Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Абай Мауқараұлы. Ғашығым – қайыршы, қайыршым – ға...

16.07.2019 4266

Абай Мауқараұлы. Ғашығым – қайыршы, қайыршым – ғашығым 16+

Абай  Мауқараұлы. Ғашығым – қайыршы, қайыршым – ғашығым - adebiportal.kz

14+

(бүгінгі баллада)

Жоңғар Алатауынан арқырап ағып келетін Сарқан өзенінің сарылы Гүлнұр қыздың ең жақын сырласы. Бала жасынан бері құлағына әбден сіңіп қалған үзілмейтін ғажап үн. Тасқынды суы арнасындағы қой тастарға соғылып көбік шашқан өзен өз үйінің дәл іргесінен ағып өтуші еді.

Ес біле өзен жағасында ойнайтын, сонда қуанып күлгені де, қорқып жылағаны да судың сарқырымен бірге ағып кете беретіндей елестейтін... Сар-сар дыбысы, гүр-гүр үні өзі ғана түсінетін таусылмайтын кеңестер айтатын...Тасқа соғылғандағы бұрқыраған су тамшыларынан көрінген түрлі-түсті кемерқосақ та өзін қуантатын, өзін уататын тірі бейне секілді сезілетін, өзімен бірге ойнайтын, армандайтын...

Содан ба, тіпті бойжеткен болған кезде де сол тынымсыз күркіреген өзен дыбысын қайда болса да үнемі сағынып жүретін-ді.

Бірақ, күйеуге шыққалы бері өзеннің осы сарқыраған дыбысын қатты жек көріп кетті. Өте аз сөйлейтін келбетті жігітінің анда-санда өзіне айтқан әдемі сөздерін сол өзен өзіне жеткізбей, әдейі естіртпей жұтып әкете беретін секілді. Өзен өзіне ғашық болғандықтан, мына жігіттен қызғанып долдана күркірейтін құсаған. Өзіме келші деп, жанталаса дөңбекшіп жатқандай.

Осыдан болып, өзенге аяушылықпен емес, ашумен қарайтын болып кетті. Бірақ, кейде жігітім де осы өзендей арынмен мені сүйсе ғой, шіркін деп те ойлайды.

Содан ба, Гүлнұрдың көңіліне бірдеңе жетпейді әйтеуір... жігітінен дәметкен жалғыз жалынды, бүкіл бойын балқытып жіберетін бір сөзді сағынумен жүр. Әттең, жанын жарқырататын сол жалғыз сөз айтылып кетті ме екен, не өзен ағызып кетті ме, әлде... әлі айтылған жоқ па...

Түнде тәнін балқытқан жігітінің сымбатты денесіне сүйсіне қараған сайын ол кейде жансыз мүсін секілді елестеп, өне бойы суып шошып кетені де бар. Сонда жанын жадырататын жақсы сөзге қанша шөлдегенін шын сезініп, «ескерткіш күйеуіне» ренішпен де, үмітпен де қараған күндерінен жаңылады...

Сондай кездері өзіне ғашық арынды өзенді еске алып күрсінетіні тағы бар, өзеннің аумайтын адалдығына сүйініп, жағасына барып әдемі алақанына толтырған мөлдір суын шоп еткізіп жұтқанда өзен қуаныштан еңіреп жібергендей, шулы, дулы сәттер жүрегін жұбататын...

Жүзім сабағы көлегейлеген ауланың алды. Көктемгі жүзімнің балапан жапырақтары таңертеңгі күнің балғын сәулесімен қауышып, бала махаббатпен бақытқа кенеліп тұрғандай еді.

Күйеуі екеуі ғана таңғы шайларын ішіп отыр, Гүлнұрдың көз қиығы жігітінде, биік қабақ, бүркіт көз, қияқ мұртына ғашық болып қанша қараса да, қарай-қарай ол әдемі сурет құсап қалғандай.

Өтіп бара жатқан мезет көктемнің соңы, жаз мезгілінің басы, әттең тұра тұрсашы, дейтін бозбала-бойжеткен шақты еске салады. Өткен күндерде қалып бара жатқан сағыныш келер күндердегі қызықтан артық секілді сезіледі.

Сүйкімді ерініне кесесін таята ұстаған уыздай жас келіншек жігітінің жүзіне қарағыштай береді. Мына таңғы майда самалдай, жанына жылы тиетін бір жылы сөз күйеуінің ауызынан шығып қала ма, деп алаңдаумен отырғаны азап па, әлде рахат па айырудан қалғандай екіұдай күйде.

Жарты жылға таяды, татқан тән ләззаттың бәрінен артық сол ыстық сөз қашан айтылар екен деп, жалтақтай береді.

Ауланың есігі сықырлады. Екеуі де қатар жалт қарады. Бомж сияқты біреу.

Шағын денелі, сергек жігіт, өзі жалаңаяқ. Бөгелмей таяп келеді, екпіні шақырылған қонақтан бетер екен. Ас үстелге ентелеп келіп тоқтады. Жас шамасы отыздан аспаған шығар. Оң жақ бетінде өткір тырнақтың ізіне ұқсас үш тарам жаңа жараның ізі бар. Сол жақ көзінің үсті көгеріп іскен. Қырылмаған сақалы ұрыстан шыққан киноәктердікіней өзіне жарасып тұр. Шуақты қоңыр көзі баладай аңғал, аяушылыққа толы. Ашқұрсақ жүзі жүдеу болса да жайдары екен.

Ұяла қысылған кейіпте Шаймұратқа қос алақанын қатар жайды:

«Ағатай, құдайдан қайтсын! Тиын-тебен болса берші!»

Гүлнұр күйеуіне мойын бұрды. Әуелі оның қатты тыжырынған түрін көрді. Тістері ақсиып, екі езуі құлағына қарай кетіпті. Мына қайыршыға жаны қатты ашыған сиқы шығар деп, түйді. Әлде, мынандай жап-жас жігітті cұраушы қылған заманға деген жиіркенішін білдіргені ме, деп те қалды.

Сөйтсе... оның екеуі де болмай шықты. Гүлнұр осы сәтте өз құлағына да, өз көзіне де сенбеді. Шаймұрат орнынан тұрып сұқ саусағын бейшара халдегі жігіттің көзіне безеп тұрып:

«Оңбаған бомж! Жоғал көзіме көрінбей! Сені асырауға ақша жиып отырған жоқпын!» деп, ақырғанда, күн шұғыласымен ойнап тұрған жүзім жапырақтары селк еткендей, іргеден ағып жатқан өзен бір сәт ішін тартып, тоқтап қалғандай құлағына қызық құбылыс білінді.

Гүлнұрдың көкірегінде үнемі сағынышты сыбызғы сазын шертіп тұратын бір нәзік қыл тырс етіп үзіліп кетті. Дірілдеген денесін әзер жыйды.

Алдарында қолын созған қалпы қалшиып қалған қайыршы жігітке мүсіркей қарап қалды. Әрі таңқалды. Қайыршының көңілі қайтып, тіпті ренжіген сыңайы да байқалмайды. Қайта, өзін қорлаған Шаймұратқа аяушылықпен телмірген күйі, екі қолын сылқ түсіріп тұрып қалған екен.

Гүлнұр белгісіз бір күштің ықпалымен, үстелдегі үйме табақ туралған нанды сұраушы жігіттің сөңкесінен салып тұрғанын ғана білді. Енді, шегіне бергенде кеудесіне бір ауыр жұдырық қатты тиіп шалқалай құлап бара жатты.

Не болғанын аңдамақ болып қарағанда, өз күйеуінің қорқынышты кейпіне көзі түсті. Оның өзіне өшпенділікпен қараған көзі... осы сәтте көкірегіндегі жел тигізбей аялап жүретін сүйкімді бәйшешектерін қара дауыл жұлмалап әкетіп бара жатқандай елестеп, үрейден естен танды...

Осы оқиғадан кейін Гүлнұр сүйіп қосылған жігітінің бетіне көз қиығын да салуға жүрегі дауаламады. Қарайын десе, жұдырығы кеудесіне тиген кездегі қызарған көз, ыржиған езу есінен кетпейді. Күйеуі жанына таяса, бойын үрей билеп, қара тер басып, есі шығып кететін болды. Енді, бұлай жүре алмасын білген соң, со қалпы төркініне кетті...

Содан кейін, Гүлнұр ауылдан кетіп, Алматыдағы «Болашақ» деген базарда мата сатуды жанбағыс кәсіп қылды. «Сарқанның сұлуы» деген баяғы даңқын мұндағылар енді білмейді, өзі де ұмытты. «Өзен ғашығы» ғана өзгермейтін көкейіндегі асылы екендігін енді, әбден мойындады.

«Ауаткомның сері ұлы» деген атағына жығылып шыққан сымбатты жігіті де есінен мүлде шыққан.

Сөйтіп, базардағы бір жүк тасушы жігітпен қайта тұрмыс құрды. Ол өзіне ұсыныс айтқан кезде оның түріне назар аудармауға іштей ант етті. Оның жағдайына да қарамады. Тек қана, қашанда үйіріліп тұратын қамқор мінезі мен қоңыр үнді жылы сөзіне жығылды...

Гүлнұр ақырын жылжыған көлеңкедей боп әлденеше жылдың өте шыққанын да білмей қалды. Әлдебір күні күйеуі екеуі базардан келіп, «Шаңырақ» ауданындағы ең шеттегі ұядай ғана «времянка» тамдарында кешкі шайларын ішіп отырған-ды.

Күздің сары күні батыстағы сайдың жиегіндегі сарала қамыстың арасына қарай еңкейіп, одан сүзіліп шыққан жұмсақ шұғыла терезеден төгіліп, ерлі-зайыптыларды зерлеп, сахнадағыдай әсерлеп тұрған кез еді. Қайта айланбайтын өкініші аз, қуанышы көп өтпелі мезет.

Гүлнұр сондағы серті бойынша үйленгелі бері күйеуінің жүзіне бір сәт көз тоқтатып қарамапты да. Жаңа жігітінің әр қимыл, әр сөзінен оның бүкіл жағдайын көзбен көргеннен де артық сезінетін бір күйге түскен-ді. Өзінің өте нәзік көңілі жігітіне сіңіп кеткен бе, әлде жігітінің сыртқы ерекше сыпайы мінезі өзіне ауысқан ба, екеуі бір адамдай боп кеткен халіне таңырқайды. Көкірегінің түкпірінен естіліп тұрғандай бейтаныс әдемі әуенді күйеуінің де ішкі қыл тамырлары қатар шертіп тұрғандай сезілетіні қызық-ақ...

Гүлнұр өтіп бара жатқан дәл осы мезетте сол сыры белгісіз өз ішіндегі әуенге елтіп отырған-ды. Мәні қандай, жоғалтып алған жоқтау ма, табылған жолығу ма, нендей әуен өзі?!

Тамның есігі қатты дүрсілдеді. Гүлнұр жеңіл тұрып барып, есікті ашқан қалпы сілейіп тұрып қалды. Қарсы алдында алба-жұлба киімді, шашы балшықпен ұйысқан, тырнағы өскен кір-кір қолын қалтырай жайған қайыршы:

«Айналайын, бір үзім нан берші!» деп, қырылдай үн қатты.

Жас әйел бойын билеген үрей мен өкініштен қалтырай жүріп, дүкеннен әкелген дорбашадағы нанды мұқтаж міскіннің қолына ұстата салды. Оның кетіп бара жатқан бейшара түріне назар аударғыны сол еді, көзінен еріксіз жас сорғалап, екі иығы селкілдеп кетті. Күйеуі қасына келді:

«Гүлім, не болды саған?!»

Гүлнұр ұят пен аяныш қатар тілгілеген жүрегі қарс айырылғандай:

«Есен, не дейін саған, жаңағы қайыршы менің бұрынғы күйеуім ғой...» деді, сыбырлай үн қатып.

Гүлнұрдың жаңа күйеуі әдемі келіншегінің жас жуған жүзін қос алақанымен аялай ұстап, өзіне қаратып тұрып былай деді:

«Иә, оны мен де таныдым... Гүлім, сен білесің бе, мен баяғы осы күйеуің қуып жіберген қайыршымын ғой!..»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар