Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды...

22.01.2015 4630

Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды

Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды - adebiportal.kz
Бүгін 22 қаңтар күні Ұлттық академиялық кітапханада филология ғылымдарының докторы, академик, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ белгілі академиктер, зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік және қоғамдық құрылым өкілдері қатысты.  

    jp (6).JPG

Бұл акция мемлекеттік ұстанымды көрсетудің ерекше үлгісіне айналатынын атап өтуіміз керек. М. Жолдасбековтың жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы ел-жұртты еліктіріп, қоғамдық көзқарасты қалыптастырып әрі өзінің лайықты орнымен жалғасын табуы үшін тамаша үлгі болуға тиіс. Ерікті түрдегі бұл акт Ұлттық академиялық кітапхананың қорын толымдап, өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оларға білім беру саласындағы өлшеусіз үлес болып табылады.   

     jp (10).JPG  

Мырзатай Жолдасбековтың жеке кітапханасы ақпараттық мәдени және білім беру міндеттерін орындауды талап етеді. Негізгі міндеттері: пайдаланушыларға, сол қатарда ғалымдарға, магистранттарға ақпараттық-библиографиялық қызмет түрлерін ұсыну; мәдени-көпшілік шаралар (кітап таныстырылымы, әдеби сағаттар, күй өнерін насихаттау, т.б.) өткізу. М. Жолдасбеков кітапханасының қорында 6 641 дана (5685 аталым) кітап, кітапша болса, сол қатардағылар: 1041 дана кітап белгілі қаламгерлер, ақындар және дипломаттар қолтаңбасымен; 773 дана (690 аталым) орыс тіліндегі кітаптар; 415 мемориалдық экспонаттар (кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар, медальдар, монеталар, т.б.); 908 (368 аталым) аудио, бейнематериалдар, грампластинкалар мен открыткалар. 692 мерзімді басылым. Барлығы – 9 426 дана (8162 аталым). Кітапхана қоры әрі қарай толықтырылатын болады. 

    jp (9).JPG

Кітап жинау демекші, Мырзатай Жолдасбековтың кітапқа деген құмарлығы бала күнінде туған ауылы Қаратаудың баурайында оянса керек: 
«Әкем марқұм қызыл шырайлы, мейірімді, сұңғақ бойлы аса сабырлы кісі еді. Кісінің ала жібін аттамайтын, ешкімге қиянат жасамайтын. Үнемі «Тәртіп керек, ынсап керек, қоғамның мүлкін сақтау керек» деп отыратын. «Ойынның түбіне жеткен бала жоқ, оданда отырып қариялардың әңгімесін тыңда, пайдасы тиеді», - деп кісілікті жерден мені тастамай ертіп барушы еді. Сондай жиындарға барғанда «Мың бір түн», «Алпамыс», «Қобыланды», «Мұңлық-Зарлық» секілді қисса-дастандарды жарыса оқып өзгелерден оза шабатынмын. Мен он жасқа келгенімде қайран әкем өмірден озып, анамның тәрбиесінде қалдым. Анамда да ерекше дарын бар еді. Жиын-тойларда ақырын ыңылдап тамылжытып ән салатын. Көп аңыздар айтып отырушы еді. Бала күнгі бір арманым: анаммен бірге сырнай тартып ән айту болды. Кейін, студент болған алғашқы жылы анама сыйлық ретінде қаладан сырнай көтере келгенім бар. Сол студент кезімде көшіп-қонып жүріп, өміріме жол ашқан құнды қазына кітаптарымның біразынан көз жазып қалдым», - деп, ағамыз өмірінің өшпес сәттерін есіне алды. 

   jp (4).JPG

Өз кезегінде, Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкерлері ұстаз, ғалым М. Жолдасбектың өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш әзірлеп ұсынды. Көрсеткішке қаламгердің кітаптары – 35; 1960-2014 жылдар аралығындағы ғылыми-танымдық жинақтары және баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен шығармалары – 381, осы ретте 1986-2014 жылдар аралығында орыс тілді БАҚ беттерінде жарияланған мақалалары – 64; жазушы жайлы құжаттар, әріптестерінің ой-толғамдары, лебіздері – 286, осы ретте орыс тілді БАҚ-та жазушы және оның шығармашылы туралы зерттеулер мен естеліктер, очерктер – 31; сондай-ақ М. Жолдасбектовтың құрастыруымен, жетекшілігімен жарық көрген кітаптар мен жинақтар – 74 кірістіріліп, хронологиялық тәртіппен, әліпбилік жүйемен берілген. 
Сонымен қатар, М. Жолдасбеков жеке қорындағы қазақ және басқа да халықтардың  ұлттық  аспаптарының  бірегей  топтамасын (домбыра, жетіген, гармонь, т.б.) Ұлттық академиялық кітапханаға қалдырды. Өмір нәріндей қайнардан сусындап, шөл қандырамын деген жанға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың кітапханасының есігі әрдайым ашық.

    jp (12).JPG
    jp (5).JPG
    jp (19).JPG
     jp (18).JPG
            jp (16).JPG
        jp (26).JPG
         jp (11).JPG
          jp (2).JPG
              jp (14).JPG
              jp (22).JPG
adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар