Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абайдың қарасөзі ең алғаш қашан жарияланды?

04.09.2018 2072

Абайдың қарасөзі ең алғаш қашан жарияланды?

(Самат Әбішұлы құрастырған «Абай термесі» туралы)

Хәкім Ибраһим (Абай) Құнанбайұлының қарасөздері Мүрсейіт Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбалары арқылы бүгінге жеткені белгілі. Бірақ бізге белгісіз себептерге байланысты Абайдың Санкт-Петербургтен 1909 жылы шыққан ең алғашқы жинағына ол қарасөздері кірмей қалған...

Ал енді «Абайдың сол қарасөздері баспа бетінде ең алғаш қашан және қайда жария болды?» деген сұраққа келетін болсақ – «1916 жылы Орынборда («Дин уә мағишат» баспаханасында) Самат Әбішұлы Нұржанов бастырған «Абай термесінде» ақынның тұңғыш рет 1-қарасөзі мен жеті өлеңі басылды» (1). Ол 1-қарасөз – Абайдың «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік» деп басталатын ғақылиясы.

Сонымен Абайдың қарасөзі ең алғаш рет осыдан бір ғасыр бұрын жарық көрген демекпіз. Яғни, Абай қарасөздерін кітап бетінде жариялау ісі – 1916 жылдан бастау алады.

Ақын С.Әбішұлы құрастырған кітапқа Абайдың бір ғана қарасөзі кірсе де, мұның өзі ол кезде зор жаңалық болатын. Осыдан кейін барып ақынның барлық қарасөздерін тауып жинап шығару мәселесі қолға алынды. Әсіресе, бұл іске Мұхтар Әуезовтің барынша кіріскені белгілі. Сондықтан «Бұл басылымға да М.Әуезов назар аударып, абайтанудан оқыған лекцияларында сөз етіп отырған» (2).

М.Әуезов «Мүрсейіт қолжазбасында бар шығармалардан жинаққа енбей қалған 17 өлең (626 жол өлең), бір аударма поэма («Вадим»), 45 қарасөз, 1 тарихи шығарма бар екенін анықтайды. Бұлар Мүрсейіт қолжазбаларында бұрыннан бар, бірақ алғашқы жинаққа енбей қалған ақын шығармаларының бір саласы ғана. Ал қолжазба көшірмелерге түспеген, егер М.Әуезовтей аса сергек зерттеушісі болмаса, мүлде ұмытылуға айналып, өшіп кетуге бет алған екінші бір саласы барлығын ол дер кезінде сезінді» (3).

1924 жылы 19-қазанда Мұхтар Әуезов Орыс Геогорафиялық Қоғамының Семей бөлімшесінің толық мүшелігіне өткен күні-ақ Абайдың 20 жылдығын атап өту жайлы ұсынысын өткізеді. Осыдан бастап Әуезовтің басшылығымен ақынның толық шығармалар жинағын даярлау ісі қолға алынады.

Өйткені бұған дейін Абай жинақтары Петербург (1909), Орынбор (1916), Қазан (1922), Ташкент (1923) қалаларында жарық көргенімен, Абай өлеңдері мен қарасөздері толық қамтылмаған күйде еді.

Себебі «Абай шығармаларының дені жарияланғанымен, көптеген өлеңдері мен поэмалары, әсіресе, қазақ әдебиеті тарихында қайталанбас ерекшелігі бар қарасөздері қолжазба күйінде жекелеген кісілер қолында сақталатын» (4).

1933 жылғы толық жинақ – сонау 1924 жылдан бастау алатын ұзақ ізденісті еңбектің нақты нәтижесі еді. Әуезовтің сол кезден бастап бас-көз болуымен Абайдың барлық қарасөздері ең алғаш 1933 жылы «Қазақстан» баспасынан 6 мың данамен жарық көрген «Толық жинақта» жарияланды.

Осы себепті «Абайдың «Қарасөздері» ақынның жинағына 1933 жылдан бастап қана кіріп жүр» (5) деген пікір де осыдан кейін қалыптасып қалған еді.

Жалпы қазақ жұрты 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасынан Абайдың өлеңдерін кітап қылып шығарған Әлихан, Кәкітай мен Тұрағұлдарға қалай алғыс айтқан болса, сол секілді Абайдың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған бір қарасөзі («Сөз басы» ретінде берілген) мен жеті өлеңін («Жаздыгүні қылтиған бір жауқазын», «Ата-анаға көз қуаныш», «Құр айғай бақырған», Белгілі сөз өлді-өлді», «Күшік асырап ит еттім», «Тайға міндік») ең алғаш «Абай термесі» арқылы бүкіл қазаққа танытқан өзі де ақын Самат Әбішұлының да есімін солайша ардақтауы қажет!

Абайтанушы М.Мырзахметовтің: «Жинақты құрастырушы «Абай теремесінде» ақын қаламынан туған қарасөздерінің ішінен «Бірінші» сөзді арнайы түрде «Сөз басы» деген айдармен беташар сөз ретінде ұсынылып отырған «Абай термесіндегі» айта қаларлықтай сонылықтардың біріне саналмақ. Өйткені Абай қарасөздерінің тұңғыш үлгі-өнегесі, төл-нұсқасы баспасөз арқылы бүкіл қазаққа осы екінші жинақ арқылы танылғаны шындық қой» (6), - деген сөзінің жаны бар.

Әттең, 1995 жылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай шығарылған «Абай» энциклопедиясында Самат өмірдерегінің жеке-дара сипатта берілмеуі өкінішті-ақ.

Абай қарасөзінің ең алғашқы шығарушысы – Самат Әбішұлының есімі ондай биік құрметке әбден лайықты еді.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. М.Мырзахметов «Мұхтар және абайтану проблемалары» (Қазақ ССР «Ғылым» баспасы, Алматы, 1982, 78-бет).

2. «Абай» энциклопедиясы (Алматы, «Атамұра», 1995, 55-бет).

3. М.Мырзахметов «Мұхтар және абайтану проблемалары» (Қазақ ССР «Ғылым» баспасы, Алматы, 1982, 78-бет).

4. Сонда, 94-бет.

5. Қ.Мұхамедханов «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (Алматы, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры, 2010, 118-бет).

6. М.Мырзахметов «Абай жүрген ізбенен» (Алматы, «Қазақстан», 1985, 63-64-беттер).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қарасөз

Көп оқылғандар