Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Абай Мауқараұлы. Егеуқұйрық та жақсылықты біледі.....

06.01.2020 4294

Абай Мауқараұлы. Егеуқұйрық та жақсылықты біледі... 12+

Абай Мауқараұлы. Егеуқұйрық та жақсылықты біледі... - adebiportal.kz

(Эссеге эссе)

Анда-соқта «Әдебиет порталын» шолып шығатын әдетіммен қарап отырып, моңғолиялық атақты жазушы (қазақтың Мұхтар Мағауині) Лодонгийн Түдэвтің «Егеуқұйрық» деген эссесіне көзім түсіп, қаламгер Бодаухан ағамыздың аудармасында оқып шықтым.

Тарлан жазушы Түдэв әдеттегідей не жазса да дүниені түгел шарлай қамтып, алуан дерек біткенді жіпке тізіп оқырманға танымдық білім бере отырып, алған тақырыбын аса қызықты етіп жазатын жүрісінен жаңылмағаны бірден байқалады. Бірақ, айтпағым ол емес еді...

Аударма мәтіні, егеуқұйрық жайлы батыстың атақты жазушылары Вальтер Скотт, Виктор Гюгодан бастап басқа талай қаламгерлер қалам тартқаны, тіпті әлемнің шексіз кеңейіп бара жатқанын математикалық салыстырмалы теориямен ашқан Энштейіннің өзі, егеуқұйрыққа тәнті болып, оның салмағы егер жиырма кило болғанда (ол екі жүз грамм ғана), бұл тышқан текті жәндік адамға әлемді билетпей, өзі қожайын болар еді, деген қызық пікірлерін келтіре отырып оқырманды еліктіріп алады.

Ары қарай жазушы егеуқұйрықтардың баяғы бір заманда Моңғол үстіртіндегі Гурвансайхан тауын мекен еткен «бозлог» атты дала тышқандарынан бүкіл әлемге тарағанын, оның барған жерінің бәріне ойран салғанын, қаншама қыру, қорғану амалдарын жасаса да одан ары өрістеп, өсіп, өзіне жасалған қастандықтың бүкіл түрін өз пайдасына шешіп, ақыры қазіргі саны азамзаттың жер бетіндегі санымен теңескенін деректермен келтіреді...

Алайда, мен жазушының басқа дәлелдеріне сенсем де, егеуқұйрықты «қайтпас қаскүнем» деген пікіріне иланбағанымды басымнан кешкен бір оқиғамен айтудың орайы келген-ді.

Бірде, үйдегі жазу үстелінде әлдене жазып отырғанымда оннан жаңа асқан үлкен қызым Әмина дәл қасыма келіп құлағыма сыбырлады: «Әке... әке... өте қызық нәрсе!» - деді. Таңдана бетіне қарадым, көздерінде бір нәрсеге қатты таңырқағанда көрінетін ұшқын шашырап тұр. «Не қызық?» - дедім, өзім де ойдан арыла елеңдеп. «Әке, жүріңізші! Қазір көрсетем...», - деп, қолымнан тартты.

Сыртқа шыққан соң, Әмина мені есік алдындағы «времянка» деп аталған ұзынша қосалқы үйдің алдына ертіп келді. «Әке, осының ішінде... өте сүйкімді нәрселер...», - деді, маған өтінішпен қарап, үнсіз күлгенде тістері түгел көрінді.

Мен сұраулы жүзбен «Онда солай кірейік пе?» - дегендей времянканың есігін иегіммен нұсқадым. Ол басын изеді. Ағаш есікті сықырлатпай ақырын аштым, қандайбір ғажайып алдымнан шыға келердей сақтанып, әуелі кіріуге жүрексінгендей батысқа қараған екі терезесінен іші жап-жарық болып тұрған үйдің ішін шола қарап шықтым. Терезеге қарсы қабырғадағы ұзынша сәкінің үстінде ерсілі-қарсылы бірінің үстіне бірін төртбұрыштап жинаған оншақты қап ұн тұр. Астындағы қуыстағы сөрелерде домаланып-домаланып қырыққабат, асқабақтар жатыр. Одан ары өсімдік майы құйылған құтылар тізіліпті. Оң жақтағы келесі шолақтау қабырғаға ішіне тоң май құйып қатар қойылған екі-үш ағаш бөшкенің үстінде сиырдың жеміне деген арпа, кебек толтырылған қаптар. Сол жағыма қарасам үш қатар етіп, екі-екіден тұрғызған ағаш арсада қой, сиырдың қоңырқайланып сүрлене бастаған еттері салбырайды. Басқа бұрыш-бұрышта балалардың шана, велсебеттері, ескі аяқкиімдер, басқа көр-жер салынған картон қораптар... Жалт етіп төбені де шолып шықтым, аласа тақтай төбеден жалғыз лампадан басқа ештеңе көзге түспеді.

Аядай бөлмеде оғаш ештеңе де жоқ секілді, күзде ауылдан қалаға көшіп келгенде тиеп әкелген азық-түліктен бөтен дәнеңе де көре алмағанымды, білдіргендей қызыма бет бұрып «Әлгі қызық нәрсең қайда?» - дегендей ым қақтым.

Оның көзі терезеден тақтай еденге төрбұрыштана түскен күннің сап-сары сәулесі жаққа қадалып қалыпты. Мен де көз тіге қалдым. Қазан айының соңындағы түстен кейінгі күннің саршуағында әлдебір жанды нәрселер шуақтап жатқанға ұқсайды. Жас баланың саусағындай ғана кішкентай қызылшақа бірдеңелер қатарлап қойған қарындаш секілді көз тартады. Қызығып кеттім, есікті еппен жауып, табалдырықтан аттап әлгілердің жанына тықырсыз таяп келдім, қызым да менің оң қолымның балалы үйрегінен екі саусағымен қысып алғаны «әке... ақырын...» дегенін білдіргендей, өзі бір башпайы көрінген қызыл тәпішкесін сыбыссыз көтеріп маған еріп келеді.

Екеуіміз де демімізді ішімізге тарта әлгі «сүйкімді жандыларға» үңіле қарап қалдық. Олардың саны оншақты болу керек, бүйірлері бір-біріне жабыса қимылсыз жатыр. Көзге бірден түсетіні – басы секілді нәрсенің үстіңгі жағындағы жылтырап көрінген екі қап-қара ноқат көзі болу керек, өйткені қара маржандай осы кішкене нәрсенің өзінде кіп-кішкентай күннің бейнесі көрінгені оның тіршілік иесі екенін ұқтырғандай.

Ал, тұмсық жағы үп-үшкір, танау секілді екі тесік маңы дір-дір етеді, тірлік белгісін танытып жатқан ғажаптың өзі! Енді, олардың артқы жақтарына көз салғанымда, ісмәшине жіптен мелжемділеу келген ұзын құйрық қып-қызыл болып созылып жатыр.

«Әй, мынау тірі жәндіктер ғой!» Ішімнен осындай бір таңырқаған дыбыс шығып кетті! Алақан көлеміне де жетпейтін аумақта үйіріліп жатқан жандыларды өмірімде алғаш көріп тұрғаным осы еді. Сонша кішкентай тіршілік иелері, ештеңеден алаңсыз бүлк-бүлк етеді! Басымды көтеріп көз тастағанда әлгілер сонау жер түбіндегі алыстағы бір алаңқайда қатар бөлеп қойған адамның жаңа туған шақалақтарына да ұқсайтындай елестеді.

Қызымның жаңа әзірде айтқан «Әке, үйдің ішінде... өте сүйкімді нәрселер...», - дегеніне енді көзім жеткендей, мен де үнсіз жымиып Әминаға қарадым. Ол да менің бұл жәндіктерге қызығып, қуанғанымды жүзімнен бірден байқағанын білдіре екі бетінің ұшы шұңқырайып, көздерін жіпсите ым жасап қойды. Тағы да еш сыбыссыз шегініп, есік алдына шықтық. Әмина: «Әке, бұларға тиіспейікші, иә!» - деді, бәсіңкі үнмен менен өтіне.

«Иә, неге тиісеміз... бұл не жәндік өзі?» - дедім. Ол: «Әке, мен жаңа түскі тамақ жасауға азық алуға кірсем, әгі сүйкімділердің қасында бір тышқан отыр екен, құйрығы ұзы.ы.ы.н екен, маған қарап, қатты шиық-ши.и.и.ы.ы.қ, мыналарға тиіспеші-тиіспеші дегенде екі үшкір тісі көрініп, өзі қораптардың артына қашып кетті... әке бұл крыса деген тышқан ғой...»

«А.а.а. ой, бұл ауылдағылардың қорқатын тышқаны емес пе?! Жүрген жерінде жемейтіні жоқ, бәрін бүліреді деуші еді ғой...»

Жаңа ғана қутыңдап қуанып тұрған Әминаның өңінде үрей пайда болып: «Әке.е. е... бұл балаларын асырап жүрген аянышты тышқан ғой... мен өзім байқап жүрейінші!» - дегенде қызымның дауысы менің құлағыма тіпті, аянышты естілді. Үндемей, «енді не істеу керек?» дегендей бетіне қарадым. Әмина: «Әке, үйдегілерге айтпаңызшы! Азық үйге мен кіріп жүрейін, басқалар кірмесін!»

Он жасар қызымның шұғыл шешім шығарғыштығына риза болғандай жымия күліп, басымды изедім. О да күліп, маған еліктеп басын изеді, өрген екі бұрымын теңселдіріп қойды, уәде осы болсын дегені.

Қарбалас тірлік бүгінгіні ертең ұмыттырып, аққан өзендей өтіп жатқан күндер бұл кішкентай оқиғаны менің есімнен шығарып та жіберді. Тек, көз алдымда күннің саршуағындағы алақандай ғана аумақта қыбырлап жатқан қызылшақа тірлік ұмытылмай сурет болып сақталып қалды.

Бірақ, сол қызылшақа тірлікті көрген әлдебір түстен кейінгі уақыттан соң, біздің үйдегі қалыптасқан «жұмыс бөлісінде» өзгеріс пайда болғаны байқалып жатты. Әминаның өзінен екі жас үлкен ағасы мен екі жас кіші сіңілісі де азық үйге кіріп, азық-түлік әкеліп, ас әзірлеуге анасына көмектесуге тиіс еді және үлкен ұлым екеуіміз де азық үйде сақтаулы тұрған жемді алып Талдықорғаннан «камазға» тиеп әкелген буаз сиыр мен қойға, оншақты тауыққа да күніне екі уақыт жем беріп тұратын жұмысымыз бар еді.

Осының бәрін Әмина бір өзінің мойынына артып алып, үй мен времянканың арасында таңнан кешке дейін қызыл тәпішкесін сыртылдатып, зыр жүгіріп жүретін болды. Мойынынан жұмыс түскен екі оқушыға рахат секілді, Әминаға риза көзбен қарап қояды. Мамасы ғана бұған таңғалып: «Үй, Әмина сен недеген жұмыскер болып кеттің, өзі?» - десе, «Мама, мен өзімді шынықтырып жүрмін, Зукә әпекем сияқты ұн илеп тұрып та сабағымды оқи беретін болу үшін...» деп, үстелде бірдеңе жазып отырған мен жаққа көз қиығын тастап күліп қояды...

Бірақ, мамасы бұған сене салмады. Өйткені, әдетте күндіз ашық тұрып, түнде ғана құлып салынатын азық үйдің есігі сол «қызылшақа тірлікті» көрген түстен кейіннен бастап күндіз-түні құлып салынатын болып қалған еді.

Әмина таңертеңгі уақытта мектепке кеткен кезде азық үйге кіретін бірдеңе шыға қалса, бәрі құлыптың кілтін іздеп сабылады, кілт орнында жоқ. Бірінен-бірі сұрайды, сұрақ маған келген кезде: «А, ол Әминада ғой...» деп, айтуға тура келген.

Кілт іздеп қызуланып алғандардың: «Өй, оның кілтте несі бар!?» - деген өткір сұрақтары Әмина екеуіміздің «құпия келісімімізді» бұзу қауіпін туғызды. Мен «кілт іздеу қарбаласын» жұмсартқым келгендей, барынша жайбарақат дауыспен: «Ой, азық үйдің бұрышында жаңа туған балапандар бар екен, Әмина соны көріпті, солар қашып кетпесін, мен жем шашып байқап жүрем, деп әлдене айтып жүр еді ғой, сендерге айтпаған ба?» - деп, ештеңе болмағандай жорта елеусіз қыла сөйледім.

Бірақ, екі оқушының құлақтары жүйрік аттай елең қағып, көздері жайнап кетті. «О.о.о, балапанды біз де көреміз!» - деді, қосарлана.

Ішім қылп ете қалды: «Әй, балақандар! Ол бір қызық құс сияқты өзі, көп адам топырласа, қашып кетеді, сендер кірмей-ақ, қоя тұрыңдаршы!» - деп, бір айла тапқандай сылтауыраттым. Ұлым көнгендей басын ақырын изеп қойды, ал кіші қызым көзі одан ары жайнап: «Әке, қызық құсты көргім келеді!» - деп, тықылдады. Мен тығырыққа тірелгендей: «І.і.і, онда Әмина келген соң...», - деп, екіұшты үн қаттым.

Әмина мектептен келген кезде, екі оқушы түстен кейінгі кезекпен мектепке кететін-ді, сөйтіп, олар кешке келген кезде ғана үшеуі кезіге алады. Сол «кілт іздеу» күні Әмина мектептен келе сала, оны қасыма шақырып алып болған жағдайды сыбырлай ескерттім. Ол екі көзін бұлдарата ойланып, бір амал тапқалы тұрғанын байқатты да, кішкентай сұқ саусақ, ортан терек бас бармағын түйістіріп маған кілт бұрау белгісін көрсетіп, арқасындағы сөмкесіне қарай иегін көтеріп ишарат етті, «әке, уайымдамаңыз, кілт сөмкемде жүр» дегенін ұға қалдым.

Әбден кешке ауызғы бөлме жақтан екі оқушының сабақтан келген дабыр-дыбыры білінді, құлағымды тіге қалдым. «Жүр, Әмина! Балапанды көреміз!». Шіңгірлеген Кәмшаттың дауысы. «Түнде көруге болмайды балапанды, жексенбі күні түсте көрейік!» Әминаның жауабы. «Ә, ол тағы да амал тауып кетті...», - деп, мырс еттім.

Жексенбі күні таңертең жайырақ тұрсақ, Әмина ерте тұрып кетіпті, үйде жоқ екен. Сыныптас дос қызы келіп, өз бауларынан алма теруге шақырыпты, деген хабар айтты мамасы. Ол күн батқан кезде ғана қолында бір дорба алмасы бар келді, келе сала бәрімізге қызыл-күлгін теңбілденген апорт алмаларды үлестіре бастады. Екі оқушы мәз-мәйрам. Мен ішімнен «балапан мәселесін ұмыттыру тәсілі... Әй, Әмина қандай жолтапқышсың!..» - деп, қызыма әкелік алқаған көзбен қарап қойып, сілекей шұбыртқан қышқылтым, қымыз дәмді алмаға ауыз салдым.

Сөйтіп, жүргенде сол «қызылшақа тірлікті» көрген анау түстен кейіннен бері де үшінші апта өте шыққанын әлдебір дүйсенбі күні Әмина айтқанда бірақ білдім. Ол сабақтан келіп шәй-суын ішіп, үйді реттестіріп болған соң, менің жазу үстеліме жақындап келіп:

«Әке-е-е...» деді, ақырын үнмен «Әлгі, сүйкімділерді көресіз бе? Олар үлкейіңкіреп қалды, мені таниды...», - деді, көзі қулана күлімсіреп. «А, солай ма? Көрейінші, ол қызық қой өзі!» - деп, ере тұрып, азық үйдің алдына келдік.

Әмина жұмыр құлыптың жартылай имек доғасын ылп еткізіп шығарып, есікті өте еппен ашты. Бірден, әнекүнгі «қызылшақа тірліктер» жатқан тұсқа көз тіктім. Дәл сондағыдай төртбұрыш терезеден түскен күнесте көкшіл қоңыр жүнді бір топ тышқанның күшіктері сол баяғыдай қатарласа жатыр екен. Үлкейген, әнекүнгі жіңішке қызыл жіп құйрықтары енді, сұртақыр үшкір істікке айналыпты. Назар аудара қарағанымда расында, ұзын жұмыр егеуге ұқсайды екен. «О-о-о!» деп, таңданғанда дыбысым шығып кете жаздады, «Егеуқұйрық қой, бұл!» дедім.

Әминаға «сүйкімділерге» таяп барайық па, дегендей ым қақтым. Әмина басын шайқады да: «Әке, бәрін қазір айтамын...» деп, сыбырлады. Үйге кірген соң, Әмина көңілі жайланып, бір іс тындырған адамда болатын қуанышты жүзбен:

«Әке, кеше сабақтан келген соң байқау үшін кірсем, күшіктердің қасында енесі отыр екен. Маған қарап, төрт тісі түгел көрініп «иыйық, иыйық рахмет, рахмет», деді ғой!» деп, күлді. Мен де күлдім: «Ол тышқан сені танып тұр ма, сонда? Рахмет дегенін қайдан білдің?»

«Иә, әке, соңында күшіктері де мені танып алды. Таңертең ерте нанның, басқа тамақтың қоқымын шуақтайтын жеріне қойып кетіп жүрдім. Түсте сабақтан келе сала қарасам, енесі жеп оларды емізеді екен. Кешке тағы сонша тамақ қиқымдарын тастасам оны таңертең жеп қойғанын көрем. Таяп барсам, менен қашпайды...»

Таңдана бас шайқадым, қызымның мейірімділігі – елдің бәрі жау көретін, у шашып қырып-жоятын сүйкімсіз мақұлықты да өзіне үйір қылып, дос қылғанына куә болдым ғой.

Тағы бірер апта өткенде, Әмина азық үйдің есігін құлыптауды қойды. Сұрадым, «сүйкімділер» күн қысқарғалы бұрынғы жеріне күншуақтауды тоқтатыпты, тек қойып кеткен жемді жеп кетеді.

Әнекүннен бері көңілімде жүрген күдікті тексеру үшін ашық тұрқан азық үйге кіріп, тұрған заттардың бүтіндігін мұқият қарап шықтым, жоқ ешбір зарар көзге түспеді. Сол күні бәріміз кешкі ас ішіп отырғанда Әминаның ай жарым уақыт бойы крыйсаның күшіктерін баққанын жариялап жібердім. Екі оқушы да, мамасы да үйге келіп отырған інім де бәрі бір сәт тым-тырыс боп қалды да, келесі кезекте: «Ойбай, ол үйдегінің бәрін құртады ғой!» - деп, шу ете қалды.

Мен сенімді түрде басымды шайқадым. Әмина: «Олар өте сүйкімді, мені таниды, бізге тиіспейді!» дегенде, осы сөзді естігендер одан ары таңданып ауыздарын ашып қалғаны, ең сүйкімсіз нәрсені де сүйкімді болдыруға болады дегенге сенерін де, сенбесін де білмей қалған адамдардың халі деуге болады...

Бұл тоқсан төрттің күзі еді. Біз отырған үй ұйғыр ағайындар көбірек тұратын Алматының ең батыс шетіндегі Дружба деген ауыл болатын, қазіргі Яссауи көшесі. Ол кезде ауылдың батыс жағы иен жайлым. Отбасымыз сонда қыстап шықтық, көктем келгенде кенже ұлым Жаналтай аман-есен дүниеге келді, дәл сол күні сауу үшін әкелген сиырымыз да, қалжаға арнап әкелген қойымыз да туғаны таңғаларлық жағдай еді. Біз ойламаған берекеттер содан соң бірінен кейін бірі болып жатты. «Ана тілі» апталығына қызметке шақырылып, жалақылы болып, қаржы тақаршылығынан құтылдық. Сол жылғы жазда болған Абай хакімнің жүз елу жылдық мерейтойында көрмеге арнап Тәкежан ауылына тіккен жасаулы киіз үйімді елге танымал бір министр бауырымыз сатып алып, сол қаржыға қала ортасынан екі бөлмелі пәтер сатып алуға қол жеткіздік...

Содан бері Алматы ішінде, оның маңында отбасымызбен төрт-бес рет көшіп қоныс ауыстырдық. Бәрін де Әминаның әлгі «сүйкімділер» деп, атаған егеуқұйрықтармен ұшырасып, көрші болдық. Бірақ, солардан ешбір зарар көрмедік.

Осы «крыса» туралы әңгіме болған кезде, біздің бастан кешкенімізді мен әңгіме ғып әлденеше жерде айтқан болуым керек. Сонда, осы «жауыз егеуқұйрық» деп жүргендерің, Шыңғысханға сахарадағы соғыс өнерін үйреткен, жақын көршісіне ешуақытта тимейтін, адамның далада қалған әлсіз сәбиіне ауыз салмайтын қасқырдан да «ақылды» секілді, деген пікір айтқаным бар. Бірақ, көбі бұл сөзіме сенбеді, қияли әңгіме сияқты езу тартып, мысқылмен қарады. Тіпті, Қазанбай деген досым крысамен қатты өш екен, мүжіп отырған қабырғасын шарт сындырып: «Ол оңбағандар он қап бидайымды тасып кеткен», - деп еді.

Ал, егеуқұйрықты қасқырдан да ақылды дейтінім, ол қасқыр секілді саны азаймай өніп-өсуде және дәл біздің басымыздан кешкен оқиғаға қарасақ, олар бір-біріне хабар беретін жүйесі де бар болуға керек, әйтпегенде Дружбаның крысасы сонау Медеу тауындағы Бутаковкаға қандай туыстығы болуы мүмкін? Медеудің егеуқұйрығы да тиіспеді ғой, бізге.

Әлде, Ұлы Жаратушы еш пайдасыз нәрсе жаратпағанындай, бәрін адам үшін жараттым дегенінде біздің парасат-пайымымыз жетпеген бір хикмет те бар шығар, бәлкім...

04.01.2020


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар