Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абай музейінің ғимараттарына республикалық мәртебе...

17.07.2018 7390

Абай музейінің ғимараттарына республикалық мәртебе берілді

Абай музейінің ғимараттарына республикалық мәртебе берілді  - adebiportal.kz

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бірнеше тарихи ескерткіштеріне республикалық мәртебе берілді

Көзі ашық, көкірегі сәулелі әрбір адам үшін Хакім Абайдың асыл мұрасының орыны ерекше. Ұлы ақынның, кемеңгер Шәкәрім мен ғұлама Мұхтар Әуезовтің табанының ізі қалған Семей мен Шыңғыстау шын мәнінде киелі мекен. Бірақ, осы қасиетті өлкеде өмір сүріп жатқанымызға мақтану мүлде жетімсіз, қолда барды аялап, сақтай білу және ұрпақтан-ұрпаққа шаң жұқтырмай жеткізу парыз.

Бұл орайда Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи ескерткіштердің тікелей мемлекет қамқорлығында болуының маңызы зор. Сондықтан Абай шаңырағына қарасты ғимараттардың күтіп ұсталуын мейлінше жақсарту мақсатында қорық-музейдің әкімшілігі республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына арнайы хат жазып, оларға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру туралы өтініш жасаған болатын. Атап айтқанда, мына ғимараттар: Семейдегі Бас музей орналасқан, ақын болып тұрған 19-шы ғасырдағы көпес үйлері, ақынның 150 жылдық мерейтойына арнап салынған күмбезді ғимарат, музей ауласындағы кезінде Абай оқыған Ахмет-Риза мешіт-медресесі және қазір «Алаш арыстары – М. Әуезов» музейі орналасқан, кезінде Абай сатып әперген Әнияр Молдабаев үйі.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің музей әкімшілігінің ұсынысын қолдауының арқасында біздің ұсыныс-хатымыз Тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру, мәртебесінен айыру, сондай-ақ, олардың орнын ауыстыру мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның отырысында қаралып, мақұлданғанын қуана хабарлаймыз. Бұл - Абай музейіне қарасты аталмыш ғимараттар министрліктің тікелей назарында болып, оларды күтіп ұстау жұмыстарын республикалық «Қазқайтажаңғырту» акционерлік қоғамы өз жоспарына енгізіп реставрациялық жөндеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді деген сөз.

Бұған дейін республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі Абай қорық-музейінің құрамындағы үш тарихи ескерткіш: Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенелер кешеніне, Абайдың музей-үйіне және Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне берілген болатын.

Абай қорық-музейінің

баспасөз қызметі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар