешкімге сездірмейсің сонда. Оңаша жылап отырып Жаратқан Хаққа үнсіз жалбарынуыңа да болады. Оқшаулана күліп отырып әлдекімнің ұстатпай жүрген әлденесін уысыңа мықтап түсіргендей еміренуіңе де болады. Сондайда жылаудың күлгеннен абзал боларын белгісіз бір түйсікпен түсінсең де, кей-кейде күлудің жылаудан гөрі жаныңды исінтер кемелдігіне сүйсінесің. Сүйсінесің де, кемсеңдеген ерінді керілген езумен алмастырып құлaғыңның түбіне жабыстыра қоясың.


Ал шынтуайтына келсем, итшілеткен инфарктарымды, иінімді езген инсульттарымды, қылғындырған қыл… (сол неменің атын ауызға да алмай-ақ қояйыншы), ауырған басты, ақсаңдаған аяқты уайымдау түгілі ойлауды мүлдем ұмытуға тырысам-ақ. Көңіліңді көншітпес, өміріңді өгейсіретер сол кесел шіркіндерді керексіз кәкір-шүкірдей етіп есіңнің есігінен лақтырып тастасаң, бүгінің тұрмақ ертеңіңе де ойнақтаған лақтай болып секіріп жетердей сенім мен сезімге лық-лық бөгесің. Өйткені табиғат-анаңның шын перзенті болсаң, сол табиғаттың тамылжыған күндеріне талпына ілеспеске әддің жоқ қой. Сол шақта кеудеңді кернеп бара жатқан күш-қуатқа молыққандай әсерге шым-шым батасың.


· Сонымен өмірге күлімдеп үңілуіңнен түнеріп түңілуің аз болғаны ғой?..


· Иә, ә… Солай десем де, алжаспауым мүмкін.


Бір ғана мысал.


Асқазанымды қатерлі ісік бүріп, тірлігімнің тынысын бұғаулай бастаған соң ота жасатуға келісімімді беріп, Орталық ауруханада жатқам-ды. Сол отасы бар болғырды ертең жасар деген күні туған құдамның қарындасы күйеуімен Германиядан келе қалғаны ғой. Алыстан аңсап жеткен туыстарға жайылған дастарқанға көңілімді көтермекке тырысқан құда-құдағиым мені шақырмай ма. Әрине олар мені келе қояр деп ойламаса да керек, есіктен кіріп барғанымда… әрі таңданып, әрі қуанып, әрі үрпиісіп қалғандарын сезбестей маубас емеспін ғой.


Төрдің төбесіне отырып алып, бірде ән салып, бірде әзіл-қалжыңды гулетіп отырыстың өң-шырайын кіргізіп-ақ жібергенімді білемін. Бір-ақ күндік ғұмырым қалар болса, оны неге күлімдеп өткізбеймін деген тілекке еріп кетсем керек… Түннің бір уағында палатама келсем, кезекші дәрігер де, кезекшінің шақыртуымен түн қатып жеткен бөлім меңгерушісі марқұм Нұртас та мені екі көздері төрт болып, алаңдап күтіп отыр екен. Оларды да әзіл-қалжыңмен сабасына түсіргенім бар.


· Сонда да белгісіздікке алаңдау, ішкі түйсікке елеңдеу дегенді де өзің айтқан есіңнің есігінен шығарып тастаймысың?


· Белгісіздікке алаңдамайтын, үрейлі түйсікке елеңдемейтін жан иесі болмауы мүмкін емес. Мынау шуағы мен дауылы, жеңілі мен ауыры мол жарық Жалғаннан қас пен көздің арасында жоқ болып, құрдымға сіңіп кетеріңді сезсең… аппақ тамағынан күн көрінетін хор қыздарының қоршауына алатын бақи дүниеңнен төрдегі төрелердің төбеңнен төмпештейтін пәнилік тіршілігін қимайтының хақ. Қимайсың да, пенделіктің жыртық-жамаулы кебенегін бойың мен сойыңнан шешкің келмейтінін несіне жасырайын.


· Жыртық-жамаулы тірліктің несін қимайсың сонда?


· Күлкіңе күрсінісіңді қабаттастырса да, сүйінішіңді күйінішімен қуып тастап отырса да, бір күнгі жарыққа жетер ештеңенің болмасын неге түйсінбейін. Содан соң-ақ аяқтан шалған, белден соққан, маңдайдан ұрған қызғаншақ, бақталас замандастарымның жымысқы да зымиян әрекеттерін «солай болуға тиіс!» дейтін толстойлық «всехристианское милосердиелік» төзімділігімен қабылдай беремін. Бір бетімнен соққанға екінші бетімді тосуды әдетке айналдырып алғанымды бүгінде күмілжіп қана сеземін.


· Оу, сонда иығыңдағыны сыпырып алып, қасығыңдағыны аузына қақшып салатындарға былқ етіп бір туламай, бүлк етіп бір ерін жыбырлатпай жуасып жүре бергенің бе?


· Жо-жоқ! Мені осы шал-шауқан қалпымда туа қалғандай көремісің. Мен де бір кезде қылшылдаған жас болғам. Досқа-хош, қасқа – қара тас болғам. Өзеурегеннің өзегін суырып алмасам да, өктемдігін өңешіне тығып жіберетін жігерім болғанына тақымынан қысқан талай замандасым куә.


1980 жылы «Елім-ай» романымның екінші кітабы жарық көріп, қалың оқырманымды тағы да дүбірлете елең еткізгенін бүгінде күбірлеп қана еске аламын. Өтті ғой қайран махаббаты мен шапағаты, қызығы мен қызуы мол жылдар… Ізімді аңдыған жастардың, өзімді іздеген кәрілердің сұлбасын оймен қатарлап тізсем, бұрынғы бас астана мен бүгінгі жас астананың арасын тізбегімен-ақ қосып тастар еді-ау…


· Тым лепіріп кетпедің бе? Аз-аздап тiзгiн тартып қоюды ұмытпа.


· Ә-ә, желпініп жеңілтектікке ұрындым ба… Сөзімді онда дәлелмен тұздықтайын.


Бірде жұмыс телефоным шар ете қалды. Трубкадан Ғабеңнің (Мүсіреповтың) ыңырана жеткен үні естілді.


· Сматаевпысың?! Оу, сендер, жастар, ағаларыңа кітаптарыңды сыйлауды білмейтін болыпсыңдар ғой. Кітапханаға баратын, кітап дүкендерін жағалайтын жағдайымыздың азайғанын ескермейтіндерің қалай, – деп біраз кейіп алды да, – Сенің, шырақ, анау жұрт аузынан түспей жүрген «Елім-айыңның» екінші кітабын маған әкеліп беруге ыңғайың бола ма? Айтпақшы, романыңның бірінші кітабын әлдебіреу үйімнен алып кеткен бе, таба алмай қойдым. Өзіңде бар болса, оның да бір данасын қолтықтай кел, – деп жауабымды тоспастан трубкасын тастай салды.


Әдебиетіміздің ақсақалы қолқа салса, қолқ ете түсіп, құстай ұшпай тұра алам ба. Сол сағатта-ақ ұлы Ғабеңе қос кітапты жеткізіп бергем-ді. Романымды Мұхамеджан Қаратаев пен Тахауи Ахтанов та, хатшылар – Жұбан Молдағалиев пен Қалтай Мұхамеджанов та қолтаңбаммен алған болатын. Тақырыбымыз ортақ болған соң, анау-мынауды айтып, іштарлық танытып жүрер ме деп секемденіп кітабымды тек қана Ілияс Есенберлинге бермеп едім…


· Соза бермей сөздің тоқетеріне көшсеңші.


· Ә-ә… Иә. Мемлекеттік сыйлық иелерінің тізімін анықтайтын комиссияның отырысы басталған. Күмілжіген дәмелілер мен дүбірлеген әуесқойлар дабырласып Жазушылар одағының кең фойесінде жиналыстың нәтижесін тосып отырмыз.


Бір кезде іштен Ілияс аға атқып шығып, маған жетіп келді де: – «Елім-айыңның» екінші кітабы қашан шығушы еді? Анау Жұбан мен Қалтай сенің сол кітабың әлі жарық көрген жоқ деп, сені тізімнен сызғызып тастатты ғой!


Ішім әлденені сезді білем, Ілекеңді жетектей кең кабинетке асыға аттап кірдім. Кірдім де, еденде үюлі жатқан конкурске түскен кітаптарды апыл-құпыл ақтарып ең астында «көміліп» қалған романымның бірінші, екінші кітаптарын Есенберлин ағаның қолына ұстата салдым. Ілияс ағаның түсі күреңіте бұзылып кетті. Әлгі кітаптарды қос қолдап қысып апарып, Жұбан мен Қалтайдың көз алдарына тоса қойды.


· Астапыралла! Шыққан кітапты шықпады деп тығып тастағандарың қалай? Мыналарың қастандыққа бергісіз сұмдық қой! Әй, Қалтай! Мына кітапты көрдің бе? Әлде көзіңді бүркеп алған пердеңді ашқың келмей ме? Енді не деп ақталмақсың?


Екі хатшы да тіл қатқан жоқ. Орындарынан үрпиісе тұрып кеткен комиссия мүшелері Жұбанға сұраулы көзбен қадала қалысты. Ал Молдағалиев болса, Ғабеңді (Мүсіреповты) қолтықтап есікке қарай бет алды.


Осы сәтте Евгения Лизунованың даусы оқыс естілді:


· Оу, азаматтар! Кітап шыққан екен ғой. Отырысымызды төрт-бес минутқа жалғастырайық. Тоқтаңыздар!


Ғабең де, Жұбағаң да іркілген жоқ. Соны көргенде Дмитрий Снегин: – Эй, вы, казахи! Без нас друг друга съедаете! – деп басын жұлып жіберердей шайқап, бар ызасын төге салды. «Без насының» – жалпы орыс жұртын меңзегені ме, әлде Лизунова екеуінің көзқарасын танытқаны ма, ол арасын анықтауға ол кезде шамам да жоқ еді. Фойеге жүгіріп шығып, қолтықтасқан екеудің алдын кес-кестедім:


· Ғабе! Біз сізді әдебиеттің пайғамбары, әділеттің көзі деп танушы едік. Сыйлыққа ұсынбасаңыз да, өзіңіз сұратып алған кітаптың шыққанын неге айтпадыңыз? Әділеттен неге аттап кеттіңіз? Сіздің отыз жетінші жылғы қырғыннан қалай аман қалғаныңызды енді түсініп тұрмын-ау…


Қатты ашындым білем, ардақ тұтқан ағаға айтпас кінәні ақтарып салғанымды ескеруге сол сәтте мұршам қалмап еді.


Ғабең тырс етіп тіл қатпады. Бетіме тура қарай алмай, жүзін тайдыра берді.


Енді мен Мұхамеджан Қаратаев ағаның қарсысына жетіп бардым:


· Екі кітабыңа пікірімді білдіріп, көлемді рецензия жазам деп романыма автограф жазғызып алып кетіп едіңіз ғой. Анау екеуінің кітабымды неге жасырып отырғанын білдіңіз бе? Білсеңіз, сіз де адалдықтан аттап кете беретін пенде ғана екенсіз ғой. Отыз жетінші жылғы әркімді бір қаралаған етектей-етектей мақалаларыңыздың бекер жазылмағанын ұқтырдыңыз бүгін.


Мұқаң да үндей алмай, қалшиып тұрып қалды. Тұлабойымды кернеген ашулы ызадан жарылып кетердей болып аласұрғаным сонша, бірін бірі қолтықтап алған Ғабең мен Жұбағаңның қасына қайтадан жетіп бардым:


· Түгендеп алдық деген бүгінгі қитұрқы есептерің түптеріңе жетеді әлі. Уай, Жұбақа! Анау Қалтай екеуіңіз «Сматаев өлді!» деп ертең газеттерге некролог беруден тайсалмайтындарыңа сенем. Өйткені мына Мұхамеджанов екеуіңіз қолдарыңызда тұрған менің кітабымды «жарық көрмеді!» деп өлтіруден аянбадыңыздар-ау!


Ілияс аға мені иығымнан құшақтап, бауырына басып, тыныштандырмақ болды. Тығыла өксіп-өксіп жібергенім есімде. Сәлден соң ағаның құшағынан күшене босап, сыртқа ұмтылдым. Есік алдындағы «Волгаға» Жұбағаң Ғабеңді сүйемелдеп отырғызып жатыр екен. Ағаларымның көрінеу көзге қаталдықпен, әлдебір өздеріне пайдалы есеппен жасаған қысастықтарына түк істей алмай, машинаның артқы дөңгелегін теуіп-теуіп жібердім. Қолымнан бар келгені сол ғана.


· Ілекең ше? Өзің қатты қауіптеніп «бір кінарат келсе, сол адамнан келер-ау!» деген Есенберлин ағаң жоғарыда қалып қойды ма?


· Жоқ! Соңымнан ілесе шыққан нағыз азамат ағам иығыма тағы да қолын салды:


· Софыжан, дәл мына ашынған түріңмен бүгін не біреуді мерт етесің, не біреудің қолынан өлесің. Жүр, балам! Біздің үйге барайық. Сабаңа түсіп, ашуыңды бас, – деп ерте жөнелді.


Ас дайын болғанша жазушы ағаның кабинетіне екеуіміз оңаша жайғастық. Ілекең бүгінгі комиссияда болған жағдайды баяндап кетті.


Одақтың екінші хатшысы Қ.Мұхамеджанов мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармаларды отырғандарға таныстырып, солардың арасынан менің «Елім-айымның” екі кітабын біраз мақтапты. Сөзінің соңында екінші кітапты «Жұлдыз» журналынан ғана оқығанын, ал ол кітаптың әлі де жарық көрмегенін, әйтпесе сыйлыққа нағыз лайықты шығарма екенін дүбірлете айтып-айтып келіп, әзірше сыйлыққа ұсынылған шығармалар тізімінен алып тастауды ұсынған екен.


Ілекеңнің: «Кезінде Олжас Сүлейменовке «Простор» журналында жарияланған цикл өлеңдеріне Мемлекеттік сыйлықты беріп едік қой. Ал Сматаевтың романы 250 мың тиражы бар «Жұлдызда» толық жарық көрген өте құнды шығарма. «Жылдың үздік кітабы» болған бірінші кітабын сыйлыққа ұсынылған тізімнен алғызып тастап едіңдер. Тағы да жас қаламгерге обал жасап, сөйтейін деп отырсыңдар!» дегеніне қос хатшы да, Орталық комитеттен келгендер де, хатшылардың өз адамдары да өре тұрып, кітабымды тізімге енгізбепті.


Ілекең бір күрсініп алды да:


· Сенің сол бірінші кітабың енгізілген тізімнен сонда қалай түсіп қалып еді? – деп бетіме қарады.


· Мені Қалтай аға шақырып алған-ды. «Арыстаным, сен әлі жассың ғой. Сыйлықтан үміткер мүйізі қарағайдай үш ағаң өзіңмен қатар түсіп отыр. Жылдың үздік кітабына сыйлық әрине шаппай беріледі. Ал ағаларыңның бірі сыйлықсыз қалады. Олар енді мықты дүниелерін жаза алар ма, бір Құдайым білсін. Ал сенің «Жұлдыздан» өзім оқыған екінші кітабың тағы да бәйгімді шаппай бер деп жұлқынып тұрғанын жұрттың бәрі аузынан сілекейін шұбыртып айтып жүр. Өзіңді мынау тізімнен алғызып тастап, небәрі екі-ақ жыл тосуға келіссең, үш ағаңа інілік үлкен жақсылық жасап, жолдарын кеспес едің. Осыған не дейсің, жолбарысым?» деген, – деп едім, Ілекең басын шайқап, орнынан тұрып кетті.


· Әй, содан… сол Қалтайдан келген кер деп ойлап ем-ау. Алдап соққан екен сені. Ымы-жымы бір ғой олардың. Ал сен… Бөтенсің. Бөлексің… Адалсың, тазасың. Көкейдегі құрт жеп жатқан сөзін айта алмайды саған. Айтуға жүрексінеді.


Қалағамның көкейін қандай құрт жеп жатқанын ол кезде білмесем де, кейін талайлармен тайталаса жүріп, талай биік кеңсенің үстеліне иек артқанымда сезген едім.


Ілекең қасыма отырып, арқамнан қағып-қағып жіберді.


· Әттең-ай, кітабыңды маған бергеніңде… Жарайды ол өкініш емес. Өкініш енді сенің алдыңнан үнемі тосар қызғаныш пен күншілдіктің кедергілерінің көп болмағында. Сенің бар кінәң… кемшілігің – ұлы кітабыңды, ғұмырлық кітабыңды тым ертерек, жас кезіңде жазып қойғаның. Ағаларың да, әсіресе тұстастарың да сенің енді иығыңнан тұқыртып баса беретін болады. Адымыңды аттатпауға тырысады. Софыжан, көңіліңе келмесін, саған енді ешқашанда мемлекеттік сыйлықты бұл қоғам бермейді. Бергізбейді…


· Шынымен солай болды ғой. Әлі күнге дейін сол мемлекеттік сыйлықты ала алмай жүргенің рас-ау.


· Солай болды деп әлсіз ғана күрсінем-ау. Бірақ әлсіз күрсінісімнің қабырғамды сөгердей мықты зілі барын кім түсінер-ау.


2000 – жылы жарық көрген өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр» романым тағы да үздік атауын иемденіп, мемсыйлыққа ұсынылған еді. Менен біреуі екі дауыс, екіншісі үш дауыс кем алған М.Айтхожина мен Н.Оразалин «мықтысына» жылап-еңіреп хат жазып, ағаларын салып, үлкен сыйлықты сұрап-сұрап алған-ды. Мен құралақан қалғанмын.


2002-жылы шыққан «Елім-айымның» үшінші кітабы әдеттегідей «жылдың үздігі» аталған соң, бұрынғы екі кітабын қосақтап трилогиямды бәйгеге қосып-ақ жіберіп едім. Маған сыйлықты бергізбес үшін бе (өзім солай ойлаймын), сол жылғы әдебиет шығармаларына бөлінген үш орынның бәйгесі ешкімге берілмей, босқа күйіп кеткен-ді.


1987 жылы жазылып бітіп «Жазушы», «Жалын» баспаларында жиырма жылдай «көмулі» жатып, 2005 – жылы әрең-әрең көз ашып, жарық дүниенің жанарын көрген «Біз құлмыз ба – кімбіз?» деген романым жыл қорытындысы бойынша алдыңғылардың қатарында аталып еді. Тағы да бәйгеге қосылған осы «күлігімді» дәл көмбеге жетер кезде «батыраштарым» сойылдап құлатқан еді.


Жазудан мен жалықпасам, жазған-сызғандарымды құлату мен сұлатудан жаңылмайтын жақша ішіндегі «достарым» мен «тілектестерім» енді тұлпарларымды бәйгеге қосқызбай-ақ мойнын үзуді әдеттеріне айналдырып ала қойды.


Жұрттың қолынан қолына көшіп, бірінен бірі сұрап алып, құлшына оқып жүрген «Мен – тірімін!» кітабымды 2012 жылы, «Ағаларым – жағаларым, інілерім – ірілерім» атты жинағымды 2014 жылы бақталас әріптестерім мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатындардың тізіміне де жолатпастан жолдарын қиып тастаған болатын.


· Жек көретіндерің көп пе? Жек көретіндеріңді кекке байлап өтесің бе? «Елім-айыңның» екінші кітабын тiрідей көмбекші болған ағаларыңмен араларың қандай күйде болды? Сызаты шыңырауға айналды ма? Сызатын түсіністіктің сынасы бекітті ме?


· Жек көретіндерімді түстеп, түгендеп берсем, олардың мені жеп беретінін білем. Ат пен таққа мінсе-ақ мінезі өзгеріп шыға келетін мансапқорды, бүгін сені мақтап, ертең сыртыңнан даттайтын өсекшіні, бірде «Елім!» деп, бірде «Төрім!» деп сан құбылғыш екіжүзді сатқын қаламгерді, халқының көз жасын көлдетіп доллар жасап, ұлтының қанын тамшылатып алтын құйғыш тойымсыз шенеунікті жек көремін.


Кекшіл емеспін. Аздап өкпешілмін. Кектен ішке қан қатады. Оңаша өкпелеп өксіп-өксіп алсаң, ішің тазарады.


Ал ағаларым – жағаларым ғой. Жағама шаң жуығанын жаратпас ем.


Ұлы Ғабең көңілімдегі ұлылығына қайта қонған еді-ау. Бүгінде мен оны балалық, шәкірттік ыстық ықыласпен құрметтеп, сағынып отырам.


Әлгі бет шайысқан күннен кейін көп ұзамай-ақ аға екеуіміздің ара қатынасымыз күрт өзгерген-ді.


Үлкендік танытып ол еміренді ме, кішілік білдіріп мен тебірендім бе, әйтеуір екеуара қалтқысыз жақындық орнады да кетті.


Өмірінің соңғы үш жылында Ғабең мені кәдімгідей еркелетіп, санаторийға, шығармашылық үйіне барарда ма, іссапарға шығарда ма, мені телефон шалып шақырып алып, қасынан қалдырмауға тырысатын. Сол шынайы сыйластығымен, үлкендік үлгі мінезімен, әсерлі әңгіме-кеңесімен, күрсініп кешірім өтінбесе де, сонау бір жаңсақ басқан ізінің кеудеме түскен суық табын жуып, тазартып жіберіп еді-ау. «Қазақ прозасының ендігі буынының көш басында «Елім-ай» романының авторы Софы Сматаев тұратыны сөзсіз!» деуі де бүгінгі мынау алдамшы тірлігімізден мүлде жойылып кеткен кешегі әдебиет пайғамбарлары болғанын жүрек сыздата еске түсіреді.


Одан да бұрын ұлы Ғабеңнің аруағы мені көрініп келген ажалдан аман алып қалғанын ұрпағымның ұрпағына тапсырып кетермін-ау…


2000 – жылы екінші инсультімді алғам. 2002 – жылы Ғабеңнің туғанына жүз жыл толып, кіндік қаны тамған жерінде тойы өтпек болатын. Асыл ағаның, ұлық ұстаздың мерейіне арналған мерекесінен қалмайын деп, таяқ ұстап ақсаңдап қалғаныма қарамастан Петропавлға да, жазушының ауылына да барып қайтқамын. Бес күндік сапардың төрт күнін дөңгелек үстінде өткізгенді көтере алмай, Алматыға келген күннің ертеңінде ауруханаға барып жаттым. Бірер күннен кейін асқазаным ауырғанын айтып едім, емдеуші дәрігерім қолымнан жетектеп апарып, зонд жұтқыздыртып тексерткені ғой. Сөйтіп… асқазандағы өңеш аузын буып бара жатқан қауіпті ісік – ракты анықтап бермесі бар ма. Енді-енді метастазасы басталуға шақ қалған қылтамаққа кешіктірмей ота жасап, Құдай тілеулерін бергір хирург інілерім жанымды аман алып қалған-ды.


· Ғабеңнің оған қандай қатысы бар?


· Қатысы – ғаламат. Егер мен ағаның тойына бармасам, қатыспасам, шаршап-шалдығып жетіп ауруханаға түспесем, ешнәрсеге мән бермес жайбасар қазақы тірлікпен ауруды асқындырып алып, жарық дүниенің жалғандығымен біржола қоштасып кете барар едім-ау. Ғабеңнің аруағы сақтап қалғаны осы емес пе.


Жұбағаңменен де жан жарастығын таптым десем, артық айтқаным болмас. 


Бір жағдай есіме түсіп отыр. 1983 жылдың 1 – 7 қыркүйегінде отыз жеті жазушы Атырау облысында қазақ әдебиетінің күндерін өткізгенбіз. Жайықтың жағасында оқырмандармен жүздесіп, соңынан қолтаңба берген едік. Бір қызығы, басқа қаламгерлердің төңірегіндегілер он, онбес минуттан кейін сұйылып, маған қарай қопарыла көшкен-ді. Ал мен болсам өзімді қоршап алған тілеулестеріме тура бір сағат жападан жалғыз отырып автограф жазумен болғам. Соны сыртымнан байқап, отыз бес жазушының арасында тұрған одақтың бірінші хатшысы Жұбан аға мені қасына шақырған. Төсіндегі КСРО Жоғары Кеңесіне депутаттық белгісін көрсетіп: «Софыжан, жазушының құдіреті мынада емес, қызмет дәрежесінде де емес. Өзіңе… – деп сәл бөгелді де, – Өзіңе былтыр біз қиянат жасап қимаған сыйлықта да емес. Жазушының құрмет – қасиеті – халқының сүйiспеншiлiгiнде екен. Соны сен әлгiнде бiзге таныттың. Ұлтыңның көңіліндегі сенің Алаштың халық жазушысы екеніңе көзім әбден жетті. Осы бетіңнен танба. Біз саған қызығып та, қызғанып та қарап тұрдық. Ендігі ағалық пейілім өзіңде болар! – деп ақ жүрегінің батасын бергендей болып еді-ау. Амал не. Маған аппақ көңілімен иліге бастаған Жұбағамды содан екі ай өтер-өтпесте биік билік онбес минуттік пленум өткізіп орнынан алып тастаған. Сол пленумда қаламгерлердің кімінің кім екенін ажырата алмайтын Олжас Сүлейменовты бастығымыз етіп қонжита салған-ды.


Мен сонда, Жайықтың жағасында, оқырман халқымның да, Жұбағамның да маған деген әділ бағасын алғам. Мен сонда, бәлки, әріптестерімнің күні бүгінге дейін қыр соңымнан қалмай жүрген қызғанышын оятып та алған шығармын.


· Қалтай ағаңды кешірмеген шығарсың. Бір емес екі рет аяғыңнан шалып, еңбегіңмен енер еншіңді екі мәрте ұрлаған жанмен жаныңды қалай жарастырарсың.


· Қайдам… Сен өйтсең, мен бүйтем дейтін дайын кесікті адам да, Тәңір хақ та жасап бермес-ау…

Ал он жылдан астам уақыт ішінде өңімді бір бермеген мені көзімен іздеп, көңілімен алаңдап жүретін Қалтай ағаның маған оқыс ашылғаны бар емес пе.


1996 – жылы Абайдың 150 жылдығын тойлауға қатыспақ болып бір топ қаламгер самолетпен Семейге ұшып келеміз. Менің орным Қалекеңнің дәл қасында екен. Ыңғай білдірмей, иллюминаторға бетімді төсеп алып отырғам. Қалағаң санымнан қысып қалып, жалт қаратты. Қалағаңның ерекше бір қасиеті – адамға күлімсірей қарағанда, елжіреген бүкіл жан дүниесі жүзіне жүзіп шыға келетін. Дәл сол мейірімді қалпымен қадала қалып, мырс ете күліп жіберді:


· Ау, жолбарысым! Қашанғы бір-бірімізден қашқақтай береміз. Тыйылайық содан. Мынау орнымды да мен әдейі сенің қасыңнан алғызғам. – Қалағаң тізесінің үстінде жатқан дипломаткасын ашып, бір құты коньяк пен пакетке салынған ширек қазыны шығарды. Соны көргенде, қатарлас отырған Шерхан (Мұртаза):


· Оу, Қалеке! Мынауыңыз керемет болды ғой. Тамағымыз құрғап отырғанын қайдан біле қойдыңыз, – деп қопаңдап қалған-ды.


· Қоя тұр, Шерхан. Бұл «сыбағаның» жеке иесі бар! – деп аға маған еңсеріле бұрылды. – Арыстаным, сен екеуміздің шайлығысып қалғанымызды біздің үйдегі әпкең біледі. «Ер шекіспей – бекіспейдіні» маған қатты-қатты айтып, мына дәмін өзі дайындап пісіріп: «екеуің жезделі-балдызды, ағалы-інілі болып табысып, көңіл кірін жуып тастаңдар!» деп берген сәлемдемесі. Бұл ағаңның осынау иілуіне мықтап түйілуіңді шешермісің?


Боспын ғой, боспын мен. Көңілім көл боп, көзім жас боп төгіліп кеткенін білем. Ағаның жаны қол созып үңіліп тұрса, інінің жүрегі неменеге түңіле берер.


Қалағаммен солай табысқам.


· Мұқаң ше? Қаратаев Мұхамеджан ағаң. Жазам деген рецензиясын жазып, жаңылыс басқанын ескерді ме?


· Жоқ. Ол ағам – жаға бола алған жоқ. Кездескен сайын түнерген жүздің түксиген қарасын бір өзгертпеп еді. Созған қолыңды, жібіген қабағыңды сезбес суықтығынан жаңылмай кетіп еді сол аға. Илікпегенге килікпес көңілім барын күрсінісімнің кеудемнен аулататынын сол кісінің қытымырлығынан байқағам.


· Әлгі ағаларыңның бәрі дерлік бақилық болып кетіпті. Ағаларыңның сол қысастығын растар куәгерің бар ма?


· Көп қой. Орталық комитеттен келген бір-екеу әлі арамызда. Фойеде отырған жиырма-отыз адамның он шақтысы жер басып жүр. Бәрінен де бұрын сол күнгі комиссия отырысының қалай өткеніне де, ағаларымның әділеттен қайтіп аттап кеткеніне де куәм бар. Жоғарыдағы айтқандарымның шындығын ақиқаттайтын Серік аға Қирабаев ол. Комиссия мүшесінің бірі болған-ды.


· Осынау әңгімені неге көйіттің. Кекшіл емеспін деп алып, кекшілдіктің ауылын жағалап кеткен жоқпысың?


· Мүмкін, мүмкін… Әлде күпті көңілдің кеудемді кемірген өксікті өкінішін көпке жария еткім келді ме, білмеймін. Өйткені көптеген оқырманым мені көрген сайын да, телефонмен хабарласқан кезде де «халық жазушысы» деген ресми атағымның жоқтығына реніш білдіреді де, Мемлекеттік сыйлықтың иегері еместігіме сенбей, таңданып қалады. Мүмкін қарапайым халықтың шын таланттарды басына көтере бағалайтынына сүйінген болармын. Шынайы дарындыларды бағалатпайтын да, маңайына жағалатпайтын да төрдегі түксиген төрелер мен шіренген шенеуніктер екенін айтпақшы болып далбасаладым ба, әйтеуір ниетім түзу. Мүмкін анау орыстар басқа қалада құлап қалып басын жарып алған әйгілі ақынын жазып алу үшін Мәскеуден бір самолетке толтырып атақты дәрігерлерін жұмсаса, мынау біздің қазақтар халқы қалаған қаламгерлерін керексіз заттай етіп орталық ауруханалардан лақтырып тастап жатқандарына бұрқ еткен ашуымның бір бұлқынуы да шығар.


Бәрібір күлімсіреуді күрсінуіме қабаттап, өлеңімнен өксік төгіп, өксігімнен өлең құрастырып, “қазағым – ғажабым!» деуден ажырамай кете берем.


Ал Iлияс ағаның ары мен жанының тазалығын, ниетiнiң адалдығын, ici мен әрекетiнiң әдiлдiгiн бүгiнгi «ғажабым» дей алмас әрiптестерiмнiң бiр де бiрiнен кездестiрмей келемiн.


Өкiнiшi көп дүние-ай сол…


qazaquni.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар