Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай ел басқарушы адамның рөлі туралы

10.01.2020 1519

Абай ел басқарушы адамның рөлі туралы 12+

Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абайдың шығар­маларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Ел басқарушы адамның рөлі демократиялық қоғамда өте үлкен. Себебі, басқарушы адамның рөлі бүкіл әлем болмысымен байланысып, табиғи үйлесім үшін өте маңызды. Оған Абайдан мынандай дәлелдер келтіруге болады. Абайдың «Алла бiр» және «... ғалам Алла тағаланың iшiнде» деген сөздері ғалам бөліктерінің бір-бірімен өзара тығыз байланысып, біртұтас болмысты құрайтынын білдіреді. Адамзаттың әрбір қоғамы болмыстың бір бөлігі, ендеше бүкіл адамзаттың өзі біртұтастың ішінде болып, әрбір ел, әрбір халық сол біртұтастың бір бөлігі ғана болып табылады. Бұл бөліктер, яғни әрбір қоғам, бұл тұтас әлеммен бірге болып, оның ықпалынан шықпауы керек. Бірақ адамзат қоғамы бұл заңдылықты жиі бұзып, болмыс үйлесімділігінен және оның ықпалынан жиі шығады. Бұған жол бермеу үшін, әрбір елді, халықты, қоғамды болмыс үйлесімділігінен шығармай, әлеммен біртұтас қалпында сақтай алатын басқарушы адам керек. Дұрыс басқарушы қоғамды үйлесімді өмір аясында ұстайды. Міне сондықтан, әрбір ел басқарушыға болмыс аумағында үлкен міндет жүктеледі. Ол бүкіл болмыс алдында жауап береді. Қандай да болмасын дұрыс басқарылған қоғам әлеммен үйлесімді болып, оның әрбір мүшесі жан тыныштығын алып, тіршіліктің сергелдеңінен құтылып, еркіндік алады. Елді мұндай жоғары деңгейде басқару, әрине, өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ел басқарушы адам бұл үлкен жауапкершілікті жақсы түсініп, өзінің ғана емес, бүкіл елдің қамын ойлап, міндетін толық атқаруы керек. Дұрыс басқара білген адам Алла тағаланың шапағатына бөленіп, екі дүниеде де кемшілік көрмейді. Ал өз міндетін түсінбей, билікті тек қарабас қамына пайдаланған адам, керісінше, әлемнің әділет заңдылығы бойынша соған сәйкес жазадан құтылмайды. Сондықтан, мұндай үлкен жауапкершілікті тек қана әуелі елдің қамын ойлайтын, жүрегі кіршіксіз таза адамдар ғана қабылдай алады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңінде Абай мұндай абзал адамдар туралы былай дейді:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Ұлы адамдар артына сырлы сөздерін ғана емес, ұлы істерін де қалдырады. Олар дүниеге «Бой алдырып, аяғын көп шалдырған» адамдар емес, өздерінің нәпсісін жеңе біліп, жетілудің сара жолына түскен адамдар. Міндетін дұрыс атқара білген мұндай адамдар өздерінің ұлы істерімен осы өмірдің өзінде үлкен даңққа бөленіп, халықтың құрметіне ие болып, тарихта өзіне тиесілі құрметті орын алады. Елдің басына түскен орасан зобалаң замандарда олар өздерін қатерге бөлеп, көптің қайғысын бірге көріп, ел қамын өздерінің мойнына алып, қоғамды дұрыс жолға сала білген. Абайдың өзі сондай қасиетті адамдардың бірі болды. Оның ұлы мұрасы халқымыздың бүгінгі рухани жаңғыру барысында орасан зор құндылығымен қымбат. Ұлы қайғылар адамның жүрегін тазартып, жігер береді. Ал жеке қарабастың қамынан шыққан қайғылар жүректі былғап, адамды тозақ отына салады. Абай да өз елінің қайғысын ойлап, жеке басының қамына беріліп кетпей, халық үшін барлық күш-қуатын жұмсай білді.

Ел басқарудағы кемел адамның рөлін Абай өзінің «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде береді.

Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?

Берекелі болса ел –

Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағынан күркіреп

Құйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер төл.

Абай «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» дейді. «Кемел» арабтың «әл инсан әл камил» деген сөзіндегі «кемел адам» деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл сөздің қандай жоғары мәні барын көреміз. Кемел адам – кемшілігі жоқ толық адам. Ондай адамдар ең әуелі өзінің емес, көптің қамын ойлайды. Өзін елдің бір бөлігі ретінде қабылдайтын ондай адамдар, қоғамдағы рөлін толық атқару үшін ең әуелі өзінің кемшіліктеріне көңіл бөліп, арылуға күш салады. Басқаларға үлгі көрсетіп, елді соңына ерте біледі. Көпшілік қауымның сана-сезімі өздерінің қарабас қамынан аса алмайтын тән деңгейінде. Сондықтан ондай көпшілікті Абайдың өзі қара сөзінде «...көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейтіні бар. Кемел адам басқарып, ондай көпшілікті жөнге салған елді «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды. Мұндай елде азаматтары жаны жайсаң, мыңғырған малды, «Өзгеше боп өсер төл».

Ал дұрыс басшы болмай, берекесі кеткен елді былай суреттейді:

Берекесі кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңкылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын ішкен мал,

Тышқақ тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,

Суы құрсын, ол бір – шөл.

Осындай шөлге айналған елді кемел адам ғана жөнге келтіре алады. Абай кемел басшының қоғамдағы рөлін былай деп бағалайды.

Единица – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?

Көпшілік қауым кемел басшыға ереді, оны үлгі тұтып, теңелуге ұмтылады. Басшы қатаң, әрі әділ, ең бастысы – жаны таза абзал адам болуы керек. Мақсаты – алға ұмтылып, елді соңына ерту. Ол дара, көпшіліктен бөлек. Егер дара бола алмай, артына қарайлап, тобырдың көңілін аулап, оның сойылын соқса, қоғамдағы озбырлар күш алып, ел іші іріп-шіріп, құлдырау жолына түседі. Дара адамның өзіндік құндылықтарын сақтай алатын қайраты мен мінез-құлқы болуы керек. Егер басшы адамның өзі тобырға еріп, өзі нөлге айналып кетсе, ондай қоғамның рухани жетілуі қиынның қиыны, тіпті мүмкін емес. Ал егер басшының өзі адамгершілік қағидаларын бұзып, кінәрәтті істерге баратын болса, артынан ерген елі азып, құлдырап кетеді. Ондай өмір тозақпен тең. Алаяқ-қу, өркөкірек, атаққұмар, керітартпа тоңмойын, сауық-салтанат пен атақ-даңққа құмар, әуелі ел қамы емес, өз қамын ойлайтын, ешқандай күнәлі істен тайынбайтын, көреалмаушылық бойына сіңгендер елді басқара алмайды. Билік олардың несібесі емес. Олар халыққа зиян келтіреді – әділетті аяққа басады. Елдің жағдайын құлдыратып, қоғамды тоқырауға әкеледі. Тек қана әділеттілік пен ақиқат жолын таңдаған адамдар ғана ел басқаруға лайықты.

Отыз тоғызыншы сөзінде Абай қазақ өміріндегі тұлғаның рөлін былай деп көрсетеді:

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Абай ел басы, топ басылардың рөлін осылай жоғары бағалайды. Сонымен бірге Абайдың бұл сөздерінен не себептен қазақ халқы өзінің басшысына толық сеніп, «халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды» екенін түсінеміз. Себебі басшыға толық сенім артып, « Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен». Бұрыннан келе жатқан әдет – басшыға толық сеніп, оған құрметпен қарау, халықтың діліне айналып, менталитетіне толық сіңіп кеткен. Әлі күнге дейін халқымыз «Оны зор тұтып, әулие тұтып», не айтса соған көніп жүре береді. Себебі ел басының «жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» Бұл, әрине, көне заманнан қалған әдет болуға тиісті. Көне заманда батысында Еуропадан бастап шығыста Кореяға дейін созылып жатқан алып Ұлы Түрік қағанатын бір адам ғана басқарды. Егер басшыға сондай сенім мен құрмет болмаса мұндай алып мемлекеттің өмір сүруі мүмкін болмас еді ғой. Ұлы Түрік қағанаты, кейінгі Шыңғысхан империясы тәрізді ірі мемлекеттердің құрамында болған түркі халықтары ғана емес, басқа халықтарда да сол себептен басшыға құрметпен қарау әдеті сақталған. Ал Балтық теңізі жағалауындағы халықтарда, немесе Батыс елдерінде мұндай әдет жоқ. Сондықтан оларда президентке байланысты мәселелер оңай шешіліп, көп қиындық тудырмайды.

Әлем бойынша алатын болсақ, Түркияда Кемал Ататүрік, АҚШ-та Дж.Вашингтон, Индияда Махатма Ганди тәрізді осындай адамдар демократия орнатып, елді өркениет жолына салған. Қазіргі заманда Түркия түрік елдерінің, ал АҚШ бүкіл дүниежүзі елдерінің алдыңғы сабында, ал Индия болса, әлемдегі колониалдық құрсаудан құтылып, өркениеттің сара жолына түскен ең қуатты елдердің қатарына ілінді. Мұндай қоғамды Абай «Жағасы жайлау ол бір көл» деп бағалайды.

Адамзат тарихынан кемел адамның ел басқарып, қоғамды тура жолға салуға үлгі болғаны туралы басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Олардың ең алдында пайғамбарлар мен әулиелер тұр. Мұндай адамдарды Абай отыз сегізінші сөзінде адамзаттың ұстаздары деп бағалайды. Олардың өмірі ерекше. Олар өздерінің жан тазалығы арқасында қарапайым адамды өзіне сендіріп, соңына ерте білді. Көпшілік қауым үлгі алатын нысана, ұмтылатын деңгей, жол көрсететін шамшырақ болды. Осылай діннің негізі қаланып, бүкіл адамзат жаңа рухани деңгейге көтеріліп отырды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам дінін таратып адамзатты рухани жаңа деңгейге көтерсе, ал әулие Мүсірәлі Тәуке хан тұсында өзінің рухани қуатымен қазақ халқын еркіндік жолына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берді.

Өкінішке орай, бүгінгі күндері жоғары идея мен соған сәйкес басшы адамның табылуы өте қиын. Өмір осыны көрсетіп отыр. Себебе, Абай сөзімен айтқанда «Көп адам дүниеге бой алдырған». Біріншіден, рухани жағдайы жұтау, өркениеті жетілмеген мемлекетте халық ешбір жоғары идеяны қабылдай алмайды. Екіншіден, қазіргі қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты халыққа үлгі болатын, адамгершілігі жоғары, елге кіршіксіз қызмет ететін таза адамның табылуы өте қиын. Қандай адал басшы болса да уақыт ықпалымен оны кезінде дүние қызығы жеңіп, тура жолдан ауытқып кететінін өмір өзі көрсетіп отыр. Мұндай басшылар халық қолдауынан айырылады. Халықтың наразылығы туып, қоғам тығырыққа тіреледі.

Бүгінгі күндері көне заманнан келе жатқан бұрынғы менталитет қазақта әлі күнге дейін сақталған. Сондықтан халық ел басқарушы адамның кемшілігі болса да, оған құрметпен қарап, шыдамдық білдіреді. Бірақ заман өзгерген. Бүгінгі күндері «қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысатын» кемел басшыны табу қиын. Бүгінгі басшының әр ісін қадағалап, оның өзінің қызметі жөнінде көпшілік алдында есеп беруі керектігі туып отыр. Ол үшін елде демократиялық принциптер мықты болуы керек. Абай ілімі бойынша көп шуылдақты, яғни көпшілікті, кемел адамдар басқарғанда ғана қоғамда нағыз демократия орнайды. Бұрынғы қазақ қоғамында да демократиялық принциптер болған екен. Бірақ бүгінгі күндері, Абай сөзімен айқанда, оны «біржола жоғалтып алдық».

Досым Омаров

абайтанушы, профессор


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар