Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абайдың жетілу жолдары

16.06.2020 692

Абайдың жетілу жолдары 12+

Абай бабамыздың даналықтың заңғар биігіне көтерілуінің сыры қайда жатыр? Бұл сұрақтың жауабы Абай тәрізді ғұламалардың шын бейнесін ашып, олардың адамзат әлемінде пайда болу сырларын түсіндіреді. Сонымен бірге, олардың бейнесін заңды құбылыс ретінде қабылдап, қалдырған мол рухани мұрасынан еркін сусындауға да мүмкіндік береді. Бір қызығы – данышпандардың пайда болуы адамзат өмірі ғана емес, бүкіл тіршілік дүниесіне ортақ табиғи заңдылықта жатыр.

Абайдың өмірі бізге, артында қалған ұрпақтары үшін, үлкен өнеге. Сол өнегелі өмірді дұрыс түсініп, қабылдай білу үшін оның жетілу жолын дұрыс түсініп алуымыз керек.

Жалпы тіршілік жағдайы, оның ішінде адам өмірі, үш бастауға байланысты болады. Бұл үш бастау келешекті болжап, өткен өмірді түсінуге мүмкіндік береді. Абай өмірін осы үш бастау аясында қарастыратын болсақ, оның осындай биік рухани дәрежеге жету сырын да түсіне аламыз.

Кездейсоқтық дегеннің өмірде болмайтыны белгілі. Не болса да – оның себебі бар. Әрбір құбылыстың себептері бірден көзге көрінбеуі де мүмкін, бірақ зер сала үңілетін болсақ, оларды сезуге болады. Адам өмірі осы үш бастауға бағынышты. Бұл үш бастауды түсініп, өзінің өміріне қолдана білген адам өзінің өткені мен келешегін болжай алады. Яғни, адамның шыққан биігі, сонымен бірге, болашақта көретін қуаныш-қайғы, жасайтын жақсы-жаман қылықтары мен істері, ой-өрісінің қалыптасуы, тіпті бүкіл өмірінің бақыты осы үш бастаудың сапасына, іске асу деңгейіне және олардың өзара үйлесімділігіне байланысты. Халық дәстүрінде бұл бастаулар жақсы ескеріліп, олардың үйлесімділігі келешек ұрпақ тағдыры үшін қатаң қадағаланып отырған.

Бұл қандай бастаулар?

Біріншісі – тектілік, яғни генасы; екіншісі – қалыптасу ортасы, яғни алған тәрбиесі; үшіншісі – жан дүниесінің ерекшеліктері. Бұлар – адам өмірінің іргетасы болып, келешекке тікелей әсер етіп, оның тағдырын құрайтын үш бастаулар. Бүкіл адам өмірін қалыптастыратын осылар.

Тектілік жан иесіне дене және ой-өріс сапалығын береді. Сапасы жоғары болса оның өмірі шұрайлы, өзінің мақсатына жету оңай болады. Қалыптасу ортасы оның жетілуіне берілген мүмкіндіктер, сондықтан ол жан иесінің маңдайына жазылған тағдырына байланысты. Пешенесіне не жазылса, адам сондай ортада болып, сондай әсер алады. Ал жан қасиеттері адамның тілегін, ынтасын анықтап, өмір бағытын береді. Мысалы, бір отбасындағы балалардың мінез-құлқы мен қасиеттері бірдей болмайды. Бірі жасынан әрнені білем деп білімге, кітапқа ұмтылса, ал екіншісі ойын ойнауға әуесқой болуы мүмкін. Адами қасиеттер жаннан шығатын болғандықтан, олар сыртқы себептерге емес, адамға туғаннан берілген тек қана жанның өзіне байланысты.

Бұл бастаулардың әсерін барлық табиғат көріністерінен байқауға болады. Мысалы, өсімдік дүниесін алатын болсақ, өсімдіктің дұрыс өсуі ұрықтың, яғни генасының жоғары сапалы, түскен ортаның, яғни топырақтың құнарлы болуынан, және оның күтімінің жақсы болуына байланысты екені белгілі. Егер құнарсыз топырақ болса, оған қандай жоғары сапалы тұқым егілсе де өнімі төмен болады. Немесе, қандай құнарлы топырақ болып, сонымен бірге, қандай жақсы күтім болса да, егер сапалы дән егілмесе, жақсы өнім болмайтыны белгілі. Сондықтан генетика ғылымы дұрыс өнім алу үшін тұқымның сапасын жақсартумен, агрономия ғылымы жерді өңдеу, құнарлылығын арттырумен және өсімдікті дұрыс бағып-қағу заңдылығымен шұғылданады. Бұл заңдылық хайуанат әлеміне де ортақ. Өсімдік пен хайуанат әлеміне қарағанда адам өмірінде жан қасиеті ерекше үлкен орын алады, себебі ол эволюцияның (жетілудің) жоғары сатысында тұр. Жан иесі неғұрлым жоғары сатыда болса, оның жан қасиеті де өзінің жетілу барысында солғұрлым маңызды.

Түрлы бұлақтардың суларыныың сапасы бір-біріне байланысты болмауы мүмкін, бірақ олар бір арнаға түйіскенде түрлі шипалы қасиеттері бірігіп судың қасиеті арта түседі. Ал бір бұлақтың суы таза болмаса, ол басқа екі бұлақтың суын былғайды. Сол сияқты адам өмірінің бастаулары да әуелде бір-бірінен бөлек, өзара тәуелсіз болғанымен, олар бір адамның басында біріксе, онда олардың қасиеттері артып, адамды биік шыңға көтереді. Ал егер бастаулардың бірінің кемістігі болса, онда ол басқалардың артықшылығын төмендетіп, тіпті жоққа шығаруы да мүмкін. Бір бастаудың кемістігін басқалары толықтыра алмайды. Сондықтан бір отбасында ой-өрісі, мінез-құлқы бөлек болып келетін «ала» да, «құла» да туады.

Бала тәрбиесінде осы үш бастауды ескере білуіміз керек. Мысалы, баланың туған ата-анасы текті болып және жан дүниесі де басқалардан ерекше болғанымен, егер өскен ортасы, алған тәрбиесі дұрыс болмаса, ол баланың өсе келе өзінің ерекше қасиеттерін жоғалтып, басқа қарапайым пенделердің қатарына түсуі мүмкін. Мұндай жағдайды бала тәрбиесімен шұғылданатын адамдар жақсы біледі.

Осы үш бастау құнарлы болып, және өзара үйлесімді болғанда адам жетілудің биігіне көтеріліп, адамзаттың өшпейтін жарық жұлдызына айналады. Абай бабамыздың өмірі осыған жақсы дәлел. Осы үш бастау аясында қарастыратын болсақ, Абайдың тектілігі, қалыптасқан ортасы және жан дүниесі жоғары дәрежеде және өзара үйлесімді болғанын көреміз. Бұған көзімізді жеткізу үшін енді Абайдың өмірін қысқаша шолып өтейік.

Абайдың ата-тегі. Абай 1845 жылы Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған тобықты руында дүниеге келдi. Шыққан ата-тегi әке жағынан да, шеше жағынан да, өз заманының белдi, беделдi, ауқатты адамдары болған. Абайдың өз әкесi – Құнанбай, атасы – Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай. Қай қайсы да ру iшiнде үстемдiк жүргiзiп, елдi аузына қаратқан белгiлi адамдар. Абайдың бұдан арғы атасы Олжайдың үш ұлы болған. Олар: Айдос, Қайдос, Жiгiтек. Тобықтының атақты биi Кеңгiрбай осы Жiгiтектен туады. Қайдостан – Бөкеншi, Борсақ. Ал Ырғызбай – Айдостың тұқымы. Айдостың өз басы би де, жуан да болмаған. Бiрақ әйелi Айпара ер қайратты, естi әрi адуын мінезді адам болса керек. Оның тапқыр шешендiк, сәуегейлiк қасиетi де болған екен.

Ырғызбайдың төрт баласы болған. Олардың арасынан елге атақ-даңқы шыққаны Өскенбай. Кеңгiрбай Ырғызбай өлген соң қартайған шағында Өскенбайды би етiп қояды. Өскенбай көпшiлiктiң ойынан шыққан жақсы би болады. Оның қатал да, батыл мiнездер көрсететiн кездерi де болған. 1804 жылы Өскенбай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай туады.

Құнанбай жас кезiнен батыл, батырлыққа әуес болады. Ол – тәрбиенi өзiнiң өскен ортасынан алған, оқуы жоқ болса да тоқығаны мол, ақылды, парасатты адам. Ол бiрсөздi, кесек тұлғалы, айбатты, қатал мiнездi болған. Ел билеп, iс басқарғанда әкесiнен де артып кетедi. Патша өкiметiнiң 1822 жылы «Сiбiр қазақтарына арналып шыққан жарғысы» бойынша ел округқа бөлiнген еді. Құнанбай 1851 жылы аға сұлтандыққа сайланып, екi жыл округты басқарады. Осыдан Құнанбай аты ел аузында аңызға айналып, «қарадан хан болған» деген сөз қалған.

Ал ендi Құнанбайдың шешесi Зереге келетiн болсақ, ол кiсiнiң де қарапайым адам емес, тектiлердiң тұқымынан екенi соңғы кезде анықталып отыр. Сүйегi Матай, Семей өңiрiндегi қазiргi Жарма ауданында туған. Зеренiң қыз кезiндегi аты Тоқбала екен, өз әкесi Теңiзбай, ұлы атасы Бектемiр екеуi де айран iшерлiгi мол дөңгелек дәулеттi адамдар болыпты.

Абайдың өз шешесi Ұлжан Қаракесек iшiндегi Бертiс руынан. Абылай ханның алдында өмiр сүрген Бертiс Шаншарұлы қарадан туса да қатарынан асқан, өз заманында Қарқаралы атырабын билеп, ханы да, биi де өзi болған адам. Бақ құсы басына қонып, дәуiрлеп тұрған шағында шылқыған байлық арқасында, өсіп-өніп, «17 ұлды Бертiс» атаныпты. Ұлжанның әкесi Тұрпан деген кiсi қалжыңқой, мысқылшыл, тапқыр, күлдiргi болған екен. Ұлжан сабырлы, кең мiнездi адам бола тұрса да, тұқымының қалжыңқойлығы, сөз тапқырлығы бойынан әркез табылған. Қорыта айтқанда, тапқыштық және бiреудiң мiнiн ащы тiлмен қатты түйрейтiн мiнез Абайға нағашы жұртынан жұғысты болса керек.

Сонымен Абайдың әкесi Құнанбай, аталары Өскенбай, Ырғызбай – өз ортасының ең беделдi, бетке ұстар адамдары. Абай – осындай отбасында жарық дүниеге келген тектiлердiң тұқымы, олардың тәлiм-тәрбиесiн көрiп, өнегелi сөздерiн естiп, соны көкiрегiне тоқып өскен жан. Оның ұлылығының, тектiлiгiнiң негiзi, түп қазығы осында жатса керек.

Абайдың өскен ортасы. Адамның өсiп-жетiлуiне әсер ететiн сыртқы себептердiң бiрi – оның алған тәрбиесi. Баланың тәрбиесiне оның өскен ортасы, қоршаған қоғам ықпал жасайды дедік. Абайдың өскен ортасы болып табылатын қоршаған табиғат, отбасы, туған-туысқандары, жақын-жуық, құрбы-құрдастары, оқыған, бiлiм-тәрбие алған ордасы тағы сол сияқты оның iшкi дүниесiнен бөлек жағдайлар келешек өмiрiне үлкен әсер еттi.

Абай өскен ортасының барлық жақсы қасиеттерiн бойына сiңiрiп өскен. Бұл жақсы қасиеттер оның ерте есеюiне, айнала өмiрде болып жатқан қуаныш пен қайғыны, жақсы мен жаманды жiтi қадағалап, ой елегiнен өткiзуiне, белгiлi бiр қорытынды жасауына көмектестi. Кемелдену жолында Абай да өмiрдiң сан қилы белестерiнен өткен. Бұл турасында ақын өз ойын «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? » деген өлеңiнде «Жасымда албырт өстiм, ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ» дейді. Бұл жолдардан Абай албырт жастық шағында реттi жерiнде айла-амалдарға да барып, ашуға да жол бергенiн, ой жетегiне түсе қоймағанын сеземiз. Бiрақ ол өзiне берілген ерекше жан қасиеті арқасында өмiр белестерiндегі шырғалаңдарға ұзақ бөгелмей, кемелденудiң асқар биiгiне көтерiле алған.

Ата-тегiнен даритын ерекшелiктi, жақсы қасиеттердi дер кезiнде тани бiлiп, әрi қарай жетiлдiрiп отырмаса, олар бiртiндеп әлсiреп, тiптi кейiн мүлде жойылып кетуi де мүмкiн. Себебi балаға ата-тектен даритын қасиеттер мәңгiлiк емес, уақытша, өзгергіш. Адам өзінің iзденiсi, талабының арқасында ғана сол игi қасиеттердi сақтап, дамытып отыра алады. Өскен ортаның ықпалы туралы да осыны айтуға болады. Қандай бiр жетiлген ортада өссе де, оның құндылықтарын жан дүниесiнен шығатын ынта-жiгерi арқылы бекітіп отырмаса, оның пайдасы шамалы болмақ. Сондықтан, адам баласы өзінің келешек өмірі ойдағыдай болсын десе, ол өзіне тағдырдың берген шапағатынан айырылып қалмай, оны дер кезінде дұрыс пайдалана білу керек.

Абай өмірі осыған үйретеді.

Құнанбайдiкi тәрiздi дәулеттi отбасынан қонақ арылмайды. Олардың арасында әңгiмеге, ән мен жырға шебер шешендер мен ақын-жыршылар да аз болмайтын. Бала Абай осындай өнерлi адамдардың әңгiмесiн бар ықыласымен берiле тыңдап, құлағына құйып алатын болған.

Құнанбайдың әйелдерi Ұлжан мен Айғыз бiр ауыл болып отырған. Абай оларға тел бала болып өстi. Абай екi шешенiң ортасында бетiнен ешкiм қақпай, еркiн өседi. Зере әжесi бұлармен бiрге болды. Әжесi аңыз-ертегiлердi, халықтың ескi ән-жыр, дастандарын көп бiлетiн кiсi едi. Сүйiктi немересi Абайға сол ән-жыр, ертегiлердi ұзақты кеш айтып берiп отыратын. Анасы Ұлжан Абай үшiн елдiң атақты әншi-жыршыларын әдейi шақыртып, бiрнеше күн күтiп, қонақ етiп, ән-жырларын тыңдатып, кейiн оларды үлкен сый-құрметпен шығарып салады екен. Абай осылайша жастайынан туған халқының рухани байлығынан мол сусындап өскен.

Абай он жасқа келгенде әкесi оны Семейдегi Ахмет Риза медресесiне оқуға бередi. Медресе сол кездегi алдыңғы қатарлы оқу орындарының бiрi едi. Ол медреседе үш жыл оқиды. Абайдың рухани өсу жолында бұл кезеңнiң аса маңызды болғанына дау жоқ.

Медреседе шәкiрттерге терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылды. Ислам дiнiнiң қағидалары Құран арқылы ғана емес, сонымен бiрге сопылық iлiмiмен де үйлестiрiлiп берiлiп отырды. Ал сопылық iлiмдер – мұсылман iлiмiнiң шыңы болатын. Абай медреседе сопылар өкiлдерi Бақырғани, Аллаяр, Ахмет Яссауидың рухани мұрасынан сусындайды, Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Фзули сияқты Шығыс ғұламаларының, жыр алыптарының шығармаларымен танысады. Абайдың рухани кемелденуiне Шығыс мәдениетiнiң әсерi мiне осы кезден басталады.

Абай арабша кiтапты молда оқып, түрiкше аударып бергеннен соң естігенін кiтапқа қарамай жатқа айтатын зерек болған. Сондықтан сабақты жадында сақтап, бос уақыттарын кiтап оқумен өткiзген. Араб, парсы, шағатай (ескi өзбек) тiлiнде жазылған кiтаптарды да еркiн оқып, көптеген ақындардың өлең, газелдерiн жатқа бiлген. Ұлғайған кезiне дейiн оларды ұмытпай, жадында сақтап жүрiптi. Абай кiтаптарды жаздыгүнi ауылға демалысқа қайтқанда да ала келiп, оқып жүредi екен. Сөйтіп медреседе оқыған жылдары Шығыстың рухани байлығын бойына мол сiңiрген.

Ел басқару iсiне араласу Абай үшiн үлкен өмiр мектебi болды. Елдiң күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгi, өмiрдiң жақсы да, көлеңкелi жақтары оның көз алдынан өтiп жатты. Ол өмiрдегi қилы-қилы жағдайларды ой сарабынан өткiзiп, дұрыс қорытынды жасауға, өзiнiң әдiл шешiмiн айтуға тиiс болды. Ол кiтаптан оқыған, өмiрден түйген бiлiмiн нақты iсте сынап көруге мүмкiндiк алды. Жан-дүниесiнiң тазалығы, адалдығының сынға түсер шағы осы едi. Өзiнiң өскен ортасынан алған тағлым-тәрбиесi Абайдың бұл мiндеттi де абыроймен атқарып шығуына себеп болды. Жiгерлi де алғыр ойлы Абай өмiр ағымымен кетпей, өзiнiң әдiлдiгiмен, бiлiмдiгiмен қоршаған қоғамдық ортаға игi әсер етуге ұмтылды. Ол өзiнiң алғырлығымен адуынды көреген әкесiнiң беделiне де кiр келтiрмей, халық алдында өз беделiн де төмендетпей бiлгiрлiкпен адал қызмет еттi.

Әкесiнiң тапсырмасымен әрқилы жұмыстарды атқара жүрiп ол адамдардың арасындағы түрлi байланыстардың сырларына қаныға түстi. Олардың iс-әрекетi өзiнiң ой-талғамына сәйкес келсе қабылдап, ал сәйкес келмесе оны түзетуге ұмтылды. Аз уақыттың iшiнде-ақ ол өзiнiң зеректiгi мен бiлiмiнiң арқасында ел iшiнде бұрын беделдi атанғандардың көбiнен шоқтығы биiк бола бастайды.

Абайды түсінбей бақталастық жасаған елдің жуандары оны мұқату жолын iздеп, үстiнен жала мен арызды молайтады. Абайды 1877-1878 жылдың қысында ұлық тергеу мақсатымен қалаға шақыртады. М.Әуезов Абайдың осы жолы 12 үлкен iспен тергелiп, Семейде 3-4 ай бойы жатқанын жазады. Жала қанша көп болса да Абай одан ақталып шығады. Өз iсiнiң әдiл екенiн ұлықтарға дәлелдеп, солардың сенiмiне ие болады.

Осы тергеу Абайдың ой-өрiсiн басқа арнаға қарай бұрады. Яғни, тағдырдың бұл қыспағы Абайдың келешегi үшiн аса маңызды болған. Абай осы жолы қалада ұзақ жатқанында түрлi кеңселерде болып, ондағы орыс халқы өкiлдерiнiң iс-әрекеттерiмен танысып, патша саясатын түсiнiңкiрей бастайды, үкiмет заңдарын бiлу керектiгiне көзi жетедi. Қалада оның дүниеге деген түсiнiгi едәуiр кеңейiп, өмiрге басқа көзқараспен қарай бастайды. Сөйтiп Абай өсудiң жаңа деңгейiне беттеп, өмiрдiң сыры туралы, бұл iстеп жүрген iстерiнiң не себептен мәнсiз екенiне ой жүгiртiп, толғанады. Бұл оның атақ-даңқы тобықты iшiнен асып, басқа да руларға, аймақтарға жайылып, молайып бара жатқан кезi едi.

Халқының мүшкiл жағдайын көрiп, оған жаны ашыған Абай, 1877-78 жылдардан, яғни 32-33 жастарға келгенінен бастап өз халiнше көпшілікті жөнге салуға ұмтылады. Бұған дейiн де тиiп-қашып өлең жазып, жазғандарын Көкбай сөзi деп таңбалап келген ойшыл ендi халқына рухани бiлiм берiп, жетiлу жолына салу үшiн күштi құрал ретiнде пайдалану үшiн өлең жазуды, яғни ақындықты мықтап қолға алады.

Ойшыл жетiле келе терең рухани бiлiм мен халқына деген жанашырлыққа ие болады. Ол ақындығы өзiнiң тiлек-қалауы – халықтың көкiрегiн ашып, оны дұрыс жолға салу құралы екенiн жазады.

Кемеліне келген Абай болыс болып та, би болып та елдi түзетпек болады. Бiрақ қарабасын ойлаған ел көп, ал Абай жалғыз едi. Рухани дүниесi құлдырау жолына түскен тобырды дұрыс жолға салу қиынның қиыны болатын. Осыны сезiнген Абай қатты қиналып, дағдарысқа ұшырайды. «Мыңмен жалғыз алыстым, кiнә қойма!» деп мұңын шаға келiп, оның себебiн түсiндiредi.

Сонымен, Абай бұл фәни дүниенiң қызықтарын бiр адамдай-ақ көрiп-бiлдi. Ол дәулеттiң де, би, болыс болып, билiктiң де дәмiн татты. Отбасын құрып, Дiлдә, Әйгерiм, кейiннен Еркежан сияқты өзiне адал, шын көңiлдерiмен берiлген әйелдерi де болды, Олардан туған Әбiш, Ақылбай, Мағауия сияқты өнегелi балаларының қызығын да көрдi, өзiнiң ақындық өнерiмен жұртты аузына қаратып, атақ-даңққа да ие болды. Бiрақ бұл тән құмарлықтары енді көкірек көзі ашылған Абайды жалықтыра бастайды. Бұрынғы жасап жүрген тән құмарлықтарына арналған әрекеттеріне оның көңілі толмайды. Ол рухани тығырыққа жолыққандай болады. Ақынның бұл сипатын «Мен ішпеген у бар ма? », «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қайтты көңілім бұл дүниенің ісіне» деп бұл фәни өмірге өз көңілін білдіретін «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? », «Бай сейілді» тәрізді өлеңдерінен көруге болады.

Абай ендi өмірдің түпкі мәні мен мақсаты туралы ойға қалып, бүкіл болмыс құпияларына көңіл бөле бастайды. Ақын осылай өзiнiң өсу-дамуының жаңа деңгейiне көтерiлгенiн бiлдiредi. Ол осыған дейiн өз шығармаларында көбінесе адамның кемшіліктеріне көңіл бөлсе, енді сол кемшіліктердің түпкі себебін ашуға, өмірдің түпкі мақсатын көріп, оған жету жолдарына зер сала бастайды. Сөйтіп қасиеттi кiтаптарды тереңірек зерттеп, дiни философияға көңiл бөледi. Кемелденудiң бұл биік деңгейiне көтерілу өте сирек кездеседі. Бiз Абайды ендi осы биiк деңгейден көремiз.

Абайдың жан дүниесі. Адамның рухани жетілуі оның жан дүниесіне байланысты. Абайдың өзі қара сөздерінде жазғандай, жан адам өмірін жан құмарына бағыттап, білімге, жетілуге итермелейді. Осылай ол рухани жаңғырудың шыңына көтеріле алады. Абайдың даналық жолында өзіне берілген ерекше жан дүниесінің әсері үлкен болды. Жан құмары оны үнемі алға сүйреп, «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» дегізіп, өмірдің түпкі мақсатына жетеледі. Оның жетілуіне әсіресе, руханиятқа деген ынта-жігері көп әсер етеді. Бұл оның жас кезінен зерек, әрі оның руханиятқа деген ынта-жігерінің зор болғанынан көрінеді. Діннің ішкі мәнін түсініп, осылай ол кемелдену шағында хакiм деңгейiне көтерілді.

Абай жан дүниесiне үлкен әсер еткен дiни дүниетаныммен алғаш рет медреседе, кейiннен жасы ұлғайып кемелденген кезінде көп шұғылданған.

Абай ислам дiнiнiң тарихын жақсы бiлiп, молынан зерттеген сол кездегi ең бiлгiр адамның бiрi болған. Бұл жайды мұсылманшылықты қатты ұстаған Абаймен 25 жыл жолдас болған ақын Көкбай ақсақалдың сөзiнен де көруге болады. Ол өзiнiң естелiгiнде былай дейдi: «Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған iрi сөздердiң барлығын да бiлетiн. Бәрiнен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлiк мағлұматы бар-ды. Сонымен Семейге бара жатқан уақытта, Семейдiң Кәмали қазiрет сияқты үлкен молдаларымен, анда-санда бас қосып мәжiлiс те жасап қоятын. Осындай мәжiлiстер арқылы Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дiн мәселесiне жетiктiгiне әбден көзi жеткен соң, бұл кiсiнi өз заманының ғұламасы сияқты да көрген».

Абай мұсылманшылықты медреседе оқығанымен шектелiп қоймай, оны өмiр бойы молынан зерттеп, кей кездерi үлкен молдалармен сөз таластырып, ұштап, тереңдетiп отырған. Екiншiден, бұл жағдай Абайдың мұсылман әлемiндегi бiлiм деңгейiн аңғартады. «Өз заманының ғұламасы» болып, дiни адамдармен шоқтығы деңгейлес тұруы, әрине, дiн жолында жүрмесе де, сондай дәрежеге қол жеткiзгенi көп нәрсенi байқатады.

Абай рухани бiлiмдi әлем заңдылықтарының негiзгi көзi ретiнде қарастырған. Имандылық Абайдың бойына сiңiп, оның қасиетiне, мiнезiне айналған болатын. Оны Көкбай ақсақалдың мына сөзiнен сезуге болады: «Абай Еуропа ғалымдарының iрi палсапамен жазылған кiтаптарын оқығанда, өзiнiң басындағы ой пiкiрлерiнiң iрге негiзiн аналарға оңай берiп жiберiп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзiн мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегiнен өткiзiп алып айтушы едi. Сондағы көп насихатының түп қазығы адамшылық, ақтық, әдiлет болса, осының барлығы да мұсылман дiнiнiң дөңгелегiне әкелiп, бiр шалып келiп отыратын.» Көкбай ақсақалдың бұл сөздері Абайдың іс-әрекет, сөйлеген сөздерінің түпкі мақсатын ашады. Абай өзінің берген үлгі-өнегесін, үгіт-насихатын халықты имандылыққа тарту жолына бағыштаған. Ол осылайша, өзінің барлық iс-әрекетінің нәтижесiн имандылық тұрғысынан бағалайтын болған.

Абайдың сөзi ғана емес, iсi де имандылық арнасында болғандықтан, оның рухани дәрежесi өз замандастарының арасында әлдеқайда жоғары едi. Молдалардың жаттамасы мен Абайдың бойына сiңiрген бiлiмiнiң арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Христиан дiнiнiң миссионерiмен сөз таластыруға дiн адамдарын емес, мешiтке көп қатысы жоқ Абайдың тағайындалғаны оның шоқтығының қаншама биiк болғанын көрсетедi.

Қанша рухани жетілген адам болса да қоршаған ортасы мен айналасы Абайды түгел босатпай, еркiн өзiне билетпеді. Бірақ оның жетілген жан дүниесі бұл қыспаққа да берілмей, рухани жетілуге мүмкіндік берді.

Абай дiннiң не екенiн, оның адам өмiрiндегi маңызын, мақсатын терең түсiнген адам. Ол заман ағымынан туған ислам дiнiндегi бұрмалауларды сынай отырып, олардың дұрыс мағынасын өзінің отыз сегізінші қара сөзінде көрсетiп бередi. Бұл Абайдың ислам iлiмiне қосқан өлшеусiз үлесi болса, ал оның ислам қағидаларына сүйене отырып Жаратушы Иенi, жалпы болмыс заңдылықтарын түсiндiрiп беруi – оның бүкiл адамзат қауымына қалдырған үлесi.

Абай діннің сыртқы мәнісі болып табылатын діни рәсімдерден гөрі оның ішкі мәні болып табылатын иманның тазалығына көп көңіл бөлген. Ол діннің тек қана сыртқы дәстүрін ұстанып, ал ішкі мағынасын бұрмалаушыларды, не болмаса оны түсінбейтіндерді сынап, әшкерелеп отырған.

Абайдың сол кездегi молдалардан үлкен айырмашылығы бар едi. Молдалар дiндi өздерiнiң қызметi ретiнде қабылдағандықтан оның түпкi мағынасын бойларына сiңiрмей, тек қағидаларын ғана ұстанған. «Молданың iстегенiн iстеме, айтқанын iсте» деген халық аузындағы сөздiң өзi олардың сөзi мен iсiнiң бiр-бiрiмен үнемі үйлесе бермейтінін көрсетедi.

Діннің түпкі мақсатын ұмытып, оның ішкі мәніне үңілмей, тек қана сыртқы рәсім-дәстүрлерді ұстану діни фанатизмге апарып, тіпті рухани жетілу жолында үлкен кедергі де болуы мүмкін. Оның көріністерін бүгінгі күндерде көптеп байқауға болады. Ал Абай болса. ол діннің ішкі шын мәніне көңіл бөліп, оны халықтың игілігіне айналдыруға және өзінің рухани биік деңгейге көтерілуіне пайдаланған.

Сонымен, Абай өмірін осы қысқаша жолу оның жетілу жолын көрсетеді. Тіршіліктің негізі болып табылатын үш бастау Абай өмірінде толығымен көрініп, өзара үйлесімге келген. Ол текті отбасында туып, жақсы тәлім-тәрбие көріп, табиғатынан берілген жан қасиетін жетілдіре білді.

Абайдың заңғар биікке көтерілу сыры да осында жатса керек.

Досым ОМАРОВ,

абайтанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар