Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абылайдың қара жолы бойымен

30.05.2018 2596

Абылайдың қара жолы бойымен

Көкшетау – қазақтың тарихында әрқашан ерекше орынға ие болып келген, тарихы бай, аңызға толы киелі өлке. Әсіресе, Қазақ хандығы дәуірінің соңғы кезеңіндегі шешуші тұлғалар мен оларға қатысты оқиғалардың көбі-ақ Көкшетауға қатысы бар. Осы өңірді мекен еткен атығай елінен шыққан, Кенесары заманында өмір сүрген атақты Арыстанбай Тобылбайұлы ақынның:

Қылады Мәкаржада байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.

Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,

Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда, -

дейтін бір шумақ өлеңінің өзінде Абылай заманының тынысы жатыр. Иә, Көкшетау – өз тұсында қазақ мемлекеттілігің іргесін бекітіп, түтінін түзу ұшыру жолында аянбай қызмет қылған Абылай ханның қарапайым сарбаздан тақ иесі хан дәрежесіне дейінгі өсу жолына куә болған өңір. «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай», - деген Бұқар жырау толғауы да Абылай заманында қазақ халқының аз да болса ғасырларға созылған жорық-шапқыннан кейін тыныс тауып, мамыражай тірлік кешкенін білдіреді.

Абылайдың қара жолы осынау адырлармен өтеді

Абылай Орта жүздің, кейінірек үш жүздің атының басын бір кезеңге тіреген шақта көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты мәмілегерлікпен барынша реттеп, сауда қатынасын жолға қойғаны белгілі. Арыстанбайдың «Қылады Мәкаржада байлар сауда» деп отырғаны Ресейдің Нижний Новгород қаласы маңында ежелгі Макарий жәрмеңкесі саудасын қыздырған екен. Абылай хан өз тұсында айналасындағы жәрмеңкелерге қатысу үшін белгілі би-батырларына бастатып сауда керуендерін жіберіп, шикізат, жылқы айырбастағаны туралы деректер аз емес. Мәкаржа жәрмеңкесін А.С.Пушкин де қаламынан қалыс қалдырмаған екен:

. …Макарьев суетно хлопочет,

Кипит обилием своим.

Сюда жемчуг привез индеец,

Поддельны вины европеец;

Табун бракованных коней

Пригнал заводчик из степей... («Евгений Онегиннің саяхаты»)

Абылай хан заманының қазақ даласы үшін біршама мамыражай болғандығының дәлелі – осы сауда қатынасының гүлденуі болса керек. Абылай хан Ресеймен ғана емес оңтүстігі мен шығысында жатқан Бұқар хандығы мен Шың империясымен де жолға қойған. Бұқар хандығымен сауда қатынасы тұрғысында Мәшһүр Жүсіп жазбаларында Жанайдар туралы айтылған бір оқиғаның маңызы бар. Мазмұны қысқаша мынадай: Бұқар ханы Абылайдан жұмбақшылап тұз сұратады. Абылай мұны түсініп, қырық биін керуенмен жібереді. Күтіп-сыйлап, кетерінде хан сынау үшін қырық биден:

- Абылай артық па, мен артықпын ба? – деп сұрағанда билер қоғадай жапырылып:

- Сіз артықсыз, сіздің тегіңіз де, жеріңіз де асыл. Өзіңіздің асылдығыңыз – Бұқарадай шаһардағы алтын тақтың үстінде, сары алтынға малынып отырсыз. Жеріңіздің асылдығы – сіздің жеріңізде тіпті етікпен де намаз оқи беруге болады! – деп көпшік қояды. Бұлардың жауабына қанағаттанбаған хан: «Абылайдың бұлардан басқа жіберген адамы бар ма?», - деп сұрағанда қостағы он төрт жасар атшы бала барын айтады. Баланы шақыртып алып әлгі сұрақты қойғанда Жанайдар бала:

— Сіздің өзіңізден Абылайдың өзі асыл, жеріңізден жері асыл. Сіздің жеріңіз асыл болатұғын болса, суды Самарқанан алдырып ішер ме едіңіз, тұзды Сарыарқадан сұратар ма едіңіз? Абылайдың тұрған жері – Сарыарқа. Екі басса, бір бұлақ. Ағар суы бал татиды, ақ шабағы май татиды. Екі басса, бір тұз. Бір үйінен бір үйі тұз сұрамайды, - деп жауап берген екен. Демек, бұл аңыздың артында Абылай хан мен Бұқар әмірлігі арасындағы сауда қатынасының сорабы жатыр.

Абылай ханның саяси ұстанымындағы ең басым бағыттардың бірі – Алтай-Сауыр мен Тарбағатай, Іле, Еренқабырғаны қазаққа қайтадан мекен етіп қайтару, ол үшін Шың империясымен жағымды қарым-қатынаста болу екендігі белгілі. Абылайдың Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай т.б. өкілдері айырбас сауда жасап Шың еліне барғандығы туралы деректер бар. Қазақ тарихын зерттеген орыс ғалымы А.Левшин Абылай заманы туралы былай деп жазады: – Қазақ даласында айырбас сауда орындары көбейді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда жүргізілетін болса, енді Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Мұның соңғысы Абылайдың орыс өкіметінен сұрауы бойынша ашылды».

Шың империясы мен Қазақ хандығының арасында сауда қатынасы орнағанда Арқадан сол шығыс бағытқа қарай керуен жолы ашылады. Ашылды дегеніміз де бекер болар, шын мәнінде бұл ежелгі Ұлы Жібек жолының сорабын қайта жаңғырту болар, бәлкім. Қазақ даласын көлденең кесе керуен бұйда созған бұл жолды «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», т.б. мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болатын сияқты.

Замананың сан құбыла соққан қара желімен ұлтымыздың тарихи сана кеңістігінің қаншама бөлігі жалаңаштап, түп орнымен жойылғанымен, кейбір тұста селкеу-селкеу, некен-саяқ нышан-белгілер әупіріммен қалып отырғанын көреміз. Мұның бір дәлелі – осы «Абылайдың қара жолы». Әрине, «Абылайдың қара жолы» хан ордасының түстігінде жатқан осы бір алақандай алқаппен ғана шектелмейтіні анық қой. Мыңдаған шақырымға ұласып жатқан керуен жолының өз өлкесін басып өтетін тұсын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап айтып жеткізген – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сәуле ауылының тұрғындары.

Шәрапи Әлжанов атындағы Сәуле орта мектебінде

Сәуле – қазіргі Ақмола облысының Біржан сал ауданы жерінде, Абылайдың ордасы қонған Бурабайдан оңтүстік шығысқа қарай бір көштік қашықтықта жатқан, тарихы бай ауыл. Біржан салдың арғы бабасы Бертістің бес баласынан тараған ұрпақтар ауылдың негізін құрайды. Қазақтың тұңғыш педагог ғалымдардың бірі, саяси зұлмат құрбаны Шәрәпи Әлжановтың кіндік қаны тамған мекен. Заманауи үлгімен салынған мектеп те сол кісінің атында. Ауыл адамдары туған өлкесінің тарихын жақсы біледі.

Мектеп директоры Сәрсенбек Балтабекұлы мен тарихшы ұстаз Әсемгүл Мағауқызының жол бастауымен ауылдан шығысқа қарай 4 шақырымда жатқан Абылайдың қара жолына беттедік. Абылайдың қара жолы мен ауыл ортасындағы терең ойпатта Құрттыкөл шалқып жатыр. Суы ревматизм, буын, тері аурулары сияқты көптеген ауруларға мың да бір ем көлдің атауы негізі Құтты көл болған деседі. Әуликеөлдің Бурабай, Қатаркөлдің Қотыркөл атанып кеткені сияқты, керуен жолындағы жиегінде қарағай мен қайың аралас өскен әсем шалқардың «құртты» атануына еш себеп жоқтай. Керуен жолының бұл арадағы бөлігі Батыс Сібірдің шексіз-шексіз орманды алқабының Сарыарқамен астасып, ақыры сирей-сирей келіп, ұланбайтақ сары далаға ұласар жиегінде жатыр. Сәуледен шығысқа қарай қалың орман шоқ-шоқтанып сұйыла түседі.

Сәуле ауылы жанындағы Тоқбай салдырған тұщы көлтоған

Арғы жағы Қызылжар, Тайыншамен жалғасқан Абылайдың қара жолы осылайша орман жиегіндегі жалаңаш адырлардың үстімен, Мамай, Итемген көлдерін жиектей, Сілеті өзенінің салаларын кесіп өтіп, Қараөткелге, Ерейменге тармақтала ұласады екен.

Алыстан арып-шаршап келе жатқан керуендерге өз заманына сай қолайлы жағдай жасауға да мән берілгендігі туралы да ауыл адамдары айтып берді. Сәуле аулының тұсынан өтетін маңда Бәйгөбек қажы деген жомарт адам өмір сүріпті. Бәйгөбек қажы керуен жолын бойлай құдықтар қаздырып, олар тоқтап түнейтін үйлер ұстап отырған екен. Бәйгөбек қажы өзі өмірден өткенде керуен жолының жиегіне жерлеуді аманаттап, ұрпақтары айтқаны бойынша орындапты.

Бұл маңда бірнеше ғасырлық көне қорымдар баршылық. Қадимше араб қарпімен тереңдете қашап жазылған құлпытастар – тұтастай бір дәуірдің хабаршы жәдігеріндей. Бұл алапта еліне қорған болған Етекбай би, ел игілігі үшін, мол қаражы салып су бөгетін салған Тоқбай, Сатыбай байлар, дін қуатымен танылған Мұхамедсалық молла қатарлы ел қадірлеген адамдар мәңгілік тыныс тапқан.

Абылай ханның қара жолы бойындағы көне зират

Абылай ханның сегіз биінің бірі Байдалы Бекшеұлының да осы Қара жол бойында өмір сүргендігін ауыл тұрғындары әңгімелеп берген болатын. Ауызша сақталып жеткен шешендік туындыларда ұтымды тапқырлығымен, орамды ойымен ерекшеленетін Байдалы Бекшеұлы бір замандарда расымен де осы өңірде мекендеген деп топшылауымызға болады. Оған дәлел – Абылай ханның баласы Уәли хан өмірден өткенде белгілі бір себеппен жаназасына қатыса алмағаны, бұған Айғаным ханымның өкпелегені, Байдалының сонда аттың үстінде тұрып айтқан толғауы мектеп бағдарламасында да бар. Байдалы бидің негізгі қоныс-тұрағы – қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы жері. Алайда Уәли хан өмірден өткен тұста осы өңірде болған деуге негіз бар. Уәлидің ордасы қонған Сырымбет бұл арадан салт атты адамға ара қонып жететін жер. Ал хан жерленген Қарақалпақ тауына атты адам таңертең шығып түсте еркін жетер мөлшерде.

Уәли хан кесенесі Сәуледен төтелей тартқанда сексен шақырымдай

Сәуле аулы 1928 жылы құрылыпты. Бертістің бес баласы мен өзге де керей рулары түбегейлі қоныстанған шамада бұл өңірде арғынның алтай, сүйіндік рулары да мекендеген деп топшылауға болады. Абылайдың қара жолы бойындағы Итемген, Мамай, Көксеңгір жазығының шетін ала жатқан Азынабай, Сапақ көлдері мен өзге де жер-су атаулары осыны меңзейді. Патшалық Ресейдің басқару жүйесіне толық мойынұсынғаннан кейін, салқын сабат жайлау көксеп жүздеген шақырым тебіндей көшу, ежелгі жолдармен ерсілі-қарсылы керуен тарту біртіндеп тыйыла берсе керек. Абылай ханның қара жолының сорабы бүгіндері көмескі тартқанымен, тура үстімен болмаса да дәл сол заманғы бағыттарды бойлай салынған Қызылжар-Көкшетау-Астана, Көкшетау-Степногорск-Ерейментау тасжолдары ел игілігіне қызмет етуде. Рухани жаңғыру дегеннің өзі – ұлтымыздың тарихи санасын оятып, туған жермен етене байланыс орнатып, жас буынды елін, жерін, Отанын сүюге баулу ғой. Бұған Абылайдың қара жолын, өзге де тарихи маңызды жерлерді лайықты насихаттап, ұрпақ жадында жаңғыртып отырған Сәуле аулы адамдарының игі істері айқын үлгі.

Асылбек Байтанұлы

(фотолар автордыкі)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар