Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.06.2015 2711

Абай іздеген ел

Абай іздеген ел - adebiportal.kz

 

                                                   1403154035_film-about-father-abay.jpg



(Хакім Абайдың бесінші қарасөзін талдағанда туған ой)

 


Абай шығармашылығы – төл қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, көркем ақыл-ойы мен дүниетанымының, пәлсафа мен ділінің таусылмас суаты, қайнар көзі, тұнық бастауы. Шығармашылығының негізгі арқауын поэзия­мен өрген ақынның 1890 жылдардан бастап, әлемдік әдеби жанрларда ерекше саналатын қарасөз деп аталатын жанрда қалам тербеп, өзіндік ой-толғамдарын тарқатып, талдап жеткізуі – ерекше құбылыс. Абайдың ел мінезін сынға алған, халықтың санасын саралаған, «біз өзі кімбіз?» деп қазақты тануға, танытуға талпынған, ұлттық идентификация жасау барысында ұлт келбетін сомдап, жақсылығы мен жамандығын парықтаудағы ойларының бір шоғыры – бесінші сөзде көрініс алған. Бесінші қарасөздің басы өзге қарасөздерден өзгеше басталады. Автор қарасөздің алғашқы сөйлемінде қазақ ділі мен мәдениеті үшін жаңа сөз айтады. Сол алғашқы сөйлемімен-ақ өзінің қалыптастырған жаңа жанрының терең психологиялық, философиялық, көркемдік табиғатының мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Абай алғашқы сөзін өзімен кеңескендей, яки автокоммуникациялық, автопсихологиялық тәсілмен өз-өзімен диалог құрып, сырласқандай сөйлеседі және шығармашылық адамның ішкі тебіреністері мен шығармашылық психологиясынан хабардар етеді. «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады», – деп бастаған Абай жалпы адам психологиясындағы күйзеліс, депрессия, невротика туралы айтып отырған жоқ, қоғамдық дерттен, елдің мүшкіл хәлін көріп уайым жеуден туындайтын шығармашылық адамның ішкі күйзелісінен хабар береді. Ішкі сырын айтуға сараң Абай өзінің шығармашылық күйін, автопсихологиялық бейнесін осылай пайымдап, шерлі жүрегінің жарасын тілден сөз қылып ағызып, ақ қағаз бен қара сияны серік еткендігін баяндайды. Осындай автокоммуникациялық, автопсихологиялық тәсілден кейін Абай тез бойын жинап, қазақ идентификациясына, ел мінезін сараптауға көшеді. Жалпы, бұл сөзінде Абай өзінің өлеңдерінде және кейбір қарасөздерінде өткір, мірдің оғындай ашулы айтылатын сындарын жеңілдетіп, ашуын басып, тірідей сойып салатын сойылдай ауыр әшкере сындарын қолданбай, салмақты, салиқалы қалыппен, қазағын бауырына тарта отырып, сындарлы ойларын жұқалап, педогогтік қалыпта жеткізуге тырысқан. 


Абай заманындағы қазақ қоғамының қоғамдық санасының осалдығын ол ділінде орын алатын танымдық категорияларды сынаудан бастайды. Қазақ «не үшін өмір сүреді, оның өмірінің мәні не, басты мәселелері қандай дегенде» бір топ мақалдарын алға тартады: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», т.б. Абай бұл қазақ мақалдарының тура, шындық мағынасына шүйлігіп отырған жоқ, оны толғандыратыны мақалдардың халық санасында қалай түсіндірілгені, интерпретациясы, қолданысы болып отыр. Танымдық, менталдық тұрғыда Абай тұсындағы қазақ қауымы көбіне тұтынушылық санаға бой алдырғанына, тұтынушылық сана басым болып, үстемдік еткендігіне ақын наразылығын танытып отыр. Халықтың «тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемей», байлық үшін, мал үшін, мал табу үшін ғана қам жейтіндігі жанын жегідей жейді. Халықтың әлеуметтік тұрмыс үрдісі – барлық адамгершілік, моральдық, интеллектуалдық қасиеттерін тұсаулап тастағандығын ашып көрсетіп береді. Абай халықтың бұл тұтынушылық санасын, әлеуметтік тұсаулылығын надандыққа, қараңғылыққа балайды. «Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып мал тапса, жазалы демесек керек екен». Мал табу жолында адамшылықтан да, ардан да, діннен де алшақтайтындығын сөгеді, тіпті олардың тозақтың қызыл отынан да қорықпайтындығын айтады. Демек, қазақ қоғамының моральдық, діни ахуалы көрініс алады, тұтынушылық сана салтанат құрғандығын айтып, ол санадан арылу жолдарын іздеуге талаптанады. Сөзінің соңында автордың өмірдегі әлеуметтік позициясы да айтылады: «Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен». Қазақтың еңбектеніп мал табуға ұмтылмайтынын, әрекеттенбейтінін, есесіне біреуден ұрлап алуға, сұрап алуға, тартып алуға, бәле жауып арызқойланып, даукестеніп алуға, сұраншақтанып жалынып алуға ғана шеберленгендігін әшкерелеп береді. Осылай тіршілік етуге, күн көруге, өніп-өсуге, дамуға бола ма дейді? Бұндай менталитет пен санамен өсу, алға даму, өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылу, ғылым-білімді, техниканы, өндірісті меңгеру, кәсіп игеру қашан орын алады сонда қазақ қоғамында деп дабыл қағады. Бір жағынан қазақты «тозақтың қызыл шоғымен» қорқыта алмайтындығыңды, тәрбиелей алмайтындығыңды түсіндіреді. Абайдың осы сөзіндегі қазақтың мінді мінезі, кемшін ойы, тұтынушылық санасы бүгінгі күні өзгерді ме, түзелді ме? Қазақ қоғамында өзінің адал кәсібімен еңбектеніп, соны зерттеп, жетілдіріп нәпақа та­уып, байып жатқандардан, сыбайлас жемқорлық деген жегіқұртпен мелекеттен айласын асырып, қулық-сұмдыққа, арамдыққа, екіжүзділікке, түрлі айла-шарғыға салып ұрлап-қарлап, жеп байып жатқандардың үлесі едәуір басым. Атасынан баласына мұра болып қалып жатқан кәсібі, шаруасы, жеке меншік кәсібі, өндірісі жоқ тақыр жандардың санаулы жылдар үшінде әлемнің ең ірі байларының қатарына қосылуын қалай түсіндіруге болады? Ол адамдар әділ жолмен, маңдай термен, еңбекпен жетті ме ол байлыққа, әлде Абай айтқан «ұрлық, қулық-сұмдықпен» жетті ме? 


Жаһандық экономика үдемелі даму үстіндегі, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуі үшін еліміздің алдына көптеген міндеттер қойып отыр. Ол талаптар хакім Абайдың талаптарымен, арманымен, ұстанымымен үндеседі. Экономиканың барлық саласы ашық та жария дамып, жемісін бергенде ғана, қоғамдық тұрғыда менталдық, моральдық тұрғыда серпіліс, прогресс орын алады. Дана Абай осындай дамыған қазақ қоғамын көргісі келді, сол үшін бойын шымырлатып, буынды құрытып, көзден жас ағызып күресті, жанын тілгілеп жеп, мәңгі өлместей етіп жазды. Көш жүре түзеледі, қазіргі қазақ қоғамында алынбас дерт болып отырған сыбайлас жемқорлық ауыздықталып, қазақ қоғамының тынысы ашылып, қамшы салдырмас сәйгүлік аттай шауып әлемнің ең дамыған елдерінің көшінен орын алатындығына сенім оты өшпек емес. Бесінші сөзінің соңында хакім Абай қазақ қоғамының қалыбына кейіп, жігері құм болып «Іздеген еліміз сол ма?» деп күрсінеді. Абай іздеген ел – Елбасы Н.Назарбаевтың бүгінгі Қазақстан қоғамының алдына қойған керемет ұлттық идеяларында, стратегияларында көрініс алып отыр. Абай іздеген ел – төрт құбыласы теңескен (ғылым, білім, экономика, руханият), өндірістік даму кең қанат жайған, құқықтық мәдениеті өркендеген, адамгершілік парасаты жоғары, Елбасы халықты жұмылдырып отырған «Жаңа Қазақстан» идеясы. Ал бұл керемет идеяның нақты іске асуы жолы кедір-бұдырлы болуы мүмкін, дегенмен Абай сынаған «қазақ түпкісанасында» жатқан кемшіліктерді жо­йып, арылып, тазарып, дамуға қадам басу үшін әр азамат өзінің құқықтық, әлеуметтік, азаматтық санасын жетілдіруі әбден қажет. Сөзден іске көшетін уақыт нақты келіп жетті. Іске сәт, Қазақ елі.

 


 Ноябрь Кенжеғараев, 

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар