Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Абай» қойылымынан кейін......

08.08.2015 3711

«Абай» қойылымынан кейін...

«Абай» қойылымынан кейін... - adebiportal.kz


Абайдың даналығы мен ақындығы, көрегендігі мен парасаттылығы туралы бүгінгінің ғалымы да, ақыны да, жазушысы да бәрі-бәрі көкейіндегі бар асыл сөзін аямай төгіп жазды. Ал бірақ, сол Абайды көз алдыңда «тірілтіп», бар күйзелісі мен тауқіметін дәлме дәл алдыңа әкеле алатын өнер түрі бар ма? Бар, ол әрине, театрда қойылатын спектакль!
Әдеттегідей тағы да театрға бет алдым. Бұл жолғы көретін дүнием - қазақтың Абайы. Оның ақын бейнесі мен дара болмысын театр мен киноға қарағанда, М.Әуезов жазған кітаптан және ақынның өз шығармашылығынан көбірек сіңіргем. Содан болар, Абайдай тұлғаны біздің театрдың тарландары қалай сомдар екен деген оймен де барғаным рас. Дәл қандай Абайды іздегенімді білмеймін, бірақ бір анығы көңілімде сұлбасы қалыптасқан кемел Абайдан ауытқып кетпесе екен деген дүдамал көлбеңдеп тұрып алды.
Сахна шымылдығы ашылды. Абай өз өлеңдерін оқып тұр. Ортада дөңгеленген аппақ шар, көзі қарамен байланған жас жігіттер сол ақ шарды айнала қоршап отыр. Отырғанда да теріс қарап отыр. Неге? Қашанда айтылып тұрған шындыққа бедірейіп қарайтын адамдардың көзжұмбайлыққа салынатынын әрі жап-жарық дүниеге елжіреп қараудың орнына әдейі қасарысып теріс қарайтынын бейнелегісі келген сияқты. Көрініс өте ұтымды шыққан. Тағдырлы Абайдың жан қайғысын өз өлеңдерімен өрнектей отырып, оқиғаны Айдар мен Ажардың махаббаты арқылы ширықтыра түседі. Бұл Абайдың қазақ қоғамындағы ескіліктің, қатып қалған көзқарастар мен надандықтың, білімсіздіктің дертімен жалғыз күресіп жүрген шағы, сол кездегі басынан кешкен тауқіметтері.
Көрермен ретінде мені әсіресе таң қалдырғаны қойылымда сіз бен біз ойлағандай бір ғана Абай емес, Абайдың екі образының қатар орын алғандығы. Бірін артық, бірін кем дей алмайсыз. Екі Абай! Сахнаның бер шетінде кемел, абыз Абай, ал сахнаның нақ ортасында яғни оқиға ішінде күрескер Абай жүр. Қысқасы, Абайға Абайдың көзімен қаратып қойған. Абайды Абайға қарсы қойған және паралелль қойған. Абайдың сырын Абайға айтқызған. Бұл да ұтымды деталь. Режиссердің ұтқырлығына пәлендей дау таға алмайсыз.
Бірінші Абайдың жасы келген, әбден шаршап, өзі өмір сүріп отырған қоғамына көңілі қалса да, сабыр деген тоқтамға келген, адам бойындағы бүкіл пендешілікті түсініп, сосын кешіріп, оны өзгерте алмасын біліп мойындаған шарасыз ақын...
Екінші Абай - оқиғаның нақ ортасында жүріп, өтіп жатқан уақыттың және тұрмыстық өмірдің құрбандығы болмас үшін, бойдағы барын беретін, жүректегі ақиқат сөзі мен әділдігін айтатын қоғам қайраткері. Әйтпесе, сол Абай Айдар мен Ажар атты екі жастың махаббаты үшін бас ауыртпай-ақ қойса да болады ғой. Байдың баласы, дәулеті асып-тасып жатқан, таршылық көрмеген. Өлеңмен де, өзгемен де шаруасы жоқ, өз отбасының қамын күйттесе де ешкім оған ренжімес еді. Бірақ, Жаратушы әрбір қоғамға жарық сәуле себетін бір тұлғаны жіберіп отырады. Ол - Абай. Абай ең бастысы, өзінің бойындағы Жаратушы берген өнерге адал болумен ғана шектелген жоқ, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамына да өлердей адал екен. Қойылым бізге осыны көрсетті, қойылым бізге осыны аңғартты. Театрда күйзелген Абаймен бірге қосылып жылағың келеді, бірге қосылып шеріңді тарқатқың келеді. Өйткені, сенің де көкейіңдегі күйдіріп тұрған шындықтың отын дөп басып тұр емес пе?! Біздің қазіргі қоғамда осы мәселе жоқ емес, бар ғой. Сол кездегі бақталастық, іштарлық, күндестік табиғатын өзгерте қоймапты. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» десе де, қазақы ауылдың би-болыстары, бектері, бағландары мен байлары сол кезде де ақынын жылатыпты...
Ал Айдар мен Ажардың сүйіспеншілігі сол кездің ұғымына салып қарасақ, азғындық, тыйым салмаса бет алдымен кететін ұрпақ мәселесіне қауіп төнгелі тұр. Сол себепті, Мәзімбай, Мес, Жиреншенің ұстанып отырған уәжі - жастар ата-баба дәстүрін бұзды, жесірімізді тартып алды. Оларға қоғамда орын жоқ, «жазасы - өлім» деп қатал кесімін айтады. Оның артында әлгі шынжыр балақ, шұбар төстердің «байлық-мансабымызға, әулетімізге дақ түсті, біздің дегеніміз бола қоймады» деп өздерінің сасық беделін қорғаштап тұрғанын, оны жастарды азғындады деп бүркемелеп тұрған астыртын жымысқы саясатын аңғарып тұрған Абай бұған жол бермеуге барын салады. Оның жанын текке күйдіріп тұрған да осы болатын.
Сондықтан да Абай «махаббат қайда, еркіндік қайда? Екі жастың сүйіспеншілігі үшін нақақ қанның төгілуі әділдік пе?» дейді. Өз әкесі Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны өлім жазасына бұйырған кезде, ақ-қарасын ажыратып алмай асығыстық жасағанын да айтады. Елдің ақсақалы Абайдың сөзіне тоқтап, екі жасты аман алып қалады. Сахналық көріністе даулы мәселеде екіншіАбайдың қара қылды қақ жаруға себепкер болғанына бірінші Абай парасат көзімен сынай қарап тұрады. Абайдың тағдырын сахнада көрермендермен бірге Абайдың өзі де тамашалап отырғандай әсер қалдырады. Бұл да ұтымды деталь. Қысқасы, оқырманға «Абайдың өмірін осылай өрнектепті, ана әртіс ана жерде керемет жеткізе білді, мына әртіс мына жерінде келістіріп тұрып ойнады» дегеннен гөрі, жаңаша қырынан сомдалған Абайдың бейнесі туралы айтқаным орынды сияқты. Өйткені, спектакльдің өзі де сол дана Абайдың бізге өзгеше болмыс-бітімін таныстыру емес пе?! Тағы бір деталь, Абай болыстыққа сайланамын деп жолға жиналады. Ағасы Тәкежан оны райынан қайтармақ болғанымен, Абай алған бетінен қайтпайды. Бірақ, оның бақталастары «қол күш сендерден, мал күш менен болсын. Жанына ұмытпастай жарақат салыңдар» деп, бір топ қарақшы жігіттерді жөнелтіп, Абайды қамшының астына алады. Стоп-кадр!
Абай осы жерде сұмдық ренжиді, жылайды. Көкбөрідей ұлыған ішкі зарын бірінші Абайға айтып шағынады. Белгісіз жаққа қаңғып «кетем» дейді. Әрбір ойлы жанның өзімен деңгейлес рухани сырлас таппаған сәтте қайғыратын безінуі. Өзінің ішкі ойы да, феодалдық көзқарастан арыға аса алмайтын қазақи қоғамның мешелдігіне налыған ақынның жан күйінісі. (Осы тұста сахнадағы безендірілген аппақ шеңбер кейпінде жасалған еденге қызыл түсті сәуле түсіріледі). Сол кезде бірінші Абай (Тілектес Мейрамов) жаны жылап тұрған екінші Абайды (Нұркен Өтеуілов) жұбатып, «Кетпе» деп алдынан кес-кестеп шығатын спектакльдің тұсы кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Өзі өмір сүріп отырған қоғамына, ағайын-туысына, билік пен тақ үшін барын салатын, арын сататын бақталастарына көңілі қалып, әбден ішқұса болған Абай сахнада қайғы-шерге түседі. Абай ақын ғана емес, қараңғылықта ұйықтап жатқан қандастарын білім шырағымен оятқысы келген жанашыр тұлға да еді. Ол ұлтының дүмбілез қасиетіне өкпелі бола тұра, өзі өнеге болуды бастап, перзенттерін жастайынан өнер-білімге баулиды. Сахналық көріністе бұл да ұмыт қалмай қос перзенті Әбіш пен Мағауияның да жастайынан білімге құштар, махаббатына адал да аңғырт бейнелері және қыршын кеткен тұстары да көрініс тапқан. Қос бірдей перзентінің қазасы, қызғаныш пен ескіліктің құрбаны болған Айдардың қазасы Абайды сындырып кетеді. Абайға бақилық болған адамдардың қазасы ғана емес, қазақ қоғамында оны өзіндей түсініп, бағалайтын жанның жоқтығы да соққы болып тигенін бағамдайсың. Оны қойылымдағы мына бір деталь айғақтай түседі. Керім деген Айдардың махаббаты үшін жесір дауына түскен, ақындықтан таласы бар замандасы Қазан қаласына барып өзінің кітабын бастырып келеді. Қоқаннан келген беті Абайдың қытығына тиіп, жанды жерің осы дегендей «Сенің кітабыңды баспа жаратпады. Онда орыстың адамдары жүр. Пушкин, Лермонтов дей ме?» дегендей табалайды. Сонда Абай өзге дін мен өзге ұлттың өкілі болса да өнерде адамның жан-дүниесі туыс болатынын алға тартады. Бірақ ондай сөзді түсінетін өре Керімнің бойынан қайдан кездесе қойсын?.. Есесіне, оның Айдарға у беріп өлтіргені әшкере болып, елдің бетіне қарай алмай кетеді.
Расында, Абай кешкен жан күйікті, бүгінгінің тілімен айтқанда Абай кешкен депрессияны, жалғыз ақын кешті деп емес, қазақтың да ауыр тағдыры деп қарастырсақ қателеспейтін сияқтымыз.
Міне, мен осының бәрін елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрынан тамашалап шықтым. Наурыз айының ең сүбелі сыйындай болған осы бір туындыға атсалысқан театр ұжымы да, әртістер де бойдағы барын салыпты. Қойылымның шынайы шыққаны сондай, Абайдың тұстасы болған сол заманның кейіпкерлерін аялап, біресе жек көріп, пендешілік жасаса «Қап, бекер жасады» деп жамандыққа қимай қоса қиналасың. Бұл да Абайдың рухының қазақпен әлі де жасасып келе жатқанын, жасай беретінін аңғартатын жай болса керек. Көрермен ретінде расымен басқаша Абаймен жаңадан танысып шыққандай күйге түстім. Абайды бұрын да жақсы көруші едім, екі есе жақсы көріп кеттім. Ақынға деген махаббатымызды еселей түскен режиссер Ә.Оразбековтің де, театр әртістерінің де ерен еңбегін айтпай кету әділетсіздік болар еді.


Жансая СЫДЫҚБАЙ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар