Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай тойын дұрыс өткізе білейік

10.01.2020 412

Абай тойын дұрыс өткізе білейік 12+

Ата-бабалар аруағына құрбандық шалуды

олар әлі тірі жүргендей жасау керек

(Конфуций)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде 09.01.2020 жылы жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Биыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек... Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз» деп жазды. Бұл тың ой. Бұрын мұндай дәрежедегі лауазымды адам айтпаған ой. Себебі, шынтуайтына келетін болсақ, бұрынғы тойлардың көпшілігі «той тойлау үшін» өткізіліп келді.

Бұрынғы көшпенділік өмір қалыптастырған ұлттық дәстүр әлсіреп, табиғатпен байланыс үзіле бастаған біздің дәуірде мерейтойлардың «той тойлау үшін» өтуі, әрине, таң қаларлық жағдай емес. Осылай бұл тойлар қанша көп қаражат шығарылып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғанымен, келешек үшін тиімділігі әлсіз боды. Мұндай ойды бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы ғана емес, сонан кейінгі Шәкәрім, М.Әуезов мерейтойлары туралы да айтуға болады. Оларға арналған қанша қаражат пен ауқымды іс-шаралар осылай өздерінің лайықты нәтижесін бермей, халықтың рухани дәрежесіне көп ықпалы болмады.

Мұның себебін білу үлкен мерейтойлар ғана емес, күнделікті тіршілік үшін де керек.

Қытай данышпаны Конфуций «Ата-бабалар аруағына құрбандық шалуды олар әлі тірі жүргендей жасау керек» деген екен. Аруақтарды өлі адамдар емес, әлі тірі, өзіміздің ортамызда жүргендер деп қабылдайтын болсақ, сонда біз олардан бөлінбей, үнемі есте ұстап, байланыста боламыз. Бірақ атеистік коммунистік дәуір бізге аруақтың нағыз болмысын ұмыттырды. Біз аруақтардың өзімізге, қоғамға келтіретін маңызды әсерін білмей, сондықтан ескермейтін болдық.

Бүгінгі күндері адам қайтыс болған соң жетісінде, қырқында, жылында құрбандық шалу, жылдар өткен соң тасаттық беру тәрізді шаралар көбейіп, оларға жұрт көп жиналады. Үйлену тойы мен адамды о дүниеге шығарып салу шарлары кейде бірдей салтанатпен өтіп, үлкен шығын жұмсалатын болды. Ел осыған үйрене бастады. Кейбір жағдайларда бұл іс-шаралардың тіпті түпкі мақсаты ұмытылып, аруақтар үшін емес, жасаған адамның абыройын көтеру, немесе «елден қалмау» үшін жасалатын болды. Ал барған адамның негізгі мақсаты – сойылған малдың етін жеп, әңгіме-дүкен құру. Дінімізге де, салт-дәстүрімізге де келмейтін мұндай қарекеттер бүгінгі тапшылық заманда рәсуашылық тудырып, халықтың жағдайын одан сайын төмендетіп барады.

Алдымыздағы үлкен мерейтойды өз дәрежесінде дұрыс өткізу үшін президентіміздің айтқан салиқалы ойын кеңінен талдап, мағынасын тереңірек түсінуге ұмтылайық. Себебі, бұл ойдан маңызды сұрақ туады. Жасалып жатқан ауқымды іс-шаралардың нәтижесін толық көріп, рухани тұрғыдан дамый алуымыз үшін мерейтойды қалай өткізуіміз керек?

Мерейтой алдында көпшілігіміз үшін бұл өте маңызды сұрақ.

Абайтанушы және теолог ретінде бұл өзекті мәселе төңірегінде қысқаша болса да өзімнің ойымды бөлісуді жөн көрдім.

Әуелі мерейтойдың маңызы мен керектігін түсініп алайық. Бұл мерейтойды дұрыс өткізу кімге керек? Бізге ме, әлде Абайға ма? Сұрақтың жауабына байланысты біздің мерейтойға деген көзқарасымыз, оған деген ынта-жігеріміз қалыптасады.

Аруақтың кім екеніне қысқаша тоқталайық.

Болмыстың бұл көрнеу әлемінен басқа, көрінбейтін қатар нәзік әлемдері бары белгілі. Қатар әлеммен шұғылданатын спиритулизм ілімі бұл әлемдер туралы молынан мәлімет береді. Әрбір әлемде соған сәйкес жан иелері өмір сүреді. Аруақтар басқа бір жан иелері емес, бір кездерде осы әлемде өмір сүрген жан иелері екені, олардың өздерінің тәндерін тастап, енді ғарыш кеңістігінде жүргендерін спириттер анықтаған. Аруақтардың тәні қалып, бірақ жандары рухтарымен әлі де болса бұрынғы кезіндей өздерінің жақындарын көріп-біліп, олардың арасында жүргендерін, оларға жақсылық ойлап, көмектескілері келетінін айтып, олар көптеген дәлелдер келтіреді.

Аруақтар әлемі көрнеу әлемге қарағанда табиғаты бөлек, өте нәзік, ауа, леп, дем тәрізді көрінбейтін, сондықтан адамдардың көріп-білуіне болмайтын әлем. Бірақ көрнеу әлем мен көрінбейтін әлемдер бір-бірімен тығыз байланыста. Олар бір-біріне үнемі әсер етіп, керек уақытында қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Әсіресе адамзат өмірінің қиын-қыстау кездерінде аруақтардың көмегі өте зор. Оларға көңіл бөліп, көңілдерін риза еткен жағдайда олар әрқашан да көмекке келіп, адам өміріне дұрыс бағыт беріп, қателіктерден қорғайды. Аруақтардың адамзатқа көмегі туралы барлық қасиетті жазбаларда, көптеген халықтардың ауыз әдебиетінде, әсіресе қазақ халқының аңыздарында молынан берілген.

Біздің халқымыз көшпелі дәуірде табиғатпен үйлесімді өмір сүргендіктен, олар болмыстың түрлі деңгейлерін жақсы біліп, өзара байланыстарын жақсы сезініп отырды. Сондықтан қазақ халқында тәңіризмнен қалған аруақ ұғымы бұрыннан бар. Аруақтармен байланысты үзбей, оларды үнемі ескеріп отырған. Қиын-қыстау замандарда жауға да «Аруақ!» деп шауып, оны қастерлеген.

Әулие Шәкәрім атамыз өзінің «Үш анық» атты дүниетанымдық шығармасында аруақтар туралы көп мәлімет беріп, олардың іс-әрекеттері, фәни әлеммен байланысы жөнінде көптеген мысалдар келтіреді. Адам өмірінде аруақтардың алатын орны үлкен екенін дәлелдейді. Шәкәрімнің жазуынша, аруақтар адамдарға ақыл беріп, кейде олардың іс-әрекеттеріне араласып, қателіктері болса жөнге салып, көмектесіп, тіпті басқарып та отырады екен. Себебі, екі әлемнің байланысы тығыз.

Яғни аруақтармен дұрыс байланыс жасай білсек, олардың бізге деген көмегі мол. Бірақ жасай білмей, керісінше, аруақты ұмытып, не болмаса оған қарсы әрекет ететін болсақ, онда олар реніш білдіріп, көмегінен айырады. Өзінің қарсыласы болса, оған үлкен кедергі жасап, өмірін зардапқа айналдырады. Тіпті кейде өлтіріп тастауы да мүмкін. Бұған спириттер өмірден көптеген мысалдар келтіре алады.

Аруақтар көбіне көмектесуге ұмтылады. Көмектің шамасы мен маңыздылығы аруақтың жетілу деңгейіне байланысты. Абай тәрізді данышпандар аруағының көмегі өте зор болады. Ал бүгінгі өтпелі заманда ондай көмектің біз үшін ауадай қажеті бар емес пе?

Ендеше бірінші сұрақтың жауабы осылай өзінен өзі пайда болады. Мерейтойды дұрыс өткізу ең әуелі бізге керек. Бүгінгі өтпелі кезеңде бізге Абай бабамыздың көмегі ауадай қажет. Сондықтан оның аруағын риза ету үшін бұл мерейтойға толық дайындалып, дұрыс өткізуіміз керек.

Аурақтарға керегі біздің сойған малымыз бен шығынымыз емес, ынта-жігеріміз бен адал ниетіміз. Мұндай жағдай болмағанда аруақтың разылығын ескермегендіктен, жасаған іс-шараларымыздың пайдасы емес, олардың зияны көп болып кетуі әбден мүмкін.

Алдымыздағы мерейтойды ойдағыдай өткізу үшін осыдан 25 жыл бұрын өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойына көз жіберіп көрелік. Өткен мерейтойдың тәжірибесі үлкен.

1995 жылы болған бұл мерейтойды дұрыс өткізе алдық па, нәтижесі қандай болды?

Бұл мерейтой ЮНЕСКО аумағында халықаралық деңгейде үлкен салтанатпен өтті. Семейде түрлі жиындар, әр елден келген делегаттар, Абай ауданында көп мал сойылған үлкен той, тағы сондай іс-шаралар мен ресми көріністер жеткілікті болды. Алматыда өткен қорытынды салтанатты ғылыми конференцияда егемендік алған елімізде абайтануға жаңаша көзқарас туралы көп айтылды. Абай ұлы ақын ғана емес, ұлы ойшыл екені жөнінде ой бөлісіп, енді оны осылай қабылдауымыз керек деген тұжырымға келгендей болды. Абайды елімізде және халықаралық деңгейде көрсету үшін түрлі шаралар бекітіліп, оны халық толық мақұлдағандай болды.

Осындай маңызды шаралардан кейін мерейтой абайтануға жаңа серпіліс беруі керек еді. Ғылыми зерттеулер көбейіп, абайтану саласын жаңа көзқараспен саралап, атеистік заманнан өткен халық жүрегін рухани сусынмен қандыруы керек еді. Семейде шығатын «Абай» журналы ең оқылымды басылымға айналып, Абай мұрасын кеңінен талқылаған мақалалар көбейеді деп күтілді.

Бірақ бұлай болмады. Тіпті, барлығы керісінше болды десек те артық болмайды. Себебі, ғылыми конференцияда айтылған ойлар сөз ретінде ғана қалып, жаңа көзқарас ғалымдардың арасында да, көпшілік арасында да қалыптаспады. Бұрыннан келе жатқан ескі көзқарастың салдарынан Абай мұрасын зерттеу мәселесі тығырыққа тірелді. Абайтану саласы тығырықта деген ойды бүгінгі күндері қарапайым халық қана емес, ғалымдар мен абайтану саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың өздері де сезіп, мойындап жүр.

Дәлел үшін біраз мысалдар келтірейік. Кеңес дәуiрiнде, 1985 жылға дейiн, абайтану саласында жиырма төрт докторлық және кандидаттық диссертация қорғалған екен. Енді еркіндік алғаннан кейін Абай мұрасын зерттейтін жұмыстар көбейіп, бұл көрсеткіш одан да үлкен болуы керек еді. Бірақ барлығы керісінше! Егемен болған бұл отыз жылдың ішінде қорғалған диссертациялар саны күрт төмендеген. Тіпті саусақпен санауға болады. Оның өзінде бұл диссертациялар Абайдың ойшылдығы емес, оның ақындығын зерттейтін ескі көзқарастағы филологиялық жұмыстар. Абай мұрасын халықаралық деңгейде насиқаттауға келетін болсақ, жағдай тіпті нашар. Көрші елдің адамдары Абайды танымақ түгілі, оның кім екенін білмейді. Бұл жағдайға мен өзім ерекше көңіл бөліп, анығын білдім. Ал өз елімізге келетін болсақ, көпшіліктің арасында кейбір адамдар данышпан бабамызды блогермен салыстырып, қарапайым адамға теңестіретін болды. Бұған таң қаларлық ештеңе де жоқ. Елімізде абайтануды насиқаттау құлдырап кетті. Мектепте арнайы «абайтану» сабағы жабылып, ол қосымша сабаққа айналды. Арнайы оқулық болмағандықтан бұл сабақтың өзі өз дәрежесінде өткізілмейді, формальды түрде, тек қана қағаз жүзінде. Нәтижесінде мектеп қабырғасында түсінбеген Абайды жас бала өсе келе мүлде ұмытып кететін болды. Осылай халықтың материалдық жағдайы ғана емес, рухани деңгейі де төмендеп барады. Үкіметтің бір-екі жыл бұрын қабылдаған маңызды бағдарламасы «рухани жаңғыру» бүгінгі күндері ұмытыла бастаған тәрізді.

Осындай ауыр жағдайлар Абайдың өткен мерейтойы өз дәрежесінде өтпегенін көрсетеді. Абай аруағы разы болмай, көмегінен айырды десек те болады. Тойдың нәтижесі осыны көрсетеді. Бұл тойды біз Абай аруағы үшін емес, өзіміз үшін жасадық. Шын жүректен шықпай, той тойлау үшін жасалған мұндай мерейтойды аруақтар қабылдамайды. Наразы болып, бізді өздерінің қолдауынан айырады.

Әлемдерді аруақтар байланыстырады. Үлкен бұлттың одан бөлінген бөлігі тарап, жоғалып кетеді. Сол сияқты, аруақтардың қолдауынан айырылған ел де әлемдік процесстерден бөлініп, құлдырау жолына түсіп, артынан мүлде жойылып кетуі мүмкін. Әлемдер байланысын үзбеу үшін аруақтардың разылығын алу керек. Бұл мерейтойды Абай тәрізді данышпанды берген әуелі Алла тағаланың разылығы үшін, сонан кейін Абай аруағының разылығы үшін өткізу керек. Осылай мерейтойды ойдағыдай өткізу бізге керек екен.

Мерейтойды дұрыс өткізу Абайға да керек. Шәкәрім өзінің шығармасында кейбір аруақтардың өзіне көмек беретін артында ешкімнің қалмағанын, сондықтан жетіле алмай, қиналып жүргендерін жазады.

Аруақтарға қандай көмек керек? Бізге қорек қандай керек болса, оларға да қорек сондай керек. Осы көрнеу әлемде де, көрінбейтін жоғары әлемде де Жан қорексіз өмір сүре алмайды. Бірақ олардың қоректері бірдей емес, әртүрлі. Аруақтардың қорегі біздікі тәрізді емес. Оларда тән жоқ. Сондықтан олардың тамағы біздікіндей дөрекі заттық емес, нәзік тамақ. Олар нәзік болмыста, сондықтан денелері де нәзік болмыстан құралады. Нәзік болмысқа ақыл-ой, түйсік, ниет пен тілек, сезімдер жатады. Аруақтардың қорегі де осылар. Сондықтан аруақтарды қанағаттандыру үшін оларды осылармен қоректендіру керек. Яғни, олардың қорегі артында қалғандардың жақсы ой-тілегі, естерінде сақтаған жақсы істері, Алла тағаладан олар үшін сұраған тілектері. Абай айтқан «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөздің осындай терең мағынасы бар. Аруақтар артында қалғандардың жақсы ой-тілектерімен қоректеніп, күш алып, әрі қарай өрлеу жолымен шырқайды. Қазақта өлген адам туралы жаман сөз айтуға тиым салынады. Себебі, мұндай әрекет аруаққа үлкен зияндық жасап, оның наразылығын тудырады.

Сөз соңына келетін болсақ, Абай аруағына көмектесіп, сонымен бірге, өзімізге оның мол рухани қуатынан қолдау алу үшін бұл мерейтойға саналы түрде дайындалуға тиіспіз. Сонда іс-шараларымыз сәтті болып, өз дәрежесінде нәтижесін береді. Ол үшін биылғы жылды «Абай жылы» деп атап, данышпан бабамыздың рухани мұрасына көңіл бөліп, тереңірек зерттеп, кеңінен түсінуге ұмтылуымыз керек. Ал мерейтойда өтіп жатқан шаралардың барлығы «той тойлау үшін» емес, аруақты риза ету үшін екенін ұмытпай, есте ұстауымыз керек. Сонымен бірге, ең бастысы: діни рәсімдерді толық орындап, Алла тағаладан Абай аруағына Өзінің шапағат нұрын жаудыруды сұрауымыз керек. Алла тағаланың шапағат нұры жауса, Абай бабамыздың аруағы әрі қарай жетілудің шыңына қарай шырқай түсіп, артында қалған қазақ еліне өзінің мархабатын аямайтыны анық.

Осылай бұл мерейтойдан, президентіміз жазғандай, өзімізге Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға мүмкіндік тумақ.

Абайтанушы, профессор Досым Қайырбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар