Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Абай Мауқараұлы. Қазақ тілі - ғылым тілі (филологи...

18.10.2021 3378

Абай Мауқараұлы. Қазақ тілі - ғылым тілі (филологиялық эссе) 12+

Абай Мауқараұлы. Қазақ тілі - ғылым тілі (филологиялық эссе) - adebiportal.kz

Кейбіреулер қазақтың ғылым тілі дамымаған деген жаңсақ ойда. Олай болса дәлелге көшейік. Ең алдымен советтенген санамызға тіке әсер ететін қоғамтану тілін айтсақ, Маркстің «Капиталы» мен Лениннің томдарын қазақша тәржімалағанда тайпалған жорғадай таңдандырып сөйлетпедік пе?! Онда, ең күрделі терең ойлы тіл деп саналатын философия да қазақ тілінде қаздай қаздаңдап тұрғанына ешкімнің күмәні болмасын.

Ғылымның ең басында математика, геометрия ғылымы тұр десек, осы ғылымның тілінде қазақ тілі судай ағылып жүре береді: алу, қосу, көбейту, бөлу, көбейткіш, бөлінді, қалдық, тақ сан, жұп сан, теңдік, түбір, теңдеу, өрнек, мән, қосынды, көпбұрыш, үшбұрыш, түзу сызық, тікбұрыш, теңбүйірлі, жазықтық, аудан көлемі, теңқұрамды, көлбеу сызық, шеңбер...

Бұған қосып айтсақ, дүниежүзілік деңгейдегі қазақтың математик ғалымы Асқар Жұмаділдаев ашқан жаңалығына «төрткен» деген қазақша жасамсөз кіргізгенін өзінен бір сұхбат алғанымда айтып еді. «Бұл жоғарғы математиканың тілі болғандықтан, осыны көпшілік оқырманға түсінікті етіп айтып беріңізші!», - дегенімде: «Бәтеңке киіп алған соң шұлық кие алмайсың», - деп, бетіме қарап отырды яғни амалдардың кезектесу заңдылығы секілді біздің біліміміз жете бермейтін қиын сала болса керек.

Бұдан айтпағым, қазақ тілі математикада да ешкімге тізгін бермейді. Алайда, сол саланың халықаралық қолданыстағы жасамсөздерін өзіміздің айтылу ережемізге орфоэпияға сай жазуымызға ешкім дау айтпайтыны белгілі жайт (Бұл барлық тілдерде дәл сондай).

Келесі кезекте ең күрделі ғылымдардың бірі химияны алайық: Сутегі, оттегі, көміртегі, көмірқышқылы, ерітінді, тотық, қостотық, асқын тотық, қанық ерітінді, әрекеттесу, ауыр металдар, бейметалдар, қышқыл, сілті, негіз, тұздар....деп кете береді. Бұл салада да бүкіл ұлттар ортақ қолданатын электрон, нейтрон, протон, гелий, урандарды өз әліпбиімізбен жазсақ, өз сөзіміз болып шыға келетіні күмәнсіз екені әлдеқашан қалыптасқан жағдай.

Технологияның қозғаушы күші саналатын физикаға келейік: Тартылыс күші, үйкеліс, үдемелі қозғалыс, тұрақты жылдамдық, баяу қозғалыс, ойысу, ұлғаю заңы, бостық, тербеліс, жылу өткізгіш, айнымалы ток, жартылай өткізгіш...

Биология атты жандыларды зерттейтін ғылым саласын айтсақ, мысал келтірмесек те болады, ұшан-теңіз салалық атаулар бар екенін қазақшасы судай кез келген қазақ айта алады: Бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілер, қосмекенділер, омыртқасыздар, былқылдақ денелілер, жалғыз жасушалы... Бұлар бұрын болмаған пән сөзі ретінде қалыптасқан қазақи жасамсөздер.

Ал, төрт түлік мал өсіріп, сахара даланың бүкіл аң-құсын, жәндігін түстеп танып, мінез-құлқы, қарекетін түгел білетін қазақ сынды дала өркениетін жасақтаған көшпенділер ұрпағы қолданған бұл саладағы сөз қоры адам таңғаларлық бай, бәлкім бізден басқалар осы саладан атаусөз алуға мәжбүр болады, дер едім.

Енді, ботаника деген өсімдіктер әлемін зертейтін ғылымы да аттап өтпейік. Биологиядағы айтқанымыздай, сайын даланың қаншама түрлі шөбі мен бәйшешегін, ағашы мен бұтасына жеке-жеке ғажап атау қойып, оның пайдасы мен қолданысын тұрмысына түгел енгізіп, баласынан қариясына дейін оны жатқа білуді әдеттегі жағдай санаған халықтың бұл саладағы сөз қоры да қисапсыз көп.

Бір мысал, этнограф-ғалым Болат Бопайдың «Қазақтың гүл мәдениеті» деген кітабының қолжазбасын редакциялап, газетке таныстыру мақаласын жазарда: «Мына кітабыңды «Қазақ ботаникасы» деп атасаң дұрыс екен», - дегем-ді. Өйткені, онда екі жүзден астам гүлтекті өсімдіктер қазақша аталып, қасиеттері қазақы сөзбен түгел сараланады. Қазақта қызғалдақ, сарғалдақ деп аталатын гүл атаулары бар. Соған бір үлкен ақ түсті гүлді аққалдақ деп атау туралы ұсыныс айтқаным да есімде.

Ал, атауы ең көп, ең күрделі сала медицинаны атамай кетсек, қазақ тіліне қырын қарайтындар күмәнданып қалуы әбден мүмкін. Мыңдаған жыл бойы халқымыз өз төл медицинасымен өзін өзі емдеп, денсаулығын сақадай сай сақтап келгендіктен бұл салада да біз ешкімнен кенде емеспіз.

Әсіресе, ауру атаулары жеткілікті: сарсүзек, шешек, желшетпе, қаншетпе, қызамық, қызылша, тымау, зертең, қаншетпе, қантышқақ, бүрме, қылтамақ, жіңішке ауру, қуық тұтығу, ұшыну, запыран, ақтүсу, сыздауық, шиқан, алапес, маңқа, сақина ұстау, сарсу, тұтықпа, талма, серектеу, желбуаз, қызылтүйіршік, ақтүйірішік...

Мұны да айтпай-ақ, қазақ емдеу өнерінің ірі ғалымдарының бірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қалдырған кітабынан-ақ біздің төл медицина тіліміз қанша бай екені ондаған жылдан бері айтылып, медицина саласында жазылған кітаптарға қолданылуда.

Астрономияны да арнайы айтуымыз керек. Өйткені, қазір бұл сала да жетекші ғылымға айналған. Жетіқарақш», Темірқазық, Ақбозат пен Көкбозат, Қарақұрт, Үркер, Бикеш, Таразы, Құсжолы, Таң Шолпан, Кіші Шолпан, Есекқырған, Сүмбіле, Үшарқар... көк жүзінде көрінетін бүкіл жұлдызға ат қойған халық баяғыдан астроном халық деуге саяды.

Және Айдың тоғысы арқылы жыл мезгілін мүлтіксіз санау, үркердің батуы мен шығуы арқылы Тоғыс есебін жасап «Амалдар» деп атайтын арнайы күндерде ауарайын алдын ала болжау, күн жүйесіндегі он екі шоқ жұлдызға атау қойып, осыны мүшел жас есебі ету арқылы адамның жасын дәл анықтау... тағы да бұл салада аталмаған төл өнерімізді айтпағанның өзінде осы ғылымды ұрпақтан ұрпаққа жеткізген біздің қазақ тілі емегенде немене!? Олай болса қазақ астрономиясы баяғыдан бар, ол салада да атау сөзіміз жеткілікті.

Осымен тоқтасақ та болар еді, бірақ Ахмет Байтұрсынов сынды ғұламаның «Тіл құрал» атты лингвистика ғылымы саласында ғаламат құбылыс ретінде қалдырып кеткен жасамсөздерін атамай кету – қазақ тілі туралы айтып отырған бізге айып болар еді. Қазақтың өз төл сөзінен жасамсөз жасаудың бұдан артық үлгісі бола ма?! Мысалы, атау, ілік, барыс, табыс, шығыс, көмектес, жалғау, жұрнақ, түбір, одағай, салалас-сабақтас, сабақтас-құрмалас, бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, септік, үстеу...

Иә, Абылайхан заманында жоғарғы мысалға алған сөздер бар болса да, атаусөз ретінде жоқ еді, олай болса қазақ осы күнге дейін өз ғылым тілін жасап қойған ұлт демеске шара жоқ.

Өз басым, тіл саласының маманы емес, қарапайым журналист ретінде табанда ойыма түскен қазақша ғылым атауларын мысалға ғана алып отырмын. Егер, Қазақ тіл білімі ғылымының қазіргі үлкен ғалымы Рабиға апамыз сөйлер болса немесе осы салаларда оқулық жазатын қазақтың адал ғалымдары сөз айтар болса: «Қазақ тілі – ғылым тілі», - дегенді шегелеп беретініне еш күмәнім жоқ.

Айтпақшы, мұның бәрі түк те емес, жаңа заманғы технология тіліне ілеспейміз, дейтіндер болса, мың жыл бойы қылышы мен сауыт, дуылғасын өзі соғып, ғажап баспана саналатын киізүйін өзі жасап, термебау, түскиізін өзі тоқып, өз киімін өзі тігіп... келген халықтың тілінде тағы да соншама технологиялық дайын сөз қоры жетеді: Үскі, егеу, түрпі, көзеу, бақауыз тістеуік, балықауыз тістеуік, қышқаш, көрік, төс, балға, шекіме, астар, тыс, қауып тігу, жөрмеу, тепшу, сыру, қабу, қаусыру, тиек, ілгі, істік, іскек, үскі, сүмбуір, сірі, сілбі, бізкесте, бұрғы, бұранда, тебен, қандауыр, ұстара, ырғы, кепіл, кергіш, тығын, сүзгі, ілгек, ілмек, сыдырғы, сүймен, сүргі, шот, шаппа, шылғи, жұрын, мұрындық, бастырма, қатырма, қыстырма ...

«Ұшпақ болсаң зымыра» деген сөзді айтқан халық, ұшақтың да қалай ұшатынын баяғыда айтқан ғой. Енді, неге осынша бай тілді қолданбай «маңырап» отырмыз!? Оған халықтың еш кінәсі жоқ. Бас қалай бұйырса аяқ солай жүретіні айдан анық емес пе! Басқару жүйесінде қазақ тілінде жалғыз сөз айтуға да жарамай, конституциялық құқ5sы бар тілді табанына басып отырған бөтентілділер мен қазақша сөйлегені роботтың сөйлегені секілді қазақ тілін мазақ тіліне айналдыратындар отырса, қазақ тілінің жағдайы осындай «саясаттың ойыны» болмағанда не болады!?

Егер, басқару жүйесінде бұрынғы билердей қазақша төгілдіріп, еміндіріп, елжіретіп, егілдіріп ...сөйлейтіндер отырса, қазақстандықтар бір жылда түгел «айтыс ақынына» айналып кетер еді!

Ондай жағдайда, отандық ғалымдарымызға да қазақ тілін бірер жылда ғылыми айналыстағы тілге жеткізу ешқандай да қиын емес. Адам саны бір-біріне қарайлас Түркия, Иран, Оңтүстік Корея сияқты, тіпті адам саны өте аз Монғолия секілді елдерде бүкіл ғылым саласы өз тілінде. Өйткені, олардың ел басқарушылары басқа тілді білмесе де өз тілін білмейді деген, ондай аномалия ол елдерде жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар