Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абай түпкі мақсатқа жету туралы...

19.02.2020 14988

Абай түпкі мақсатқа жету туралы 12+

Абай түпкі мақсатқа жету туралы - adebiportal.kz

Ұқсастар ғана бір-біріне тартылады. Сондықтан Абай көрсеткен Түп Иеге қайту жолына түсу үшін біз де Соған сәйкес ұқсас болып, рухани қасиетке ие болуымыз керек. Қасиеттер сәйкес келгенде олар бір-бірімен үйлесімге келеді. Рухани жаңғыру барысында жүрек тазарып, көркем мінез, қайрат, жәуәнмәрттік және рухани шабыт пайда болады. Осындай таза адами қасиеттерге жеткенде Түп Иеге қайтуға мүмкіндік аламыз. Бұл Алланы сүю дәрежесі.

Абай рухани жаңғырудың түпкі мақсатын, оған жету жолын «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен отыз сегізінші қара сөзінде көрсетіп берген.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Абайдың осы төрт жол өлеңінен рухани жаңғырудың негізгі мақсатын, оған жету кепілін және жолын көруге болады. Бұл оның әйгілі үш сүюі.

Үш сүю абайтанудағы өзекті мәселе. Абай ілімінің іргетасы. Бұл іргетас – Құдай, адам, адам мен Түп Иенің қарым-қатынасы, табиғат, іс-әрекет тәрізді Абсолютті қамтитын ойшылдың сырлы ойларының негізі. Үш сүюді дұрыс тарата алсақ, Абай ілімінің негізгі сыры ашылып, рухани жаңғыруда дұрыс қолдануға мүмкіндік болады. Тарата алмасақ, біз үшін оның рухани мұрасы қарапайым тіршілік деңгейінде қалып, оның шапағат нұрын сезініп, қабылдай алмаймыз. Осы күнге дейін көпшіліктің Абайды танып, берген ғибратын қабылдай алмай жүрген себебі – оның рухани мұрасына заттық көзқараспен қарап, тереңіне бойлай алмаудан.

Бұл ойды қабылдасақ, онда Абай ілімін рухани деңгейде қарастырып көруге болады.

Бірінші сүю – бізді Алла сүйеді. Себебі Ол «махаббатпен жаратқан адамзатты», яғни Ол адамзатты, яғни барлығымызды сүйіспеншілікпен жаратқан. Ендеше Ол сүйгендерін өзіне қайтарады. Біз Оған бір қадам жасасақ, Ол бізге жүз қадам жасайды. Өзіміздің кемістігімізден біз Оның шексіз сүю дәрежесін түсіне алмаймыз.

Махаббат сөзі бізге араб тілінен енген. Араб тілінен енген сөздер дінмен байланысты. Махаббат деген сөз – Алла тағаланың сүйіспеншілігі. Махаббат пен сүю екі басқа. Біріншісі – Ғазиз Жанның қуаты, ал екіншісі – шыбын жанның қуаты. Адам осы шыбын жаннан шығатын қуат арқылы қоршаған ортамен қарым-қатынас жасайды. Ғазиз Жан шыбын жаннан қанша қуатты болса, Оның махаббаты да шыбын жанның сүйіспеншілігінен соншалықты қуатты. Ендеше махаббат ешқандай сүюмен салыстыруға келмейтін өте жоғарғы сезім. Ондай сезім Аллаға ғана тән, барлық сезімдердің қайнар көзі. Басқа сүюлер төмен, ал махаббат – ұмтылу нысанасы. Сопы ілімі бойынша махаббат – Алланың бір көрінісі.

Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп адамзат болмысының қандай құнды екенін білдіріп отыр. Махаббатпен жаратылғандықтан, біздің әрбір мүшеміз, тіпті денеміздің әрбір клеткасы махаббат. Адамның бүкіл болмысы махаббатпен нұрланып, махаббат шашып тұруы керек. Махаббат – Алланың Нұры. Ол әлемдегі ең жоғарғы қуат. Өмірдің басы мен өмірдің шыңы. Өмірге жан иесі махаббат арқылы келеді, ол махаббатпен Түп Иеге қайтады. Адамзат – бүкіл болмыс нәтижесі. Адам – Жаратушының ең сүйіктісі, сондықтан жердегі жаратылғанның ең бақыттысы.

Сонымен бірге, махаббат – біріктіруші, жасампаздық күштің негізі. Махаббат рухани қуат болғандықтанг, ең жоғарғы ләззат, бақыт, үйлесімділік тірегі. Рухани қуат өзінің нұрымен надандықты жояды. Сондықтан, махаббат бар жерде – өмір бірлік, татулық, қуанышқа толы.

Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген сөзінің, міне, осындай мағынасы бар.

Бірақ, өмірде бәрі керісінше. Маххабат жоғалған. Оның орнын залымдық басқан. Залымдық – махаббатқа қарсы, фәни әлемнің барлық қасіреттерінің қайнар көз. Осылай залымдықтың әсерінен өмірдің шырғалаңынан шыға алмай жүрміз. Абай сөзімен айтқанда «Бір кісі мыңға, Жөн кісі сұмға, Әлі жетер заман жоқ» заман туды. Нәтижесінде өмір қасірет көзіне айналды. Пенделер өздерінің бұл бейшаралығын сезбейді. Себебі неде? Себебі біздегі Алла тағала берген махаббат сезімді фәни әлем ықпалы жауып, бізге ұмыттырған. Махаббаттың орнын фәни әлем ықпалы басты. Бұл шырғалаңнан шығу жолы – алғашқы болмысымызды қайта қалпына келтіру.

Әрі қарай Абай мұның жолын береді. Ол «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» дейді. Ол Жаратушының қасиетіндей қасиет ал дейді. Рухани жолға түскен адам осылай өзінің алғашқы қасиетін қалпына келтіре алады.

Абай бұл арада махаббат емес, сүю деген сөзді қолданып отыр. Махаббаттан айырылған адам баласына тек қана сүю тән. Сүю арқылы адам басқа адамдармен қатынас орнатып, қоғам құрады. Бірақ мұндай сүю Алланы сүюге жеткіліксіз. Түп Иеге жету үшін Алланы жаннан, яғни басқа жандардан, тәтті сүю керек.

Бұл екінші сүю – адам өмірінің мақсаты.

Сүю ұлғая келе махаббатқа ұласады. Алла мен адамның байланысы махаббат арқылы. Алла бізге махаббат қылса, біз де Оған махаббат қылуымыз керек. Абай осылай дейді. «Кім өзіңе махаббат қылса сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?», «Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» деп Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде бұл екінші сүюді дәлелдей түседі. Және бұл сүю «жаннан тәтті» болып, адамды сүюден жоғары тұруы керек. Осылай Түп Иеге қайтуға болады. Бұл – өмірдің негізгі мақсатына жету кепілі.

Үшінші сүю – мақсатқа жету жолы. Алланы сүю жолы қандай, яғни Алланы сүю үшін не істеу керек? Ол үшін – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және Хақ жолы осы деп әділетті». Түп Иеге қайту үшін Оның ризалығы керек. Қарым-қатынас керек. Қарым-қатынас орнату Оның разылығы үшін әрекет етуден, яғни қазақша айтқанда, құлшылық етуден басталады. Аллаға құлшылық ету үшін ең әуелі Оның жаратқандарына, адамзатқа қызмет ету керек. Өзара қамқорлық, мейірімділік – сүйіспеншілікке әкеледі. Гуманизм дегеніміз осы. «Хақ жолы осы деп әділетті» деп, Абай гуманизмнің негізін беріп отыр. Гуманизмнің негізі адамға деген сүйіспеншілікте жатыр десек, басқа да шығармаларында «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа» деп адамды сүю арқылы Алланың хикметін сезуге болатынын айтып гуманизмнің маңызын және оның мақсатын көрсетеді. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Әкесінің баласы – адамның дұспаны, адамның баласы – бауырың» деп ол адамды жеке бас қамынан көтеріп, бүкіл адамзат деңгейіне шығарып, санасын шексіз биікке бағыттайды. Абай өмірді жеке қарабас қамы үшін емес, көпшіліктің қамы үшін жұмсауға үйретеді. Бұл – Абай берген рухани жаңғырудың жолы. Бүкіл адамзатты сүю үшін әуелі өзіңнің жақыныңды, яғни отбасы, туған-туысқаның, жолдас-жора, ұлтың, халқың, отаныңды сүйіп үйрену керек. Кім болса да біреуді жақсы көру үшін әуелі онымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, оған көмек-қамқорлықтан бастайды. Адамзаттың бәрін сүю үшін де әуелі жақын, туысыңнан бастап, әрі қарай бүкіл адамзат деңгейіне көтерілуге болады. Осылай адамзатты сүюің әуелі жақыныңды, халқыңды, отаныңды сүюден басталады. Жақыныңды сүйіп үйренбей алыстағыны сүю мүмкін емес. Бұл мақсаттар түпкі мақсатқа жету жолындағы деңгейлер. Жоғары мақсатқа жету үшін адамгершілік қасиеттер осылай шыңдалып, өсуі керек. Үйлесімді қоғамда барлық адамдар дұрыс қарым-қатынаста. Жаратушының жаратқандарын сүю арқылы Оның Өзін сүюге үйренеміз. Бүкіл болмыс үйлесімділігі осылай жасалады. Бұл жолды ойшыл «Хақ жолы осы деп әділетті» дейді. Абайдың бұл үш сүюі Түп Иеге қайту жолындағы қоғамда кездесетін барлық келеңсіздіктерді жойып, бүгінгі күндердегі шешімі табылмай отырған отбасының күйреуі, туған-туысқанның арасындағы түсініспеушілік тәрізді көптеген қиындықтардың шешімін береді. Махаббат ең жоғарғы қуат. Бұл қуатқа қарсы тұратын күш жоқ. Сондықтан бұл деңгей адам өмірін толық басқарып, түпкі мақсатқа жеткізеді.

Абайдың үш сүюіне ұмтылу – әрбір адамның рухани жаңғыру кепілі. Осылай әрбір азамат өз елінің патриоты, жанашыры, мақтанышына айналады. Ой-өрісі мұндай жоғары азаматтар өз елін Мәңгілік Елге айналдырып, қазіргі замандағы ұлттық идеяның іске асуына мүмкіндік береді.

Осы арада ескертетін жағдай бар. Кейбір ғалымдар Абайдың үш сүюіне «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дегенін емес, «Және Хақ жолы осы деп әділетті» деген сөзін жатқызып, үшінші сүю – әділетті сүю деп түсіндіреді. Бірақ біздің ойымызша, әділетті сүю үшінші сүюдің, яғни «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сүйспеншіліктің ішіне кіреді. Себебі, әділеттілік болмаса адамзатты сүю мүмкін болмас еді! Сонымен бірге, Түп Иеге қайту таза рухани жол, ендеше бұл жол рухани әлемге жатады. Рухани әлемде әділетсіздік болмайды, сондықтан бұл жолда әділетті арнайы сүюге ұмтылудың қажеті де жоқ. Әділеттілік болса, әділетсіздік те бар. Бұлар материалдық әлемнің екіұдайылық (двойственность) қасиеттері. Ендеше әділетті сүю заттық әлемге жатады, ал заттық әлем заңдылығымен рухани әлемге жету мүмкін емес.

Абай өзінің «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін» деп бүкіл болмысты жаратқан Тәңірі адамзатты сүйген адамды оның Түп Иесі сүйетінін ескертеді.

Түп Иеге қайту дегеніміз осы.

Абайдың бұл үш сүюі бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Оның дұрыс түсініп, қабылдай білсек, сонда ғана Абайды бүкіл әлем деңгейінде көре аламыз.

Қорыта айтқанда, Абайдың үш сүюінің біріншісі – Алланың адамзатты сүюі, екіншісі – адамның Алланы сүюі, үшіншісі – адамның адамзатты сүюі. Рухани жаңғыру кепілі үш сүю болса, алТүп Иеге қайтудың кепілі – Алланың адамзатты сүюі, сондықтан міндетің «сенің де Алланы сүюің». Осы қасиетке ие болғанда ғана Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады. Ал Алланы сүю жолы – адамның адамзатты сүюі. Себебі бұл – әділетті Хақ жолы. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде бұдан басқа» дейді Абай. Данышпан Абай осылай рухани жаңғыру шыңын және оған жету жолын береді.

Абайтанушы, профессор Досым Омаров


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар