Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абайға арналған алғашқы ескерткіш

30.01.2020 2008

Абайға арналған алғашқы ескерткіш 12+

Хакім Абай дүниеден өткеннен кейін 14 жылдан соң Абай есімін ұлықтаған тұңғыш журнал Алаш қаласында (Қазіргі Жаңасемей) жарық көрді. 1918 жылдың 4 ақпанында жексенбі күні Алаш қаласындағы Уақ қарыз серіктігі «Ярдам» баспасынан «Абай» журналының алғашқы саны басылып шықты. (Журнал бетінде, бастырушы: Алаш қаласындағы Уақ қарыз серіктігі, Қазақ комитетінің Алаш қаласындағы баспаханасы, шығарушы: Жүсіпбек Аймауытов деп көрсетілген). Журналдың редакторлары: Абайдың үміт еткен көз қуаты, рухани шакірттері Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлы. Сол жылы Жүсіпбек 29 жаста, Мұхтар 21 жаста екен. Жүсіпбек Аймауытұлының 1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданып, оны 1918 жылы бітірген кезі боласа, Мұхтар Әуезовтің Ресейдегі саяси төңкерістердің салдарынан Семей қаласына келіп «Алаш жастары» одағын құрып, қоғамдық-саяси, ағартушылық жұмыстарына белсене араласа бастаған тұсы. Алаштың екі сөз зергері, білімпаздары ортақ ниетте Алаш қаласында танысып, бірлесе жұмыс жасауға кіріскен. Журналды шығару жұмыстары Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай 1914 жылы Семей қаласында, қазақ зиялыларының бас қосуында қаулы ретінде қабылданып, әртүрлі саяси, экономикалық себептерге байланысты кешеуілдеп, 4 жылдан кейін шыққан. «Абай» журналы шын мәнінде Абай рухына қойылған алғашқы ескерткіш. Қола мен мыстан емес, асыл сөзден, сом жүректен құйылған, Абай жолын үлгі тұтқан, Абай сөзін шырақ еткен, ғылым мен білімді, өркениет пен мәдениетті айнымас темірқазығына байлаған ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің парасат мәйегі, алаш жоқшысы, қазақ ұйытқысы іспетті бірегей басылым.

Суретте: "Абай" журналының шығарушылары Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Омарханұлы

«Абай» журналының №1 санында Жүсіпбек Аймауытұлы «Журнал туралы» атты кіріспе мақала береді. Сол мақаласында Абай сынды кемеңгерге арнап журнал атын «Абай» қойдық, өзге жұрттар Абайдай дана ойшылдарына ескерткіш қояды, кітапхана ашады, есімін ұмытпай, қадыр-қасиетін ұлықтай түседі. Игі істерін жақсының атына балайды. Басқа халықтың білімдісінен Абайдай кемеңгердің несі кем, хакімге құрмет ете алмасақ тоғышарлығымыз бен надандығымыздан. Барымызды бағалай алмауымыздан. Журнал атын «Абай» қойғанымыз журналымыз Абайдай болсын деген қазақтың баласына ат қойғанындай емес, Абай есімін мұрат тұтып, атын тарих бетіне көркейтіп, нығайтпақ, Абай үлгісі мен ілімін, сара жолын жалпақ жұртқа жайсақ дегеннен туындаған салихалы жұмысымыздың басы еді деген ілтипатта, арыдан қаузап жазады.

Журналдың алғашқы санының соңғы бетінде, шығарушылар басқарма атынан оқырмандарға, «Абай» журналы тұтынған төрт жолды нақтылап көрсетеді. Яғни журналда жарияланатын материалдар мен журналдың негізгі ұстанымы, бағыт-бағдары төрт сала бойынша өрістейтінін айтады. Әуелгі ұстаным: ғылыми үрдіс. Айталық, математика, философия, табиғат ілімі, дәрігерлік, денсаулық саласы, ахылақ, тарихи-саяси мәселелер туралы жазбалар. Одан кейінгі ұстаным: әдебиет саласы. Өлең, жыр, дастан, поэма, сатира, роман, театр, жаңылтпаш, күлдіргі әңгімелер, шежіре, мақал-мател, жұмбақ, ел ішіндегі ескі әңгімелер, фельетон және басқа әдебиет маңындағы асыл сөздер журнал бетінде жарияланып тұру керек деп шешкен. Үшінші ұстаным: шаруашылық қажеттілігінен туған мал бағу, егін салу, сауда жасау, кәсіп істеу, қолөнер үйрену жайында қазаққа керекті танымдық дүниелерді үзбей жазып тұру. Соңғы ұстаным. Абай шығармашылығы, Абай өлеңдері мен қара сөздері, өмірбаяны, Абайға қатысты деректер тиянақты түрде жарияланып тұрмақ. Жыл бойына шыққан журналдың жалпы санынан шығарушылардың аталмыш ұстанымынан айнымағанын анық аңдауға болады.

суретте: "Абай" журналының алғашқы саны

Журналдың бірінші санында «Байымбет» есімді (мүмкін бүркеншік аты) тілші «Жазушыларға» атты шағын ескертпе мақаласында журналдың барлық саладағы оқырмандары мен қаламгерлеріне журналға ат салысып мақала жазуға, журналдың жылдық және алты айлық, үш айлық санына жазылуға шақырады. Айталық доктор, фельдшерлерден денсаулық жайын, медицина саласын, мал аурулары мен түрлі жұқпалы дерт туралы жазып тұруға, мұғалімдерден тәрбие жайын, оқу ісін, бала болашағына қатысты түйткілді мәселелерді үзбей беріп тұруға шақырады. Ал агрономдар шаруашылық жайын, егін салудың қыр-сырын жазуды, әркім өзі жетік білетін елге қажетті дүниелер туралы жазып тұрса деген пейілмен оқушыларды жазуға шабыттандырады. Сонымен бірге ел ішіндегі ескі әңгімелер мен жер тарихын, би, шешендердің қанатты сөзін, малшылық пен аңшылыққа қатысты ұғымдарды, басқа да мәселелерді өзі хат жаза алмаса білетіндерге айтып жазғызып жіберіп тұруын сауын айта алаш баласына сұрана жазады. «Абай» журналына алғашқы құттықтау хатты Ғайса Тоқтарбеков есімді мұғалім жазған. Ол өз жазбасында бұл қызық дәуірді Абайдың көзі көрмесе де рухы сезеді. «Бұл ақ заманның ішінде ұлты дәуір сүріп, қызық-қызметін көрсетіп, игілікпен іс етуге Абайды сүйген барша алаш ұранды қазаққа нәсіп қылсын! Құдай «Абайдың» жолын қылып зарыққан өмір, жабыққан көңілді ашып, атына шыққан журналды ғылыммен толы болып, шөлдеген жұрттың сусынын қандырғай да»,- деп ақжарма тілегі мен ақ батасын беріп, өз бас болып журналға жазылады.

Журналдың негізгі авторлары Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов болғаны белгілі. Олар журналдағы ең өзекті материалдар мен Абай шығармашылығына қатысты «Абайдың өмірі һәм қызыметі», «Абайдан соңғы ақындар» сынды ауқымды, абайтануға алғашқы ірі қадам болған интеллектуалды мақалаларын «Екеу» деген бүркеншік есімімен жазып отырған. Мұнан сырт Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю», «Тәрбие», Міржақып Дулатұлының «Алашқа», Мұхтар Әуезовтің «Қазіргі қазақ күйі», «Қазақ қашан жетіледі», «Өліп таусылу қаупы», «Ғылым», «Қазақ ішіндегі партия неден», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Япония» сияқты өзектілігін әлі жоймаған мақалалары осы журналға арналып алаш баласының игілігіне деп 1918 жылдары жазылған. Ғалым Ақжан Машанидің ұстазы Мәннен Тұрғынбайұлы «Абай» журналын қолдаушы, кеңесші және тұрақты авторларының бірі болған. Оның «Шаруашылық жөнінен», «Ұлтшылдық», «Копператив» атты мақалалары журналдағы ең өзекті жазбалардың қатарында. Сонымен қабат Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Ғұмар Қараштың жазбалары, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаевтің өлеңдері үзбей жарияланып отырған. Абайұлы Ақылбайдың «Дағыстан», Абайұлы Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмалары да алғаш осы журналда жарық көрген.

Суретте: "Абай" журналындағы М.Әуезовтің "Ғылым" мақаласы

Соңғы ғылыми сараптамалар «Абай» журналының 1918 жылдың ақпан айынан осы жылдың қараша айына дейін жалпы 12 саны шыққанын дәлелдеп отыр. Алаштану тарихына сүбелі үлес қосқан ғалым Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» еңбегінде «Абай» журналының он екі саны ғана оқырман қолына тиді деп жазады. Жүсіпбек Аймауытұлы «Абай» қалай жабылды» атты мақаласында да журналдың жалпы он екі саны шыққанын жазған болатын. Алайда журналдың соңғы 12-ші саны кейінгі уақыттарға дейін табылмаған. 2017 жылдың көктемінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің PHD докторанты Алтын Ақынбекова «Абай» журналының аталмыш №12 санын Әуезов музейінен табып, ғылыми айналымға түсіргенін сүйіншілеп жазған болатын. Өкінішке орай журналдың №9 саны әлі күнге табылған жоқ. Белгілі журналист, абайтанушы ғалым Ықылас Ожайұлы «Алаш көсемсөздері» сериясының «Абай» журналына арналған 8-ші томын құрастырған. 1918 жылы шығарушылар «Абай» журналы айына екі рет шығып тұрады деп жоспарлаған. Алайда ақпан айынан басқа уақытта ай сайын бір санмен шығып отырғаны белгілі. Журналдың алғашқы саны 900 данамен тараса, жалпы бет саны 16-21 бет шамасында болған. «Абай» журналына жазылудың жылдық бағасы сол кездегі ақша бағасымен 13 сом деп бекітілген. Алайда журналдың бесінші нөмерінде басқарма тарапынан оқушыларға мынандай ескерту хаты басылған. Онда жұрттың журналды алып, оқып тұруына ауыр болмасын деп алғашында журнал бағасын арзанға кесіп едік. Одан бергі дүниенің қаншалық қымбаттап кеткенін өздеріңіз «Сарыарқаның» 40-ші санынан оқып отырсыздар. Осыдан былай журнал бағасын көтермесек журналды жалғасты алып жүре алмай қалатын түріміз бар. «Абайдан» кіші татар журналдарының өзі 20-25 сом шамасында. «Абай» тоқтап қалмасын деп журнал бағасын өсірмекші болып отырмыз. Мұнан былай журналдың жылдық жазылу бағасы 20 сомға, алты айға жазылуы 11 сомға, үш айға жазылу 6 сомға өскенін ескертеміз. Жаңадан жаылушылар осы бағамен жазылады. Алдын ала бір жылға, жарты жылға жазылып қойғандар кешіктірмей қосымша қаржысын жіберуін сұраймыз делінген.

Суретте: "Абай" журналының соңғы саны

Кітап шығару, баспа ісі сынды рухани саласы ақсап жатқан сол кездегі қазақ қоғамы үшін мұндай ауқымды журналды үзбей шығарып тұру қажыр, қайратпен бірге мол қаржыны да талап ететіні түсінікті. Осы орайда «Абай» журналының жарыққа шығуына қаржылай демеуші болған, редакция ұжымына өз үйінің бір бөлмесін босатып, 11 мың сомға «Яардам» баспаханасын сатып алып берген, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар миллионер Қаражан Үкібаев туралы айтпай кету мүмкін емес.

Қаражан Үкібаев Шыңғыстау өңіріндегі Саржал елді мекенінде 1831 жылы туған. Әкесі Үкібай он бір мың жылқы айдаған асқан бай адам болған. Қаражан Үкібаев Қоянды жармеңкесінде сауда-саттық жасап, Семейдегі ет және тері өңдеу өнеркәсібінің негізін қалаған үлкен шаруашылық иесі. Семей көпестері акционерлік қоғамын құрыушылардың бірі. Ол тұңғыш рет Семей қаласында америкалық инженер Александр Беллден кабелімен, телефон апаратымен қоса өз қаражатына сатып алып, 100 нөмерлі телефон станциясын құрып, 300 шақырымға жететін бағандарды екі жыл ішінде орнатқан іскер тұлға. Осы ірі жобаны іске асыру үшін арнайы Варшава қаласынан инженер Казимеж Жолкевскийді шақырып станция жұмысын жүргізткен қайраткер.

Суретте: Алаштың атымтай жомарты Қаражан Үкібаев

Қаражан Үкібаев Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш арыстарымен тілектес, ниеттес болып, көп жәрдем еткен. Көптеген қазақ баласының оқуына шәкіртақы тағайындаған. 1906 жылы түрмеге түскен Міржақып Дулатұлын екі жарым мың рубль беріп кепілдікке босатып алған қолы ашық, үлкен жүректі азамат. Мұхтар Әуезов Қаражан Үкібаевпен ертеден таныс, дәмдес, сырлас болған. Маған қалай сенсеңіз мына Жүсіпбек балаңызға да солай сенім артыңыз, «Абай» журналын шығару Алаш руханияты үшін кезек күттірмес шаруа болып тұр деп жас Мұхтар Қаражан Үкібаевқа қолқа сала келгенде: «Журналды шығарсаңыздар болды, оған қанша қаражат керек, бәрін беріп тұрамын»,- деп келісімін бірден берген. Малымен де жанымен де Алаш мүдесіне қызымет еткен Қаражан Үкібаев қазақ байларын тәркілеу науқаны кезінде 1927 жылдары Рубцовскіге жер аударылып, одан келгеннен кейін де совет үкіметіне қарсы шығып, алған бетінен қайтпаған. Ақырында 1934 жылы большевиктер қолынан қаза тапқан. Үкібаевтар әулеті совет үкіметі жылдары қуғын-сүргіннен көз ашпаған. Ұрпақтары қазақ даласының сай-саласынан пана таппай ақыры Қырғызстан жеріне өткен. Текті тұяқтан тарап тепкі көрген әулеттің жұрағаттары бүгінде Бішкек қаласында тұратын сыңайлы.

Журналдың қаржылық тарапындағы мәселелерге қатысты алғашқы санында «Ұлт қазынасына жәрдем» деген шағын жазба бар. Онда «Абай» журналының қызыметкерлері яғни Уақ қарыз серіктігінің басқарма мүшелері өз жалақысының бес пайыз мөлшерін ұлт қазынасына беріп тұрмаққа шешім шығарғанын, сонымен бірге өз еркімен қазынаға жәрдем атаған отыз шақты кісінің аты-жөнін атап, оларға тәңір жарылқасын айтып, жиылған 360 сом 90 тиынға есеп береді. Оған қатар басқарма тарапынан журналдың 15 январда шықпақшы болғанын, айтылған күні баспахана қызыметкерлері ереуіл жасап журнал жұмысы кешеуілдеп қалғанын, құдай жеткізсе келергі сандары өз уақытымен шығып тұратынын жазады. Бұл деректердің де астарына бүккен сыры бар шығар деген оймен бізде қосымша жазып отырмыз.

Суретте: 1992 жылы қайта шыққан "Абай" журналының Бас редакторы Р.Мұсаұлы

1919 жылы журналдың бас шығарушысы Жүсіпбек Аймауытұлы «Сарыарқа» газетінде, қазақтың бір журналы мен бір газетінің жабылғаны жалған екенін, «Жас Азамат» газетіне Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сом қаржылай көмек бергенін, «Жас Азамат» қаржылық қиындықтан құтылып қайта бел алып жалғасты шыға бастағанын айта келе, 900-дей алушысы бар Абай атындағы жалғыз журналды жабып қойып қарап отыруға оқыған азаматтар мен талантты жастардың ар-ұжданы жібере қоймасын, сондықтан да оқушы қауым «Абайдың» аз ғана үзілісіне кешіріммен қарап, қайта шығуына күдіктенбей, сенім білдіруін аманаттап шағын хабарлама береді. Жұрт іші теңіздей толқыған, ел санасы дағдарған, аумалы-төкпелі уақытта Аймауытұлының бұл үміті ақталмағаны өкінішті әрине...

1918 жылдың қараша айында жабылған журнал араға аласапыранды жылдар салып, ел азаттығынан кейін 1992 жылы 4 ақпанда, Ырысхан Мұсаұлының Бас редакторлығымен Семей қаласынан, «Парасат» шығармашылық тобының демеуімен қайта жарық көрді. Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай журналға 1994 жылы республикалық мәртебе берілді. Өкінішке қарай қалың оқырманның бұл журналдан көз жазып қалғанына да бірәз жыл болды. Дегенмен, биылғы Абайдың мерейлі тойына орай «Абай» журналы қайта өркен жайып, ел руханиятына еңбек етер деген үмітіміз бар.

«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің ұлттық бағдарын нысана еткен ұлт шырақшысы, ғылым мен білімнің насихатшысы, шын мәніндегі Абай рухына арналған ұлағатты ескерткіш – «Абай» журналы екені хак. Журнал аясындағы сөзіміздің бас-аяғы бұл емес. «Әдебиет порталы» бұған дейін де «Абай» журналынан алынған материалдарды жариялау үрдісін үзбей, сараптамалық мақалаларды жалғасты түрде беріп отырады.

Ұмтыл Зарыққан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар