Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚР Премьер-министрінің орынбасарына зиялы қауым өк...

23.01.2015 2648

ҚР Премьер-министрінің орынбасарына зиялы қауым өкілдері сауал жолдады

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев еліміздегі шығармашалық одақ өкілдері мен астаналық жас қаламгерлермен кездесті. Кездесу барысында шығармашылық одақтардың өзекті мәселері талқыланып, бір топ одақ мүшелеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табыс етілді. Аталған жиында сөз алғандардың қатарында жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов,  белгілі сатирик Көпен Әмірбек және т.б одақ мүшелері бар. Назарларыңызға жиын барысында премьер-министрінің орынбасарына қойылған сауалдарды ұсынамыз.
       jp (8).JPG

Нұрлан Оразалин: – Біздің ел Орта Азия бойынша мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын жалғыз мемлекет. Оны мақтанышпен айта аламыз. Алайда, бізде шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе ол – қаламгерлерге берілетін қаламақы мәселесі. Алдағы уақытта осы жағдай оң шешімін тапса деген ұсынысым бар. Қаншама таралыммен шыққан жинақ авторларына берілетін қаламақы мәселесін шешуге ықпал жасауыңызды сұраймын. Және алдағы уақытта сізге Жазушылар одағының барлық ұсыныстарын хат түрінде сізге  ұсынатын боламын.  

Несіпбек Айтұлы: – Қазір әдебиет пен өнердің негізгі мақсаты – адам тәрбиелеу. Жастарды, елді отансүйгіштікке, ұлттың намысын қорғауға тәрбиелеу. Қолымызда қанша заманауи қару болғанменде жауынгерде еліне, жеріне деген махаббат болмаса ол ешқашан Отанын қорғай алмайды. Отанды қорғайтын алдымен елге, жерге деген махаббат пен намыс.  Қазір жастарымыздың бойынан осы қасиет азайып бара жатқан сияқты. Біреулер айтып жүр қазіргі таңда қазақ әдебиеті құлдырап бара жатыр деп. Олай емес, бізде әдебиет бар. Бізде жазылып жатқан поэзия да, әндер де бар. Бұл жөнінде ақпарат құралдарының ішінде қазақ тілді басылымдар аз жазып жатқан жоқ. Қазақтың радиосы жақсы жазып жатыр. Бірақ, біздің телеарналар жөнделмей қойды. Бәрін бірдей жамандай алмаймын, ішінде ұлттық намысты қозғап жүрген бағдарламалар бар. Кезіндегі Сағат Әшімбаевтың тұсындағы телеарналардың жағдайымен салыстырғанда қазір мүлде төмендеп кетті. Білікті журналистер азайып кетті. Сауатсыз, қазатың тілін білмейтін, Ресейдің барлық бағдарламасынан көшірме ғана жасап қоятын бағдарламалар көбейіп кетті. Біздің дәстүрлі, ұлттық нақыштағы бағдарламалар екінші орынға ысырылды. Жеңіл-желпі дүниелер қаптап кетті. Биыл Қазақ хандығына 550 жыл деп айтып жатырмыз. Соны халыққа дұрыстап жеткізетін бағдарламалар жоқ. Телеарналарды сауатсыздандырып жатқан әншісымақтар. Эфирге шығып алып өзінің тапқан баласын, киімін, ішкен-жеген тамағын айтатын болды. Қазақ телевизиясын мазаққа айналдырды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуіміз үшін алдымен телеарналарды қатаң қадағалауымыз керек. Халық шаршады телеарналардан. Ұсақ-түйек, баланың ойыны, бақсының жыны болып кетті. Осыған тыйым салу керек. Осы мәселеге билік тарапынан бағыт-бағдар беретін шұғыл шара керек.

Серікзат Дүйсенғазин: – Қазіргі шығармашыл жастардағы басты мәселе – баспана мәселесі. Олардың барлығы мемлекеттік қызмет жасамайды. Мемлекеттік қызметкерлерге, бюджет саласынынң мамандарына деген бағдарламалар мен функтер бар. Осыған шығармашыл жастарды, ақындар, жазулар, журналистер мен ғалымдар баспанамен қамтамасыз ету деген арнайы тарау енгізілілсе деген ұсынысым бар.  Бұл баспана мәселесі сонау Қасымнан бері келе жатқан мәселе. Бұрыннан ақын-жазушыларда осы баспана мәселесі толғандырып келгені жасырын емес. Біздегі шығармашыл жастар елдің имиджін қалыптастыруға, Астанамызды жырлауға, рухани кеңістікті толтыруға, әдебиетіміз бен мәдениетімізді байытуға қызмет атқарып келеді. 

Қуаныш Сұлтанов: –  Бердібек Мәшбекұлы, сіздің шығармашыл жастармен кездесуіңізді құптадым. Қуанып отырмын.  Бұдан былай бір рет қана кездесіп қоймай, айына екі-үш рет кездесу ұйымдастырып, шығармашыл жастар мәселесіне көңіл бөлуіміз керек деп ойлаймын. Айтылған барлық ұсыныстарды тыңдадым, қолдаймын. «Нұр-Отан»  халықтық партиясы жанынан «Мирас» қоғамдық қоры құрылды. Қазіргі таңда жақсы жұмыс атқарып келеді. Еліміздегі мәдени-әдеби ұйымдардың көптігі, шығармашыл жастардың биік шыңдарды бағындырып жатқаны көңіл қуантарлық жағдай. Тек біз оларға рухани және материалдық  қолдау көрсетуіміз керек. 

Алмахан Мұхаметқалиқызы: – Абай қазақтың бойтұмары. Астана бүкіл қазақтың жүрегі деуге болады. 2010 жылы астанада  Қазақ-Ресей университеті жанынан Абайтану ғылыми орталығы ашылған болатын. Университеттің жабылуына байланысты маусым айынан бастап Ресей университетінен жаңа орын таппай жүрміз. Бұл жөнінде біраө зиялы қауым өкілдері хабардар. Бірақ, «Күміс қақпа жабылса алтын қақпа ашыады» деген аталы сөз бар.  «Ит өз құйрығын көтермесе кім көтереді» деген сөз тағы бар. Мен осы орталыққа үш мыңнан аса экспонат жинағанмын. 
Бүгінге дейін жеті мыңнан аса студенттерді қабылдадым. Мектептерде Абайтану пәні ретінде енгізілді. Бірақ, әлі күнге оқулық қалыптасқан жоқ. Бұл орталық бүгінгі күнге дейін сол мектептердің әдістемелік құралы ретінде жұмыс жасап тұрды. Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде сол ксінің ықпалымен Абайтануға жер беру мәселесі қарастырылған болатын. Бүгінде ол кісінің қызмет ауыстыруына байланысты осы мәселе әлі қарастырылмай келеді. Ертеңгі күні ЭКСПО-ға келетін жұрттың бірден-бір бренді Абай болуы керек. Алдағы уақытта осы орталықтың қалыптасып, арнайы жер берілуіне ықпал жасауыңызды сұраймын. 

Көпен Әмірбек: – Сіз Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тұрған кезіңізде көптеген мәдени шаралар өткізіп, әдебиетті жоғары деңгейде дамыттыңыз. Болгарияның Харворд қаласында жыл сайын дүниежүзілік сықақшылар конкурсы болады. Олар жыл сайын 1-сәуір күні үлкен деңгейде атап өтеді. Осылай біздің Қазақ елінде неге өткізбейміз? Себебі, барлық кедергілерге қарсы тұратын ол әзіл, юмор мен астарлы қалжың мен сатира. Осы ұсынысым туралы сіздерден алдағы уақытта қолдау күтемін. 

Барлық сауалдар жазып алынды. Қолдау көрсетілетіні туралы да айтылды. Сөз соңында Премьер-министрдің орынбасары отанды жырлаудан асқан міндет жоқ. Сондықтан шығармашылық одақтарға қазіргі заман талабына сай, еліміздің жетістіктерін жырлайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін тың дүниелер жасауға шақырды. 
Сондай-ақ шығармашылық одақтар, жазушылар мен өнер адамдары биылғы жылы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтарын, Ұлы жеңістің 70-жылдығын атап өтуге белсене қатысулары, шет елдерде мәдени шараларды ұйымдастыруды қолға алулары қажет екендігін айтты.
Ал минстрлікке, шығармашылық одақтармен тығыз байланыста жұмыс жасап, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді бірлесе атқаруды тапсырды. 

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар