Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

23.08.2019 12352

Абай әлемі 12+

Абай әлемі - adebiportal.kz

Бүгін 23-тамыз кемеңгер ойшыл, хәкім Абай атамыздың туған күні! Қасиетті Шыңғыстау топырағы, Сырт Қасқабұлақта дүние есігін ашып, қалың қазақтың мақтанышына айналған ой алыбының туған күніне арнап Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өтуге бастама ретінде «Абай әлемі» атты рухани-тағылымды шара өткізді.

Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, хакім данамыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында ақынның өлеңдерін зерделеп, шығармашылығын жаңғыртып, сол арқылы өскелең ұрпақ бойына елжандылық пен отансүйгіштікті дәріптеуді мақсат еткен шараға депутаттар, әкімдік қызметкерлері, абайтанушы ғалымдар, ел зиялылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы өз сөзінде: "Бүгінгі дүниетаным тұрғысынан алып қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін жаңа ғылыми зерттеу жұмыстары қандай бағыт бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келіп жетті. Абайды зерттеп, тану саласында 125 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми творчестволық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағаламақпыз. Бұл өте орасан жауапты жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымыз екенін естен шығармауымыз керек.

Елордамызда ашылатын абайтану ғылыми зерттеу институты барлық абайтану орталықтарын біріктіруші үлкен күшке айналады деп сенемін. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекітіп алуымыз қажет. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға тастап және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз".

Абай ескерткішінің алдында ақынның әндері шырқалып, арнау өлеңдер оқылды. Абай көшесінің тұрғындары да жылдағы дәстүр бойынша шараға жиналып, сөз сөйлеп гүл шоқтарын қойды.

Өнегесі өзек боп бар ғұмырға,

Өр рухпен бөлейтін жанды нұрға.

Алты алашқа таратып шұғыласын,

Абай жылы келеді алдымызда.

Абай десең көкейге ой тұнады,

Адастырмас алдыңда жол тұрады.

Сақтап келген ел-жұртын кеселдерден,

Абай сөзі қазақтың бойтұмары.

Абайды тану – қазақты тану, оның маржан тілін, мыңдаған жылдар бойы жалғасқан зор мәдениетін тану. Абай мұрасы мәңгілік. Барша қазақ баласы Абайды тануға, білуге, Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген, өскен, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Бүгінде біз Абай аңсаған ұлы өзгерістердің куәсі болып отырмыз.

«Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді.... Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты» - деген екен жазушы Шыңғыс Айтматов.

Ал кемеңгер Мұхтар Әуезов Абайды «Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтын классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы» деп бағалайды. Ия, шынында да Абай сөзі ақыл мен әділетке сыналған ешқашан ескірмейтін мәңгіліктің сөзі. Ойшылдың бар ғажабы да осында жатыр.

Жырмен сомдап жүректегі жақұтты,

Аңсап жарқын болашаққа асықты.

Абайы бар халық неткен кемеңгер,

Абайы бар қазақ неткен бақытты!

Арман Шеризат

Суретке түсірген: Алтай Чултуков


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар