Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Әбділдабек Салықбай. Шәуешектегі жүздесу...

21.07.2019 4638

Әбділдабек Салықбай. Шәуешектегі жүздесу 16+

Әбділдабек Салықбай. Шәуешектегі жүздесу - adebiportal.kz

Әңгіме

Ау, Ақа, не дегенің, бүй дегенің,

Алашқа бар қазақты жи дегенің.

Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүре ме үйдегі елдің.

Әсет Найманбайұлы. Алашқа!

Мілади 1918, қазақша жылқы жылғы көкек айының соңғы күндерінің бірі еді. Күн арқан бойы көтерілген. Шәуешек сыртындағы саялы бақ сұлу қалыңдықтай жасанып, құлпырып тұр. Шие гүлдеп, алма ағаш бүрлеп, жиде мен бөртегүлдің жұпар аңқыған хош исінен тіршілік атаулы балбырап, балқи түскен. Бақ ішіндегі алаңқайға биік үстел қойылып, бетіне ақ мата жабылыпты. Үстелдің төргі жағына ағаш орындықтар тізіліпті. Көгалды алаңқайды шеңберлей өңкей ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Алаш Орда азаматтарын күткен Шәуешек зиялылары шабыс тілеген мәредегі бәйге аттардай тықыршиды. Әсіресе, әлгінде әйгілі Әсет әнші мен Қанағат болыстың тобын қарсы алып, ақ боз үйдің біріне түсірген Нияз, Хасенжан сияқты әбжіл жігіттер киіз үйлерді аралап, ештеңе ұмыт қалмасын деп, пысықтап жүр.

...Осыдан бірер күн бұрын қос салт атты Еміл бойындағы Тасөткелден өтіп, Көктұмаға қарай сар желдіріп келе жатты. Жүрістері суыт. Бұлар Әлімғазы болыстың ауылынан шыққан Әсет пен Сейтек еді. Әсет Әлімғазының өтінішімен мұнда кеше келген. Жол түссе, одан әрі Лепсі, Шұбарағаш жаққа барып қайтпақ ойы да бар. Алайда алысқа ұзаса, көптен күткен қонақтармен жүз көріспей қалам ба деп, бөгеліп қалды. Айтқандай-ақ, сиыр сәскеде Қанағат болыстың Сейтек деген сенімді серіктерінің бірі шауып жетті. Түтігіп кеткен. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш арыстарының жолға шыққанын естіп, болыстың өзі он шақты серігімен, қарулы жігіттермен қарсы алуға аттаныпты. «Құдай қаласа, келіп те қалған шығар. Тез жүрейік. Тездетейік» деп дегбірі кетті. Содан екеуінің асығыс аттанған беті.

Әсет алдыңғы жақтағы Арқалды қыраттарына, Қоскеліншекке әлсін-әлсін көз тастап қойып, ежелгі әдетімен ой жетегіне ерді. Екінің біріне ұштығын ұстатпас өмірдің мәні мен сәні сынды тылсым сырларға шым-шым батып бара жатты... Алла Тағалам әу баста қазаққа дархан көңіл, кең пейілді аямай-ақ берген ғой. Сол кең пейіліне сай Алтай мен Атырау арасындағы ұшы-қиырсыз сахараны да пешенесіне жазыпты. Ол аз десеңіз, атам заманнан бермен қарай келе жатқан тағдырға мойын ұсыну, барға қанағат қылып, жоққа сабыр ету де осы халықтың күнделікті өмір салтымен үйлесіп, жымдасып кеткендей.

Мұның шариғи мәнісін Әсетке сонау бозбала шағында ұстазы Зейнолла хазірет жіліктей таратып берген еді. «Балам, кемел болмысты, көркем мінезді, тақуа мұсылманнан бақытты жан жоқ. Басына қайғы бұлты үйірілсе, сабыр қылады, бақыт құсы қонса, шүкіршілік етеді. Сол шүкіршілігі мен сабыр-қанағаты үшін Жаратқан Аллам сүйген құлына еселеп нығмет береді,– деп еді Зейнолла хазірет.– Осылайша ол жан баласымен жанжалдаспай, шыбынға да залал келтірмей, Алланың адал несібесін теріп жеп, берекелі, бақуатты ғұмыр кешеді. Ендеше қабілет-қарымың барда кемелдікке жеткізер, танымыңды тереңдетер ғылым жолына түс, тақуалыққа ұмтыл!»

Иә, хазірет айтты екен деп, Әсет бұ жалғанның қызығын тәрк етіп, не ғылым, не тақуалық жолға түсе қойған жоқ. Бірақ «Құран кәрім» мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадистерін жадына түйіп, жастайынан жақсылыққа құмартып, ізгілікке ұмтылып өсті. Соның арқасында, шүкір, кемел болмыс пен көркем мінезден де кенде емес. Әйткенмен, көңілінің терең бір түкпірінен анда-санда бір алаңның қылаң беретіні рас. Кейінгі жылдары сол алаң айқындалып, айшықталып, арман мен аңсарға айналып бара жатқандай ма қалай...

Қаршадайынан қазақтың жыр-дастандарына құмартып, ертегі-аңыздарына қанығып өсіпті. Қиялы ұшқыр, жаны жайсаң қыр халқының домбыраша күмбірлеген көкірегінен шымырлап шығып жатқан қара өлеңге аңсары ауыпты. Туғаны жоқ тура бидің қара қылды қақ жарған әділдігі мен қара тілді шешендердің тапқырлығы тәнті етіпті. Бірте-бірте мұның бәрі әншейін еліктеу-солықтау емес, тұла бойын кернеген тұмса күш, тума дарынмен ұштасып жатқанын арғы бір аңғарымен ұққандай болған.

...Балалық шақтан есте қалғаны әкесінің қолынан балта мен шоттың түспейтіні. Төңіректегі жұрттың бәрі қазанға қақпақ, оқтау, келі-келсап, қыл аяғы саптаяқ іздесе де, әкесі Найманбайды жағалайтыны. Бір күні ата-анасы аяқ астынан аз ғана жүгін атарбаға тиеп, Арқаның ақшомшыларына еріп, Семейтаудың етегіне жетті. Онда да көп тұрақтамай, әкесі Өскемен жақтағы бір байдың кіресін тартатын Елеуке деген пысық жігітпен шығысып, бұларды Алакөлдің жағасындағы Қазанқапқа әкелді.

Қазанқапта отырғандағы мына бір оқиға күні бүгінгідей көз алдында. Ұмытпаса, тоғыз-ондардағы шағы. Анасы Кермеқас тезек теріп әкел деді. Ата-анасының сөзін екі етпейтін қағылез бала сүт пісірім уақытта бір қап тезекті арқалап қайтты. Ошақ басына әкеп, қаптан төккенде жел қағып, күн жеп бозарған тезектер көзіне пыр-пыр етіп ұшқан бозторғай болып көрінді. Жанарынан от ұшқындап тұрып, осыны айтып бергенде анасы:

– Балам, басыңа бозторғайдай бақ қонып, ұя салайын деп тұр екен! Иә, Жаратқан Аллам, қолдай көр!– деп, күбірлеп дұға жасады. Осыны естіген әкесі де көптен бергі өтінішін орындап, қарағаштан домбыра шауып берді. Пәлендей шешен болмаса да, бірсыдырғы қоңыр даусы бар аспап. Ең бастысы – ешкіммен ортағы жоқ, ең алғашқы жеке домбырасы.

Бір күні екі кештің арасында баяғы Елеуке келе қалды. Кешкі астан соң әкесі қонақпен бірге қараша үйдің төрінде әлденені қызу талқылап отырған. Әсет күні бойы қозы бағып, шаршап келіп еді, мұрттай ұшты. Ертеңіне кешке келсе, үй-ішімен буынып-түйініп отыр екен. «Көшеміз» деді анасы. «Қайда?» «Көктұмаға». «Ол қандай жер?» «Бара көресің. Жақсы жер дейді...». «Неге көше береміз? Астымыздан су шықты ма?!» Әсет былтыр күзде ғана көшіп келген Қазанқапқа бауыр басып қалып еді. Көл жағасы. Құс пен балық дегенің жыртылып айырылады. «Тезірек жаз шықса екен, армансыз көлге шомылатын» деп қиялдап жүрген. Енді сол арманы аяқ асты болайын деп тұр. «Қой, балам! Бұл сөзіңді әкең естімесін... Сен әуелі онда не бар екен деп, сұрамайсың ба?!» деп жымиды анасы. Алакөлді қимай тұрған Әсет үндеген жоқ. «Онда не бар?!» деші. «Иә, не бар екен?» деді құлықсыздау. «Медресе бар екен! Құдай қаласа, күзде сені оқуға берсек пе дейміз...». «Медресе, оқу» дегенде, баланың көзі шырадай жанды. Қаршадайынан хат танып еді. Енді үлкен оқуды оқысам, қара танысам дейтін. Шамасы келсе, он сегіз мың ғаламның сырын ұқсам деп қиялдайтын. Алайда онысы әзірге қол жетпес армандай көрінетін. Енді, міне, сол арманы қол созым жерден жарқ етіп көрінгендей... «Ағаммен бірге мен де оқиыншы, апатай»,– бес-алты жасар қарындасы Әсекейдің даусы ойын бөліп кетті. «Сен – қызсың ғой, қарғам-ау... Қыздарды оқытатын оқуы бар деймісің!?– деп жұбатты оны анасы.– Әуелі ағаң оқысын. Ағаң молдадан үйренгенін саған үйретеді. Жарай ма?!» «Жа-рай-ды...»

Ертеңінде таң бозынан атарбамен жолға шығып, жолай бір қонып, келесі күні екінті әлетінде Көктұмаға жетті. Бір қазақтың ауласына атты доғарып, үйінен шәй ішті. Еңкейсең басың қабырғаға тиетін ауыз үйлі жапырайған жаман тамда өзімен қатарлас қызы бар қырықтар шамасындағы ерлі-зайыптылар тұрады екен. Шайдан соң солардың тамының ық жағына бұлар да қосын тікті. Көп ұзамай әкесі ауыл сыртынан салдау мен сырғауылға жарар мол ағаш қиып әкеп, там соғуға кірісті.

Қытаймен шекараның бергі бетіндегі Көктұманың қос аты бар еді. Ресей шенеуніктері қойған ресми атауы – Бақты. Іргелес Бақты тауына орай аталған көрінеді. Ал жергілікті қазақтар оны осындағы ауылдың бұрынғы атымен Көктұма дейді. Киіз үйден басқаны көрмеген қырдың халқы қатар-қатар тізілген тамдары мен базарына қарап, «Көктұма қаласы», «Бақты қаласы» деп те әспеттейді. Күз түсе Әсет осы Көктұманың медресесіне оқуға барды.

Анасы айтса айтқандай, бірер жыл өтпей-ақ біреу құлағына сыбырлап тұрғандай, өлең шіркін көкірегін кернеп, тілінің ұшына лықсып келе бастады. Ал он үшке аяқ басқанда алқалы топты көрсе, арқасы қозып, қолына домбыраны ала салып, төгіп-төгіп тастайтын болды. Әрі үйреншікті мақамдарға сүйене салмай, тың ырғақ, жаңа әуенге салғысы кеп тұрады. Даусы да зор. Қияға өрлеп, қияндап шыққанды жаны сүйеді. Сөйтіп, жастайынан ел арасында ақын бала, әнші бала атағы шыға бастады.

...Дәл осы бүгінгідей көктемнің көкорай шағы. Көктұма медресесінің үшінші сыныбын оқып жүрген кезі болатын. Шәкірт біткен әркім өз құжырасына тығылып, сабақ пысықтап жатқанда, Әсет шалқасынан жатып алып, ән шырқайтын. Мұны құлағы шалып қалған ұстазы бірде Әсетті шақырып алып, ал кеп тергесін:

– Сен неге сабақ оқымай, шайтанның азанын айтасың?

– Жоқ, хазірет, бұл – сайтанның азаны емес, ән!

– Ол қандай ән, қане, айтшы!

Сонда Әсет айлаға көшіп, жаңағы айтып жатқан әнді емес, ұстазының өзі оқытқан сабағын әнге қосып айтып берді. Шәкіртінің жауабын бастан-аяқ тыңдаған хазірет аң-таң:

– Иә, мынауың – шайтанның азаны емес, шынында да ән екен! Бірақ неге мен үйреткен қирағатты қойып, басқа мақамға саласың?

Әсет сәл ойланып барып, ықыласпен тіл қатты:

– Хазірет! Мұны Алланың сөзін ұққан Сіз ұғарсыз-ау, бірақ шариғатқа шорқақтау тілім жеткізе алам ба, жоқ па деп, қиналып тұрғаным...

– Жарайды, ондай болса, қазақтың жалпақ тілімен айт!

– Айтайын. Бір қызығы, мен Сіз үйреткен қирағатпен емес, өзім білетін мақамға салып айтсам, тез жаттаймын! Жаттап болған соң Сіз үйреткен қирағатқа салып аламын.

Тегінде хазіреттің екі бірдей есімі бар еді. Зейнолла – жарық дүниеге келгенде азан шақырып қойған есімі де, Ғабдышүкір – Түркістан мен Тәшкен барып, оқудың соңына түскенде жабысқан жанама есімі еді. Ел соның екеуін де кезектестіріп айта беретін. Бала кезінен білетіндер Зейнолла десе, кейін танығандар Ғабдышүкірді көбірек айтатын. Сол Зейнолла-Ғабдышүкір хазірет қазір шәкіртінің көкейіндегі өзгерісті байқап қалған сияқты.

– Бәсе, түнеу күні өңіңнен бір өзгеріс байқап едім. Көңіліңді алаңдатқан тағы бірдеңе бар сияқты. Ақыр бастаған екенсің, жасырмай айт бәрін!

Шәкірт бала түсінде үнемі ақбоз атты, ақ киімді адам елес беріп, көлденеңдей беретінін, бірде сол ақбоз аттының «өлең керек пе, көген керек пе» деп сұрағанын айтты.

– Сен не деп жауап қаттың?– деді ұстазы.

– Әрине, өлең керек! – дедім.

– Апырай, ә! Сенен Құранды жатқа соғатын қари ғана емес, аят-сүрелерді тәпсірлей алатын ғалым шыға ма деп, үлкен үміт күтуші едім, балам. Бірақ саған шариғи білім емес, басқаша өнер қонайын деп жүр екен. Екеуін қатар алып жүру қиын соғар, сірә...– деді хазірет күрсініп. Сәлден соң шәкіртінің жүзіне барлай қарап отырып, тоқ етерін айтты.– Әгарәки оқимын десең, осы күйі жалғастырып оқи бер! Оқымаймын десең, оныңды айт, батамды берейін...

...Жазғытұрым баяғы ел кезіп жүретін кіреші Елеуке көктен түскендей топ ете қалды. Оның әрбір келісі қоңыртөбел ғана тірлігі бар қараша үй үшін кішігірім мереке еді. Адамның іші-бауырына кіріп, өзімсініп тұратын осынау жайсаң мінезді, қызыл шырайлы жігіт ағасын ата-анасы құрақ ұшып қарсы алды. Туған ағалары келгендей Әсет пен Әсекей де мәре-сәре.

– Мына Әсет бауырым соқталдай жігіт бопты ғой! Мұндай бозбаланың үйкүшік болып, бұйығып отыра бергені жараспас. Үйде отыра берген жан кісіден үркіп тұратын кісікиік әмбе жұғымсыз, икемсіз болып қалады,– деді Елеуке ас ішіп, бата жасаған соң.– Аға, осы Әсетті маған ертіңіз, әуелі көмекшім болсын! Ел көреді, жер көреді, кісі таниды. Бірер күннен кейін Семейге жолға шығамын, рұқсатыңызды берсеңіз, ала кетейін! Ештеңеден тарықтырмаймын!

–Апырай, ә! Басқа айтса, жалғызымды өлдім Алла жіберем бе!? Ал сен айтқан соң...– Найманбай сөзінің соңын екіұштылау қып бітірді.

Өзінен бар-жоғы сегіз-тоғыз жастай-ақ үлкен жігіттің орнықты сөзіне разы болып отырған Әсет:

– Жіберіңізші, ата! Барайыншы!– деді жұлып алғандай.

–Мен жібергенмен, молдекең не дейді?! Оқуды қайтпексің?– деп жақауратты әкесі.

– Молдекең де жібереді! «Оқымаймын десең, батамды берейін» деген...

Кейінгі кездері әнші бала әлденеге елегзіп, әлдеқайда алысқа барғысы келіп, арқасы қозып, тықыршып жүр еді. Мына сөзді естігенде көктен іздегені жерден табылғандай, қатты қуанды. Осылайша ол медресені тәмамдамай-ақ, оқудан босады. Содан ел аралап, жер кезіп, әуелі кәсіп, кейіннен біржола өлең қуып кеткен еді. «Жақсы адамға қайда барса да бір кісілік орын бар» дегендей, қазақ даласының қай қиырына барса да, қол қусырып қарсы алатын дархан көңілді, жайдары жандар табылып жатты. Тарбағатай, Алакөл ғана емес, Аягөз, Көкпекті, Қарқаралы дуандарын аралап, атамекені Қызыларайды да көріп қайтты. Тағы бір сәті түскенде Алакөлдің арғы бетінен Лепсі, Қапалды басып, Ілені кесіп өтіп, қалың Үйсінге де барып келді. Ел көріп, жер таныған сайын көңілі өсті, көкірек сарайы кеңіді...

х х х

Әсет пен Сейтек Еміл бойынан асығыс аттанған күні Арқалды тауының батыс жақ бетімен алаштың Ақаң бастаған төрт арысы да суыт жүріп бара жатты. Қастарында Әлімғазы болыс пен Байжігіт ішіндегі Мәмбеттің Қайратбек сынды қарулы да әбжіл жігіттері. Жолбасшылықты да, қауіпсіздікті де өз міндеттеріне алған сенімді серіктер. Бағыттары – Еміл бойындағы Әлімғазы болыстың ауылы, одан әрі Барлық тауындағы Айғайкезең. Қайратбек екі жігітін ілгері жаққа шолғыншылыққа, екі жігітін Арқалды тауының баурайындағы жоталардан дүрбі салуға жұмсаған еді. Аумалы-төкпелі заман, сақтық қылмаса, арандап қалуы мүмкін.

...Әуелі ерте көктемде ел ағаларына Алаш арыстарының Шәуешекке баратыны туралы хабар жетті. Аласапыран заман. Ақ пен қызыл болып қақ жарылған жұрт. Бүгін ғана қызылдар жын ұрғанша құйындатып шауып келіп, «біздің тәртіп – әділ тәртіп, айтқанымызды істеп, соңымыздан еріңдер» деп, өз заңын орнатып кетсе, ертеңіне ақтар қылышын жалаңдатып тұрып, өзінікін тықпаштайды. Біреулер «Семейден осылай қарай қызылдың қалың әскері шығыпты, бүгін-ертең осында келеді дейді, ақтарға көмектескендерді аяусыз жазалап, сотсыз-ақ қырып-жоймақ екен» десе, тағы біреулер «Атаман Анненковтың өзі осында келе жатыр дейді, қызылдарға бүйрегі бұрды деген сылтаумен барлық ауылды талап, тып-типыл етіп өртеп кетеді екен» дейді. Қайсына сенерін білмей, дал ұрған халық. Нағыз «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері. Қазір Алаштың астанасы Семейдің өзі қызылдың қолына көшкен. Олар Аягөзді де алыпты дейді. Алматы мен екі ортада Мамонтов деген қызыл командирдің отряды жүр ойқастап. Мұндайда ұлт көсемдерін қазақы қонақжайлықпен қарсы алу, аман-есен шығарып салу – аса қауіпті шаруа. Бірақ қауіпке бас тікпей, жансауғаласа, азаматтың азаматтығы қайсы?!

Хабарды ести сала Қанағат мырза Шәуешектен Нәзірахмет деген ноғайдың, Көктұмадан Тәуфиқ деген шалақазақтың қорасын дайындатты. Мұқаншы мен екі араны қызылдар торуылдап жүрген соң сақтық жасап, Көктұмадағы өз қорасына тәуекел қылмады. Мұндайда жалаңтөс батырлықтың текке қажеті жоқ. Екі шоқып, бір қарамасаң, бостан-босқа арандап қаласың. Ақ та, қызыл да әлденеден секем алса, дереу шабарманын шаптырып, ел ағасы Қанағатты іздетеді. Сондықтан тал-талдың арасымен бой тасалап келіп, елеусіз кіре салатын бір шеттегі Тәуфиқтың қорасы қауіпсіз.

Күні бұрын келіскендей Алаш көсемдерін Қанағат болыс жігіттерімен Қараталдан қарсы алды. Аман-есен Көктұмаға апарып, Тәуфиқтың үйінде тынықтыруды ойлап, жолға шыққан. Алайда көп ұзамай, шекарада істейтін Омарғалидан «Таудың қызыл қырандары» Бақтыдағы шекараға келіп бекінгені туралы жайсыз хабар жетті. Алаш арыстарының Шәуешекке сапарынан құлақтанды ма, кім білген, әлгілер әрі-бері өткендерді тінтіп, күдіктілерді еш тергеу-сотсыз атып тастап жатқан көрінеді. Жолаушылар өзара ақылдаса келе «қызыл қырандарға» күдік тудырмас үшін екіге бөлінуге келісті. Қанағат болыс бастаған жергілікті азаматтар Көктұмадағы шекарадан заңды түрде өтеді, ал алаштықтар алыстау болса да қауіпсіз жол Барлықтағы Айғайкезеңге аттанады.

...Әлімғазы болыстың ауылында түнеп, қунақ тартқан жолаушылар таң қылаң бере Барлық тауын бетке алды. Асудың аузына келгенде Ақаң астындағы қарагердің тізгінін тартты. Төс қалтасынан төрт бүктеген жібек шүберегін алып, көзілдірігін сүртіп тұрып, асудың Айғайкезең аталуының себебін сұрады.

Есік пен төрдей көкбестімен Ахаңнан сәл қалыңқы келе жатқан Әлімғазы болыс қатарласа беріп:

  • Өйткені бұ жерден ел арбаға 4 өгіз салып, айғайлап, ұйғайлап, әрең асады. Жүк артқан түйелер де қиналады. Ілгерінді-кейінді көшкен жұрт осы себепті Айғайкезең атаған,– деді ол тізгінін тартып тұрып.– Қазір көресіз. Арбаны қойып салт аттың өзіне оңай соқпайды.

Ақаң Айғайкезеңнің ұшарлығына күн сала қарап:

– Иә-әәә! Жарықтықтың атауын да тауып қойған екен,– деді.

...Шәуешекті бетке алған топ тал түсте Айғайкезеңді асты. Әлімғазы болыс жердің жайын қонақтарға тәптіштеп тұрып түсіндірді:

– Мінекей, мына кезеңді асқан соң тау аласарып, ар жағы кең сай болып кетеді. Анау көлденең жатқан – Қарасу. Шекара сол өзен. Бірақ әзірше оған орыс та, қытай да күзет қойған жоқ. Кеше ғана өткен жігіттер айтып келді... Барлық – бір-ақ қыр емес, бірнеше қатпарлы тау. Қытай жағы Қара Барлық деп аталады.

– Оның арғы жағында не бар? – деді Міржақып.

– Оны асып түссең, арғы жағы кең жазық. Недәуір жүрген соң Шағантоғай кезігеді.

– Шағантоғайыңыз әлгінде ғана кесіп өткен өзен емес пе?!

– Иә, сол өзен. Арғы беттен ағып кеп, Алакөлге құяды. Әмбе осы аттас Шағантоғай деген мекен де бар. Мұқаншы шамалас шағын кент.

Жолаушылар жүрек жалғап алғанша Қайратбек екі жігітін шолғыншылыққа жіберді. Жолға шығар алдында Ахаң Айғайкезеңнің үстінде тұрып, қасындағы үш серігіне:

– Мінекей, ел шетіне шықты деген осы-ы. Бұрынғылар ел шетіне шықпағаннан, ешкі дауын дауламағаннан ақыл сұрамайды. Онысы ел шетіне шықпаған ел қадірін білмейді дегені. Ендеше ел шетіне шыққанымыздың куәлігі болсын, осы жерде әрқайсымыз бір-бір жолдан қосып, бір ауыз сөз қалдырайық,– деді. Қасындағы үш серігі де осыны қостады.

Сол-ақ екен Ахаң былайша бастап кеп жіберді:

– Атыңнан айналайын, кер бетеге!

– Қайран ел енді сенен шын кете ме?! – деп қостады Жахаң (Міржақып).

– Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім,– деп жалғады Рахаң (Райымжан).

– Сенен де енді ұл туып, ер жете ме?!– деп түйіндеді Сахаң (Садық).

Осылайша Барлық тауындағы Айғайкезеңнің қыр арқасында төрт арыстың ел шетіне шыққанының, шекара асқанының куәлігі іспеттес мынадай бір ауыз сөз қалды:

Атыңнан айналайын, кер бетеге!

Қайран ел енді сенен шын кете ме?!

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім,

Сенен де енді ұл туып, ер жете ме?!

Қара өлең тәсілімен туған қарапайым бір шумақты жол көрсетіп келе жатқан Қожақұл жігіттері қалт жібермей қағып алды.

х х х

Шәуешек сыртындағы саялы бақ сұлу қалыңдықтай жасанып, құлпырып тұр. Шие гүлдеп, алма ағаш бүрлеп, жиде мен бөртегүлдің жұпар аңқыған хош исінен айнала төңірек балбырап, балқи түскен... Алаңқайдағы үстелдің төргі жағына Ақаң бастаған алаштың арыстары келіп жайғасқанда басқосуға жиылғандар қол шапалақтап, қошемет көрсетісті. Жүргізуші Нияз ақын еңсесін тіп-тік ұстайтын, сұңғақ бойлы, сұлу мұртты, таңдайы тақылдаған шешен адам екен. Қаланың қаратаяқтарынша үстіне қонымды, су жаңа кәстөм киген. Басында мақпал қара тақия. Ол саңқылдаған даусымен тақпақтата отырып, келушілер мен шақырылған меймандарды таныстырып шықты. Ары қарай не істейміз дегендей, қонақтарға, әсіресе, Ахаң жаққа жалтақтаған. Алайда қалың ойға шомып кетті ме Ахмет Байтұрсынұлы селт етер емес. Соны сезген Міржақып сәл қозғалақтап барып, тіл қатты:

  • Ауылдың алты ауызы болмай ма?! Әуелі Әсет ағадай дүлдүл ақынның лебізін тыңдайық!

Көпшілікке де керегі осы екен, Жақаңның сөзін іліп әкетті.

  • Бәрекелді! Орынды сөз!
  • Әсет айтпай, кім айтсын...
  • Жөні солай!

Алайда басқосуға жиналғандар бүгін Әсеттей сөз саңлағын мүлдем танымай қалды. Шаршы топтың лықсымалы-толқымалы көңіл ауанын тамыршыдай дәл табатын сұңғыла Әсет, сөз бастарда қамшы салдырмайтын қағілез Әсет бүгін өз-өзінен кібіртіктей берді. «Әкәу, бұған не көрінді?!» деп, барлығы да аң-таң. «Апырай, ә! Маған не көрінді?! Бұрын-соңды бұлай қобалжымаушы едім ғой?– деп таңданды Әсет те өзіне-өзі.– Әлде-еее... мана таңертеңгі домбырамның сағағынан опырылуында бір гәп бар ма екен?!» Сабаздың сазында үш жүз ақ боз үй тігіп, үш жүздің басын қосқан Сүлейменнің асында шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік Әсет, азуын айға білеген ақ патша әулетінің Іле бойындағы 300 жылдық тойында өзімен айтысатын ақын таппаған дарабоз Әсет бүгін Шәуешекте қараптан-қарап қара терге түсті... Құдды алаштың ұлан-асыр тойын, ұлы дүрмегін жаңа ғана көргендей жон арқасын бойлап сұп-суық тер ақты...

– Халайық, мен бәлсініп отырғам жоқ!– деді кенет даусы қарлығып.– Әлгінде домбырам сынып қалып еді, жөндемді домбыра бар ма?!

Көпшілік арасы емес пе, дереу бір домбыра тауып әкелінді. Онысы қыз баланың ұстағаны ма шіңкілдеп тұр екен. Арлы-берлі бұрап көріп еді, икемге көнбеді. «Жөнге көнер емес, домбыра болмаса, жақсы гармонь бар ма?!» деді іле-шала. Гармонь да табылды. Әсет бұрын-соңды бәлсіну дегенді білмейтін. Алқалаған топты көрсе, арқасы қозатын сұрапыл ақын көкейіндегісін көмейінде ірікпей, төгіп-төгіп тастайтын. Ал бүгін алаштың арыстары бастаған ел алдында, бәлсінгендей болғанына қысыла отырып, саусақтарын сырнайдың түймелерінде ортекеше орғытып ойнақтатып алды да, ойындағысын түйдектетіп, төгіп-төгіп жіберді:

Міржақып, өлең айт деп, қолқаладың,

Мен бе ақын сен тұрғанда ой табатын,

«Алаш!» деп ағайынға сауға салып,

Ахаң ер отырмай ма жол табатын,

деп бастаған Әсет алаштың арыстарына сырттағы ағайынның мұң-мұқтажын, арман-аңсарын төкпелеп ала жөнелді. Өткір тілді өрт ақын соңғы жағында алаштықтарға халықтың өкпе-назын да айтып салды:

Өзімнің ат-тұрманым сай болды деп,

Жаяу-жалпы халыққа жар саласың.

Аттыға ерген жаяудың таңы айырылса,

Қайда қалмақ мәйегің сорпалайтын!?

Мұны естігенде шағантоғайлық Нұртаза үкірдай мен Шалғынбай ризалығын жасыра алмай, қосарлана тіл қатты:

  • Уай, азамат! Жөн айттың! Тусаң ту!
  • Ойымыздағыны дөп бастың, Әсетжан!– десті.

Ахаң өз есімі аталған соң орнынан тұрып, Алаш Орда үкіметінің, Алаш партиясының мұраты мен міндеттерін, арман-мүддесін таратып айтты. Ол ширыға түсіп, бұл келісте алаш арыстарының елге міндет жүктеп, сідет артпайтынын, қайта ақылдасу, кеңесу ниеті барын ескертті. «Біріміз Қытай, біріміз Ресейге босып кетпей, баршамыз бірігіп, Алаш Орданың шаңырағын көтеріп, бір-бір уық болып, шаншылайық! Жұдырықша жұмылайық!» – деді. Ахаң орнына отыра бере Әсет те ширығып, сырнайын безілдетіп ала жөнеліп, өлең-жырды түйдек-түйдегімен ағытты:

Ау, Аха, не дегенің, бүй дегенің,

Алашқа бар қазақты жи дегенің.

Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,

Оған мысы жүре ме үйдегі елдің!


Белдессең, белін үзіп жықсаң нетті,

Жарыссаң, төбеге озып шықсаң нетті,

Тозған елден тойынар күй іздемей,

Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті!–

деп, алаштықтарды тықсыра бастап, «Іске аспас айтқаныңмен арман сөзің, Сөз пұлсыз болмаған соң баста бағың» деп бір тұжырды. Қазақтың қазіргі мүшкіл халын Америка, Италия, Жапониядай мойны озық елдермен салыстыра талдап, жіліктей таратып айтты. Абайдың, алаш арыстарының асыл сөзін ұғып-таныған, қадір-қасиетіне жеткен жұрт жоқ екенін айтып, нас басқан, надан елді түзеудің тәсілдерін термеледі. Бар ғаламды шарлап, жақсы мен жаманды, ынсап пен нәпсіні, өнер мен мағрипатты түгелдей келіп, «Ақылға айтқаныңды бұлдайтұғын, Иә, Құдай, пиғылы түзу жанға дос қыл! Алаштың арманын шын аяласаң, Адалдық берекемен басын қостыр!» деп зар тілекпен қайырды.

Көпшілік екі оттың ортасында қалғандай, қайсысын қоштарын білмегендей әрі-сәрі күй кешті. Қызыр, Көксеген үкірдайлар «айтылмаған сөздің атасы өлер» деген, мейлі не болса, ол болсын, қоямызды бір ақтарды-ау деп, насаттанғандай кейіпте. Таңғыт үкірдай, Қожақұл Қанағат болыс, Тоқабай Мұстафа болыс бастаған топ осы Әсет Алаш Орда үкіметінің мүшелерін асыра мінеп, ақылдымсып кеткен жоқ па дегендей, сыңай байқатты. Арасында ойыннан от шығып, аз ғана халықтың берекесі қашпаса екен деп, қауіп қылушылар да бар екені байқалады.

Басына елтірі бөрік, аяғына былғары етік, үстіне тік жағалы ақ жейде, қара кәстөм киген, қара мұртты, қырма сақалды адам орнынан көтерілді. Бұл әйгілі заңгер, Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы Райымжан Мәрсек еді. Ол жылы қабылдаған халықтың дархан көңіл, кең пейіліне рахметін айта келіп:

– Әсағаң – қалың қазақтың сөзін ғана сөйлейтін, басын кесіп алса да жалған айтпайтын хақиқатшыл инсан. Мұқым алаш баласы, соның ішінде біз де бұл кісінің айтқанын халықтың сөзі деп қабылдаймыз. Өткір тілмен түйреп, мінеп айтпаса, ақын ақын бола ма,– деп, мәселенің тігісін жатқыза сөйледі. Өздерінің бұл сапарының себебін көпшіліктің ұға бермейтінін, әсіресе, осы жақтағы кейбір қандастарының жылу жинап жүр деп топшылап, онша құптай қоймағанын, алайда Алаш Орда үкіметінің басты мақсаты – қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіріп, ел қатарына қосу, өзгелермен терезесін теңестіру, елдің ынтымақ-бірлігін күшейту екенін баса айтты.

...Бұдан әрі кім сөйлеп, не айтқаны Әсеттің есінде жоқ. Ол тағы да ой-қиялына ерік беріп, Алла мен пенде, ынсап пен нәпсі, бақ пен талайды таразылап, тергеп-тексеріп кетіп еді... Асылы, адам баласы желігі басылмаған жас шағында қансонарға алғаш шыққан тазыдай ананың бір, мынаның бір соңына түсетін сияқты тілі салақтап. Бәрін көріп, оң-солын ажыратып, өзінің шама-шарқын аңдай келе, не біреудің соңына ермек не өзі тыңнан түрен тартпақ. Өз жолын, төл арнасын тапса, бар ғұмырын, күш-қуатын соған сарп етпек. Ал ажарың тайып, базарың тарқағанда өмір бойы барыңды да, нәріңді де арнаған әлгі жолың тұйыққа тірелсе ше?! Яки ғұмыр бойғы сенген, сүйенгенің аспани ақиқат емес, көп шынның бірі, бәлки, боямалы, жалған «шындық» болып шықса ше?!

Кейінгі кездері Әсетті осындай жауабы жоқ көп сауал мазалайтынды шығарды. Мұндайда есіне ұстазы Зейнолла-Ғабдышүкір хазірет түседі. Мұқаншы мен Науалының ортасындағы күре жолдан сәл қиғаш тұрған қыстауына көңілін сұрай барғанда жарықтық әр нәрсені еске алып, бір марқайып қалып еді-ау. Қоштасарда Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың мына бір хадисін еске алды: «Мына төрт адамның бірі бол! Ғалым бол. Ғалым болмасаң, білім іздеген шәкірт бол. Шәкірт болмасаң, тыңдаушы бол. Тыңдаушы болмасаң, осыларды жақсы көруші бол. Бесіншісі болма! Өйтсең, құрып кетесің». Алла Тағаланың ең сүйікті құлы, Адамзаттың Ұлы Ұстазы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ненің баянды, ненің баянсызын білген ғой. Білмес еді, Алла Тағала білсін деп, адамзатқа білдірсін деп, уахи етіп жіберген Елшісі болмаса! Бізге қалатыны – сол сүннетті мықтап ұстану ғана. Қалғанының бәрі баянсыз, бәрі, бәрі... Ендеше, балам, жаралғанға алданба! Жаратқанмен қатынасыңды түзе! Барша ғалымдар мен хакімдер мойындаған бір ақиқат бар: Кімде-кім өзі мен Алла арасындағы қарым-қатынасты түзесе, Алла оны мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Кімде-кім өзінің ішкі дүниесін реттесе, Алла оның сыртқы дүниесін реттейді. Кімде-кім Ақыретінің қамын ойласа, Алла оның бұ дүниесін де, Ақыретін де қамдап, реттеп қояды. Солай, балам...»

Қайтар жолда Әсет ұстазының айтқанын қайта-қайта еске алған еді. Қарап тұрса, жер ортасына келгенше, өзі де «ақын, әнші» деген атаққа ғана малданыпты. Дүлділ, саңлақ дегенге балаша мәз болыпты. Бақса, бақи дүниедегі мәңгілік ғұмырмен, Хақ Тағаланың хикметімен салыстырғанда, бұ дүниедегі атақ-мансабың да, көрген қызығың да, тіпті шығандап шыққан өнерің де,– бәрі-бәрі баянсыз екен... Осынау буырқанған, бұрқанысты ойлар буып, ширығып, шиыршық атып келе жатып, ақыры ой түйінін былайша сыртқа шығарып еді:

Атым – Әсет, ұраным – Арғын шордан,

Құт дария Құрандай шықтым молдан.

Хазіреттің қасында шәкірт едім,

Жезге айырбас алтынды қылмағанда,

Сол кезде-ақ тумас па еді айым оңнан?

Ғалымдықтан айырылып, мақрұм қалып,

Арман еттім, дариғай, ақыр соңнан...

Қамшының сабындай шолтиған, алды-артыңа қаратпас жалған дүние-ай, десеңізші! Жарқ-жұрқ еткен жылтырағыңмен көзді арбап, Алланы да, ақыретті де тарс есіңнен шығарып, ұмыттырасың-ау. Ғапыл пендең сұлу қыздай сылаңдаған түріңді көріп, алданар да арбалар, арбалар да сандалар... Беееу, жалған-ай!

Осы мезет Шәуешектегі жүздесуге жиналған көпшілік топтасып, рәсімге түсуге ыңғайланды. Барлығы қосылып шақырса да, Әсет томсырайып, әлденеге өкпелеген баладай отырған орнынан тапжылмады. Анығында ол өкпелеген жоқ, әлгібір ойлардың жетегінен шыға алмай, жолайрықта дағдарған жандай ойсоқты болып есеңгіреп отыр еді. Мұхаметжан рәсімші фотоаппаратын көпке қаратып, түзеп қойды да, өзі де лып етіп тұра қалды. Сол күйі бір шетте Әсет те малдас құрып монтиып отырған қалпы рәсімге тартылды. Бұл – ақынның кейінгіге жеткен жалғыз ғана фотосуреті еді.

х х х

Әсет осы кездесуден соң ұзақ толғанып жүріп, «Алашнама» романын жазды. Әттең жалған-ай, байтал түгіл бас қайғы заманда өлеңмен жазылған қомақты роман ұшты-күйлі жоғалды. Әйтеуір, көнекөз қариялардың жадында «Алашқа» деген ұзақ толғау ғана сақталып қалды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар