Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды...

21.01.2020 5215

Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды 12+

Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды - adebiportal.kz

Бүгін хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде "Астана Опера" театрында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Мемлекетімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Абайдың ой-толғамдары бізге нақты бағыт-бағдар береді. Оның асыл сөздерінен артық құндылық жоқ. Елбасымыз айтқандай, «Абай армандары – тек бір ғана ұлт емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар». Сондықтан, ұлы ойшылдың ілімін терең зерделеп, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде пайдалануымыз керек», - деді.

Осынау ел руханияты үшін маңызы зор шараға еліміздің түкпір-түкпірінен абайтанушы ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар қатысты.

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, Шағангүл Жанаев: "Бүгін еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған салтанатты шара өтті. Шараға еліміздің аймақтарынан делегациялар қатысты. Ертең бұл шара барлық облыс орталықтарында жалғасын таппақ. "Абай жылы" басталды, ақын мұрасы - ел қазынасы" - дейді ғалым.

Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Қазан айында осы ұйымның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде ғылыми-конференция, концерт, көрме, кинокөрсетілім және тағы басқа мерейтойлық шаралар ұйымдастырылады. Кембридж сияқты әлемнің жетекші университтері де меретойға атсалысады.

Мерейтой аясында ойшыл ақынның шығармалар жинағы шетелдің 10 тіліне (француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс және итальян) аударылмақ. Ұлттық аударма бюросының атқаруымен әрқайсысы үш мың данамен дүниежүзінің түкпір-түкпіріне таратылады.

Ақынның туған жерінде де көптеген шара ұйымдастырылады. Мәселен, жаз айында Абай ауданында театрланған қойылымдар, айтыс, дәстүрлі орындаушылардың концерттері, сирек кездесетін кітаптар, мұражай экспонаттары, қолдаңбалы және өнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық спорт, басқа да мерекелік шаралар өз жалғасын таппақ.

Биыл Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильм түсірілмек. Абай атындағы опера және балет театры Ресей, Түркия мен Қытайға гастрольдік сапармен барып, ұлы ақынның мұрасын насихаттайды. Ал Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр және Мүсірепов атындағы балалар театры елді аралайды.

Ал жоғары оқу орындарында ғылыми конференциялар, Абай оқулары, симпозиумдар, поэтикалық жəне əдеби фестивальдер, поэзия кештері, Абай өлеңдерін үздік оқу, əндерін орындау жəне шығармашылығын білу бойынша семинарлар мен конкурстар ұйымдастырылады. Елорда төрінде 300-ден астам шара өтеді.

Салтанатты жиын отандық танымал әншілер мен өнер ұжымдары қатысқан үлкен концертке ұласты.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар