Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әбіш Кекілбаев. Қалтқысыз сөз, қайсар жан...

28.11.2018 6334

Әбіш Кекілбаев. Қалтқысыз сөз, қайсар жан

Әбіш Кекілбаев. Қалтқысыз сөз, қайсар жан - adebiportal.kz

Бүгінде жер бетінен жойылып кеткен әлде бір қарағай үйдің терөзесі терістікке қараған әлде бір бөлменің күңгірт бұрышында менің төсегім тұрар еді. Кәдімгі елуінші жылдардың аяқ шамасындағы студент жатақханасының жұпыны бөлмесіндегі жұпыны төсек. Қасында баттастырып қоңыр түске боялған жұпыны тумбочка. Үстінде – кексе кісінің ұстарамен тықырлатып жаңа қырылған иегіндей көк сүр тысты Достоевский томы. Әлде «Залал мен зауал». Әлде «Жәбірленгендер мен жапа шеккендер». Анық есімде жоқ.

Оннан астам Темір керуеттің арасынан әзер орын тапқан ұзынша столдың үстінде тозған кебістей тайпиған жайпақ күл салғыш. Оның ернеуіне таласа-тармаса иек сүйескен темекі тұқылдары. Ерте тұрып сабақтарына кеткен бөлмелестерімнің «түнгі жұмыстарының» жұрнақтары.

Маған күлгенін, Достоевскийге күлгенін, жоқ мынау бір итаяққа жарыса бас қойысқан ұялас күшіктердей түзілісе қалған мыж-мыж темекі тұқылдарына күлгенін біле алмадым, біреу оқыс мырс ете қалды.

Жалт қарадым. Табалдырықтың алдында қою бұйра шашы желкесіне түскен, қапсағай қоңырқай жігіт тұр. Орта бойлы. Үстінде – шыбық-шыбық сұр көйлек. Жеңін қарынан асырып шиыршықтап тұріп апты. Омырау түймесіне күнге киетін мүйіз көзілдірік іліп қойыпты. Бір қолында – құндақты домбыра. Мінезінде арсы-күрсілік жоқ сияқты. Төрге озып, домбырасын менің тумбочкама сүйеді. Сосын анадайдағы столдың үстіндегі сіріңке қорапшасын алып, темекі тұтатты. Жәй басып, баппен қимылдайды. Бет ауызы да байсалды. Тұла бойы түдған сабыр сияқты. Езуінде – сәнқой офицердің етігіндей қырық бунақ «Беломор». Жапан даладағы жалғыз үйдің мұржасындай емін-еркін будақтайды. Көкшіл түтін көлкештеп көз алдын көрсетпейді. Сөйтсем, бар гәп сонда екен. Қысыңқы көздің қиығында өзуіндегі темекі тұқылының ұшындағы қызыл шоқтан да өткірірек бір ожар ұшқын маздап тұр. Аң-таң жүзімді көріп, бір жымсиып қойды. Қолын беріп амандасты. Жөнін айтты. Мен бұрын газеттерден өлеңін оқып жүретін Жұмекен Нәжімеденов ақын сияқты еді. Мынау домбыра ұстаған артиске келіңкірейді. Сыр алдырмауға тырысып, келген шаруасын тыңдадым.

– Осындай екенсің ғой, – дейді темекісін сорып жатып бір жымиып қойып.

Шамасы, біреулерден мен жайында бірдеңе естіген.

Шамасы, менің сиқым мен солардың айтқаны бір жерден шықса керек. Жаңағы кірмей жатып мырс еткені де содан болар.

– Қолың бос болса, көшеге шығып қайтпаймыз ба?


Екеуміз сыртқа шықтық. Лық толы автобусқа таласа-тармаса отырып, қаланың теріскей шетіне беттедік. Едәуір жүріп автобустан түстік. Әлде бір сайлардан өтіп, әлде бір жарларға тырмыстық. Жаңа салынып біткені, жоқ, жартылай салынып жатқаны есімде жоқ – бір үйдің көлеңкесіне жете беріп кідірдік. Жұмекеннен де өткен қоңырқай, Жұмекеннен де өткен қапсағай бір жігіт ақсия күліп алдымыздан шықты. Оның соңынан еріп үйге беттедік. Шағын шаршы бөлменің ортасындағы үстіне клеенка дастархан жапқан жозының қасында біреуі жіңішке, қара торы, біреуі қыпша бел, ақ сары екі келіншек тұр. Екеуінің қолында да сәби. Екеуінің арасында лапылдап жанып тұрған бір плитка, бұрқылдап қайнап, лық-лық жұпар иіс шашып тұрған бір тас құман. Мені жатақханамнан ертіп әкеліп жымсия күліп тұрған қапсағай қара қоңыр жігіт ақсары келіншектің, бізді осы арадан қарсы алып ақсия күліп тұрған қапсағай қара-қоңыр жігіт жіңішке қара торы келіншектің қасына барып отырды. Келіншектердің қолындағы екі бұлдіршін шепіелерінің қолынан сырғып түсіп, екі қоңырқай жігіттердің тізелеріне жармасты. Мен төрге жайғастым.

Көздесіп отырғанымыз осы ғана болса да, бірден шүйіркелесіп кеттік. Әсіресе әлгі ақсия күлетін қоңыр-қай жігіт ақ жарқын неме екен. Жарқылдай күліп, жадырай сөйледі. Өзі – геолог. Түз көзіп, жол жүргенде көргендерін ақтарыла айтады. Ал мен не тауып айтып жатқанымды өзім де білмеймін. Әйтеуір ауызымда тыным жоқ. Шамасы, ол көзде түн ортасы ауғанша жатып ап кітап оқып, түс ауғанша жатып ап ұйқы соғатын неме екі жігіт, екі келіншек – тегін тыңдаушылар табылған соң тегін «лекция» оқи жөнелетін болсам керек.

Мені жатақханамнан ертіп алып шыққан қоңырқай әңгімеге араласпайды. Оқтын-оқтын папирос ұстаған қолының білегіне тұмсығын басып мырс-мырс күліп қояды. Оның сырына кейінірек түсіндім. Бір нәрсеге қатты риза болса, не әлдекімнің айтқан сөзі өз ойынан шықса, осылай қолының үстіне тұмсығын басып, желкесін бүлкілдетіп, мәз болып күліп алады екен. Ал егер керісінше бір нәрсеге қатты күйінсе, не біреудің парықсыз сөзін естіп шамырықса, бәз-баяғы жәй басып, жәй қимылдаған қалпынан айырылмай, екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, мойнын қисайтып, басын шайқайды екен. Оның қатты қуанып, қатты ашынғандағы қылар қайранының бар сиқы осы.

Не де болса, ол әңгімеге килікпейді. Темекісін бұрқ-бұрқ сорып, бұлк-бұлк күліп тыңдайды да отырады. Дөңгелек жозының сауырындағы бар дәмді бір ретке келтірген соң, жата қап әлгі үндемес қоңырқайға жармасамыз.

«Домбыра тартшы!» дейміз. Ол мырс-мырс күліп, қолын папиросынан ажырата қоймайды. Біраз жалындырыңқырап барып домбыраға қол созады. Солақай бұралатын домбырасын әрі-бері тексеріп бағады. Сосын тағы бір мырс етіп қойып, иегін сол жақ иығына асып алып, күй бастайды. Бала көзінде сексеуілдің шырпысын сындырып, шахтаға түсіп, қайла ұстап қалған қатқыл қолдың саусақтары сояудай-сояудай. Бірақ сол сояу саусақтардың ұшына іліккен дыбыстар неткен нәзік! Нағыз сары майдан қыл суырғандай бипаз әуен. Кейбір күйшілердің бет-аузынан, қолының қимылынан көз ала алмайсың. Олардан ажырап қалсаң, күйдің де желісінен жаңылысып кетердейсің. Ал мынау үндемес күйшіні тыңдағанда алдында кім отырғанымен ісің болмайды. Ол өзімен-өзі. Сен өзіңмен-өзіңсің. Екеуің де құрдымға сіңіп, ауаға айналып кеткендейсің. Айналаңда қалықтап күй ғана тұрады. Ол сені мынау жалпақ жарық дүниемен бетпе-бет жалғыз қалдырғандай. Талай нәрсені ұмытып, талай нәрсені ойға аласың. Құдды бір күн бойы қапырық тар көшені көзіп келе жатып, кенет жапыраққа мөлтеңдеп шық тұнып тұрған салқын сая баққа сүңгіп кеткендейсің. Неткен рахат әлем! Салқын саз, сабырлы саз.

Үндемес домбырашының күйлері бірінен бірі өтеді: Баламайсаңның күйі «Дүние ғайып», Мәменнің күйі «Қайғылы қара», «Ақшолпан», Абылдың өзі аттас күйі мен «Нар атуы», Құрманғазының «Кішкентайы», Қазаңғаптың «Кекілі» мен «Домалатпайы», Сейтектің «Заманайы» мен Динаның «Он алтыншы жылы», Дәулеткерейдің «Жігері» мен «Салық өлгені»... Өңшең бір өзегіңді суырған күбірткелі күйлер... Соның бәрі мынау үндемес күйшінің көкірегіне тұна берген, тұна берген! Енді, міне, тау жақпарынан шапшып шыққан кәусар бұлақтай көңіліңнің көк жиегін көл-көсір созып, шалқар мұхитқа айналдырып барады.

Ол көздегі әдебиетші жастардың жақсы үрдісі болатын. Бір-бірімен жиі қатысып, жиі сырласатын. Әуелі табылғанын дастарханына жайып салатын. Сосын білетін өнерін ортаға салатын. Ең соңында қойын дәптерлерін суырып алып жыр оқитын. Артынан ду-ду пікір алысып, таң атқанша таласатын.

Сол үрдіспен біздің де көзегіміз жырға тіреледі. Үндемес домбырашы домбырасын құндағына салып, қабырғаға сүйейді. Маржандай қып түсінікті жазылған қол жазбасын менің алдыма ысырып, өзі тұрегеліп кетеді. Өзгелерге ұқсап өзеуреп өлең оқып жату дегенді білмейді. Бетіне баршаға аян бір таныс қаланың суреті салынған шағын қобдишаның қақпағын ашып, ішінен папирос суырады. Папиросты тіске қыстырып, қобдишаны бір қолына, сіріңкені екінші қолына ұстап, анадайда бипаз басып, бөлме көзіп жүреді.

Қолжазбаға үңіліп сен отырасың. Құлағында әлгі бір қоңыр әуен. Әлі бебеулеп тұр. Олар алаңдатып мына жырды ұғынтпай, мынау өлеңдер алаңдатып әлгі әуендерді ұмыттырып жібере ме деп қорқасың. Жоқ, өйтпейді... Күй мен жыр көп ұзамай бір әлемге айналады. Мынау үндемес ақын мына өлеңдерді жазғанда өлгі бір әуендерді естіп отырып жазғандай. Ал мына өлеңдер әлгі бір күйлерді қайталап шертіп тұрғандай. Сол баяғы шалқар көлдей мөлдірей тұнған кәусар әлемге қайтадан күмп бересің. Қолжазбаны қай заматта оқып бітіргеніңді білмей де қаласың. Көз алдында көк түтінін будақтатып ол жүреді. «Ал қалай екен?» дегендей саған қарайды. Сынап қарамайды, сыр тарта қарайды. Қысыңқы көздердің арасында алмастың сынығындай қайсар ұшқын бар. Ол сенің ішіндегіні айтқызбай біліп тұрғандай. Өзі де көкірегін көлкештемей, риясыз жайып сап тұрғандай. Көлгірсуді білмейтін қалтқысыздық. Оның көзінің қиығындағы жалт-жалт жанып шыға келетін өжет ұшқынының аты да сол – қалтқысыздық. Мен алғаш оның осынау қалтқысыз қайсар жанарымен, қайсар жырымен сонау елуінші жылдардың аяғында жаңа ғана пәтер алған жас геолог пен оның үйінде пәтерде тұратын консерватория студентінің бірігіп жайған шағын да болса көлкөсір, жұпыны болса да жомарт дастарханның басында осылай таныстым.

Содан бері оның жырын қашан оқысам да, сол баяғы көлгірсуді білмейтін қалтқысыздықпен ұшырасатынмын.

Мен оны содан бері қашан көрсем де, көзінен сол баяғы қалтқысыз шындықты сөзгендей болатынмын.

Міне ол мені емхана фойэсінде қарсы алып тұр. Таныс біреулерден менің анализ тапсырып жүргенімді естіпті. Жақында операция жасатып шыққандар жаттығып жатқан залдан шығып, тосып тұр екен. Мені көргенде көзіндегі әдеттегі қуақы ұшқын ояна қоймады. Әлденеге толқып, әлденеге қынжылып тұр. Бұрын-соңды мұндайын байқамағанмын. Мен оған жаттығудың пайдасын, ол маған режим мен дииетаның пайдасын марапаттап, бір-бірімізге басу айтқан боламыз. Ол тұрып қалды. Мен жүріп кеттім. Біраздан кейін артыма бұрылдым. Ол мені самолетке отырғызып сап тұрған кісідей, соңымнан телміре қарап қалыпты. Арамызда ұзақ ауырып тұрған адамның бұғанасындай арса-арса ұзын шұбақ баспалдақ жатты. Бұл екеуміздің соңғы жолығысқанымыз екеп..

Артынан бір апта өтер-өтпесте, түс қыза бере жұмыста отырған бізге телефон сымы сұмдық хабарды жеткізгенде менің көз алдыма сондағы оның телміре қараған тұнжыр жанары келе қалды. Тұнжыр болса да, қайсар көзқарас. Ішіндегісін риясыз ақтарып салған қалтқысыз көзқарас.

Кейін қолыма осы қолжазба түскенде де көз алдыма сол емхана баспалдағының қасындағы соңғы жолығысымыз түсті. Мұнда да сол әр жолды оқып, әр бетті ақтарған сайын көз алдыңда сол көлгірсуді білмес қалтқысыз көзқарас оралады.

Бұл кітап – ақын Жұмекен Нәжімеденовтың қысқа да болса мәнді ғұмырнамасының ақырғы параға болып табылады.

Өзі тартқан күйдей, өзі жазған жырдай тұп-тұнық сабыр мен тұңғиық сырдан тұратын жайсаң жан аз ғана дәурен сүргізетін мынау дүниенің қай қалтарысына да қапысыз үңіліп, қай құпиясын да қапысыз түсініп, қай құбыласын да қалтқысыз түйсіне беріпті. Жақпар-жақпар жалпақ дүниемен бетпе-бет жалғыз қалудан ешқашан тайсалып көрмепті. Сол қайсарлық, сол қалтқысыздық көкірекке сыр болып тұнып, көңілден жыр болып ақтарылыпты. Сыр мен жырдың осындай дамылсыз алмасуы мен арбасуы жұдырықтай жүрекке оңай тимесе керек. Талайды сөзіп, талайға төзіп келген жұдырықтай бұлшық ет ақырында жанар тау боп атылып, жыр дүиесін жайратып кетті. Бір атылғанда екі атылды. Біреуіне шыдаған шыбын жан екіншісіне шыдай алмады. Айналасы бір жаз бен бір күзде екі айналып соққан екі дүмпудің арасында дүниеге жаңа бір кітап туды. Ол – міне қолдарыңызда.

Жанар таулар атылғанда жер қойнына талайдан бері тығылып келген, не бір тұңғиық тереңде жатқан асыл қазына жер бетіне қалқып өзі шығып, ағыл-тегіл сел боп ақтарылады деуші еді. Мынау кітап та – дәл сондай сел нөсер шабыттың жемісі. Әлденеше апта төсекпен төсек боп тырп етпей жатқан ақын жастықтан басын көтерген бойда қолына қалам алып столға отырды. Оны қағаздан күніне екі-үш мәрте жасалатын серуен мен дәрі беруге келген дәрігерлер ғана ажыратты. Қалған уақытының бәрінде қаламын қолынан түсірген жоқ. Ол бұрын да елтең-селтеңге еліге бермейтін еңбекқұмар жан еді. Ал бұл жолғы жұмысқа берілгенін керген жұрт аңыз қылып айтады. Ауруханада бір палатада болғандар: «Қойсаң-шы, демалсаңшы», – деп қанша айтса да, ақын бір жымиып қойып, қағазына қайта емінеді екен. Ақын сонша неге асықты?

Бәріміздің көкірегімізде тұрған бұл сұраққа жауапты тағдырдың өзі берді ғой.

Асыққаны қандай жөн болған... Әйтпесе, мынау қолыңыздағы кітап дүниеге келер ме еді, келмес пе еді... Ал келмеген күнде, ол тек ақын Жұмекен Нәжімеденовтың творчествосы үшін ғана емес, күллі қазақ поэзиясы үшін орыны толмас олқылық болар еді... Иә, бұл бір ерекше кітап...

Мен өз басым қазақ поэзиясының керуенін көптен көз жазбай бақылап, қадағалап оқып отыратындардың бірімін. Ондағы әр «түйенің» аяқ алысы мен өр «теңнің» ішінде не жататыны көп ретте маған айтқызбай-ақ белгілі боп тұратын да жайы бар. Бір қатарының жырын оқып: «иә, бұндайды тек осыдан ғана күтуге болады», дейсің. Екінші біреулерін оқып: «Апырай, бұдан бұндайды күте қойған жоқ едім», дейсің. Үшінші біреулеріне: «бұдан бұдан артық не күтуге болады!» дейсің.

Ал Жұмекен Нәжімеденов бұндай үш топтың үшеуіне де жатпайды. Ол кітаптан кітапқа ауысқан сайын, аренаға әр шыққан сайын снарядына жаңа бір қосымша гир қосып отыратын штангист сынды: Апырмай, бұл жолы қайтер екен – деп қаралай қыпылыңтатып отырады.

Оның қолындағы снаряд – кәдімгі біз бен сіз бастан көшіп отырған, біз бен сізге дейін де мың-мың талайлардың кулкісін қашырып, біз бен сізден кейін де мың-мың талайлардың ұйқысын бұзатын күнделікті қарабайыр тіршіліктің қашан да қарапайым, қашан да елеусіз, сондықтан да үйреншікті, сондыңтан да шытырман, сондықтан да күрделі шындықтары. Жұмекен Нәжімеденов қаламы жылмағай қағаздың жылпос сауырын әр тұрткен сайын көптен бергі көнбіс көлігіндей тақым басты боп қалған үйреншікті тіршілік бұған дейін байқала қоймаған қай мінезін танытып, қандай сырын аңғартар екенсің деп елеңдейсің де отырасың.

Сондықтан да Нәжімеденов кітаптарын таңғалмай оқу мүмкін емес. Басқасын былай қойғанда, тұсау кесер Балаусаның өзі қаншалықты соны еді! Ол көзде қазақ лирикасы сұлулықты ұлбіреген «үр қыздарынан» ғана іздейтін «кітабилықтан» әлдеқашан құтылғанмен, «мәнді мен маңыздыны» жалпақ жұрт тегіс айтып жүрген «жалпыға мәлімнен» ғана қозғайтын «әдебиетшілдіктен» әлі арылып болған жоқ-ты. Сондай көзде атын біреу біліп, біреу білмейтін жас ақын күнде көзіміз көріп жүрген, сондықтан да кісі таңқалатындай ештеңесі жоқ қой деп жұпыны санайтын қасымыздағы тіршіліктен қаншама сұлулық, қаншама мәнділік тауып беріп еді. «Күй кітабын» құрайтын күйлердің ұзын-ырғасының бәрін білеміз. Олардың тууы жайындағы аңыздар да көптен құлағымызда. Бірақ, Нәжімеденов қасақана сол бәріміз білетіннің бәрін аттап өтіп, әр күйдің астарында жатқан «жеңілдігі шабыттай, ауырлығы табыттай» құпия сырларды ашады. «Күй кітабы» – қазақ поэзиясының әуенділігін танытудағы қыруар жаңалығын былай қойғанда төл әдебиетіміздің философиялық пайымдылығын тереңдете түскен санаулы шығармалардың бірі. Ал, «Жоқ, ұмытуға болмайды» ше?!

Үйреншіктіден уйдей трагедия табудың бұдан асқан үлгісі болуы мүмкін бе? Адамзат әлі құтыла алмай отырған соғыс сияқты әлеуметтік кесепаттың антигуманистік сипатын ашуда бұл кітаптың қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Мұнда да ақын ең ірі әлеуметтік проблемаларды ең байырғы тұрмыстық детальдерден өрбітеді. Бухенвальд пен Освенцим, Майденек пен Хиросима жұрнақтарын көргендегі төбе құйқаңды шымырлататын соғыс тақсыретін өз ауыл, өз аулаңнан, өз төр, өз әулетіңнен тауып береді. Сөйтіп күллі адамзаттық проблеманы өз тағдыр, өз драмаңа айналдырып, өз өмір, өз тіршілігіңнен күллі адамзаттық проблема тауып алады.

Мазмұнда шындыққа адал қаламгердің түрде жаңашыл болмасқа шарасы жоқ екен. Жұмекеннің кітаптан кітапқа ауысқанда тек тақырыбы ғана өзгеріп отырмай, тұрі де өзгеріп отырады. Бір ғана «Күй кітабынан» қанша строфикалық, эвфониялық сонылықтар ұшырастыруға болады. Ақын музыкалық формаларға тән қалыпты елшемдерге қандай дәл, қандай табиғи сөздік баламалар, өлеңдік баламалар тауып бере алған десеңізші! Құрманғазы туралы цикл Құрманғазы күйлерінің тілімен, Тәттімбет туралы цикл Тәттімбет күйлерінің тілімен сөйлемей ме?!

Сөздегі әуен мен әуезге осынша ұғымтал ақын сөздегі сурет бен бояуды айнытпай танып, айнытпай бейнелеуде де соншама ұста. «Балаусадағы», «Сыбызғы сырындағы», «Жеті бояудағы» мінез калорист Жұмекен «Өз көзіммен» мен «Жарық пен жылуда», «Шуақта» сызық пен сәулені, жарық пен көлеңкені қалай шебер ойнатады!

Қазақ сөзінің мінезіне мұншама жетік ақын арқасы қозса, домбыраны башпайымен тартатын әулекіліктен атымен аулақ. Ол ешқашан өзін қызықтап, өнерін қызықтап көрген емес. Сондықтан да ол «мына тақырып менің оңтайыма келеді», «мына тақырып менің оңтайыма келмейді», «мына сөзді ұнатам», «мына сөзді ит етінен жек көрем» деп, емешегін үзіп өміренуді білмейтін, желінсау саулықтай алыстан жер тарпып, кірпиязсуды ғадет етпеді. Сөйтсе отыра тақырыптық диапозонымды кеңітем деп көрінген тақырыптың жалына бір жармаспайды. Нені жазса да, қапысыз қопарып, қапысыз қағып жазады. Айызын қандырып жазады. Суреткерлік қайсарлық деп өз кеудесін өзі төмпештеуді емес, ең алдымен осыны, бүкпесіз сыр мен жалтақсыз сөзді ұғады.

Сондықтан да Жұмекеннің қолына түскенде не бір можантопай тұрмыстық детальдың өзі алтынның сынығындай саф поэзияға айналып шыға келеді. Әйгілі Чеховтың Короленкомен бір сырласқанда көз келген нәрседен өңгіме тудыра алатынын, қажет десе, столының үстінде жатқан күл салғыштан да бір әңгіме шығарып бере алатынын айтқанын бәріміз де білеміз. Оның бос мақтан емес, рас екеніне тарихтың өзі куә. Өмірлік материалдың мәніне бойлап, мәйегін аршудағы мұндай еркіндікке көзкелген суреткердің қолы жете бермейді. Қазақ поэзиясында «шөңге де өлең, шөп те өлең» деп, не болса содан өлең құрайтындар, құдайға шүкір, толып жатыр. Ал «шөңгеден» де, «шөптен» де шын мәніндегі поэзия тауып, шын мәніндегі шедевр тудыра алатын ақындар кем де кем. Біздіңше, Чеховтың Короленкоға айтқан әлгі сәзін біздің поэзияда айтуға құқы барлар екеу болса, бірі –Жұмекен, біреу болса, өзі – Жұмекен.

Мұндай ой маған алғаш рет оның «Ашық аспан» атты кітабын оқығанда оралғанды. Мына «Менің топырағымды» оқығанда ол ойым одан сайын беки түсті.

Айталық, «Қақпа алдындағы қартта» адам таңғалардай не тұр? Ал, ауылдан бір шал баласының қолына қалаға келіпті делік. Ал, өткен-кеткенмен амандассам да, ермек қой деп қақпа алдында отырыпты делік. Ал, бетіне жәй қараған кісіге амандасқан екен деп жайраң қағыпты делік. Сөйтсеқ көзі мүкіс, құлағы тосаң екен делік.

Басқалар жазса, ыржақай анекдоттың ар жақ-бер жағынан аса алмайтын жағдай. Ал Жұмекен жазғанда осы бір әрі күлкілі, әрі мұңды оқиға тек көк қақпаның алдындағы қарияның ғана емес, баршамыздың өзегімізді күйдірер күйікті хәлге айналып шыға келеді. Өзімен амандасқан адамды ғана адам санап, айдай астанада тұрып, «адамы аз ел екен» деп ренжитін аңқау кәрия жайындағы бұл балладаны тебіренбей оқуың еш мүмкін емес. Автор саған уағыз айтып, басыңды ауыртып жатпайды. Шындықтың ащы тілі шымбайыңнан бір тістеп, күйзелтеді де қояды. Өнерге одан асқан әсер, одан асқан ықпалдың не қажеті бар?! «Менің топырағымда» осылай сөзіміңді сергелдеңге түсіріп, намысыңды қозғай, ойыңды он саққа жүгіртпейтін бір де бір өлең жоқ десек, асыра айтқан болмас едік.

Біз әдетте поэзияның азаматтық үні деген мәселені біржақты түсінеміз. Ал сол сенің қалғып кеткен санаңды селк еткізіп оятып, бұған дейін мән бермей келген құбылысыңа мән бергізіп, айналаңа бұдан былай сергек қарауға, серпіле қарауға мәжбүр етіп жатса, ол қайтып азаматтық поэзия бола алмайды?! Болғанда қандай!

Оған Ж. Нәжімеденов жырлары көзіңді жеткізе түседі. Ол азаматтық үнге, тақырып актуальдылығына партиямыздың XXVI съөзінде орынды ескертілген «спекулятивтік» көзқарастан атымен аулақ. Тақырып сатудың, өткір боп көрінудің сан қилы шалығына ұрынбайды. Кейбіреулер қазір баршамыздың аузымызда айқайлап айтылып жүрген айдай қағидаларды қағып алып, ұйқасқа түсіруді актуальдылық, ал қайсыбіреулердің көзтасада бұқпақтап бықсытып жүретін күбір-сыбырын ұйқасқа түсіруді өткірлік көреді. Ал Ж. Нәжімеденов бұлайша актуальды, бұлайша өткір болып көрінуге ешқашан тырысқан емес.

Ол бір кітабының атын «Өз көзіммен» деп атағанды. Онысы тегіннен тегін емес-ті. Қайда болса да, неге болса да, тек өз көзімен үңілу, не туралы болса да, кім туралы болса да, тек өз көкірегіндегі сөзді айту – Жұмекен ақынның қашан көз жұмғанша қалтқысыз ұстанған қағидасы. Оның поэзиясына қайсарлық бітіретін де осы мінезі. Айту қиын мұндайды.

Айтпау қиын одан да, – деп ақынның өзі айтқандай, ол оңай айтылар гәпқа, оңай шешілер түйінге жүгірмейді. Өйткені, оп-оңай айтыла салар гәпті сыр деп, оп-оңай шешіле салар түйінді пікір деп ұқпайды. Әдебиеттің міндеті – адам жанын шындап қинайтын мәселелер жайында шындап қиналған ар мен сөзімнің айтарына құлақ тұру, сол қиынды оңайлайтпай, сол күрделіні тұрпайыландырмай нәзік жеткізу. Сонда ғана лирика тіршілік драматизмін қалтқысыз ұстай алады. Сонда ғана елең адамзат тіршілігінің қырық жықпыл әлеуметтік болмысына терең бойлай алады. Сонда ғана ақын сөзі арқаңды шымырлатып, төбе шашыңды тік тұрғызады. Өйткені, шындық айтылса, тек солай ғана айтылады. Сондықтан да ақын шындықты өз творчествосының әрі басты тақырыбы, әрі басты қаһарманы қылып алады. Өлең тағдырын, өнер тағдырын, ел тағдырын, жер тағдырын ең алдымен шындықпен өзектестіре қарайды. Өйткені, Отан-ананың, заман-ананың, ел-ананың, жер-ананың, тіл-ананың кесегесін баққұмарлық та емес, қалтқысыз шындық пен қалтқысыз еңбек қана көгерте алады. Онысыз тіршілік арыңның қамын күйттеген өмірге емес, қарынның қамын күйттеген күнкөріске айналады. Өмірді күнкөріспен шатыстыру, мұратты есеппен, еңбекті айла-амалмен, адалдықты көлгірлікпен, махаббатты жәреукелікпен шатыстыруға ұрындырады. Тоғышарлық деген әлеуметтік індет те осыдан өрбиді.

Тоғышарлық тақырыбына келгенде нәзік суреткер, биязы лирик Жұмекен Нәжімеденовтың даусы қатқыл, тілі ащы боп жүре береді. Ол ауылдан келген аңқау шалдың сәлемші таппай қақпа алдында қаңтарылуында қала тірлігі мен дала тірлігінің арасындағы айырмашылықтан емес, өзінен басқада шаруасы жоқ тоғышарлықтан көреді. «Қазақы» кітаптарға мұрнын шүйіріп, «ана тілінен» екілік алатындыңтың себебін де қоғам мен заман талабынан емес, қайткенде нанды көп тауып, қайткенде атымды молырақ шығарам деп әккілігін әңгілікпен жасырғысы келетін әсіреңкі тоғышарлықтан табады. Бір күннің базары үшін мың жылдыд ажарын отап кететін серуенқұмарлықтың төркінін де заманнан емес, адамнан іздеп, тоғышарлықтың тойымсыздығын айыптайды. Жұмекен Нәжімеденов қаладағы болсын, даладағы болсын, бүгінгіден болсын, баяғыдағы болсын, тоғышарлық көрсе, зығырданы қайнайды. Ол үшін дүниедегі ең үлкен әділетсіздік – «кейбір арам өңештерден де адал нанның өтетіні». Ол үшін әділетсіздікпен күресудің кепілі – өз бойындағы адамгершілікті сақтай білу. Өз адамгершілігін сақтай алған адам ғана өзгенің қайғысына қараса алады, әлсіз кәріге, айласыз балаға, тілсіз табиғатқа – жалпақ әлем мен жарық дүниеге қорған бола алады. Өзінің арын құрметтей алмаған адам өзгенің жанын арашалай алмайды. Аңын атақты Бауыржанның батырлығын да ар алдындағы адалдықтан, кішкентай Гренаданың ұлылығын да әлсіз басымен күштінің, аз басымен көптің алдында бас ұрмаған қайсарлықтан іздейді. Ақын творчествосына тән мұндай рухани максимализм пафосы біздің қоғамның моральдік кодексімен тереңнен үндеседі. Адамның бақытты болуына неғұрлым жақсы жағдай жасалып, оған көп бостандық берілген сайын, оның қылығы мен құлығы үшін жауапкершілігі әлдеқайда арта түспегі шарт. Гуманистік творчествоның парызы – адамды әділетсіздік тұсында күреске, қатер тұсында ерлікке, әділдік тұсында жауапкершілікке шақыру болса керек. Жұмекен Нәжімеденов осыны жете түсінген.

Бұтақтарым биікте, Тамырларым тереңде, – деп жырлаған ақын оқушысының сөзімін адамгершіліктің биік мұраттарына сілтеп, санасын өмірдің терең сырларымен сусындатады.

Мұндай тереңнен нәр, биіктен нұр емген жыр бәйтерегі ешқашан солмақшы емес.

Осыншама ғұмырлы өлеңдер жазған ақынның өз ғұмыры келте болғаны ғана өкінішті. Ол елуге енді келетін еді. Екінің бірі жетіп жатырған елу ғой...

1985.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар