Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абайдың ұшып түскен ұшқынымын

15.03.2022 972

Абайдың ұшып түскен ұшқынымын 12+

Абайдың ұшып түскен ұшқынымын - adebiportal.kz

Абайдың ұшып түскен ұшқынымын,

Өзгенің тең келмейтін тақымына, -

деп Абайды пір тұтқан Шәкір Әбенов 1900 жылы Абай ауданы, Құндызды ауылының бастысына қарай орналасқан қазірде «Әбеннің Ақтасы» аталып кеткен тау бөктерінде дүниеге келіпті. Шәкір бабамыз өмірге келмей тұрып-ақ әкесі Әбен түс көріп, атын Мұхаметшүкір деп қойған екен. Азан шақырылып қойылған есімі осы. Шәкір деп жеңгелері еркелетіп атаған деседі. Шәкір баба тікелей әкесі Әбеннің тәрбиесінде болған. Әке ықпалымен ертерек ауыл молдасынан мұсылманша сауатын ашып, хат таныған еді.

Әбен қажы баласының білімді, сауатты болуын, еліне қызмет етуге жарайтын азамат етіп өсіру мақсатында Семейдегі приходская школасына оқуға береді. Осы жерде мұсылманша және орысша сауатын ашқан жасынан зейінді, зерек Шәкірдің өнер-білімге құштарлығы арта түседі. Сол үмітпен 1915 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға түседі... Алайда 1916 жылғы көтерілістің салдарынан оқуын үзіп, ауылына қайтады. Шәкір Әбенов сауатын ашып, азамат қатарына қосылып ат жалын тартқан жастық шағы сол қоғамдағы аласапыран кезеңге дәл келеді. Қазақ ауылдарына келген ауыртпалық, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп болмаған сергелдең басталады. Шәкір осы дүрбелең өмірді көзімен көріп, халқымен бірге болады.

Шәкір бабаның балалық шағының тағы бір ерекше еске алатын кездері Әріп ақынмен Семейдің приходская школасында бірге оқығандағы, осы школда орысша білім алға кездері екен. Әрине жас айырмашылығы болса да, шығармашылығын жақсы білген екен. Әріп дүниеден өткенде Шәкір 22 жастағы жігіт еді. Сонда Әріпті жоқтап Шәкір мынандай жыр жазған екен:

Шөктің бе Бес байыстың шөңгел нары,

Қайғыңа ортақ болды жас пен кәрі.

Ғылымнан он екі пән хабардар боп,

Кеудеңе түсіп еді күн дидары.

…Өнерге қолың создың бала жастан,

Қорытқан құрыштай боп қара тастан.

…Батыс пенен Шығысқа қанат жайып,

Бүркеген надандықтың бетін ашқан, -

деп жазған екен.

1922 жыл – Шәкір өзінің аздаған шаруашылығына қарап, қолына домбырасын алып, ел аралап, ән айтып ақындық жолына түскен кезі еді. Абай мектебін көзімен көріп, ұлы ақыннан дәріс алған шәкірттерінің өлеңдерін, толғауларын, дастандарын тыңдап, оны жаттауды әдетке айналдырады. Шәкір ақынның өнерге деген құштарлығын оятқан адамның бірі – Ағашаяқ.

Ағашаяқ Берікбол Көпенұлы (1854-1931) Шәкірмен жерлес, Жүрекадырдың тумасы. Бұл адам да сегіз қырлы бір сырлы жан еді. Ақындығымен қоса, әрі сазгер, әрі әнші адам болған. Сонымен қатар, цирк өнерінің де асқан шебері. Өзі Әбенмен жамағайын, әрі өте тату болған. Абайдың өнерпаз шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай, Уәйіс, Мұхаметжан, Мұқалармен дос болған жан. Шәкірдің ақындық, әншілік, домбырашы, сазгер болып қалыптасқаны осы кездер еді. Бүгінгі әнімен айтылып жүрген «Алтай аруы», «Тарбағатай», «Ардақтым» өлеңдері ақынның ақын болып қалыптасуына жастық кезеңінің сыйы еді. 1927 жылдары Шыңғыстау елінің бай, би-болыстары тұтқынға алынып, олардың балалары да жер аударылып, талайы 1931 жылы атылып кетті. Мал-мүліктері кәмпескеленді. Міне, осы кезде кешегі бай, болыс, қожаның баласы деп Шәкір де қуғынға түсе бастады. Осы кезде ақын бірнеше өкінішке толы өлең-жырларын жазды. «Құдай-ау күн көрелік қайда барып», «Осы адам кейіп болды құстан неден», «Кім қалды, мыңнан бірі қалды», «Аман бол, атақоныс, Ақбиігім» атты өлеңдері сол бір дүрбелең заманның бейнесі, суреті еді.

Осы бір кезеңде басына қауір төнген Шәкірді замандасы, әкелері аралас- құралас болған Жақыпбайдың Зекені өз үйіннің подвалына (жертөле) тығып, 1926-1927 жылдары паналатыпты. Шәкір үстіне әйел адамның киімін киіп, күндіз еш далаға шықпайды екен, күн ұзаққа бірдеңелер жазып, май шамның жарығымен отырады екен. «Апа, не жазып жатырсың?» - деп сұраған сол үйдің балаларына: «Балаларыма хат жазып отырмын», - дейтін. Ақынды іздеген қызыл жағалылар шет жағасын біле бастағанда Зекен досы: «Шәкір менің қолымнан келгені осы болды, енді маған да қауіп төніп тұр, басыңды сауғалап, елден кет», - деп қос ат тарту етіп, шығарып салады. Шәкір баба сол түні жолға шығып, бас сауғалап Мақаншы жерінен бір-ақ шығыпты», - деп менің әжем әңгімелеп отыратын. Ол кезде әжем 6-7 жастағы бүлдіршін екен. Сол айтқан үй күні бүгінде өзім тұрып жатқан Қарауыл ауылының Баян Байғожина көшесіндіегі 18 үй екен. Жертөлесі де сақталған.

Ақын баба сол барған 1928 жылдан 1932 жылға дейін Мақаншы, Үржар аудандарына қоймашы болып жұмыс істейді. Аштыққа байланысты жер-жерге арнайы өкілдер жіберіледі. Сонда Үржарға Сәкен бөлінеді. Сәтін салғанда Шәкір Сәкен Сейфуллинға атқосшы болып, қасында жүреді. Сәкен кетерінде Шәкірді Алматыға шақырады.

«Алғаш рет Алматыға 1933 жылы жолым түсті. Онда Сәкен Карл Маркс көшесі 31 үйде тұратын. Анда-санда баратынмын. Сол сапардан оралысымен «халық жауы» қара тізіміне еніп, ұсталдым. Сен кінәлісің бе, жоқ па, оны сұрап жатқан ешқайсы жоқ. Әйтеуір, Ақтөбедегі лагерьден бір-ақ шықтым. 1935 жылы одан босап, мойнымдағы азап қамытын өзім ысырып тастап Алматыға тарттым», - деп еске алады екен ақын.

Шынында Шәкір Әбенов аса ауыр ғажайып тағдыр иесі. Тағдырына үңілген адам оның ғұмырында бес рет сотталып, бесеуінде де аман шыққаннын көреді. Өмірінің отыз жылын қуғын-сүргінмен өткізіп, қаламынан жыр төгілер шағы қараңғы қапас пен жөнсіз қудалауды өтті, тек алпысында ғана ақталып, азапты да үрейлі күндері артта қалды.

Мендей жан өлмей, сірә, тыншыға ма,

Жарыдым тыңшыға да, сыншыға да.

Мен өлгенмен, ақындық, сен өлмессің,

Мазамды алып, жанымды шымшылам, -

деп жырлаған кешегі өткен жыраулардың соңғы тұяғы талай зобалаңдар мен зұлматтарды басынан өткергендігінен хабар алдық. Елім деп еңіреп өткен Шәкiр ақын азаттықтың ақ таңын көзiмен көрiп, жүрегімен сезініп кеткені қуантады. Жүз жасаған ән мен мың жасаған күй құдіретінің жыршысы – Шәкір Әбенов.

Айтмұханбетова Аяулы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің магистранты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар